«алаш идеясын тұжырымдау міндеті тұР»



Дата04.03.2016
өлшемі38.5 Kb.
#37702
«АЛАШ ИДЕЯСЫН ТҰЖЫРЫМДАУ МІНДЕТІ ТҰР»

Алашты тану, Алашты таныту, Алаш рухы, Алаш идеясы. Қазақты қазаққа танытуда, тындырымды еңбек сіңіріп жүрген белгілі ғалым Тұрсын ЖҰРТБАЙДЫҢ зерттеу еңбектерін айтпағанның өзінде, әр лебізінен-ақ осы леп есіп тұрады. Алаштанушы ғалыммен арнайы «Атырау» газеті үшін арада болған әңгімеден біздің оқырмандарымыз да өзіндік ой түйеді деп сенеміз.

«Құны жоқ ғылым». Қазақ ғылымына қатысты осы пікір қазір арагідік болса да айтылып жүр. Сіз де «жалған ғылым» мәселесін жиі көтеретін болдыңыз. Мұның себебі неде?

– Қазақтың ғылымы қазір темір жолдың бойынан тыс жерде вагон сүйреткен паровозға ұқсап бара жатыр. Темір жол жоқ, бірақ, паровозбен состав кетіп бара жатыр. Қайда кетіп бара жатыр, қандай жолмен кетіп бара жатыр, жалпы, орнынан қозғалды ма, оны ол араға кім көтеріп апарды, ешкім білмейді. Сонда бұл, «жалған ғылым» емей немене? «Жалғaн ғылым» сөзін жаным әбден күйген соң айтамын. Heгe? Өйткені қазір біздің ғылым деп жүргеніміздің көбі, мен бұл арада қоғамтану саласын айтып отырмын, көпірме идея, көбік нәтиже. Жалған тақырып пен көлгір талдауға құрылған. Нәтижесі ғылыми ой ретінде ұйымаған. Себеп – ғылым мен білім саласы туралы дүниежүзінде қанша келісім-шарт үлгісі болса, соның бәріне кезінде қол қойыла берген. Енді одан бас тарта алмайды. Ал, соны кезекті министрдің пәрменімен кезінде жүзеге асырған ұсақ шенеунік, қазіргі комитеттер мен департаменттегі орта шенеуніктер өздерінің қателігін әшкерелеп алмас үшіп нығыздағанның үстіне нығыздап, қасарысып дес бермейді. Жұмырланып кеткен ол тамырды үзіп тастау тек Президенттің ғана қолынан келеді. Ол үшін тәуелеіз ғылым туралы жарлық керек.

Сөзім дәйектірек болуы үшін дәлел келтіре отырайын: Халықаралық математика ғылымының қабырғалы тұлғасының бірі Нұрлан Темірғалиев деген профессор бар. Сол кісі осыдан 4-5 жыл бұрын: «Қазақстан ғылымы жалған ғылымға бойын үйретіп барады, бұл – өте қауіпті бағыт» деп күйіне айтқан еді. Арада екі-үш жыл өткенде, басқаны былай қойғанда, сол математика ғылымының өзінен, анау-мынау емес, бес бірдей (!) диссертация жалған формуламен шығарылған есепке құрылыпты! Сұмдық па? Сұмдық! Ал, енді қоғамтану ғылымына, оның ішінде тарих пен әдебиетке келсек, біз жалған ғылымға толығымен көшіп болдық. Екі мысал келтірейін, біріншісі: Қазақ автономиясының мемлекет болып жарияланғанына 90 жыл толды. Автономиялық республика 1920 жылы қазан айында жарияланды. Ресей болсын, әлемнің өзге елдері болсын, кезінде құрылған сол мемлекеттің негізінде Қазақстан тәуелсіздігін таныды ғой. Айтайын дегенім, Қазақстанның ұлттық мемлекеттік территориясының бекігеніне де 90 жыл толды. Яғни, құжатқа 1920 жылы 24 тамыз күні Ленин қол қойған. Қазақ жерінің шет-шегін белгілеу үшін бес ай айтысып-тартысып жүріп, Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханов кеңесші ретінде бірде Ленинге, бірде Сталинге кіріп жүріп, Қазақстан автономиясының мемлекеттік шекарасын бекітті, Әлімхан Ермеков баяндама жасады. Соған 90 жыл толып кетті. Айтулы дата. 90 жыл атап өтетін нәрсе ме? Әрине, атап өтетін үлкен дата! Алаш партиясының құрылғанына да 90 жыл толып кетті. Оның бағдарламасымен кім танысып, кім есіне алды? Сол Алаштың идеясы не еді? Неге тарихшыларымыз бұл туралы жұмған аузын ашпайды?

Біздің университетте (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті) осыдан бір жарым жыл бұрын студенттер кездесуге шақырды. Бардық. Оларды қолдан келгенше Алаш идеясымен таныстырдық. Бір ай өткен соң, жаңағы жастар «Біз екіге бөлініп, таласып жатырмыз» деп маған келіп тұр. «Не болды?» деймін ғой. Олардың жартысы: «Қазақ халқының жауы – Әлихан Бөкейхан. «Алашорда» үкіметі – қазақ мемлекеттігін сатқан үкімет. 1991 жылға дейін Қазақ мемлекеттігі болған жоқ, шекара болған жоқ. 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік жариялаған соң ғана шекара анықталды» деседі. Қалған жарты топ шыр-пыр болып оларға қарсы шығады. «Мұны қайдан шығарып алдыңдар» деймін ғой оларға. Олар беттері бүлк етпестен: «Тарих пәнінен беретін ұстаздар солай дейді, тарихта солай жазылған» деседі. Мен таңғалдым. Тарих ғылымының осыншалықты көрсоқырлыққа ұрынғанына жағамды ұстадым. Ең құрмаса тарихи оқиғаны, түрлі жағдайларды рет-ретімен жүйелеп, ақ-қарасын ашып алуға болар еді ғой. Сөйтсем, сондай тағылым беретін жалған оқулық жазылыпты. Біз қазір сол жалған тұжырымдардың өзін «ғылым» деп зерттей бастадық. Meн ғылымдағы мұндай топастықты, можантопайлықты, тіпті, айтқым да келмейді. Бірақ айтпасаң, сөздің ғана ағасы емес, қазақ өлейін деп тұр.

Сөзіңіз аузыңызда, қазір Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайды қарсы қоятындар да бар. Бұл кімге, не үшін керек?

– Бұл – ұлттық берекенің емес, алашты ірітудің айласы. Бар сылтауы – «түркістандық идеологияны насихаттады» деген желеу. Ал, түркістандық идеология – түркі идеясы емес, ол өзінің маңызын жойған, жүзеге аспаған, уақытша саясат арқылы жүзеге асырылуға ұмтылған мемлекеттік құрылым. Ортақ Түркістан мемлекетін құру идеясын ұсынған – большевиктер. Оның авторлары – Ленин, Троцкий, Сталин, солар жіберген кеңес үкіметінің өкілдері – Түркістан коммунистік партиясының бірінші хатшысы, Түркістан Атқару комитетінің төрағасы, «Мусбюро», «Түркістан комиссиясы», жергілікті ұлт өкілдерінен Тұрар Рысқұлов, Усманқожаев, Қожаев және Мінәуар Қари, Мұстафа Шоқай.

Әрине, Мінәуар Қари мен Мұстафа Шоқай большевиктерсіз Түркістан мемлекетін құруды көздеді. Мұны түсіну үшін сол тұстағы партиялық құжаттарды парақтап шықса, жетіп жатыр. Кексе тарихшылар партиялық құжаттарды жатқа біледі, ал, бозөкпе тарихшылар – саяси сауатсыздық пен тарихи сауатсыздықты жою мектебінен өтпегендер. Әйтпесе, Қоқан автономиялы республикасының тұңғыш премьер-министрі Мұхамеджан Тынышбаев ай жарым уақыттап кейін лауазымнан неге бас тартты? Ол кезде бұрынғы Бұқара мен Хиуа, Қоқан хандығы өз алдына дербес мемлекет болатын. Өзгесін былай қойғанда, осы үш мемлекет бір-бірін мойындап болмаған еді. Большевиктер соның басып біріктіру үшін ортақ Түркістан мұсылман мемлекетін құруға мүдделі болды. Тарихшылар көбіне істің мән-жайына сол кездегі қалыптасқан тарихи жағдайға байланысты баға бермей жатып, үстірт, жалаң идеяны бетінен қалқып кетуге бейімделіп барады. Бұдан сақ болған жөн. Оның ар жағында қандай астар бар? Соны ашып, нақты бағалап, тәуелсіз Қазақстанға пайдасы тиетін тұжырымды ұсынғаны жөн шығар деп ойлаймын.

Мысал айта отырайын. Бір тарихшы, профессор бауырымыз кеңесте «Алаштың қателігі – Түркістан идеясын мойындамағаны» деп сөйлеп тұрды. Шыдамадым, өз пікірімді білдірдім. «Егер Алаш партиясы, яғни, «Алашорда» үкіметі Түркістан идеясын мойындайтын болса, онда қазіргі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті болмаған болар еді. Ал, қазақ мемлекетінің жалпы Орта Азия мемлекеттерінің құрамында, бес облыстың көлемінде өмір сүріп жатқанын қайтіп көз алдыңызға елестете аласыз? Және сол кезеңдегі тарихи, саяси, шекаралық жағдай қандай еді?» деп сұрақ қойдым. Үндемеді. Шынтуайтына келгенде, ол кезде солтүстік алты облыс – Семей, Қарағанды, Ақмола, Көкшетау, Кереку, Қызылжар Батыс Сібірге, ал, солтүстік батыстағы – Торғай, Қостанай, Орал облыстары Орынборға, Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Атыраудың жартысы, Маңғыстау түгелдей Түркістанға карайтын. Miнe, қазақ жері өстіп үшке бөлініп жатты. Ал, «Алашорда» автономиясы сол кездегі Торғай, Қостанай, Орал, Орынбор аймағын ғана қамтыды. Осыны ескере келіп, «Алаш» басшылары тәуелсіз Қазақ мемлекетін құруды ұлттық және саяси мақсат етіп қойды. Бұны ұсынып отырған, әрине, Шоқай емес, Бөкейханов.

Енді Мұстафа Шоқайға келейік. 1918 жылы түске дейін өткен жиналыста Мұстафа Қоқан мемлекетінің төрағасы болып сайланады, алайда, екі жарым сағаттан кейін қызылдардың шабуылы басталып, Шоқай бас сауғалап ол жердей әрең қашып құтылды. Міне, көрдіңіз бе, Қоқан мемлекеті де, Бұқар мемлекеті де, Хиуа мемлекеті де Түркістанды және оның жаңа Премьер-министрін мойындап үлгерген жоқ. Егер, Тұрар Рысқұлов айтқандай, Түркістан мемлекеті құрылатын болса, онда осы күнгі Қазақстанға қандай сыбаға бұйырар еді, шығыстағы, солтүстіктегі, батыстағы облыстар қайда қалар еді?

Өздеріңізге мәлім, біз өзбектен «Түркістан» деген атауы ғана бар, он-он бес үйден құралған ауылды қайтарып ала алмай қойдық. Ал, бес облысты олар өлсе бере ме бізге?! Жоқ! Ешуақытта! Батыс Қазақстансыз қандай Түркістан мемлекеті болуы мүмкін? Сондай-ақ, Батыс пен Шығысты Сібір мемлекеті, яғни, Ресей бізге бермес еді. Miнe, түркістандық идея дегеннің астарында осындай тарихи кілтипан жатыр.

Ал, жеке бастарына келетін болсақ, Әлихан мен Мұстафа аға мен інідей, ұстаз бен шәкірттей болған. 1914 жылы Бүкілресейлік Мұсылмандар мәжілісінің қарсаңында Санк-Петербургта оқып жүрген Мұстафа Шоқайды Әлихан Бөкейханов шақыртып алып: «Сен қоғамдық іске аралас, қазір мұсылмандар құрылтайы өткелі жатыр, соған құжаттарды даярлас. Сол жиында тұңғыш peт тәуелсіздік жөнінде мәселе көтеріледі. Соған көмектес» деп іс-қағаздарды әзірлеуге тартқан еді. Мұстафа Шоқай – бірегей, үлкен тұлға. Оған дау жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары оның шығармаларының жарыққа шығуына да араласқанмын. Оқыдым, таныдым. Халықаралық деңгейдегі ірі саяси қайраткер. Бірақ, біз тұлғалардың еңбегі мен орнын дұрыс ажырата білуіміз керек. Өйткені, онда ұлт тағдыры жатыр.

Сонымен қорыта айтқанда, Алаш арыстарының алдындағы парызымызды орындай алдық па?

– Қазақ ұлтының алдында қазір алаш ардагерлерінің еңбектерінің ішіндегі идеясын алып, тұжырымдап шығару міндеті тұр. Тіл туралы жазғандарын тілшілер, әдебиет жөніндегісін әдебиетшілер, тарих жайлы айтқандарын тарихшылар жан-жақты зерттеп, қазақтың ұлттық идеясына алып келу парызымыз. Шыны керек, біз қазір әлі күнге дейін олардың сотталғанын, қудаланғанын, түрмедегі өмірлерін айтумен жүрміз. Бұл да керек. Бірақ, олардың әрқайсысын көлеңкеден алып шығып, жан-жақты зерттеп, талдап елге ұсына білуіміз қажет. Біз сонда ғана ұлттық идеямызды негіздейміз.



Баян Жанұзақова

«Атырау» облыстық-қоғамдық саяси газет

№13, 3 ақпан, 2011 жыл. 10 бет

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет