Аликулова нұрлыгүл сапақҚызы ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстанның әлеуметтік экономикалық жағдайы


Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы



бет2/3
Дата04.03.2016
өлшемі466.99 Kb.
#37588
түріДиссертация
1   2   3

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Ұсынылып отырған диссертациялық жұмыс тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаңаша ұлттық көзқараспен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Батыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайына арналған алғашқы қазақ тіліндегі диссертациялық зерттеу болып табылады. Сонымен қатар, диссертациялық жұмыс кеңес үкіметі кезінде «өте құпия», «құпия» деп көптеген зерттеушілердің қолы жетпеген мұрағат материалдарының ғылыми айналымға қосылғандығымен ерекшеленеді.

Осыған орай, зерттеу жұмысында төмендегідей ғылыми жаңалықтарға қол жеткізілді:

- соғыс жылдарындағы Батыс Қазақстан аймағы халқының тұрмыс тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, шынайы өмір болмысы айқындалды;

- аймақта соғысқа бейімдеп қайта құруда мемлекет тарапынан жүргізген іс-шаралар, өңір халқының жаппай ел қорғауға аттануы, әскери құрамалардың жасақталуы мен халықтың кейбір наразылық әрекеттері тың мұрағат деректері арқылы талданды;

- Батыс Қазақстан өңіріне эвакуацияланған кәсіпорындар мен жергілікті

өнеркәсіп орындарының және шаруашылықтардың майдан мүддесі үшін жасаған қызметтері, одақтық маңызы және туындаған қиындықтарды шешу жолдары зерттеліп, аймақтың эвакуация орталығы мен майданның негізгі арсеналы болғандығы дәлелденді;

- батысқазақстандықтардың бастан өткерген соғыстың ауыр зардаптары мен (диверсанттар құрсауына ілігуі, неміс ұшақтарының жие бомбалауы, аштық пен жұқпалы ауруға шалдығуы, ауыр әлеуметтік-тұрмыстық жағдай) қиыншылықтары айқындалды. Бұл мәселелердің тарихына қатысты тың мұрағат деректері тұңғыш ғылыми айналымға енгізілді;

- аймақ тұрғындарының еңбектің барлық салаларында жасаған қызметтері

талданып, майдан мен жеңіске қосқан өзіндік үлестері, баршаға жасаған қамқорлығын сараланып, еңбекқор, төзімшіл, қайсар, бауырмал, кішіпейіл халық ретінде мемлекеттің тұтастығына тигізген ықпалы талданды.

Зерттеу жұмысының практикалық маңыздылығы. Зерттеу барысында жасалған қорытындылар мен тұжырымдары, жалпы диссертация материалдарын Отан тарихының Ұлы Отан соғысы кезеңін зерттеп жазуда, түрлі анықтамалық басылымдар дайындауда, өлке тарихын зерттеуде, оқу орындарында Қазақстан тарихы курсын оқытуда, арнайы курстар мен семинарлар сабақтарында, көпшілік-тәрбие жұмыстарында пайдалануға болады.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

- Батыс Қазақстан халқы соғыстың алғашқы күнінен бастап майданға өз еріктерімен аттанып, Отанға деген патриоттық сезімдерінің жоғары екендіктерін көрсетті. Дегенмен халықтың арасында майданға барудан бас тартушылар, жалтарушылар, әскери қызметтен қашушылар да кездесіп, Орта Азия республикаларына өтуге әрекеттенгендер анықталды;

- майданға аттанған жауынгерлердің белгілі мөлшерде сауаттылық деңгейлерінің төмендігі, соғыстың алғашқы кезеңінде жауынгерлердің орыс тілін және соғыс техникасын меңгермеуі ұрысқа етене араласуына кедергі болып, соғыс шығынының мөлшерін арттыруға себепші болды;

- аймақтың бірнеше ірі әскери құрамаларды жасақтап майданға аттандырған негізгі мобилизация орталықтарының бірі болғаны айқындалды. Дегенмен жергілікті ұлт өкілдері әскери басшылық қызметтен шет қалып отырды;

- Батыс Қазақстан өңірінің эвакуацияланған кәсіпорындардың 40-қа жуығын, қоныс аударған халықтың 40,8%-ын, малдың 70%-ын қабылдаған негізгі эвакуация орталығы болғандығы дәлелденді;

- өңірге эвакуацияланған аса маңызды өнеркәсіп орындары мен мекемелер жергілікті халықтың қолдауымен қысқа мерзімде іске қосылып, майдан үшін сапалы қызмет етті. Өңірде жаңадан өнеркәсіп орындары мен мекемелердің ашылып қызмет жасауына байланысты жергілікті маман кадрлар, басшылар мен қатынас саласының шебер ұйымдастырушылары қалыптасты;

-қазақ халқының көшпелі өмір тәжірибесі майдан мүддесі үшін шебер пайдаланылды;

-Батыс Қазақстан вермахт басқыншыларының экономикалық нысаналарды құртуға негізгі көңіл бөлген стратегиялық аймағының бірі болды. Жау шабуылына ұшыраған объектілерді батысқазақстандықтар дер кезінде қалыпқа келтіріп, маңызды қатынас-байланыс ұжымдарының қызметтеріне нұсқан келтірмей қорғап отырды. Өңірден түрлі қызметкерлерден құралған бірнеше диверсиялық топтардың құрықталуы аймақтың әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын дәлелдей түседі;

-тұрмыстық–санитарлық талаптардың орындалмауы, жұқпалы эпидемиялық аурулардың таралуы, азық-түлік нормаларының жетіспеуі, кейбір аймақтарда күніне 65-46 гр. дейін күндік нормалар берілгені анықталды. Бұл жағдайлар аш-жалаңаштық пен күйзелістердің орын алуына себепші болды;

-ел ішінде асыра сілтеушілік, қызмет бабын пайдаланушылық т.б. жағымсыз әрекеттер қадағалау-бақылау комиссияларының жұмыстары нәтижесінде анықталып, арнайы шаралар қолданылып отырылды;

-батысқазақстандықтар барлық туындағын қиындықтар мен ауыртпалықтарға қарамастан майданға, жеңіске өз үлестерін қосты және жаудан азат етілген аймақ халқына, жауынгерлердің отбасыларына қамқорлық жасап, өзінің қайсар, төзімшіл, бауырмал, кішіпейіл халық екенін баршаға мойындатып, мемлекетке, Отанға адал қызмет ету үлгісін көрсетті.



Зерттеу жұмысының сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері республикалық ғылыми басылымдар мен түрлі деңгейдегі конференция материалдарында жарық көрді. Олардың ішінде, Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен республикалық басылымдарда 6 ғылыми мақала түрінде, 7 ғылыми конференция материалдарында баяндама ретінде жарық көріп, сараланды. Диссертация М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Қазақстан Республикасының тарихы кафедрасы мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс қысқартылған сөздер түсініктемесінен, кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі ашылып, оның зерттелу деңгейі, деректік негізі сараланды. Зерттеудің мақсат-міндеттері, пәні, нысаны, хронологиялық шеңбері, территориялық шегі, теориялық және әдістемелік негізі, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдары мен практикалық маңыздылығы айқындылады.

«Соғыстың алғашқы жылдарындағы Батыс Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі» деп аталатын бірінші тарауда аймақтың соғыс қарсаңындағы Батыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайына шолу жасалып, соғыстың басталуы, мемлекет тарапынан жасалған ұйымдастыру шаралары, халықтың соғысқа деген көзқарастары мен өңір халқының майданға аттануы сарапталады. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облыстарында әскери құрамалар мен бөлімдердің жасақталуы, оларды өңір халқының қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуі, жауынгерлердің әскери даярлығы, майдандағы жауынгерлер мен тылдағы батысқазақстандықтар арасындағы өзара байланыстар қарастырылады.

Қазақстанның басқа жерлердегідей, Батыс Қазақстан өңірінде де соғыстың алғашқы күні-ақ халық жиындары мен ереуілдер өтіліп, онда Отанды қорғауға дайын екенін білдіріп, еріктілер тізіміне жазыла бастады.

Соғыс басталған, яғни 22 маусым күні Ақтөбе қаласында өткен жалпы қалалық жиынға 20 мыңнан астам халық жиналса, Гурьев облысының Мақат кәсіпшілігінде -1500 адам, Форт-Шевченкода 3000 адам қатысқан жиындар өтілді. Батыс Қазақстан облысындағы іргелі оқу орны - Орал пединститутында арнайы жиындар өткізілді [18, 61 п; 1 п; 10-11бб.]. Мұндай жиындар Батыс Қазақстан аймағындағы барлық өнеркәсіп және оқу орындарында өтіліп, мыңдаған еріктілер өз өтініштерімен әскери комиссариатқа тіркеле бастады. Табиғатынан нәзіктілік пен батырлықты байқатқан батыстың қыздары ел басына қауіп төнген уақытта қайсарлық танытып, майданға аттануға өз өтініштерін білдірді. Гурьев қаласында да соғыстың алғашқы күндерінде 23 қыздан майданға жіберу туралы өтініш түссе, Ақтөбе қалалық әскери комитетке түскен 392 арыздың, 90-ы отбасын құрған әйелдерден болды [19, 68 б.; 63 п.].

Тіпті ел басына қауіп төнген уақытта аймақтың қыз-келіншектері Отанын жаудан қорғауды ең басты орынға қойып, балаларын мемлекет қарауына қалдырып, өздері ер азаматтарымен бірге майданға баруға шешім қабылдады. Солардың бірі, Ақтөбе қалалық балалар бақшасының тәрбиешісі Т.А.Сидельникова 3 жастағы баласын балалар үйіне қалдырып, өз еркімен Қызыл Армия қатарына қосылды [20, 141 п.]. Бұл деректер арқылы батыс- қазақстандықтардың Отанға деген патриоттық сезімдерінің жоғары болғандықтарын көруге болады.

Аудандық әскери комиссариат ең алдымен әскери білім алу үшін 110 сағаттық көлемде арнаулы курстар өткізді. Дегенмен оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу үшін маман кадрлармен қатар әскери құрал-жабдықтардың жетіспеушіліктері байқалды. Уақыттың шектеулі болуына байланысты кейбір белгіленген оқу-жаттығу сағаттары толық орындалмай соғыс даласына жіберілген кездер де болды.

Жауынгерлердің арасында сауаттылық деңгейлері төмен және орыс тілін білмейтіндер жие кездесті. Мәселен, 1941 жылы 1 қыркүйектегі 1905-1918 жж. туылған әскери міндеттілердің сауатсыз, шала сауатты және орыс тілін білмейтіндер туралы құпия мәліметте: Ақтөбе облысы бойынша - 920 сауатсыз, 1082 шала сауатты, 3981 орыс тілін білмейтіндер, Гурьев облысынан -2181 сауатсыз, 4324 шала сауатты, 5710 орыс тілін білмейтіндер, Батыс Қазақстан облысы бойынша 1850 сауатсыз, 3447 шала сауатты, 4544 орыс тілін білмейтіндер анықталған [21, 8 п.; 49 п.; 48 п.].

Майдан даласында барлық бұйрық - нұсқау орыс тілінде берілетінін ескерсек, орыс емес ұлт өкілдеріне көптеген қиындықтар туғызып, жауынгерлердің ұрысқа белсенді түрде араласу мүмкіндігін шектегенін білуге болады. Осыған орай мемлекет тарапынан шала сауаттылар мен сауатсыздарға көңіл бөлініп, орыс тілін игеруге арналған арнайы оқулар ұйымдастырылып, оған мектеп мұғалімдері мен қатар жоғары сынып оқушылары да пайдаланылды [22, 90 п.]. Дегенмен бұл жүргізілген шаралар соғыс жылдарында майданға аттанған жауынгерлерді толық сауаттандырып, орыс тілін өз мәнінде үйрете алмады. Оған уақыттың аздығымен қатар кәсіби маман тапшылығы да өз әсерін тигізді.

Халық арасында майданға барудан бас тартушылар, әскери қызметтен қашқандар да кездесіп отырды. Олардың ішінде қарапайым халықтармен бірге, кейде комсомол, партия мүшелері де кездескен жағдайлар болды. Кейбір ауылдық кеңестің төрағалары өз жақындарын әскери қызметтен босату үшін жалған құжаттар жасаған. Қызыл Армия қатарына шақыру алған кейбір азаматтар тұрғылықты мекен-жайын тастап, алыстағы жақындарын паналап жүрсе, кейбірі арнайы топ құрып, қарақшылық әрекеттермен айналысқаны анықталды [23, 5 п.; 22 п.; 11 п.]. Сонымен қатар Кеңес үкіметінің жүргізген саясатына қарсы алып-қашпа әңгімелер таратып, халықтың сенімсіздік көзқарас қалыптасуына ықпал ететін әртүрлі топтар да пайда бола бастаған. Олардың кейбірі үрейленген халықтың бір бөліктерін көрші Орта Азия республикаларына қоныс аударуына ықпал еткен. НКВД ұйымдары, Ауғаныстан мен Иранға халықты көшірумен айналысқан контрреволюциялық топтарды құрықтаса, Новоресей ауданының «Восток» колхозында колхоз және кейбір аудан басшыларына қарсы террористік акт жасауға, Қытай мен Үндістанға өтуді мақсат еткен жастардың контрреволюциялық топтың әрекетін анықталған.

Осы оқиғаларға байланысты барлық аудандық партия ұйымдары мен атқару комитеттерінде еңбекшілер арасында сенімсіздік көріністерін нақты тоқтату шараларын жасауды міндеттейтін арнаулы шешім қабылданып, олармен күрес үшін арнайы топтар құрылған. Олардың құрамында аудандық комитеттің хатшылары, НКВД-нің аудандық бастығы және аудандық әскери комитет төрағалары енді.

Нақты деректер бойынша республикада соғыс басталғаннан - 1942 жылдың 1 қыркүйегі аралығында әскерден қашқандардың 2206 оқиғасы тіркелген. Оның Ақтөбе облысында 289-ы, Гурьев облысында 44-і, Батыс Қазақстан облысында 81-і тіркелгені анықталған [24, 68-69 пп.; 13 п; 20 п.].

Анықталған, ұсталған қашқындарға өздерімен қатар, олардың отбасыларына Отанын сатқаны үшін арнайы шаралар қолданылған. Оларды әскери трибуналдарға берумен қатар, сол кезеңдегі жазалау шараларының ең ауыры – азық-түліктен, оның ішінде наннан күндік нормадан айыру болды [25, 20 п.; 23 п.]. Бұл дегеніміз сол кез үшін өте ауыр жаза болды. Осындай оқиғалар аймақта жасанды аштықтың пайда бола болуына себепші болды.

Көптеген қиындықтарға қарамастан батысқазақстандықтар соғыс басталысымен әскери істі тез меңгеріп, бірнеше әскери құрамаларды жасақтап, майданға аттандырды. 1941 жылдың шілде-тамыз айларында 312-атқыштар дивизиясы, КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің 1941 жылғы 13 қаңтардағы қаулысына сәйкес 1941 жылы 24 қарашада 101-ұлттық атқыштар бригадасын, 1941 жылы желтоқсанда 74-дербес теңіздік атқыштар бригадасын жасақтаса, 1942 жылы 9-10 мамырында 152-атқыштар бригадасын майданға аттандырса, 1943 жылдың 10 мамырға дейін «Амангелді Иманов» атындағы жеке автоматшылар батальонын құруға шешім қабылданған.

Зерттеу жұмысында әскери құрамалардың жасақталуы мен майданға аттануы талданып, аймақтың негізгі мобилизация орталықтарының бірі болғандығы айқындалды. Дегенмен құрылған әскери құрамалар мен бөлімдер облыстық бюджеттердің есебінен жасақталса да олардың қолбасшылық құрамы негізінен орыс ұлты өкілдерінен тұрып, жергілікті ұлт өкілдері әскери басшылық қызметтен шет қалғаны байқалды.

«Ұлы Отан соғысы жылдарындағы аймақтың экономикалық жағдайы» атты екінші тарауда соғыстың алғашқы жылдарындағы экономиканы соғысқа бейімдеп қайта құру шаралары, аймақтың эвакуация орталығына айналуы, аймақтағы өнеркәсіп орындары мен көлік түрлерінің және ауыл шаруашылығының соғыс мүддесіне сай қызмет жасауы, олардың одақтық маңызы сарапталады. Сонымен қатар, соғыс жылдарындағы бұл салалар бойынша кездескен қиындықтар мен еңбекшілердің еңбектегі жетістіктері деректер негіздерінде жан-жақты қарастырылады.

Батыс Қазақстан өңірінің майданға жақын болуы, негізгі темір жол желілері мен су жолының орналасуы эвакуацияланған кәсіпорындарды, халықты, малды т.б. қабылдау үшін тиімді болды.

Ең алдымен, Батыс Қазақстан туған жерінен кетуге тиіс болған мыңдаған кеңес халқының екінші үйіне айналды. Батыс Қазақстанға алғашқы босқындар легі 1941 жылдың шілде айында келе бастады. Аймаққа эвакуациялаудың негізгі кезеңі 1941 жылдың тамызы мен 1942 жылдың қараша айы арасын қамтыды. 1941 жылдың 1 тамызында Батыс Қазақстан облысына 1469 адам келсе, Ақтөбе облысы көлеміне осы жылдың 25 - тамызда 3211 адам эвакуацияланған [26, 249 б.; 52 п.].

Республика эвакуацияланған 850273 адамды қабылдаса, оның ішінде Батыс Қазақстан облысы - 37182 адам (4,4 %); Ақтөбе облысы - 34115 (4,0%); Гурьев облысы - 9278 (1,1%) қоныс аударғандарды қабылдады [11, 484 б.]. Батыс Қазақстан облыстарына эвакуацияланған 80575 адам республикаға эвакуацияланғандардың 20,8 пайызын құраған.

1941 жылы Ақтөбе облысына 20 өндіріс орындары эвакуацияланса, Батыс Қазақстан облысына 1941 жылдың 30 қарашасындағы мәлімет бойынша 12 кәсіпорынның келгені анықталды. 1941 жылдың 15 қарашасынғы мәлімет бойынша Гурьев қаласына эвакуацияланған Петровский атындағы машина жасау заводы, Наркомрыбпромның механикалық заводы, Ленин атындағы Волга танкерінің кеме жөндеу заводының бөлімі, ІІІ Интернационал атындағы Волга танкерінің кеме жөндеу заводы (жартылай), Заготзерно диірменінің жабдықтары (жартылай) орналастырылған [27, 15-16, 20-21 пп.]. Кейін тағы да бірнеше кәсіпорындар келді.

Мұрағат құжаттары арқылы Батыс Қазақстан территориясына барлығы 40-тан астам өнеркәсіп орындары және олардың жабдықтарының келіп, маңызды экономикалық аймаққа айналғанын көруге болады. Сонымен қатар жергілікті халықтың үлкен қолдауымен эвакуацияланған кәсіпорындар жергілікті өздері тектес кәсіпорындармен бірігіп, жедел арада майданға қажетті өнімді шығара бастады.

Соғыс жылдарында Қазақстанның Батыс облыстарына 1941 жылы 20 шілдедегі ХКК мен Қазақстан КП(б) ОК-нің қаулысына сәйкес бірнеше госпитальдар эвакуацияланған. Оның ішінде тек қана Орал қаласында майданнан жараланып келген жауынгерлерді емдейтін 20 әскери госпитальдар болды. Госпитальдар жергілікті атқару комитеттерінің басшылығымен арнайы қамқорлықтарға алынды [27, 10 пп.].

Тек қана 1941 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда 32100 орны бар 72 эвакуациялық госпиталь емдеу қызметін атқарса, оның негізгі бөлігі майданның жақын тылы – Батыс Қазақстан облыстарында ұйымдастырылып, негізгі емдеу-профилактикалық аймағына айналды.

Одақтың батыстағы өңірінен ауыл шаруашылығының материалдық ресурстарын да дереу көшіру қажет болып, Ростов, Сталинград облыстары мен Калмақ АССР-інен т.б. батыс аудандардан эвакуацияланған малдар үш бағыт бойынша Батыс Қазақстан облысының аудандарына, Ақтөбе мен Гурьев облыстарының далалық аймақтарына бағытталды. 1943 жылы 1-тамызындағы хабарлама бойынша Батыс Қазақстан облысының колхоздарына 169433 бас мал, Ақтөбе және Гурьев облыстарына 206163 бас мал, жалпы Батыс Қазақстан, Гурьев, Ақтөбе облыстарына 375596 бас мал эвакуацияланды [28, 11, 96 пп.]. Осы кезде республикаға эвакуацияланған малдың 70%-ға жуығын Батыс Қазақстан өңірі қабылдаған.

Батыс Қазақстан өңіріне сонымен қатар мәдени орындар мен мекемелер, әскери мамандар даярлайтын білім орындары қоныс аударды. Бір ғана Ворошилов атындағы әскери авиамектеп 1539 ұшқышты даярлап, майданға жіберген. Оның тәрбиеленушілерінің 190-ы Кеңес Одағының Батыры, 9-і екі мәрте Батыр атағын иемденді [29, с.19-20]. Осылайша, Батыс Қазақстан аймағы майданды әскери маман кадрлармен қамтамасыз етіп отырды.

Аймақта одақтық маңызы бар өнеркәсіп орындары қара металлургияның тұңғышы - Ақтөбе ферроқорытпа заводы, майданды қару-жарақпен де қамтамасыз етіп отырған Ақтөбеге эвакуацияланған Ақтөбе рентген заводы мен Оралға эвакуацияланған №231 К.Е.Ворошилов атындағы зауыттардың қызмет жасауы арқылы өңірдің майданның негізгі әскери өнеркәсіп кешендерінің біріне айналғанын көруге болады. Сонымен қатар еңбекшілер майданды сапалы, жаңа түрдегі өнімдермен қамтамасыз етіп отырды. Мәселен Ақтөбе рентген заводы Кеңестер Одағында өндірістік рентген қондырғыларын, жоғары вольтті техникалық аппарат пен оның жабдықтарын, әскери-инженерлік қарулардың құралдарын және медициналық рентген қондырғыларын шығаратын дара завод болып табылса, №231 К.Е.Ворошилов атындағы зауытта авиацияға арналған снарядтар мен соққысы жойқын миналар шығарыла бастады. Сонымен қатар талантты конструкторлар Н.Н.Шамарин, В.Д.Горбунов, Г.И.Жигарь әлемде тұңғыш рет ізсіз электроторпедаларды (ЭТ-80) шығарды. Бұл шығармашылық жетістік жоғары бағаланып, І дәрежелі Сталин сыйлығына лайық деп танылды [30, 1-2 пп.; 29, с.118].

Дегенмен өндірістегі жетістіктермен қатар, еңбекшілері арасынан еңбек тәртібін бұзушылар да кездесіп отырды. Мәселен, №692 заводта 1943 жылдың 5 айы ішінде 25 еңбек тәртібін бұзған оқиғалар тіркелген [31, 22 п ].

Батыс Қазақстан өңірінде майдан үшін ең қажетті, маңызы зор шикізаттың жетекші түрі - мұнай өнеркәсібі саласы ерекше дамыды. Мұнайшылардың еңбек белсенділігі мен өнертапқыштылығының арқасында соғыстың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша Байшонас мұнай кәсіпшілігі «КСРО-ның ең озат кәсіпорны» деген атақты иеленсе, Ескене кәсіпшілігі Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы атанып, Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің Қызыл Туын сегіз ай бойы берік ұстады. Ал, трестер арасындағы социалистік жарыста Шұбарқұдық кәсіпшілігі жоспарды 113%-ға орындағаны үшін КСРО-ның Ауыспалы Қызыл Туын иеленген [32, 240-247 пп.; 11 б.; 5 п.]. Бұл жетістіктер арқылы Батыс Қазақстан өңірі мұнайшыларының жеңіске, майданға қосқан өзіндік баға жетпес үлестерін зор мақтанышпен айтуға болады.

Зерттеліп отырған жылдарда батысқазақстандық теміржолшылар майдан үшін қажырлы еңбек етіп, көптеген игі істер тындырып, өндірісте маңызды жаңалықтар ашты. Атап айтар болсақ, поезд вагонының шебері С.Яковец 18 вагонды ауыр жүкті поезды кондукторлық бригадасыз алып жүруге бастама жасаса, паровоз машинисттері Ю.Структинский мен М.Степанов алғаш Мемлекеттік Қорғаныс комитеті атындағы паровоз колоннасын құрды [33, 17 п.; 2 п.]. Бұл бастамалар республика теміржолшыларынан қызу қолдау тапты.

Батыс Қазақстан аймағы майданның басты экономикалық тіректерінің бірі болғандықтан вермахт басқыншыларының негізгі нысанасына айналды. Сол себептен 1942 жылдың қазан-қараша айларында Сайхын, Шунгай стансаларына 22 рет тобымен, 12 рет дара түрде 138 жау ұшағы ұшып келіп, 538 бомба тастаған. Мемлекеттік Төтенше Комиссияның материалдары бойынша жау ұшақтарының шабуылының нәтижесінде Батыс Қазақстан облысы 7 161 693 сом шығынға ұшырағаны анықталған [29, 106 б.]. Бірақ нақты шығын көлемі бұл көрсеткіштен артық болғаны белгілі.

Сонымен қатар аймаққа фашисттердің тыңшылары, диверсанттары өтіп, еңбекшілер арасында іріткі салып, тылды әлсіретуге әрекет жасады. Деректер бойынша 1943-1944 жылдары Гурьев облысының аумағынан онға тарта жаудың барлау тобы ұсталғаны анықталды [34]. Батысқазақстандықтар олардың түпкі ойларының жүзеге асуына жол бермей, мемлекеттік органдарға олардың құрықталуына көмектесіп отырды. Дегенмен оларға оң пиғыл танытқан адамдар да кездесіп отырды. Олар құзырлы мемлекеттік органдар тарапынан дер кезінде анықталып, жат көріністердің етек алуына жол берілмеді.

Соғыс жылдарында қазақ халқының көшпелі өмір тәжірибесі, салт-дәстүрлерін майдан мүддесіне үшін шебер қолданылды. Мәселен, малды отарлап жаю қайта енгізілсе, аймақтарда бұрын жыңғылмен шегенделіп салынған 1200 құдықты арнайы экспедициямен ізделіп, тиімді су көзі ретінде қолданылды. Сонымен қатар, Қазақ КСР ХКК-нің 1942 жылы 12 мамырдағы каулысы бойынша киіз үй және жабдықтарын даярлау қолға алынып, 1942 жылы 535 киіз үй дайындау міндеттелді [35, 277 б.; 373 п. ].

Зерттеу барысында батысқазақстандықтардың қай сала болмасын майдан мен жеңіс мүддесі үшін сапалы еңбек етіп, одақ және республика бойынша алдыңғы орындарды иемденіп, елдің экономикасын дамытудағы өзіндік үлесінің барлығы дәлелденді.



«Соғыс жылдарындағы Батыс Қазақстандағы әлеуметтік ахуал» деп аталатын үшінші тарауда соғыс жылдарындағы аймақ халқының ауыр тұрмыс жағдайлары мен түрлі эпидемиялық ауруларға шалдығу себептері, мемлекет тарапынан эпидемиялық ауруларға тосқауыл қою шараларының жүргізілуі және өңірдегі білім беру саласының жағдайлары мұрағат құжаттары негізінде дәйектеліп, ғылыми тұрғыдан зерттеледі. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан халқының жеңіс үшін құрылған түрлі қорларға қосқан үлестері, азат етілген аудандар мен Қызыл Армия жанұяларына қамқорлығы деректер негізінде талданады.

Аймаққа халықтың қоңыс аударуы себебіне байланысты белгіленген тұрғын үйдің санитарлық нормасы көптеген жерлерде сақталмады. Тұрғындардың көпшілігінің тұрғын жағдайы бір адамға бір шаршы метрге дейін шектелсе, Ақтөбе облысы Ключевой ауданында 8 шаршы метрлік ас үйді 10 адамдық 3 отбасының мекендегені анықталған [36, 99 б.].

КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің 1941 жылғы 20 тамыздағы №1993 қаулысына сәйкес нан, қант және кондитерлік бұйымдар халыққа екі категория бойынша беріліп, олардың нанға күндік нормалары 400-800 грамм көлемінде белгіленді. Ал 1941 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Батыс Қазақстандағы Ақтөбе, Орал қалалары тұрғындарына азық-түлікті карточка арқылы сату жүйесі енгізілген болатын [37, 267 п.; 206 б.]. Дегенмен кейбір аймақтарда, оның ішінде аудан, облыс орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерге азық-түлік уақытылы жетпей қалатын жағдайлар да кездесіп, тіпті норма бойынша берілуге тиіс күндік нормалар шектелетін мысалдар да кездесті. Мәселен, Ақтөбе облысының Темір ауданы халқын нанмен қамтамасыз етуге нан пісіруге норма бойынша 2,2 т ұн қажет болса оның тек 50 пайызы берілген. Күніне әр адамға 130 грамм нан берілсе, қыркүйек айынан бастап ол екі есеге кеміп 65 грамға дейін азайды. Ключевой ауданында әр адамға күндік норма 95 грамнан орнына қыркүйек айында 48 грамнан келсе, Мартук ауданында қыркүйек айында күніне 46 грамнан үлестірілді [38, 12 п.]. Мұндай жағдай Батыс Қазақстанның барлық облыстарында кездесті. Азық-түлік, нан жетіспеген, оның үстіне әртүрлі салықтар төлеген халық мемлекеттік басшылықтарға өз көңілін өтініштері арқылы жазып, аш-жалаңаш екендіктерін айтып, көмек сұраған. Мәселен, Маңғыстау Облыстық Мемлекеттік Мұрағатының 32-қорындағы 1-тізбенң 30-ісінде 244-тен астам Қызыл Армия отбасыларының тамақ, астық, киім сұра өтініш - арыздары тіркелген [39, 3, 36,49 пп.]. Бұл деректер Батыс Қазақстан өңірінде 1943 жылдары аштық болғанын айқындайды.

Ашыққан халықтың кейбірі қар астында қалған, үсіген, түрлі саңырауқұлақтармен зақымданған сабан, масақтарды қорек етті. Ол өз кезегінде әртүрлі аурулардың тууына себеп болса, кейде өлімге де душар еткен. Соның салдарынан ел ішінде іш сүзегі, бөрітпе сүзегі, дезентерия, дифтерия, токсикалық диспепсия, қызылша т.б. аурулардың етек алғаны тіркелді [40, 54-55 пп.; 1-8 пп.].

Соғыс жылдарында эпидемиялық аурулардың көбеюіне сонымен қатар санитарлық жағдайлардың сақталмауымен бірге, жау тылдағы халықты әлсірету мақсатында эпидемиялық аурулардың микробтарын әдейі таратқан деген ойлар келеді. Оған соғыстың алғашқы жылдарында Германиямен біріккен медицина қызметкерлерден құралған бірнеше диверсиялық топтардың ұсталуы дәлел болады. Қылмыскерлер денсаулыққа зиянды қауіпті эпидемияларды жасанды жолмен таратқан [41, 30 п.; 11 п.].

Соғыс жылдарында Батыс Қазақстан халқы туындаған әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтарға мойымай, ежелден қанына берілген төзімділігімен ел басына түскен ауыртпалықтарды бірдей көтеріп, денсаулық сақтау, білім беру мен мәдениет саласында майдан мен жеңіс мүддесі үшін аянбай қызмет атқарған. Сонымен қатар қорғаныс қоры және т.б. мемлекет тарапынан ұйымдастырылған майданға көмек беру қорыларына, Қызыл Армия отбасыларына, азат етілген аудандарды өз қамқорлықтарына алып, оларға қаржылай-заттай, рухани жағынан көмектерін беріп отырды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет