Қалалық білім бөлімінің 2015 жылы атқарған жұмыстарының есебі және 2016 жылға арналған міндеттері



Дата05.07.2016
өлшемі68.5 Kb.
#179031
Қалалық білім бөлімінің 2015 жылы атқарған жұмыстарының есебі және 2016 жылға арналған міндеттері
Сәтбаев қаласының білім беру жүйесі 16 бала бақша, 16 мектеп, 3 қосымша білім беру мекемелері және 3 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары құрайды. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі қызмет көрсетеді.

Білім және тәрбие беру жұмысы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына, 2011-2020 жылдардағы білім жүйесін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесі білім бөлімі қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Балабақшалар мен шағын орталықтарға 3400 бала барады. 3 жас пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқумен қамту 100% құрайды.

Қарағанды облысы әкімдігі мен «Қазақмыс «Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестік арасындағы өзара қызметі жөніндегі Меморандумға сәйкес 2015 жылдың қаңтар айында "Дошкольник" жеке мекемесіне қарасты 13 балабақша коммуналдық меншікке берілді. Олар 2015 жылдан бастап қалалық бюджеттен қаржыландырылды.


Елбасы Нұрсұлтан Назар­­­баевтың «Нұрлы Жол – бола­шаққа бастар жол» Жолдауында білім саласында апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу, мектепке дейінгі ұйымдардағы орын жетіспеушілікті болдырмау нақты көрсетілді.

Қалада 600 орындық жалпы білім беру мектебінің құрылысы басталды.


Қала мектептері бойынша білім сапа көрсеткіші 2014-2015 оқу жылы 58,91% көрсетті. 2015 жылы 347 оқушы 11 сыныпты бітірді, олардың 222-і ҰБТ-ға қатысып, 63,9% құрады, орташа 76,67 балл жинақтады. «Алтын белгі» төсбелгісіне 5 үміткердің 1-і өз білімін дәлелдесе, 4 түлек үздік аттестатқа ие болды.

Жыл сайын білім беру ұйымдарын қаржыландыру көлемі ұлғаюда және 2015 жылы бұл 2 млрд, 896млн. 244,0 мың теңгені құрады (2014 жылы – 2 млрд. 544 млн. 194,0 мың теңге).

2014-2015 оқу жылының аяғында 182 компьютер есептен шығарылғандықтан, компьютерлер саны 1765. 1 компьютерге келетін бала саны - 5,7 құрайды (2014 жылы – 5,5).

Бүгінгі күні қала мектептері 45 жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықталған. Олар: химия -15 (100%), биология-15 (100%), физика-15 (100%). 15 жалпы орта білім беретін мектепте мультимедиалық кабинеттер пайдалануға берілген. 11 мектепте сандық подиумды сенсорлық тақталар жұмыс істейді. 12 жалпы орта білім беретін мектепте 60 интерактивтік тақта орнатылған.

Қаланың 4 оқу мекемесінде инклюзивтік оқытуға қажетті жағдайлар жасалған, 11 түзете дамыта оқыту сыныптары бар, үйде оқытылатын 55 оқушы компьютерлік техникалық жинақтарымен қамтылған. 2014 жылдан бастап № 7 жалпы орта білім беретін мектеп инклюзивтік білім беру жұмысы бойынша тәжірибелік алаң болып табылады.

Сәтбаев қаласының білім беру мекемелерінде барлығы – 1063 педагог жұмыс істейді. Олардың 54 % жоғары және бірінші санатты мұғалімдер. Жоғары білімді педагогтардың саны – 813, бұл жалпы көрсеткіштің 77% құрайды.

2015-2016 оқу жылында қала мектептеріне - 34 жас маман келді, олардың ішінде 9 маман үздік дипломмен.

Мұғалімдердің білім беру сапасы, бірінші кезекте сапалы даярлығы бар оқытушыларымен айқындалады. Сондықтан да жаңа білім беру бағдарламаларына сәйкес қаламыздан «Назарбаев зияткерлік мектептері» жобасының шеңберінде өтіп жатқан жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдеріне арналған жаңа форматтағы үш деңгейлік курстардан 137 мұғалім өтіп, сертификаттар алды.

Білім беруді үнемі жетілдіру принципі, білім беру сапа менеджменті жүйесінің бірден – бір принципі болып табылады. 2015 жылы қаламыздағы білім беру мекемелері басшыларының 91% білім беру менеджмент сұрақтары бойынша біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Жаңа форматтағы «Назарбаев зияткерлік мектептері» деңгейлік курсынан өткен басшы -2, бұл жалпы көрсеткіштің үлесі – 13,3 %.

3 қосымша білім беру ұйымдарында балаларды мектептен тыс тәрбиелеу және оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты қамтамасыз ету жүзеге асырылады. Барлығы бұл мекемелерде 4185 бала тәрбие мен білім алады.

«Тәрбиесіз берілген білім – білім емес», - деп ұлы ғұлама Әл- Фараби айтқандай, білім мекемелерінің тәрбие үрдісі 8 бағыт бойынша Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде құрылып, бекітілген жұмыс жоспарымен жүзеге асырылады.

Бүгінгі таңда қазақстандықтардың алдында тұрған міндеттердің бірі -«Mәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру. Бұл идеяны жүзеге асыру үшін тәрбие жұмысы оқушыларды азаматтық-патриоттық рухта тәрбиелеуге, мемлекеттік тілді құрметтеуге, өз елінің тарихына қызығушылығын арттыруға, ҚР мемлекеттік рәміздерін сыйлауды үйретуге бағытталған.

Сәтбаев қаласы мектептерінде азаматтық-патриоттық тәрбиелеу мақсатында «Өлкетану», «Алаштану», «Абайтану» бағдарламалары жүзеге асырылып, балалардың танымын кеңейтуде үлкен рөл атқарып келеді.

Оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамыту, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, «Балаға мейрімді қала» жобасы аясында оқушылардың әлеуметтік маңызды бастамаларын дамыту және қолдауға жәрдемдесу мақсатында құрылған қалалық жастар мәслихаты, «Жас жалын» дебат клубы, «Жас ұлан» әскери – патриоттық клубы, және қаланың барлық мектептерінде патриоттық бағыттағы «Патриот» үйірмелері жұмыс істейді.

2015 жылы өткізілген тәрбиелік ісшаралардың басым бөлігі Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, ҚР-ның Конституциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жыл толуына орайластыра өткізілді. Сонымен қатар, Республика бойынша аталып өткен айтулы мерекелерде де назардан тыс қалмады. Білім беру мекемелерінде «Семей-Невада» азаматтық қозғалысы мен Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 26 жыл, Қаныш Сәтбаевтың туғанына 116 жыл, Наурыз мейрамы, Рухани келісім күні секілді мерекелерді өткізуге ерекше назар аударылды.

Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану бағытында мектеп қабырғаларында 500-ден астам үйірмелер жұмыс істейді. Каникул кездерінде оқушылар арасында өз халқының тарихи-мәдени мұрасын дәріптеу мақсатында «Теректі Әулие» басына, Жезді кентіндегі Мәкен Төрегельдин атындағы тау-кен және балқыту ісі мұражайына, Ұлытау өңірінде орналасқан Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелеріне саяхат ұйымдастырылып, оған білім мекемелерінен 140 оқушы қатысты.

Кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыспен күресу бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осы мәселені шешу барысында білім беру ұйымдарының педагогтары мен мектеп инспекторлары бірлесіп 467 рейдке шығып, 750 отбасы мүшелерімен кездесті. Алдын алу іс шарасының нәтижесінде ювеналды полиция тобының есебіне 51 ата-ана қойылып, оның ішінде 39 ата – ана, өздерінің міндетін дұрыс атқармағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2014 жылы кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі ювеналды полиция тобының есебінде тіркелген оқушылар санының төмендеу тенденциясы байқалды: 2012 жылы – 44, 2013 жылы -39, 2014 жылы -35, 2015 жылы – 37.

Әлемдегі болып жатқан діни ахуалға байланысты Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында білім ұйымдары тарапынан 2014-2015 оқу жылында 80-ге жуық және 2015-2016 оқу жылының қыркүйек, қазан айларында теріс пиғылды діни идеологияны тұрақты қажетсінбеуді қалыптастыруға бағытталған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының, республикалық, облыстық деңгейдегі сарапшы ғалымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен қалалық ақпараттық-насихат топтарының өкілдерінің, дін мәселелерін зерттеу орталығының, қалалық білім бөлімінің мамандарының қатысуымен әртүрлі тәрбиелік мәні бар 10-ға жуық ісшара ұйымдастырылып, білім беру мекемелерінің ұстаздары мен оқушылары, олардың ата-аналарымен тақырыптық кездесулер, тренингтер өткізілді. 6500-ге жуық мектеп оқушысы мен 4300 ата-ана қамтылды.

Барлық білім беру ұйымдарында мектепішілік ата-аналар жиналыстары өтіп, зайырлы қоғамдағы отбасылық рухани құндылықтар тақырыбында қалалық ақпараттық-насихат топтарының мүшелері, дін мәселелерін зерттейтін орталықтың мамандары әңгіме өткізіп, жарнама буклеттері, брошюралар, жадынамалар таратылды.

Діни экстремизмнің алдын алу және интернет желісін пайдалануда балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім ұйымдарында қауіпті сайттарға тосқауыл қойылса, «Ата – аналар бақылауы» атты жаңа сервисін орнату, оны қолдану бойынша түсіндірме жұмыстары «Қазақтелеком» мамандары, информатика пәнінің мұғалімдері мен әлеуметтік педагогтар арқылы жүргізілуде.

Сонымен қатар, қала басшылығы тарапынан әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылардың балаларына қолдау көрсетілуде. Жыл сайын оларға көмек көрсетуге қаржы көлемі арттырылып отыр. 2015 жылы 87112,0 мың. тенге бөлінді. Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасынан шыққан оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз етуге, олардың жазғы демалысы мен бос уақыттарын ұйымдастыруға, кеңсе тауарларымен, киім және аяқ киіммен материалдық көмек беруге мүмкіндік жасалынды.

Бұдан басқа, әр балаға 220 теңгеден келетін 1 сынып оқушылары (1226 бала) үшін тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлінді.

2015 жылы Сәтбаев қаласы бойынша ата-ана қамқорлығынсыз қалған 144 бала есепке алынған, олардың барлығы отбасына қамқорлыққа алынып, тәрбиеленуде.

Есептік кезеңде қала бойынша 22 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала анықталды. Оның 15 баласы отбасына қамқорлық пен қорғаншылыққа берілді, 2 бала асырап алынды, 5 бала мемлекеттік мекемеге орналастырылды.

Ата- ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды асырап бағуға қалалық бюджеттен 30 миллион 195 мың теңге бөлініп, игерілді.

Қаламызда бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту, балалар мен жасөспірімдердің спорттық секцияларға қатысуы, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жүзеге асырылуда.

Сәтбаев қаласының 16 жалпы білім беретін мектептерінде барлығы 18 спорт залдары бар. Оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану үшін, жалпы білім беретін мектептерде 4 454 баланы қамтитын 119 спорттық үйірмелер мен секциялар тұрақты қызмет атқарады. Қазіргі уақытта қала мектептерінде оқушыларды салауатты өмір салтын ұстануға және спортпен айналысуға баулуға көп көңіл бөлінеді.

Атап айтсақ, 2014-2015 оқу жылында тұңғыш рет қаламызда мектепаралық баскетбол, футбол, волейбол спорт түрлерінен «Мектеп Лигасы» ұйымдастырылды. Бұл жарыс қаланың жалпы білім беретін мектептерінің 7-11 сынып қыздары мен ұлдары арасында өткізілді, бірінші-мектепішілік, екіншісі-мектепаралық (қалалық) іріктеу кезеңдері және облыстық мектепаралық «Мектеп Лигасы». Мектепішілік бірінші іріктеу кезеңіне 3528 оқушы қатысты. Мектепаралық екінші қалалық іріктеу кезеңіне 1350 оқушы қатысты. Үшінші облыстық кезеңге 30 оқушы қатысты.

16 жалпы білім беретін мектептің спорт залдарын кешкі уакытта тиімді пайдалану үшін жергілікті мекемелермен мемарандум құрылып, мекеме қызметкерлеріне кешкі уакыттарында дене шынықтыру және спортпен айналысу кестелері бекітілді.

2015 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша Сәтбаев қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесе отырып, барлығы 58 бұқаралық-спорттық ісшаралар өткізілді, оған 11050 адам қатысты.

Еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – оқу-тәрбие үрдісін жаңғыртумен қатар, оны жүзеге асыратын ұстаздар қауымының көзқарасын, оқушымен қарым-қатынасын түбегейлі өзгерту, әр баланың жеке және жас ерекшелігіне қарай дербес дамуын қамтамасыз ету болып табылады.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Нұрлы жол» жолдауында айтылған жалпыұлттық идеямыз - «Мәңгілік елді» басты бағдар ете отырып, әрбір жастың бойына адами құндылықтар мен қазақстандық патриотизмді сіңіре білуге тиіспіз.

Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2016 жылы қаланың білім беру жүйесінің алдында келесі міндеттерді жүзеге асыру жоспарланып отыр:

- Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру саласында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нен коммуналдық меншікке өткен балабақшалар ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізіп, материалдық-техникалық базаларын нығайту;

- Весовая,Крестовская елді мекендері тұрғындарының Сәтбаев қаласына қоныс аударуына байланысты, ондағы №4, 13 балабақшалар бүлдіршіндерін және №2,10,12 ОМ шағын-орталықтағы балалар мен балабақшадан орын алу кезегіне тіркелгендерді мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарына орналастыру;

- Орта білім беру саласында әлеуметтік дамудың бірден бір құралы ретінде білім ұйымдарын жаңғырту; тұтынушыларды қатыстыра отырып, білім беру қызметінің қажеттілігі мен сапасын бағалау механизмдерін қалыптастыру, базалық білім берудің заманауи инновациялық үрдістерін толығымен пайдалану;

- білім сапасының негізгі көрсеткіші ҰБТ-ға дайындықта барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, талап деңгейінен шығу;

- Бүгінгі таңда мұғалімдердің білім беру сапасын жақсарту бойынша білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету, кәсіби біліктіліктерін арттыру;

- Базалық білім берудің заманауи инновациялық үрдістерін толығымен пайдалану;

- Қосымша білім беруде өскелең ұрпақтың, балалардың шығармашылық, рухани мүмкіндіктерін дамыту;

- Білім саласындағы тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін басшылыққа ала отырып, білім мекемелеріндегі тәрбие жұмысы бағытында оқушыларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, отансүйгіштік және мемлекет рәміздері мен ана тіліне, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыру;

-Отбасы тәрбиесі бағыты бойынша жүргізілетін жұмыстарды күшейту, ата-аналармен ынтымақтастық орнату, бала тәрбиесіндегі олардың психологиялық-педагогикалық құзіреттілігін және жауапкершіліктерін арттыру;



-Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу үшін оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру, олардың қызығушылықтарын ескере отырып, түрлі үйірмелер мен спорттық іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету.

Бөлім басшысы Ш.К.Жанасылова

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет