Алаштың АҚИЫҚтары мақалалар, деректі құжаттар, аудармалар жинағы



бет20/69
Дата03.12.2023
өлшемі0.7 Mb.
#485291
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   69
АЛКА

(Жалғасы бар) - (Жалғасы табылмады –Т.Ж).




Ыдырыс МҰСТАМБАЙҰЛЫ




АБАЙ

Сын - айтыс


Әдебиет (туралы) айтыстарымыздағы негізгі мәселенің бірі — ескіні тексеру. Дап-дайын тұрған, даладан тегін тауып алатын ештеме жоқ. Жаңа ескіден құралады. Ескіні құрастырып, қорытып «кәрі» тарих жаңа шығарады.


Тарих, ғылым, өнер, салт-сана, әдебиет мәселелерін тексергенде бізге даңғыл жол — марксизм. Сондықтан ескі мұраны да тап тілегінің көзқарасымен, материализм жолымен бақайшағына шейін шағып, тексеруіміз керек. Бұған келгенде бәріміз де бір пікірдеміз.
Бірақ, бірімізді біріміз жөнді түсінбейміз бе, не болмаса салт-сана мәселелерінде өзіміз олақпыз ба, әйтеуір біздің айтысымыздан «түймеден түйе» шығады, орысшалағанда «босқа найза қиратысу» болып шығады.
«Жаңа әдебиет» журналының үшінші, төртінші сандарындағы соңғы мақаласының «Ескілік» деген бөлімінде Сәбит жолдас ескі мұраларды қалай тексеру керектігін айтқан. Қаншама мені түйремекші болып орынсыз әуре болса да, Сәбиттің дұрыс пікіріне еш ќарсылығымыз жоқ. Ескінің пайдасыздарынан безу керек. Әзірет Сұлтанның моласын мұра есебінде сақтап отырсақ та, «Бақырғанды» жою керек, ескі мұраның құр әдемілігіне қызықпай, мағнасын да тексеру керек; ескінің ішінен пайдалысын ғана теріп алып, жаманын, зияндыларын тастау керек деген Сәбиттің сөздерінің бәрі дұрыс. Мағжанның «қоңыздары» болсын, Әлиханның жастарды «сасытқаны» болсын байқап отыру керек. Сәбиттің бұл сөздерінің бәрі тап тілегінен шыққан сөздер, пікірі қатқан большевик — азаматтың сөздері. Бұған қарсы еш дауым жоқ.
Бірақ, сол ескі мұраның ішінде не бар, не жоғын білу үшін жақсылап оны тексеру керек. Таласымыз, ұғыспай жүргеніміз осы арада.
Гогольге тиіспейік — орыстың ескі ақындарының ішінде салт-сана жолында бізге жақындау тұрғаны осы нағызшыл Гоголь, Пушкиннің ертегілерін - «Борис Годунов», «Онегин», тағы басқаларын және былай қоя тұрайын, ал Лермонтовқа келсек талай қызық нәрселерді табасың. Лермонтовтың «Герой нашего времени» деген романын алсаң, осы күнге керектісі аз шығар. Печориннің пішінін қазіргі біздің айтыс тәртібімен тексере бастасақ «Әптиек» бен қатар мұны да өртеп жіберуге болады. Бірақ, Лермонтовтың сол романы осы күні біздің рабфактарда, басқа орта дәрежелі барлық оқу орындарында әдебиет сабақтарының ішінде тексеріліп жүр. Жастарға мұны да оқытып, үйретіп жүр.
Горькийдің “Фома Гордеев” деген кітабын тексерсең Горькийдің өзі сүйіп қалап алған геройларына баға береріңді, жоқ, соның ішіндегі жалмауыз, тажалы - екі байға артық баға береріңді білмейсің, бұл кітабының ішінде айтылған екі байдың пішіні Горькийдің өзі сүйген геройларынан пішінсіз, сүйкімсіз болып шықпайды. Бұған Горькийдің идеологиясын кірлеуге бола ма? Біздің школдерімізде Горькийдің бұл әңгімесін әдебиет жүзінде үлкен мағыналы, Горькийдің жазғандарының ішінде маңыздыларының бірі - «На дне». Керек болса толық марксизм сынын бұл да көтере алмайды. Горькийдің ертерек жазғандарының ішінде нағыз еңбекшілер идеологиясында жазылған кітабы — «Мать», бірақ, бұл кітабы өзгелерінен анағұрлым нашар шыққан. Ал, не себепті Горький бізге аса қадірлі. Не себепті кеше құшақ жайып, қадірлеп, құрметтеп, қарсы алдық.
Толстойдың басын ауыртпайық. Ал, Руссияда капитал дәуірі абден орнап, өрлеп келе жатқан бетінде жазған Островскийдің кітаптарынан біздің көзқарасымызша талай сорақылықтар шығады. Кей жерлерінде пролетарский идеологияға тіпті жанаспайтын, не қарсы бағыт табасың. Бірақ «оқу тасын кеміріп» жатқан жастарға сол Островскийлерді неге мұжғылатып әуре етіп жүрміз.
Успенский мен Чеховты тағы былай қоя тұрайық. Атақты Салтыковты алып, марксизм жолымен сынағанда талай кемшіліктер ол көсемнен де шығады, ал Достоевскийді мүлдем көміп тастауға тура келеді.
Бұлардың қай-қайсысында да өзіне біткен артықшылығы, иә кемшілігі бар. Бірақ заманына қарай бұлардың бәрі де кемеңгер, бәрі де көсем болған, заманында бұлардың сіңірген еңбегі келешекке салған жолы аз емес. Қазірде де бұлар тағы пайдасыз емес. Бұларсыз жаңадан ешнәрсе ќұрастыра алмайсың. Сондықтан бұлар құрғақ тарих болып, ескіріп далада қалып отырған жоқ.
Бұл айтылған ескілердің бұл күнгі салт-санаға, еңбекшілер жұртшылығына бір керекті жері болған соң, алдымыздағы тілек-мақсаттарға сәйкес, не оның бір пайдасына жаратарлық мәнісі болған соң болар, тиісті орындарында қалып отыр.
Міне, ескілерді білу деген қалай болады.
Бізде қалған ескі мұраның бірі — Абай.
Бірақ, сол Абайдың құлағын қаншама шулатсақ та оның кім екенін, артық-кем жері қайсы, пайдалысы қандай, керектісі не екенін білмейміз. Бұл, мәселелерде әлі күнге шейін негізсіз таластардан әрі аса алмай жүрміз.
Бұрынғы мақаламдағы Абай туралы жазылған бір-екі ауыз пікірімді алып, Сәбит жолдас қайдан тапқанын білмеймін, мені: әдебиетке қиялшылдық көзбен қарайды, Абайды тап тартысының күйінен тысқары тұрған ақын деп таниды - деген секілді жоқ жерден жала жапсыра қойды. Тек Абайды ауызға алған кісінің бәрі осындай ойда болады деген Сәбит жолдастың бойына біткен, тұрақсыз, дәлелсіз құр сенім болмаса, басқа менің сөзімде ондай еш пікір жоқ еді. Айтысымыздың түрі осындай дұрыс пікіріңді теріске айналдыру, орынсыз қағысу, соғысу болып, көбінесе дәлелсіз, негізсіз болады. Абайды болсын, басқаны болсын, құдайды болсын, құранды болсын, Мекелайды болсын, Петр патшаны болсын, ауызға ала отырып-ақ марксизм жолында қалуға болады. Тек пәленді пәлендей дегенмен-ақ кісі кінәлі бола қоймайды. Бір ауыз сөз айтқан кісінің ар жағынан сұмдың іздеудің ешбір орны жоқ.
Сәбит жолдас айқын, ашық жазған сөздеріңді қас пен көздің арасында бұлтартып теріске жорып, білгенді білмедім, көргенді көрмедім, деп отырса оған амалым бар ма? Жалғыз Сәбит емес, басқалар да тексерер.
Бірқатар «жел сөзге» Абай аты кінәлі болғандықтан, бұл мәселеде орынсыз «байбалам» көптіктен еңбекшілер жұртшылығының алдында бұл мәселенің көмескі бола бермей, жарыққа шығуын қажет тауып, білгенімізше Абай туралы өз пікірімізді толығырақ жазуды міндет көрдік.
Абай туралы «өр көкірек», «ұрдым-жық» мінез көбінесе Сәбит жолдаста болады. Бұған қарсы жауапқа алдымен сөзді өлген ақынның өзіне берейік:
...Екі күймек бір жанға әділет пе?
Қаны қара бір жанмын жаны жара.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға да, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етек басты көп көрдім елден бірақ.

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,


Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме!
Өзі ермей, ерік бермей жұрт қор етті
Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме...
(“Өлсем орным қара жер сыз болмаймадан»)
Сәбит бар, басқа жолдастар бар, Абай жуан және де өзі байшыл, сондықтан бізге керегі жоқ. Абай консерватор, яғни ескішіл, не Абайдың өлеңдерінің сұлулығы шамалы, не болмаса онда аса үлкен ақындық та, иә терең ой да жоқ. Және Абайдың пікірі, жолы бұл күнгі еңбекшіл елдің жұртшылығының тілегіне үйлеспейді дейтіндер алдымен Абайдың өмірін, ортасын тексерсін.
Абайдың жалпы идеологиясын кейін тексерерміз. Әзірге айтатынымыз «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім» деген ақынның сөзі осындай орынсыз сөздердің көбіне берілетін жауап. Тағы да:«ерте ояндым, ойландым, жете алмадым» деген сөз Абайдың сыншыларының есінде болатын сөз.
Әрине, бұл күнде Марксті, Плехановты, Ленинді түн ұйқысында, Абай заманындағы құранның орнына, басына жастап жатып жүрген жастар Абайдың сөзіне тоймайды, онан іздегенін таба алмайды.
Бірақ Абай кім еді, заманы қандай еді?
Ол уақытта әлі келген қазақтың балалары сәлдесі қазандай молданың алдында шарта жүгініп әптиекті ежелеп, жамыраған қозыдай шуылдап отыратын заман емес пе еді? Бұл ортадан Абай өзіне азық болар не тапты?
Қайратым мәлім,
Келмейді әлім.
Мақсат алыс, өмір шақ.
Өткен соң базар,
Қайтқан соң ажар
Не болады құр қожақ?!
Кеш деп қайтар жол емес,
Жол азығым мол емес...
(«Сегіз аяқтан»).
Бұл өлең 1889-шы жылы жазылған. Ал, онан бері не заман өтті? Сол өлең жазылатын замандағы орыс елінің жұртшылығының басшы адамдары Чернышевскийлер, Салтыковтар, Михайловскийлер еді. Пушкинді қояйық, осылардың идеологиясын тексерші, бұл күнгі Сабит жырлап жүрген еңбек-шілдер жұртшылығының жырын солардан да таба алмайсың. Бұлардың заманы, көз алдында тап болып, құралып келе жатқан жұмыскерлер табының заманымен қоныстас еді. Тек Чернышевскийдің сөздерінде ғана жаңа басын көтеріп келе жатқан таптың шала-мұла ізі бар.
Бірақ сол Чернышевскийлер бар, Салтыков, Михайловскийлер бар, артынан іздерін басып Плеханов, Лениндер шығатынын байқамай қалса, Абай сорлыға не кінә.
Абай партия жасады, болыстыққа таласты. Өз елінде өзіндей жуандардан жеңіліп қалған соң, сарындап өлең жазды. Өлеңдері ескілікті жоқтау, жуандықты кексеу — дейтіндер бар.
Бұған алдымен айтатын жауап: ақынды болсын, кімді болсын тексергенде тек тумысын еске алып, оның сіңірген еңбегін, істеген қызметін соған қарап бағалауға болмайды. Екінші айтатынымыз: атақты ақындардың, не ғылымға таудай еңбегін сіңірген данышпандардың ішінде талайының талай қызықтары, талай кемшіліктері, не мүлде жиренішті істері, не өмір жүзінде істеген қателері болған. Қайта көргенсіз өскен Абайда олардың көбінде болған сорақылық жоқ. Партияшылдығы - ортаның жемісі.
Абайды (консерватор) дейтіндердің біреуі сол Абай заманында туса, кім білсін, Абайдың сойылын соғушылардың бірі болып қатынды-қалашты, кәріні, жасты бірдей қамшылап жүретін тентектердің біреуі болар ма еді. Абайды партияшыл дейтіндердің біреуі сол заманда туса, Абайға қарсы партия ашып, таласып Абайдан не жеңіліп қалып, не жеңсе, барымта ашып, отыратын жуандардың біреуі болар ма еді, кім білсін. Мұны - заман дегенді, орта дегенді ұмытып кетіп, жеңіл сөйлейтін жолдастарға амалсыз мисал үшін айтып отырмыз, әйтпесе, «құдай сақтасын», жуандықты, не Абайдың жуандығын ақтағанымыз емес.
Жә, өңшең партияшыл бұзақылардың ішінен, талай жалмауыз жуандардың ортасынан бір нәрсені іздеп, аңсап жалғыз Абай қалайша шықты? Сол ортаға тоймағанын, өз өміріне риза болмағанын Абай ғана білдіре алды ғой. Мәніс осы арада.
...Жартасқа бардым
Күнде айғай салдым.
Онан да шықты жаңғырық,
Естесем үнін,
Білсем деп жөнін.
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас, бір жартас,
Ќаңқ етер түкті байќамас...

...Білгенге жол бос,


Болсайшы қол бос,
Талаптың дәмін татуға.
Білмеген соқыр,
Қайғысыз отыр,
Тамағы тойса жатуға.
Не ол емес,
Бұл емес.
Менің де күнім,
Күн емес...

Бұлар не сөз, ненің жыры?


Тек қана болыстық іздеген кісінің сөзі деп айта алмаймыз.
Бұл сарындамалық деп оп-оңай айта салатын жолдастар болар. Біздіңше олай да емес.
Бұл сөзде де тірідей көме салған адамның жер астынан шыққан, күңіренген дыбысы бар. Не қарауыл салған, не тау-тасты жаңғыртып түн ішінде жым-жырт ұйықтап жатқан елді шошытып, аттан салған ащы дауыс бар.
Мұндай үн, мұндай дабыл тек қана болыстық іздеген кісіден шықпайды, тағы сарындамалық болмайды.
Біздің байқауымызша бұл сөздер өзінің өскен ортасынан жиреніп, басын тауға да, тасқа да ұрып, бір нәрсені іздеген адамның, не жәрдем сұрап, көмек шақырған адамның сөздері. Бос сандырақ емес. Бірақ, ол бейшараның «ішім толған у мен дерт, сыртым дүрдей, мен келмеске кетермін түк өндірмей» - деп түк таба алмай татыр жерге шашқан тұқым секілді тұншығып өліп кеткен түрі бар.
Абай ғылымды іздей ме, жоқ болмаса қазақ ішінен жаңа орнап келе жатқан капитал дәуірінің айғайшысы ма, әйтеуір, айғайы зор.
Сәуле іздеп, жарық іздеп жүрген адам тағы (консерватор) болмайды. Енді Абайдың ақындығын тексерейік.
Құлақтан кіріп бойды алар
Жақсы ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар.
Әнді сүйсең менше сүй.
Дүние ойдан шығады,
Өзімді-өзім ұмытып,
Көңілім әнді ұғады,
Жүрегім бойды жылытып.
Аңсаған шөлде су тапса,
Бас қоймай ма бастауға,
Біреу түртсе я қақса,
Бой тоқтамас жасқауға...
Міне, Абай ән мен күйді қалай таниды. Өлеңнің басы «пісіміллә» болып жүргенде, қазақ ішінде әліпті таяқ деп танитын бірен-саран адамдардың білетіні «Бақырған» «Сал-сал», «Зарқұм» секілділер болатын заманда ақындық болмаса мұндай сөз кімнен шығады?
Өзгеге көңілім тоярсың,
Өлеңді қайтып қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың.
Сайра да зарла қызыл тіл,
Қара көңілім оянсын.
Жыласын, көзден жас ақсын,
Омырауым боялсын.

Қабыл көрсе сөзімді,


Кім таныса сол алсын.
Орыстың тұңғыш Державин, Майков, Козловтар секілді ақындарын былай қойып, Пушкиндерді алсаңыз да өлең, ақындық туралы айтқан сөздерінің көркемдігі, мағнасы осындай-ақ. Қайта өлеңге, ақынға бұлардан да гөрі Абайдың көзқарасы дұрыс.
Өзіміз Абайға таң қаламыз, ұстазы Пушкин, Лермонтовтар болса да, әдебиет жүзінде түк тәлім-тәрбие көрмесе де Абайдан ақындық, өлең қақында сандалбай қиялшыл теріс пікір таба алмайсың. Абай неге Мағжанша - «Мен пайғамбармын». “Мен перімін» демейді. Орыс әдебиетінің атасы жоғарғы екі атақты ақынның да “Пророк”, “Поэт” деген өлеңдеріндег ақындық туралы пікірлері тым сұрапыл қиялшылдық. Мен құдайдың елшісімін, менің сөзім жер сөзі емес, менің туысым дүниемен байланысты емес, дүниені менсінбей кететін мінездерім бар дейтін лепіру жоғарғы екі ақында да бар.
Өлеңді өнер деп білген Абай бұларды да оқыған. Өлең, ән, күй туралы жазған өлеңдерінің бірінде Абай тағы былай дейді:
Шырқап, қалқып, сорғалап тамылжиды,
Жүрек тербеп, оятар баста миды.
Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда,
Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды.
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар,
Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар.
Бұлар(ды) және де оқып алып, «қой бұлардың да бір қатесі болар» деп өзінше долбарлаған болар. Әйтпесе, Абай да бір лепіріп ұшуға Мағжаннан кем болмас еді деп ойлаймыз.
Жә, Абай мұны қайдан білді? Абайдың марксизмді естімегеніне ешкім таласпас, біздіңше, Абайдың сандырақтамауы - Абайдың негізіне біткен нағызшылдыққа дәлел.
Абайдың жалпы өлеңдерінің көркемдігін алғанда, әрине, бәрі бірдей емес. Кейбіреулері нашарлау, бостау келеді. Айтайын деген пікірі кейде бұлдырлау болып шығады, осы күнгі жат болып қалған алла, шариғат деген сөздер жолығады.
Мұндай кемшіліктер тек жалғыз Абайда емес. Қандай ақын болса да барлық сөздерінің ажары, мағынасы бірдей бола бермейді. Ақынның өсіп барып тоқтаған жері болады. Оған шейін ақынның сөздерінің ішінде бұлтақ-сұлтақ, кем-кетіктер бола береді. Ал, ескіріп қалған пікірлеріне, не алла деген секілді сөздеріне Абайдың заманы кінәлі. Осындай нашар шыққан Абайдың өлеңдерінің бірі «Интернатта оқып жүр» деген өлеңі, бұл өлеңнің басы:
Интернатта оқып жүр,
Талай қазақ баласы.
Жаңа өспірім, көкөрім,
Бейне колдың саласы,-
деп тым әдемі басталады да әр жағы сұйылып кетеді.
Тағы осындай нашар келген, айтайын деген пікірі бұлдырлау шыққан Абайдың өлеңдерінің бірі «Замандастар туралы» деген екі өлеңі.
Тағы да осындай әлеңдерінің әр жерінде кемшілік табылады. Әрине Абайды түгелімен бүгінгі салт-сана ыңғайымен тексерсең Абай артта қалып қойды. Бірақ, «Шу дегенде құлағың тосаңсиды, өскен соң мұндай сөзді бұрын көрмей» - деп ақынның өзі айтқандай, заманына, ортасына Абайдың өлеңдерінің бәрі бұрын көрмеген, естілмеген таңсық сөз, жылтыраған маржандай көрнекті зат.
Қазақтың көбі-ақ өлең жазады. Абай секілді өлеңшілер қазақ ішінде бұрын да көп болған деушілер де бар. Бұған біз нана алмадық. Рас, өлеңшілер қазақ ішінде бұрын да болған, бірақ дәл Абайдай ақын таба алмайсың. Абайды және де жабайы қара өлеңшілерге тағы қоса алмайсың.
Абайдың ақындық беті тым күшті болған. Бірақ Абайдың ақындығы орнығып, бір негізге тоқталмаған, ойы, пікірі дөңгелектеніп жетпеген. Жазудың ретін үйрене алмаған. Сондықтан Абайдың өлеңдерінен әртүрлі күй табасың. Керемет терең ой мен әдемі, көркем келген суреттермен қатар тұмандау, күңгірттеу келген жерлер де жолығады. Желдей есіп, қозғап отыратын сөздермен қатар қаражаяу өлеңдер де табылады.
Орыстың ақындарынан Абайға әсіресе үлкен әсер берген Салтыков пен Лермонтов, азыра Пушкин мен Крыловтың да белгісі бар. Ой жағынан Абайға үлкен әсер берген Толстой.
Абайдың өлеңіндегі көп кездесетін елдің кемшіліктерін, жаман әдет мінездерін сықақ, мысқыл ету, мазақтау надандықтарын сөгіп күлу - барлығы Абайдың Салтыков пен Крыловтан алған сабағы. Сырласу, сезім күйін тартуы (лиризм) Лермонтовтың әсері. Өлеңдерінің жалпы ырғағы Пушкин мен Лермонтовтан алған үлгісі. Абайдың өзінше соғатын пәлсапасы Толстойдың сабағы.
Әрине, бұл айтылғандар айып емес. Абай секілді наданға үш ай ғана орысша оқып алып қартайғанда Салтыков, Толстойларды оқып, бұлардың бәрін өзінше долбарлап, жоғарғы сынды жыр жырлап кету аз еңбек емес. Еліктеу деген атақты ақындардың қайсысында да алғашқы бетінде болады. Бара-бара ақын өседі, кемеліне келеді.
Таза көркемдік жағынан қарағанда Абайдың «Сұлу ұрғашы», «Жылдың төрт мезгілі», «Аттың сыны», «Желсіз түнде жарық ай» деген өлеңдері көңілге әбден толымды. Абайдың әйелдер туралы айтылған өлеңдерінің барлығы да Абайдың өте шеберлігін көрсетеді. Абайдың әйелге көзқарасын кейін айтармыз, бұл арада айтатынымыз Абай көңілді, сырды, тілекті, нәпсіні жеткізе білген. Тек надандығына жататын «Тар төсекте төсіңді иіскер ме едім жалаңаш» яки болмаса «Тал жібектей оралып, гүл шыбықтай бұралып, салмағыңнан жаншылып, қалсын құмар бір қанып» деп төтесінен салып кететін мінездері бар. Бірақ Пильняктардың еркек пен әйелдердің қатынастары туралы осы күнгі жазып жүргендеріне қарасаң Абайға бұ да айып емес.
Елдің ішіндегі түрлі кемшіліктерді, жаман-жақсыны өзінше тексеріп жазған Абайдың өлеңдері қазақтың сол кездегі тұрмысына сайма-сай, кейбіреулері осы күнгі тұрмысқа да жарап кетер еді. Тек осы күнгі еңбекшіл елдің тұрмысына сайма-сай осындай өлеңдерді біздің жас ақындар жаза білсін.
Абай өзінің заманында жалмауыз жуанды мазақтады. Партияшыл, кесір, сотқар болыстарды жерледі. Арамтамақ, еріншек «іздегені айт пен той» жалқауларды не тыртақ, жыртақ «босбелбеу босаңсыған бозбаланы» сықақ етті, талапсыз, намыссыз кедейді сөкті. Заманына қарай бұл үлкен батылдық, үлкен өткірлік, үлкен данышпандық еді. Абайдың бұл сөздері елге үлкен әсер берді. Не себепті Абайдың бұл өлеңдері бір уақытта қазақ ішіне соншама жайылып, кәрі де, жас та, бала да, шаға да, әйел де, еркек те аузынан тастамай жүрді? Өйткені бұлардың бәрі елдің ойына, пікіріне үлкен әсер берді. Өзгеріс жасады. Әркім Абайдың сөздерінің ішінен өзін-өзі тани қалды.
Біздің жас ақындарымыздың жырлауына лайық тақырыптар аз ба? Кеңсешілдік, төрешілдік бар. Жуандардың, атқамінерлердің қалмай жүрген қылықтары, сұмдықтары бар. Кедейлердің әлі де арылмай жүрген қызық-қызық маубастық, даңғойлық, не өнерсіздік мінездері бар. Жаза берсек кемшілігіміз толып жатыр. Тек біздің еңбекшіл елдің ақындары осыларды түгел жеткізе біліп, жырлары күллі қара бұқараға тарап, қойшы-қолаңшы, қатын-қалаш бәрінің аузында жүруіне тілектеспіз. Біздің еңбекшіл ел өзінің кемшілігін сезіп, алдындағы тілектерін көріп, ақынның айтып берген екі ауыз сөзімен жырлап жүрсе, міне, бізде де Крылов, Салтыков, Демьян не Абай туды дейміз.
Абайдың осы айтылған мысқылшылдық, мазақтаушылық күлгіштік (орысша айтқанда сатира) мінездерінде Гоголь, Салтыковтердің жолы айқын көрініп тұр. Абайдың бұл өлеңдерінен теріп, кесімдер алып отыруға ешбір мүмкіндік жоқ.
Бірақ, бұлардың көбі өткір, ашты болса да, көркемдік жағынан өзге өлеңдеріндей емес, төмен.
Егер де Абай үлгі көрген болса, жазу техникасын үйренсе Гогольдің Собакеевич, Ноздарев, Хлестаков секілді кейіпкерлерін де, Салтыковтың Разуваев деген Я.Гончаровтың Обломов деген секілді кейіпкерлерін шығарар ма еді, кім білсін. Тым болмаса Абай жоғарғы айтқан өлеңдеріне ат қойып кетуді білмеді ғой (заглавие). Тым болмаса Абай өлеңдеріне ат қойып, єр өлеңін ел ішінде болып жатқан оқиғалардан алып, белгілі бір тақырыппен жазып кеткенде өлеңдері мағана жағынан да, көркемдік жағынан да қандай сымбатты болар еді. Тіл жағы Абайдан табылар еді.
Абайдың осы айтқан өлеңдерін түгел тексеріп шыққанда Абайдың Гогольмен, Салтыковпен ағайын екенін танисың. Абайдың негізгі төсегі Гоголь, Салтыков шыққан нағызшылдық, Абайдың ақындығының беті Гейнеге, Салтыковке біткен ұлы, зәрлі өткір тіл, ащы сөз, біздің байқауымызша, Абайдың ақындық пішіні, міне, қандай.
Бірақ, Абай кемеліне келе алмай кеткен. «Соқтықпалы соқпақсыз жерде жүріп» арып, ашып, шаршаған, «Екі кеме құйрығын, ұста - жетсе бұйрығың» деп болдырып отырған.
Абай бір жағынан мысқылдап, мазақтап отырса, екінші жағынан Гогольше қамығады, шаршайды. «Ғылым да жоқ, ми да жоқ, даладағы аңдарсың» деп сөгумен қатар: «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» - деп тағы шаршайды. Абай әлінше елге үгіт айтады, білгенін үйретпекші болады. Абай мінеп-шағып отырып: «талай сөз бұдан бұрын көп айтқанмын, түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын» - дейді. Бұған қарағанда Абайдыкі тек қиянкескі зар емес. Абайдың белсенді беті болғанын көресіз.
Басында Абайда үлкен талап, көп ой болған.
Жас жүрегім
Жанды менің
Жай таба алмай, я пірім!
Өзің оңда
Жақсы жолға
Ақырын.
Жамырайды
Жапырағы
Жас жүректің, соқса жел.
Түсті мойын,
Толды қойын, Ақты сел.
Мен пәк едім,
Бейғам едім,
Еш нәрседен қайғысыз.
Тез дерттендім,
Кейде өртендім,
Кейде мұз.
Бұл сөз талабы зор болған, бірақ неге кірісерін, не істерін білмей дел-сал болып жүрген адамның сөздері.
Абай міндеті зор екенін, бірақ оған қарсы өзінің шамасы аз екенін ойлап, шыққан жолы ұзақ екенін және бірақ бұл жолға керек жабдық, жол азығы шамалы екенін тез сезеді. Міне, осыларды еске алсаңыз: «Мен келмеске кетермін түк «өндірмей» деген сөздерді айтқан кісінің кім екенін түсінуге болады.
Ақынның өзімен-өзі сырласатын, не елге шағынып, мұңдасатын уақыты болады (лиризм). Бұл, бірінші, ақынның не өзінің шаршағандығынан болады, не төңірегіне тоймағандығынан, яки, тұрмыста кездескен кемшіліктерден шыққан ызадан болады. Онда ақын өз қиялын жырлайды, мұңын шағады. Ақынның ыстық жүрегін қозғаған тұрмыстағы бұзақылық, кемшіліктер ақынның өткір тілінен, улы, зарлы жыр шығарады; мұнымен қатар ақын жұртқа тілегін айтады, мақсатын, көксегенін жария етеді. Мұндай өлеңдердің бәрі далаға бос төккен көздің жасы болмайды. Мұндай жырлар атақты ескі ақындардың бәрінде де бар. Осы күнгі еңбекшіл елдің ақындарында да болмақ. Тек, оның орны бар, реті бар. Нағыз коммунизмге жеткенше тұрмыстан талай кемшіліктер, жүректі қысып қапаландыратын талай оқиғалар, өмірде талай талас-тартыстар, талай аянышты суреттер табылады. Ақын бұларды жырламай отыра ала ма? Ақын оққа ұшып, жолдасынан айырылған аққудың кейпін айтса, оны зарлатып қойған адамның қылығын, ісін айтса, мұнан босқа төккен көз жасы табыла ма? Аққуды пісіріп жеуге болатын шығар, еті тәтті шығар. Бірақ, өмір деген кімнің өмірі болса оныкі болсын - зор мағналы сыр, дүниенің ең үлкен мағналы жері, ең әдемі көркем жері осы өмір. Сол көркем өмірдің иесінің бірі - көркем аққу. Сол бәрімізге ортақ көркем өмірдің бір иесі - көркем аққу адамның нәпсісі, қызығы үшін оққа ұшып өліп жүрсе де, о да өмірдің үлкен бір сыры. Көркемдік деген, міне, қандай болады. Жалғыз өзінің ғана сыншы екеніне әбден сеніп, үлкен батылдықпен сөйлейтін жолдастарымыз бұл суреттің көркемдігін танымай, орынсыз жылау десе, біздің надан қара бұқара қойшы-қолаңшы мұның көркемдігін әбдан таниды.
Ал, мұндай сырласу, қапаланудың екінші жағы бар. Мұндай лиризмнің аяғы сарындамалыққа түсіп, бір күйзелген нәрсенің, не бір семіп, азып, жоғалып бара жатқан нәрсенің күйігінен шыққан зар болады. Абайдікі ол емес.
Заманын алсаң, ортасын алсаң - Абай, суреттеп айтқанда, ерте шыққан бүлдірген, сондықтан Абайдың қапалануы, шағынуы, жылауы бәрі дұрыс, бәрі орынды.
Абай қапаланып, шағынып былай дейді:
Көңілде қайғы, қалың зар,
Айтатұғын сөзім бар.
Салсын құлақ ұққандар,
Өрбі сөзім, өрбі енді!
Іште қайғы, дерт қысып.
Көкіректі өрт қысып,
Айтуға көңілім тебіренді.
Өскен ортасының кемшіліктерін әбден сезіп, өзі көрген жуандардан, молдалардан жиреніп, өнерсіз жалқау елден көңілі қалып, сенімі кеткен Абай былай дейді:
Ал сенейін, сенейін;
Айтқаныңа көнейін.
Сәлде ораған сопының
Ішін арам демейін.
Жаралы көңіл жазылар,
Дүниеде рақат бар шығар.

Ақ көңілді, әділ жан,


Табылар деп көрейін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   69




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет