Алмас қылыш тарихи трилогия бірінші бөлім



бет2/2
Дата12.03.2022
өлшемі1.16 Mb.
#456201
1   2
Көшпенділер І. Алмас қылыш

ЕКІНШІ БӨЛІМ
I
Ұлы Шыңғысханның екінші баласы Жағатайдың бесінші буыны Мұхамед ханның шөбересі, атақты Уайс ханнан туған, Моғолстанның қазіргі ханы Исан-Бұғы бүгін өте қапалы еді.
Жайшылықта бір қарағаннан көңілін көтеріп жіберетін Алмалықтың жасыл төккен бау-бақшасы да, Алатаудың бұлт қонған қаһарлы биіктері де, көшеде қыз күлкісіндей үнемі сыңғырлап ағып жатқан арықтардың күміс сылдыры да, бүгін жүдеу жанын жұбата алмаған.
Ол кездегі мол сулы Алтын Емел өзенінен Жалайыр жігіттері жаз бойы құм жуып, ханға тарту етіп алып келген жарты қапшық ұсақ алтын да, тіпті бұның көңілін ашпаған. Жігіттердің ықыласын аяқсыз тастағысы келмей, бесеуіне бірдей сол Алтын Емел бойынан әрқайсысына бір тепе34 басыбайлы жер берілсін деп бұйрық алған да өз қолымен иықтарына зерлі шапан жауып, қайтадан төргі бөлмесіне кіріп кеткен. Әрқайсысы бір тепе алтын жуатын жерге ие болып, кенет байып қалған жігіттердің қуанышты кетіп бара жатқанын терезеден көріп, сәл езу тартып, күлген. Бірақ кенет қайтадан қабағы түйіле қалған. Кешегі естіген хабары қайтадан қойнына біреу суық жылан салып жібергендей бойын тітіркенте түскен.
Хан кеңесі жиылғанша жанын қоярға жер таппаған. Сосын екі жүз елу жыл бұрын Жағатай бабасы мекен еткен, бір кезде Үйсін, Жалайыр, Ұйғыр диқандары салған, бірақ қазір құлап біткен көне Алмалықтың ескі жұртына барған. Бұл ескі жұрт Исан-Бұғыға қымбат дүние еді. Осы ескі жұртта ол алғашқы рет махаббаттың не екенін білді, осы ескі жұртта ол әкесі Уайс ханның қалай қан төккенін көрді.
Әкесі Уайс сұлтанның алғашқы жігіт кезінде бұлардың ұлысы Жейхун дариясының оң жағында болатын. Дарияның сол жағында ат шаптырымдай жерде Ақсақ Темір уақытында салынған Қаңғыт руының дихасы — Маңғыт, одан әрі бір күндік жерде Үргеніш шаһары жатқан. Ал Жейхунның оң жағы — сұрғыл төбелі, тек жусан мен баялыш қана өсетін, түйіршік тасты ұшы-қиыры жоқ дала, Қарақалпақ тұсы — Сұлтан Уайстың ұлысы еді. Көк Орда мен осы Жағатай ұрпағының меншікті жерін екіге бөліп, екпіні Сейхуннан екі есе күшті, сұрғылт толқынын үйірілте бұлқынған, адамның бір қарағаннан қарадай зәресі ұшатын, мол сулы Жейхун ағатын. Осы Жейхун дарияның күнбатыс жағасында биіктігі қырық, қалыңдығы он құлаштай сұрғылт топырақты шымнан құйған бекініс бар. Бекіністің ішінде сұрғылт кірпіштен қалаған бірнеше кең сарайлар салынған. Miнe, осы бекініс, соңынан Сұлтан-Уайс-Даг деп аталған жер, Уайс сұлтанның атамекен қонысы болатын.
Исан-Бұғының балалық шағы осы жерде өтті. Әкесі ұзақ жыл Моғолстан әскерін басқарып, басынан сан жорықты өткізіп ақырында өзінің қастарын жеңіп, ақ кигізге көтеріліп хан болған. Содан кейін барып Исан-Бұғы Моғолстанның астанасы, бау-бақшалы Алмалық шаһарын көрді. Жейхунның жағасындағы жан-жағын биік бекініспен қоршаған, айдалада жападан-жалғыз тұрған сұлтан Ордасында өскен жас балаға, бұл шаһар бір керемет салтанатты боп елестеді. Қаланың жасыл бағында сыңсыған алма, өрік, жүзім, алмұрт... Көшесіне шықса, диқан аспаптарын, жауынгер қару-жарағын, қыз-келіншектер алқа-жүзік, білезіктерін соғып жатқан шеберлердің көк құрыш төсті құлаштай кеп ұрған балғаларының шаңқылынан құлақ тұнады. Алғашқы рет ол осы қалада намаз оқуға көк күмбезді мешітке кірді. Осы қалада ол алғашқы рет көпірлер шоқынатын насрани дініндегі келімсектер салған шіркеуді көрді. Сол бір ғажайып балалық шағындағы көріністер әлі күнге дейін көз алдынан кетпейтін. Әкесі Уайс хан өте діншіл еді. Бір күні ол таңғы намазын оқып болды да өлі шырт ұйқыда жатқан ер жете бастаған балалары — Жұныс пен Исан-Бұғыны оятты. Өзімен бірге ертіп жүрді. Соңдарында нөкерлері. Көп кешікпей бұлар көне Алмалыққа келді. Тісі түсіп опырайған көрі адамның аузы тәрізді, келісімсіз кілең құлап жатқан шым үйлер, зәулім үлкен кірпіш қоралар... Осы жан шошырлық күйреген қаланың ортасында тек расында сары жезден крес орнатқан жасыл күмбезді мәнерлеп салған ағаш үй көрінеді. Үйдің жанында бау-бақша. Бақша толы кілең ишан, қожа, ақ сәлделі, көк сәлделі молда, мәзін, кәри, мүриттер. Хан келісімен ортада тұрған мінбеге ақ сәлделі молда шықты. Таңертеңгі салқыннан әбден мұздап қалған екі бала енді әлгі мінбенің жанындағыларды көрді. Дар қасында екі қолы артына байланған, шашы өсіп кеткен, ақ сақалы бүкіл кеудесін жапқан, үстінде тізесіне түсетін ақ кенеп көйлегі бар келісті біреу тұр. Сырт пішіні, түр келбеті мұсылманға ұқсамайды. Ат жақты, көк көзді, ақ сары адам.
Мінбеге шыққан әлгі молда екі қолын жоғары көтеріп, Уайс ханға қарап:
— Ісләм дінінің қорғаны, ұлы мәртебелі Уайс хан сіздің мүбәрәк қолыңыз қойылып, алтын мөріңіз басылған әділетті жарлығыңызды орындауға рұқсат етіңіз! — деген.
Хан басын изеген:
— Рұқсат!..
Қызыл шырайлы молда енді қолы байлаулы кісіге қараған:
—Мұхаммед пайғамбардың үмбеті, ұлы Моғолстанның ұл-қызын өз дініне өткізіп, дозаққа түсірмек әрекетімен шіркеу ұстап, күнәкар болғаның үшін Сүлеймен пайғамбардай әділетті, Ғазірет Ғалидай айбарлы, ұлы мәртебелі Уайс хан, аллатағаланың кәпір пендесі Дәниел, сені дарға асып өлтіру жазасына бұйырды. Ажал алдында қандай өтінішің бар?
Ұзын сақалды, дудар шашты адам басын шайқаған.
— Діні басқа пұсырмандардан еш өтінішім жоқ. Дінім үшін құрбан болуға бармын! Тезірек дарларыңа тарта беріңдер!
Молда ханға қараған. Хан басын тағы изеген. Қолы байлаулы адамның жанындағы екі жендетке молда:
— Аллатағаланың жазмышы осылай. Құдайдың шоқынды құлы Дәниелді дарға асыңдар! — деген.
Екі жендет қолы байлаулы адамның мойнына қыл арқанды ілмешектеп түйіп, екінші ұшын өздеріне қарай тарта бастаған. Сақалды адам серейе, жоғары көтеріле берген. Тек дары белағашының тұсына таяғанда ғана бір рет жұлқына түсіп, екі қолын салбырата, басын бір жағына қисайтып тына қалған. Екі жендет арқанның қолдағы басын жердегі қазыққа апарып байлаған.
Әлгі молда қайтадан Уайс ханға қараған:
— Ұлы мәртебелі тақсыр хан ғибаратты жерімізде тоқсан жыл бойы әзәзілдің ошағы боп келген мына шіркеудің күл-талқанын шығаруға рұқсат етіңіз! — деді.
Хан тағы да басын изеп, «рұқсат» деген ишарат көрсеткен.
Білектерін сыбанған қожа, молда, мәзін, кәри, мүриттер «тфа, тфа, пәлекет!» деп қыл арқанды шіркеудің биік басындағы кресіне байлап, бәрі жабыла тартып жерге жұлып түсірген. Содан кейін үлкендігі тай қазандай мыс қоңырауын жерге құлатқан. Екі бие сауымдай уақытқа жеткізбей, бір шеге шашпай, Алатаудың аршасынан қиыстырып, жонып салған шағын, салтанатты шіркеуді күл-талқан еткен. Сүниет дінін берік ұстаған, Арабстаннан, Ираннан келген қожа, муфти, ишандардың кеу-кеуімен, кілең қызба әфенді, мүрит, шейхтер шіркеуді біржолата жермен-жексен етіп жоқ қылған.
Исан-Бұғыға бұның бәрі ойыншық боп көрінген. Тек бертін келе, өзі хан тағының ісіне араласа бастағанда ғана Византия епископы Джавани Мариньолли, Флоренциядан Жетісу мен Гоби құмы арқылы Ханбалыққа35 бара жатып, бұл шіркеуді Алмалықта 1340 жылы салдырғанын білген. Уайс ханнан бұрынғы Алмалықтың хандары мен хакімдері, бұзыла бастаған шаһардағы ешкімге керегі жоқ шіркеудің бар-жоғына көңіл бөлмеген. Рим папасының мұсылман жеріне жіберген тыңшы-діни адамдары шіркеудің мұндай жағдайын астыртын пайдаланып жүрген. Талай мұсылмандарды насрани дініне кіргізіп алған. Тек өте діншіл Уайс хан ғана Жағатай тағына отырғаннан кейін, бұл шіркеуді мұсылман дініндегі адамдарды ақ жолынан адастырмасын деп біржолата құртуға жарлық берген.
Исан-Бұғы бұл күнгі көрген көрінісінен жас жанын деміктіріп күйзелмеген. Қарт адам Дәниелдің ажалы да, жасыл күмбезді әдемі шіркеудің қирауы да көңілінде бәлендей із тастамаған. Бірақ бұл жалғанда ұмытпас әсерді оған басқа жағдай қалдырған. Ер жетіп келе жатқан хан балалары, қираған шіркеу тұрған жердегі тамаша бау-бақшаға келіп, сан түрлі ойынға берілетін. Бір күні осындай жағдайда Исан-Бұғы жасыл емен түбіне сүйегі жерленген Дәниелдің төмпешік зиратының басында булыға жылап отырған қыз баланы көрді. Үстіне қара киген, қолында бір шоқ гүлі бар, шамасы он екі-он үш жасар. «Бұл не қылған қыз? Қайдан келді?» Исан-Бұғы таяй түсті. Дәл осы кезде қыз бала да орнынан түрегелді. Исан-Бұғы беліндегі қанжарын шап беріп, ұстай алды. «Жоқ, бұл адам емес, перінің қызы! Мұндай адам баласы жаратылуы мүмкін емес!» Расында да қыз хан баласының жайшылықта көріп жүрген қыздарына тіпті ұқсамайтын еді. Үлкен көгілдір көзі тұнып жатқан Көкше теңіз суындай көкпеңбек, ақсары жүзді, қыр мұрын, сұңғақ бойлы. Исан-Бұғыны таң қалдырған әсіресе шашы болды. Ол мұндай шашты жаратылғалы көрген емес. Жерге шұбатылып жатқан қос бұрымы, нағыз бір төбесінен етегіне дейін толқындала төгілген қызыл алтын тәрізді... Жоқ, Исан-Бұғы мұндай қызғылт шашты еш уақытта да көрген жоқ. Мұндай шаш адамзатқа бітуі мүмкін емес. Мұндай шаш тек су перілерінде болады деп еститін. «Өзі де су перісіндей сұлу екен. Сірә, мені, сиқырлап алуға су астынан шыққан ғой». Пісмилла! Пісмилла! Мен бұнымен тіл қатысуға тиісті емеспін. Егер тілдессем біткенім... Жоқ, жоқ егер маған таяйтын болса, қанжарымды жіберуім керек... Бұл су перісінің қызын өзіме жуытпауым керек... Астапыралла, астапыралла!..»
Бірақ қыздың өзі де таямады. Ол Исан-Бұғының бетіне азапты пішінмен жасқана қарады. Көзі күздің бұлыңғыр күніндей тұманды жасқа толы.
— Ғапу етіңіз, хан оғлы, жолыңыздан кездесіп қалғаныма! — деді ол басын иіп, — бұл ара сіздің ойнайтын жеріңіз емес еді.,.
«Бәсе айттым ғой, бұл перінің қызы деп, әйтпесе менің хан баласы екенімді қайдан біледі? Пісмилла! Пісмилла!..» Әйтсе де қызға жауап бермеу мүмкін емес еді. Егер адам айдалада келе жатып, жол үстінде жайнап жатқан гауһар тасты көрсе бір бұрылмай кете алар ма, қыз да осы ғажайып гауһар тастың дәл өзі болатын. Исан-Бұғы оған тіл қатпай қала алмады.
— Таяма! — деді ол даусы дірілдеп. — Өзің кімсің? Адамсың ба? Жынсың ба?
Қыз Исан-Бұғының шошып қалғанын енді сезді. Ол мұңая езу тартты.
— Қорықпа, адаммын, — деді ол. Сөйдеді де ананың қанжарынан қолын алмай тұрғанын аңғарып, тағы да мұңая езу тартты. — Әкең әкемді өлтіріп еді, енді сен мені өлтірмексің бе? Жазығым не? — Қыз ақырын күрсінді. — Бұл күні жазыққа қарайтын заман ба? Мейлі өлтіргің келсе, өлтіре бер...
«Бәсе, былтырғы дарға асылған көпір де осы қыз секілді көк көз, ақсары еді ғой. Көп болса қызы шығар... Бірақ өлі сенбей тұрған Исан-Бұғы:
— Расымен адамсың ба? — деді өлі де қанжарынан қолын алмай. — Онда «оллаги, биллаги, Мұхаммедтің үмбетімін, жалған айтсам құдайтағала кәрі соқсын» деші.
Қыз сол жымиды.
— Рас айтам, адам баласымын. Егер өтірік айтсам құдайтағала кәрі соқсын. Ал Мухаммед пайғамбардың үмбетімін дей алмаймын, мен насрани дінінің үмбетімін.
— Ол не? Көпірсің бе?
— Сендерше кәпір... Біздерше ең әділетті діннің құлымыз...
«Жын-пері болмағаныңа мың да бір шүкір. Ал көпірлігіңді тастап, мұсылман дініне ауысуың тақа қиын болмас... Оны соңынан көрерміз...»
Исан-Бұғы қыз сөзіне сенді. Сенбеске амалы жоқ еді. Өйткені қыздың кәпірлік күнәсын сұлулығы жеңіп кеткен. Оның жын-пері еместігін біліп қуанған бала жігіт дәл қазір өзін осы кәпір қызы үшін дозақ отына күюге дайын тәрізді сезінді. Исан-Бұғы тек бар болғаны пісмилла, пісмилла деп қызға таяй берді...
Қыз шынында да былтырғы дарға асылған шалдың қызы болып шықты. Әкесі өлген кезде Мұхаммед пайғамбардың дінін тастап, Иса пайғамбардың дініне көшкен бір ұйғыр диқаны бұны үйіне жасырып тірі алып қалыпты. Қазір сол ұйғыр үйінде тұрады екен. Флоренцияға баратын керуенді күтіп жүрген көрінеді. Әкесінің зиратына гүл қоюға келгенінде Исан-Бұғыға кездесіп қалыпты.
Екі жас бірін-бірі, шу деп кездескенінен ұнатты. Балалық мөлдір сезім бірте-бірте лаулаған жалындай, жүректерін балқытқан алғашқы махаббатқа айналды. Бірін-бірі көре алмаса тұра алмайтындай күйге жетті. Бірақ кішкентайынан күндес өскен туған ағасы Жұныс, інісінің ойынды тастап, тез өзгерген мінезінен сезіктеніп, андып жүріп бұлардың құпиясын ашты. Ашып та қоймады, әкесіне барып: «Балаң кәпірдің қызын алайын деп жүр» деп шағыстырды. Өзі өлсе тағына Қыпшақ әйелінен туған үлкен баласы Жұныстан гөрі, шешесі Моғол хандарының қызы, Исан-Бұғының отыратынын тілейтін Уайс хан шошып кетті. «Егер Исан-Бұғы көпірден қатын алар болса, түбі насрани дініне бір бүйірінің тартпасын кім біледі? Мұсылман дініндегі адамдарға да қиянат етуі мүмкін ғой. Жағатай36 тағының құруы да осындайдан басталуы ықтимал. Әйел жүрген жерде — қашан да болса қауіп жүреді. Шыңғыс бабамыздың төртінші ұлы Төленің үш баласы бірдей — Қытайды басқарған Құбылай, Иран мен Египетті алған Құлағу, ақырында Қарақұрымдағы үлкен Орданың ханы Мөңке — Арғын руынан әйел алғанынан не шықты? Көп істерді жасырын осы әйелдері басқарды. Құбылай Арғын қызы Жауһар ханымның айтқанын екі етпеді, тіпті Қытай мемлекетінің көп істеріне де Арғындар қатынасты. Құлағу Арғын әйелінің айтқанын орындап, қарамағындағы бүкіл Қара теңіз маңындағы елге бас басқақ етігі Арғұн батырды отырғызды. Ал сол Арғұн басқақ бір кездегі Жағатай ұлысына Жетісу арқылы жүргізілген Батыс пен Шығыстың ұлы жолын өзінше бұрмақ болды. Қара теңіз бен Азов теңізінің жағасындағы қалалардың Күншығысқа баратын сауда керуендерін ол енді Дәшті Қыпшақ жерін қақ жарып, Арал теңіз даласы арқылы өткізуге кірісті. Жолдың бұлай өзгеруі Шығыс пен Батыстың керуен сарайы боп тұрған Алмалыққа қанша зиян келтірді. Ал, Мөңке хан өзі Қарақұрымда отырса да, қытай мен ұйғыр қызына үйленді. Ақылгөйлерінің көбін қытай, ұйғырлардан алды. Осының бәрі ұлы Шыңғысхан ұрпақтарының өз тілін, өз хандығын жоғалтуға аз себеп болған жоқ. Жоқ, жоқ ақымақ балаңның сүйері — өз тілегіндегі қатын болмаса, оның зияны аз тимейді. Сондықтан да Исан-Бұғы жақсы көрген насрани қызы тірі қалуға тиісті емес. Ол өлуі керек».
Хан уәдесінде тұрған. Жазығы жоқ, уылжыған жас сұлуды Орданың екі нөкері Исан-Бұғының көз алдында бауыздаған. Бұл оқиға Исан-Бұғының жүрегіне бітпес жара салған. Ол өзінің сүйген адамының көз алдында қалай а жал тапқанын көргеннен кейін, жас жаны енді аяушылықты мүлдем ұмытып, тірі пендеге рақымсыз, тасбауыр болып алған. Соңынан алғашқы махаббатының өшін талай қас-жауынан қайтарған. Осы өштің ең алғашқы құрбаны әкесі бір, шешесі басқа, өзінің ағасы Жұныс еді. Исан-Бұғы әлгі оқиғадан жеті жыл кейін әкесі Уайстың орнына Моғолстан тағына отырған күні, ағасы Жұнысты ұстауға өмір берді. Ондағы ойы тек «түбі осы менімен хандыққа таласады» деген қауіп қана емес, баяғы көпір қыздан айыртқан өшін алуы да еді. «Таста тамыр, ханда бауыр жоқ» деген міне, осылай келетін. Бірақ Жұныс қолға түспей қашып кетеді.
Исан-Бұғы өзі хан болғаннан кейін, осы кәпір қыздың өлген жеріне құлпытас орнатқызып, ескерткіш қойдырған. Әлдеқалай қайғырса, не жол таба алмай қиналса, хан үнемі осы араға келетін. Сүйген адамының сол күнгі көз алдында бауыздалған суретін елестетіп, сөйтіп босай бастаған көңілін қайтадан қатуландыратын. Хан жолының мейрімсіз жол екенін есіне түсіріп, толқуын тоқтататын.
Соңғы кезде Моғолстан шекараларының тыныштығы тым бұзыла бастаған-ды. Осыдан бір апта бұрын жеткен хабарға қарағанда, Қашқар, Құлжа қалаларына Қытайдың көп әскері шабуыл жасамақ тәрізді. Үйсін Арқалық батырдың жіберген шапқыншысының жеткізуі бойынша, шабуылға шықпақ Қытай әскері тым көп көрінеді. Егер хан тағынан жәрдем келмесе, Қашқар, Қырғыз сыпайлары ұзақ ұрысқа төтеп бере алмайды депті жиені, Қашқар ханы Сетәлі. Сондай-ақ Қара Ертіс бойындағы Найман, Керейлерден де арғы жақтарындағы ойраттар қазақ жеріне аттанбақ болып жатыр деген хабар жеткен. Ойраттар жеңіл жау емес, оның үстіне қолтығына су бүркіп, оларды құтыртып отырған тағы да сол Қытай богдахандары. Қытай Қытай болғалы, осыдан мың жарым жыл бұрын өткен Қошан патшалығы кезінде де Орта Азияға, қала берді осы күнгі Моғолстан жеріне көз тігумен келген. Бірақ осы күнгі Орта Азия, Ауғанстан, Күншығыс Дәшті Қыпшақ және Иранның шығыс жағын жайлаған Жүзші, Үйсін, Сақ, Қыпшақ, Басмалы, Ұйғыр тәрізді көшпелі елдердің бірігуінен, соңынан Үнді, Ауған, Иран халықтарының бас қосуынан туған ұлы қауым қытайдың ықпалына түспек түгіл, өз ықпалын жүргізген. Будда діні осы жердегі Қошан патшалығынан Қытай, Жапон, Кореяға тараған. Бірақ құмырсқадай қаптап өскен Қытай халқы сол кездің өзінде-ақ өз жеріне сыймай бара жатқан соң, богдахандары көне Қытай қабырғасынан шығып, әлсін-әлсін жан-жақтағы елге ауыз сала берген. Әсіресе, олардың көздегені Көкше теңізге дейін осы күнгі Жетісу болған. Жерін қорғаған Үйсін, Дулат, Жалайыр, Басмалы37, Ұйғыр жұрты мен Қытай богдахандары арасында сан түрлі ұрыс, қан төгіс айқастар өткен Қара Ертіс, Құлжа, Қашқар бойларында Қытай әскері талай жеңілген... Демек, бұдан олар сабақ алмаған, қарапайым халқының өлімін шыбын өлімі құрлы көрмейтін Қытай богдахандары кей кезде өз шекарасынан өтіп, Көкше теңізге дейін жеткен. Бірақ айбынды, Сақ, Қыпшақ атты әскерлері оларды өздерінің «Қытай қабырғасына» кайта қуып тыққан. Соған қарамай міне, тағы Моғолстан жеріне шабуыл жасамақ. Әрине Қытай шабуылы үйреншікті ауру. Ол басынан ұрылып, таяқ жеп, әбден әккі болған жылқы тәрізді, қанша көптігін мес тұтып, қоқан-лоқы көрсеткенмен де, Жоңғар қақпасынан бері өтуге батылы бармайды. Жоңғар қақпасына келіп, шүлдірлеп азан-қазан болып жатқандарында, бер жағынан біз де жетеміз... Кілең атты қазақ, сойылға қарсы келе алмайтын өңшең жаяу қытай әскерін қайтадан өз жеріне қуып тығады. Бұл оларға да, бізге де үйреншікті әдет. Сондықтан да бөлен ғасырдан бері Қытай богдахандары біздің жерімізге ең болмаса бір қаласын тұрғыза алмай келе жатқан жоқ па? Әрине бұның бәрі күші жетпегендіктен. Әйтпесе қазақты аяйын деп отырған Қытай богдахандары жоқ. Қасқырға бата алмаған бұралқы, үреген, сабалақ майлыаяқтар тәрізді, құр байбаламымен қорқытпақ. «Құлжа, Қашқарға аттанамыз деп күні бұрын дабыл қағып мазаны алмақ...»
«Расымен бұ жолы да олардікі құр байбалам ба? Жоқ, бұ жолы құр қорқыту емес тәрізді... Моғолстанның бір күшсіз, қамсыз кезін дәл басып отыр. Моғолстанның шығыс жағын билейтін Моғол хандары мен солтүстік жағын басқаратын Жағатай ұрпақтарының арасындағы өзара алауыздықтың аса бір қатты шиеленіскен уақытында бас салмақ. Ел басқаратын хандар арасында бірлік жоқ кезде, сырттағы жау әдеттегісінен анағұрлым қауіпті...»
Әйтсе де Исан-Бұғының құтын қашырып тұрған бұл жәйт емес. Басқа.
Ақсақ Темір ұрпағы мен Жағатай ұлысының хандары бабалары өлгеннен бері жан аяспас қас. Бұл қастық әсіресе Самарқант тағына Әбусейіт отырғаннан кейін күшейе түскен. Көк Орда ханының жәрдемімен таққа отырғанын Әбусейіт тез ұмытқан. Енді ол өзін-өзі бір ұлы сайыпқыран патша санап, жан-жағына алабұртып қарай бастаған. Моғолстан жеріне де көз жіберіп, бір-екі рет Түркістан өлкесінің оңтүстік жағына да бас сұғып көрген, бірақ соғыс ісіне шебер, Уайс пен Исан-Бұғы хан оның дегеніне бола қоймаған. Бұл жағдай Самарқант әміршісін Жағатай ұрпағына тіпті өшіктіре түскен.
Жағатай, Моғол хандарымен күресетін бөтен жолын таба алмаған Әбусейіт, ақырында Уайс хан балаларын бірін-біріне айдап салмақ болған. Ол Иранда жүрген Жұныс сұлтанды шақырған. Кеше осы Әбусейіт Ордасынан Исан-Бұғыға жасырын кісі келген. Осы құпия адамның айтуына қарағанда, Әбусейіт Жұныс сұлтанға көп қол беріпті-міс. Жұныс сұлтан көп кешікпей Яссы, Сауран, Сығанақ қалаларынан бері қарай Шу, Талас өзендерін қуалай отырып. Алмалыққа аттанбақшы-мыс.
Жайшылықта «ел шетіне жау тигелі жатыр» дейтін хабарлардан айылын да жимайтын Исан-Бұғы бұ жолы шошып қалған. Өйтпеске амалы жоқ. Еліне сырттан келер жаудың қаупі бір бөлек те, өз ішінен шыққан жаудың қаупі басқаша. Сырттан келер жауға жұртыңды қарсы қоюға, ұран сап халқыңды біріктіруге болады. Ал өз ішіңнен шыққан жау, ол халқыңның жауы емес, тағыңның жауы. Мұндайда «отаным, елім!» деп ұран салу да қиын. Жұныс сұлтанның Әбусейіт әскерімен Исан-Бұғыға қарсы шығуы, әкесінің тағы үшін күресуі Жағатай ұрпақтарын екіге болу еді. Ал жалғанда үйіңнен өрт шыққаннан асар жамандық жоқ. Өрт шығатыны тағы белгілі.
Исан-Бұғының мазасын алған осы ойлар еді. Ол бүгін құмсағаттың үшінші аударылуына хан кеңесін шақырған. Сол хан кеңесі жиналғанша жанын қоярға жер таппады. Нөкерлерін ертіп көне Алмалыққа барды. Алтын Емелден әкелінген құм алтынды уыстап біраз отырды. Бірақ көңіл тұманы бірде-бір селт етпеген. Тұнған желімдей жан сезіміне жабысып алып тұрған да қойған. Жайшылықта алтын көрсе рақаттанып қалатын көңілі бұ жолы Исан-Бұғыны шошыта берген. Бұдан өз басына төнген қатердің қаншалық қауіпті екенін түсінген.
Бату ұрпақтары Алтын Орда тағынан айырылғаннан бері қазақ рулары Жағатай хандарына достық ілтифат көрсетіп баққан. Бұл екі жағдайдан туған. Бірі Жағатай, Моғол хандарына қазақтың Үйсін, Жалайыр, Найман, Керей, Қаңлы секілді басты руларымен тізе қосып үнемі Қытай, Ойрат секілді көршілерін тонауды мақсат еткен сырт жаумен көбірек алысуға тура келген. Бұл казак, пен Жағатай, Моғол хандарының бір ойдан шығуына себеп болған. Екіншісі — Жағатай, Моғол хандары да қазақ рулары тәрізді көбінесе көшпелі өмір сүрген. Мал қамы кейде жер қамына айналып, амалсыз бірлесулеріне мәжбүр еткен.
Ал Ақсақ Темір мен Көк Орда хандарының басқа жұртқа үстемдіктерін жүргізу әрекеттері, өздеріне қорқыныш тудыратын елдерден емес, өздері қорқыта алатын елдерді жаулап алудан басталған. Осы екі жақтың ортақ құрбаны ең алдымен Дәшті Қыпшақ болған. Ақсақ Темір де өзінің Алтын Ордаға қарсы жорығында, ең алдымен жолай қазақтың алғашқы ханы Алашаның балалары Мәмет пен Сәметтің ұлыстарын шапқан, өздерін өлтірген. Бертін келе қыз алып, қыз берісіп кеткен Ақсақ Темір ұрпақтары мен Дәшті Қыпшақ ханы Әбілқайырдың саясаты екеуара бірігіп қатар тұрған Моғолстанды шабу болған. Қасыңның досы — о да қасың. Қазақтың көп рулары Моғол, Жағатай ұлыстары жағына шығып кеткендіктен, бұл рулар Әбілқайыр хандығы мен Самарқант әмірлігіне қас саналатын. Реті келсе оларды ел етіп біріктірмей, бағынышты жағдайда ұстау үшін, әлсін-әлсін шабуды саясат еткен.
Осы саясат әсіресе соңғы кезде Әбілқайыр мен оның күйеу баласы — Самарқанттың әмірі Әбусейіттің кезінде орши түскен. Бұл мезгілде Моғолстан мен Дәшті Қыпшақтың ортасындағы бүкіл Түркістан өлкесі Әбілқайырдың қолында тұрған. Моғолстанға жаны қас Әбусейіт Әбілқайырдың арқасында осы өлкенің Яссы, Сауран, Сайрам, Сығанақ секілді мединелеріне арқа сүйеуге толық мүмкіншілік алған-ды. Оның үстіне Әбусейіт Жағатай Ордасының ішіне суық қолын бөтен жолмен де кіргізуді ойлаған. Жұныс сұлтанның фарсы әйелінен туған қызы Сұлтан-Нигар-Бегімді баласы Омар-Шейх мырзаға алып бермек-тін. Мұнда тағы саясат бар. Исан-Бұғының орнына өзінің туған құдасы Жұныс сұлтанды отырғызу үшін, әрине Әбусейіт әскерін аямайды. Жұныстың күшеюі жөне оның Әбусейіт жағында болуы — Самарқант өмірінің айбарының ұлғая түсуіне көп жәрдем. Соңғы кездері Әбусейіттің Әбілқайырдан алыстауы Ақсақ Темір ұрпағы мен Жағатай тұқымдарының тізе қоса бастауынан шыққан. Семіздікті тек қой көтереді. Атасы Ақсақ Темірдің ауыр тәжінің салмағын ұрпағы Әбусейіт көтере алмай жүр.
Жоқ, олай емес. Әбілқайырға Самарқант әмірлігі құлақ сала берсе, түбі Ақсақ Темір хандығынан дым да қалмайды. Бұны Әбусейіт жақсы біледі. Осыдан барып ол жанталасады. Уайс ханның баласы Жұныспен бірігіп Моғолстанды алып, түбі Әбілқайырға қарсы Темурлан хандығын күшейтпек. Ал өзге сұлтандарға не керек? Олар тек «Ұр-рит соқ, соқ!, Ұр-рит соқ, соқ!» Әбілқайыр мен Әбусейіт секілді екі азбан қошқар сүзіссе екен дейді. Тек сонда ғана Моғолстанды алып күшеймек түгіл, өз хандықтарын сақтап қалулары да бұлардың екіталай болар еді деп ойлайды мықты біткеннің бәрі-бәрі.
Моғолстан! Бір кезде қандай күшті тайпа еді! Батысындағы Тоқай-Темір ұрпағы Астрахань хандарына, күншығысындағы — Қытай богдахандарына, солтүстігіндегі — Ойрат қонтайшыларына, оңтүстігіндегі — Ақсақ Темір мен Сайбанның қанды балақ әмір, сұлтандарына бой бермей келген. Ал қазір ше? Қазір де жаралы жолбарыстай бір шабатын күші бар. Бірақ сол күші ұзаққа жетер ме? Ай, жетуі екіталай. Оны жаралаған сыртқы жаулары емес, ішкі жаулары. Жете38 мен Қарбанас39 хандарының өмір-бақи бітпес өзара таласы. Моғолстанды ішінен жегі құрттай жеп, әлсіретіп келе жатқан осы бірікпестік.
Исан-Бұғы тағы ойға шомды.
Мұндай жағдайда өзінің Моғолстанға хан болуы оңайға түсті ме? Екі көз бірін-бірі шұқымас үшін, алла-тағала ортасына мұрын жаратыпты. Ал бұдан отыз жыл бұрын, бір мың төрт жүз жиырма сегізінші жылы әкелері атақты Уайс хан өліп, артында қалған ағайынды екі жігіт Жұныс пен Исан-Бұғы Моғолстан тағына таласар күн туа жаздағанында кім араша тұрды? Ешкім де тұрған жоқ. Қайта ағалы-інілі сұлтандарды өшіктірумен болды. Әсіресе бұны бұрын Уайс ханға бағынып келген Моғол әмірлері істеді. Осы өмірлердің арқасында Исан-Бұғы Жұныстан Жағатай хандығын тартып алды. Бірақ артынан жастығы ма, мастығы ма, хан болғаннан кейін өзін хан тағына жеткізген осы өмірлерге қиянат істей бастады. Ең алдымен бас наип40 етіп Тұрфан қаласынан шыққан Темір деген ұйғырды белгіледі. Бұл ұйғыр ханға жаға білді де, өзгелердің қаққанда қанын, соққанда сөлін шығарды. Өзі қарадан туа әсіресе Моғол әмірлеріне жайсыз тиді. Қарадан наип еткен хан ісіне наразы Моғол өмірлері, Темірдің қорлығы әбден асқан кезде, бір күні түнде жиналып кеп оның басын шауып, бүкіл денесін кескілеп өлтірді. Өздері де енді хан қарамағынан шығып жан-жаққа тарап кетті. Дулат руынан шыққан өмір Мір Кәрімберді Моғолстан мен Ферғана, Андижан шекарасына бекініс салып, маңындағы Мауреннахр диқандарын шабуға кірісті. Қоншы руынан шыққан Мір Хақберді бек Ыссықкөл жағасындағы Қой Сойды деген аралға бекініс тұрғызып, жүздеген қарақшы жігіттерімен Түркістан мен Сайрамды тонауға аттанды. Моғолдың Шорас пен Барын руларының өмірлері түбі бір елден шыққандары есіме түсіп, Уайс хан мен әкесі Исан-Тайшы сан айқасқан ойраттардың қонтайшысы Амансанджи жағына ауып кетті. Қалушы, Бұлғашы руларының өмірлері Әбілқайыр қарамағына, Дәшті Қыпшаққа көшті. Ал, моғолдардың ең негізгі коп руы Қоңшының бек, әмірлері еш жаққа кетпегенмен де Моғолстанның кең даласында бүліншілік ұйымдастырумен болды. Темір наиптың өлімінен шошып қалған Исан-Бұғының өзі де Алмалықтан қашты. Бірақ бұны бір кезде Исан-Бұғының әкесі Уайс ханның күшімен Қашқарды қолына алған Сейтәлі өмір Іле өзенінің жағасындағы Аққұйын деген жерден тауып алып, Ақсу қаласына әкеп хан етті. Осы бүлінуден бастап Моғолстан бір ханға бағынудан қалды. Толып жатқан әмірлер, бектер, хакімдер бір тайпы мемлекетті быт-шыт қып бөліп алды. Тек ел шетіне жау келсе ғана бас қосатын күйге жетті.
Исан-Бұғы Ақсуда әбден орнығып алғаннан кейін, көп қол жинап хаджири есебі бойынша сегіз жүз елу бесінші, жаңа есеппен бір мың төрт жүз елу бірінші жылы Ташкент, Яссы, Сайрам шаһарларын шапты. А я май тонап, қайтадан Ақсуға қайтты. Алдыңғы жылы екінші рет Исан-Бұғы тағы Мауреннахр жеріне аттанды. Бірақ бұ жолы жауды өз жерінде күтіп алған Әбусейіт жеңістік бермеді. Исан-Бұғы әскерін бетпе-бет келіп, ұрыста тойтарып, Талас өзенінің бойындағы Тараз-Жаңғы қаласына дейін қуып салды. Исан-Бұғы дәл осы жолы астанасын қайтадан Алмалыққа көшірді. Ондағысы Қытай мен Жоңғар қаупінен мединесі алыстау болсын деген еді. Сөйтіп жүргенінде қауіп енді кенет оңтүстік өкпе тұсынан туды. Сырт естуіне қарағанда, Мір Кәрімберді, Мір Хақберді өмірлер Жұныс сұлтанға барып қосылған тәрізді. Бұ да Исан-Бұғының қобалжуын күшейте түсті. Өз жағында табжылмай жиені — Мір Сейтәлі мен Мір Мұхамед-Шейх өмірлер ғана қалды. Қысқасын айтқанда, Исан-Бұғы енді өз үйінде өрт шыққанын анық ұқты. Бұл қиындықтан құтылатын қандай жол бар? Мединесін қайтадан Ақсуға көшіру керек пе? Одан не табады? Алмалыққа жетер Жұныс пен Әбусейіт мырза Ақсуға жете алмай ма? Әрине жете алады. Бірақ Ақсуда Мір Мұхамед-Шейх пен ар жағындағы Қашқардағы жиені Мір Сейтәлі әмірлер бар емес пе, Исан-Бұғының басына шын қауіп туса, бұлардың үндемей қалмайтыны кімге болса да аян. Содан сескеніп Жұныс атының басын кейін тартар? О да мүмкін. Бірақ бір әкеден туса да, бір анадан тумаған, өзі Жұныспен қан майданда бетпе-бет бір кездеспей, күні бұрын қашқаны қалай болады? Жұныс осы Моғолстаннан кеткелі жиырма жылдың ішінде Исан-Бұғыға қарсы екі рет қол жиып майданға шыққан. Бірақ екеуінде де жеңіліп кейін шегінген. Бұл жолы да сөйтер? Әй, оған сену қиын. Бұ жолы күш Жұныс жағында. Жұныс жағында емей немене, оны жақтап Дәшті Қыпшақтың айбынды ханы Әбілқайырдың туған күйеу баласы, Жұнысқа ең жақын бел құда болып Ақсақ Темірдің алтын тағындағы Әбусейіт отыр. Жоқ, іштей іри бастаған Моғолстан оған дәл қазір қарсы тұра алмайды. Сонда не істеу керек? Әлде торғауыттың қонтайшысы Амансанджидың өзінен жәрдем сұраса ма екен?
Исан-Бұғы екі қолын артына ұстап гүлі төгілген, түгі екі елі жібек фарсының қырмызы қызыл кілемін көк шалғынды басқандай аяғымен жайпай аттап, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Оның қалмақ қонтайшысынан жәрдем сұрасам қайтер еді деген үмітінің де сыры бар еді.
Жағатайдың бесінші буыны, Мұхамедтің шөбересі Уайс сұлтан ер жеткен кезде, Моғолстан тағында әкесі Мірәлі оғыланның інісі Мір Мұхамед отырған-ды.
Мір Мұхамед хан мен Уайс сұлтанның арасы өте нашар болды. Уайс сұлтан өзі секілді кілең от жүрек жігіттерді жинап алып, Моғолстанның шетінде, Қашқарияда біраз уақыт аламандық құрып жүрді де, Түркістанға келген. Бұл кезде Түркістанның хакімі Ақсақ Темірдің атақты серігінің бірі Қыпшақтан шыққан Сар-Бұғы өмірдің баласы, Шайх-Нұридин болатын. Ол Мір Мұхамед ханмен өте араз еді. Шайх-Нұридин өмір Уайс сұлтанды құшағын жайып қарсы алды. Өзінің қызы Дәулет-Сұлтан-Сақынажды қосты. Одан Уайстың тұңғышы Жұныс сұлтан туды. Шайх-Нұридин өмір Уайсқа әскери жәрдем беріп, сан мәртебелі Мір Мұхамед ханға қарсы салды. Бірақ қандай айқас болса да күші мол Мір Мұхамед жеңе берді. Тек осы хан оз ажалынан өлгеннен кейін барып, Уайс бір мың төрт жүз жиырма бесінші жылы ғана Моғолстан тағына отырды. Бірақ оның хандық өмірі өте аз болды. Моғолстан тағын бар болғаны үш-ақ жыл биледі. Қашқар ханы Қарахан ұрпағы Сатұқ-Боғраның қолынан майданда қаза тапты. Бірақ осы аз өмірінде Уайс хан коп іс істеді. Ең алдымен ол мұсылман дініндегі елдермен жауласуды тоқтатты. Бар күшін Қытай мен Ойрат қонтайшыларымен күреске жұмсады. Осы кездегі Ойрат қонтайшысы Исан-Тайшымен майданда сан мәртебе кездесті. Қытай богдаханынан үнемі әскери жәрдем алып отырған Исан-Тайшы оған жеңгізбеді. Бір-екі рет тұтқын да етті. Бірақ Шыңғысханның ұрпағы деп босатып жібере берді. Уайс сұлтан ең ақырғы мәртебе Тұрфан қаласының жанындағы ұрыста тағы Исан-Тайшаның қолына түсті. Бұл жолы торғауыт әміршісі оны текке босатқысы келмеді. «Егер қарындасың Мақтұм ханымды маған әйелдікке берсең босатам» деді. Амал жоқ, Мақтұм ханымды Исан-Тайшыға беруге тура келді. Одан ойраттың осы күнгі қонтайшысы Амансандж туды. Қасқырдың бөлтірігі өсе келе енесіне шабады. Амансандж Исан-Тайшы секілді көкжалдан туған арлан бөрі еді. Ол шешесінің ақ сүтінен әкесінің алтын тағын артық көрді. Сол тақты күшейту жолында «Моғолстанды нағашы жұртым» демеді. Кере қарыс аузын қазақ руларының қанына толтыра ұрттады. Көршілес Найман, Керей ауылдарына маза беруді қойды. Тек бұл руларды ойраттың қисық қылышынан қазақтың қара сойылы мен қайыспас ерлігі, табан тіреп қарсы тұрар қайсарлығы ғана құтқарып жүрді.
Исан-Бұғының Амансанджидан жәрдем сұрасам қайтеді дегені — сасқан ханның «түбі жиенім ғой» деген құр далбасасы еді. Бірақ сасқан ханға жәрдем басқа жақтан келді.
Хан осылай ерсілі-қарсылы қалың ойда жүргенінде үйге бас найыбы Үйсін Қастек кірді.
— Ұлы мәртебелі тақсыр хан, хан кеңесі тегіс жиналды.
— Мір Сейтәлі әмір де келді ме?
— Иә, тақсыр хан, кеше оған ат шаптырылған.
— Мір Мұхамед хан ше?
— О да.
Хан сүреде тұрған гауһар тас орнатылған алтын тәжін киді де, қолына асыл тастардан безелген күміс асасын ұстап кеңес сарайына қарай беттеді. Бас найп Қастек би мен ауыз үйде күтіп тұрған басқа паруалар41 үн-түнсіз соңынан ере берді.
Хан кеңес сарайына кіріп келгенде, үйдегі әмір, сұлтан, бек, хакімдер тегіс түрегеліп, иіліп сәлем берді.
— Арсыңдар ма, бекзадалар? — деп хан есік алдында сәл кідірді.
— Барсыз ба, хан иеміз? — деп үйдегілер басын бұрынғыдан да ие түсті.
— Құп келіпсіздер, асыл бауырлар, — деді хан төрдегі өз орнына бара жатып, — отырыңыздар.
Хан алтын зерлі барқытпен безенген кеңес сарайының төргі жағындағы күміс сәкіге барып отырды. Хан отырғаннан кейін, өзге жұрт та дәрежесіне қарай орналаса бастады. Үй іші толған ақ сәлделі, көк шапанды, көк сәлделі, ақ шапанды софы, хакім, әмір, даруғалар мен күміс, алтын кіселі, кең қоныш етікті, бұлғын тымақты, сусар бөрікті Дулат, Үйсін, Жалайыр, Найман билерімен лық толы. Жағатай ордасында Маймене, Майсары дәстүрі жоқ. Хан жеке отырады. Одан төмендеу тек бас наип қана орналасады. Өзге жұрт өзінің шен-шекпеніне қарай орын алады. Алдыңғы жағында ханға жақын, Қашқар, Ақсу, Тұрфан, Жаңғы секілді үлкен өмірліктің хакімдері, олардан сол кейініректеу Моғолстан хандығының тірегі Үйсін, Жалайыр, Дулат, Найман, Керей, Қаңлы тәрізді қазақ руларының белгілі ру бастықтары, билері, батырлары, бұлардан соң барып, Шолақ, Қорған, Жаркент тәрізді шет қалалардың әкімдері, діни адамдар, софы, ишан, мүриттер...
Исан-Бұғы бірден сөзге кірісті. Ол Моғолстанның солтүстігінен Ойрат, күншығысынан Қытай, оңтүстігінен Әбусейіт пен Жұныс сұлтанның шабуылға шықпақ боп жатқанын айта келіп, хан кеңесінің шешіміне екі жарғы қойды.
— Бірінші айтарым, — деді ол, — бүкіл Моғолстан боп әскер жинап жауға қарсы шығамыз ба? Әлде ор хакім, әр әмір өз қаласын, өз ұлысын қорғай ма? Осыны шешіңдер.
Екінші айтарым, қазіргі жағдайда Моғолстан мединесін бекінісі нашар Алмалыққа қалдырамыз ба, әлде жау қолы оңай жете алмас Ақсу шаһарына қайта көшіреміз бе, соны шешіңдер.
Түскелі тұрған ауыртпалық иықтарынан жаншып жібергендей, үйде отырғандар мықшия жерге қарай қалды. Бәрінде де үн жоқ. Уайс ханнан бері әрқайсысы өзіне жеке отау тігіп, бүкіл Моғолстанды талан-тараж етіп меншіктеніп алған Моғол өмірлері енді қалың ойға кетті. Бастарын біріктіріп жауға қарсы шығар болса қандай пайда-зиянға қаларларын есепке алды. Хан қойған сұрақтарға тікелей жауап беруге әрқайсысы өз жағдайын ойлап қиналды. Егер бастары қосылмаса, бүкіл хандықтарынан айрылатыны бұл сәтте ешқайсының жанын күйдірер емес. Қазаны басқаның жаны басқа, бәрінің де ойлағаны өз пайдасы, әз қамы. Бұлар түбі әскер жиналатын болса, қайтсем өз ұлысымды, өз қаламды күшті қалпында сақтаймын, қайтсем кісіні аз берем, әскерге керек қаржы-қаражатты аз төлеймін деп толғануда... «Ал әз қаламды, әз ұлысымды жеке қорғаймын десем, одан қандай зиян көремін? Жұныс пен Әбусейітке қарсыласуға күшім жетпей-ақ қойсын, Уайстың қай баласына бағынсам да маған бәрібір емес пе? Мүмкін жауласпай-ақ Жұныс жағына шыға салғаным тиімді болар?» Қытай мен Ойраттан бәлендей қауіптің дәл бүгінгі күні жоқ екенін бұлар да жақсы біледі. Өйткені оларға қарсы қазақтың жауынгер рулары тұр. Осы себептен «ортақ өгізден, оңаша бұзау артық» деп әдеттеніп қалған Моғол әмірлері әлі үн-түнсіз... Ел қамын ойлап қиналып отырғандай құр жерді шұқи береді. Қайтсек хандығымызды жаудан аман алып қаламыз деп ешкім мүнәзараға42 барар емес.
Исан-Бұғы түбі өздері оралар деп Моғол өмірлерін беттеріне қоя берген қатесін енді ұқты. Ел басқарам деген адамға ең алдымен ел бірлігін ұстай білу керек. Ел бірлігі деген ұғым сол елді басқаратын сұлтан, хакім, әмір, би, батырлар бірлігі деген ұғым. Бұны бабасы Шыңғысхан өзінің атақты Ясысында жақсы айтқан. Сол Шыңғыстың ақылын неге алмаған? Жиырма бес жыл хан асасы қолында тұрғанда, бірігуге көнбеген әмірлерді неге түйреп-түйреп тастамаған? Енді міне, қиын кезең туып еді, артына қарай жүзген шаян тәрізді, біреуі алға шығатын емес. Мұндай жұртпен Моғолстанды қалай жаудан қорғап қаларсың!
Жұрт үні жуырда шықпаған соң, Мір Сейтәлі әмір қабағын шытты.
— Хан ием, — деді ол сәл ашулы үнмен тыныштықты бұзып, — айтқан сөзіңіз мына пенделеріңізге әзірейілдің гүрзісіндей қатты тиіп отыр. Ақылға салуға аз уақыт мұршат беріңіз.
— Болсын.
Дәл осы сәтте үйге қияқ мұртты, шоқша сақалды, ұйғырша киінген дәйекші кірді.
— Хан ием, теріскей жақтан шабарман келіп түр. Асығыспын дейді. Түнімен тұтғақ43 бастығы сізге жібермепті.
— Айтары құпия ма екен?
— Жоқ, хабарым хан кеңесінің де құлағына жетсе екен дейді.
— Кірсін.
Үйге «ассалаумағалейком» деп басын иіп, тобылғы қамшысын кеудесіне ұстап, қоңыр жүзін жел сорған қаба сақалды, түйе жүн шекпенді, белінде күміс кіселі жалпақ белбеуі бар, кең қоныш етікті, орта бойлы адам енді. Ол сәлем беріп, есік алдында ханға кішіпейілдік ишарат көрсетіп, бір тізерлеп отыра қалды. Шаң шалған жүзінен алыстан келген жолаушы екені бірден көрініп тұр.
— Қай рудансың? — деді хан ананың сәлемін алып болғаннан кейін.
— Дулатпын. Жаңғы қаласының хакімі Сүйіндік мырзаның шабарманымын.
— Сөйле! Не айтайын деп едің?
— Сүйіндік хакім хабарымды ұлы мәртебелі Исан-Бұғы ханға тез жеткіз деді. Байтақ жеріңіздің теріскей шетіне Барақ хан мен Болат сұлтанның балалары Жәнібек пен Керей ерткен қалың ел келіп түр. Дені Арғын, Уақ, Найман, Керей, аздаған Қоңырат, Алшын да бар. Әбілқайыр ханмен келісе алмай көшіпті. Қоныс сұрайды. Жәнібек пен Керей сұлтан өзге жұртын Талас өзенінің арғы бетіне қалдырып, өздері бес жүз сойылды салт атты нөкерлерімен төте жолмен сіздің мединеңізге келе жатыр. Мен күні бұрын хабар бергелі жеттім.
Хан көзінде кенет қуаныш ұшқыны жарқ етіп тұтанды да, сол сәтте ғайып болды.
— Жәнібек пен Керей сұлтан қай мезгілдерде жетер екен?
— Әрі кетсе ертең күн шыға.
— Өздері қанша жұрт?
— Қыруар ел. Алды келіп өзеннің кең алқабында қазан көтеріп жатқанда, көштерінің соңы түйелерінің қомын алып та үлгерген жоқ. Оның үстіне жан-жақтағы қазақ жерінен, тіпті алыстағы ауылдардан соңдарынан іздеп келіп қосылып жатқан елде есеп жоқ. Сірә, Әбілқайыр хан шеңбері сорлы халықтың жан етін жұлып алуға айналған болуы керек...
Исан-Бұғының қабағы қарс жабыла қалды. Шабарман хан алдында хандардың халыққа істеген қиянатын тәптіштеудің үлкен қылмыс екенін тез ұқты. «Қарға қарғаның көзін шұқымас деген міне, осы екен», — деді ол ішінен. Қарапайым адамның тілі тым ұзын болса, хан өмірі қалай қысқарта қоятынын бұрыннан да білетін шабарман, тым қысылып қалды, бірақ сол сәтте жол тауып кетті.
— Кешіріңіз, хан ием, — деді ол тағы басын төмен иіп, екі қолын кеудесіне қойып. — Сүйіндік хакім, бүкіл Моғолстан халқының қамқоры әділетті Исан-Бұғы ханға Дәшті Қыпшақтың көп руларының көшу себебі Әбілқайыр ханның қиянатынан деген жайды айт деп еді.
Шабарманның қулығын ұққан кей хакім, әмірлер кекете езу тартты. Бірақ өзін «ел қамқоры» деген сөз құлағына жылы тиген Исан-Бұғы қабағын қайта ашып:
— Жақсы. Қонақ үйге барып тынық. Хакім Сүйіндікке біздің айтарымызды ертең естисің...
Басын аман алып қалғанына қуанған шабарман «құп, тақсыр», деп үйден ата жөнелді. Далаға шығып «Уф» деп демін алды. «Андамай сөйлеген ауырмай өледі» деген міне, осы. Егер басыңды аман алып жүргің келсе, аузыңа ие бол. Тым ақылси берме».
Шабарманның Исан-Бұғыға: «Қыруар ел, оның үстіне жан-жақтарынан көшіп келіп қосылып жатқан жұрт та ығы-жығы» дегені бірде-бір жалған емес еді.
Жәнібек пен Керей Қаракеңгір мен Сарыкеңгірді кейін тастап, Қарақұмнан үш күнде жедел көшіп өткен соң, соңдарынан ерген елдердің ақсақал, батыр, билерін жинап кеңес құрған. Барар жеріміз алыс және жат жер. Ағайын жоқ болсаң бере алмайды, бар болсаң көре алмайды. Моғолстан елі бізді қалай қабылдайтыны белгісіз. Сондықтан түйенің қомын, аттың жалын алдырмай, ағайынға сорлылығымызды көрсетпей жетелік. Күшті екенімізді көрсе сыйлар, күшсіз екенімізді көрсе аяр, «кет кейін» дей қоймас, туыстығымызды қимас... деп шешкен.
Осы күннен бастап сыңсыған қалың ел, малдың күйіне қарай, асықпай көшіп отырған. Бір аптадай өткен шақта Жәнібек пен Керей өздерінің он бес ұл, жеті немере, көптеген, аға-інілерін жинаған. Жәнібек, жолай «Қызыл жыңғылдан» өтіп бара жатқанда жігіттеріне кестіріп алған жуандығы қамшы сабындай бір құшақ қызыл күрең тобылғыны алдына қойып, үлкен баласы Әдік төре мен Керейдің тұңғышы Бұрындыққа:
— Алдарыңдағы тобылғыдан бір-бірден алыңдар, — деген.
Аналар алған.
— Енді сындырыңдар, — деген.
Аналар қолдарындағы тобылғыларын шытыр-шытыр сындырған.
— Енді үшеуден алып сындырыңдар, — деген Жәнібек.
Аналар үш тобылғыдан алып бәлендей күш жұмсамай бұ жолы да сындырған.
— Енді бесеуден алып сындырыңдар, — деген Жәнібек сұлтан.
Аналар бес-бестен тобылғыны алып, әжептәуір күш жұмсап сындырған.
— Енді сегізден алып сындырып көріңдер, — деген Жәнібек.
Әдік пен Бұрындық тобылғыны сегізден алған. Тізелеріне де салған, табандарына да салған, маңдайларынан сорғалап тер де аққан, әйтеуір қиналып барып, балуан тұлғалы қос арлан әзер дегенде сындырған.
— Енді оннан алып сындырып көріңдер, — деген Жәнібек сәл күлімсіреп.
Сындыра алмайтындарын білсе де, Әдік пен Бұрындық тобылғыны оннан алған. Сындырмақ боп әрі-бері мықшыңдап көрген. Күштерінің жетпейтінін білген соң «құрып қалғыр, болатын емес» деп тобылғыларын лақтырып жіберген.
Жәнібек үндемей сәл ойланып отырған да:
— Міне, ел бірлігі деген осы, — деп сөзін бастаған, — жалғыз адамды жау алады. Ал коп біріксе ешкім де жеңе алмайды. Коп қорқытады.Терең батырады. Егер екі қолдың он саусағындай қазақтың бар рулары қос жұдырық боп түйілсе, қандай жауына болса да қауіпті күш...
Жәнібек пен Керейдің өзге балаларынан жасы үлкен және өзін өзгелеріне қарағанда еркіндеу ұстайтын, ұр да жық мінезі бар Бұрындық:
— Басқа рулар қайда қалады? — деген. — Мысалы, найзасының ұшы алтын Алшын...
— Алыстағы ағайын өзі шешсін өз тағдырын...
Еш уақытта да хан мен билердің бірігуімен ғана хандық құрылмаған. Орда шаңырағын халық көтерген. Қазақ елі егін еккен отырықшы жұрт емес. Бар шаруашылығы мал өсіру. Мұндай көшпелі елдің халқы — рулары. Олардың көсемдері — батыр, билері болғанменен, дені жай шаруа, кедейлер.
Жәнібектің ойы, ісін сәтті ету үшін, осы қара халықты өз жағына көбірек тарту. Қазір ол соның жолын іздеп отыр.
— Жақсы, — деді Бұрындық, — Алшынды қоя тұралық. Сонда борышымыз не болмақ?
Жәнібек Бұрындыққа ойлана қарады.
— Түсінсең борышыңды өзің айт. Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды.
— Білмеймін, — деді Бұрындық. — Бізге ергісі келмейтін руларды шабамыз ба, қайтеміз...
Тұңғышының ойланбай айтқан сөзінен намыстанып қалса да, оның тез шамданатын мінезін еске алып, сөзге сараң Керей:
— Ұлым, ел шабуға асықпа, — дей салды.
— Өзгелеріңде қандай ой бар? — деді Жәнібек.
Аға тұрғанда іні сөйлеу сөкет іс қазақ дәстүрінде. Тіл ұшына келіп тұрған айтары болса да осы дәстүрден шыға алмай, Жәнібектің ортаншы ұлы Қасым сұлтан төмен қарап тыпырши берді.
— Қасымжан, сен бірдеме демексің бе? — деді Жәнібек баласының сөйлегісі келіп отырғанын сезіп.
— Иә, көке, рұқсат етсеңіз, бірер ауыз кеңесімді мен де берейін деп едім.
— Айт, рұқсат...
— Өзіміз әне шабыламыз, міне шабыламыз деп келе жатып, біреуді шабамыз деуіміз ағаттық болар... Және көке, өзіңіз айттыңыз ғой, ағайын күшіңді көрсе сыйлайды деп...
— Сөйле, сөйле.
— Сөйлесем, біз Моғолстан мен Түркістан шекарасына қашқан ел тәрізді емес, көшкен ел тәрізді болып баруымыз керек. Жағатай ұрпақтары да, Сайбан, Ақсақ Темір ұрпақтары да ел екенімізді көрсін. Және қалай болса солай шұбыра көшкен ел екенімізді емес, дос болса дос бола алатын, қас болса қас бола алатын, қоныс бермесе күшпен тартып ала алатын жау жүрек қауым екенімізді байқасын. Қазір осы отырғандарымыздың ес білетіндеріміз, сойыл соғып сөз сөйлей алатындарымыз, қасымызға бес-алты қазақтың ер жігіттерін ертіп, ермей қалған, не еру-ермеуін білмей отырған жұртқа тарауымыз абзал. «Бізге еріңдер, бірігіп ел болып, қазақтың Ақ Ордасының туын қайта көтерелік» деуіміз орынды. Ерген жұрт ерер, ермеген жұрт ойға қалар. Қара халық соңымыздан неғұрлым көп ерсе, соғұрлым ісіміздің сәтті болары айқын.
Жәнібек жасөспірім ұлының сөзін бірден іліп әкетті.
— Дұрыс айтасың балам, — деді ол, іштей түбі Қасымнан ұлы адам шығар деген бұрынғы үмітінің бұ жолы бір дерек тастағанына қуанып, — біздің бүгінгі аттанысымыз құр Әбілқайырға өкпелеуден туған аттаныс емес, бұдан жүз жыл бұрын бабамыз Орысхан тіккен Ақ Орданы қайта тұрғызып, Қазақ деген жеке ел болу аттанысы. Ал Орысхан бабамыздың ақ туын тігетін бізде екі-ақ жер бар. Бірі — Алтын Орда жұрты, Еділ мен Жайықтың ортасы. Бірақ ол жақтың жері малға жайлы болса да, елі бізге жайлы емес. Түкпірінде Қазан хандығы мен Түркияға көз тіккен Қырым сұлтандары бар. Бұған Еділ мен Жайыққа бізді жолатқысы келмейтін Қасым сұлтанды, Темір биді қос. Олар кімді ел еткізеді? Әрине, ар жағындағы орыс жұртына арқа сүйеп көрер едік, бірақ ол жұрттың өзі де қазір әбден қанаттанып жетпеген қыран балапаны тәрізді. Екінші жер — ол Орысхан бабамыз кеше туын тіккен Сығанақ шаһарының маңайы. Бүл ара бізге қолайлы. Ар жағында Үйсін, Жалайыр, Дулат, Қоңырат, Қаңлы мен Найманның, Керейдің біраз елі жатыр. Бұ жақта да аздаған Арғын, Қыпшақ бар. Сығанақ бұл күнде Әбілқайырдың қолында. Түбін көрерміз. Ал әзірге барар жеріміз Жағатай ұрпағының Түркістанмен шектескен тұсы. Ағайын сыйласын десек, ол араға біз ел болып баруымыз керек. Қасым баһадур жон айтады. Қазір әрқайсың қастарыңа бес-алты жігіттен ертіп алып, қозғалмай отырған ауылдарға аттаныңдар. Соңымыздан жұрт көп ерсе, халықтың тілегіне біздің тілегіміз сай келгені. Онда ісіміздің игілікті болуы хақ, — деген.
Жәнібек пен Керей балалары жан-жаққа тараған. Солардың айтуымен Әбілқайырға наразы біраз рулар Моғолстан жеріне көшіп бара жатқан қалың көшке келіп қосылған.
Әбілқайыр әскерінің Сейхун дарияның арғы бетіндегі көрген көш орны да, шабарманның айтқан Талас өзенінің бергі бетіндегі қонып жатқан қалың ел де бәрі бір осы Жәнібек пен Керейге келіп қосылып жатқан қазақ рулары болатын.
Шабарман шығысымен Исан-Бұғы хан кеңесін таратты да, Мір Мұхамед-Шайх, Мір Сейтәлі әмірлерімен, бас найыбы Үйсін Қастек бимен өзі оңаша қалды. Қазақ руларының Моғолстан шекарасына көшіп келуі, егер оларды Моғолстан жерінің шетіндегі Шу, Сарысу өзендерінің бойы мен Талас өзенінің арғы бетіне орналастырса, өздерін Әбілқайыр мен Ақсақ Темір хандықтарының шабуылынан қорғайтын қалқан жасайтындарын бұл төртеуі бірден ұғысты. Және қазақтардың күштерін Қытай мен Қалмаққа да қарсы пайдаланбақ болды. Исан-Бұғы Жәнібек пен Керейдің алдынан ат шаптырды. Ақ Орда хандарының ұрпақтарын, олармен бірге келген қазақтың басты руларының игі жақсыларын құшағын жайып қарсы алды.
Жәнібек пен Керей Моғолстан ханымен бір ай бірге болып, бір ыдыстан ас ішісіп, бір ауыздан сөз шығарысып, тату-тәтті бітімге келді. Исан-Бұғы көшіп келген қазақ руларына бүкіл Шу, Сарысу, Талас, Бадам өзендерінің бойы мен Қозыбас, Қаратаудың Моғолстанға қарайтын теріскей жағын тегіс қонысқа береді. Бұл қоныстың шеті Қаратал өзенімен, Әбілқайыр қарамағындағы Түркістан өлкесімен бітеді. Жақсылыққа жақсылық, осыншама қоныс алған қазақ рулары, екі елдің бірдей жауы, Моғолстанды шабуға дайындалып жатқан Қытай богдаханы мен Ойрат қонтайшысына қарсы бір мың жақсы жарақтанған салт атты жауынгер шығарады.
Жәнібек пен Керей Исан-Бұғының шартын қабыл етті. «Түпкі арманымыз қазақ хандығын құрып ел болу ғой, біздің қорған екенімізді Қытай, Ойратпен шекаралас қазақ рулары біле берсін. Күшіміздің мол екеніне көздері жетсе, өздерінің де бізге тез қосылуларына себеп болар» деп ойлады олар. Бұл ойларының дұрыс болғанына бес-алты жыл өтпей өздерінің де көздері жетті.
Жәнібек пен Керей нөкерлерін ертіп, күтіп отырған жұртына қайтты. Қос сұлтанның бұйрығы бойынша, көшіп келген ел ру-ру боп, адамының, малының санына қарай өздеріне берілген жерге орналаса бастады. Бір ай өткеннен кейін кілең майданға салар бөрте жүйрік мінген бес жүз Арқаның батыр жігіттерін басқарған Әдікті Қытай шекарасына, Қашқар жеріне жүргізді. Тағы бір ай өткенде екінші ұлы, соңынан ерлігімен қазақ аузында аңызға айналған Қамбар батырды бес жүз кілең қайың сойыл ұстаған салт атты жауынгерімен Тарбағатай тауын жайлаған Керей, Найманды Ойрат қонтайшысы Амансанджидан қорғауға аттандырды. Қос сұлтан өздері енді Шу, Сарысу, Қаратал, Бадам, Талас өзендерінің бойына жайғасқан елдерін басқару әрекетіне кірісті.
Осы кезде Жұныстың аулына Күншығыс Қашқардың ханы, Жағатай ұрпағы Сант-Сұлтаннан туған Әбдірашит сұлтан келді. Ол бір көргеннен Жұныстың кіші қызы ерке шора Нигер-Сұлтан-Бегімге ғашық болып, сұлу қызын тоқалдыққа сұрады. Самарқант әміршісі Әбусейітпен жақындаспақ ойы бар Жұныс, Нигер-Сұлтан-Бегімнің өзі білсін деді. Әбдірашит қызға кісі салды. Ерке шора Нигер-Сұлтан-Бегім құда түспек жігітті өзі іздеп келді. Келбетті, бірақ тым семіз Әбдірашит, хан ұлы болса да, қызға ұнамады. Нигер-Сұлтан-Бегім әкесіне: «Анаған күйеуге шықпақ түгіл жанынан жүруге адам жеркенер», — деп жауап берді. Қыз жауабын естіген Әбдірашит енді Жұныспен сөйлеспеді. «Бәлем, осы сөзіңді ұмытпа, түбі бүкіл малымды саған төксем де, мес қарнымның астына бір салармын» деп ашуланып жүріп кетті.
Әбдірашит сөзін естіген сұлу Нигер-Сұлтан-Бегім: «Сенің астыңа түскенше, өлгенім артық», — деп күліп қала береді. Өмірдің есігін әлі дұрыс ашып көрмеген жас сұлу, бұл жалғанда тек өлі жандар ғана кездеспейтінін, өмір деген сұрқияда адамның түсіне кірмейтін ғажайыптар болып жататынын қайдан білсін! Адамды қақпақыл етіп ойнайтын тағдырдың асау сырын жас сұлу еске алмады.
Қашқар ханының ұлы Әбдірашит кеткеннен кейін, Жұнысты балаларымен Бұқарда саяхаттап жүрген Самарқанттың әміршісі Әбусейіт қонаққа шақырды. Жұныс азамат ұлдарын ертіп, үлкен салтанатпен Бұқарға аттанды.
Әдейі осы мезетті аңдып тұрғандай Жәнібек Ферғана өңірінде жатқан Жұныстың үш мың жылқысын айдап әкелуге бір топ жігіттерімен ортаншы баласы Қасымды аттандырды.
Қасым тайлы-таяғына дейін қалдырмай Ферғана өңірінде жайылып жатқан Жұныстың жылқысын тегіс айдап әкетеді. Бүкіл ауылдан жылқыны қуып барып алып қалар жан шықпады. Сонда атқа он бес жасар ерке-шора Нигер-Сұлтан-Бегімнің өзі мінеді. Бар жылқысынан айырылса әкесінің тақыр кедей болып қалатынын білетін саналы қыз, тәуекел деп еркекше киініп, қолына найза алып шапқыншыларды қуып береді. Жылқы Талас өзеніне таяған жерде, Нигер-Сұлтан-Бегім орағыта Қасымның алдынан шығады. Жылқыны айдап келе жатқан қол, алдарынан шыққан найза ұстаған жалғыз жігітті көріп, садақпен тартып қалып жайратып кетудің орнына, оны ұстап алып мазақ еткілері келеді. Жақындай келіп олар жігіт дегендері еркекше киінген қыз екенін аңғарды. Жау жылқысын алып, көңілдері судай тасыған кілең жас қыршындар енді «жігіттері тығылып қалып, қыздарын жауға аттандыратын бүл неткен батыр ауыл?» деп күлкі етеді. Сонда Қасым сұлтан қызды сықақтай бір ауыз өлең айтады:
Мен сұрасам жөніңді сен айтарсың,
Жөн айтпасаң ізіңмен тез қайтарсың.
Қай айғырдың үйірінен қашып шыққан,
Мен көрмеген бұл маңнан қай байталсың?
дейді.
Сонда қыз:
Сөз тұрғыңнан, сұлтаным, қалдым біліп,
Жан екенсің үйренген байтал мініп.
Құлынымын Жұныстың, өңім түгіл
Түсіме де көрмеген айғыр кіріп.
Туғандарым кезінде Бұқар кеткен.
Жай оғындай жарқ еттің түскен көктен.
Еркегі жоқ ауылды шабатұғын
Кәсібің бе, сұлтаным, әдет еткен?
Сол жылқымның соңынан келдім іздеп,
Әке үшін бар қорлыққа қызы төзбек,
Табалатпай қасына малын қайтар.
Өз басымды кетсең де келемеждеп...
дейді.
Сонда Қасым сұлтан айдап келе жатқан жылқысын тоқтатып, су жағасына жібек шатыр тігіп, Нигер-Сұлтан-Бегімді көтеріп аттан түсіріп, аппақ айлы түнде ақ шатырға кіргізді. Аппақ айлы түнде ақ шатырға төселген ақ кигіздің үстінде әлі жан сипап көрмеген қыздың ақ төсінен Қасым сұлтан тоят алды. Таңертең ел басқаратын адам мал санын емес, ел санын арман етеді. «Ел өссе ер өседі. Ер өссе шер өшеді», деген әке сөзін өсиет тұтқан ер көңіл батыр жігіт қыздың үш мың жылқысын қайтарып берді. Бұдан өзінің даңқы өсетініне сұлтан күмәнданбайды. Қасымның қылығына риза болған Нигер-Сұлтан-Бегім ат үстінде тұрып, жарылған жұмыртқа тәрізді құны түсіп кететінін айтып, түндегі болған оқиғаны мақтан етіп бөтенге жарияламауын өтінді.
Қасым: «Бұ жалғанда, амал жоқ, көп нәрсені құпия ұстауға тура келеді» деп қыздың өтінішін орындауға уәдесін берді.
Осылай Қасым сұлтан, олжадан қағылған серіктерін ертіп еліне беттеді. Не қыз жоқ, не олжа мал жоқ, іштей күйінген жігіттер Қасымға өкпелерін айта алмай, қалжың-әзіл өлең шығарады.
Шақпақ тас о да мүлік от жаққанға,
Қоймен тең қотыр ешкі мал баққанға.
Төледі үш мың жылқы қалай ғана
Қасекең қыз қойнына бір жатқанға?
Дүние алдап кетер қызыл түлкі
Қызығы бұл жалғанның ойын-күлкі.
Әйтсе де сол қыздікі алтын ба екен,
Төлейтін бір түніне үш мың жылқы?,
Бір қу жігіт ат шалдырып отырғандарында осы өлеңді сұлтанға айтып береді. Қасым күледі де қояды. Бірақ жолай ғажайып ерлік көрсетіп, Қаратау жайлауында жатқан Мұхамед-Сұлтан-Мазиттің бір топ жылқысын шауып алады. Жігіттеріне үлестіреді. Нигер сұлумен болған оқиғаны айтпауларын сұрайды. Жігіттер уәде береді. Бірақ әзіл сөз қолға тұрмайтын сынап қой, бертінде әлгі өлең жұрт арасына тарап кетеді.
Жыл өте, Жұныс қызын Әбусейіт мырзаның баласы Андижанның әміршісі Шайх-Омарға берді. Әбілқайыр рұқсатымен Мауреннахрға төркіндеп келген Рабиу-Сұлтан-Бегім, Шайх-Омар сырқаттанып қалған соң, Нигер-Сұлтан-Бегімді алып кетуге бір топ нөкерімен Яссыға өзі керуен салды. Бұл жайды естіген Жәнібек Қасымның үш мың жылқыдан қалай айырылып қалғанынан хабардар бола тұрса да, баласын тағы шақырады. «Нигер-Сұлтан-Бегімді қалай босатып жібересің, онда менің шаруам жоқ, бірақ көшін аңдып тұрып Әбілқайырдың ерке бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімді ұстап алып келесің» деді. Бұ да жау жағын мұқатудың бір жолы еді.
Қасым жігіттерімен жолда аңдып жатқанында Әбдірашит сұлтанның да Нигер-Сұлтан-Бегім көшін өздеріндей күтуде екенін естіді. Жағатай ұрпағымен дос болғанмен де, Жұныс қызы мен көзі көрген, қолынан жас кезінде сан мәртебе дәм татқан Рабиу-Сұлтан-Бегімді оларға қимады. Аналар көшке шапқан кезде қарсы шығуға тура келді. Бір абырой болған жері, бүл айқаста Әбдірашиттің өзі қатынаспады. Ол тек жігіттерін жіберген боп шықты. Жағатайдың бейбастақ, нәпсіқұмар қарақшыларынан аман алып қалып, тағы да өзі Нигер-Сұлтан-Бегімнің құшағында бір күн түнеп, ертеңіне қос сұлуды елдеріне қоя берді. Жау олжасынан құтқарған Қасым сұлтанды Рабиу-Сұлтан-Бегім өле-өлгенше сыйлап өтті. Екі жақтың бір-бірімен татуласуына да сан мәртебе қызу кірісті. Бірақ ел намысына айналған жанжалды басу оның қолынан келмеді. Әйтсе де Қасым алдында борышты болып қалмады. Бертін келе Мұхамед-Шайбани әбден күшейіп, Яссы әміршісі — баласы Сүйіншік қаннен-қаперсіз күйдегі Қасым ханның әскерін түнде басып алмақ болып дайындалып жатқанда, арнаулы кісі жіберіп, Қасымды бір ажалдан құтқарды. Сөйтіп өзіне істелген жақсылықты ақтады. Ал, Нигер-Сұлтан-Бегім болса Қасым ханды он жыл аңсап күтті. Он жылдан кейін барып ең алғашқы ақ төсінен тоят алған қыран бүркіттің құшағына қайта кірді.
Бос қол қайтқан себебін сұраған әкесіне сұлтан: «Итаяқтағы жуындыдан бұралқы төбетті қуып жіберіп өзі жалай бастаған арлан тазыдай, біреудің бауыр баспақ аруын Әбдірашит сұлтаннан тартып алып өзім иемденгім келмеді» деді.
— Ал, Рабиу-Сұлтан-Бегімді неге босаттың? — деді Жәнібек.
— Ұлықбек мырзаның аруағын сыйладым.
«Түсіп қалған мұзалимның44 биігі жаман. Тоят ала алмай қалған әйелдің күйігі жаман» деп қарайтын сорақы заманның Жәнібек те бас иген перзенті. Бірақ баласының жауабы миына қона кетті.
— Дұрыс еткен екенсің, адам қартая бастағанда жауымнан кегім қайтпай қалады-ау деп көп ойлайды екен. Менікі де сол болар... — дей салды. Сөйтті де Қасымға тағы қарады. — Көзім тірісінде өмір деген өткелдің қыл көпірдей сымынан өте бер... Істеп жүргендерің теріс болса да өзің пішіп, өзің сөккенің ұпайды... Оқасы жоқ, құс ұша түзеледі.
Құс дұрыс қанаттана алса, түзу ұша алады.
— Дұрыс айтасың, — Жәнібек баласына тағы тесіле қарады да қойды.
Осылай талас-тартыста тағы торт жыл өтті. Қазақ елі Шу, Сарысу бойын әбден мекен етіп алды. Әдеттегідей жұрт жайлауға көшкелі жатқанда, бір күні Жәнібек Қасымды тағы шақырды.
— Мүмкін Мұхамед-Әкім эль Таразидың тойына Бұрындық ағаңмен сен барарсың? — деді ол.
— Барсам барайын.
Мұхамед-Әкім эль Тарази Жаңғы шаһарында тұратын аты-шулы саудагер.
Түбі араб. Бір шеті Үнді, Қытай, Монголия, Тибет, екінші шеті Византия, Түркия, Мәскеу, Киевке дейін жүздеген түйемен жылда екі-үш рет керуен жүргізетін, қытай жібегі, манат, шағиы, үнді шайы, жемісі, Киев кендірі, қызыл бидайы, Дәшті Қыпшақ малы, тері-терсек, жүн-жұрқасы, Стамбулдың қолөнершілері істеген білезік, жүзік, күміс ыдыс, алтын жалатқан құман, зер жүргізген жайнамазына дейін сатып, сауда арқылы күншығыс пен күнбатысты байланыстырып тұратын. Әр ханның өзіне бағынатын хандығы болса, бұның сол хандықтарды да өзіне бағындырар байлығы бар адам. Жеке сауда патшалығы бар. Алтын ақшаны сандықтап жинаған саудагер, Әбілқайыр ханнан кезінде ишік-ата атағын алған. Осы мал-мүлкі бықыған байдың бар тілегі жалғыз ғана бала болатын. Бірақ жаратылыс осыншама байлықты мұрагерсіз қалдырайын дегендей, оған бала бермей қойды. Сөйтіп жүргенінде отызыншы әйелі былтыр екі қабат болып, биыл бір ұл тапқан. Жиырма тоғыз әйелінің қағанағын қарық ете алмаған саудагер, отызыншысына келгенде ұрық берер қуатты қайдан тапқанын кім білсін, әйтеуір қайқы тос, саулық құйрық жас тоқалынан аппақ сазандай ұл көрген. Кейбіреулердің «япырмай, Мұхамед-Әкім эль Таразидың мына баласы інісі Махмуд-Рақым эль Таразидан қалай аумаған. Туған әкесі өзі болса мұндай ұқсас тумас» деген күңкіл сөзіне қарамай, Мұхамед-Әкім эль Тарази бүкіл Тибет, Қорасан, Мауреннахр, Дәшті Қыпшақ, Қырым, Қазан жерлеріне жар салып, ұлан-асыр той істемек болған. Мұндағысы оның атақты саудагер Көк Орда ишік-атасы — Мұхамед-Әкім эль Таразидың мұрагері бар екен деп жер-жиһанға дәріптеп, айды аспанға шығарған той жасау. Тойға жүлде етіп, Стамбулда сом алтыннан құйылған үш алтын құс белгіледі. Әрқайсысы сегіз батпаннан. Жүлде тиген адам егер бұл алтын құсты алғысы келмесе, бағасы содан артық емес, тілеген затын беремін деп жариялады. Жүлде беретін шарты да таңғажайып. Бірінші жүлде — кімде-кім жаяу жарыста он фарсат жерден озып келсе, соған беріледі деді. Мұнысы жиһанкез саудагердің рум халқынан алған өнегесі. Екінші жүлде — кімде-кімнің түйесі жиырма фарсат жерден озып келсе соған беріледі деді... Мұнысы сонау Мысыр арабтарынан алған үлгісі. Үшінші жүлдені — кімде-кімнің аты отыз фарсат жерден озып келсе, сол алады деді. Бұл Дәшті Қыпшақтың ежелден келе жатқан көне салты.
Жәнібек сұлтанның айтып отырғаны осы той еді.
— Барар болсаң, жаяу жарыс сұлтандарға лайықсыз, ат жарысы мен түйе жарысына дайындалу жөн, — деді Жәнібек, — Қырым менен Қорасаннан да кісілер келуі ғажап емес.
Жәнібектің айтқаны оң келді. Той болар күні бір шеті Қорасаннан, екінші шеті Қырымнан қадірлі қонақтар, бұл жалғанның тетігін қолына ұстап тұрған сан алуан саудагерлер жиналды. Талас өзенінің жағасында тігілген жүз ақ боз үй кісіге лық толды.
Жаяу бәйгеден Египеттен қашып келген ғалым, жараған арғымақ аттай сидиған ұзын бойлы, күйген кірпіштей қара қошқыл отыз бес жасар араб жігіті эль Мүлік ибн Зархум келді.
Бұл бәйгеге сұлтан, бек, шынжыр балақ, шұбар төс қазақтың мырза жігіттері қорланып қатыспады.
Екінші бәйгені қарасына бірде-бір түйе ілестірмей, Бұрындықтың қара бурасы алды. Үшінші бәйге Әбілқайырдың Тарланкөгінің тұқымы, он бес жасар Мұхамед-Шайбанидың әзірге маңдайына басқан жүйрігі Ақтанкерге тиді.
Бірақ бүл үшеуі де салмағы сегіз батпан тартатын сом алтын самұрық құсты жүлдеге алудан бас тартты.
Эль Мүлік ибн Зархум:
— Алтын құс тек мені ғана байытады — деді, — Мұхамед-Әкім мырза, егер қарсы болмасаңыз, бұл алтын құстың орнына Мауреннахр диқандары мен Дәшті Қыпшақ малшыларының тұрмыстарына жәрдем беретін және екі елдің қарым-қатынасын жөндейтін Сейхун дарияның үстінен көпір салайын. Бұл көптен бері ойлап жүрген арманым. Ніл өзеніне осындай көпір саламын деп үлгісін істегенімде өздеріне пайдасы жоқ болған соң фараондар мені қуып жіберді. Ал Сейхун дарияға бұл өте қажет. Осыны салуға қаражат беріңіз.
Мұхамед-Әкім эль Тарази сол ойланды да:
— Жақсы, — деді, — бұл сұраған қаражатыңды берейін. Тек менің ғалым есепшілерім қанша пұл керек, соны санасын.
Бірақ сол күні түнде Мұхамед-Әкім эль Таразидың жігіттері «сен халық қамын ойлап, Сейхун дарияға көпір салмақ сабазсың ғой, олай болса сол Дарияның қызығын алдымен өзің көр» деп қосында ұйықтап жатқан жерінен эль Мүлік ибн Зархум ғалымды ұстап алды да, түнімен жедел жүріп отырып, мойнына тас байлап, Сейхун дарияның сарғылт толқынды суына лақтырып жіберді.
— Байлығым өз басыма жетеді. Алтын құсты басыма қоямын ба, маған алтын құсыңдай қымбат ұл тауып берген тоқалыңның өзін бер, — деді Бұрындық өзінің қиқар мінезіне салып. Ондағы ойы «бәлем, бермесіңді сұрайын, қалай-қалай ыршыр екенсің!» деген қияңқылығы еді. Бірақ «Баласы інісі Мұхамед-Рақымға тым ұқсас екен» деген сөзді ішіне түйіп алған саудагер қуана-қуана Бұрындықтың тілегіне көне кетті.
— Айтқан сөзімді қайтып алмайын, қатын бүгіннен бастап сенікі, бірақ балам емшектен шыққанша менің үйімде тұра тұрсын, — деді.
Бұндай шешімді күтпеген Бұрындық сасып қалды. Бірақ бұ да сөзін қайтып алмады.
— Болсын, — деді.
Со күні ымырт үйіріле ол Мұхамед-Әкімнің жас тоқалын өзінің шатырына алып келді. Отыз қатынның бірі болып, ебін тапқанда ғана бөтен еркек көріп, гаремде сары қазыдай сақталып, әбден жас денесі күйіп-піскен жас тоқал, кәрі Мұхамед-Әкімнен құтылғанына өкінген жоқ. Жаңа қожасының көңілін табуға тырысты.
Ал үшінші жүлде тиісті Мұхамед-Шайбани тіпті басқа тілек етті.
— Алтын құсыңыз ханға лайық. Мен хан емеспін, тек хан тағындағы атама жәрдемші жауынгермін, — деді, — маған алтын құстың орнына бес жүз адамыма сауыт-сайман, қару-жарақ бер...
Мұхамед-Әкім сұлтанның бетіне ұзақ үңіле қарады. Әлден уақытта барып:
— Сіз тілесеңіз, мың адамға да сауыт-сайман, қару-жарақ беруге бармын, — деп басын төмен иді...
Әбілқайыр Ордасының сайыпқыран ханды жоқтатпас бәлендей мұрагері жоқ деп ойлап жүрген қастары, бұл тойда атасының туын құлатпас артында ұрпағы бар екенін бірден көрді. Әбілқайыр ханға көкілташ болған, қазір Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанның атакесі Дарвиш-Хұсайын батыр күзеткен, ақылға бай, бой-тұрпаты бірден адамның ықыласын аударар Мұхамед-Шайбани осы күннен-ақ көзге түсті.
Сол күні қастар Ордасына Айбақ оғлан, Береке сұлтан, Аббас бек, Мұса бектер жиналып, Мұхамед-Шайбаниды ұйықтап жатқан жерінде түнде шауып өлтіруге кісі жібермек боп келісті. Бұл мәжіліске Бұрындық пен Қасым сұлтан да шақырылды. Бұрындық көнсе де, Қасым:
— Хан тағын сақтар жанды қан майданда өлтіру керек. Ұйықтап жатқан жерінде шауып тастау бұл ұры, қарақшылардың ісі. Біз хан тұқымымыз, мұндай қылмысқа баруымыз күнә! — деп көнбей қойды.
Оның көнбегеніне қараған жоқ. Әбілқайыр Ордасына өш сұлтан, бектер басына алтын орда тұрғызбақ боп, аты-шулы жан алғыш Құрыбайды жіберді.
Бірақ сұлтан жатқан үйге жыландай сыбыр шығармай кірген Құрыбайды, Қасым сұлтанның кісі жіберуімен күні бұрын хабардар болып, өтірік ұйықтап жатқан Мұхамед-Шайбани, алдаспанын жарқ еткізіп, құлаштай сермеп қақ бөлді.
Жазмыш деген қызық. Халық үшін көпір салам деп арман еткен эль Мүлік ибн Зархум, халықтың өз арасынан шыққан жендет жігіттердің қолынан қаза тапты. Ал, төрт жылдан кейін бұқара халықты қанға бояп, бүкіл Орта Азияны жаулап ала бастаған, атақты Мұхамед-Шайбани хан бір ғана сұлтанның ерлікті көксеген адал көңілінің арқасында аман қалды.
Еліне қайтып келіп, Қасым сұлтан әкесіне тойда болған оқиғаның, көрген-білгенін бәрін айтып болғанында Жәнібек ұзақ ойланып отырды да, ауыр күрсінді.
— Түбі біз Әбілқайырдың орнына отырар Шайх-Хайдарды емес, Мұхамед-Шайбани сұлтанды көзімізден таса етпеуіміз керек, — деді.
Бұл сөзімен Жәнібек егер Әбілқайыр тағына Мұхамед-Шайбаниға отырар күн туса, аса бір қиын күрес басталатынын білдірген еді.
Мұхамед-Әкім эль Таразидың тойында тағы екі оқиға болған. Балаларының бұл тойға қатынасатынын білген соң, алтындатқан ер-тоқымды, жүген-құйысқанды қос күлсары жорға мініп Рабиу-Сұлтан-Бегім мен келіні Аққозы келген. Жаңғы саудагері бұларға арнап қос орда тіккен.
Бәйгеден Тарланкөктің баласы Ақтанкер озып келіп, Мұхамед-Шайбаниға жұрт көңілі ауа бастағаннан-ақ бақ құмар Сүйіншік сұлтан жанын қоярға жер таппаған. Бірақ баяғы он үш жасар күніндегі қылығы есте қалған Рабиу-Сұлтан-Бегім сол күні Сүйіншікті оңаша шығарып ап ұзақ сөйлескен. Ақылы да, ерлігі де Мұхамед-Шайбанидың өз теңдестерінен артық екенін бүкіл ел біліп қалған тәрізді және оны қостайтын Дарвиш-Хұсайын Қарашың батыр мен Бахтияр сұлтан тәрізді Көк Ордаға тірек болған, бүкіл Дәшті Қыпшаққа әйгілі адамдар бар, қандай бақытқа, таққа жетсең де Мұхамед-Шайбанимен бірге жетесің деген. Әкесін өлтірген нағашың Әбді-Латиф әмірге ұқсама, қызғаншақтың жолы күнә жол, онымен адам мұратына жете алмайды, ағаң Шах-Будақтың балаларына кең пейіл келіп, солардың соңынан еруін сұраған. Өздері быт-шыт боп қырылысып жүрген нағашысы Темір тұқымының бұған әке тағына отыруға жәрдем бере алмайтынына көзі жете бастаған Сүйіншік, әлі де Самарқант әмірлігіне қадірі бар шешесінің ақылын алған, он бойын қанша мансапқұмарлық билегенмен, аталы сөзден шыға тартпаған. Бұл Әбілқайыр балаларының әр жаққа бұрылмай, бір одақтас болуының басы еді.
Екінші оқиға тіпті адам күтпеген жерден кездесті. Түйе бәйгесі біткен күні іңірде Аққозы бике өз ордасында жалғыз отырған кезінде, үйге бет-аузын көшпелі елдің бұзауындай тұмшалап алған, жалғыз көз, еңгезердей қара жігіт кіріп келді.
Тойдан шаршап келіп қисайып жатқан Аққозы, осынау кірген адамның дене құрылысынан, қимылынан өзінің Орағын көргендей шошып кетіп, дауыстап жібере жаздады.
— Қорықпа, — деді кірген кісі, — мен Орақпын. Өлді дегендері бекер, тірімін. Бірақ өлген адамнан да қорқыныштымын. Егер менің бетімді көрсең, қазір талып құлар едің. — Ол асыға өзінің қалай тірі қалған оқиғасын айтып берді де — қолыңа құран алып, «өмір-бақи ерге шықпаймын» депсің, соныңды естіп келдім, — деді, — маған деген жүрегіңді адал сақтағаның үшін рақмет, бұл құрметіңді қара жерге кіргенше ұмытпаспын. Ал енді айтарым: өлген адам үшін өлмек жоқ. Мен патша, хандарға ғана тірі адаммын. Саған өлікпін. Ерге шық, қызық көр. Құран ұстап құдайға берген антыңды мен алдым. Ал енді қош бол. — Ол үйден шыға берген.
— Тоқтай тұр... — деді Аққозы.
Бірақ Орақ тоқтамады. Шығып кетті. Аққозы көзі қарауытып, жанындағы төсекке ақырын қисая беріп, жылап қоя берді.
Келесі күні түнде Орақ қырық жігітімен Мұхамед-Әкім эль Таразидың Талас өзенінің етегінде жатқан көп жылқысын «өзің өлтірген эль Мүлік ибн Зархум шебердің құны» деп айдап әкетті. Оны Сырдың төменгі жағындағы кедей ауылдарға апарып бөліп берді. Осы күннен бастап «Жалғыз көз» батыр кедей жұрттың қорғаны» деген лақап бүкіл Дәшті Қыпшаққа тарады. Орақ кедей жұрттың қорғаны екенін сан айқаста көрсете алды.
Ал бұл кезде Исан-Бұғы мединесін қайтадан Ақсуға көшірген. «Сыртқы жауынан қазақтар қорғайды, ал олардың күші жетпей қалса, өз қалаларыңды, ұлыстарыңды өздерің қорғаңдар» деп хан кеңесін мүлдем таратқан. Осылай өмірлерінің ойынан шыққанына ол өте қуанышты еді. Өйткені айтқандарын істеп отырған ханға енді ешқайсысы қарсы бүлік шығармайды деп ойлаған. Қой да аман, қасқыр да тоқ. Бірақ Исан-Бұғы өз қолымен өзі Моғолстанның болашақ көрін қазып қойғанын білмеді. Моғолстан өмірлерінің өз ұлыстарын жеке-жеке қорғауы, ал қазақ руларының бірігіп сыртқы жауларына қарсы шығуы, бүл елдің мемлекет болуының алғашқы адымдарына айналатынын ол ойламады. Исан-Бұғы тағы екінші жағдайды аңғармады. Ол мединесін Ақсуға көшіргенде енді Әбілқайыр, Әбусейіт, Жұныстың шабуылынан біржолата құтылдым, олар маған қылышын ала ұмтылса, жолында найзасын төсеп тұрған қазақ елі бар деп сенген. Жоқ жерден Түркістанның күнбатыс күнгей жағынан пайда болған жауынгер қазақ руларынан расында да Әбусейіт пен Жұныс қатты сескеніп қалған. Енді бұл елдерді басып Моғолстанға өте алмайтындарын бірден ұққан. Сондықтан олар Исан-Бұғыға тікелей апаратын жол іздеген. Желісі алыс, қиын да болса сол жолды тапқан. Жұныс пен Омар-Шейх сұлтан Түркістан өлкесінің күншығыс жағымен құмайтты, шөлді, кісі түгіл керуен жүрмеген, тек сініш құсы45 ғана ұшып өтетін сахараларды басып отырып, Іле өзеніне шыққан. Сол Іле өзенінің бойымен Алтын Емел тауларын бөктерлей отырып, Жаркент қаласына жеткен. Ал Жаркенттен төте жолмен Ақсуға әрі дегенде үш күнде барады. Жауының Жаркентке келіп қалғанын Исан-Бұғы білген де жоқ. Ол кенет төсек тартып ауырып қалып, дүние оған енді қайта оралмас түске айналған. Тілі күрмеліп бар өлем су қараңғы бола бастаған. Тек көз алдына жарық сәуле болып, баяғы бір су перісі тәрізді, кәпір қыз елестей берген. Отыз жылдай екеуін бөлген арасындағы тамұқ өмірден енді құтылып, жаныңа барам деп көпір қызға төсегінен әлсін-әлсін қолын жая ұмтылып, тек аузына «Федосья» деген соның ғана аты түсе берген. Тілі күрмеліп, құр ерні ғана жыбырлап жатқан ханның қасында отырған наип, муфти, ишан, қожа-молдалар, хан даусын естімесе де кімнің атын атап жатқанын түсініп іштерінен «астапыралла, астапыралла, хан иеміздің «күнәсынан аулақ ет» деп құдайтағалаға жалбарынумен болған.
Алтын таққа отырып ел билегелі көрінген өмірден, хан, сұлтаннан қауіптеніп құса тартқан Исан-Бұғының кәрі жүрегі, қас жауы Жұныстың келіп жетуіне шыдай алмады. Бір күндерде бүкіл Моғолстанға қожа болған Исан-Бұғы, төсегіне құлағанына бір апта өткен шақта жеті қатыны мен он бес ұл-қызының біреуінің де атын атай алмай, тек «Федосья» деп ерні жыбырлап дүние салды.
Ақсуды шабуға Жаркентте дайындалып жатқан Жұныс сұлтан бұл хабарды естісімен кейін шегінуге бел буды. Күйеу баласы Омар-Шейх мырзаның «келіп қалдық қой, қазір олар ұрысқа дайын емес, хан тағын алуыңызға бұдан артық мезгіл болмайды, шабайық» дегеніне көнбеді. Ханы өліп, қаралы болып жатқан елді шапса, түбі бар халық қарғыс айтып, хан сайламай қоюынан қорықты. Өмір бойы арман еткен тағын енді бөтен жолмен алу керек екенін ұқты. Ол атының басын кейін бұрды. Демек, бұнысы дұрыс болды. Моғол, Жағатай әмірлерінің шешуімен Исан-Бұғының қырқы өтпей, Жұныс сұлтан Моғолстан ханы тағына отырды.
Бүкіл Нарын, Қашқар, Құмнат, Қастек, Сары ұйғыр маңындағы Үйсін, Жалайыр, Ұйғыр, Албан елдерінен өзінің бес жүз атты әскеріне бес мың салт атты сойылгерлерін қосып, Қытайдың қалың жаяу әскерімен қан майданда үш мәртебе кездесіп, ақырында өздерінің шыққан жері — «Қытай қабырғасынан» әрі асыра қуып тастап, Шу бойынан Әдік Моғолстан шекарасына екі рет барып қайтты. Сондай-ақ Ойрат қонтайшысы Амансанджиға «байқа, бұл араның Керей, Найманының қорғанышы бар» деп ығай мен сығайдан құрылған бес мың әскерімен қыр көрсетіп еріксіз бітімге көндіріп, Қамбар батыр да Ойрат жерінде екі рет болған. Осындай жағдайда тек Әбілқайыр жағына сескене қараған Жәнібек пен Керей, қазақ хандығының туын көтеріп, енді еркін: қимылдай бастады.
II
Сырдарияның орта шенінде сол жағасындағы тар алқап пен он жағасындағы өркештене созылған қарт Қаратауды, оңтүстік-күншығысындағы Бадам, Шыршық өзендерімен шектесіп жатқан сұрғылт өлкені көне заманнан Түркістан деп атаған. Бір жағында Моғолстан, екінші тұсында Мауреннахр, сыртында Дәшті Қыпшақ жері. Кейде арпаған, қияқ, қау шөпті, кейде тек сарған ғана өскен құмайт, ал, кейде тіпті аппақ сор, тақыр дала болып келетін осы өлкені басар46, қараған, тобылғы жапқан ат тағасындай иіріле созылып жатқан қылыш тасты нұра, қыз емшекті адыр, төбе, ұшы-қиыры жоқ белестер тілгілеп өткен. Бұл белестер негізінде Тарбағатай, Тянь-Шань, Памир, Алтай, Копет-Даг, Гиндукуш тауларынан басталды.Осы құмды, құмайтты, қылыш тасты, түкті қабақ жартасты, қияқ шөпті, бозаңды далада көне заманнан, тіпті Шыңғысхан шабуылынан бұрын көп жылдан бері келе жатқан Сығанақ, Сауран, Отырар, Яссы, Сайрам, Ақрұқ атты көне шаһарлар бар. Бұл мединелердің қасына бірнеше уақ қалалар салынған. Мысалы Яссы шаһарының қасына Мысырдан келген қожалар туған елдерінің үлгісімен Сунақ, Жүйнек, қазақ жерінде алғашқы қорғасын қорытылған, тай еті түгелімен сыятын қырық құлағы бар атақты Мысқазан құйылған, дін кіндігі Қарнақ тұрғызылған. Сондай-ақ Созақтың жанында Шолақ, Саудакент, Сүткент, Едіге мен Жиренше шешен туған Құмкент дихтары орын алған. Бұл қалалар шеті сонау Еділ, Жайық, Қара теңіз, Орал тауларына дейін созылған атам заманнан Дәшті Қыпшақ деп атаған алып қазақ даласының мәдениет, ғылым, дін ошағы және сауда-саттық кіндіктері болған.
Түркістан мен Дәшті Қыпшақ даласының түйіскен алқабын бауырлай, Мойынқұмның күншығыс жағын орап, басын Тянь-Шань тауының құшағындағы Ыстықкөл мен Соң көлден алған, мың шақырымдай құмайт шөлді, тақырлы, биік жартасты сайларды көктей өтіп, қазақтың атақты арналарының бірі — Шу өзені ағады. Оңтүстіктен келетін ең алғашқы тармақтары Теріскей Алатаудың оңтүстік жақтағы мұзды қойнауынан шығатын Қарақожыр мен Түлін деген ағысы қатты кішкентай тау өзендері. Бұл екі өзен Долан асуынан аса Берік, Нарын ойпатының жоғарғы жағынан құятын. Оттық арнасымен қосылып, мылқау құз, пышақ кесті биік шыңдарды қақ жарып, Жуанарық деген атпенен Теріскей Алатаудан өтіп, солтүстікке қарай айбарлана гүрілден бет алады. Жуанарық тұсы бір ғажап жер, арасы тар, күңгірт биік жартастар. Ортасында ақ көбік атқан, қазандай-қазандай тастарды түйіршіктей домалатқан арқыраған долы өзен. Суық, ызғарлы сұлулығымен тек ертегілерде ғана кездесетіндей адам баласын таң қалдырарлық бір ғажайып сурет. Осы жал-жал құздар арасынан солтүстік-күншығысқа қарай беттеген Қошқар деген өзенді қосып, Шу Ыстықкөл мен Күтемалды өзені арқылы ұлғайып, етегін жая Күнгей Алатаудың қойнауынан бұрқырай өтіп, солтүстік-күнбатысқа бұрылады. Бұдан кейін Шу Алатауды бөктерлей отырып, қырғыз жерін баса жолай Үлкен Кебін, Кіші Кебін секілді бірнеше өзендерді өзіне қаса, ақырында Мойынқұмның күншығыс жағынан барып шығады. Шу құмға ;жетісімен күнбатысқа қарай бұрылады. Енді бұрынғыдай емес, ағысы саябырлана түседі. Бөлшектене бастайды. Жағасын қалың қамыс басып, кей жері сарға айналады.
Ақырында Сейхун дариядан бір көш жерде тұратын Саумалкөлге барып құяды. Бұл көлдің күнбатыс жағында бірімен-бірі ұсақ өзендер арқылы жалғасып жатқан бірнеше суы ащылы, тұщылы көлдер бар. Солардың ең үлкені Телікөл. Телікөлге қазақ даласын аралай кеп Сарысу құяды. Кей қарсыз жылдары Сарысу Телікөлге жете алмай, орта жолда Қызылжыңғыл маңайына барып құмға сіңіп жоқ болады.
Шу өзенінің Мойынқұмды көмкере күнбатысқа бұрылатын сағасынан ауыл бес күн көшерлік жерде Көкше теңіз — Балқаш көлі бар. Телікөл айналасы желген атқа бір күндік жер болса, Көкше теңіз аумағын, ұшқан құс екі-үш рет қонбай айналып шыға алмайды. Ұшы-қиыры жоқ дала... Балқаш көліне үлкен бес өзен құяды: Іле, Лепсі, Ақсу, Қаратал, Аякөз. Іле, Лепсі, Ақсу, Қаратал өзендері басын Жоңғар Алатауынан алады да, Аякөз Тарбағатай қойнауынан шығады.
Көне заманда, Қошан патшалығы кезінде, Шу өзені Сырдарияға құйған. Шуға сол жағынан Сарысу, оң жағынан Талас өзені келіп қосылған. Сол заманның өзінде Шудың Сырға құятын сағасында, Талас өзенінің бойында Сығанақ, Тараз; Яссен өзенінің жағасында Отырар қалалары болған.
Исан-Бұғы хан Жәнібек пен Керейге қонысқа Моғолстан мен Түркістанның шекарасында жатқан Шу, Сарысу, Талас өзендерінің жағалауы мен Балқаш көліне келіп құятын Қаратал өзенінің бойын берді. Сөйтіп қазақ рулары бірден Моғолстанның солтүстік, солтүстік-батыс шеті мен Көкше теңіздің Шумен қатарлас тұсына ие болды.
Қарашаның суық желі тұрмай, Жәнібек пен Керейге еріп көшіп келген екі жүз мың жанды қалың ел осы Шу, Сарысу, Таластың Жуанарықтан төменгі солтүстік-батысына қарай созылған жағасына орналасты. Тек Жәнібек сұлтан мен оның балаларының ауылдары, қастарына мың шаңырақ төлеңгіттерін қосып, мұз қата Көкше теңіздің үстімен оңтүстік жағындағы Қаратал өзенінің бойына өтіп, сол тұсқа қыстау салды. Жәнібек сұлтанның бұнысы жер жетпегендіктен емес, әдейі көшу еді. Қаратал өзенінің ар жағында Аякөз өзені бойымен сонау Тарбағатай тауларының Қытай жеріне дейін созылған аймағын тегіс Найман, Керей, Уақ рулары жайлайтын. Қазақ руларының басын қосып жеке хан көтеріп, ел болуды арман еткен Жәнібек сұлтан Найман, Керей, Уақ руларымен іргелес отыруды жон көрді. Бұнысы дұрыс та боп шықты. Ортаншы ұлы Қамбар батыр алғашқы аттанысында Тарбағатай тауының бойындағы қазақтарға барып қайтқанынан-ақ, Жәнібек сұлтанның қадірі бұл маңайға өсе түскен. Найман, Керей, Уақ рулары Жәнібекке өздерін бағынышты санай бастады. Сөйтіп ел боламыз деген қазақ рулары, осы алғашқы жылы-ақ, бір шеті Телікөлдің төменгі етегі болса, екінші шеті Тарбағатай тауының биік басына дейін құлаш созды. Қазақ елі осы жылы-ақ қанатын екі жаққа кере жайған алып қыранға ұқсай түсті. Жылқысы тебінге, түйесі қарағанға, сарығанға үйренген қазақ ауылдарына қыста қамысы қалың, қары жұқа Шу, Сарысу, Талас, Қаратал өзендері мен Балқаш Саумалкөл, Телікөлден артық қоныс керек емес-ті. Тек қамысында қаптаған қабаны, тым көп болмаса да ара-тұра кездесетін ала шұбар жолбарысы, тарғыл барысы ғана малға қауіпті еді. Бірақ коп кешікпей, аң тәсіліне еті үйренген қазақ жігіттері, бұл қауіптерді де жеңіп алды. Ақыра шапқан жолбарыс, сегіз қырлы сауыт бұзар жебенің көкірегінен барып қадалған қанжар ұшына шыдай алмай жер қаба құлады. Енді қамыстан адам емес аңның өзі қашты.
Бұл қамысты өлкенің тағы да бір ғажайып ерекшелігі болатын. Қазақ руларының ежелгі кәсібі мал шаруашылығы. Көшсе — көлігі, сойса — соғымы. Еті мен сүтін — ас, терісі мен жүнін киім етеді. Малы неғұрлым көп болса, соғұрлым тіршілігі жақсы. Сондықтан да қазақ «мал ашуы — жан ашуы» деп келеді. Ал малға керегі жер, жайылым. Қамысты Шу, Сарысу, Талас бойлары мен қар суынан жаратылған жүздеген тұнық, борықты тұщы көлдердің кең өңірлері қыстың күні жайлы болғанмен, малға жаз тым мазасыз, азабы тамұқтан кем тимейтін. Мал түгіл, адамға да қолайсыз. Көкек шыға бүл өлкені тұмандай қаптаған быжынаған сона, маса, бөгелек басады. Жан-жануарға жанын қоярға жер тапқызбайды. Осындай жағдай Қыркүйектің басына дейін созылады. Көне заманнан бастап бұл арада сонау Кіші Кебін өзенінің сағасынан төменгі Мойынқұмға дейін жаз бойы ешбір ел тұрмайды. «Қазақ қай бір сүтті қызын береді» дегендей, Исан-Бұғының да көшіп келген ағайынға бүл жерді бере салуының бір себебі осында еді. Бос жатқан жерді «жауың емес, досыңмын» деген қазақ руларынан аясын ба, мырзалық ете салған.
Жәнібек пен Керей үш-төрт жыл өтпей-ақ жазғы жайлауын ойлай бастады. Қыруар елді өсіп келе жатқан бықыған малымен қайда апармақ? Рас, біраз жұрт осы уақытқа дейін Шу мен Таластың жоғарғы бойын өрлей Қошқар, Жуанарық өңіріне көшіп келді. Кей ауылдар Көкше теңіздің маңына да барды. Енді бүйте беруге болмайды. Сонда жайлауды қайдан табады? Наурыз бітпей биыл Көкше теңіз үстімен солтүстікке шығып алған Жәнібек ауылдары, көп ұзамай Мойындықұм маңайында қалған қалық елге келіп қосылған. Бұл кезде Жәнібек пен Керейдің қарамағындағы ел үш жүз мың үйге жеткен. Әбілқайырдың құрығы бұрын да мойнына түсе қоймаған Көкше теңіз маңындағы ел Жәнібекке тегіс бағынған. Әулиеата, Мерке маңайындағы Дулат пен Қоңыраттар да қос сұлтанның жарлығына мойын ұсынған.
Міне, осы кезде жазғы қамын ойлаған елдің ақсақал, би, батырлары жиналып екі мәселені шешті. Бірі — жасының үлкендігін сыйлап Рабиуыл айының басында ақ кигізге көтеріп, Керейді қазақтың ханы сайлады. Екіншісі — жазғы жайлауы етіп Қара Кеңгір, Сары Кеңгір өзендерінен бастап Ұлытау, Арғынаты тауларының бойын қуалай, ортадағы Шойындыкөл, Ақкөл, Барак көлді ала отырып, сонау, Есіл, Нұра өзендеріне дейін көшпек болды. Малына жайылым, өзіне пана керек жұрт «Әбілқайыр берсе қолынан, бермесе жолынан аламыз» деп атқа қонды. Қазақ руларының бұнысы көк шалғынды, саумал көлді ежелгі қонысын ел болып қайтадан өзі билеп, өзі төстеудегі алғашқы а дымы еді. Бұған Әбілқайыр қарсы тұра алмады. «Қазақ елін құмға қашырып, қырып тастаңдар» деп жіберген он мың лашкарларының қолынан ханның бұйрығын орындау келмеді. Лашкарларды бастаған Бахтияр-баһадурдан кейінгі ханның ен сенімді адамы, қара аюдай алпақ-салпақ мол денесі мен бойына біткен алып күші үшін, руының атын өз атына айналдырып «Қарашың» деп аталған әскер қолбасшысы Дарвиш-Хұсайын батыр, көшкен елдің соңынан қуып жетсе де, ештеңе істей алмады. Отыз мың сойылды әскерімен көш соңынан қорған боп келе жатқан Жәнібек сұлтан да бұларға назар аударып кейін бұрылмады. Қыр бөктерлей жортқан көкжал қасқырға тап беруге бата алмаса да, кейін қалып қоюға намыстанған ауыл төбеттері тәрізді, Әбілқайыр ханның лашкарлары алыстан садақ атып құр мазасын алып, соңдарынан жүріп отырды. Қарашыңның бүл тәсіліне Жәнібек таң қалды. «Сірә, менің әскерімнің аттан түсіп, бір жайбарақат қалар кезін күте ме? Олай болса...» Жәнібек кенет отыз мың әскерінің атының басын кейін бұрдырып алды да, Қарашыңның лашкарларына лап қойды. Арқаның жазық даласында бауырын жаза шапқан кілең тоқпақ жал, қамыс құлақ, бөрте мінген қалың қол заматта жау жасақтарын жан-жағынан қоршап алды. Бұл Қыпшақ шабуылшыларының ежелгі тәсілі. Алдында жайбарақат келе жатқан қалың қолдан мұндай жылдамдықты күтпеген Қарашың баһадур кенет туған қауіпті көріп жаман састы. Отыз мың сыпай отыз мың садағын бір рет қана тартса орталарында қотандағы қойдай қоршалған он мың лашкардан не қалады? Бір адамға үш жебеден. Батырға да жан керек, Қарашың бітім сұрады. Бұл оқиға Даираяқтың тақыры, Шөтшөт көлінің тұсында болған. Кешегі бауырлас рулардың қанын төгуді Жәнібек лайық көрмей бітімге келген. Бітім біреу-ақ; «бізге қосылғысы келген лашкарлар бізге қосылсын, ал бізге қосылғысы келмегендері екеу ара бір ат мініп, қалған аттарын тастап елдеріне қайтсын. Босаған аттардың бәрі бізге қалсын». Қарашың лашкарларының үштен бірі Жәнібек жағына шықты. Қалғандарының елдеріне қайтқысы келді. Бірақ екінің бірі аттарынан айырылды. Сөйтіп алты мыңдай адам екі-екіден атқа мінгесе мініп кейін жүрді. Телікөл-тата тасығанда барып құятын Сегізсай Сарыаланың жанындағы сол кезде «Атмінгескен» деп аталатын қия жол содан қалған. Әскерінің қалай жеңілгенін естіген Әбілқайыр, бір кезде бүкіл Дәшті Қыпшақты, Мауреннахр, Қорасанды бағындырған лашкарларының енді масқара боп, мінгесіп қайтқанына жаман қорланды. Ашудан бір орнында отыра алмады. «Тірі жүрсем, Жәнібек сұлтан, осы істегеніңді алдыңа келтірмесем, Әбілқайыр атым құрысын» деп ант берді. Бірақ антын орындай алмай өтті. Қарашыңның қолын жеңуі — жас арыстан қазақ елінің жауына айбарын алғашқы көрсетуі еді. Енді ол жылдан жылға есейе түсті. Тағы үш жылдан кейін Керей қайтыс болып, Жәнібекті хан етіп ақ кигізге көтергенде, қазақ рулары бастары бірігіп, Шу, Талас, Сарысу, бүкіл Көкше теңіз бойын, Дәшті Қыпшақтың солтүстігіндегі Есіл, Нұра, Тобыл өзендеріне дейін тегіс алып болған еді. Осы жердің оңтүстігін қыстауы, солтүстігін жайлауы етті. Елдің елдігін, ердің ерлігін көрсететін заман енді туды. Тек осы шағын жерде көшіп жүре берсе, бір күні өзінен күшті Әбілқайыр секілді бір ханның қалың қол шығарып, қайтадан басып алатынын Жәнібек жақсы ұқты. Өзің күшті болсаң, өзгемен көшің қатарлассын. Ал күшті болу үшін, енді қазақ біржолата руға бөлініп бытырап жүруді тыйып, айбынды мемлекетке айналуы керек. Ұшы-қиыры жоқ далада малының әуенімен әр руы өз алдына көшіп, тарап жүрген қазақтың, Иран, Үндістан, тіпті қала берді тұрғын ел Мауреннахрдай тастай берік мемлекет болуының қиын екенін Жәнібек бұрыннан да жақсы түсінетін. Әйтсе де кәсібі бір, нәсілі бір, тілі бір бүкіл қазақ руының басын бір жерге қоса алмаса да, сол өзінің мал шаруашылығына тон көшпелі тіршілігіне ыңғайлы хандық құруға болатынына ол сенетін. Бұл, қазақтың тарам-тарам боп әр ханның қолында құрып кетпеуі үшін керек еді. Тіршілік тартысы, халықтың өзін сақтап қалу күресі — бәрі де бір ел болмай мүмкін емес-ті. Бұл арман халықты алысуға мәжбүр етті. Ал жеке мемлекет болу үшін, ел Бірлігінен басқа, жауың сескенетін әскерің мен халқыңның мұң-мұқтажын, керегін қамтамасыз ететін, өзге жұртпен байланыс жасайтын кәсіпорындары, сауда-саттық жүргізетін шаһарлар керек. Бұл шаһарлар Дәшті Қыпшақ жерімен шекаралас Түркістан өлкесінде. Ал Түркістан Әбілқайыр ханның қолында. Бір кезде бұл шаһарлар қазақтың алғашқы ханының бірі Орысханның қарамағында болған. Орысхан Ақ Орданың туын көгергенде, Шыңғысхан мүлдем құртып жіберген Сығанақ, Сайрам, Яссыны қайтадан тұрғызған. Сығанаққа астанасын көшірген. Қазақ руларына керек шай, қант, мата, ыдыс-аяқ, қазан-ошақ — бәрін Үндістан, Қытай, Иран саудагерлерінен алып, Шығыспен сауда жүргізе бастаған. Бұның бәрі Ақ Орданың құлауымен бірге біткен. Ал бұл жағдайға жету үшін, құлап қалған Ақ Орданы қайта тұрғызу керек. Әрине Ақ Орданы қайта тұрғызу деген сөз, бүкіл Дәшті Қыпшақ жерін, Түркістан уәлиетін өзіне қарату деген сөз. Бұнсыз қазақ күшті ел бола алмайды, бұнсыз қазақ өз басып сыртқы жауынан қорғай алмайды. Осы ойдың бәрін — ел бірлігін күшейтіп, ру-ру боп жүрген ағайындас жұртты қазақ деген бір ел етті, сол елді, жан-жағындағы қанды көз жаулары бесігінде жатқанда қыршынынан қиып құртып кетпес үшін, айбарлы атты әскер құруды Жәнібек көп ойлады. Әрине, ондай басы біріккен, мол әскерлі елді мемлекетке айналдыру үшін, Ақ Орданы қайта тұрғызып, бүкіл Дәшті Қыпшақ жері мен Түркістанды өз қарамағына алу өте қажет. Алғашқы екеуі қазақ руларының берекесімен, ауыз бірлігімен байланысты болса, үшіншісі ұзақ тартыссыз әсіресе Дәшті Қыпшақ ханы Әбілқайырмен қан майданда кездесіп, аянбай қан төгіспей шешілмейтін тілек еді.
Түркістан Әбілқайырға да, Ақсақ Темір өмірлеріне де керек. А л бастары жаңа қосылып келе жатқан қазақ руларына Түркістан уәлиетіне жататын Сырдария жағасындағы кенттердің маңызы ерекше зор болатын.
Бұл ерекшелік ең алдымен Сырдария шаһарларының шаруашылық жағдайымен байланысты себептерден туған.
Дәшті Қыпшақтың көшпелі еліне қаланың өнеркәсіп заттары, отырықшы жұрттың егісінен өнетін азық-түлігі қандай қажет болса, отырықшы елдер де көшпелі жұрттың өсіріп отырған малының еті, жүні, терісіне сондай мұқтаж еді. Ал Сырдария шаһарлары Орта Азия мен Дәшті Қыпшақтың ортасындағы сауда-саттық бекеті ғана болып қалмады. Өздері де сол Дәшті Қыпшақ ауылдарына керек өнеркәсіп заттарын молынан өндіріп, екі жақтың сауда-саттық ісіне қызу араласты. Мұңдай жағдай бұл шаһарлардың қаулап өркендеулеріне себеп болды. Әрине, бұл қалаларды қолына түсіру — Дәшті Қыпшақ хандарының да, Мауреннахр әмірлерінің де көкейтесті арманы екені даусыз еді. Қазақ хандарының Сырдария шаһарларына телміре қарауының екінші себебі қарамағындағы мал шаруашылығымен шұғылданатын елді жайылыммен қамтамасыз етуден туған. Қары аз, қысы жылы Сырдария жағасы көшпелі ауылдарға қысқы жағдайда таптырмайтын қоныс. Күннен күнге мал басы өсіп, өркендеп келе жатқан көшпелі жұртқа Шу, Сарысу, Талас өзендерінің бойы енді жеткіліксіз бола бастаған. Амал жоқ, қазақ еліне тағы жаңа қысқы қоныс іздеуге тура келді. Ал бұл жағынан құйқалы Сырдария қойнауларынан артық жер табу қиын-ды. Жаз малын Арқада бағып, қыс осы Сыр бойын жайлауды қазақ рулары көксей бастады. Осы арманы орындалса, бүкіл Дәшті Қыпшақ халқының алдында абыройы көтеріле түсетінін Жәнібек хан өте жақсы түсінді.
Үшінші жағынан бүл қалалар әскери бекініс ретінде де аса керекті еді. Моғолстан хандары Шу, Сарысу, Талас бойларын Мауреннахр өмірлерінен сақтайтын қалқан көрсе, Мауреннахр әмірлері Түркістан уәлиетін Мауреннахрды Дәшті Қыпшақтан қорғайтын бекініс санады. Ал Әбілқайыр осы Түркістан шаһарларына сүйене отырып, бүкіл Дәшті Қыпшақты уысымда ұстасам деді.
Әбілқайыр арманы да, Дәшті Қыпшақ елдерінің көкейкесті тілегі де осы Сыр бойына келіп түйісті. Ал Жәнібек хан ұшы-қиыр шеті жоқ Дәшті Қыпшақ жерін ұстап тұру үшін мықты бекініс осы Сырдария шаһарлары екенін өзгеден анағүрлым терең ұқты.
Сондықтан да оның қырағы көзі күндіз-түні Түркістан жағына тігулі. Ал Жәнібек ханның жатса да, тұрса да ойлайтыны, әсіресе, Дәшті Қыпшақ жеріне ең жақын тұрған, кешегі бабаларының, Ақ Орданың кіндігі — Сығанақ пен оған таяу Дәшті Қыпшақтың көне шаһарлары Сауран, Созақ, Яссы, Сайрам...
Бүл қалалар өздерінің ұзақ өмірлерінде не көрмеді? Түркістан өлкесін қандай хан билемесін, тек одан өз пайдасын көздеді. Жан-жағы егіндікке бай, Түркістан шаһарларының михнатын диқаны тартса, қызығына бірінен соң бірі басқарған хакімдері батты. Еңбекші бұқараларға салынған алым-салық, қаржы-қаражат тек қаланы билеген бекзадалардың ғана дәулетін молайтты. Байманаптың үстемдігін асырды, қайда барса да тек кедейлер ғана сорлады. Қала-мединелерді басқарып отырған хакім, даруғалар мемлекетке деген көзқарастарын өздерінің жеке мүддесіне қарай белгіледі. Сол себептен де бүл шаһарларды билеген мықтылар ойына келгенін істеді, қарамағындағы елді өзінің меншікті мүлкі санады. Мединелерді билеген бекзадалардың асқандығы соншалық, қалаға таласып жатқан екі жақтың қайсысының қарамағына көшкісі келсе, соған өз еркімен көше берді. Егер қала мықтылары өз бастарына пайдалы көрсе, кешегі жауына бүгін өзі апарып қала қақпасының кілтін ұстатты. Осындай жағдайларды ойлаған Түркістанды жаулап алған хандар, әрқашан да бүл шаһарларға хакім етіп өздерінің сенімді жақындарын ғана қоюға тырысты. Бұл әдетті Әбілқайыр хан да қатты қолданды. Түркістан уәлиетін өзіне қаратқаннан кейін, осы уәлиетті жаулап алуда көп қаһар көрсеткені үшін, Сығанақтың хакімі етіп Манедан-оғланды, Үзкентке — Маңғыт руының биі Оқасты белгілеп, Созақ бекінісін немере ағасы Хызырханның баласы Бахтияр сұлтанға тартты. Яссы, Сауран, Сайрамдарды да осылар тәрізді Әбілқайырға өте сенімді не болмаса хан тұқымынан шыққан сұлтандар билеуде еді.
Ал бұл хакімдердің Жәнібек жағына шығуы үшін жалғыз-ақ жол бар. Ол жол: Жәнібек Әбілқайырдан күшті болуы керек. Күшті болудың жолы биіктігі қырық құлаш, қаланы қоршаған қорғандарды алу ғана емес. Тастай түйінген бұл шаһарларға шабуыл жасап, орынсыз қырылудан гөрі, алдыменен Дәшті Қыпшақтағы рулардың басын біріктіріп, мықты әскер құра білу шарт. Егер халықты өзіне бағындыра алса, мықты қол жинау да қиынға түспейді. Ал, азғантай ғана шұрайлы жайылым үшін бірінің малын бірі барымталап, жігіттерін сойылға жығуға дейін баратын қазақ руларын өзіңе бағындыру оңайға түскен бе! Әрқайсысы өзін-өзі дөй санайтын, өзім дегенде өгіз қара күші бар op рудың би, батырларын бір ханға бағындыру оңай болып па? Тағы бір қиындығы Әбілқайырмен айырылысар кезде намысқа шауып, бір жұдырықтай жұмыла қалған қазақтың басты рулары тынысы кеңіген сайын, жұмылған жұдырығы жазылып, біріктік деп тартқан айылы босай түскен. Өзінің ежелгі дәстүріне салып, малының әуеніне қарай бытырай көше бастаған. Жәнібектің де ең қорыққаны халықтың жібі босап кететін осы кез еді. Әбілқайыр ханның да күткені осы. Бытыраған руларды біртіндеп жаулап алып, Түркістан қалаларын да босағасын берік ұстап, бүкіл Дәшті Қыпшақты қайтадан өзіне бағындырады. Ал Жәнібек Арғын, Қыпшақ қос шоқпарын қолына мықтап ұстап, жаңа ұйып келе жатқан ел бірлігіне іріткі салдырмайды. Көнгісі келген руларды ақылмен көндіреді, ал көнгісі келмегендерін қан-жоса етіп күшпен дегеніне бақыл еткізеді. Осылай шешкен Жәнібек аулы Қара Кеңгір жағасына келіп жайлауға қонған шақта, Тауық жылы, екінші айдың орта шенінде Арғынның ақсақалы Қотан тайшы мен Қыпшақтың әрі биі, әрі батыры, әрі сөзуар желауызды шешен-ақыны қарға бойлы Қазтуғанды кеңеске шақырды. Бүл кезде Арғын руының көсемі Арғын би еді. Ал Қыпшақтың билігі өлі тұғырынан түсе қоймаған Қара Қыпшақ Қобыланды батырда болатын. Қазақтың ең көп және батыр руларының көсемдерін шақырмай, ханның жырауларды шақыруында да көп мән бар. Жәнібек ел билеген жақсыдан, ел аралаған ақын сыншы екенін білетін. Ақын ел құлағы, ел көзі, ел жүрегі. Жұртының тамырының қалай соғатынын және оның көңіл күйін, мұң-мұқтажын бұлардан артық айтып беретін тірі пенде жоқ. Сан ақын-жыраулар халқының ауыр халін хандарына жыр етіп беремін деп, қуғынға ұшыраған, құрбан да болған.
Жәнібек Қотан мен қарға бойлы Қазтуғанды шақырғанда халқының көңілінің қандай күйде екенін білгісі келген-ді. Қос жырау бір күні жетті. Өздеріне арналып тігілген қос ақ боз үйге атқосшы жігіттерімен жайғасып жатқандарында: «Асан ата, кәдімгі ел құлағы, ел көзі Асан Қайғы келе жатыр» деген хабар дүңк ете қалды. Сөйткенше болған жоқ «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы бидің» алтыншы ұрпағы, ел кезген Асан ата ауыл сыртына кеп, Ақсирақ жүрдегінің үстінен түсті. Бұл шақ күн батып бара жатқан мезгіл еді. Хан аулы маңында мал болмағанмен, төменгі елдің қайтқан қойының маңырағаны, құрақтағы жылқысының кісінегені, аусыл аруаналардың боздағаны, зеңгі баба шаңырақ мүйіз сиырлардың мөңірегені алыстан естіліп жатты. Кәрі төбеттің балпылдай үрген дүңкілдек даусы, әлдекімнің «Қозыжан, Қозыжан!» деп баласын еркелете шақырған айқайы шығады. Күндізгі аңызақ жел де тоқтап, кешкі таманғы тына қалған таза ауада малы өрістен қайтып абыр-сабыр болған, төменде жатқан төлеңгіт ауылдарының у-шуы хан Ордасына анық естіліп тұрады. Қара Кеңгірдің көк балауса жасыл шалғынды арғы жағасында, сонау ойпаттағы қамысты көлге дейін быжынаған ел көрінеді. Сүт пісіруге, ас қамдауға кіріскен қатындардың жаққан оттарының көгілдір түтіні ауыл үстінен көкке көлбей ұшып барады. Қамысты көлден белеске қарай көтерілген көп жылқы күңгірттене бұлдырап көзге түседі. Бергі ауылдың қырқа жағындағы жазықта, қолында құрығы бар, ақ боз жүйрік мінген жігіт, асау қуып келеді.
Хан Ордасында қарт Қотан мен қарға бойлы Қазтуғанның келіп сәлем беруін күтіп отырған Жәнібек, «Асан Қайғы келіп ауыл сыртында түсіп жатыр» деген хабарды естісімен, бүкіл Дәшті Қыпшақ ардақтайтын, қазағы үшін қайғылы жырауды өзі шығып қарсы алмақ болды. Жәнібек нөкерлерін ертіп, Ордадан шығып есік алдында сәл кідірді. Өзеннің арғы бетіндегі ауылға қарады. Түйсік қабақты ханның сұрғылт сынық жүзінде кенет бір күлімсірегендей шырай елең берді. Шынында да ауылдың кешкі суреті адамның көңілін көтерерліктей орасан сұлу еді. Жәнібек енді осыншама жан тербетер сұлу суретке көз салып рахаттанбай, бағанадан бері Орда ішінде отыра бергеніне өкінді. «Дүние деген міне осы, мұның хан екенінде де, халқының қамын ойлап күні бойы Ордадан шықпағанымен де ісі жоқ, өз қызығымен, қуанышымен өте береді». Дәл осы кезде ақ боз жүйрік мінген бала жігіт бағанадан бері ұстамақ асауын хан тұсындағы өзеннің жағасымен жанастыра қуып, алдындағы асау жалт бұрылып алдынан өте берем дегенде, қолындағы құрығын мойнына жып еткізіп сала қойды. Асау, бала жігітті ат-матымен сүйрей жөнелді. Бірақ жігіт жібермеді. Үзеңгісін шірене арт жағына қарай қисая, қолындағы құрығын қос қолдап бұрай тартып жанаса жабысып келеді. Күндікке шапқан жүйрік шаршады ма, әлде мойнына түскен құрықтың қыл арқаны батты ма, екі бүйірін солқылдата демін алып, үстінен тері көпсіп бұрқырап, қамыс құлағын қайшылай теңселе барып тоқтады. Құрықшының қимылына риза болған хан «Жігітім-ақ екенсің! Кімнің баласы екен өзі?» деді. Хан сұрағына жауап тапқалы бір нөкері ауыл сыртындағы сайдағы атына жөнелді. Жәнібек енді хан Ордасына қарай беттеген Асан Қайғы тобына қарсы жүрді. Ханнан бұрын, қайғылы жырауды қошеметпен қарт Қотан мен Қазтуған қарсы алған. Асанды екеуі екі жағынан қолтықтап, топ адамды соңдарынан ертіп келе жатыр екен. Жәнібек хан нөкерлерімен таяу келіп, қол қусырып иіліп сәлем берді.
— Арсың ба, Асан ата?
— Барсың ба, жарқыным?
Хан енді қазақ әдетімен алдымен құшағын айқастыра, кеудесіне кеудесін тигізіп, әуелі Асан Қайғымен сәлемдесті, содан соң барып Қотан жыраумен, Қазтуғанмен амандасты. Қазтуғанның орнына енді Жәнібек ханның өзі Асан Қайғының қолтығынан ұстады. Бәрі бірдей хан Ордасына беттеді. Ақ Ордаға тәжім етіп кіргеннен кейін үш жырау хан тағының оң жағындағы шайы көрпенің үстіне барып отырды. Асан Қайғы төрде. Одан сәл төмендеу Қотан қарт, сосын барып Қазтуған тайшы жайғасты. Хан нөкерлері аяқтарының ұшымен дыбыс шығармай жүріп, шынтақтарына үлпілдеген мамық жастық салды. Сөйтсе де Жәнібек ханды сыйлаған қарттар, аяқтарын көсіліп жастыққа жантаймады, сол малдастарын құрып отырған қалыптарынан қозғалмады.
— Жол болсын, қария, — деді Жәнібек, Асан Қайғыдан жөн сұрап, — алыстан келесіз бе?
— Ақсираққа жақын, ақсақалға алыс жерден келемін, жарқыным. Бабам Майқы би кеш салған Алатаудың қойнауындағы, гүл-бақшасы жайнаған, бұлбұл құсы сайраған Алмалықтан шыққан бетім бар...
— Ө-ө... құтты қоныстан аттанған екенсіз ғой.
— Құтты дейсіз бе?.. — Асан атаның қабағы қарс жабылып кетті. — Бізден де бұрын насрани діні шіркеуі салынған екен...
— Батыс қонысы тым алыс қой.
— Қызыл түлкіге қызыққан қыранға алты күндік атырап әудем жерден жақын.
— Рас, Жетісу өңірі жердің қызыл түлкісі.
— Айыбы — ажары. Сол себептен де Сойқын Сайдан Шығыстың әп жыланы әлсін-әлсін басын сумаңдай көрсетіп жатқан жоқ па?
— Тірі қалғың келсе елің күшті болсын.
— Елім қайтсе күшті болады?
— Арманына жеткен ел күшті болады.
— Қандай арманды айтасыз?
— Жерүйек деген халқыңның арманын айтамын. Бұ жалғанның жерүйегі Жетісу екен. Алтын Орданды сол Жетісудағы Алмалыққа тіккенінде қой үстінде боз торғай жұмыртқалар заман орнайды. Біз жетпегенмен оған біздің ұрпағымыз жетеді.
Жәнібек езу тартты.
— Бірақ оған шейін Әбілқайырдың көк бөрілері бізді талап қан етпек қой.
— Дұрыс айтасың, жарқыным, қазіргі заман әлі жеткеннің заманы. Жолай Ахмет қожаның мешітіне құран оқып шығайын деп Яссыға бұрылып едім, Әбілқайыр ханның әмірімен істелген бір қиянатты көрдім...
— Қандай қиянат?
— Хакім Мұхамед-Мазид тархан Яссыға керуен тартып келген қазақ саудагерлерінің малын тартып алып, өздерін құмға қуып салыпты.
— Бұнысы Әбілқайырдың Түркістан жеріне қазақ саудагерлері келмесін дегені ғой.
— Иә...
Бағанадан бері үндемей отырған қарға бойлы Қазтуған оқыс қимылдап ханға қарады.
— Сонда қара қазақ жейделік қарбас47 пен кебіндік бөзді қайдан алады?
Жайшылықта сырға тұйық Жәнібек, қазақ саудагерлеріне істеген Әбілқайыр
қорлығы жанына батып кетті ме, өзін-өзі ұстай алмай қалды.
— Түркістаннан аламыз, — деді ол Қазтуғанға қарап, — алдымен Түркістанның өзін аламыз.
Асан Қайғы Жәнібекке ойлана көз тастады.
— Шырағым, Жәнібек, бабаң Орысханның ақылы саған қонды ма деп едім, адаспаған екенмін. Әбілқайырдан айырылғаныңа қарсы болмасам да, Шуға көшемін дегеніңді ұнатпағам. Енді қанып отырмын, ойың алыста жатыр екен... Әрине қазақ енді шаһарсыз күн көре алмайды. Бұқардың мейізі мен Ташкенттің науаты қазақ сорлының да аузының дәмін енгізгендей. Бірақ Әбілқайыр саған оп-оңай Түркістанды бере ме? Күшің жетіп тұрып қан төккеннен, күшің жетпей жатып қан төккеннің күнәсі ауыр.
— Мен қан төгейін деп отырмын ба? Түркістан ата қонысым. Түбі қан төкпей бітіспейтін болсақ, амалымыз не? Биыл күшім аз, ал келесі жылы...
Енді сөзге Қотан қарт кірісті.
— Оған көзің жете ме? Әрі-бері көшіп жүдеген жұрт жаңа тойына бастады ғой. Ар жағына ел қонған адамды оңай орнынан тұрғыза алмайсың...
— Жау шапқалы тұрса да ма?
Қотан жырау ойлана жауап қайырды.
— Тоқ бала аш болам деп ойлай ма?
Халқының жайын ақындарымнан білермін, деген үмітінің ақталғанына Жәнібек іштей риза болды.
— Сендерді босқа шақырмаған екенмін, — деді ол, — жақсы бұл жайды жата-жастана кеңеселік...
Асан Қайғыға ақ үй тігіліп, үш жырауға арнап қазысы кере қарыс қысыр бие сойылды. Сапырылған уыздай сары қымыз судай акты. Өздерінің ардақты жырауларын қолдан қолға түсірмей, бір үйден соң бір үй шақырып, ауыл қазақтары бір апта әңгіме-дүкен құрумен өтті. Дәл осы кезде қазақтың алғашқы өз ханы Жәнібекке сәлем беремін деп сонау Еділ бойынан Едігенің немересі Темір бидің жиені, көмекейінен бұлбұлша сайраған он бес жасар Шалкиіз жырау келді. Алыстан сапар шеккен аяулы қонақты хан ауылының қыз-бозбаласы ат үстінен жерге түсірмей көтеріп әкеп, арнап тігілген ақ боз үйге кіргізді. Шаттық үстіне шаттық ұласты.
Бір апта өткеннен кейін хан өзінің үлкен ұлдары Әдік, Қамбар, Қасым, Керейдің баласы Бұрындықты шақырып, қазақтың сол замандағы ең атақты төрт жырауымен бас қосты. Ел болам деген жұртқа қазір ең ыңғайлы кез екенін, бүл кезді пайдалана алмай қалса, тағы да ұзақ жылдар бастарының бірікпейтінін, тіпті жан-жағынан талағалы тұрған жат елдердің хан, патшаларының қолында талан-тараж болып кетулерінің мүмкін екенін айтысты. Көп жайды таразыға салып, ақылмен салмақтады. Ақырында кеп биыл Күзтоқсанның басында бүкіл қазақ руларының игі жақсыларын Бетпақ пен Жетіқоңыр құмының арасындағы Нұраның Қаратұзы деп аталатын жерге жимақ болды. Бұл ара қазақ жерінін діңгек ортасы. Тарбағатайдан Найман мен Керейдің, Жетісудан Үйсін, Дулаттың, Еділ, Жайық бойынан Алшын, Ноғайлының, Есіл, Нұра, Торғай бойынан ең алыстағы Арғын, Қыпшақ билерінің де келуіне қолайлы. Және Күзтоқсанның басында бүл маңай майда қоңыр, жылы, жауын-шашынсыз болады. Қысы-жазы гуілдеп соғып тұратын азынаған ашулы желі де басылады, әсіресе хан аулына тиімді. Қара Кеңгірден Шу, Таласқа қарай көшкен кезінде де бұрыс емес. Осы мәжілісте Жәнібек алдын ала үш жарғы жәйтті қарамақ боп шешімге келді. Бірінші жарғы, қазақ рулары бұдан былай қарай бір ханға бағынып, келесі жылы адам санына қарай Түркістанды жаулап алатын сыпайлар бермек. Екінші жарғы, Дәшті Қыпшақ жерінің шалғайлығымен қазақтың көп руларының Моғолстан, Қытай, Жоңғар шекарасындағы тайпаларда тұратынын еске алып, әр рудың жайлаған жеріне, рулық тілектестігіне, шаруашылығына қарай үш жүзге бөліну сөз болмақ. Жеріне, әдет-ғұрпына, ескіден келе жатқан туысқандық белгілеріне қарай үш жүз болып аталу мәселесі өткен ғасырдан келе жатқан әңгіме еді. Соны тағы сөз етпек. Егер жұрт көнсе, өр жүздің өзінің басты биі, батыры, қала берсе ханы болмақ. Сол үш жүзді билеушілер, басқарушылар сайып келгенде, бүкіл қазаққа деген жалғыз ханға бағынуға тиісті. Сонда ғана хан Ордасы ұшы-қиыры жоқ далада көшіп жүрген қазақтың толып жатқан руларын, үш жүздің басты адамдары арқылы бағындырып отыра алады. Бұнысы Шыңғысханның жаулап алған әлемін төрт ұлысқа бөліп, төрт ұлы арқылы Қарақұрым Үлкен Ордасына бағындырғаны тәрізді еді. Қала берді, Ақсақ Темірдің қарамағындағы жерлерді бірнеше уәлиетке бөліп билегеніне де ұқсайтын-ды. Онда тек жерді ғана бөлсе, мұнда жайлап отырған жалпы жеріне қарай, рулар үш жүзге бөлінбек! Үшінші жарғы, осы мәжілісте әр ру өзінің рулық белгісін — таңбасын белгілемек. Бұл осынау барымталы, бір ру мен бір ру күнде сойылдасып, қырқысып жатқан заманда өте керекті шара болатын. Болашақ халық кеңесінде осындай үш күрделі мәселе қарамақ боп, жыраулар мен хан мәжілісі жабылды. Енді хан бұйрығын жеткізуге жан-жаққа шабармандар шапты. Бұл жарғылардың халыққа керек екенін түсіндірмек боп, төрт жырау да аттарына қонды.
Әне-міне дегенше жаз да өте шықты. Күзтоқсанға екі апта қалғанда хан аулы, қаптаған төлеңгіт, қарашасымен Саумалкөлдің тұсына келіп үйлерін тікті. Осы арадан Нұраның Қаратұзы желісті атқа жарты күндік жер.
Жетіқоңыр құмы мен Бетпақ даланың арасында қатқыл атырап бар. Жел тұрса құм сырғақтап жаяу борасындай бастайды. Ал ашық күндерде жарқырап жатады. Бұл бабаларымыз ісләм дініне кірмей тұрған кезде отқа, суға табынған дәуірде, көк тәңірісіне, жер тәңірісіне арналып адамнан құрбан шалынатын жер. Ежелден сұсты, жұмбақ атырап. Жетіқоңырдың өркеш-өркеш құмынан өтіп, жазыққа шығысыменен, сонау қу заманның белгісі боп, тақыр дала шетіндегі екі адамның бас сүйегі сонадайдан көзге түседі. Бастардың қасында атам заманда қадалған жуан діңгек қада бар. Күн күйдіріп, жел сүйіп, әбден қара-қошқыл тас болып қатып қалған. Ол қадаға әлеміштер байланған. Бұл белгілеріне қарағанда, сонау арғы дәуірде осы арадан көшіп жүрген елдер бүл атырапты әулиелі жер санаған тәрізді. Әлгі қаданың теріскей жағында құлынжалданып, ұзыннан созылған түйелі кісі бойындай жарнұра бар. Етек тұсынан жер астындағы көзден жылап шыққан, мөлдір сулы шағын өзен ағады. Бұл өзен қарлы жылдары қатты тасиды. Тасығанда бір кезде телі емген бұзаудай, қос өзен құйғандықтан Телікөл деп атанған Телікөл-татаға құйып, бұл арадағы басқа арадағы басқа уақ қарасуларды қосып жатады. Сөйтіп сары ала сегіз сайға барып қосылады. Ал егер қысы қалың қарлы, жазы жаңбырлы жылы Нұраның Қаратұзынан шығатын сай суы жіңішке Сарыөзен — Сары Кеңгір мен Қара Кеңгір барып құятын Боқтықарын көліне дейін жетіп қалады. Бұндай тасу он жылда, жиырма жылда бір болады. Өзге жылдары Нұраның Қаратұз сайы сол көпіріне көтеріліп, жаз шықпай-ақ құмға сіңіп жоғалып кетеді.
Осы көпке беймәлім, жұмбақ атырапта Жетіқоңыр құмы мен Сарысудың ортасынан өтетін қоба жол бар. Қоба жолды көк қияқ басып жатады. Адам тек салт атпен ғана бара алады.
Жәнібек хан осы Нұраның Қаратұзына әдейі арнап керуен жүргізді. Жазтоқсан болмай, басына елу үй тіккізіп, құмнан құдық қаздырып көнекпен су тартқызды. Сай бойына желі кердіріп, бие байлатты. Келетін қонақтарға деп әдейі қысырақтардың үйірін айдатты. Өзі Әдік, Қамбар, Қасым, Бұрындықты ертіп, алдын ала келіп хан шатырын тіктіртті. Көп ұзамай адам түгел аң білмейтін жолдарды тауып, құла дүзге көшіп үйренген ру басшылары — билері, батырлары Нұраның Қаратұзының жан-жағынан ағыла бастады. Үйсіннен — Әбілқайыр Үргенішке кетер алдында бөлінген Қылышбай, Қара Оспан батырлар, Жалайырдан — Бөрібай батыр, Дулаттан — Бахтияр би, Арғыннан — бір топ батырларын ерткен Арғын би мен Қотан жырау, Қыпшақтан — Қара Қыпшақ Қобыланды мен Қазтуған жырау, Найманнан — Қаптағай батыр мен Тұңғашық батыр, Хақұлы би, Керейден — Қарақожа батыр, Қоңыраттан — Бағалы қожа мен Орыс батыр, Алшыннан — Темір бидің өзі мен Шалкиіз, Уақ пен Тарақтыдан Жаубасар, Асылкерей батырлар мен Борық би келді. Бұлардың әрқайсысы ру басы, Қаптағайдан басқасы мыңды айдаған шонжарлар. Әр ру басының қасында, өзінің қарамағындағы кіші тарамдарының ондаған би, батырлары бар. Үйсін Қылышбай, Қара Оспан батырлардың жанында Албан, Суаннан шыққан бірнеше заржақ ділмар, шешен, көсемдер келген.
Әр халықтың тарихында сан түрлі кезеңі болады: осу, өркендеу, күйікке ұшырау, күйреу... Осының бәрін басынан өткізген, заманының жақсылығын да, жамандығын да көрген, келешегі үшін жан аямай күресе білген, ауыр күндерін, басына төнген қауіп-қатерді жеңе білген халықтар ғана тарихта қалады. Өзінен күшті шығып, Майя, Қошан секілді елдер құрып кетуге мәжбүр болса да, ондай елдер адамзаттың мәдени өркендеуіне үлесін қосып кетеді.
Он бесінші ғасыр қазақ рулары үшін ең ауыр ғасырлардың бірі еді. Осы ғасырда өзара қырылысып, сырт жауын кейде жеңіп, кейде жеңіліп, тайталас түсіп жүрген қазақ рулары ел болып бастарын қосу үшін күресуге бел буды. Бірақ үйірлі құландардай шексіз даласында ру-ру боп көшіп жүрген елдің басы оңай қосылмады. Бұл жеңіс ұлы айқастар арқылы келді. Қазақ руларының басын біріктіріп, қазақ хандығын құруда, мейлі күрес бақталастықтан-ақ басталсын, қайткен күнде де, Жәнібек пен Керейдің алатын орны ерекше. Әрине, халық өзі қаламаса екі адамның қолынан не келеді? Тегі ел болудың негізі халықтың көкейкесті арманында жатыр. Бүл кезең халық рухының лаулаған кезеңі.
Әліпті таяқ деп білмейтін асау елдің кенет ұлттық, жауынгерлік тілегінің бұлай өрби түскенін сезген кейбір ру бастықтары жұртты өз дегендеріне тарта алмай қалды. Бұрынғыдай халықты бөліп ұстауға шамалары жетпеді, енді көпшілік ерген Жәнібек ханның соңынан еруге мәжбүр болды. Тек Темір би ғана бүлік шығара жаздады.
Бірнеше жыл кейін Тіленші ұлы Шалкиіз жырау:
Алп-алп басқан, алп басқан
Арабы торым өзіңсің.
Жазылы, алтын, қол кескен
Алдаспаным өзіңсің!
Сен алтынсың — мен пұлмын,
Сен сұлтансың — мен құлмын, —
деп мадақтаған Темір би бұл. Еділ — Жайықты бауыр басып алған, Алшын руларының көбі бағынған, Астраханьды билеген Қасым сұлтанның оң қолы — эмир-эль-умра яғни әскери басы болған би бұл. Жәнібек секілді адуынды ханға біржолата мойын ұсынса, Алшын жерінде өз үстемдігінің төмендеп кететінін ол бірден ұққан. Көп қаздың арасында мәз болғанша, көп қарғаның арасында қаз болған дұрыс деп тауып, Кіші жүз болып қалыптасып келе жатқан Алшынның өркөкірек руларын жеке билегісі келді. Астраханьды өзіне қаратып тұрған Қасым сұлтан Еділ — Жайыққа шын әмірші емес. Шын әмірші қазақтан шыққан, Едіге батырдың шөбересі, Ноғайлы хандығы кезінен би дәрежесінде келе жатқан шынжыр балақ, шұбар төс Темір. Дәл қазір шығысы мен батысындағы елдің өз билігіне қол сұғады деп сескенетін дымы жоқ. Әбілқайыр алыста. Қасым сұлтан тек Астрахань маңын ғана қамтиды. Орыс князьдары болса өздері әлі әбден біріге алмай жатыр... Ал шынтуайтқа келсек Темір бидің ойы Жәнібекке бағыну емес, Түрік патшалығына иек тіреу... Алыстағы ел, ол сенің ішкі жұмысыңда ісі болмайды, қай румен жақсысың, қай румен жамансың, қарамағыңдағы елді қалай билеп-төстеп жатырсың, бұның бәріне де қол сұқпайды, сырттай бағынғаныңмен қанағаттанады, ал өзің айтқаныңды еліңе қалай істетіп жатырсың — онда шаруасы жоқ. Жәнібекке бағынсаң бұл еркіншіліктен бірден айрыласың. Ол ішкі ісіңе өзіңмен бірдей катысады. Жоқ, діні бір, тілі бір, нәсілі бір ханға бағыну — халқыңның тіршілігі көңілін селт еткізбейтін басқа халықтың патшасына бағынудан әлдеқайда қорқынышты. Осындай ойдағы Темір Россия мен Түркияның бір шайқасуын күтіп іштей алысуда еді. Түрік патшалығының күшінің кеми бастағанын есепке жатқызбаған. Түбі ол осы ойынан шықпақ. Еділ — Жайыққа әбден әмірші болып алғаннан кейін, Қырымды шауып, Мәскеу князьдарын алдай тұрып, Түркияға иек тіремек. Осыдан барып Темір шу дегеннен-ақ Жәнібектен іргесін аулақ сала бастаған. Жәнібекке қосылғысы келмеген кей ру бастықтары өзара қыңқылдаса, бұл ойын ішіне сақтап қала алмаған.
Темірдің бұлай еркінси қимылдауының да төркіні белгілі еді.
Әке жағынан аты шулы Едігенің шөбересі. Атасының айбынынан қорықпайтын қазақ жоқ. Нағыз аш қасқыр. Өзі де осал емес. Қазан хандарынан қыз алып, қыз берген. Осы биыл ғана он бес жасар кенже қызы Нұр-Сұлтанды Қазан ханы Ибрагимге ұзатқан. Сүйенерлері де бар. Өзі де өзгеге сүйеніш бола алатын жау жүрек батыр. Бауыр басып қалған Еділ мен Ақ Жайық бойын ешкімге ортақ еткізгісі келер емес. Жиналған би, батырлардың көпшілігі бірігіп бір ханға бағынайық деп отырғанда, бұл өзгеше кетті. Алайда Темір би де ноқта үзіп, айдалаға лаққан жоқ. Тек қосылғысы келмегенін астарлап білдірді.
— Ел болып бірігіп, әскер жинап, Әбілқайырдан ата мекен Түркістан жерін қайтып аламыз дегендерің құба-құп, табылған ақыл. Оған Еділ, Жайық, Хиуас теңіз бойындағы Алшынға жататын бар ру қол қояды. Сұраған уақыттарында бес түмен қол беруге бар. Бірақ Сығанақтағы ханға біздің бағынуымыздың жобасы келер ме екен? Жер арасы шалғай...
Өзгелерден жасы үлкен Үйсін Қара Оспан кеңк-кеңк күлді.
— Темір бидің аты жеткен жерге, Жәнібек ханның аты жете алмайды деп қорқасың ба?
Бұнысы осы араға сенің атың жетіп келгенде, сенің жеріңе Жәнібектің де аты жетеді дегені еді.
Сөз астарын түсінген қызба мінезділеу Темір би сөз таластырғысы келіп кетіп, ежелгі дәстүр бойынша, айыр тісті, алтын сыммен оралған тобылғы сапты қамшысын алдына тастай салды.
— Ат тұяғы басқан жердің бәрі бірдей шөптей жапырылып жата қалмайды, — деді ол қара сүр беті күреңденіп, — Әбілқайыр ханның да мүйізі шаңырақтай кей батырлары Еділдің ар жағына өткен. Бірақ одан не ұтты? Мойындары ырғайдай, биттері торғайдай боп елдеріне әзер жеткен.
Қамшысын енді Қара Оспан алдына тастады.
— Атыңның жүйріктігіне тым сене берме. Талай жүйріктердің де мойнына бұғау салынған. Байқа, Темір би, Жәнібек ханның құрығы Әбілқайырдікінен ұзын болып жүрмесін! Әбілқайыр Дәшті Қыпшақты билегенмен, Еділ өзені бойындағы Алшынның көптеген ауылдарына өктемдігін еркін жүргізе алмаған. Жау жүрек бүл рулар бағындық деп кейде уәде бергенмен де, нақтылы тізе бүге қоймаған. Бұған ызаланған Әбілқайыр Дәшті Қыпшақтың осы рулар жайлап жатқан шетіне сан рет қол шығарған. Соның бірі осыдан он жыл бұрын жіберген он мың әскері еді. Бұ жолғы жауынгерлерді осы Қара Оспан батыр басқарып барған.
Ол күндерде Қазының баласы, Темірдің әкесі Теңізбай би тірі болатын. Атасы Едігедей, әкесі Қазыдай ел шулатқан ер болмағанмен, жатып атар қулығы, жаудан қашып құтылар ақылы бар кісі еді.
Көк Орда ханынан әскер шығыпты дегенді естігеннен-ақ, ел билігі ауып бара жатқан баласы Темірге ақыл айтқан. «Әбілқайырдың қалың әскерін соғыспен жеңе а л май с ың, оны айламен алу керек. Және өшіктірмес үшін қарсы ниет көрсетпеген жөн» деген. Темір аталы сөзге тоқтаған. Осы сөзден кейін бүкіл Алшын жағы Қара теңіз жағасы Қырымға қарай көшкен. Темір бес мың атты әскермен, қаптаған қоспен жұртында қалған. Ұзақ жер жүріп, аттың арқасын алдырып келген Қара Оспан Еділдің ар жағында тұрып, Әбілқайырға бағынбай жүрген елді көрген. Ат жалдап, сал салып бір түнде бергі жағаға өткен. Бірақ бос жатқан жұртқа кездескен. Бұлар арғы бетке шыққандарында Алшын, Жағалбайлы ауылдарының бергі бетке өтіп кеткенін білген. Ызаланған Қара Оспан ат сауырын құрғатпай қайтадан Еділге салған. Бірақ бұлар бергі бетке шыққандарында көшкен ел Жайыққа қарай бет алғанын аңғарды. Жайықтан өтіп қашқындардың соңына тағы түсті. Тек осы арада ғана Қара Оспан батыр алдарында ел емес, әскер екенін білді. Өзінің алданғанын ұққан Әбілқайыр қолы енді бұрынғысынан да қызулана қуды. Бірақ Темір әскері жеткізбеді, ақырында олар Нарын құмына қарай бұрылды. Сонда ғана Қара Оспан бүл қуғаннан дым шықпайтынын түсінді. Амал жоқ кейін қайтуға мәжбүр болды.
Жолдағы кедей ауылдардан азын-аулақ жәрдем алып, азып-тозып өз жерлеріне жетті.
Темірдің «мүйізі шаңырақтай Әбілқайыр ханның кей батырлары Еділ, Жайықты көрген. Одан не ұтты?» деп кекетіп жатқаны да Қара Оспанның осы сәтсіз жорығы еді. Қара Оспанның: «Атыңның жүйріктігіне тым сене берме! Байқа, Темір би, Жәнібек ханның құрығы Әбілқайырдікінен ұзын болып жүрмесін!» дегені Темір биге «Әбілқайырдан қашып құтылғаныңдай, Жәнібектен қашып құтыла алмайсың» деп күні бұрын сес көрсетуі еді.
Темір би бұл ызғарды жақсы сезінді. Сөйтсе де өркөкірек кер мінезге салып оп-оңай жеңіле қалғысы келмеді. «Талас әлі біткен жоқ» деген ишарат көрсетіп, алдындағы қамшыны бір қозғап қойды.
— Әбілқайыр ханның кезінде Үйсіннің аты қуғанына жете алмайтын арық еді, енді хан Жәнібектің тұсында жал бітейін дегені ғой.
Темір бидің удай ащы тілі Қара Оспанның өңменінен өтіп кетті. «Бұнысы Әбілқайырға қызмет істеп ештеңе өндіре алмап едің, Үйсін, енді Жәнібекке жағынып құтырып отырсың дегені ғой!»
Қара Оспан шарт жүгініп отыра қалды. Қамшысын қозғауды да ұмытып кетті.
— Әй, сен не малтаңды езіп отырсың. Маңғыт! Елінің ойын айтар Алшыннан бір ұл тумағаны ма?
Мұнысы Темір биге «сенің бабаң Едіге Көк Ордадағы Маңғыт руынан шыққан, Алшынның жоғын жоқтайтын сенің құқың жоқ» дегені.
Жәнібек қабағын түйіп тұнжырай қалды. «Сөз жоқ, Темір би өз үстемдігінен айырылып, Жәнібекке Алшын руларын қосқысы келмейді. Күшің асып басып алмасаң, жуытпайды. Ел болып бір ханға бағынудан, әз қарамағындағы жұртты өзі билеп, ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс еткізіп отыру — Темір бидің арманы. Бұл біздің ең осал жеріміз. Әсіресе, алыста жатқан рулар ырқымызға оңай көнбейді, сондықтан да ананы, мынаны сылтау етіп Темір би де бірігуге қарсы ірткі салып отыр. Біріккің келмесе «құдай алдыңнан жарылқасын!» деп қуып шықсам ба екен? Жоқ, өйтуге болмайды. Қайткен күнде де Алшынның бүгінгі күні ауа жайылғаны жөн емес. Бұлар көнбей қалса, сынықтан бөтеннің бәрі жұғады, өзге рулар да олардан үлгі алуы мүмкін. Дауды ақылға салып сабырлылықпен шешкен абзал».
Кенет ол басын көтеріп алды. Темірге тесіле қарады.
— Бабаң Едіге бүкіл Алтын Орданың тағдырын ойлап еді. Сен бір Ноғайлылықтан аса алмай отырсың. Алшын елін қарамағыңнан шығаруға жоқсың... Бірақ соныңа Алшын көне қояр ма екен? Өз тағдырын өзі шешкісі келсе, жолын табар. Алшын қайда болады, оны болашақ көрсетер. Жоқ, менің айтайын дегенім бұл емес. Басқа. Біздің жауымыз сен емессің — Әбілқайыр! Атаң Қазыны бауыздаған сол Әбілқайырмен соғысуға келесі жаз бес сан жауынгер бересің бе?
— Беремін!
— Қалғаның кезінде көрерміз.
Темір би Жәнібектің бұл салмақты айтқан сөзінің ар жағында қандай зіл жатқанын жақсы ұқты.
Бойын кенет бір қауіп билеп кетті. «Иә, Жәнібек хан түбі дегеніне жетпей тоқтамайды. Сонда не болғаны, бар қазақты билемек те, біз бұның құлы болмақпыз ба? Жоқ, Жәнібек, ол ойыңның сәті келмес. Қарамағымыздағы елді біз де оп-оңай бере қоймаспыз. Саған үлкен хандық керек болса, бізге кіші хандық керек! Әлі алдымызда талай шайқас та, айқас та болар!».
Дәл осы кезде күншығыс жақтан құйындата шапқан салт атты көрінді. Жұрт елегізе со жаққа қарады. Сөйткенше болған жоқ, қара терге малынған, сүліктей жаралған астындағы баран жүйрігін Нұра етегінде отырған Жәнібек тобына тікелей салған шапқыншы жігіттің «Аттан! Аттан! Жау келіп қалды!» — деген айқайы шықты. Отырғандар орындарынан үрпиісіп түрегелді.
Қайдағы жау?!
— Кім келіп қалды?!
Шапқыншы — ұзын бойлы, мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан, қара торы бала жігіт, ентелей шауып келіп, астындағы атын әзер тоқтатты. Екі бүйірінен демін алып:
— Тақсыр хан, — деді, — Көк Жыңғыл тұсынан қалың әскер көрінді. Беті осы Нұраның Қаратұзы. Басқарып келе жатқан Әбілқайырдың үлкен ұлы Шайх-Хайдар мен Қарашың баһадур. Мінгендері кілең ақалтеке, текежаумыт. Бастарындағы сеңсең бөріктері қазандай, мойындарында кілең көк темір алдаспан, қолдарында көк темір найза. Мұздай қаруланған, түстері де суық, жүрістері де суыт. Бие сауымындай мезгілде бұл араға да жетіп қалар.
Жәнібектің түрі де, даусы да өзгерген жоқ, әдеттегі байсалды қалпымен:
— Шамасы қанша адам екен? — деді.
— Мың қаралы.
— Көк Жыңғылдың арғы қабағында Керей мен Найманның түйелі қолы бар емес пе еді, төтеп бере алмады ма екен? Әлде аналар аңғармай қалды ма?
— Сөйткен тәрізді. Бұлар Көк Жыңғылдың теріскей жағындағы құм арасындағы қоба жолмен өтіп кеткендей. Найман мен Керейдің қалқаны күнгейлеу жатыр.
— Оларға хабар бердіңдер ме?
— Менің серігім соларға шапты.
Жәнібек Ордасындағы өзіне тән адамдарынан «Күзтоқсанның басында қазақ руларының басшылары жиналып, бас қосып, бір ханға бағынып, әскер жинап, Түркістанды басып алмақ болып жатыр» деген хабарды естіген Әбілқайыр хан. Қазақ рулары бас қосатын кезде, бір түнде тек өзіне ғана бағынатын, кілең шаш ал десе, бас алатын қырағы сұлжық Түрікмен, Барлас, Маңғыт руларынан құрылған он сан жігітін, бастығы үлкен баласы Шайх-Хайдар мен ең сенімді, ер жүрек батыры Дарвиш-Хусаин Қарашыңды Нұраның Қаратұзына аттандырған. Тек түрікмен ақалтекесі мен текежаумыт аттары ғана өте алатын құмды жолдармен дабырсыз барып «Жәнібек ханның күлін көкке ұшырып, кеңесін шап» деген.
Қазақ ру бастықтары хан кеңесіне жиналып жатқанын естісе, жауларының бос қалмайтынынан Жәнібек те күдіктенген. Сол себепті Нұра қатқылының төрт жағынан елу шақырымдай жерде мың жауынгерден шепқалған құрған. Шағын жауға бұл төтеп бере алатын күш.
Нұраның қатқылына Көкшіл теңіз жағынан келетін жолда құдықтардан бөтен мал суаратын жер болмаған соң Найман мен Керей жігіттерін әдейі шөлге шыдамды, ұрысқа жарайтын қос өркешті желмаяларға мінгізген. Найман, Керей жігіттеріне о кезде түйеге мініп жауға шығу үйреншікті әдет.
Жәнібек бұл әскерлерін, кеңес болар жерден әдейі тысқары орналастырды. Алда-жалда жау келіп қалар болса, майданды алғашқы үлкен хан кеңесінің үстінен ашқысы келмеді. Жігіттерінің жауды жол-жөнекей, оңашада қарсы алғанын жөн көрді. Бірақ Әбілқайыр Шайх-Хайдар мен Қарашыңға: «шамаларың келсе жолдарыңды тосқауылдап жатқан әскерлерден (тосқауыл әскер болатынына ол шек келтірмеген) жансыз өтуге тырысыңдар. Содан кейін хан кеңесім ойламаған жерден барып шабыңдар. Бірде бір бас көтерер адамы қалмасын, бассыз ел қайда барар екен!» деген.
Осындай жарлық алған Шайх-Хайдар мен Қарашың қалың құм мен тақырдың арасынан басқа жол тауып, Найман мен Керей жігіттері күтіп жатқан тұсқа соқпай, Нұра Қаратұзына тікелей өтіп кеткен.
Хан кеңесіне төнген қатер өте зор еді. Әбілқайырдың бұл «хан әскері» шынында да тек кілең жанынан безген, дені Византия, Египетті талай шапқан атақты батыр тұқым сұлжық түрікмендерінің ұрпақтарынан құрылатын-ды Қазандай-қазандай бастарындағы сең-сең бөріктерін селкілдете, қолдарындағы көк найзаларын күнге ойната, жау шебіне садақ оғы жетер жерге жеткенше жұбын бұзбай, кішігірім тайлақтай астарындағы текежаумыт, ақалтеке сәйгүліктерін желе шоқытып, жауар бұлттай тұтаса келе жатқанда қандай жау жүрек әскер болса да бір әбігерленіп қалатыны айдан анық. «Хан лашкерлері» тұтқын алуды білмейтін, жауласқан елін кәрі-жасына қарамай тып-типыл етіп қайтуға құмар. Әбілқайыр хан бұларды өзге әскерінен ерекше ұстайтын. Жорықта олжа еткен қыз-келіншектеріне, талаған мүлік-қазыналарына қол сұқпайтын. Ортақ олжа деп хан тұқымдарының бөлісіне салдырмайтын. Осындай еркіндіктің арқасында бұлардың көбінде жеті-сегіз қатыннан болатын және әбден байып та алған жауынгерлер. Өздеріне тиетін мұндай пайданы білген соң, әбден қанға құнығып кеткен бұл жан аларлар ұрыста шегінуді білмейтін, жан аямай соғысатын.
Хан кеңесін шабуға келе жатқан міне, осы әскер еді. Бұл хабарды естіген қазақтың Қобыланды, Қамбар, Қара Оспан секілді аты шулы батырлары үстеріне сауыттарын киіп, қамыс құлақ, бөкен сан, жал-құйрығы жерге төгілген тұлпарларын ойнатып, өзгелерден сытылып шыға берді.
Әсіресе бұлардың көзге түсері батыр Қобыланды мен астында есік пен төрдей қара сирақ тұлпары бар Жәнібектің екінші баласы Қамбар болатын. Қобыланды бұл кезде алпысқа таяп қалса да, Қазанға аттанғандағы қара шоқпарын әлі де бір қолымен ұршықтай үйіреді. Ал Қамбар батыр құдыққа құлаған нар түйені қос өркешінен ұстап суырып алатын алып күш. Екі иығына екі кісі мінгендей құлаш жауырын, бура сан, тартылуға дайын тұрған садақтай, дене құрылысынан күш иесі екені бірден сезіледі. Бұл Жәнібек Ордасының жауына жібергелі қайраған болат жебесі, кеудесінде жүрек емес, қатып қалған мүйіз бар тәрізді, бала жастан қорқудың не екенін білмеген жалын жан. Он сегізге шыққанда арлан жолбарыспен жекпе-жек алысып, құр қолымен ұрып алған. Әке балаға сыншыл, Жәнібек бұл баласының батырларға біткен мінез-құлқын ертеден сезіп, үнемі оны соғыс ісіне үйретуде болатын. Өзге ұлдарына әдемі киім, салтанатты ертұрман істетсе, бұған арнап найза, жақ, алдаспан жасататын. Осындай батырлығына қарамай, Қамбар Жәнібектің басқа балаларынан гөрі анағүрлым кең пейіл, іздегені ерлік.
«Жау келе жатыр!» дегенді естісімен-ақ Қамбар сауытын кие салып, белдеуде тұрған қара қасқа тұлпарына мініп-ақ алды. Оң қолына қанжар ұшты, қайың безеулі найзасын ап, жау келетін күншығыс жақты қырындай берді. Бұл атақты үш батырдың жауды қарсы алуға шықпақ боп ыңғайланғанын көріп, өзге батырлар да атқа қонды. Тек сай табанында төселген ақ кигіздің үстінде жасы келіп қалған Арғын би, Қотан жырау секілді он шақты қарт адам қалды. Ұрыс батырлар ісі дегендей Жәнібек хан да орнынан қозғалмады.
— Жау келсе жауабын алар, қазақтың қазір ел-жұртын қорғайтын ұлдары бар ғой. — Ол саптай тізіліп жауға қарсы Нұраның Қаратұзының биігінде тұрған батырларға сүйсіне көз тастады да Қотан жырауға бұрылды. — Ана ер-азаматтар жауды қуып кейін қайтқанша уақыт босқа өтпесін, Қотан ата, көптен бері тыңдауға құмар боп жүр едім, сізді жақсы біледі дейді. Жошы өлімін естіртуді айтып беріңізші.
Болайын деп жатқан ұрыс бұларға еш қатынасы жоқтай, өзгелер де қарт жырауды қолқалай бастады.
— Иә, балалар қайтқанша ермек болсын, — деді Арғын би.
— Көңіл шіркін бір көтеріліп қалсын, — деді Үйсіннің қарт батыры Қылыш бай.
Қотан жырау көп күттірмеді. Өмір-бақи жанында жүретін көрі қара қобызын қолына алып, қарлыққан қарт даусын аңырата жөнелді.
Шыңғысхан өзге балаларынан тұңғышы Жошыны анағұрлым жақсы көрген. Сөйтсе де айтқанына көне қоймайтын Жошыны жоюға Ұлытау бойына әдейі арнап кісілер жіберген: Жошы аң аулап жүргенде қастары монғол әдісімен отыз жеті жасында омыртқасын үзіп өлтіреді. Бұл хабар Ұлы Ордаға жетеді. Шыңғыстың Жошыны жақсы көретінін білетін хан төңірегіндегі адамдар бұл хабарды естіртуге бата алмайды. Және оның үстіне өзі арнап кісі жібергендіктен Жошының қаза табатынына шек келтірмеген әлем әміршісінің өзі де «кімде-кім Жошының қаза тапқанын естіртсе, соның басын аламын» дейді. Хан жақсы көретін баласының ажалына өзі себепкер болып отырса да, оның өлгенін естімей өткісі келеді. Мұндай жағдайда жұрт дағдарады. Ақырында бұл хабарды жыр арқылы естіртуді Ұлы Жыршыға тапсырады. Ханның салтанатты көңіл көтеретін кешінде «ал, Ұлы Жыршы, жыр баста!» деген әмірді естігенде, қарт жырау түркі жырын аңыратып қоя береді. Ол:
«Теңіз башынан бұлғанды
Кім тұндырар, а ханым?
Терек түптен жығылды
Кім тұрғызар, а ханым?»
дейді. Сонда Шыңғысхан:
«Теңіз баштан бұлғанса,
Тұндырар олым Жошы дүр
Терек түптен жығылса,
Тұрғызар олым Жошы дүр».
дейді. Сонда Ұлы Жыршы алғашқы өлеңін тағы қайталайды, бірақ бұл жолы көзінен жасы парлап ағады. Ананың жылап отырғанын көрген Шыңғысхан:
«Көзің жасын төгілтер,
Көңілің шерлі болғай ма?
Жырың көңіл үркітер
Жошы өлген болғай ма?
деп сұрайды. Сонда Ұлы Жыршы түркі жырымен:
«Сөйлемеске еркім жоқ,
Сен сөйледің, а ханым!»
Өз жарлығың өзіңе
Жөн ойладың, а ханым!»
деп Жошының өлгенін естіртеді. Сонда жаратылғалы көзінен жас шықпаған Шыңғысхан еңкілдеп жылап:
Құлын алған құландай
Құлынымнан айрылдым!
Айырылысқан аққудай
Ер ұлымнан айрылдым!»
деп теріс қарап, бүк түсіп жатып алады.
Қарт Қотан бұл жырды сонау Ұлы Жыршы мен әлем әміршісі Шыңғысханның дәл сол күндегі күйін отырғандардың көз алдына елестеттіргендей, кәрі қобызын боздата, кәрі даусын қарлықтыра шығарып, зар жылап отырып айтты.
Жырау өнері жұрттың көңілін бөлгені соншалық, отырған адамдар ана жақта болғалы тұрған ұрысты ұмытып та кетті.
Қотан қарт енді жыр үстіне жырды тоғытты. Ол бір мезет Орақ толғауын бастады.
«Артуда арту тау келсе,
Атан да тартар бүгіліп.
Алыстан қара көрінсе,
Қарақұла жатар үңіліп...»
Орақ толғауының адамның құйқа тамырын шымырлатып, өн бойыңды дірілдетіп алып кететін қасқырдың ұлығаны тәрізді өзіне дербес бір ескі әуені бар. Осы әуенге сай Қотан жырау қобызын осып-осып аңыратып кенет жас күндегідей жігерлене толғады.
«... Уа, жігітләр, жігітләр,
Жалаңғаш жерде жауға шап.
Осынау жалған дүниеде
Ажал житмай өлмек жоқ».
Жырау даусы, шаба келе қызған жүйріктей, енді шарықтай түсті. Ұйып тыңдаған ақсақалдар қазір қан майданда шешілгелі тұрған қазақ хандығының тағдыры естерінен тіпті шығып кеткендей, бастарын жерден алмай, тапжылмай тыңдауда. Жоқ, бұлар жаңа ел болып келе жатқан халқының тағдырын ұмытқан жоқ. «Сонау айқас немен тынар екен?» деп іштері алай-түлей. Әрқайсысы бір тайпа елдің қалың қолын басқара алатын сонау қалың қабақты, түкті білекті батырларға сену өте орынды. Қыран балапандарын өмір арпалысына дайындағанда, ең алдымен қоянға емес, қасқырдың бөлтірігіне түсіріп үйретеді екен. Жәнібек те сол қыран. Қанатының астындағы батырларын бірден ең ауыр сынға шынықтырмақ. Ел болғылары келсе, өздерін-өздері қорғай білсін!.. Бүгін бастары бірігіп, жауына қарсы тура алмай, ала ауыздық не қорқақтық көрсетсе, ертең быт-шыт боп, көрінгеннің табанының астында кетеді. Ал бүгін ел намысын — ер намысын қорғай алса, ертең тастан берік бірлескен жұрт болады. Құрыш отта асылданады, халық күресте шынығады.
Жәнібек қанша қобалжыса да сабыр тұтты. Ол ру бастықтары батыр, билердің хан әмірін орындау үшін емес, ауыз бірліктерін айғақ етіп, жауына өз беттерімен қарсы шыққанын көргісі келді. Хан ақылы емес, халық ақылы шешсін деді халқымыздың болашақ тағдырын.
Жәнібек қазақ хандығының тағдыры шешілетін мұндай қысылтаяң мезетте сап алдында болмай, кәрі-құртаң ақсақалдар қасында қалуын кейбіреулердің қылмыс санайтынын да, не қорқақтыққа балайтынын да біледі. Бірақ ертең қазақтың бытыраған руларының басын қосып, мықтап ұстар хан болу үшін, мызғымас беріктік те керек. Өзіңді шабуға жау келе жатқанда бір сайдың жағасында қарт жыраудың толғауын тыңдап отыру — көрінген ханның қолынан келмейтін қасиет. Халық алдында мұндай адам аңызға айналады. Өзінің абыржымас тастай мінезімен өзгелердің де үмітіне ел беру — қолына қылыш алып жауға шабудан анағұрлым артық ерлік. Хан әбігер болмаған жерде, халық та әбігер болмайды. Бұл —жеңістің ең бір керекті шарты. Ханның келе жатқан жаудан құты қашпай, жайбарақат отырғанынан өзгелері де үлгі алды. Олар да келе жатқан жауына берекелері кетпей, сабырлы салқын қанмен дайындала бастады.
Қотан жырау Орақ толғауын бітіріп әлдеқашан Едіге жырына көшкен. Жұрт сол ұйыған қалпында тыңдауда. Бұған Жәнібек іштей қуанышты. Өзінің де қобалжуы басылғандай. «Жоқ, мұндай жұртты жау жеңе алмайды. Мұндай мызғымас елмен түбі Ұлы хандық құруға болады. Қан-жоса етіп қырып-жоям деп жауы келе жатқанда, мынау қарт би, батырлардың осыншама сабырлылық көрсетуі — жақсы ырым. Бұ тәрізді жұрт болашақта басына қандай ауыр сын түссе де шыдайды, қандай жаумен болса да табан тіреп алысуға жарайды. Ал келе жатқан мына жауға анау Нұра үстіндегі кілең батыр жігіттер жауап бере алады. Мұндайда ер қимылын арман шешеді. Ал ер арманы — ел болу. Бұл арман үшін анау ерлердің аянбай айқасатынына күмән келтіру күнә болар еді...»
Жәнібек ханның құлағына қарт жыраудың даусы еміс-еміс келеді. Құлағы жырда, көңілі көп кешікпей басталатын қанды айқаста.
Қарт жыраудың даусы әлі болдырмаған жүйріктің шабысы тәрізді. Біркелкі дүбір, біркелкі ұйтқу...
Қарт ақын қарлыға толғайды. Ол қазір тоғыз батыр Едігені қуып келіп, Кен-Жанбайдың Едігеге арнап айтқан жырын толғап отыр:
«Әй, Едіге, сен енді қайт сана!
Қайтып Еділ өт сана!
Еңсесі биік боз Орда
Еңкейіп сәлем бер сана!
Ерні жұқа cap аяқ
Ер сарқытын іш сана.
Жауырындары жақталы,
Түйме бауы тартпалы
Ал қара киім үстіңе
Тон береді, ки сана.
Көк ала жорға ат мініп,
Көк дабылпаз байланып,
Тұтам бауы сом алтын
Ақ сұңқар құс береді,
Көл айналып шүй сана!»
Бұл кезде Нұра беткейіндегі батырлар қара шоғырланып топтанып қалған. Қос күзетудегі Қыпшақтың жүзге таяу жігіттерін ертіп Қобыландыға Қазтуған қосылған. Ел басына күн туғанда жеке қалудың лажын таба алмай, Шалкиіз жырауды бас етіп, екі жүздей қасындағы нөкер, сойылшы, малшы жігіттерімен Темір би де келген. Жәнібектің өзге балалары, бастығы Қасым мен Керейдің батыр ұлдары, ең үлкені Бұрындық боп, хан аулының маңайындағы төлеңгіт, сарбаздарын жинап, бұлар да төбе басына шыққан. Қысқасы, хан кеңесін қорғамақ боп Нұраның Қаратұзы беткейінде бес жүзге таяу заматта қол жиналды. Енді бұлар шеп құрып жауды қалай қарсы алуды кеңесті. Барлығы Қамбар батырдың айтқанына көнетін болды. Мұндайда батыр сөзіне бағыну ежелгі салт, Қамбар батыр Майсары48 етіп Қыпшақ, Арғын жігіттерін, Маймене етіп Алшын, Дулат және өзге ру сойылшыларын тұрғызды. Өздері Шыңғыс ұрпақтары төлеңгіттерімен орта шепті алды. Келе жатқан жауға осылай үш мүйіз боп қарсы шабуды ұйғарды.
Дәл осы сәтте солтүстік пен шығыстың нақ орта шенінен аспанға бұрқылдай көтерілген шаң шықты. Тағы бір сүт пісірімдей кез өткенде шаң астынан қалың көл көрінді. Енді аздан кейін жау селеуті де анықтала бастады. Желкілдеген кілең ақ сеңсең бөрік, күнге шағылысқан көк құрыш найза суыт келеді. Қарқындары тау бұзардай. Олар, таяған сайын қиғаштай шаба, әскердің қос канатын екі жаққа жая түсті. Әбілқайырдың атты әскерінің ежелгі тәсілі. Құшағын жайып кеп, жауын ортаға ап жан-жағынан кенет ат қояды. Жау әскерін қоршауға алады. Бұл темір қышқаштан құтылу екіталай. Әскердің қолбасшысы бастаған бір тобы кейін қалады. Ол өзіне ыңғайлы жерде тұрып ұрыс болып жатқан майданнан көзін алмайды. Қай тұста әскері азая бастаса, не күші құлдырап жеңілуге айналса, сол тұсқа қасында тың тұрған әскерден көмек жібереді. Бұл жолы да сол әдістеріне салмақ тәрізді! Шайх-Хайдар әскері қазақ батырлары тұрған жерге тағалана қоршай таяп келеді. Дәл осы кезде, Нұра беткейінде тұрған батырлар, келе жатқан жау әскерінің күншығыс және солтүстік бүйірінен бұларға қиғаштай тиіспек боп құйындай шапқан екі қолды көрді. Батырлар бірден түсінді. Мынау астындағы қос өркеш желмаялары бастарын төмен түсіріп жіберіп, күншығыс жақтан тайрақтай шапқан қол — бұл жауын аңдамай өткізіп алған, қалқан етіп шығыс жақтағы жолға қойылған Керей, Найман жауынгерлері. Ал солтүстік тұстан шұбатыла жөңкіген — алдында әрқашанда ер жүрек батыры оқшау келетін — бұл солтүстіктегі қалқа — Арғын, Қыпшақ қолы. «Жау келе жатыр!» деген хабарды естігеннен-ақ Қасым: «Хан кеңесі болып жатқан жерге тез жетсін» деп ат шаптырған. Жау жүрек екі қолдың тез жеткеніне беткейде тұрған батырлар қуанып қалды. Әлдекімдер «Уа, сот!», «Ақсарбас, ақсарбас!» деп өзінің көтерілген көңіл күйін жасырмай ашық айтып жатыр. Күтпеген жерінен, арттарын ала, екі бүйірлерінен екі қолды көрген Шайх-Хайдар әскері «өзіміз қоршауға түсіп қалмайық» деген қауіппен кенет екі жаққа жайыла түскен қанаттарын жия қойды. Енді олар шашау шығармай, тобын жазбай, садақ оғы жететін жерге кеп, аттарының қарқынын басып сәл аяңдай жүріп шоғырлана тоқтады. Бұл кезде Шайх-Хайдар әскерін, бүйірлей қоршап Найман, Керей мен Арғын, Қыпшақ қолдары да батырлар тұрған төбеге жетті. Екі жақ әудем жерге кеп қарама-қарсы тұрды. Енді қазақ батырларының тобы емес, Шайх-Хайдар әскері қоршауда қалатын тәрізді. Күш қазақ жағында басым. Бірақ бірде-бір рет жауынан беті қайтып, тауы шағылып көрмеген «Хан әскері» кейін шегінетін түрі жоқ. Көк найзаларын қазақ жігіттерінің кеуделеріне бір сұқпай мауқы басылар емес.
Кенет Шайх-Хайдар шебінен жал-құйрығы жерге төгілген, нардай ақалтеке арғымақ мінген, үстінде қара сауыты бар Қарашың батыр ойқастап ортаға шыға берді. Ол күндерде соғыс жүргізу тәсілі екі түрде болатын. Бірі жауын қапыда бас салу да, екіншісі қан майданда бетпе-бет кеп ашық ұрысу. Мұндай жағдайда ең алдымен жер белгіленіп, майдан ортасына батырлар жекпе-жек шығып ұрысады. Екі жақтан жекпе-жекке шыққан батырларға ешкім болыспайды. Қайсысының күші басым болса, сол жеңеді. Кейде жекпе-жек айқас екі жақтан батырлар табылғанша созылады. Кейде жекпе-жекке шыдай алмай, жаудың бір жағы ат қойып, ұрыс ашып жібереді. Бұл үлкен айып болып саналады. Артынан бітімге келгенде бұл кінә еске алынады.
Қарашың батыр қара арғымағының үстіне анандайдан қара шындай боп майдан ортасына кеп, айбарлы үнмен айқай салды.
— Шық бері жекпе-жекке! Жаныңнан безген қайсың барсың!
— Мен бармын! — деді Қамбар батыр астындағы қара сирақ тұлпарын тебіне түсіп, алға қарай ұмтыла беріп.
— Тоқта! — деп ақырып жіберді дәл осы сәтте шудалары жерге түскен аппақ бураның үстінде отырған Бұрындық. — Жол менікі! Аға тұрғанда іні алға шықпас болар!
Аға бұйрығына іні көну — қазақтың көне салты. Қамбар батыр атын кенет тежеп тоқтай қалды.
Бұрындық көлденеңі мен ұзындығы бірдей төртпақ келген, қолдары кескен томардай, шойын денелі балуан жігіт. Басы шарадай, қара сұр, жуан қара мұртын Ғазірет Ғалидай екі құлағына апарып іліп қоятын. Түнде көрген адамның жүрегі жарылатындай түсі суық. Бала жасынан сотқар, соғыс құмар. Оның жауымен ұрысқанда ең жақсы көретіні — ақ бурасына мініп алып жеке шығу.
Ақ бураны ол бота күнінен жауға салып үйреткен. Өзі де өзге буралардан анағұрлым биік. Шапқанда жылқы баласының ілуде біреуі ғана ілесе алады. Бұрындықтың көркі осы ақ бурамен. Әсіресе атты адамды көрсе жыны бар. Ат үстінен аузымен жұлып алып, табанының астына салып, тарпып тастауға мықтап төселген. Кейде жерге құлаған батырдың үстіне шөге қалады да астындағы адамның сүйегін бытырлата сындырып, мылжа-мылжасын шығармай үстінен тұрмайды. Жекпе-жек шыққан батырдың үстінен Бұрындық екі құлаш қайың шоқпарымен қос қолдап ұрса, бұл жерге құлаған батырды жаныштап тарпып өлтіреді. Мұндай астындағы бурасы мен үстіндегі батыры қатар қимылдайтын жаудан жекпе-жек шыққан адамның күні бұрын зәре-құты қалмайтын. Оның үстіне ақ бура Бұрындықтың жауына қандай тәсіл құратынын алдын ала ақылдасып қойғандай, жауға шапқаннан-ақ үстіндегі батыр ыңғайына қарай көшетін. Тарпитын жерінде тарпитын, тістейтін жерінде тістейтін. Ал Бұрындық егер жауын құр аттан түсіріп кететін ойы болса, ақ бура ашуға мінбейтін, тек үстіндегі батырдың әуеніне қарай қимылдап, дегеніне көне беретін. Бұрындық ақ бурасына мініп жауға қарсы шықса жұрт «Тентек қара жынына мінді, енді жолымыз болар» дейтін.
Бұрындық міне осы ақ бурасына мініп, Қарашыңға жекпе-жекке шықпақ! Ал Қарашыңның қандай батыр екені жұртқа аян. Оң қолымен өзіне қарсы сілтенген сойыл шоқпардан қорғана білсе, сол қолындағы жүзі ұстарадай сала құлаш алдаспанымен жауының астындағы тұлпардың мойнын қағып тастайтын әдеті. Бұған тек ұрысқанда дәл осындай тәсілі бар, қара сирақ атты Қамбар батыр ғана төтеп береді. Және қара сирақ тұлпардың мойын тұсы кереге көз шынжыр сауытпен торланған. Ал ақ бура қанша айбарлы болғанмен де, сауыт жабылған тұлпар емес, сілтегені мүлт кетпейтін Қарашың батыр оның сидиған мойынынан басын бір-ақ қағып түсіруі мүмкін. Жоқ, бұл жекпе-жек айқасқа Қамбар батыр жөн еді.
Бұрындықтың Қарашың батырға қарсы шықпасқа лажы жоқ-ты. Оған деген елінің кегінен де бөтен, өзінің де кешпес өшпендігі бар.
Қарашыңның Тоқтар-Бегім деген қарындасы болатын. Көгал шөптің арасында жалғыз өскен қызғалдақтай, басқа қыздармен келе жатса анандайдан көзге түсер көркем. Оның үстіне ағасы Қарашың Әбілқайырдың аса бір ардақты батыры болғандықтан, анау-мынау адамды менсінбейтін тәкаппар, өр мінезді де, Бұрындық осы қызға Әбілқайыр қол астында жүрген кезінде ғашық болған. Қыз онда он үш жасар-ды. Бұрындық оған көңіл қосайық деп жеңгетай салған. Қыз: «Кескен томар секілді Бұрындық менің теңім емес», — деп жауап берген. Намысқа шапқан Бұрындық әкесі Керей сұлтан арқылы «қарындасын маған тоқалдыққа берсін» деп Қарашыңға құдалар жіберген. Әбілқайыр хан мен Жәнібек, Керей сұлтандардың арасының нашар екенін білетін Қарашың: «Қарындасымды Ташкенттің бір бекзадасы айттырып қойған» деп бермеген. Артынан, Жәнібек пен Керей Әбілқайырдан бөлініп көшіп кеткеннен кейін, осы Тоқтар-Бегімді өзінің қарамағындағы қыз ұнатқан бір жас батырға қосқан.
Осыған өшіккен Бұрындық: «Қап, бәлем Қарашың, қан майданда бір кездесерсің!» деп жүргенінде мына айқас дөп келді. Бұрындықтың көктен сұрағаны жерден табылды. Кекшіл батыр мұндайда өш алмай бұғып қала алар ма! Қамбар батырды тоқтата сап, өзі ақ бураны тебініп қап «шу!» деді.
Сала құлаш мойнын төмен тастап жіберіп, шудалары желкілдеп, аузынан көбік атып ақ бура тайраңдай шаба жөнелді. Өзіне қарсы түйелі Бұрындықтың шыққанын көріп Қарашың да ұмтылды. Бұл алыптардың айқасы еді. Бір жағында қара жартастай қара арғымақ мінген Қарашың. Екінші жағында көбік шашқан ақ бура мінген, айдалаға отырғызып қойған балбала тәрізді абажадай Бұрындық. Жұрт мұндай алып денелі батырлардың айқасының немен тынарын білмей, демдерін іштерінен алып жым-жырт тына қалған.
Астындағы қара арғымағын құйындата шауып келе жатқан Қарашың батыр оң қолындағы шоқпарын ыңғайлай үйіріп, жауына таяй беріп, шоқпарын сілтейтін Бұрындықтың қолынан еш қару көре алмай, сәл абыржи қалды. Ананың қолында әдеттегідей не шоқпар, не сойыл жоқ екен. «Бұ қалай?» деді ол ішінен, сөйтті де сол қолындағы ақ алмас алдаспанын көтере берді. Ақ бура қылыш сілтеу жерге таяса болғаны, ирелеңдеген мойнын ұшырып түсірмек! Бірақ бұл ойына жете алмады. Ақ бурасын еңкілдете шауып келе жатқан Бұрындық, он қадамдай жерге таянғанда, түйенің тасасында оң қолында ұстаған қыл арқанын сумаң еткізіп Қарашыңға қарай лақтырып жіберді де, сол шапқан бойы тоқталмастан орағыта бұрылып, өз тобына қарай ананы ат-матымен сүйрете жөнелді. Қарашың мойнына түскен қыл арқанды алдаспанмен шауып түсіруге де үлгермей қалды. Алдаспанын сілтегенше шауып келе жатқан екпінімен Қарашыңды кейін тартқан қыл арқан заматта тынысын тарылтып, аттың артына қарай аударып әкетті. Бірақ ер үстінен сырғып кетпес үшін, қарасанынан мықтап шырмаған қыл шылбыр жібермеді. Үзеңгіден аяғын суырып ала алмады. Кенет кейін қарай кілт тартқан күшке шыдай алмай барып жерге күрс етті. Қыл арқанды тақымынан өткізіп, ақ бураның алдыңғы өркешіне байлаған Бұрындық ай-шайға қарамай, орағыта, өз тобына көкпар алған адамдай «Аруақ! Аруақ!» деп айқайлай шапты. Басына киген тор дулығасының етегі алқымына түскен қыл арқанның мойнын жұлып әкетпеуіне себеп болған Қарашың батыр, екі қолымен жанталасып жерді сыйпай, ат-матымен сүйретіле жөнелді. Осының бәрі көзді ашып-жұмғандай уақытта өтті. Алып күш алыптығын көрсетті. Шапқан бойы Бұрындық өз шебіне жеткенде, үзіліп кеткен ер-мерімен шұбатыла сүйретіліп келе жатқан Қарашыңның жаны аузына келіп, енді шығуға таяу еді. Қарашың құлаған жерге таяу тұрған Қасым атынан секіріп түсіп, қыл арқанды наркескенімен орып жіберді.
Бұрыннан да қазақ жағының күші басым екенін байқап, жүрегі дауаламай тұрған Шайх-Хайдар, бас батыры Қарашыңның мұндай апатқа ұшырағанын көріп, енді шыдай алмады, атының басын бұрып алып кейін қарай шапты. Құбыжықтан машайық қашқан, қолбасшыларының өзі атын кейін бұрғасын, жауынгерлері де соңынан ерді. Қарашыңның әлегімен сәл көңілдері басқа жаққа ауған қазақ батырлары, жауының жапа-тармағай кейін шегініп бара жатқанын көріп, лап қойды. Бірақ ақ бөкенге екі ырғып жететін ақалтеке, теке жаумыттар бұларды қарасына да ілдірмеді. Қобыланды, Қамбар батыр секілді шапқанда аузымен құс ілетін тұлпарлары бар он шақты батырлар ғана соңдарынан қуып жетіп, жүзге таяу адамын сойылға жығып түсірді. Қалғаны ұзай берді. Бұдан әрі қуу қажет емес деп түсінген өзге батырлар атының басын тартқанмен, қызып алған алуан күштің иесі Қобыланды батыр тоқтай алмады. Жеткен жігіттерін тірсектен сойылмен бір ұрып, жерге құлатып, жау соңынан қуа түсті. Қобыландының жалғыз шауып келе жатқанын көрген сұлжық түрікменнің елу шақты сойылкер батыр жігіттері кенет аттарының басын кейін бұрып Қобыландыға қарай ат қойды. Жан-жағынан қоршап, ортаға ап қыса бастады. Көкжал қасқыр қанша арлан болғанменен, жан-жағынан жұлқылай түскен өзіндей кілең көк бөріге не істей алады? Қобыландының да халі осы көкжал қасқырдай еді. Қанша алысқанмен де көпке топырақ шаша ала ма, күші де баяғы жас кезіндегідей емес. Енді ажалдың таяу қалғанына көзі жетті. Дегенмен күші азая бастаса да, ол сойылын оңды-солды сілтеп, қасына жауын тақа жуытпай тұр. Бірақ бұл алыс ұзаққа бара ма? Ол анда-санда арт жағына қарап қояды. «Көп кешікпей өзі оралар» деп ойлаған серіктері мұны іздеп келе қоймады. Хал мүшкілге айналды. Қарашыңды жауына түсіртіп алған сұлжықтар, оның орнына Қобыландыны байлап әкетпек болды. Олар асау ұстаған жігіттердей, жан-жақтарынан қоршап, арқандарын Қобыландының мойнына лақтыруға ыңғайлана берді. Қалжырауға айналған Қобыланды енді өзінен дәрмен кетіп бара жатқанын түсінді. Намыстан да жан тәтті. Қобыланды батыр бір мезет атының басын кейін бұрып, қоршауды бұзып шығып, қашып құтылмақ болды. Көксеңгірдің ұрпағы Киіккетпес тұлпарын тебініп қап, жау шебін үзбек боп кейін шапты. Қобыландының айбарынан сескенген жігіттер қақ айырылды. Қобыланды орталарынан зырғытып өте берді. Бірақ өте алмады, екі жағынан лақтырған арқан мойнынан бірдей түсті. Ырғи жөнелген Киіккетпестің үстінен сыпырып жерге дүңк еткізді. Аспан-көк шыр айналып кетті. Құлап бара жатқанында құлағына жеткені ат дүбірлері мен «Ақжол! Ақжол!» деген айқай ғана еді. Ар жағында не болғанын өзі де білмеді. Тек көзін ашып, есін жиып, орнынан ақырын түрегелгенінде, алдында күлімсіреп қарап тұрған жас жігіт пен алтын зерлі жұмсақ сауыт киген, құралай көз сұлу келіншекті көрді. Арада сегіз жыл өтсе де, бұл екеуін Қобыланды бірден таныды. Шатыраштанып жасыл төккен мырза қарағай тәрізді сұңғақ бойлы сымбатты жігіт батыр Саян болатын. Ал қасындағы келіншек, оның жұбайы Әбілқайырдың туған қызы Гүлбаһрам-Сұлтан-Бегім еді.
Батыр Саян баяғы Сейхун дарияның жағасында Әбілқайырды жолбарыстан аман алып қалғаннан кейін, өзі секілді күштілерден қорлық көрген жүзге тарта батыр жігіттерді жинап, аламан болып кеткен. Сейхун мен Жейхунның арасында қасқырдай жортқан. Талай шонжарлардың малын шауып, Мауреннахр мен Түркістан арасында көшкен сан саудагерлердің керуенін тонаған. Ақырында Жетіқоңыр маңайында қазақ рулары бас қосып жатыр дегенді естіген. Енді аламандықты тастап, бір кезде өзін өлімнен құтқарған нағашы жұртына қосылмақ боп, қасындағы жүзге таяу серіктерімен, бес жасар баласын алдына отырғызып, Гүлбаһрам-Сұлтан-Бегім сұлуын ертіп жолға шыққан. Құмға өскен қалың сексеуіл арасында келе жатып, Қобыланды батырды қоршаған сұлжық түрікмендердің жігіттерін көрген. Қобыландыны аналар аттан құлатып, байлап жатқан кездерінде Арғынның ұраны «Ақжолдап!» айқайлап, шабуыл салған. Қазақтың көп сыпайлары жетіп қалған екен деп ойлаған сұлжықтар, қарсыласуға батылдары бармай, Қобыландыны тастап қашқан. Өздері жолаушылап алыстан талып келе жатқан батыр Саян жігіттері оларды қумаған.
Гүлбаһрамды көріп кәрі жүрек тағы толқып кетсе де, Қобыланды батыр өзін-өзі ақылмен тоқтатты. Бір кезде өзі өлімге қиған батыры, енді бұны ажалдан алып қалғанын түсініп, күрт өзгерді. «Қоянды — қамыс, ерді намыс өлтірер» болса, да батырдың аңғал бір ұрт мінезіне салып Қобыланды намысын жеңді.
— Қарағым, батыр Саян, ер шекіспей бекіспейді. Сен екеуміз шекістік. Айып менен, — деді. — Егер сен кешірсең, арамызда болған оқиғаны мен кешірдім.
— Мен де кешірдім, —. деді батыр Саян күлімсіреп бірінші боп қол беріп.
Қобыланды батыр Саянның топ аламанын ертіп Хан Ордасына қайта келгеннен кейін Жәнібек ханның жарлығы бойынша, хан кеңесінің аз күнге мәжілісі тоқталып, жігіттердің жау қашырған құрметіне үш күн, үш түн той істеді. Дәл осы кезде Қырымды аралап Асан Қайғы жырау оралды. Бастығы Жәнібек боп бүкіл қазақтың ардақты батыр, биі қарт ақынды кілемге көтеріп қарсы алды. Өзіне арналып ақ орда тігіп, ту бие сойылды. Той үстіне той болды.
Осы тойдың нағыз қызып жатқан шағында, бір өліп тірілген, қараша күркеде сирағы сыртқа шығып шынжырлаулы жатқан Қарашың батырға Бұрындық келді.
— Қарашың батыр, — деді ол айтайын деген сөзіне бірден кірісіп. — Егер жаныңды сауға етіп, еліңе жіберсін десең менің шартымды орында.
— Қандай шарт?
— Тоқтар-Бегім сұлуыңды маған тоқалдыққа бересің. Сонда босатам.
— Ау, оның байы бар емес пе? Және былтыр бөпелі болған.
— Байынан айыр. Баласын байына қалдыр, не өзің асыра. Шешесін маған бер.
— Бұл мұсылманның сөзі емес.
— Сенің қарындасыңа мен мұсылман емеспін. Өзінің қылығына қарай кәпірмін.
— Жоқ, Мұқамет пайғамбардың дініне қарсы болар күнәға мен бара алмаймын. Одан да менің басымды ал.
— Маған сенің басың емес, қарындасың керек.
Бұрындық ертеңінде де, арғы күні де келді. Есіл-дерті кеше өзін менсінбеген Тоқтар-Бегімді қатын етіп, өшін алу болды. Қарашыңның «Тоқтар-Бегімнен де сұлу тағы бір қарындасым, екі қызым бар. Соның бірін ал» дегеніне көнбей қойды. «Не өзіңнің қанынды ішем, не Тоқтар-Бегімді қатын қылам деді, қаныңды бірақ асықпай ішем, күніне бір қасықтан ғана ұрттаймын».
Түбі құтыла алмайтынын білген Қарашың ақырында еліне, аға-інілеріне кісі жіберді. Тоқтар-Бегімді Бұрындыққа тоқалдыққа беріп, өзін құтқаруды сұрады. «Құдыс батыр Тоқтар-Бегімнің сіңлісі Ажар бике мен өзімнің екі қызымның таңдағанын алсын», — деді.
Шайх-Хайдардың жорығы тек Бұрындық сұлтанның ғана мұратына жеткізіп қойған жоқ, бүкіл қазақ руларының мұратына жетуіне себепкер болды. Жиналған батыр, билер енді қазақ руларының сөзсіз бірігуі керек екенін, егер бірікпесе Әбілқайыр хан, не басқа бір хан оп-оңай құл ететінін ұқты. Хан кеңесі қайтадан мәжіліске отырды. Барлығы келешекте үш жүзге бөлініп, бір ханға бағынуды мақұлдасты. Іштей наразы болғанмен де, Темір би де бұған сырттай қарсы болмады. Ұлы жүзге — аға рулар Үйсін, Дулат, Жалайыр, Орта жүзге жер ыңғайына, әдет-ғұрпы, салтына қарай Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ, Тарақты. Кіші жүзге Еділ мен Жайық бойын жайлаған Алшын, Байұлы, Әлімұлы, Жетіру кірсін десті. Бірақ бұл үш жүзге бөліну мәселесі бұ жолы аяқталмады. Арада талай толқу болды. Тек осы мәжілістен алпыс жыл өткеннен кейін, Қасым ханның баласы Хақназар ханның кезінде ғана бүкіл қазақ рулары ақырғы бітімге келді. Үш жүз боп үш орда тікті. Ал, ол жолы күрделі басқа бір мәселе шешілді. Халық ақсақалы Асан Қайғы әр рудың белгісі етіп таңба үлестірді.
— Үйсіннен шыққан бабамыз Майқы би Шыңғысханның кезінде-ақ — деді саудыраған жағын жібек орамалмен таңып алған қарт жырау. — Қазақ деген атты ту етіп көтерген екен, Үйсін руының таңбасы жалау болсын.
Отырғандар бір ауыздан дұрыс деп мақұлдасты. Хан төлеңгітінің бір зергер жігіті қолына балға мен тескіш алып Қаратұздың күңгірт нұрасына жалау белгісін түсірді.
— Жер аймағының айналасы алты айлық, — деді Асан Қайғы сәл жұмылып кеткен көзін ашып. — От ортасында қалың Арғын елі... Арғынатаның белгісі көз десем көңілім көншігер.
Отырғандар бір дауыстан тағы да дұрыс деді. Шебер тағы да қолына балғасы мен тескішін алды.
Халқымызға жау тисе ең алдыменен атқа қонған жау жүрек Қыпшаққа айбалтаны таңба етелік — деді қарт жырау.
Осылай дәлелдермен Асан Қайғы қазақтың сол кездегі басты қырық руына таңба үлестірді. Бұл қырық таңба сол күні Нұраның Қаратұзының жарына түсірілді. Халық бұл жерді сол күннен бастап Нұраның таңбалығы деп атады. Асан Қайғы батасын беріп, ертеңіне Жәнібекті боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, қайтадан бар қазаққа хан сайлады. Содан кейін барып келесі жаз шыға, қалың қол жинап Орысханның кезінде Ақ Орданың астанасы болған Сығанақтан бастап бүкіл Түркістан жерін жаулап алмақ болып, уәделесіп, ру бастықтары тарасты. «Басымыз бірігіп ел болдық, хан көтердік» деген ру біткеннің игі жақсылары, қараша адамдары мәз-мейрам еді. Тек Алшын адамдарын басқарып келген Темір би ғана қабағын ашпады. Оның қабағы өле-өлгенше ашылмай кетті. Ол соңынан Жәнібектің үшінші баласы Қасым хан бүкіл Дешті Қыпшақ жерін алып, Еділ, Жайық бойындағы Кіші жүздің бар руларын өзіне ақылмен бағындырғанын көзімен көре алмады. Бұл кезде Темір би дүние салған. Бірақ тірісінде де қарсы күресуге дәрмені жетпеді, өйткені бар қазақ ел болып бас қосуды тілеген.
Үш күннен кейін Хан Ордасы Шу, Сарысу бойындағы қыстауына қарай көшті. Бұрындық сұлтан Талас етегіндегі қыстауына келіп қонған күні, Тоқтар-Бегімді алып Қарашың батырдың аға-інілері келді.
Қарындасын баласы мен ерінен айырып Бұрындыққа тоқалдыққа беріп, өз басына еркіндік алып, Қарашың батыр еліне қайтты. Бірақ Бұрындыққа деген өле-өлгенше өшпейтін кегін жүрегінде ала кетті.
Сол күні кешке Бұрындық жас тоқалы Тоқтар-Бегімге арнап тігілген ақ отауға келді. Үй ішіне шұлғауының шуаш иісін мүңкіте, жуан қоныш саптама етігін шешіп жатып, түрулі шымылдықтың ішінде, ақ мамық құс төсектің үстінде отырған, сазды жердің сары ағашындай, нәзік денелі жас тоқалына көз қиығын аударды.
Оның сұп-сұр болып қатуланып кеткен жүзінен, өзін жек көретінін жасырмай жалын атқан ашулы көз қарасынан, сүйіп қосылған байы мен бауыр етінен де тәтті екі жасар баласынан айырған Бұрындықтың күнәсін еш уақытта кешірмейтінін білді. Сұлтан ләм-мим демей, қолын созып, күміс бақан жанында отырған үкідей тарғыл мысықты ұстай алды. Кенет мысықтың «шар» еткізіп мойнын бұрап үзіп жіберді де, заматта қолын қол, бұтын бұт етіп, жұлып-жұлып быт-шытын шығарып, түндіктен сыртқа лақтырып жіберді. «Егер айтқаныма көнбесең, сені де өстем!» дегендей ол Тоқтар-Бегімге кайта қарады. Жаңа ғана шатынап отырған тоқалы «түсіндім» дегендей, Бұрындықтың бетіне көзін тоқтата алмай, төмен түсірді. Сұлтан езу тартып сәл күлімсіреді.
Сырт киімін шешіп тастап, бір төбе тастай боп ақ мамықтың үстіне барып отырды. Талдырмаш денесінің бір жерін ауыртып алармын деп қорықпай, добалдай қолдарымен жас тоқалының үзіліп кетуге таяу тұрған аш белінен айқара құшақтап, бауырына алып қысып, сәл уақыт үнсіз тына қалды.
— Егер жақсы қатын бола алсаң, өткен күнәңнің бәрін де кешірем, — деді ол, сөйтті де жас тоқалын құшақтаған қалпында ақ мамықтың үстіне жантая берді.
Бір жыл өткен соң осы тоқалынан, кейін Қасым ханнан қашып барғанында пана берген, Самарқант ханы Мұхамед-Шайбанидың кіші інісі Мұхамед-Темірханның әйелі болған Жауһар-Бике деген қыз туды.
III
Келесі жазда Жәнібек уәделескен әскерлердің келуін күтіп Арқаға көшпей қалды. Бірақ күткен әскері келмеді. Жайық, Еділ, Жем бойын жайлаған Кіші жүздің ойы жаңа құрылған қазақ хандығына өз үлесін қосу болса да, оның осы жазда ар жағындағы Ноғай Ордасы мен Қазан хандығының дүрбелеңі көбейіп кетіп, өз жер-суын қорғаудан қолы босамай, небары бес жүз жігіт жіберген. Бірақ бұл келгендер садақ таңбалы Адайдың батыр жігіттері еді. Торғай, Ор өзендерін жайлаған Қыпшақтар да жарытып жасақ жібере алмады. Қобыланды батыр қыс бойы төсек тартып науқастанып, қарамағындағы елді басқара алмады. Соның салдарынан жұрт өзі қызығын көрмеген хандықтың болашағына жөнді мән бермеді. Расында сонау дүниенің бір шетіндегі Еділ, Жайық, Торғай бойында жатқан қазақ руларын Шу мен Сарысуға келіп, Түркістанды жаулауға шық деу үстірт қараған адамға қиын тілек еді. Алайда таяу тұрған Қазан, Ноғай, Қырым хандарына бағынудан гөрі, Еділ, Жайық бойын жайлаған рулар, алыс болса да, ғасырлар бойы жауларына бірге аттанған, тілі, тағдыры, шаруашылығы бір қазақ хандығына қосылуды таңдаған.
Жалғыз алыстағы Кіші жүзден ғана емес, өзіне тон Арғын, Найман да бұл жолы мол әскер шығарған жоқ. Мұндай жағдай Арғын, Найман билерінің өзара ала ауыздығынан туған-ды. Сол жылы көктемде тоқсанға келіп отырған Арғын би дүние салған. Арғынның ардақты көсемін қоюға бұл рудың игі жақсылары жиналған. Қаралы қазаға көңіл айтуға, сонау Қорасаннан бірнеше күн жол шегіп, Хорезм уәлиетінің өмірі Сұлтан Хусаин мырза келген. Сұлтан Хусаин әмір ол күндегі Арғын руынан шыққан атақты адамның бірі болатын. Аталары Иранның шахы Құлағудың бас басқақтары болып бүкіл Шығысқа аты шықса, өзі Қаракөлдің өмірі тағына отырып, Хорезм уәлиетін басқарды. Сұлтан Хусаин әмір Арғын би еліне тарту-таралғысымен бірге, ел бірлігін бұзар арам ойын да ала келді. «Жәнібек хан үшін Арғын руының Түркістанды аламын деп қырылуының қажеті жоқ. Егер қысы-жазы малдарыңа жайылым болатын жер іздесеңдер, Қорасанға көшіңдер, кең өріс, мол қоныс берем. Сауда-саттығыңа да қолайлы. Ар жағында Ирак, Иран, Ауғанстан да алыс емес» деді ол қырқын беруге жиналған Арғынның би, батырларына. Арғын руы Арғынаты тауынан асып көшпегенімен де ел басы — Арғын биінен айырылған жұрт судай толқып, сеңдей соғылысты. Осындай бәтуасыздықтың арқасында Есіл, Тобыл бойындағы түпкі Арғын руы жартымды бәлендей жасақ бере алмады. Ал, Найман, Керей болса, бұ жылы өзіне Амансанджи тайшының кезекті шабуылына қарсы шығудан қолы босамады. Бұл шабуылға қатыспайтын Мауреннахр жеріндегі Керей, Наймандар Әбілқайырдың сенімді адамдарының бірі Қожа-Уали бектің айтқанынан асып кетпеді.
Міне, осындай халге ұшыраған Найман мен Керейдің де Жәнібекке ойдағыдай көмек көрсету қолынан келмеді.
Ақырында Жәнібек хан өзіне еріп көшіп жүрген үш жүз мың шаңырақ Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Үйсін, Уақ және Бестаңбалы руларынан отыз мыңдай ғана әскер жинай алды. Мұндай әскермен кімді шабады? Бұл кезде бір Әбілқайырдың өзінде жүз мың атты әскер бар. Ал, елінің шетіне күнде тиіп отырған Қытайда, Торғауытта қанша күш бар екені кімге мәлім? Күншығысы мен оңтүстігі мұндай ауыр жағдайда болғанда, күнбатысы мен терістігі жетісіп тұр ма? Құбыласында Жошы ханның бір бұтағы Астрахань мен Ноғайлы хандарында қанша қол бар? Ар жағында Қырым ханы атақты Меңдігерей мен Қазан ханы Ибрагимның елі тұр. Бұлардың бәрі де Дешті Қыпшаққа дос емес. Ал Жәнібек болса отыз мың әскермен аузынан жалыны атқан Әбілқайырдан Түркістанды тартып алмақ. Жоқ, Жәнібек, сен өзіңнен күшті арыстанмен алысқың келсе, ең алдыменен бел омыртқаңның үзіліп мерт болмайтын жағыңды ойлауың ақыл. Ал мұратқа жетудің екі жолы бар. Бірі — күшің қазір шағын екен, онда өзің секілді Әбілқайырға қастардың басын қосып, майданға солармен бірге шық. Әрине бұл оңайға түспейді, бірақ қайткенмен де құм жиылып тас болуға тиісті. Ал екінші жолы — Әбілқайырмен алыспастан бұрын әбден күшейіп алуың шарт. Мұның да жалғыз жолы бар. Ол бүкіл Дәшті Қыпшақты өзіңе бағындырып, жылқыдай жусатып, қойдай өргізуің керек. Бұл екеуінсіз Көк Орда ханының жерін тартып алу қолыңнан келмейді.
Ал қас дегенде Әбілқайырға қас кім бар? Әрине ең алдыменен өз тұқымы Сайбаннан тараған Қожа-Мұхамед ханның немересі, Махмудек ханның баласы Айбақ хан. Жатса-тұрса ойы Әбілқайырдың орнын басу. Содан кейін Әбілқайырға еріксіз көнген Маңғыт руынан шыққан Ақсақ Темір Ордасының әмірлері Аббас бек, Мұса бек, Жаңбыршы бек, Моғол Сұлтан-Махмуд хан, Жақия, Хайдар бектер.
Әрине, осы күштің бәрі жиналса, оған Жағатай ұрпағы Сұлтан-Махмұд ханның інісі, Кішік Мұхамедтің баласы Ахмет ханның әскерін қосса бір Әбілқайырға күштерінің жететінінде сөз жоқ. Бірақ бұлардың бірде-біреуіне сенуге болмайды. Өз пайдасына қарай, оп-оңай сатып кетулері даусыз. Күшті болғың келсе баяғы бар Дешті Қыпшақты тегіс қолыңа алуың мақсат. Өз іргең сөгілмей, берік отыра алатын күйге жетсең, қандай жаумен болса да алыса аласың.
Осындай шешімге келген Жәнібек енді бүкіл қазақ руларын өзіне бағындыру әрекетіне кіріскен.
Қарамағындағы қазақ руларын хан Ордасы шығыны мен әскер ұстау үшін алым-салық, қаржы-қаражат төлейтін етіп әбден бағындырғанша тағы жыл жарым өтті. Бірақ осы жыл-жарым қандай қиыншылыққа түсті! Дастарқанға төгілген бауырсақтай жайылып, жапан түзде біресе солтүстікке, біресе оңтүстікке бытырап көшіп жүрген қазақты ел етіп біріктіру үшін қаншама тәсіл, қаншама күш қолданылмады! Кейбір ауа жайылған, тек өз дегеніне болмаса ештеңеге көнбейтін кесір, тоң мойын ру бастықтарын ат құйрығына байлап құрбан етуге де барған жоқ па! Бері көш десе, әрі көшкен ауылдардың басына хан нөкерлері сырық ойнатып, сырмағын жүндей түтті емес пе? Қаншама мал барымталанып алынды! Қаншама ел ата мекен жерін тастап, жаңа қонысқа қонды!
Жәнібек осының бәрін неге істеді. Бұлай ету оған оңайға түсті ме? Сол үшін де Қотан қарт өлер алдында:
«Жәнібектің сырты ғана күлкі-әзілді паш еткен.
Мезгілі көп оңаша қап жас төккен» —
деп бекер айтқан ба? Ал сонда өз елін өзі қанға бояғаны жөн бе? Бұл Жәнібекке қатты батты. Кей күні құса боп, төсек тартып жатып та қалады. Өз бетімен тағы болып өскен руларды айтқанына көндіре алмай, кейде тарығатын да, тіпті бағзы бір жағдайда соңынан ерген аяулы адамдардың орынсыз қылығына жаны күйіп, оңашада қалың қайғыға беріледі. Бірақ хан Жәнібек бір хадисті жақсы түсінетін. Тоғай арасында өскен күйкі шөп малға ас болмайды. Ал қыршын, қопа арасындағы шытыр, көкпек малды тек апатқа ұшыратады. Сол себепті ел бірлігіне кесірі тиетін жанды Жәнібек өз аузынан үкім айтып, дарға астырса өкінбейді, мұндайда ол табансыздық көрсетпейді. Өйткені үлкен арман құрбандықсыз орындалмайды — бұл ханға да белгілі қағида. Осындай қатаң саясаттың арқасында Жәнібек далиып жатқан Дәшті Қыпшақ даласын тегіс өзіне қаратпақ болды. Содан кейін барып ол қазақ хандығына Түркістан өлкесі мен Еділ өзенінің бойындағы Кіші жүздің асау руларын бағындырсам деген ізгі мұратына кірісуді ойлады.
Мұндай шешімге келген Жәнібек, ең алдымен өз ойын ағасы Керей балалары мен өз балаларының таразысына салмақ. «Бар ауыр қанды жорықты қай тұстан бастау керек? Күншығыстан ба, күнбатыстан ба?»
Жошы ұрпағы, Бадықтан туған Орыс ханның жеті ұлы болған; Тоқты-Қия, Құтлық-Бұғы, Тұғылық-Болат, Құйыршық, Тоқта-Болат, Сейдахмет, Сейтәлі.
Тоқты-Қиядан — Болат, Болаттан — Керей.
Құйыршықтан — Барақ хан, Барақ ханнан — Жәнібек.
Сөйтіп Жәнібек пен Керей бір атадан шөбере туыс.
Керейдің төрт баласы бар: Бұрындық, Шайхым, Санджор-Жақан, Жақан-Бахты.
Жәнібек ханнан тоғыз бала: Жиренше, Махмұт, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Тыныш, Ұснақ, Жәдік.
Шөбере туыс Керей мен Жәнібектен тараған осыншама баладан ата жолын қуып жауға шабар әке жолын қуып баққа таласары алтау. Керейден —Бұрындық, Жәнібектен — Махмұт, Қасым, Қамбар, Әдік, Жәдік.
Қазақ ханының тағына ие болар деп Жәнібектің әсіресе үміттенері Қасым. Қасым қазір жиырма алтыда. Ұзын бойлы, кең жаурын, қара торы пішінді жігіт.
Қалың қабағының астынан үлкен қоңыр көзі адамға әрқашан да ойлана қарайды. Он бесінен көкпарға, күреске түскен. Әзірге жамбасы жерге тимеген балуан. Жау жүректігі мен ақылдылығына қарап, хан болуға лайық, әрқашанда сабырлы деп ойлайтын Жәнібек. Қасымды ханның өзге балаларынан артық көрер тағы бір себебі бар. Қасымның шешесі Жаған-бике Жәнібектің жеті қатынының ішінде ең жақсы көрер бәйбішесі. Одан туған бала да ханға ерекше ыстық. Жағанды Жәнібек құр ғана жақсы көрмейді, оныменен санасады, ерекше сыйлайды. Ал Әбілқайыр ханның келіні, Шах-Будақтың әйелі Аққозы-бике Жағанның туған апасы. Аққозы мен Жаған Алтын ханда көшпелі Керей руының белгілі батыры Домбалықтың апалы-сіңлілі қызы. Жағаннан Қасым туса, Аққозыдан Әбілқайыр ханның ең жақсы көрер немерелері, соңынан бүкіл Орта Азияны жаулап алған Мұхамед-Шайбани хан мен Махмуд-Сұлтан туған.
Әбілқайыр мен Жәнібектің арасындағы қанды ұрысты өшпендікке қарамай, кезінде бүкіл Шығысқа аттары шыққан қос сұлу Жаған мен Аққозы біріне-бірі тарту, таралғы, кісі жіберіп сыйласып тұрған. Аралары балдан тәтті тату. Оның үстіне Қасым да, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан да Шыңғыс әулетіне жатпайтын, шешелерінің айтқандарын екі етпейтін мінез көрсеткен. Бұл әрине балаларын жастайынан өздерін сыйлайтын етіп өсірген аналарының қасиеттерінен туған ерекшелік.
Қасымның осындай жағдайын білетін Жәнібек, баласымен әңгімелескенде әрқашанда бәйбішесі Жағанды ала отыратын. Ал Жәнібек соңғы кезде Қасыммен жиі кездесетін болды. Оған себеп — ханның өзге ақылгөй үзеңгілес би, батыр серіктерінен гөрі, Қасымның қиын мәселелерде әкесіне анағұрлым дұрыс кеңес беруінен еді.
Күндегі әдеті бойынша, шаңқай түс шамасында хан Ордадан шығып, бәйбішесі Жағанның оқшаулау тігілген, шағаладай аппақ екі кигіз үйден кіндіктесе көтерілген ақ ордасына беттеді. Бұл кез көктем бітіп, жаз жадырай бастаған мезгіл еді. Хан Ордасы Сарысудан Ұлытау етегіне көшіп келген. Әлем сандықтан күн көзіне алып шыққан жанат ішіктей құлпырады. Жаңа көтерілген көк балауса жасыл шалғын көкірегіңді жарғандай жұпар аңқиды. Тау қойнауынан төмен қарай сарылдай аққан мұздай бұлақтардың мөлдір суы күн сәулесімен шағылысып, жерге тастаған күміс белбеудей жалт-жұлт етеді. Бұлақ жағаларында бұйралана өскен құба талдың басына қонып алып, бұлбұл құстар не бір тәтті әуенге сап ән шырқайды. Жәнібек әлемнің осынау бір ғажайып суретіне сұстана қарап сәл кідірді де, ақ орданың есігін ашты. Ханның келетінін күтіп, үйдің ортасындағы қызғалдақтай кілем үстінде алтын шарадағы уыз қымызды сапырып отырған Жаған түрегеліп, иіліп сәлем етті.
— Арсың ба, Жаған бикем?
— Барсың ба, хан ием.
Есік алдына күмістенген кебісін тастап жатып, хан әйеліне сұқтана қарады. Жаған қара торының сұлуы еді. Сұңғақ бойлы, оймақ ауыз, көген көз. Екі бала тапса да қыпша белі әлі де жіп-жіңішке. Қақтаған алтыннан жасалған ауыр шолпысы жерге тартып тұрғандай, білектей етіп өрген қос бұрымының ұшы шұбатылып кілем үстінде жатыр. Меруертпен шытырмалап, гауһар таспен безеген қызыл мауыты сәукелесі, аш белін қынаған алтын оқалы қызыл барқыт камзолының түсін ашқандай жарасып тұр. Жаған иген басын әлі жоғары көтерген жоқ. Сонау бота көзін жауып тұрған ұзын кірпіктері найзадай Жәнібектің кеудесіне келіп қадалғандай. Жәнібектің қырықтан асқанға дейін сан айқаста мызғымаған тас жүрегі, кенет қолға түскен торғайдай тыпырши қалды. Хан көз алдында осы Жағанмен алғашқы кездескен шағы елестеп кетті.
Жәнібек жиырмадан жаңа асқан тұсында. Жазтоқсанның нағыз сарша тамыз ыстық кезінде Шах-Будақ сұлтанның серігі боп қырық жігіт құдаларды басқарып Алтын хан патшалығына барған. Әбілқайыр ханның баласының жанына ерген әнші, күйші, батыр, балуан, мерген, құсбегі — кілең өнерлері тасыған өрендер. Домбалық батыр сол маңда көшіп жүрген ең беделді рулар — Қытай, Найман, Керейдің бас батыры еді. Оныменен Цзинь богдаханы да, көршілес Ойрат қонтайшысы Исентайшы да мықтап санасады екен. Жәнібек бастаған Шах-Будақ тобы Теріскей Тарбағатайды жағалап Зайсан көлінен өтіп, Алтай тауының күнгей жағына шықты. Қалың Найман, Қытай, Керей тайпа елін көктей басып, үшінші тәулікте Домбалық аулына жетті. Бұл ауыл Қыдыркөл жағасына кеше ғана келіп қонған екен. Қамысты көлді жағалай кілең ақ шағаладай кигіз үй тігіліпті. Көк майса, жасыл шалғын белуардан келеді. Арғы қабағы қарауытып қана көрінген шалқар дария, көгілдір көлдің ақ айдынында сыңсыған қаз-үйрек, сыбызғыдай сызылған қоңырқай аққу әні алыстан талып естіледі. Көлдің қамысы аз күншығыс жағынан, сонау алыстағы белеске қарай өріп бара жатқан қарақұрым жылқы көрінеді. Шах-Будақ сұлтанның келе жатқанынан күні бұрын хабардар ауылдың қыз-келіншек, бозбалалары құдаларды көш жерден қарсы алды. Жәнібек Шах-Будақтың қалыңдығы Аққозыны бірден таныды. Қарсы алған ауыл қыз-келіншегін қырағы көзімен бір шолып өтіп еді, дәл осы ауылға бұл жалғанның бар сұлу қыз-келіншегін жинағандай екен. Ал Аққозы солардың ішінде топ қоңыр қаздың арасындағы аққу тәрізді. Сұңғақ бойлы, аққұба мөлдір көз бір керемет. Басындағы алтай құндызынан тіккен шоқ үкілі кәмшат бөркі де, үстіндегі дүрия шәйі қос етекті көйлегі де, белін қынай киген қамқа ішігі де, гауһармен безенген алқасы мен аяғын басқан сайын қоңыраудай сылдыр қаққан қақтаған алтын шолпысы да басқалардікінен анағұрлым қымбат, өзгеше. Қыздың сырт бейнесін көргеннен-ақ Жәнібек Домбалықтың атақты сұлуы Аққозы осы екеніне шек келтірмеді. Енді ол қалған қыз-келіншек арасынан Аққозының сіңлісі Жаған бикені іздей бастады. Былтыр Аққозыға құда түсе келген Әбілқайыр адамдарынан Жағанды Аққозыдан сұлу болмаса, кем емес деген лақапты естіген. Қарсы алдында тұрған қыз-келіншектің ішінде Аққозыға көркемдігімен пара-пар келетін ешкім көзіне түсе қоймаған соң, «Жаған мұнда жоқ екен!» деген. Неге екені белгісіз, Жаған Аққозыдан да асқан сұлу болуға тиісті деген ойдан ол арыла алмаған. Қайткенмен де Жағанды тезірек көруге құмарлана асыққан. Бірақ Жаған көзге түспеді. Тек қонақтарға ауыл кәдесін істеп, кешкі ойын-сауыққа кірісер алдында ғана Домбалық батырдың екінші қызының жылқы бағуға кеткенін білді. Қазақ руларының ғұрпы бойынша көне заманда жылқы бағу тек жылқышылардың ғана борышы емес, қыз-бозбаланың да шаруасы. Жасыл шалғынды ми далада, жаздың жылы айлы түнінде қыз-бозбала болып жылқы күзету — қазақтың ескі салтының бір қызық дәстүрі. Кең алқапта үйір-үйір боп бытырай жайылған қалың жылқы. Сол қарақұрым жылқыны екеу-екеуден серік боп, ән шырқап айнала жүрген қыз-бозбала. Қос жанында тай қазанда былқылдай қайнаған құлынның уыз еті. Үйірінен бөлініп кеткен саяқты іздеген боп сайға түсіп бара жатқан, сойылын сүйреткен бозбала. Арғы беттен астындағы жорғасын жанындағы серік қызына ұстатып, төмен қарай асыға аяңдаған үкілі бөрікті, былқ-сылқ басқан жас сұлу... Бұ да бір қызық заман! Жақсы көрсең де келмейтін, жек көрсең де оралмайтын, біржолата мәңгі өшкен алтын дәурен!
Жолдан шаршап келгендеріне қарамастан жігіттер түнімен алтыбақан теуіп, ән салып көңіл көтерісті. Әзіл-қалжың, айтыс, қазақтың көне заманындағы сауықтары «Түн қату», «Түйе жығу» секілді сан алуан ойындарын ойнап, таң шапақтап ата бастары жастыққа тиді. Ойын-сауық ертеңіне тағы басталады. Күрес, сайыс, көкпардан кейін кезек жамбы атуға келді. Міне, осы ойын кезінде Жәнібек сұлтан Жаған бикені көрді. Келген қонақтар мен ауыл жастары бәсекелесіп жамбы атып жатқан. Бақан басындағы қадаға ілген күміс жамбыны бір жүз қадам жерден екі жақтың бірде-бір мергені тигізе алмай-ақ қойған-ды. Жайшылықта құралайды көзінен ататын жігіттер бұ жолы қолдарын шайтан қағып тұрғандай, алыстан еміс-еміс ағараңдап көрінген жамбыға садақ оғын қанша көздесе де дөп қадай алмады. Біресе үстінен мүлт кетеді, біресе астындағы бақанға барып сарт етеді. Алақанның аумағындай күміс жамбының нағыз бір оқ қағары бардай, байлаған жерінен бірде-бір қозғалмай-ақ қойды.
Дәл осы кезде шоғырланған топ қыз-бозбала кенет шуылдап қоя берді:
— Жаған келе жатыр!
— Жол беріңдер! Жол беріңдер!
— Жаған жамбыны көздемей түсіреді.
— Әй, Оқас, Жаған бикеге жамбы атып жатқанымызды айт!
Аққозы бикенің шабарманы «Бикем не бұйырады?» деп анадай жерде атын шідерлеп күтіп отырған қара торы бала жігіт, жанындағы көкбестіге міне сала, ән шырқатып қырқадан төмен түсіп келе жатқан бір топ қыз-бозбалаға қарсы шапты. Шабарман жетер-жетпестен аттан домалай түсіп, топ басында күміс ер-тоқымды ақ боз ат үстінде жантая отырған, басына нарттай қызыл түлкі бөрік киген қызға әлденені айтып жатыр. Түлкі бөрікті қыз жамбы жанында шоғырланған топқа қарап бірдемені сұрады да, қолындағы сойылын қасында тұрған жігітке ұстата беріп, оның садағын алды. Жігіт қорамсағынан екі-үш оқты суырып, таңдап біреуін берді. Қыз садақтың бауын, домбыраның шегін шерткендей, қолымен қатты тартып көрді де, сол қолымен жақты жоғары көтеріп, жебесін қойып кезенді. Сөйтті де, астындағы ақ боз жорғаны тебініп қалды. Жорға шоғырланған топқа қарай ырғала жөнелді. Жұлдыздай ағып келеді. Жамбы атып тұрған қыз-бозбала: «Жол беріңдер! Жол беріңдер!» «Иә, аруақ, қолдай көр!», «Қарақожа!», «Ойшыбай!» деп Керей руының ұранын айтып кейін шегіне берді. Жәнібек сұлтан қыз абыройын құрбы-құрдасының осыншама тілеуінен Жағанның осал бике емес екенін аңғарып қалды. Сөйткенше болған жоқ, ақ боз жорғаны теңселте ағызып, қыз да бұлар тұрған жерге таяй түсті. Ұзын қос бұрымын беліне қыстырып алған, ат үстінен бір жағына қарай жантая, садағын кезене ыңғайланып келе жатқан ерке сұлу, Жәнібек сұлтанның қасынан өте беріп, садағын тартып жіберді. Сол сәтте жұрт шу ете түсті. Шуда жіппен қадаға іліп қойған күміс жамбының кенет көкке атылғанын Жәнібектің өзі де көрді.
Шулаған жұрт жорғасын әзер тоқтатып кейін оралған Жағанға қарсы ұмтылды.
— Мың жаса, Жаған мерген!
— Қыз емес, қыран ғой!
— Сені тапқан анаңнан айналып кетейін.
— Қарақожа атаңның аруағын бір көтеріп тастадың ғой!
— Ел намысын жібермеген ер қызым, мың жаса!
Дабырлаған топ қызды ат үстінен көтеріп ап, сұлтандарға қарай жүрді. Олар Жәнібектер тұрған маңға таянғанда ғана қызды қолдарынан түсірді. Өздерінің тобына жақындап келіп, иіліп сәлем берген Жаған адамзаттың баласы емес, көктен түскен қор қызы боп көрінді. Қос бұрымы жерге тиіп шұбалып, құралайдың көзіндей танадай қара көздері Жәнібекке жайбарақат, мөлдірей қарады. Осы бір күнәсіз көзқараста жігіттің асау жүрегін тайдай тулатқан бір ғажайып сиқырлы күш бар еді. Өн бойы қорғасындай балқып, Жәнібек өзін-өзі әзер ұстап қалды.
— Арсыздар ма, құда жігіттер? — деген Жаған сонда ұзын кірпіктерін Жәнібектің жүрегіне, дәл осы қазіргісіндей қадап.
— Барсыз ба, мерген құдаша? — деген жігіттер шулай жауап беріп.
Осыншама шудың ішінен тек Жәнібектің даусын естігендей Жаған сұлтанға тағы да бір мәністі көз тастады. Сұлтан енді бұрынғыдан да бетер өртеніп кете жаздады. Сол күні түні бойы көз ілінбей шықты. Ертеңіне Жәнібек Жаған қыздың қалай асау үйреткенін көрді. Бойды алған жалын, ойды өртеген арман бұрынғыдан да өрши түсті. Ұлытауға қайтып келісімен сұлтан сонау Алтын хан еліне құдалыққа кісі жіберді. Келесі Жазтоқсанның басында он төрт жасар Жаған сұлуды үшінші бәйбішесі етіп ақ отауға кіргізді. Баяғы алғашқы жолы кездескенде «Барсың ба, ару қарындас?» деп амандасқаннан кейін, ол Жағанмен бірінші мәртебе осы ақ мамық — жар төсегінің үстінде сөйлесті. Төсектің ірге жағында көйлекшең отырған Жағанның жерге шұбатылып жатқан қос бұрымын оң білегіне орап, сол қолымен тастай қатты сүйір ұшты қос анарын кезек-кезек сәл ауырта қысып, ұяттан күйіп-жанып не істерін білмей жанталасқан жас аруды бауырына тартты. Бетіне бетін таяп:
— Мен сені Жаған, жақсы көріп алдым, — деді.
Әйел жынысын ол уақытта тек мүлік деп қарайтын еркектің бұлай дегеніне жас сұлу таң қалды. Сөйтсе де көңілдегі өкпесін айтты:
— Өткен жылы менімен ең болмаса бір мәртебе сөйлесуіңіз керек еді ғой. Мәжнүнді жақсы көрген Ләйлідей менің бөтен біреуді ұнатып қалмағанымды қайдан білдіңіз?
Қыз сөзі Жәнібектің еркектік намысына тиді. Ол кенет алқымына тығыла қалған ашуын әзер басып:
— Оны қазір көрерміз, — деді — ит тиген арам аста қадір бола ма? Келген жеріңде ауылың бар...
Үй іші тастай қараңғы болса да, Жәнібек қыздың езу тартып күлгенін сезіп қалды.
— Егер анамның ақ сүтіндей адал болсам, — деді қыз кенет даусы қалтырап шығып, — бір тілегім бар, орындайсыз ба?
— Қандай тілек?
— Егер ұл тапсам, оған атеке етіп біздің ауылдың Хасен деген бір жас жігіті бар, соны алдыр. Маған садақ тартып, асауды жуасытуды сол үйретіп еді.
Жәнібек бойын өртеп бара жатқан жалынды күшпен басып енді отыра алмады, қыз өтінішіне жауап берудің орнына, оны аш белінен құшақтай өзіне тартты, жаңа піскен мәуедей әбден дер кезіне жеткен жас сұлу да, бауырын жазып жігіт әуеніне қарай икемделе берді.
Тірі жан қол тигізбеген сырлы тобатайды алғашқы сындырған Жәнібек қатты ұйықтап кетті. Тек таң бозарып атып келе жатқанында, бойын тағы бір күш билеп қайта оянды. Құшағында жатқан, таң алдында ғана маужырап ұйқыға шомған жас жарының бетіне қарады. Бозғыл таңмен қара торы жүзі сәл ақшыл тартып, шие ерні сәл ашылып, дем алған тынысы сәл естілер-естілмес боп білініп, тәтті ұйқыда жатыр екен. Жәнібек өзін-өзі ұстай алмай, аш белінен қысып, жас аруын өзіне қарай икемдей берді. Ақ білегін мойнына салып, ұзын кірпіктері астынан еріне еркелей қараған Жаған:
— Кешегі өтінішіме жауап бермедің ғой, сұлтаным, — деді.
Жағанның адалдығына риза болған Жәнібек, дәл осы сәтте бойын билеп кеткен қуанышын баса алмай:
— Жарайды, айтқаныңды орындайын, — деген, келіншегін белінен құшырлана қысып.
Сөйткен Жаған сұлу осы. Сондағы тілек еткен Хасен деген жігіті анау... Жәнібек қабағын түйіп есік алдында сәл кідірді. Өмірінің ең алғашқы қуаныш сағатында Жаған тумай жатқан баласына Хасенді атеке ет деп бекер өтінді ме? Расымен... Жоқ, жоқ, ол мүмкін емес. Жан сезімі қалай туласа да, Жаған оны баса алады. Былтыр өзі айтқан жоқ па еді, «мінез деген бір асау байтал ғой, талай асауды үйреткенде өз сезімімді өзім үйрете алмаймын ба» деп. Ол өз сезіміне өзі ие бола алады. «Ал ие бола алмай жүрсе қайтем? Ақылдан басқа жүрек бар ғой. Ал жүрек деген құрық көрмеген шын тағы жылқы тәрізді емес пе? Басына түскен құрықты үзіп кеткен жүйріктер аз ба? Онда... онда... жоқ, жоқ, қазір әңгіме бұл жайында емес. Әңгіме бір қатынның тағдырынан көрі үлкен іс хақында. Халқымның тағдыры туралы... Ең алдымен соны шешу керек».
Жәнібек қабағы қайта ашылды. Ол кебісін тастап, қызыл сафьян мәсісімен төрге шығып төрт қабат шәйі көрпенің үстіне, ақ мамық жастықты шынтақтай отырды.
Жаған қымыз құйылған күміс шара мен алтын кесені әкеп, төменірек тізе бүкті. Иісі аңқыған сары қымызды күміс ожаумен сапыруға кірісті.
— Хан ием, жақсы жатып жайлы тұрдыңыз ба? — деді ол көзінің қиығын күйеуіне аударып. Ханымның бұлай деп сұрауының әзіл астары бар еді. Өткен түн хан Ақжол бидің кіші қарындасы Жанбике арудың ордасына түнеп шыққан. Жанбикені Жәнібек былтыр алған. Оның жас иістігі есіне түсіп, хан кейде әйелдерінің кезегін бұзатын. Жас тоқалының ордасында өзге әйелдерінің үйінен гөрі жиірек болатын. Өткен түн кезегі Жағандікі еді. Жәнібек өзге әйелдеріне істеген тұрақсыздығын бұған әлі істеп көрмеген-ді. Намысқой Жаған күйеуінің сол қылығына қарай, бұл сөзді әдейі тигізіп айтып отыр. Ол қабағын да шытпай күлімсіреген қалпында сөзін жалғай түсті.
— Жанбике тоқал өзгемізден гөрі төсекті жұмсақ төсей біледі дейді ғой.
Бүкіл Дешті Қыпшақтың жиырма сегіз басты руының басын қосамын деп талпынған Жәнібек хан, ешуақытта да жеті қатынын тату-тәтті ұстаймын деп ойлаған емес. Жиырма сегіз руға әлі жеткенмен, жеті қатынына әлі жетпейтінін ол жақсы білетін. Өйткені әр қатынының дауы бір тайпа елдің дауынан кем түспейтін. Солардың ішінде мұндай ошақ басы жанжалға араласа қоймайтыны осы Жаған еді. «Бұ да кірісе бастаған екен» деді ол ішінен. Қазір оған қандай жауап берсе де, қыңыр сөзге душар болады. Бәрібір жеңе алмайсың. Қатынның аты қатын, басы алтын, арты күміс болса да, өз дегенінен шыға алмайды. Ал қатынның кішкентай өзіндік жан дүниесі бүкіл әлемге бергісіз. Одан да үндемей құтылайын деді Жәнібек. Осындай ойдағы хан Жағанның көңілін бөтен сөзге аударғысы келгендей, бәйбішесі ұсынған алтын кесені алып жатып:
— Қасымды шақыртшы, — деді сөйлесетін сөз бар...
Жаған көзін ойнақшыта қарады.
— Хасан атекесін де шақыртайын ба, үнемі бірге жүреді?
Жағанның бұнысы да әлгі қыңыр сөздің жалғасы.
Жәнібектің жүрегін мысық тырнап алғандай ашып кетті, сөйтсе де сыр бермей:
— Шақырт, — деді.
Жаған түрегеліп, талдырмаш мықынын ырғалта, сұлу денесін ойната, аяғын былқ-сылқ басып барып есікті ашты.
— Әбен! — деді сырттағы нөкеріне дауыстап. — Қасымжан мен атекесі Хасенді шақыртшы! Хан әкесі сөйлесем дейді.
«Әйелдің аты әйел, — деді тағы да Жәнібек ішінен ойлап, Жағанның есікті қалай барып ашқанына сүйсіне, — қашан да болса еркектің көзіне ұнамды жерін түсіргісі келіп тұрады».
Жаған орнына келіп отырғаннан кейін Жәнібек босаған алтын кесесін ұсынды.
— Қымызың балдан тәтті екен, тағы да құйшы.
Жаған жадырап сала берді.
— Сабасын Керейлерше ыстатқам. Әдейі өзіңе арнап...
Жәнібек риза боп күлімсіреді.
— Менің бабымды өзің ғана табасың...
Осымен арадағы кірбің бітті. Енді олар бір-біріне жадырай қарасты. Осы кезде үйге Қасым кірді. Сәлем беріп, әкесінің оң жағына барып отырды. Жәнібек баласына көз қиығын аударды да, Жағанға қарады. «Айнымаған шешесі» деді. Тек мұрны мен иегі, қоюланып өсіп қалған мұрты да өзімдікі».
— Әкең атекеңмен бірге келсін деп еді ғой, — деді Жаған баласына алтын месте қымыз құйып беріп жатып, — Хасен қайда?
— Екі аптадай болып қалды-ау деймін, қайын-жұртына кеткен.
— Ө-о!
Жәнібек мырс етіп күліп жіберді. «Жаңа Қасымды атекесімен жұбын жазбайды» деп, Хасенді де шақыртқанда, әдейі менің жаныма тисін дегені екен ғой. Өткен түннің өшін менен осылай алмағанда қалай алсын, бейшара... Намысына тиген ерін шымшыған түрі де... Жоқ, жоқ, Хасеннің қайда жүргенін де білмейді. Демек, бұның онымен еш байланысы болмаса керек-ті...
— Көке, мені жай шақырттыңыз ба? — деді Қасым әкесінің ойын бөліп.
— Жай емес, Қасым жігіт, — Жәнібек қолындағы кесесін жерге қойды, — үйді дауыл кезінде емес, бұрын тігеді, ақылдасатын жай бар...
— Дұрыс айтасың, көке. Кигіз жамылған су болмас, ақылдасқан жөн...
— Өзің де байқап жүрген шығарсың, бір қияпат айқас таяп келеді. Бұны қазір қайта күшейе түскен Көк Орда, Моғолстан дайындығынан аңғаруға болады. Бүгінгі күні біз де осал емеспіз. Осының бәрі арамыздағы көптен бері келе жатқан жанжалдың үлкен жанжалсыз бітпейтінін көрсетеді.
— Дұрыс айтасыз, хан ием. Күз келері көктемнен мәлім, Көк Ордадан іргеңді бөлек салғаннан-ақ, түбі бір ұлы айқастың болары хақ ғой.
— Бірақ бұл айқас тек Көк Орда жағынан ғана көрініп тұрған жоқ тәрізді. Батысың да, шығысың да қауіпті. Батысыңнан сенің жеріңе көзін тіккен Қазан, Астрахань, Қырым, Ноғайлы хандары бар. Олардың ар жағында, алыстан тулап жатқан дариядан — Түрік пен Стамбул сүлесі көрінеді. Екі жағың да жетісіп тұрған жоқ. Бірі болмаса бірі бас салатыны аян. Ал, ондай халге жетпес үшін, біз өзіміз ерте қимылдауымыз керек.
— Дұрыс айтасыз, хан ием. Кім садақты алдымен тартса, сол жауын бұрын жаралайды.
— Міне осы жай еді менің сенімен ақылдасайын дегенім, Қасым сұлтан. Не айтасың?
Қасым коп ойланған жоқ.
— Ақылмен арыстанды да ұстауға болады, — деді ол. — Ақылға салған іс қашанда жеңісті келеді. Дұрыс істегенсің, көке, жалғыз менімен ғана емес, Бұрындықпен де, Қамбармен де ақылдасқан жөн...
— Олардың да кезегі келер, өзің не шертесің?
— Менің дерім бір-ақ ой. Жатсам-тұрсам көз алдымнан Әбілқайырдың сұрғылт жүзі кетпейді. Ол текке жатпаса керек.
— Әрине ғой. Қауіп Көк Орда жағынан. Диірменде туған тышқан дүрсілден қорықпас. Бізбен алысып үйреніп қалған жау қаймығуды білмейді, бүгін болмаса ертең Әбілқайыр хан Ақ Ордаға қарсы жорыққа шығады.
— Дұрыс айтасың. Қазір ол Моғолстанға қарсы қол жинап жатыр деген сыбыс бар.
— Моғолстанға аттанғаны — бізге аттанғаны. Андыз барда ат өлмес, қолымызда күш тұрғанда бізге бос жатуға болмайды. Әбілқайыр Үргеніш жақта Моғолстанға қарсы қол жинап жатқанында, біз Түркістан уәлиетін басып алуымыз керек. Сығанақ, Сайрам, Яссы, Созақ, Отырар тәрізді мықты бекіністері бар қалаларды қолға түсірсең, Әбілқайырдың көк желкесіне мінеміз. Оны Дешті Қыпшақ жеріне жібермек түгіл, бүкіл Мауреннахрдың өзіне қауіп туғызамыз.
— Өзім де солай топшылап едім, болжауымыз бір жерден шықты.
— Түркістан уәлиетін қайтару — Дәшті Қыпшақ елінің сауда-саттық жолын ашу ғана емес, әділеттік үшін күресу. Өз жерімізді, өз қалаларымызды өзімізге алу — тілектес Моғолстанды қанды көз Әбілқайырдан қорғау.
Бағанадан бері әкесі мен баласының сөзін құр тыңдап отырған Жаған сөзге кірісті.
— Сонда сендер Көк Ордаға қарсы соғыс ашпақсыңдар ма.
Әкесі үшін Қасым жауап берді.
— Жоқ, апа, біздің елімізге, жерімізге қарсы жүз жыл бұрын Ақсақ Темір ашқан соғысты аяқтамақпыз.
— Ақсақ Темірдің жерінің өзін Аққозының хан атасы жаулап алған жоқ па?
— Жаулап алды. Жаулап алды да, Ақсақ Темір әулетімен бірігіп кетті. Қазақ руларының байырғы қонысы Түркістан өлкесін кеше Ақсақ Темір билесе, бүгін Әбілқайыр билеуде. Әділеттік іздесе, ол жерді бүгін біз қайтарып алуымыз керек.
— Тағы да қырғын қан төгіс болады екен ғой?
— Иә, апа.
— Аққозының балалары саған қарсы, сен оған қарсы шығады екенсіңдер ғой.
— Иә, апа.
Жаған кенет қабағын шыта қалды.
— Жоқ, оларың болмайды!
— Неге, aпa?
— Аққозы марқұм екеуміз бір ана, бір әкеден тудық. Апалы-сіңлілі екі адамның балаларына бірін-бірі кескілердей не жетпейді? Атақ па, бақ па?
— Жоқ, апа, мен атақ, бақ үшін қан майданға шықпаймын. Мені ажалға айдап салар халқымның жағдайы, болашағы. Біздің заман қасқырлар заманы. Кімде-кім өзгеге үлесін жібермесе, тартып-жұлып өзінің тиесісін ала алса, соның қолында бұ жалғанның тірегі. Соның ғана сұм дүниеде тіршілік сүруге қақы бар. Егер біз өзімізді Әбілқайырға талауға берсек, ертең күл боламыз, жерімізден, елімізден айрылып, тарих бетінде мәңгі жоғалып кетеміз. Ал жаныңды құрбан етіп алыспасаң, болашақ ұлы айқастарда құрып кету оңай.
— Құрымаудың жалғыз жолы тек майдандасу ма? Жылы-жылы сөйлесе жылан інінен шығады. Сойыл ала жүгіргенше, жылы сөйлесіп, марқұм Аққозы бикенің атасымен де, балаларымен де тіл табуға болмай ма?
Анасы мен баласының сөзін үнсіз тыңдап отырған Жәнібек басын көтерді.
— Әбілқайырмен және оның ұрпақтарымен тіл табу — олардың айтқанына көну деген сөз. Айтқанына көнсең сол күні қаныңды ішеді.
— Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан Қасымжанның қанын ішпейді. Былтыр аналары Аққозы қайтыс боларда екеуінің де берген анттары бар...
Былтыр Күзтоқсанның басында Жаған Аққозы хал үстінде жатыр деген хабар алып, Қараталға көшіп бара жатқан бетінде Яссыға бұрылған. О кезде қандай өшпенділік болмасын, мұндай қайғылы жағдайда ресми қатынасқа жол берілетін. Бірінің адамына бірі тимейтін. Аққозы ханым Мұхамед-Әкім эль Таразидың тойынан кейін, екі баласының даңқына көз тимесін деп, пітір беріп құран оқытуға Яссы қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидың мешітіне әдейі арнап келген-ді. Атақты қари49 Қожа Мүлкім Аққозы ханымның атынан екі бие сауымдай мезгіл құран оқып батасын берген. Ханым садақаға молда, мүрит, қари, бейшараларға он топ жібек, барқыт, екі арба өрік, мейіз үлестіріп, құрбандыққа қырық қой, бес ту бие сойғызып, өзінің жібек шатырына қайта оралған. Шатырға кіре қалпақтай түскен. Жиналған бақсы-балгерлер ханымның қандай кеселменен ауырғанын таба алмаған. Сасып қалған Яссының хакімі Мұхамед-Мазит тархан Аққозының атасы Әбілқайырға, Аққозының сіңлісін алып отырған Жәнібекке ат шаптырған. Өзі сырқаттанып жүргендіктен Әбілқайыр кіші бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімді жіберген. Жаған өзі келген. Қасымды Жәнібек біреу болмаса біреу қастық істеп жүрер деп алып қалған. Жаған жеткенде сұлу Аққозы хал үстінде жатқан. Әлі де аққудың көгілдіріндей сұлу Аққозының бір аптаның ішінде табытқа айналғанын көріп Жаған солқылдай жылап, апасын құшақтап ағыл-тегіл болған. Осы кезде барып Аққозы ең ақырғы күшін жиып, Жағанға өзінің енді бұл дүниенікі емес екенін айтып:
— Бауырым, Жаған, — деген, — о дүниеге өз күнәмды арқалап кеткім келмейді. Тек өзіңе ғана айтатын құпия сырым бар. Егер бұл сырымды иманыңдай сақтайтын болсаң...
— Аққозы-ау, о не дегенің? Сенің сырың менің иманым емес пе? — деп Жаған солқылдап жылап қоя берген.
— Менің ажалыма ешкім де айыпты емес, өзім ғана күнәлімін...
— Қалайша?
— Өсек сөздің шеті өзіңе де жеткен шығар. Орақ өлді дегеннен кейін ерге шықпаймын деп құран ұстап ант еткенімді өзің де білесің. Сол Орақ тірі болып шықты. Махаббат шариғаттан да күшті екен, сол Орақпен биыл екі рет кездестім... Екі ұлымның бетіне салық болмасын деп, іштегі күнәмды көрсетпеу үшін, бір балгерден іш тастатар дәрі алып іштім...
Аққозы сөйдеген де, Мұхамед пен Махмудты шақыртқан.
— Құлындарым, — деген жанына келген балаларының маңдайларынан иіскеп, — мен енді сендерге жоқпын... Сендердің алдарыңда күнәм бар еді, ол күнәмды өзіммен бірге әкетіп бара жатырмын, — деген қысыла сөйлеп. — Ал енді ажал алдында сендерге жалғыз ғана тілегім бар, орындайсыңдар ма?
Екі бала бірден:
— Орындаймыз, — деп тізелерін бүккен.
— Орындасаңдар... Менің тілегімді тыңдаңдар... Міне Жаған екеуміз сонау жат жерге келін боп түсіп едік. Мүмкін сол жат жерде екеуден-екеу болғандығымыздан ба, өмір бақи тату-тәтті өттік. Әкелерің қандай қастасып жүрсін, біріміздің біріміз титтей де көңілімізді қалдырған жоқпыз. Сендерден де тілейтінім — сол. Мына нағашы апаларың Жағанның баласы Қасыммен тату-тәтті болыңдар... Адам баласын аяуды білмеген ұлы бабаларың Тыңболаттың сендер де тұқымысыңдар, түбі нәсілдеріңе тартып кетулеріңе күмәнім жоқ, бірақ мені зиратында тыныш жатсын десеңдер, Қасымға қол көтермейсіңдер! Құран ұстап осыған ант беріңдер.
Аққозы келін боп түскеннен кейін сегіз жыл сарғайып барып тұңғышын көрген. Содан шығар, анасы мен балалары арасындағы махаббат орасан берік болатын.
— Міне, құран, міне, антымыз, — деп екі жігіт Қасымды қан етпеске ант берген. Жаған да Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға Қасым жағынан қастық жасатпаймын деп апасы Аққозыны сендірген.
Сол күні Аққозы қайтыс болған. Ел болып, хан ұрпақтары оны құрметпен Ахмет Яссауи мешітінің іргесіне жерлеген. Шешесі Аққозы өлгенде ер жетіп қалған екі баласы бірдей жас нәрестелердей, жер бауырлап ағыл-тегіл боп жылаған. Сондықтан да оларға деген жүрегінде бір үлкен жылы сезім сақтап, Жаған еліне қайтқан. Қазіргі айтып тұрғаны осы жәйт.
— Жарайды, — деді Жәнібек, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан Қасым сұлтанмен тату-тәтті болсын. Түбі осы қос бөрінің бірі Әбілқайырдың тағына отыруы хақ. Ал Қасым менің тағымның түпкі иесі. Апалы-сіңлілі екі адамның хан тақтарында отырар балаларының жауласпауы керек-ақ тілек. Бірақ ол мүмкін бе? Хан тағындағы адам айдаһардың үстінде отырған адаммен бірдей. Өзін айдаһар жұтып жібермес үшін, ол сол айдаһарға туған әкесін, жалғыз баласын құрбан етуге бар. Хан тағын қорғау қашан да болса қымбатқа түскен. Екінің бірі бұл кеселден аман құтыла алмаған. Осы ауыртпалықтың бәріне шыдап Қасым сұлтан жерін, тағын аламын деп ұмтылған Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға қарсы сойыл ұрмай отыра ала ма?
— Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан Қасымжанның тағын аламын деп, сойыл соғып соғысқа шықпайды. Қолына құран алып аналарына берген серті бар.
Серт тек арманға жету үшін ғана керек. Жарайды, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан Қасым сұлтанға тимесін, ал егер сол қос бөрінің бірі Қасымның туған ағасы Қамбарға, не Әдікке найза салса, Қасым сұлтан не істейді? Ал Әбілқайыр болса ауру... Түбі оның тағына Шах-Будақтың қос бөрісінен ыңғайлы Әбілқайырдың басқа ұрпағы жоқ.
Жаған ерінің өзіне қойған сұрағының қаншалық ауыр екенін енді ұқты. Жауап қайтара алмай сәл кідіріп қалды. Кенет басын көтеріп алды.
— Онда ма? Онда... — Жағанның даусынан нәсілі Керейге біткен қайсарлық естілді. — Онда кекке — кек! Қанға — қан! Қасым сұлтан әкесі мен ағасының өшін қайтарады. Әбілқайырдың өзін өлтіреді. Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанның толып жатқан ағаларының басын алады. Бірақ өздері антын бұзбай екеуіне де қылышын көтермейді. Егер мені ана дейтін болса, тұңғышым Қасымжаннан осыны тілеймін. Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға бірінші боп шоқпар сілтемеймін, — деп екеуміздің алдымызда ант беруін өтінем. Егер бұл арманымды орындамаса ақ сүтімді көкке сауып өтем.
Ана тілегі Қасымның жүрегіне қанжардай қадалды. Дәл осы мезетте шешесі Жағанның апасы Аққозыға берген уәдесінің қаншалық қымбат екенін түсінді. Кенет ол орнынан атып тұрып, бір тізерлеп шешесінің алдына отыра қалды да, беліндегі наркескенін қынабынан суырып ап, екі жағынан ұстап маңдайына тигізді де, қылшылдаған жүзінен сүйді.
— Асыл болат наркескен, қос бауырым Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға сені бірінші боп қынабымнан суырмасқа ант етем, — деді ол. — Егер антымды бұзып қос бауырыма бірінші боп қастық етсем, мына тұрған асыл анам Жаған бикенің ақ сүті ұрсын!
Жаған бике орнынан түрегеліп баласының қолындағы жалаңаш ақ семсерді алды да ерніне тигізді.
— Асыл болат ақ семсер, егер қансырар болсаң, жалғыз ұлым Қасымға емес, ең алдымен менің жүрегіме қадал. Ана тілегін қабыл алғаны үшін, оның құрбаны болсам арманым жоқ деп күні бұрын ант етем!
Анасы мен баласының бұл қылықтарын өз көзімен көрген хан Жәнібек іштей екі сырды қатты түйді. Бірі — Қасымның анасы Жағанды аса жақсы көретінін. Екіншісі өткен түнде Жанбике тоқалдың үйіне кезексіз бардың деп әйелдік мінез көрсетіп, Жәнібекті өзіне дене сұлулығымен тартпақ боп отырған Жаған бикенің кенет шын ар-намысын қорғайтын іске келгенде, қандай табандылыққа болса да бара алатынын білді. «Сұлу әйел егер ақылды болса, еркекке тек өзінің сұлулығымен ғана емес, терең ойлылығымен де, табандылығымен де қымбатты болып көріне алады екен» деді ол ішінен. Ол осы сәтте үлкен жүректі әйелдің уақ әйелдік сезімінен де алыс тұрмайтынын қатеріне алды. Мұндай әйелдің намысымен ойнаудың қаншалық қауіпті екенін түсінді.
Ертеңіне Жәнібек жарлық беріп, хан кеңесін шақыртты. Бұл кеңеске Орда маңындағы сұлтан, батырлар, ерлік істерімен көзге көріне бастаған өз балалары мен Керейдің баласы Бұрындық сұлтан қатынасты. Екі күн кеңесіп, ақырында Күзтоқсанның басында Түркістан уәлиетіне шабуылға шықпақ боп ұйғарысты. Дешті Қыпшақ әскерін екіге бөлмек болды. Жәнібек хан балаларымен өзі басқаратын топ Созаққа, Керей ханның баласы Бұрындық сұлтан мен Найман батыры Қаптағай, Қоңырат батыры Сарыбалақ, Керей батыры Ойшыбай, Уақ батыры Жаубасар, Жалайыр батыры Бөрібай бастаған қалың қол Сығанаққа шабуыл салсын делінді. Өзінің ежелгі салты бойынша Арғын, Қыпшақ, Тарақты жасақтары Жәнібек ханның — хан Ордасының қасында қалды. Бұған Жайықтың бергі беті, Атырау теңізі мен Сырдың төменгі саласын жайлаған Кіші жүзден келген Адай руынан Теген батыр, Табын руынан Серке би, Шөмекей руынан Ақтаңдақ батыр, Тама руынан Қарабура батырлар басқарып келген жасақтар мен Ұлы жүзден Қаңлы, Ысты руынан Бахтияр би, Шапырашты руынан Қарасай батыр, Жаныс руынан Жанатай батыр басқарған шағын қолдар келіп қосылсын делінді. Хан Ордасынан осы әскерлер жиналып жатқан Саумалкөл, Телікөл, Жуанарық, Көкше теңіз Атырау жағасына ат шаптырылды. Бар қол Күзтоқсанның басында Сейхун дарияның төменгі шеніндегі Қараөзек қойнауында шоғырланбақ болды. Бұнымен қатар бұл шаһарлардың хакім, бектеріне жасырын кісілер жіберілді. «Біздің күшіміз қазір Әбілқайыр ханның күшінен артық, қазақ еліне ежелден жататын шаһарларымызды қан төгіспей өзімізге қайтарыңдар. Егерде бұл тілегімізді орындамасаңдар өз обалдарың өздеріңе» деп хат жазды. Бірақ бұған Әбілқайыр хан «арзани дашті» ретінде басыбайлы Созақты берген өзінің немересі Қызыр ханнан туған Бахтияр сұлтан да, Сығанақ хакиматының белағасы Манеден-оғлан да кекете: «Әбілқайыр ханнан күшті болса, ең алдымен сайыпқыран ханды жеңіп алсын. Содан кейін қалаларымызды қан төкпей бостан-босқа береміз» деп жауап берді. Жәнібек пен Бұрындық Ордаларын Телікөл мен Боқтықарынның бойына тастап, желтоқсан түспей-ақ Қараөзекке келді.
Осы араға көп кешікпей жүз мыңға таяу қазақ сыпайлары жиналды. Ортада азғантай қолмен Жәнібектің өзі, ал Маймене жағын Бұрындық сұлтан, Майсары жағын Жәнібектің үлкен балалары Жиренше мен Махмуд басқарып (Қамбар мен Қасым екінші шепте болған), жыланның айырма тіліндей екі бұтақ боп, Түркістанға қарай аттанған. Осы күнгі Шиелі жеріне келгенде екі бөлінген. Бұрындық Сығанаққа, Жиренше мен Махмуд Созаққа беттеген. Жәнібек өзі Арғын, Қыпшақтың таңдамалы жігіттерінен қалқан құрып, Шиелі қамысы Сейхун дарияның жағасына бекінген.
Қазақтардың айтып жүргендері құр қоқан-лоқы қорқыту деп ойлаған Сығанақ қожасы Манеден-оғлан мен Созақ билеушісі Бахтияр сұлтан жауын көрген жыландай кенет жиырыла қалды. Басын көтеріп, ысқырынып айбат шақырды. Қаланы қоршаған қамалдың дарбазаларын дереу бекітіп, қала жатақтарын лашқарға алды. Бірақ бұл дайындықтың бәрі тығыз-таяң, асығыс болды. Қазақ әскерінің тым көп екенін естіген қала ақсақалдары, «жұртты босқа қырғызып, қан төгудің не қажеті бар, қаланы әзірге қазақтарға беру керек. Әбілқайыр ханнан көмек келгенде қайтып алу оңай ғой» деп күңкіл шығара бастады. Ел басы ақсақалдардың, керуенсарай ұстаған саудагерлердің көбі Маңғыт, Қаңлы, Жалайыр, Дулат руларынан шыққан қазақ қанды адамдар еді. Қала басы сұлтандар болғанмен, бекіністердің шын тағдыры осылардың қолында тұрған. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша егер, қала билеушілері -— ақсақал, саудагер, қожа-молдалар ұйғарса, қаланы көңілдеріне ұнаған адамға тапсырар әдет бар. Сығанақ қожасы Манеден-оғлан жұрттың мұндай жағдайын көріп, Самарқант, Ташкент, Яссыдан жуыр арада көмек келе қоймайтынына көзі жеткен соң, «есің барда еліңді тап» деп Бұрындықтың әскерінің қарасы көріне бастағаннан-ақ бүкіл үй ішін, өзіне деген нөкер-құлдарын алып, Самарқантқа қашқан. Сөйтіп Бұрындық сұлтан Сығанаққа бір садақ оғын жібермей, сырнайлатып-кернейлетіп тал түсте кірген.
Ал Созақтың билеушісі Бахтияр сұлтан бүйтпеді. Әбілқайырдың атышулы батырларының бірі, Көк Орда ханына ұнай білген, бүкіл Созақ уәлиетін қойдай өргізген қажырлы сұлтан, «Қаланы қан төкпей беруді ойласаң қайтеді?» деп келген ақсақал, саудагерлер тобын нөкерлеріне қоршатып алып, «жұрт арасына іріткі салады» деп, қараңғы тас сарайға қаматып қойды. Созақ мидай жазық далаға салынған шаһар. Жан-жағындағы қамалы да Сайрам мен Саурандай биік емес. Түйелі кісінің ернеуіне қолы жетеді. Бүкіл уәлиетінен отыз мыңға таяу лашкер жинап, қалада тығылып жатпай ашық далада жауына қарсы бетпе-бет майданға шықты. Бірақ бала жасынан ат құлағында ойнап өскен, ал ер жете бастағаннан-ақ сойыл соғып, садақ атуды өнер көрген қазақтың жау жүрек жігіттері қойсын ба, құмырысқадай қаптап: «Ақжол!», «Уайс!», «Жауқашар!», «Бахтиярлап!» ат қойғанда, алғашқы қарқынында-ақ Бахтияр сұлтанның алдыңғы шебін күл-талқан етті. Қазақтан дәл мұндай өнер күтпеген Бахтияр сұлтан әбден састы. Халық күші жазғытұрымғы жүздеген, мыңдаған сай, жыралардан қосылып аққан сумен тең екенін, олар бір жерге жиналып, ернеуінен асып тасыса, алдында қандай қамал, бөгет болса да быт-шытын шығаратын алып күш екенін Бахтияр сұлтан сонда білді. Расында да қазақ елі көнтерілі, сан қорлыққа шыдаған қауым еді. Ашына келіп, ақырында ернеуінен асып төгілген дариядай, атқа мініп, қолына сойыл алуға мәжбүр болды. Жалғанда қиянатқа көнтерілі халықтың долданғанынан асатын ұлы күш жоқ. Көнтерілі халық жой күнде, бөлтіріктері үстіне шығып ойнап маза бермеген арлан қасқыр тәрізді. Ал ызаланғанда ештеңеге қарамайды, бөлтірігім демейді, бөтенім демейді, үстіндегінің бірде-бірін қалдырмай, қанды ауызын салып қап, жан-жағына аямай лақтырып-лақтырып жібереді. Қазақ та дәл осы арлан қасқыр тәрізді шамасы келгенше шыдап бақты. Шыдамы таусылып еді, өлген-тірілгеніне қарамай, желке жүнін күдірейтіп, жауына ақыра тап берді. Қазақ жауынгерлерінің мұндай қаһарлы түрін көріп, Бахтияр сұлтан «жеңілдім!» деп алдына кеп қол қусырып Жиренше мен Қамбардан бітім сұрады. Бұлар қаланың кілтін алып, бітімге келісті.
Хан ордасын уақытша Сығанаққа көшірген Жәнібек, Созақ уәлиетін екінші баласы Махмұдқа, Сығанақ уәлиетінің билігін Керейдің баласы Бұрындық сұлтанға берді.
Сығанақ пен Созақты алып, көңілі көтеріліп қалған қазақ Ордасының ханы Жәнібек енді «өз еріктеріңмен беріліңдер» деп Яссы мен Отырар қаласының әміршісі Мұхамед-Мазид тарханға, Сауранды билеп отырған оның баласы Құлмұқамет тарханға, Үзкенттің хакімі Уақас биге, Сайрамның хакімі Мыржық төреге кісі жіберіп, хат жазды.
Дәл осы кезде яғни Хаджри есебі бойынша сегіз жүз жетпіс төртінші, Тышқан жылы, жаңаша бір мың төрт жүз алпыс сегізінші жылы, елу жеті жасар Әбілқайыр ханның өзі ақұрығын алып, жүз мың атты әскерімен Моғолстанды шаппақ болып Үргеніш тұсынан шығыпты деген хабар жетті. Жүз мың әскер! Бұл қолына құр сойыл мен садақ алған қазақтың әскері емес. Бұл Исфаған болатынан алдаспан, ұзын қылыш тағынған, Қорасан құрышынан сауыт-дулыға киген, мұздай боп қару-жарақ асынған, өз заманының әскери өнер-ғылымымен әбден суарылған, Әбілқайыр ханның бүкіл шығыс әлеміне белгілі атақты атты әскері! Хан әскерін ұрысқа өзі үйреткен! Жауын аямастай етіп өзі баулыған! Көк Орда Көк Орда болғалы ұлы ханның әскері жетпіс бес мыңнан асып көрген емес, ал бұл жолы... жүз мың! Бұл хабарды естігенде Жәнібектің де жүрегі дір ете қалды. Ол бүкіл Сығанақ, Созақ уәлиеттерінің ұста, шеберлерін жинатып, көрік қыздыртып, әскеріне хакім қоймаларынан табылған көк болат құрыштан қару-жарақ соқтыра бастады.
Бірақ Жәнібектің бұл қызу әрекеттері ұзаққа созылмады. Кенет тағы бір хабар жетті. Қырық жылдай бүкіл Дешті Қыпшақ, Мауреннахр, Қорасанды тітіреткен Әбілқайыр хан о дүниеге сапар шегіпті! Бүкіл атақ, алтын тақ, Шығыс елінің тең жартысын жылатып жинаған дүние-қазына ұлы ханның өмірін ең болмаса бір күнге созуға жарамапты! Атақты дәруіші Әбдіразақ Нахичеванидің өзі тапқан мың да бір кеселге шипа болар, ебелек тікенегінен жасаған — сырыншан шурнәсі де қонбапты. Есіл ер Жейхун мен Сейхун дарияның ортасындағы етрақ50 далада жеті күн кезікпен күйіп-жанып, ақыры қайтыс болыпты! Зірік талдай сарғая бастаған денесін ыстық күнге бұзылып кетпесін деп, Бахтияр баһадур мен Қарашың батыр, бал толтырған алты құлаш астауға сап, Созақ мединасына алып келіпті. Бұл шаһар қазақтардың қолында болса да, өлімге дауа бар ма, алтын сырмен атын жазып, арнаулы қара мәрмәр тасынан мазар ойып, құрметтеп жерлепті. Бұл хабарды естігенде қас жаулары, әсіресе, Әбілқайыр жерін алып, суын алып, қиянаты көп өткен кейбір қазақ ауылдары көкала жылқы құрбан шалып, қуанышқа кенелді. Тек Жәнібек хан ғана дүние шіркіннің өткіншектігіне қамығып, үш күн орнынан тұрмай жатып алды. Жоқ, Жәнібек Әбілқайыр ханда кеткен кегіне өкінген жоқ. О заманда хан кегі — қолға ұстаған алдаспан тәрізді, ыңғайы келсе жауына жұмсалады, ал өзіне тиімді болса қынабына қайта салынады. Кейбіреуі сол қынабында жатып тот басып, әбден шіриді. Ал енді біреуі анда-санда қынабынан суырылып жауының үстінен жарқ-жұрқ ойнап, сес көрсетіп, қайта орнына барып жатар болар. Тек зардабы асып кеткенде ғана сол кек-алдаспан қызыл қанға малынуға тиісті. Жәнібек пен Әбілқайырдың да кегі осындай кекке айналған. Екі жақтың халқы бірдей қызыл қанға малынғанымен, өздері бірін-бірі ажалға қиюдан аулақ еді. Тек хандығын тартып алып, жауын тақырға отырғызу ғана — армандары болатын. Жоқ, Жәнібек Әбілқайырда кегім кетті деп өкінбеді. Дүние шіркіннің жалған екеніне өкінді. Бар өмірін жиһангерлікпен, алыс, жұлыс, ұрыспен өткізген азуы алты қарыс, мүйізі шаңырақтай, атақты хан Әбілқайыр ақырында не тапты? Бар тапқаны Созақтың қасынан қазылған екі құлаш жер болды! Енді оған үстіне қойған мәрмәр тастан, басына жазылған алтын жазудан не пайда?
«Өлдің, Мамай, қор болдың!» деген міне, осы!.. Қайсымыздың болса да бұл жалған дүниеден ақырғы алар еншіміз — осы екі құлаш жер! Атақ, бақ ше? — Жәнібек ауыр күрсінді. — Атақ, бақ та қолға салған алтын сақина тәрізді, қанша асыл болғанмен түбі тозады. Әбілқайыр түгіл, кеше бүкіл Шығыс еліне үлгі болған Қошан патшалығының ұлы патшасы Қанышқаны кім біледі? Ал кезінде бұдан атақты, бұдан абыройлы қандай патша болып еді? Жоқ, атақ, бақ деген — қолға салған алтын сақина. Тек тірі кезімізде ғана өзгелер көрсін, қызықсын деп саусағымыздан алмауға тырысамыз. Ал өлгесін ше? Қай ұрпақты көрдің — бабамның мұрасы деп атам заманғы сақинаны көзінің қарашығындай сақтаған? Сақтаудың қажеті жоқ шығар. Әр заманның үлгісі өзіне қымбат қой. Атағың да сондай. Қара да тұр, Алтын Орданы тік тұрғызған Әбілқайырға бүкіл үрім-бұтағының орнатқан ескерткіші «Осы жерде Әбілқайыр хан жатыр» деп үстіне қойған сонау қара таспен бітеді. Жыл өтер, ғасыр өтер, Әбілқайырдың да даңқы, бүгінгі күнгі қадірі ұмытылар. Бұным не, Әбілқайырды табалап жатырмын ба? Жоқ, бұным табалағаным емес, ақиқатым. Әбілқайыр соңынан ерген жұрттың сенімін сақтай алмады. Елді ел ету қолынан келмеді. Ал біз ше? Біз оны көгерте аламыз ба? Көгерткен күнде келешек жұрт ісімізге қандай баға береді?
Япырмау, менің бұным не? Болашақ ұрпағымыз не айтады екен деп өз борышымызды атқармай өтпекпіз бе? Жоқ, келешектің бағасы үшін емес, солардың алдында өзіміздің ар-ұятымыз таза болу үшін, ел-жұртымызға деген өз борышымызды адал атқарып өтуіміз керек. Қорғай алмаса өз обалы өзіне, біз халқымыздың алғашқы мемлекеттік отауын тіктік! Тігу үшін қан майданда жан құрбан дедік!»
Жәнібек төсектен басын көтеріп алған. Сол күні Сауранды билеп тұрған хакім Құлмұқамет-тархан «Күшің жетсе — жеңіп ал» деп Жәнібектің хатына жауап берген. Ал Жәнібек те сол сағатта Сауран шаһарын шабуға әскеріне жарлық шығарған:
Бүкіл Сыр бойын алып жатқан қалың әскер қайтадан жасаққа бөлініп, шабуылға дайындала бастады. Хат жіберілген өзге шаһарлардан жауап келгенше екі аптадай уақыт өтті. Жәнібек бар уәлиеттен жауап алмай тұрып, Сығанаққа таяу Сауранды шабудан әзірге бас тартқан. Әбілқайырдың өлгенін естіген жұрт, хакімдеріне қан төгіспей қалалардың қақпаларын аштыртар деп үміттенген. Бірақ бұл ойы ақталмады. «Әбілқайыр хан өлгеннен кейін не болар екен?» деп күткен хакімдер тез жауап бере қоймады. Жұрт осындай дағдарыс халде жүрген шақта, тағы бір хабар келді. Әбілқайыр ханның тағына үлкен баласы Шайх-Хайдар отырыпты деген лақапты құс қанатты ұзынқұлақ бүкіл Дешті Қыпшақ жеріне бір-ақ күнде таратты.
Жәнібек тағы ойға қалды. «Әбілқайыр жорыққа бастап шыққан жүз мың әскерді Шайх-Хайдар дәл қазір таратып жібермейді. Әрине, Шайх-Хайдар Көк Ордаға хан болып жарытпайды. Бірақ оның нағашы жұрты — өзбек Қоңыраттары қазір бел алып тұр. Сондықтан да Шайх-Хайдарды хан көтерді. Ал, Шайх-Хайдар қанша табанының бүрі жоқ, осал болғанмен де, әкесі құрған мынау жүз мың әскерді пайдаланып, абырой алып қалуға тырысады. Бұны Әбілқайырдың серіктері — әскер қолбасшы батырлар да қолдайды. Қайткен күнде де тастай түйілген әскерді жорыққа жұмсайды. Тек қай елді шабу керек, соған қарай әскерінің бетін бұрады. Әрине, Көк Ордаға қазір Моғолстаннан қазақ елі қауіпті. Оның үстіне біз Сығанақ уәлиетін алып қойдық. Өз елінің де, өзге елдің де көз алдында қадірін түсірмес үшін, Шайх-Хайдар Сығанақ пен Созақты қайтаруға барын салады. Сөз жоқ, әскерінің бетін ол Түркістан өлкесіне бұрады. Ал Шайх-Хайдардың әкесі Әбілқайырдың бабына келтірген жүз мың әскеріне, бар қару-жарағы сойыл мен көне Қыпшақ кезінен келе жатқан қайың садақтарын саптаған қазақ жігіттері қарсы тұра алмайды. Бұндай соғыста жеңіп шығу үшін тек жазды күні жиналатын ер жүрек жігіттері ғана емес, қан майданда әбден шыныққан, соғыс тәсілін мейлінше үйреніп алған қару-жарағы мұздай, тұрғылықты әскер керек. Ол әскер қазір тек Шайх-Хайдарда ғана бар. Сонда қалай, Шайх-Хайдардың әскері күшті екен деп ұрыстан күні бұрын тайып кету керек пе? Жоқ, өйтуге болмайды. Шайх-Хайдардың мұздай қару-жарақтанған әскеріне қарсы бөтен күшті пайдалану керек. Ол күш — Көк Орда хандығына қарсы батырлардың басын біріктіру, солардың әскерін Шайх-Хайдардың жан-жағынан қаптату, бүйідей тигізу. Мүйізі қарағайдай алып өгізді жан-жағынан тиген он бүгелек қызыл танау етіп шапқылатып, жанын қоярға жер тапқызбайды. Бүкіл қастар жиналсақ бір Шайх-Хайдарға әліміз жетпей ме? Әрине жетеді.
Осындай ойға келген Жәнібек, Моғол, Жағатай хандары Қажы-Мұхамед баласы Сайдан-Айбақ ханға, Керей-Арабидің баласы Бүреке сұлтанға, Маңғыт әмірлері Аббас бек, Мұса бек, Жаңбыршы бекке, «бәріміз бірігіп Шайх-Хайдарға қарсы шығайық» деп кісі салды.
Ежелден Әбілқайырға қарсы хан, сұлтан, бектер әскерімен тез-ақ жиналды. Киік лағын өргізген қара суықтың алдында Яссы мен Сауранның ортасындағы етрақ далада жүз мыңдаған қалың қол кездесті. Жәнібек әскерінің саны артық болғанымен, Қарашың батыр бастаған Көк Орда әскері алғызбады. Жәнібек, Айбақ, Мұса, Жаңбыршы бірнеше мәртебе қарсы шапты, бірақ сауыт бұзар болат ұшты жебе жаудырған Шайх-Хайдар әскері маңайына жолатпады. Бірнеше рет өздері қарсы шабуылға шықты. Нұраның Қаратұзындағы айқастан бері қазақ хандарына тісін қайрап жүрген Қарашың батыр, күйеу баласы екеніне қарамай, Бұрындық сұлтанның әскеріне өзгеден көбірек өшіге ұмтылды. Бұрындықтың баяғы өзіне істегенін алдына келтірмек боп, қолына арқанын алып қырғын ұрыстың ішінен талай аңдыды. Бірақ сұлтанды қоршаған кілең сайгүлік мінген қарулы ер жігіттер жуытпады. Кейде өздері қолға түсе жаздап әзер құтылды. Қарашың нұсқауымен сұлжық түрікмендерінің атақты жасағы Жәнібекке де сан ұмтылды. Бірақ баяғы Нұраның Қаратұзындағы оқиғадан кейін Жәнібек ханның өзін қорғайтын екі жүз алдаспанды арнаулы қосынын басқаратын батыр Саян, хан үстіне түйілген қылышты сан рет найзасымен қағып, ханды жәбірейілдей қорғап, майдан ортасынан аман алып шыға берді. Осылай екі аптадай салғыласқан қазақ әскері ақырында, күздің қара суығы келе Сығанаққа кейін шегінді. Жау жағының қайтқанын көрген Шайх-Хайдар хан енді өз әскерін тарата бастады.
Әбілқайыр Ордасы қастарының да күткені осы еді. Шайх-Хайдар хан жауынгерлерін таратып болып, қалған бес мың қолмен ертең Самарқантқа қайтқалы тұрғанында, кенет Әбілқайырдың ескі жауы сұлтан Ахмет ханның жиырма мың жақсы қару-жарақты әскерін ертіп, Айбақ хан бір бүйірден сау ете қалды. Шайх-Хайдар тарап кеткен қолына жиналсын деп бұйрық беріп, ат шаптырғанмен, жөнді әскер жиналып үлгермеді. Амал жоқ, жиырма мың әскерге бес мың қолмен қарсы шығуға тура келді. Шайх-Хайдар жайшылықтағы жүрексіздігін қойып, осы айқаста Қарашыңмен қатар тұрып, жан аямай ұрысты. Суға кетер бала дариядан шегінбейді, әлде ажалына көрінді ме, не баяғыдан бері қорқып келгенінің ызасын қайтарайын деді ме, ол астындағы құла қасқа текежаумыт тұлпарын ойнақтатып, жау шебінің ортасына қарсы шапты. Таяу жерден жіберген бірнеше жебе үстіндегі кереге көз шынжыр сауыттың быт-шытын шығарып, ақырында ат үстінен құлатты. Құлаған ханның денесін аламыз деп, екі жақ бірдей жан аяспай қырылысып жатқанда, сан жағынан жараланған Шайх-Хайдар хан қансырап, қиналып барып, ақырғы рет жарық дүниеге бір қарады да, көзін мәңгі жұмды. Бұл жолы да ұтылғанын білген Қарашың батыр, соғысқа ең алғашқы рет қатынаспақ боп Шайх-Хайдар қолына ерген он жеті жасар Мұхамед-Шайбани мен он бес жасар Махмуд-Сұлтанды қан сасыған қырғыннан аман-есен алып шығып, қалың ши арасына кіріп жоқ болды.
Шайх-Хайдар қаза болғаннан кейін, оған ерген әмір, сұлтандар елді-елдеріне тарап кетті. Көбі өздерінің қасқырға жеке шабатын арлан тазы емес, тек қора күзетуге жарайтын бұралқы төбеттер екендіктерін көрсетті. Бұрын топтанып арсылдап үріп, сырт адамға айбар шексе, онысы айтақтайтын, бастарын қосатын әміршілері болғандықтан екен. Әміршілері ажал тауып еді, енді олар өз қалаларының қақпасының алдында отырып алып, тек жат адамды жуытпай құр сырттай қыр көрсетіп абалауға ғана жарады.
Мұндай жағдай қазақ, моғол, Жағатай хандары мен Әбілқайыр ұрпағына қарсы Ақсақ Темір әмірлеріне жаман тиген жоқ, Көк Ордаға бағынатын қалаларды жеке-жеке жаулап, біртіндеп талан-тараж етіп ала бастады. Әбілқайырдың кезіндегі айбарлы Ордадан «әне-міне» дегенше құр бөлшектенген уәлиеттер ғана қалды. Бұл Ақсақ Темірден кейін, қайта лаулап көтерілген Өзбек хандығының тағы да бір құлдырап құлауы еді.
Жәнібек бас жауы Әбілқайыр ордасын жеңгеннен кейін көңілі азырақ сая тапты. Сөйткенше қыс та түсті. Қалың қол қасына ұстайтын ол кезде хан қоры бәлендей бай емес, сыпайлардың өзіне ас керек болса, аттарына шөп керек. Қазақ ол уақытта шөп шауып, қыстық қорын дайындап көрмеген. Дайындағанмен де соншама бықыған малды қамтамасыз ету тіпті мүмкін емес. Жаз болса бір сәрі, сыпай аттары да жайылымда болады. Осындай жағдаймен хан жылда, қыс бола бас әскерін елді-еліне тарататын.
Биыл да сөйтті. Және осы жылы Дешті Қыпшақ хан Ордасын Сығанаққа көшірді. Тек осы Сығанақты қорғауға бес мың атты әскер алып қалды да, өзге сыпайларын ауылдарына қайтарды. «Қару-жарақтарың, жауға мінер аттарың ер-тұрмандарымен дайын тұрсын, керек болып қалсаңдар жаршы хабар береді» деді. Биыл жылдағысындай «жаз шыға бәлен жерге жиналыңдар» демеді. Жәнібектің ондағы ойы, бір жағынан әрқайсы өз бетіне қамалға айналған Түркістан уәлиетінің қалаларын бұрынғыдай жүз мыңдаған қол жинамай-ақ, қарамағындағы бар күшпен аламын деген үміті болса, екінші жағынан бұл қалалардың хакім, ақсақалдарымен тіл тауып, бейбіт келісімге келіп, соғыс ашпай-ақ өзіме бағындырармын деген сенімі бар еді.
Жәнібек осы ойын орындауға кірісті. Өзінің қоқан-лоқы күшін көрсете отырып, Түркістан уәлиетінің Сығанақ пен Созақтан бөтен қалаларына «қан төгіспей бағыныңдар» деп үшінші рет хат жазып, уәкілдер жіберді. Бұ жолы Жәнібек, сөзінің салмағы болатынына шек келтірмеген. Сөйтсе Яссы, Сайрам, Cayран, Отырар, Ақрұқ, Үзгент секілді мықты бекініске айналған шаһарлардың оңай қолға түсе қоймайтынын да түсінетін. Әсіресе Яссы, Сауран қалаларын басқарып отырған Мұхамед-Мазит-тархан, Құлмұхамед-тархан секілді Әбілқайыр кезінде де биліктерін ешкімге ойыншық ете қоймаған хакімдері бар және қорғайтын әскері бар қалалардың тағдырын оңай шеше алмайтыны оған хақ еді. Жәнібек бұл мединелермен жеке алыспай тағы да өзіне серік іздеуге кірісті. Оған енді бұрынғы Абақ хан, Ахмет хан, Аббас, Мұса, Жаңбыршы бектерден күштірек серік керек болды. Мұндай адам Исан-Бұғы өлгеннен кейін, Моғолстан тағына отырған Жұныс хан еді.
Ежелден қазақ рулары жағатай, моғол хандарымен достасып келген. Моғолстанда бір тірегім болса, мұртымды балта кеспейді деп ойлады Жәнібек. Оның үстіне Жұныс хан Мауреннахрдағы Ақсақ Темір әмірлерімен байланысты. Самарқант әміршісі Әбусейіттің баласы Омар шайқы бұның қызын алып отыр. Түбі Түркістан уәлиетін қан төгіп жаулап алатындай күн туса Самарқанд Бұқар күштерінің сырт қалғаны жөн. Қашан да болса топтанған қасыңнан, жекеленген жауыңды жеңу оңай. Ал қазір сондай әдіске жол бар. Әбілқайыр дүние салғаннан бері, Темірлан тағына қарайтын уәлиеттер жеке-жеке бөлініп кеткен. «Ортақ өгізден оңаша бұзау» деп қарайтын сұлтандарға, әмірлерге жалғыз әміршіге бағынғаннан гөрі, әр уәлиетті бөліп билеу тиімді көрінген. Жауың өзі осындай халде тұрғанда, неге оның осал жерін пайдаланбасқа? Жәнібек өз ойын іске асыруға осы кездің дәл екенін еске алып, қыз беріп, қыз алысайық деп Жұнысқа кісі салды.
Жаңа іргесін қалап келе жатқан қазақ хандығының Түркістан өлкесін қайтып алудан да бөтен толып жатқан істері бар. Әскер құру, хан тәртібін орнату, мемлекет заңын — жаңа «хан жарғысын» шығару, отырықшы аймақтар мен көшпелі тайпалардан хан қорына, әскер ұстауға, мешітке, мемлекет ісін жүргізетін адамдарға арналған салық, ғараж, ұшыр, зекет жинау. Сығанақ пен Созақты алғаннан бері Қыпшақ даласы мен Моғолстан, Алтын хан, Қара теңіз жағасындағы қалалармен сауда-саттық жұмысын күшейту — хан әсіресе көңіл бөлетін мәселелер еді. Бұрынды-соңды Дәшті Қыпшақта қалыпқа түспеген осындай тың істермен шұғылданып жүргенінде, Жәнібек қыс өтіп жаз шыққанын білмей қалды.
Жаз шыға Жәнібек өзінің көшпелі ел ұлы екенін есіне ұстап, қазақ елінің дәстүрі бойынша, хан Ордасын Сығанақтан Сырдарияның сағасына көшірді.
Бұл ара шым үйлі, күндіз-түні шулаған базарлы, көшесіне адамы сыймай жатқан қаладай емес, көк шалғын, ауасы да жеңіл, өрісі де кең, қамысты алқап.
Сырдария жағасына келіп қонғалы. Жәнібектің шаруасы бұрынғысынан да көбейіп кетті. Сайрам хакімі Қатта бектен, Моғолстан ханы Жұныстан хабар келген. Бұл екеуі де Жәнібектің ұсынысына бірден құлап түспегенмен де, тақа «кет әрі» еместігін білдірген. Сондай-ақ Сауран хакімі Құлмұхамед те кісі жіберген. Хан ұсынысына ол терісқақпай жауап берген.
Жәнібек осы мәселелерді Хан Кеңесіне салмақ болды. О кезде күрделі істің бәрін Хан Кеңесі шешеді. Хан ұсынысын егер Хан Кеңесі қабылдаса ғана іске асады. Абылай ханға дейін бүкіл қазақ тарихында осылай болып келген. Ал Жәнібек тұсында Хан Кеңесі екі түрге бөлінетін. Бірін «Тағанақ кеңесі» деп атайтын, екіншісін «Тұрымтай кеңесі» дейтін. Біріншісі үлкен Хан Кеңесі деген мағынада, екіншісі кіші Хан Кеңесі деген түсінікте. Біріншісіне елеулі рудың басты адамдары тегіс жиналады. Онда хан сайлау, соғыс ашу тәрізді күрделі істер ғана қаралуға тиісті. Сондықтан бұл кеңесті кейде үш жүзге бөлінерде бас қосқан жерінің атымен «Қаратұз кеңесі» деп те атаған. Ал Тұрымтай кеңесінде басқа жұртқа елші жіберу, қонысқа жер болу тәрізді жеңілдеу мәселелер шешілген. Бұл кеңеске Маймене мен Майсарыдан бөтен, Орда маңындағы әскери қолбасшылар, хан балалары қатынаса алады. Бірінші Кеңес жылына бір мәртебе, екінші Кеңес апта сайын бас қосқан.
Жәнібек өзінің дүдәмалданған ісін, Хан Кеңесіне қоймай тұрып, көбіне Қасым сұлтанмен ақылдасатын. Бұ жолы да осы әдетіне сап баласын, өзі отырған Жаған бәйбішесінің ордасына шақырттырды.
Күн жаңа батып, төменгі ауылдың малы келіп азан-қазан болып жатқанда, кешке таманғы аласапыран әлеті еді. Күндіз ыстық боп, күн бата ғана самал жел тұрған. Орда іші салқындай түссін деп хан есікті әдейі ашып қойған. Баласымен сөйлесер сөзін жат құлақ естімеске күзет жігіттерін де «әрірек барып күзетіңдер» деп, Орда маңынан алыстау жерге қуып жіберген.
— Ымырт үйіріле Қасым да келді. Әкесі оның сәлемін алып оң жағына отырғызды да:
— Пешпентіңді шешіп таста, денеңді жел аймаласын, — деді, сөйтті де қымыз құйып отырған бәйбішесіне, — шам жағасың ба, қайтесің, — деп көз қиығын аударды.
Сонау Жанбике оқиғасынан кейін үш жыл өтсе де, Жаған бәлендей өзгере қоймаған-ды. Сол толығайын деген тәрізді, әйтпесе сол баяғы көл жағасына шығып таранған аққу-қаздай сәнді қалпы. Жасы қырықтан асып кеткенін есіне тұтып, баласының көзінше орнынан ілтипатпен тұрып, жайшылықтағы еріне деген қылтың-сылтың мінез көрсетпей, әдеппен сәндене майыса, керегеге ілулі қытай шамын жағуға кірісті.
Жәнібек аспай-саспай, алдындағы алтын кеседен уыз қымызды бір ұрттап қойып әңгімесін бастады:
— Бүгін Алмалықтан Жұныс ханнан кісі келді, — деді ол. — Кеше Сауран хакімі Құлмұхамед-тархан мен Сайрам хакімі Қатта бектен жеткен хабарды естіген шығарсың?...
— Еміс-еміс қана...
— Құлмұхамед-тархан әлі өр көкіректігіне салып, — деп келе жатты да, кенет тоқтай қалды. Дәл осы сәтте есік жанындағы қоржыннан шақпақ тас алуға бара жатқан Жаған Қасымды әлденеден қорғай «алла» деп дауыстап жіберді де, жерге шалқалай келіп гүрс құлады. Жәнібектің көргені ашық есік алдында қараң етіп пайда болған қара далбағайлы жат кісінің кенет найзағайдай жарқ еткізіп лақтырған болат қанжары болды.
Жәнібек атып тұрып есік алдына барғанша, қоюланып келе жатқан түн қараңғысынан аруақтай пайда болған түсі суық адам, сып етіп үйді айнала беріп, сиқыршы жандай жоғалып кетті.
Жәнібек тек:
— Ұстаңдар! — деуге ғана шамасы келді.
Сірә есік алдында кенет елең еткен жат бейнені күзетшілердің де көзі шалып қалған тәрізді, енді олардың су жағасындағы қамысқа қарай жүгіріп бара жатқан дүбірлері естілді. Әлден уақытта: «Қап, әттеген-ай, ұстатпай кетті-ау!» деген әлдекімнің өкінішті даусы шықты.
Әкесінің сөзін тыңдап бетіне қарап отырған Қасым, шешесінің даусы шыққан шақта ештеңе түсінбей қалды, тек Жаған шалқалай түсіп құлағанда бір-ақ ырғып қасына барды. Қара көлеңкеленіп кеткен бейуақта үн-түнсіз жатқан анасының дәл көкірегіне қадалған қанжардың сабын көрді. Жанталасып мүйіз сапты қанжарды кеудесінен жұлып алды. Атылған ыстық қан бетіне шапшып жуып кетті. Анасы «құлыным» деп ышқына бір бұлқынды да тына қалды. Осы кезде үйге басқа адамдар да келіп, шам жағылды. Енді жұрт қызыл қанға батып өліп жатқан ханымды көрді.
Бүкіл хан аулы түнімен Жағанды өлтірген адамды іздеді. Таба алмады. Тек таң ата ғана оның Сейхун дарияның жағасында жатқан қара жүн далбағайы мен жеңіл пұшпақ ішігін, түйе терісінен илеген көн етігін тауып әкелді. Шамасы арғы бетке жүзіп өтіп кеткен тәрізді. Ағысы қатты, кімді болса да оп-оңай алып кететін бұл кездегі Сейхун дариядан әлгі адамның қалай жүзіп өткеніне жұрт жағасын ұстап таң қалды. «Адам емес, хан Ордасына арнап келген бұл бір албасты болар» деді ішінен ғаламатқа сенгіш кейбір кемпірлер. Ал тастап кеткен киімдерінен бұл келген жын да, албасты да емес, нағыз адам, адам болғанда Дешті Қыпшақтың өзінен шыққан, тіпті сонау Жайықтың арғы бетінен келген жау екеніне ешкім де шек келтірмеді. Бұған киім үлгісі, көмкеруі, оюы куә еді.
Жағанды бүкіл ел-жұрт боп арулап қойып, жетісін бергеннен кейін, Жәнібек тағы Қасымды өз ордасына шақырды. Қасым келгеннен соң, оның беліндегі қанжарды алды да, қолына ұстап тұрған, Жағанның кеудесінен суырылған қанжармен екеуін баласының алдына қойды.
— Көрдің бе, екеуі бірдей, — деді Жәнібек, — саған осы екі қанжар қандай сыр айтып тұр?
— Бір шебердің жасағаны ма?
— Одан бөтен?
— Есіңізде ме, анам марқұмға Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға тимеймін деп ант бергенімде менің қолымнан мынау қанжарды алып, «саған қадалар қанжар менің жүрегіме қадалсын» деп еді ғой? Анамның сол тілегі орындалған тәрізді.
— Рас, анаң адал жан еді. Адал жүрегінен тілеген тілегі орындалды. Топырағы торқа болсын. Ал бұдан басқа бұл қанжардың лақтырылуынан не ұқтың?
— Қанжар не сізге, не маған арналып лақтырылған.
— Дұрыс айтасың. Бұл қанжарларды Меккеге барған Ноғайлы хандығының бір биі Стамбулдан алып келген. Маған біреуін берген еді. Сен жеті жасқа толғаныңда әдейі беліңе байлағам. Ал қалғандары сол Ноғайлы елінде болатын. Мына қанжарды лақтырған адам не саған, не маған арнап лақтырды. Және өзі со жақтан келді. Бұдан не ұқтың?
— Еділ бойындағы ағайындар да тек жатпайтын тәрізді ғой.
— Дұрыс айтасың. Дешті Қыпшақ жері — түйенің терісі тәрізді мол дүние. Әркім-ақ одан бір ұлтандық жұлып алып қалуға құмар. Тегі Түркістанға тым көңіл бөліп кеткен тәріздіміз. Біз бұ жақта әуре болып жүргенде, Еділ бойындағы Ноғайлы Темір би мен Астрахань Ордасының әміршісі Қасым сұлтан да бос жатпағаны көрініп тұр... Қазан мен Қырым хандарымен тіл табысқандай ма, қалай. Төрт жұрттың төртеуі де бізге дос емес. Түркістанды аламыз деп жүргенде, олар Дешті Қыпшақтың бүкіл батысын басып қалуға дайындалып жатпағанын кім білсін. Жоқ, артыңды бекітпей тұрып алдыңды қармай берудің жөні болмас... Қандай ақылың бар?
— Ақылым өзіңіз ойлағандай: жау екі жақтан. Астананы екі жағыңа бірдей қарай алатын жерге көшіру керек.
— Оның ұлытау ма?
— Жоқ, Ұлытау екі жақтың дүбірінен де алыс. Бізге тегі қауіпті тұстан тақа алыс кетпеу жөн. Дешті Қыпшақ хандығы бұл жақтағы шекарасын қазір әжептеуір бекітіп алды. Енді Сауранды жаулап алсаңыз өздері бүлініп жатқан Әбілқайыр мен Темірлан тақтарынан бәлендей қауіп әзірге туа қоймас... Қауіп дүмпуі Ноғайлы жақтан. Дәл Ноғайлы хандығы болмаған күнде де, ар жағында Түрік патшалығы бар. Біз о жақтан тым алыстап кеттік. Сығанақты — Бұрындық сұлтанға қалдырып, хан Ордасын Жайық бойындағы көне қала — Сарайшыққа көшірген жөн.
— Өзім де осылай болжап едім. Дешті Қыпшақ хандығы болу үшін қарамағымызда Еділ, Жайық, Жем, Торғай өзендерін жайлаған туыстардың бір болғаны жақсы. Ал олар біздің құрығымыздың мойындарына түсуіне тым шалғай жатқанын місе тұтып, беліне жайылып жүрген түрі бар... Оның үстіне ар жағында тағы қас жауларымыз тұр...
Күзтоқсанның бас кезінде хан «Тағанақ кеңесін» шақырды. Бұл кеңес хан ұсынысын дұрыс деп тапты және қыс түсе Сауранды қайтарып алуды мақұл деп шешті.
Жәнібек қыс түсе Сауранды басып алды да, келесі жылы жаз шыға Сығанақты — Бұрындыққа, Созақты — Махмұдқа, Сауранды үлкен баласы Жиреншеге тастап, өзі Жайық бойындағы Дешті Қыпшақтың көне қаласы Сарайшыққа көшті.
Баласы Қасым жөн айтқан сынды, егер тағы бір бес жылдай бұ жаққа көңіл бөлмегенде, бүкіл Еділ, Жайық бойы Мұғажар тауына дейін Ноғайлы, Астрахань, Қазан, Башқұрт хандарының үлесіне кетуі мүмкін екен. Оның үстіне Жәнібекті «бар қазақтың ханы» деп құр атағаны болмаса, бұл арадағы рулар оның ықпалынан тым алыс жатқан-ды. Хан өзінің тегеурінді мінезіне басып, тағы қауіп-қатерлі, кейде қан төгіссіз бітпейтін жаңа айқастарға кірісіп те кетті. Енді ол өзіне арналған қанжардың неге батыстан лақтырылғанын ұқты. Оңаша отау, жеке хан болуды арман еткен басшыларының азғыруы салдарынан Еділ, Жайық, Елек, Жем, Торғай, Ор өзенінің бойындағы рулар Жәнібекке бағынудан айни бастаған. Жәнібек өзінің он мың атты әскерін ерсілі-қарсылы дүбірлетіп, көк құрыш алдаспанын найзағайдай жарқылдатып, енді оларды ойлануға мәжбүр етті. Осылай бұ жақтағы қазақ руларының басын біріктіріп, Дешті Қыпшақ хандығына күшпен бағындырам деп жүргенінде балаларына тастап кеткен Дешті Қыпшақтың күншығыс жағына Әбілқайыр ханның кезінен де зор қауіп туғанын білмей қалды.
Әбілқайыр өзі өлместен бұрын Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды өзінің бұрынғы атекесі Бай-Шайх ұйғырға тапсырған. Және оларға атеке етіп бұрынғы күкілташы қосшы руынан шыққан Дәулет-Қожа бектің баласы Дарвиш-Хұсайын-Қарашыңды тағайындаған. Бұл екеуі де Әбілқайырмен бірге Көк Орданы тігіскен ер жүрек, сенімді адамдар болатын. Шайх-Хайдар өлгеннен кейіп Әбілқайыр тағына отыру Мұхамед-Шайбанидың кезегі еді. Өйткені оның әкесі Шах-Будақ сұлтан Әбілқайырдың үлкен баласы. Ал өзі Шах-Будақтың Аққозыдан туған тұңғышы. Екі жылдан кейін, Махмуд-Сұлтан туған. Екеуі де түрге келбетті, алып күшті, жас жолбарыс тәрізді ер жүрек жандар. Оның үстіне екеуі де оқуға зерек, өнер-білімге жақын. Хан маңындағы адамдар түбі әлемге Сайбан тұқымының атын шығарар осы екеуінің бірі болар деп жоритын. Бар үміттерін олар Мұхамед-Әкім эль Тарази тойында ақтағандай да еді. Осындай үміт күткен екі ханзаданы Әбілқайыр қайтыс болысымен, әмірлер кеңесі «көзіңнің қарашығындай сақта» деп Әбілқайырдың ең сенімді, ең ер жүрек батыры Қарашыңға тапсырған. Сол себептен бұл батыр өзін осы екі ханзаданың өміріне жауапты санайтын. Жалғыз жанын құрбан етіп оларды қауіп-қатерден сақтауға ант еткен.
Осы екі ханзаданы Шайх-Хайдар қаза болған ұрыстан алып шығысымен Қарашың батыр Хаджитархандағы, яғни Астраханьдағы Жошының үшінші ұлы Құтлық-Темірдің ұрпағы, Қасым ханға бірден тартқан. Мауреннахр жерінде жүрсе, тірі қалуларынан Қарашың батыр күдіктенген. Астрахань тағына отыруға кезінде Әбілқайыр үлкен жәрдем берген Қасым хан, қашып келген ханзадаларды құшағын жая қарсы алған. Қарашың батырмен ақылдасып, Қасым хан Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды жаудан жасырып бағуды Маңғыт руынан шыққан Темірбекке жүктеген.
Темірбек ханзадаларға тамаша құрмет көрсетіп, қызмет істей бастаған. Бұл жағдай Әбілқайыр әулетіне жаны қас жауы, қай жерден қос бөрі шыға қалар екен деп құлағын түріп отырған Айбақ ханға, моғол Ахмед хан мен Аббас бекке жеткен. Бұлар көп әскермен Хаджитарханға қарай шыққан. Соғысуға күші жеткіліксіз Қасым хан Темірбек пен Қарашыңды шақырып алып, екі ханзаданы Хаджитарханнан Мауреннахрға қашырған.
Жолай бұларға Әбілқайыр тағына берілген бірнеше сұлтандар, батырлар қосылып, өздерін қоршап алған Айбақ ханның әскерімен соғысады. Осы айқаста Мұхамед-Шайбани, Махмуд-Сұлтан, Қарашың үшеуі ханның інісі мен бір баласын өлтіріп қоршаудан шығады. Соңынан қуып жеткен Ахмед ханның қолбасшыларының бірі Қоныш-Қыпшақ батыр басқарған мың адаммен айқасып, олардан тағы құтылып кетеді. Бұл айқаста әсіресе Мұхамед-Шайбанидің інісі Махмуд-Сұлтан, Бахтияр сұлтанның балалары Әлік пен Хамзе, Әбілқайырдың баласы Сүйіншік аса ерлік көрсетеді.
Осы адамдармен ол Түркістан уәлиетіне келеді. Бұл мезгілдегі Түркістан уәлиетінің әміршісі Ұлықбектен туған Мираншох-мырзаның немересі, Сұлтан Ахмед, Яссы қаласының хакімі моғол Мұхамед-Мазит-тархан, Отырардың хакімі оның баласы Құлмұхамет-тархан, Ташкент уәлиетінің әміршісі Сұлтан Махмуд-тархан көптен көп Көк Ордаға мейлінше дос-жар адамдар. Бәрінде де қазақ хандары жеңіп, билігімізден айырылып қаламыз ба деп зәре жоқ. Бұларға хакімі әмір Әбдуәли-тархан, қосшы әміршісі Ақсофы батыр қосылып, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды ту қылып көтеріп, құрып кеткен Көк Орданың шаңырағын қайта көтеруді ойлаған. Бұлар Мұхамед-Шайбаниды Дәшті Қыпшаққа хан етіп көтеріп, өздерінің қастары қазақ пен Жағатай хандарына қарсы күш етіп пайдаланбақ болды. Осындай саясаттың арқасында осыдан екі-үш жыл бұрын қашқын боп жүрген ханзадалар Дешті Қыпшаққа қауіпті күшке айналды. Оның үстінде Мұхамед-Шайбанидың өзінің жеке басының қасиетін, ер жүректігін, ақылдылығын, оқығандығын қоссақ, шынында да, Дешті Қыпшаққа бүгін болмаса ертең нағыз қатерлі күн тууы сөзсіз еді. Осы қауіп іс жүзінде айқындала бастады. Бұрындық Сарайшық жағына серуендеп кеткенде, Мұхамед-Шайбани Сығанақты басып алды. Мұхамед-Шайбани жаққа шыққан қала ақсақалдары көмегімен, осының алдында ғана Яссыға жорық салып, ештеңе өндіре алмай келген Жиренше сұлтанға да Саураннан айрылу қаупі туды. Көп кешікпей ол да Саураннан айырылды.
Ақ Орданың — қазақ Ордасының екі бірдей бұрынғы астанасын жоғалтуы Жәнібек пен Бұрындыққа, Жәнібектің баласы Махмұд-Қамбар, Қасымдарға Дешті Қыпшақтың күншығысында қандай қауіптің туғанын анық көрсетті.
Бұл әрекеттердің бәрі де, тоқ етерін айтқанда, күшейіп келе жатқан қазақ елін қайтадан басқа ұрып, кейін шегіндіру еді. Түркістан өлкесін кім алса, Дешті Қыпшаққа сол үстемдігін жүргізеді. Осы себептен Түркістан қалаларының маңайында тағы төрт хандық түйісіп, қырғын басталуға жақын қалды.
Қазақтар Түркістан өлкесі арқылы өзінің ежелгі жері мен қалаларын қорғап, хандық дәрежесін жоғалтпағысы келсе, Моғолдар бұл өлкені өздері басып қалып, Жетісудан қазақ елін тайдыруды ойлады. Ал Темірдің быт-шыт бола бастаған әмірлері Түркістан арқылы өздерінің бұрынғы Ақсақ Темір кезіндегі патшалығын сақтап, Дешті Қыпшақты қарамағында ұстап, сауда-саттығын өркендетуді арман етсе, Әбілқайыр тұқымдары бұл өлкені қолына алып, бүкіл Дешті Қыпшақты қайтадан басқармақ болды. Осындай қарама-қарсы келген төрт ниеттің тағдыры осы Түркістан өлкесіне кеп тірелді. Мұндай жағдайда Жәнібек Жайық бойында қала алар ма? Кеше ғана өзі қожа бола бастаған Түркістаннан айрылғысы келмеді. Түркістаннан айырылуы қайтадан қазақ хандығын жоғалтуы еді. Сондықтан Жәнібек Сарайшықты тастап, қайтадан бұрынғы қонысына көшуді ойлады. Түркістанды жаулап алу үшін құр ғана әскер емес, ол жерді жайлайтын, бауыр басып қалатын ел керек. Сол себептен де ұлы жырау Асан Қайғының:
«Қырынды киік жайлаған,
Суында балық ойнаған.
Оймауыттай тоғай егіннің
Ойына келген асын жейтұғын
Жемде кеңес қылмадың.
Жемнен де елді көшірдің
Ойыл деген ойыңды
Отын тапсаң тойынды
Ойыл көздің жасы еді,
Ойылда кеңес қылмадың,
Ойылдан елді көшірдің»,
деп толғай ұрысуына қарамай, хандығының келешегін ойлаған Жәнібек бұл жолы да өз айтқанынан қайтпады.
Жәнібек жорық үшін қайтадан қоныс етпек болған Шу, Сарысу бойын Асан Қайғы жамандап: Мына шіркіннің екі жағы борбас екен; баланың іші қуырылмайтұғын, пышағы қынынан суырылмайтұғын, еркегі ат болатын, ұрғашысы жат болатын жер екен» деп, не болмаса Жәнібектің көп елі жайлай бастаған Қаратауды көріп: «Көкектен басқа құсы жоқ, көк шөптен басқа ісі жоқ, жер азғыны мұнда екен, қатыны семіз, ері арық ел азғыны мұнда екен, аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесінде қартаятұғын жер екен» деп Еділ мен Жайық бойын тастамауды айтса да, Жәнібек көнбеді. Түркістаннан айрылса, Дешті Қыпшақтан айрылатынын, Ордасы жоқ, ошағы жоқ, азық-түлік, сауда-саттығы жоқ, бөтен жұртпен байланыс жасай алмайтын көшпелі елді күншығысындағы Әбілқайыр ұрпағы мен Темірлан тағы, күнбатысындағы Ноғайлы, Астрахань, Қазан хандықтары бөлшектеп жұтып жіберетініне көзі жеткендіктен өз дегенінен таймады. Ол енді ештеңеге қарамады. Өз жолының жөн екенін біліп тұрғандықтан, Асан Қайғының дегеніне көнбеді. Бүкіл жұртты шұбырта тағы көшті. Келе сала Сығанақ үшін Мұхамед-Шайбанимен соғысуға дайындалды. Бірақ бұл кезде Мұхамед-Шайбани әжептеуір күшейіп алған-ды.
Екі жақ Сауран мен Яссының ортасындағы кең жазық далада кездесті. Бұ жолы ешкім де жекпе-жекке шықпады. Жәнібек бастаған қалың әскер екінді кезінде Мұхамед-Шайбанидың шебіне ат қойды. Жау жағы да қарсы шапты. Бірақ Мұхамед-Шайбани қулығын асырды. Қазақ әскерінің мақсаты қан майданда жауын жалпы жеңу болса, Әбілқайыр Ордасының ойлағаны хан Жәнібекті құрту еді. Бетпе-бет кеп тұра қашқан бір топ әскерді қуа түскен Жәнібек пен батыр Саян кенет өздерінің Мұхамед-Шайбани мен Ақсофы батыр басқарған қосшы ошағының ер жүрек он сан жауынгерлерінің ортасына қалай түскендерін білмей қалды. Алпыстан асқан Жәнібек қанша айбын көрсеткенімен, Мұхамед-Шайбанидың қасындағы алып күшті жас батырға қарсы тұра алмады. Бетпе-бет келіп қалғанда, ананың қос қолдап ұрған шоқпарының салмағымен омыртқасы үзіліп ат-матымен жер құша омақаса құлады. Осы кезде сол соңынан келе жатқан батыр Саянның да жігіттері жолындағы жау шебін қамыстай бытырлатып жетіп үлгерді. Жолбарыстай ақырып бір тобы Мұхамед-Шайбаниға ұмтылды. Бірақ бір арманына жеткенін көзімен көрген хан баласы ұпайым түгел дегендей, бұларға бұрылып та қарамастан астындағы жел жетпес күрең атына қамшыны үсті-үстіне басып, өз тобына қарай құйындата жөнелді. Ал батыр Саян жерде жатқан хан денесін алдына өңгеріп алып, екінші жағынан келіп қалған жау тобынан сытылып шыға берді. Сөйткенше түн болып қараңғылық түсті. Ұрыс тоқталды. Ай туа әскері ойсырап қалған Мұхамед-Шайбани, таңертеңгі ұрысқа төтеп бере аламайтынына көзі жетіп, Яссы қаласына барып бекінбекші боп кейін шегінді.
Ханы өлген қазақ әскері жауының соңынан қумады. Жәнібектің денесін ақ кигізге орап, ақ түйеге артып, екінші баласы Махмұт билеп тұрған Созаққа беттеді. Қайғылы ел күңірене күрсініп, алғашқы ханның бірі Жәнібекті ардақтап ақырғы сапарына шығарып салды. Әбілқайыр жатқан Жуантөбедегі көк күмбезді мазардың жанында тағы бір салтанатты алтын айлы мазар пайда болды. Тірі жүргендерінде бүкіл Дешті Қыпшақтың кең даласына сыймаған қос тарлан, енді он шаршы құлаш жерге қатарласа көмілді. Өмір татуластыра алмаған екі ханды, енді өлім татуластырды.
Жәнібектің қырқын берісімен ел жиылып, кезегіне қарай Керейдің өзге ұлдарынан батыр туған Бұрындықты ақ кигізге көтеріп хан сайлады. Бұрындық хан болысымен Әбілқайырға еліктеп жұртты отырықшылыққа бейімдей бастады. Бөген мен Шілік өзенінің түйіскен жеріне өзінің астанасы Бұрындық деген қала салуға кірісті. Екі жағында екі өзен, түйіскен жерінің алдыңғы жағынан қамал жүргізді. Бірақ бұл қаланы салып бітіре алмады. Самарқантқа қашқанында әдейі кісілер жіберіп өртеп кетті. Бұл арада осы күнге дейін жұрт Бұзық деп атап кеткен қорғанды қала орны әлі тұр. Бұрындық хан болған дәл осы күндері Ташкент, Яссы, Отырар шаһарларын билеп отырған моғол хакімдері мен Темірлан әмірлерінің жинап берген әскерлерін басқарып Мұхамед-Шайбанидің інісі Махмуд-Сұлтан Созаққа аттанды. Бұ жолы да қырғын ұрыс болды. Қан судай ақты. Тағы да Әбілқайыр балалары жеңіліп кейін шегінді. Бірақ Махмуд-Сұлтан Созақ билеушісі, Жәнібектің ортаншы ұлы Махмұт-Сұлтанмен жекпе-жекке шығып, найзамен үстіңгі ерні мен мұрынын алып түсті. «Шайбани-намеде» айтқандай, «тағдыр басындағы бар ақылын мұрнынан қан етіп ағызды». Бірақ аттан құлап түскен Махмұт сұлтанды қазақ жауынгерлері жау қолына қалдырмай бірден ат қойып аман құтқарды.
Бір халықты өзбек, қазақ деген екі елге бөліп алған хандар тартысы шиеленісе түсті. «Бұл тартыстың аяғы немен тынбақ?» — Өзгеден гөрі Қасым сұлтан көбірек ойланды. Күрестің алғашқы кезеңі аяқталған тәрізді. Анасының анты орындалып, өзін Қасым үшін құрбан етті. Ал әкесі Жәнібек, он жыл бұрын айтқанындай, Мұхамед-Шайбанидың өзінен болмаса да, оның жауынгер батырынан қаза тапты, туған ағасы Мұхамед-Шайбанидың інісі Махмуд-Сұлтаннан бет-аузы адам қарағысыз боп жараланды... Бәрі осыдан он жыл бұрын анасына ант берген күніндегі әңгімедей болып шықты. Осындай тартыс қанды кекке айналып бара жатқан жағдайда, енді өзі сондағы анасына берген антын орындай алар ма?
Қасым ауыр күрсінді. «Жоқ, жоқ қайткен күнде де антты орындауы керек. Анаға берген сөзін бұзса қарғыс атады...»
Әрине Бұрындық ханның әскери басшысы болып жүргенде бұл антын бұзбайды, ал егер ертең алтын тақ-айдаһардың үстіне отыруға тура келсе қайтеді? Апалы-сіңлілінің балалары түгіл, бір анадан, бір әкеден туған егізді айыратын, бірін-бірі бауыздататын қанқұмар алтын тақ-айдаһар Қасым сұлтанды бүгінгідей өз еркіне қояр ма?
Әй, қоймас. Алтын таққа отыру — өз басыңның айдаһарға айналуымен тең емес пе? Тең, сөз жоқ тең.
Биылғы жыл Қасым сұлтанға ауыр тиді. Бұрындықтың орынсыз жұмсауымен дайындықсыз тиісіп бір-екі рет Мұхамед-Шайбаниден жеңіліп қалды. Оның үстіме хан тұқымын қанаушы санаған «Жалғыз көз» батыр, әлділерден опық жеген малшы-жалшыларды жинап, Қасымның да екі қос жылқысын айдап әкетті. Сыр бойының төменгі жағындағы балықшы ауылдарға апарып үлестіріпті деген сыбыс та құлағына жеткен. Бірақ Қасым жылқысын іздеп ол ауылдарға аттанбады. Өйткені, дәл осы кезде ең жақсы көрер әйелі Ханық-Сұлтан Ханша ұл тапты. Атын Қасымның өзі Хақназар қойды.
Көп қатын алатын хан тұқымы балаға зар болмайды. Бірақ Қасым осы Хақназарға өте қуанды. Өзінің ізін басар қазақтың әйгілі ханының бірі боларын білді ме, күндік жерден ат шаптырып ұлан-асыр той істеді. Орақ барымталап алған көп жылқысын енді ол сонау балықшы кедей ауылдарға ұлым үшін берген садақам деді.
IV
«Екі көз бірін-бірі шұқымасқа аллатағала ортасына мұрынды жаратқан» деп қазақ босқа айтпаған. Бұрындық таққа отырып, Қасым сұлтан әскербасы, яғни әмір-эль-умера болғаннан кейін, көп кешікпей-ақ араларында қайшылықтар туа бастады. Негізгі ала ауыздық Бұрындық пен Қасымның қазақ хандығының келешек саясатының қандай болуы керек, деген мәселедегі екеуінің көзқарасынан туған. Оның үстіне Әбілқайыр Ордасын қайта тұрғызуды көздеген Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан жайындағы араларындағы алалығы қосылды.
Аңғал батыр, қысқа томыратын морт мінезді Бұрындық қазақ хандығының келешегі тек соғыста деп ойлаған. Жасынан жауынгершілікті мұрат еткен, тоң мойын, өз дегенін дүниенің тетігі көретін қайсар хан қазақ хандығының күшею жолы тек көрші елдерді шабуда деп ұққан. Сондықтан ол өзі де үнемі ат үстінде болып, өзгеден де соны тілеген. Ал Қасым бөтен пікірдің адамы. Оның ойынша қалың қол, соғыс тек жаудан өз жеріңді қайтарып алу үшін ғана керек. Қазақ хандығының күшею жолы үнемі соғысуда емес, алдымен өзіңе ешкімнің тісі бата алмайтын айбарлы, қой үстінде боз торғай жұмыртқалататын бейбітшілікті арман еткен ел болуда деп түсінген. Осындай ойдағы Қасым үнемі жорық, үнемі шапқыншылық халықты жүдетеді десе, Бұрындық «жоқ, олай емес, жаудың жер, суын тартып алып, дүниесін тонау ер жүректі қазақ жігіттерін байытады, ал жорық, ұрыс тек халықты шынықтырады, сақылдаған аяз бен бұрқыраған боранда өскен көкжал қасқырдай қайтпас қайсар етеді. Бұндай елге ешкім де беттей алмайды. Ал жауы қорыққан елдің хандығы да берік, айбынды келеді. Сол себепті қазақ елінің ең мықты саясаты соғыс болу керек» деп тұжырған. Хан билігіне бағынбауға қақы жоқ әскербасы Қасым лажсыз Бұрындықтың бұйрығын орындап, жұмсаған жорықтарына баруға мәжбүр болған. Осындай орынсыз жорықтардың кейбіреулерінде жауына күші жетпей жеңіліп те қалатын. Әрине, Бұрындықтың мұндай қылықтары Қасымның көңілінде оған деген наразылық тудырды. Ал Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға келгенде, Бұрындық екеуін тезірек құртуды тілесе, Қасым қос бөрінің бетін Түркістан өлкесінен қайтарып, Ақсақ Темір хандығына қарсы жұмсауды көздеді. Әбілқайырдың көптеген әмір, сұлтан, мырзалары Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды жақтайтынын түсінетін Қасым, қазақ елінің айбынды жауы Ақсақ Темір Ордасын құлату үшін, іріткіні жау тобының өзінде шығарсақ деген тілекті құптады. Мауреннахрдағы Моғол, Жағатай тархан, мырза, өмірлерін күшейтуден көрі, Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды өз жағына шығарып, аналарға қарсы пайдалануды дұрыс көрген.
Бұл мәселеде хан мен оның әскер басының арасында оңай өте алмас тұңғиық пайда болды. Егер бұлар тіл тауып, бір шешімге келмесе, бұл тұңғиық екеуін бірдей батырып кететіні сөзсіз еді. Өйткені қас жауыңа достық көзбен қарау — еліңді сатумен тең қылмыс. Бұрындық ойынша Қасым сол қылмысқа таяу жүр. Әрине, мұндай жағдайда арасындағы ала ауыздық екеуіне бірдей қатер.
Әйткенмен бұл түйінді қос бөрінің өздері шешті.
Мұхамед-Шайбани Ташкент билеушісі жағатайлық Сұлтан-Махмуд хан мен Самарқант әміршісі Әбусейіт ханның арқасында Сығанақ, Ақрұқ, Үзгентті алғаннан кейін, бұл жеңістеріне қанағат тұтпай Хорезмге аттанды. Жолай Тырсақ бекінісін шауып, өзінің ағрұғын51 осы арада қалдырып, Хорезмді қоршады. Хорезмді әне аламын, міне аламын деп тұрғанында, кенет қалаға Қорасан әміршісі жағатайлық Сұлтан-Хұсайын мырза жіберген жиырма мың әскер көмекке келді. Мұхамед-Шайбани амалсыз кейін қайтты. Дәл осы кезде Ташкент билеушісі Сұлтан-Махмуд хан кеп Отырар уәлиетін басып алды. Ол үлкен той жасап, мәңгілік одақтас боламыз деп достасып, Отырарды Мұхамед-Шайбаниға басыбайлы беріп, өзі әскерімен Ташкентке қайтып кетті.
Түркістанның Сығанақ, Отырар, Ақрұқ, Үзгент секілді негізгі қалаларын қолына оңай түсірген Мұхамед-Шайбани, енді әскер жинап Сауранды басып алмақ болды. Бұны естіген Яссы мен Отырардың әкімі Мұхамед-Мазит тарханның баласы Құлмұхамет-тархан қарсы тұруға күшінің жетпейтінін біліп, үй ішін, нөкерлерін, өзіне берілген адамдарын алып Яссыға қашты. Қала бос қалды. Сауранның ақсақал, бек, саудагер бас адамдары жиналып қаланы енді Мұхамед-Шайбанидың інісі Махмуд-Сұлтанға бермек болды. Олар «Шайбани намеде» айтқандай: «Келіңіз, бұл үйде ешкім жоқ» деп хат жазып, кісі жіберді. Махмуд-Сұлтан бос жатқан қала билігін өз қолына алды. Мұны естіген Мұхамед-Шайбани Отырардан інісін құттықтауға Сауранға келді. Бірнеше күнін той-думанда өткізіп, Отырарға қайтпақ болды. Бірақ інісі Махмудқа: «Саған қаланың басты адамдары Сауранды лажсыз берді. Егер бұл шаһарға шын қожа болғың келсе, қаладан оларды тезірек қу» деп ақыл берді. Махмуд-Сұлтан ағасының дұрыс ақылына көнбегенінің сазайын тек артынан тартты.
Мұхамед-Шайбанидың бағы күннен-күнге көтеріле түсті. Шайх-Хайдар қаза тауып, Әбілқайыр Ордасы құлаған кезде әрқайсы өз ұлыстарына, шаһарларына, уәлиеттеріне тарап кеткен баһадурлар, әмірлер, бек, мырза, сұлтандар қайтадан Мұхамед-Шайбани маңына жинала бастады. Мұны көрген Яссы қаласының хакімі Мұхамед-Мазит-тарханның зәресі енді шын ұшты. Айбақ хан мен Ахмед ханнан қорқып, сонау Астраханьнан қашып келген Мұхамед-Шайбаниға құшағын жайып құрмет көрсеткенінде, ол қойнына қандай шұбар жыланды салып алғанын енді түсінді. Мұхамед-Мазит-тархан қойнына өзі салған осы жылан қанша кішкентай, әлсіз болғанмен де, өзінің қан құмарлығын істеді. Он-он бес жылдың ішінде қауырт өсіп, кәдімгі он кез қара шұбар айдаһарға айналды. Енді Мұхамед-Мазит-тарханның қойнына сыймақ түгіл, өзін жұтуға ыңғайланған жайы бар. Айдаһардың алғашқы ысқырынуынан зәре-құты қалмаған тархан жанымды қайтсем сақтап қаламын деп, жедел шара қолдана бастады. Егер дер кезінде Мұхамед-Шайбаниды тоқтатпаса, бір күні, әбден күшейіп алғаннан кейін, Яссыны да тартып алатынына шек келтірмеді. Ол ең алдыменен жанындай жақсы көретін он төрт жасар кенже қызы Ғибадат-Бегімді, қасына бірнеше батыр нөкерлерін қосып, баласы Құлмұхамед-тарханмен бірге, Самарқантқа жүргізеді. Бұл көшпен бірге бар қымбатты дүние-мүлкін де жіберді. Түркістан уәлиеті бұрынғы дәстүрі бойынша әлі де Темір Ордасына бағынды. Ал Самарқант болса, бұл Орданың астанасы. Тархан Самарқантты күшті санайтын. Қызы мен баласы, дүние-мүлкі Самарқантта тұрса, Мұхамед-Шайбанидың қолы жетпейді деген пікірге келген. Сол себепті де көшті тезірек жүргізуге асыққан. Бірақ бұл көштің шыққанын Мұхамед-Шайбани жағының адамы Маңғыт Орыс бек естіп қалады. Жиырма батыр, екі жүз сыпаймен келіп шабуыл жасайды. Құлмұхамед-тархан қасындағы серіктерімен жан аямай жауымен ұрысады. Бірнеше адамды найзалап өлтіреді. Бірақ ақырында жеңіліп, өзі қашып құтылады.
Орыс бек Мұхамед-Мазит-тарханның қызы мен дүние-мүлкін Мұхамед-Шайбаниға әкеп тапсырады. Жауының дүние-мүлкін хан бұл ұрысқа қатынасқан Орыс бектің жігіттеріне бөліп береді. Ал Мұхамед-Мазит-тарханның бар мал-мүлкінен қымбатты, ең асыл қазынасы әлі құрық көрмеген құлындай асау қызын, түкті кеудесінің астына салып, бесінші қатыны етеді.
Бұл қорлыққа шыдай алмаған Мұхамед-Мазит-тархан Бұрындық хан мен Жәнібектің балаларына бірігіп Мұхамед-Шайбаниды шабайық деп кісі салды. Бұрындық пен Қасым бұл тілекті қабыл алды. Мұхамед-Мазит-тархан үшеуі кеуделеріне құран басып, күшейіп келе жатқан Мұхамед-Шайбаниға қарсы тұрып, Түркістан уәлиетінен қумақ боп ант берісті. Содан кейін олар қалың қолмен келіп Сауранды қоршады. Жақында ғана бұл қалаға әмірші болған Махмуд-Сұлтан қала бекінісін жедел күшейтуге кірісті. Бірақ бұл кезде Қасым сұлтанның ақылы бойынша Мұхамед-Мазит-тархан кешегі өзінің баласы Құлмұхамед-тархан билеген Сауранның қала басшылары — ақсақал, бек, рабат ұстайтын белгілі адамдарына, қаланы бүлдірмей, қан төгіспей берсе, көп жақсылық істейтінін айтып хат жазды. Ақсақалдар жасырын жиналып, Сауран бұрын қазақ хандарынікі еді ғой. Бұрындық ханға берейік деп шешеді. Бұндай құпия сырдан хабары жоқ Махмуд-Сұлтан қамал басында шаруа істетіп жүргенінде, ақсақалдар бірнеше сыпайлармен келіп, тал түсте оны тұтқын етеді де, қала қақпасының кілтімен бірге Сауранды шапқалы келген Қасым сұлтанның қолына тапсырады. Бұрындық хан мен Қасым сұлтанның арасындағы қырғи қабақтық міне осы Махмуд-Сұлтанның қолға түсуінен бастап бұрынғысынан да шиеленісе түседі.
Қасым сұлтан мен Мұхамед-Мазит-тархан Сауранға кіргеннен кейін, Ақ Орданың бір кездегі екінші астанасын қайтып алғандарына шаттанып, жеңіс тойын тойламақ болды. Бұл тойға Бұрындық хан да келді. Қырмызы кілемге бөленген Махмуд-Сұлтанның диван сарайына орналасып, ақ мамық жастықты шынтақтай, күміс тай кесемен кестамды52 сіміріп отырып, өзінің өр мінезіне салып, ол нөкерлеріне лепіре:
— Махмуд-Сұлтанды алып келіңдер, — деп бұйырды.
Махмуд-Сұлтанның орнына әмір-эль-умера Қасымның өзі келді.
— Махмуд-Сұлтанды неге әкел дедіңіз, тақсыр хан? — деді Қасым, ханға диван дәстүрімен тәжім етіп болғаннан кейін.
— Тыныш жатқан қазақ елін шапқан да Махмуд-Сұлтан батыр ғой, — деді Бұрындық Қасымға жауар бұлттай түйіле қарап. — Батырлық әлде қатындық мінез көрсетер ме екен, көз алдымда оның басын алдыртайын деп едім.
Қасым даусын көтермей салмақты үнмен жауап берді.
— Басыбайлы сатып алған құл, не болмаса құнсыз кетер қан майданда кездескен ұл емес қой Махмуд-Сұлтан... Ол Әбілқайыр ханның немересі, Махмуд-Шайбанидың жалғыз інісі. Оның басын алу үшін Тағанақ кеңесі жиналмаса да, Тұрымтай кеңесі жиналуы керек.
Құлаған тезек қаптай боп, дөңкиіп ақ мамық жастықты шынтақтай жатқан төртбақ Бұрындық, кенет тез қимылдап шарт жүгініп отыра қалды. Қалың қабағы түксиіп, қанды көзі шатынап:
— Махмуд-Сұлтан үшін Тағанақ кеңесі де, Тұрымтай кеңесі де мына мен өзіммін, — деді ол.
Қасым әлі де болса ашуын баса, өзін-өзі тежей сөйледі.
— Олай болса, марқабатты тақсыр хан, менің де әмір-эль-умера екенімді есіңізге алсаңыз деймін. Махмуд-Сұлтан менің олжам және менің шешем Жағанның апасы Аққозы-Бегімнен туған бөлем. Білгіңіз келсе, менің екі туып бір қалғаным...
«Иә, солай екен ғой» дегендей Бұрындық төмен қарады. Енді оның даусы сәл сылбырлау шықты.
— Сонда не қыл дейсің? Мойнында қазақ батырларының талай қаны бар Махмуд-Сұлтанды босатып жібер демексің бе!
— Босатып жібер деп отырғам жоқ. Бірақ Махмуд-Сұлтанның тағдырын шешу үшін Хан Кеңесі керек демекпін. Ал қазір Хан Кеңесін шақыратын мезгіл емес! Менің ертөлелерім әкелген хабарлар бойынша, Мұхамед-Шайбани қазір Яссы шаһарын қоршап алған көрінеді. Мұхамед-Мазит-тархан дер кезінде қаласына қайтқан. Яссы шаһары мықты бекініс. Мұхамед-Шайбани оны оңай ала алмайды. Хан о жақта әуре боп жатқанда, біз қан төкпей Отырарды басып қалуымыз керек. Ертең аттанғанымыз жөн.
Қасымның оп-оңай тағы бір мединаны аламыз дегені Бұрындыққа ұнады. Бірақ өзінің қайсар мінезіне салып:
— Жақсы, Отырарға аттануға дабыл қақ, — деді. — Демек есіңде болсын, Махмуд-Сұлтан мойынына түскелі тұрған қыл шылбырдан бәрібір құтыла алмайды.
— Оны дер кезінде көрерміз.
Қасым сұлтан басын иіп ханға құрмет көрсетті де шығып кетті. Бұрындық өз дегені болмаса, бөтеннің айтқанына көне бермейтін. Ал Қасымның сөзіне тіпті көнгісі келмеді. Енді бір ыңғайы түскенде ол әскер басы етіп өзінің екі ағасы мен бір інісінің біреуін қоюды ойлай қалды. Түбі Қасыммен тату-тәтті бола алмайтынын да білетін. Қазір Бұрындық «Қасымнан қалай тез құтылам» деп бір тұңғиық қайғыға бата берді.
—Қасым өз сарайына келгеннен кейін батыр Саянды шақырып алды. Жәнібек өлгеннен бері батыр Саян сұлтанның ең сенер досы, жақын адамы болып алған. Қауіпті, құпиялы іске Қасым тек батыр Саянды ғана жұмсайтын. Қандай қиын тапсырма болса да, анау оны бұлжытпай орындап келген.
— Жиен аға, — деді сұлтан өзінің дәрежесіне қарамай, ананың төрт-бес жас үлкендігін есіне ұстап, — тағы бір қауіпті істі тапсырғалы тұрмын.
— Туғалы қауіпсіз бір күнім өтіп көрген жоқ, тапсыра бер.
— Тапсырсам... — Қасым сәл күмілжи сөйледі, — бұл ара Махмуд-Сұлтанға қатерлі... Оны Созаққа апарып, біз Отырардан қайтып келгенше тұтқын етіп ұстау керек...
Енді батыр Саян күмілжи сөйледі.
— Қиын іс екен... Махмуд-Сұлтанды Созаққа апару — ажалына апарумен тең ғой. Созақ ағаңыз Махмуд-Сұлтанның қолында ғой. О кісі бетін Махмуд-Сұлтанның қалай жаралағанын ұмыта қойды ма екен?
— Жекпе-жекте болған іс кекке айналмауы керек.
— Ет жарасы біткенмен, ер жарасы оңай біте ме?.. Егер Махмуд-Сұлтанды сақтай алмай қалсам қайтем?
— Сақтау керек. Нағашы апам Аққозыдан туған Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға өздері маған бірінші боп ажал ойлағанша, менен жамандық болмайды деп анама берген антым бар.
— Жақсы. Антыңды адал сақтауға қолымнан келгенімді аямаспын. Бірақ шеше жағынан сендерге жиен болғанмен, әке жағынан Рабиу-Сұлтан-Бегімнің інісі екенімді білмейсің бе?
— Білемін. Оны неге сұрадың?
— Рабиу-Сұлтан-Бегімнен Сүйіншік сұлтан туған жоқ па?
— Иә, туған.
— Сүйіншік сұлтан Мұхамед-Шайбани жағында екенін ұмыттың ба?
— Ұмытқам жоқ. Иә, сосын?
— Сосын дейсің бе? Сосыны қиын боп тұр ғой. Егер алда-жалда Махмуд-Сұлтан қашып кетсе, мен сендердің қас жағыңның адамы болып шықпаймын ба?
— Сен Махмуд-Сұлтанды қашыр-қашырма, Мұхамед-Шайбанидан адал екеніңді білемін. Сол адалдығыңа кір келтірмес үшін, бар қолыңнан келеріңді аямайтыныңа да сенемін. Соны білгендіктен осы қиын істі әдейі өзіңе тапсырып отырмын.
— Менің ерлігімді, адалдығымды бөтен іспен сына... Әлі де болса бұны басқа адамға тапсыр.
— Басқа адамның ыңғайы жоқ. Ең сенерім өзіңсің. Сенің жақын а дам екенің тұтқынға аян. Кесірлік істемейді, айтқаныңа көнеді. Көнбесе көндір. Түбі біз оны ажалдан алып қалып, еліне қайтаруымыз керек.
— Онда неге қашырып жібермеймін?
— Қашыруға болмайды. Бұрындық оны менен көреді. Махмуд-Сұлтанның тағдырын Хан Кеңесі шешсін, Хан Кеңесі ажалға қимас...
— Әрине, мұндай жағдайда күні бұрын Махмуд-Сұлтанға да сыр бермеуім керек болар... Хан Кеңесінің аты Хан Кеңесі, сен құтқарғың келгенмен, ол қалай шешеді. Бұрындықтың да айтқаны өтіп кетуі ғажап емес қой!
— Иә, ал өзіңнің бар борышың — біз Отырардан қайтқанша Махмуд-Сұлтанды аман сақтау.
Саян жымиып күлді.
— Оңай борыш екен! Жақсы, қолдан келгенін аямаспын. Қашан жүрейін.
— Бүгін. Сақтықта қорлық жоқ, Махмуд-Сұлтанды кісендеулі ұстарсың.
— Жақсы.
Сол күні түнде қол-аяғы кісендеулі Махмуд-Сұлтанды Созаққа жүргізіп жіберді де, ертеңіне Бұрындық пен Қасым қалың әскерін соңдарынан ертіп Отырарға аттанды. Бұдан екі тәулік бұрын Мұхамед-Шайбани тыңшылары арқылы Бұрындық ханның Отырарға аттанғалы жатқанын естіген. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыпты» дегендей, Яссыны аламын деп жүргенде өз бекінісімнен айырылып қалармын деп, жедел жүріп Отырарға жетіп үлгірген. Отырардың бекінісі Яссыдан да берік соғылған. Қаланы қоршаған биік қамал, етегінде терең қазылған жалпақ ор. Қамал шеттері, жоғарыдан садақ атуға ыңғайланып істелген үзеңгі тесік. Төмендегі жау садақ оғын қанша атса да ар жағындағы адамға тигізе алмайды. Үзеңгі тесікке дәл тиген күнде де, жуан қиғаш қабырғаның не төменгі, не жоғарғы жағына барып қадалады. Ал қамалды бұзу тіпті мүмкін емес. Биіктігі қырық, жуандығы жиырма құлаш, қаттылығы тастан кем емес сүр балшық шымнан құйылған... Бір жыл қаладан ешкімді шығармасаң да ішіндегі азық-түлігі жұртқа жетеді. Отын-суы да мол. Үй ара қазылған шыңырау құдық. Қамал тұрғындарына қарағанда сырттағы жаулап алуға келген Бұрындық пен Қасым әскерінің халі анағұрлым нашар. Қылтаңы жоқ құба жон. Көктен күйдірген күн, көріктей үрген ыстық жел. Дариядан бұрылған су да лайлы, ішсең таңдайыңа топырақ дәмі тұрып қалады. Шай қайнатсаң ғана сусынға жарайды. Оның үстіне осыншама әскерді ұстау үшін қаншама азық-түлік керек. Бір ай өткесін-ақ жұрттың елдеріне қайтқысы келе бастады. Бірақ бір беткей Бұрындық көнбеді. Қала ішіндегі жасырын адамдары арқылы Мұхамед-Шайбанидың әскерінің аз екенін бұрыннан да білетін. Ол енді қамалдың астын қазып, қалаға кіретін үңгір-жол жасатуға кіріскен. Бүгін-ертең бітіп те қалар. Ал қалаға бір кірсе болды, Мұхамед-Шайбаниды қолға түсті дей бер. Махмуд-Сұлтан тұтқында, енді Мұхамед-Шайбаниға қолы бір жетсе болғаны, қос бөрінің ыстық қанын бірден ішіп, жауынан кегін алмақ. Оларды өлтірсе жері кеңімек. Бірақ Бұрындықтың бұл ойы болмай қалды. Қазақ әскері жер астын үңгірлеп, өзімен өзі әлек болып жатқанда, Отырарға жәрдемге Ташкенттің әміршісі Сұлтан-Махмуд хан жіберген үш мың әскер келді. Бұл әскердің таң ата қаланың солтүстік қақпасынан кіріп кеткенін Бұрындық пен Қасым ертеңіне бір-ақ білді. Енді қамал астын қазудың бос әуре екенін екеуі де түсінді. Жер астымен кірген әскерді мына үш мың қол үңгір алдында тұрып алып шыдатпайды, қанды босқа төгуден бөтен қазақ жауынгерлерінің табар пайдасы жоқ.
Бұрындық бес мың қолмен сол күні Созаққа қайтып кетті. Бір жетіден кейін бар әскерін жинап Қасым да қозғалды. Созаққа таяғанда алдарынан шапқыншы көрінді. Бөрік астынан бөрі шыққан дүрбелең заман, «тағы не болып қалды?» деп, әскер басында келе жатқан Қасым мен серіктері құйындата шапқан салт аттыға қобалжи қарады. Сөйткенше болған жоқ, астындағы құладын бестісін терге сабылта шапқыншы да келіп жетті. Қасымның кіші інісі Жәдік екен.
— Ассалаумағаликом, — деп ентіге сәлемдесті ол, астындағы атын тыпыршыта ойнатып.
— Уағаликумассалам, — Қасым сәлем алды, — жарқыным, шабысың тым суыт екен, ауыл-аймағың аман ба?
— Бәрі де аман... Тек бір болмашы жаман хабар жеткізгелі келіп тұрмын.
— Қандай хабар?
— Тас үйшіктен Махмуд-Сұлтан қашып кетті. Қасында бір күзетші серігі бар.
— Батыр Саян қайда еді?
— Жандарында ұйықтап кеткен батыр Саянды бауыздап қашқан.
Жәдіктің айтуынша оқиға былай болып шықты. Тас үйге қамалған қол-аяғы кісендеулі Махмуд-Сұлтанды Саян көзінің қарашығындай сақтайды. Сырттағы күзетті былай қойғанда, біреу-міреу сұлтанды жазым етіп жүрмесін деп өзі үнемі, бір Маңғыт жігітімен бірге, тас үйдің ішінде қонып жүреді. Махмуд-Сұлтан батыр Саян жоқ кезде, сірә «сені жетістірем» деп Маңғыт жігітімен тіл тапқан болуы керек, бір күні түнде батыр Саян ұйықтап кеткен кезінде, қатар жатқан Маңғыт жігіті ананың тамағынан қанжарымен орып жіберіп өлтіреді. Сөйтет те тас үйдің іргесін кісі сыятындай тесік етіп қазып, Махмуд-Сұлтан екеуі қашады. Сыртқы күзетшілер үй іргесінің үңірейіп жатқанын тек таң атқасын көреді. Жан-жаққа ат шаптырып, іздеу салады, бірақ қашқындар жер астына кіріп кеткендей, үшті-күйлі табылмайды.
Қасым бала жасынан, ерлігі аңызға айналған батыр Саянды өте жақсы көретін-ді. Бұл сұмдық хабарды естігенде, ол теңселіп ат үстінде әзер отырды. Жерге түсіп, бүкіл әскер боп батыр Саянға арнап құран оқығанда да, ол біреу шекесінен сойылмен ұрып кеткендей есеңгірей әзер шыдады. «Ақкөз ер, бір сұмдықтың боларын сезгендей-ақ барғысы келмеп еді. Бекер жіберген екем!» деп өкініп, жүрегі күйіп, не істерін білмеді.
— Есіл ер... — деді кенет ол қабағын қарс түйіп, — құныңды он есе етіп қайтарармын, — ол енді ернін сол қимылдатып күбірлей сөйледі, — қымбатты ана... саған берген сертімді орындаймын деп, халқым хан көтерген туған әкемнен айырылдым, анам бір болмаса да, әкем бір, қадірлі ағам Махмуд-Сұлтанды жұрт көзіне түсе алмастай кемтар еткіздім. Енді міне, ең жақын серігімді қан етіп тұрмын. Кеш, қымбатты анам саған берген сертімді қайтып алдым... Кезім келсе әкемнің де, серігімнің де құнын қайтарармын қанішер қос бөріден!
Қасымның бұлай сөйлейтін реті де бар еді. Ол өзін әкесінің өліміне айыпты санайтын. Сонау қан судай аққан айқаста Мұхамед-Шайбанимен кездеспеймін деп, таңдаулы жиырма мың әскерін майданның сол қанатына алып кеткен. Егер анасына серт бермегенде, бұл әскер Жәнібектің қасында болатын еді. Жуып көрсінші сонда оның жанына қара атты жауынгер! Әттең, әттең! От жүрек, алғыр ойлы, көреген әке, ел басын толық қоса алмай кетті. Енді міне, топас ойлы Бұрындықтың қол шоқпары болып жүргені. Оның үстіне, міне, тағы бір аяулы ердің ажалы мойныңда. Қызу сезім үстінде анаға берген бір ауыз сөздің салдарынан екі қымбатты адам бірдей қаза тапты! Бүйте берсем, әлі де ажал табар кісі аз болмас. «Жоқ, жоқ, өйтуге болмайды. Кешір, анам, антымды қайтып алдым. Өлгенге берген сөз үшін, тірінің өмірін құрбан ету күнә».
Қасымның анасына берген сертін қайтып алуына тағы да бір сылтауы бар еді. Қолына түскен Махмуд-Сұлтанға оны өлімге бермейтінін, әлі-ақ босатып еліне қайтаратынын сездірген. Және тым қапа болмай, сабырлылық көрсетуін өтінген. Соған қарамай Махмуд-Сұлтан шыдамсыздық етті. Қасымның адал ойын қылмысқа айналдырды. Бұл Жәнібек баласының ұғымы бойынша кешірмес айып. Ондай адамға жақсылық етуге болмайды.
— Осы кезде Жәдіктің сөзі Қасымның ойын тағы бөліп кетті.
— Он шақты күн болды, Созаққа Темір би келген.
— Төсек тартқан ауру деуші еді ғой жұрт.
— Ауру... Бірақ атқа өзі мініп, өзі түседі.
— Ә... ә...
— Махмуд-Сұлтанның қашып кеткенін, Бұрындық көкем батыр Саяннан көреді...
— Ау, өзі ажал тапқан адамды қалай кінәлауға болады?
— Бәрібір, өзін де қорғай алмаған, Махмуд-Сұлтанды да қашырып алған батыр Саян кінәлы дейді.
— Естімеген сұмдық елде көп. Иә, сосын?
— Сосын... Гүлбаһрам-Сұлтан-Бегімді зар жылатып, балаларынан айырып, Темір биге беріп жібермек боп жатыр. Әкең Әбілқайыр мен байың батыр Саянның жазығы үшін дейді.
— Ау, Темір би өзі ауру. Өзі пайғамбар жасына таяп қалған кәрі емес пе еді? Әлі уытынан қайтпаған Гүлбаһрам-Патшайым сұлуды қайтеді?
— Келгенде Темір би ат үстінен әзер түскен қаусаған шал көрінген, Гүлбаһрам-Патшайымды береміз дегеннен бері жасарып кеткендей аяғын алшаң-алшаң басады... Атасы Қазы биді Әбілқайыр өлтірген, енді қызын алып, кегін қайырмақ деседі жұрт... Алғашқы кезде жұрттан қаймығып, бас тартқандай еді. Ашуға мінген хан көкем «жесір сенікі» деп қоймаған соң әбден малданып алғандай. Батыр Саянның тұңғышы, ер жетіп қалған Аян шешесін еріксіз Темір биге береді дегенді естігенде, «мен оны жарып өлтірейін» деп қолына қанжарын ала ұмтылып еді, хан бұйрығымен бес күннен бері зынданға жатқызып қойды. Қалың Алшынның ардагері Темір биге қол көтердің деп, кеше хан-көкем оны дарға асып өлтіруге үкім шығарды. Жаңа мен кеткенде дарға дайындап жатқан... Сіздерге соны хабарлайын деп шаптым... Хан-көкем тірі жанның тілін алар емес.
Қасым ар жағын тыңдаған жоқ. Астындағы Ақсаңдағын тебініп қап, Созаққа қарай шаба жөнелді. Қабағы қарс жабылып кеткен. Шабуға келе жатқан қара бура тәрізді. Тек екі көзі қанталай Созаққа қарай ұмтыла түседі. Қалың қол соңынан созыла шұбырып шауып келеді. Ат тұяғы көк шөпті шытырлата үзіп, етрақ даланың шаңын аспанға бір-ақ шығарды. Қасым сұлтан Созақтың қақпасына таянғанда ғана атының басын тежеп қатты аяңға салды. Қақпадан өтісімен сол тоқтап, қасына Найман руынан Қаптағай батырды, Керейден Қарақожаны, Алшын руынан шыққан Оңай батырды, Жалайыр Бөрібай батырды, Қаңлы-Ыстыдан қосылған атақты мерген Сыпыра садақты бөліп алды да, соңынан тағы екі жүз сыпай ертіп, Хан Ордасына қарай бұрылды. Өзге қолына қала шетіндегі әскерге арнап салынған рабаттарға барып орналаса беруді бұйырды. Бұлар хан сарайының жанына келгенде бүкіл алаң иін тірескен халық екен. Топ сыпаймен келе жатқан Қасымды көріп, жұрт:
— Жолдан былай тұр! — десіп, қақ жарылып арасын аша берді.
Қасым аттан түспей, серіктерімен хан сарайының дәл есігінің алдына келіп тоқтады. Енді ғана ол жан-жағына көз тастады. Есік алдында жартастай боп бір топ нөкерлерінің қоршауында Бұрындық тұр. Анандай жерде жолға шыққалы ыңғайланған салт аттылар. Ең алдында кәрі тарлан атқа мінген, сәл бүкірейген, кереге көз темір далбағай киген өлі сұсты Темір би. Көштің ең соңында бір жас жігіттің атының артына теріс қарап отырғызылған Гүлбаһрам-Патшайым сұлу... Екі қолын алдына байлаған. Даусын жұрт естімесін деп аузын ақ жібек орамалмен тұмшалаған. Аттан секіріп түсем деп әрекет істемес үшін, көмірдей қара, жұп-жуан ұзын қос бұрымын ат үстіндегі жігіттің тақымының астынан өткізіп, аттың омыраулығынан мықтап ілмешектеп қойған. Бұл — жауласқан елінің қыз-келіншегіне істейтін қалмақтан қалған үлгі... Аяушылықты білмейтін заманның айуандық дәстүрі! Бұрындықтың бұнысы Әбілқайыр қызы Гүлбаһрам-Патшайымның інілері Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтан үшін кек қайтарған болмысы. Қасым енді көзін оңға қарай бұрып еді, жүз мың санды жауынан қорқып көрмеген жүрегі дір ете қалды.
Хан сарайының дәл алдына әкеп орнатылған дарының астында мойынына қыл арқанның ілмешек ұшы салынған, батыр Саянның аузынан түскендей айнымаған, ер жетіп қалған баласы Аян тұр. Қыл арқанның бір жақ ұшын ұстап, екі білегін сыбанған, еңгезердей хан әмірін орындаушы — жан алғыш. Қанды көз Темір биге күңдікке берілген Гүлбаһрам-Патшайымның көзінше Аянды дарға асуды Бұрындық әдейі бұйырған. Бұл орынсыз қиянатты істерінде, түбі Аян өсіп ат үстіне мінер болса, Бұрындықтың анасына істеген қиянатын кешпейтінін есіне алған. «Маған қосар болсаңыз, жалғыз баласын көзінше қан етіп ме қыласыз, істемеңіз бұл қылмысты» деп өтінген Темір биге Бұрындық: «Көзбен көрген қайғы тез ұмытылады. Бала керек болса Алшынның ақ иығынан тағы табар» деп жауап берген. Ат жалын тартып мінгелі өмір бойы ажал мен қиянаттың ортасында өскен Темір би, бұдан әрі өтініп қиналмаған. Ескі кектің салдарынан өш көңілдің арманы болған Гүлбаһрам-Патшайымға қолын жеткізген Бұрындыққа енді қарсы келмеген.
Қасымның Аянға көзі түскенін әдейі күтіп тұрғандай, жан алғыш арқанның бір ұшын өзіне қарай тарта берді. Дәл осы сәтте Қасым ақырып:
— Босат! — деді.
Ерлігі елге аңыз бола бастаған айбарлы әскер басының бұйрығын естіп, сұмырай жан алғыш кенет сасып қалды. Арқанның ұшын босатса да қоя бермеді.
— Хан әмірі! — деді ол есін жиып, даусы жауар күндей күркіреп.
— Босат! — деді Қасым бұрынғысынан да даусы ызғарлы шығып. Мойынындағы садағын қолына ала бастады. Жан алғыш енді арқанды жерге лақтырып жіберді. Бұрындық та жартастай боп кілт бұрылды да, жанындағы дәйекшісінің алдаспанын алды. Нөкерінің бірі анандай жерде ұстап тұрған жал-құйрығы жерге төгілген теңбіл көгін алдына тарта берді. Хан аяғын аттай түсті де, кілт тоқтай қалды. Оның көзі кілең тоқпақ жал, құшақ құйрық желаяқ тұлпар мінген, үсті-бастары күн сәулесі шағылысқан көк темір сауыт, қолдарына сойыл, шоқпар ұстаған Қасым сұлтанның жанында тұрған Дешті Қыпшақтың атақты батырларына ауды. Атына қарай ұмтылғанда, солардың ішінен кенет қолындағы қозыбас қара шойын шоқпарын ыңғайлай түсіп, оқыс қимылдаған Бөрібай батырды көзі шалып қалды. Оның ызғарлы түрі енді аяғыңды атыңа қарай аттасаң, мына шоқпар көк желкеңнен тиеді дегенді сездірді. Өзге батырлардың да аяйтын түрі жоқ. Көп қорқытады, терең батырады, қанша алып күшті, жау жүрек болғанмен Бұрындық Қасым сұлтанның қасында тұрған кілең ұзын мұрт, түксиген қабақ батырларға жалғыз өзі қарсы шығуға бата алмады.
— Гүлбаһрам-Патшайым жесірді аттан түсіріп, алып келіңдер, — деді Қасым сұлтан, жанында тұрған батырларға қарап. Бұл тұрғандардың ең кішісі Оңай батыр атынан секіріп түсіп, Гүлбаһрам-Патшайымның қасына барды. Ұзын шашының ұшын ат омыраулығынан шешіп алды да, қайғыдан талықсып отырған жесірді көтеріп жерге түсірді, Қолындағы қыл шылбырды наркескенімен кесіп жіберіп, аузындағы орамалын жұлып тастады. Гүлбаһрам-Патшайым солқылдап жылап қоя берді.
— Жылама, ару, — деді Оңай батыр сыбырлай зекіп, — жауың көзінше өзіңді жасытпа.
Гүлбаһрам-Патшайымды бір қолымен, екінші қолымен дар қасында тұрған Аянды жетектеп Оңай батыр Қасым сұлтанның қасына алып келді.
— Бұйрығыңыз орындалды, Қасым сұлтан, — деді ол.
— Осы екі байғұстың жау қастығынан аман болуы, өзіңе тапсырылады, Оңай батыр, — деді Қасым сұлтан.
— Құп, — деп Оңай батыр басын иді.
Дәл осы кезде Темір би де атын тебініп қап Қасымның қарсы алдына келді. Қарлыққан кәрі даусыменен ызадан тұтыға:
— Ақ иық қыран қартайса, қызыл шақа жас жағалтайдан таяқ жейді деген осы екен! Әттең жиырма бес жасым қайта оралса, ат көтіне бір салар едім! — деді. — Әкең Жәнібек бізді бағындыра алмай кетіп еді, соның кегін сен алдың, Қасым сұлтан! Өлген жерім осы болды. — Ол кенет атының басын бұрып алып, өз тобын соңынан шұбырта, жұрттан сытылып шыға берді, — қош бол, Бұрындық хан. Сақтанатын жауың Мұхамед-Шайбани емес, Қасым сұлтан екен. Соны ұмытпа!
Өмір қызығынан әлі үміті бар ауру Темір би осы сапарында, Ақтөбе жерінен өтіп бара жатып, жүрегі қабынып кенет қайтыс болатынын білген жоқ. Арманына жете алмаған әйгілі бидің бұл ақырғы өкініші еді.
Ал Қасым тобы да атының басын кейін бұрды. Жұрт арасынан өте беріп сұлтан әлдекімдердің:
— Көп жаса, Қасым батыр! — деген алғыс сөздерін естіді.
Бұл түні Бұрындық ханның да, Қасым сұлтанның да көздері ілінбей шықты.
Бар қасиеті батырлық болған Бұрындық, қанша шабан ойласа да бүгінгі оқиғаның қайда апарып соққанын жаңа ұқты. Сонау қазақтың әйгілі батырларының Қасыммен үзеңгілесе қатар тұра қалуынан, Гүлбаһрам мен Аянды құтқарған сұлтанға жиналған жұрттың «көп жаса, Қасым батыр» деген үнінен қазақ руларының Жәнібек баласына ауа бастағанын аңғарды. Мұндайда өз қатесін өзі көріп, «Елімді қайтсем қайтадан өзіме тартам» деп қынжылатын, ақылға салатын Бұрындық жоқ. Басына келе жатқан қиындықтан жол іздеудің орнына, ол өзінің қайсар мінезіне салып, ерегісе түсті. «Бәлем, Қаптағай, оңбаған Қарақожа, шірік Оңай, тұра тұр!» деп кіжіне тісін қайрады. Бүгінгі оқиғаға өзін емес Қасымды күнәкар көрді. Қайтсем одан өшімді алам деп түнімен басы қатты. Көзі ілігіп бара жатса Темір бидің: «Сенің жауың Мұхамед-Шайбани емес, Қасым сұлтан екен! Соны ұмытпа!» деген даусы әлсін-әлсін құлағына келіп, көзге тығылған ұйқысын шайдай аша берді. Ежелден келе жатқан ескі салт бар: «Жаңа жауыңды құртам десең, етің үйренген ескі жауыңмен достас» деген. Бұрындық халқының, елінің алдында жоғалғалы тұрған абыройын қорғаудың орнына, Қасымды жою жолын іздеп ойға шомды. Бұл тілегін орындау үшін ескі жауы Мұхамед-Шайбани, Махмуд-Сұлтандармен достасса, теріс болмас еді деген тұжырымға келді. Сөйтіп таң ата әзер дегенде қор ете қалды. Ал Қасым тіпті бөтен ойда еді. Бүгінгі оқиға оны қатты ренжітті. Жәнібек пен Керей кезіндегі Қазақ Ордасындағы ауыз бірліктің енді Бұрындық пен Қасым кезінде қатты шытпай бастағанына көзі жетті. Себебі неде? Себебі Бұрындықтың тайыз саясатында. «Ел бірлігін ақылмен сақтап халықтың мұң-мұқтажын, шаруа жайын ойлай отырып, күреске шақырудың орнына, ол жұртты қаһарымен соңынан ергізбек. Егер әділетті болсаң ғана, соңыңнан жұртты ертесің. Ал орынсыз қаттылық — зор қылмыс. Бұрындықтың бүгінгі істегені — тек жұртты өзінен шошыттыру. Егер бұл бүйте берсе, Керей мен Жәнібектің өлдім-талдым деп құрған қазақ хандығының абыройын да, өзінің абыройын да бір күні айрандай төгеді. Қазақ хандығының абыройы төгілмегені керек-ақ! Ал ел бірлігін сақтау үшін Бұрындықтың абыройлы болғаны керек пе? Халқымыз үшін, ел бірлігін сақтап қалу үшін қажет. Қазіргі жағдайда ханның мықты көрінуі өте орынды саясат. Мұхамед-Шайбани болса анау, бүкіл Түркістан уәлиетін басып қалуға таяу... Енді ол Ташкент әміршісі Сұлтан-Мұхамед хан мен Яссы хакімі Мұхамед-Мазит-тарханның ала ауыздығын пайдаланып Яссыны жаулап алады. Содан соң Ташкентті қолына түсіргеннен кейін, бар күшін Самарқант, Бұқар, Андижан қалаларына — яғни Ақсақ Темір хандығына жұмсайды. Сөз жоқ, ол бұл қалаларды да алады, өйткені бұл мединелерде қазір Мұхамед-Шайбаниға қарсы тұрар күш, ауыз бірлік жоқ. Түркістан өлкесі мен Ақсақ Темір хандығын бауырына басып әбден күшейіп болғаннан кейін, ол бетін Хорезм мен Қорасанға бұра ма, әлде Дәшті Қыпшаққа бұра ма белгісіз. Әрине қай хандықта ауыз бірлік жоқ, әлсіз деп тапса, соған шабуыл жасайды. Әлді елдермен айқасып мүйізін сындырғанша, әлсіз елдерді өзіне бағындырып әлдене түсу — қай жаһанкер патшаның болса да негізгі тәсілі. Ақылды, айлакер Мұхамед-Шайбани да соны қолданады. Егер қазақ жеріне шабуылға шықса, ол әрине ең алдымен Созақ пен Ұлытауды шабуға тырысады. Дешті Қыпшақ сандық болса, бұл екеуі соның кілті. Торғай, Ақ Жайық, Еділ, Есіл, Тобылдарыңның бойы сол сандықтың түбінде жатқан қазына. Аузы ашылған сандықтың ішіндегі мүлікті біртіндеп ала беру кімнің болса да қолынан келеді. Сондықтан бізге қайткен күнде де Созақ пен Ұлытауды сақтап қалуымыз шарт. Бұл бекіністерді күшейтудің орнына, Бұрындық екеуміз қырқысып жатсақ не болғанымыз? Онда Мұхамед-Шайбани шабақты жұтқан алабұғадай екі бірдей майбалықты қылқыта салады. Оған жібермеу керек, тамағынан тікенек боп қадалу жөн-ақ. Әрине соғысқұмар Бұрындық, бос жатқандай, Мұхамед-Шайбанидың бір шаһарын басып қалайық деп ойлайды. Ертең-ақ жорыққа шығыңдар деп бұйрық береді. Шықпасаң — тағы ала ауыздық туады. Шықсаң — құр босқа әбігерленесің. Қазір біздің әскердің саны бар да, сапасы жоқ. Бекінісі мықты шаһарды алуға жарамайды. Ең алдыменен әскерді күшейту керек. Бұрындықтың айтқанына қарсы келмей-ақ, әр жорықты, әр шабуылды әскердің соғысу әдісін, тәртібін жоғарылатуға пайдаланған ақыл.
Қасымның ойы дәл шықты. Ертеңіне таңғы шайын ішіп отырғанда Бұрындықтың шабарманы келді.
— Хан сізді шақырып жатыр, — деді ол.
Қасым шайын шала-пұла ішіп орнынан түрегелді. Киініп жатып сәл кідіріп қалды. «Қолда билік барда ақылдың керегі жоқ. Ханның неге шақырғанын кім білсін...» Қасым жайшылықта пешпентінің сыртында жүретін көк құрыш сүңгі наркескенін шешіп, пешпентінің ішінен тақты. Сырт адамға білініп тұрмай ма екен дегендей, қабырғадағы жылтыр қара тас күзгіге бойын түзеп бір қарады да үйден шығып кетті.
Қасым келгеннен кейін Бұрындық тағы да Мұхамед-Шайбаниға қарсы жорыққа шығудың қажет екенін білдірді.
— Ер шекіспей бекіспейді, — деді Бұрындық сөзінің аяғында. — Не біз Мұхамед-Шайбаниды жеңуіміз керек, не онымен бітімге келіп достасуымыз керек...
Қасым ақырын езу тартты.
— Мұхамед-Мазит-тархан шекіспей-ақ Мұхамед-Шайбанимен достасқан. Бірақ одан не тапты?
— Мұхамед-Мазит — Мұхамед-Мазит те, Бұрындық — Бұрындық қой.
Қасым тағы езу тартты. «Әркім өз лағын текешік қояды, қорқақ ит үреген келеді. Жұрт айтпай, өзіңді өзгеден жоғарымын деу — адамның тек осалдығын көрсетеді». Бұрындықтың «ер шекіспей — бекіспейді. Мұхамед-Шайбаниді жеңуіміз керек, не достасуымыз керек» деген сөзіне Қасым қайтарып ештеңе деген жоқ. Бұл сөз өзіне қарсы, «байқа, Қасым, егер сен кешегідей қарсы келе берсең, жауыңменен достасып кетуім ғажап емес» деген мағынада айтылғанын түсініп тұрса да, үндемеді.
Бірақ Бұрындық:
— Махмуд-Сұлтанды әнеукүнгі қорғауыңа қарағанда, Қасымжан, Әбілқайыр балаларымен татуласуға сен де қарсы емессің-ау деймін, — деді, «Мұхамед-Шайбанимен достасам» деген сөзіне екеуміздің ойымыз бір жерден шығып жатыр ғой деген мағына берген болып, рабайсыз кекете күліп.
— Жеңіп тұрып «достасайық» деу мен жеңіліп қалып «достасайық» деу бір емес, хан ием. Қайткен күнде де жеңілмеу жағымызды ойлауымыз керек, — деді Қасым сабырлы үнмен, сөйтті де ханға кенет түйіле қарады. — Жорыққа аттануға мен дайынмын. Қашан, қай шаһарға шығамыз?
— Оны ойлану керек.
— Тез ойланған жөн.
— Неге?
— Біз бұ жақта жүргенде Мұхамед-Шайбанидың Яссыға қайтадан шабуыл салуы даусыз. Егер бір қаласына барып тиіссек, әнеукүнгі Отырарға барғанымыздай, Мұхамед-Шайбаниға Яссыны алуға бөгет етеміз. Амалы жоқ, біз барған қаланы қорғаймын деп Мұхамед-Шайбани Яссыдан қайтып келеді. Бұнымыз Мұхамед-Мазит-тарханға өте пайдалы. Моғол мен Жағатайдың өзге хакім тархандарымен тіл тауып бірігіп, Мұхамед-Шайбаниға қарсы тұруына мүмкіндік береміз.
— Бұл ойланатын жай екен...
Қасымның болжауы дұрыс еді.
Бұрындық Отырардан шегінерде Мұхамед-Шайбанимен бітімге келген. Сол бітімнің бір шарты Бұрындық хан Отырарды алуға бірге келген Мұхамед-Мазитты ұстап бермек болған. Қасым бұл шартқа көнбеген. Сол күні күндіз, хан араларында болған оқиғаны құпия жолмен Мұхамед-Мазитке жеткізген. Мұхамед-Мазит ымырт үйіріле бар әскерін ертіп Яссыға қашқан.
Бұрындық пен Қасым Отырардан кеткеннен кейін Мұхамед-Шайбани көп сыйлық беріп, Жақия бек басқарып келген Сұлтан-Махмуд ханның үш мың әскерін Ташкентке қайтарып жіберді. Өзі Яссыға шабуылға шықпақ болады. Осы кезде оған Созақтан қашып шығып, Хантағы тауында тығылып жатқан Махмуд-Сұлтаннан хабар жеткен. Мұхамед-Шайбани қолындағы бар әскерімен Хантағыдағы Махмуд-Сұлтанға барып, екеуі құшақтаса табысқан. Содан кейін екеуі қосылып Сауранды шапқан. Қаланы алған соң Қасым сұлтанға Махмуд-Сұлтанды ұстап берген адамдарды қатты жазалаған. Біразын дарға асып өлтірген. Қалғандарын дүние-мүліктерін тартып алып, өздерін дүрелеп, қатын-балаларын құлдыққа сатқан.
Осыдан кейін барып ағайынды екеуі Яссыны шапты. Қаланы алып, Мұхамед-Мазит-тарханды қолға түсірді. Мұхамед-Шайбани оның қызы Ғибадат-Бегімге үйленіп отырғандықтан, қайын атасын өлім жазасына үкім етуден бас тартып, қол-аяғын кісендеп Отырарға алып келген. Мұхамед-Шайбанидың жеңісін естіген Ташкенттің әміршісі Сұлтан-Махмұт хан, Мұхамед-Шайбаниды құттықтамақ боп Отырарға жеткен. Өзінің көптен бері Мұхамед-Мазит-тарханның інісі Сұлтан-Ахмет ханның қызы Айпатша-Бегімге құштар екенін, Сұлтан-Ахмет ханның көнбей жүргенін Мұхамед-Шайбаниға айтып, сол қызды маған бермей, Мұхамед-Мазит-тарханды тұтқыннан босатпа деп өтінді. Бұған Мұхамед-Шайбани көнді. Ақырында Мұхамед-Мазит-тархан інісінің қызы Айпатша-Бегімді Сұлтан-Махмұт ханға бергіздіріп, өзі тұтқыннан босанды.
Алдын ойламайтын адамның ақылы өкінішімен бір жүреді. Мұхамед-Шайбани ханның қандай адам екенін, жолбарысты темір тордан шығарып алғанын Мұхамед-Мазит-тархан кеш түсінді. Ал жолбарысты қайтадан темір торға кіргізу үшін қаншама күш керек, айла керек! Мұхамед-Шайбани Яссыны алғаннан кейін ендігі кезек Ташкенттікі екенін Сұлтан-Махмұт хан да жаңа сезді. Ол жанталасып моғол әмірлерін жинауға кірісті. «Бұл қалпымен Мұхамед-Шайбани бәрімізді де бағындырады, әлі күш алып кетпей тұрғанында құртайық» деп жан-жағына ат шаптырды. Әмірлер ақылға салып «бұл іске қазақ сұлтандарын көмекке шақыру керек, оларсыз Мұхамед-Шайбаниға біздің күшіміз жетпейді» деді.
«Бәріміз бірігіп Мұхамед-Шайбаниға қарсы шығайық» деп Бұрындық пен Жәнібек балаларына Сұлтан-Махмұт хат жазып кісі жіберді. Бұрындық бұл хабарға қуанып қалды. Біз моғолдармен бірміз деп қолына түкіріп шыға келді. Құран көтеріп, төс ұрысып уәделесіп Мұхамед-Шайбаниға көше бастаған Түркістан уәлиетін шаппақ болды. Ең алдымен Яссыны алсақ десе де, онда Мұхамед-Шайбанидың өзі отырғандықтан беттерін Отырарға бұрды. Бірақ бұлардың қолына Отырар да оңай түсе қоймайды. Осы кездегі қаланың билеушісі, Әбілқайыр ханның кіші баласы Мұхамед-Темір сұлтан өзгелерден жас болғанмен, соғыс тәсіліне ешкімнен кем соқпады. Ұялы қасқырдың бөлтірігі — өнерді ұяластарынан үйренеді. Жауынгер ордада өскенін білдірді, Бұрындық пен Сұлтан-Махмұтқа алдырмады. Олар енді әскерлерін Ташкент уәлиетіне жататын Сайрам қаласына көшіріп, күндіз-түні Түркістан уәлиетінің қышлақтарын, егінші, малшы, кішігірім дихтарын шаба бастады. Бұны көрген Мұхамед-Шайбани хан «сендер үйтсеңдер, мен бүйтем» деп қалың әскерін Дешті Қыпшаққа жіберіп, қазақ ауылдарын қырғынға ұшыратты. Екі жақтан да халықтың көз жасы қан боп ақты. Өрт алған қалалар, малдарынан айрылып құр жер шұқып қалған ауылдар, құлдыққа — күңдікке айдалған қыршын жастар. Ел басына шын тозақ енді орнады. Мұндай күйге ұшыраған қазақ ауылдары жаппай атқа мінді. Бір кезде жауға дес бермеген кәрі шалдар, қайтадан қолына найза ұстады. Бұрын тек ән-күйді ғана паш еткен қазақтың жас арулары аға орнына садақ тартып жауға шықты. Бүкіл қазақ намысына шауып, ең аяғы алыстағы Алшын руларынан да топ-топ жігіттер келді. Осы кезде соңғы уақытта ұмытыла бастаған «Жалғыз көз» батырдың аты жерді жара қайтадан даланы тітіретті. Халық көтерілісінің басында енді Бұрындық та, Қасым да емес, осы халық ұлы «Жалғыз көз» батыр болды. Өзі жұрт көзіне көрінбесе де, оның құрған жасақтары жау шебіне қырғидай тиді. Халық жаралы жолбарыстай ақырып осылай жауына қарсы шыққан кезде, тағы бір суық хабар жетті. «Мұхамед-Шайбани хан мен Бұрындық хан ауыз жаласып бітімге келіпті. Соғысты тоқтатып қыз алысып, қыз берісетін болыпты» деген лақап бүкіл Дешті Қыпшақ жерін алып кетті.
Бұл рас хабар еді.
Мұхамед-Шайбанидың Бұрындықпен бітімге келуі тәсіл еді. Түркістан мен Мауреннахрды әбден өзіне бағындырып алғанша қазақтармен жауласу Мұхамед-Шайбаниға тиімді емес-ті. Бір моғолдардың жаулығының өзі оған жететін. Ал Түркістан мен Мауреннахрды билеу — Мұхамед-Шайбанидың бер жағындағы ғана арманы. Айлакер ханның түпкі тілегі тіпті әрменде жатқан. Алдымен Түркістан мен Мауреннахрды алса, сосын Дәшті Қыпшақ пен Қорасанға қол созбақ. Бұларды бітіргеннен кейін Моғолстан, айдаһардың аузына өзі түскен көжектей, өзінен өзі келеді. Бүкіл шығысты билегенмен, атасы Әбілқайырдың Көк Ордасын қайта тұрғызу — оның шын көкейкесті мақсаты. Ал бұл арманға жетудің жалғыз ғана жолы бар — жауыңның басын қостырмай, біріне бірін айдап салып, шетінен біртіндеп бағындыру. Міне осы себептен қазір Түркістан мен Мауреннахрды бауырына әбден басып алғанша Дәшті Қыпшақпен жауласпау керек. Асықпаса оның да кезегі келеді. Шарттың қаншалық құны бар екенін Бұрындық хан сонда көрсін! Әзірге тұлыпқа мөңіреген сиырдай, «Мұхамед-Шайбанимен татуластым, ол маған тимейді» деп жүре берсін. Мұхамед-Шайбани сыры осы. Ал Бұрындық болса, басқаша ойлайды. Қазір бұл арада күшті екі хан бар, бірі Бұрындықтың өзі, екіншісі — Мұхамет-Шайбани. Біз екеуміз тату-тәтті тұрсақ, өзге хандар қарамыздан қорқатын болады. Оның үстіне Мұхамед-Шайбани тәрізді арыстан іспеттес ханмен жақындассам, қазақтың батырларының көмейіне құм құйылады. Әнеугідей Қасым жағына шықпайды. Қазақ рулары тек қорыққанын сыйлайды. Мұхамед-Шайбани секілді одақтасы бар ханнан қорықпай көрсінші! Керек десе, осы Мұхамед-Шайбанимен төс соғыстырған құда боламын. Сонда не істер екен Қасым мен оның серіктері! Осындай далбаса ойға келген Бұрындыққа шынында Мұхамед-Шайбани құда түсті.
Ол әлі ешкімге айттырылмаған екі қызының бірін — қара көз Күлбаршын-Сұлтан-Бикені Махмуд-Сұлтанға, Жауһар-Сұлтан-Бикені Мұхамед-Шайбанидың шешесі бөлек кіші інісі Мұхамед-Темір сұлтанға берді. Отыз күн ойынын, қырық күн тойын өткізіп, қалың көшпен бір қызын, Мұхамед-Шайбани өзінен тартып алған Сауранға, екіншісін Отырарға ұзатты. Бірақ бұл қуаныш кейін Бұрындыққа қайғыға айналды.
Екі елді осыншама қан-жоса етіп бүлікке салып, мал-мүлкін талан-тараж етіп, ұл-қызын құлдық пен күңдікке айдатып, кеше қан майдан ашып ұрысқан екі ханның, бүгін елдің төгілген қанына, жерге тапталған ар-намысына қарамай оп-оңай ауыз жаласып кеткені халыққа қорлау сынды көрінді. Әсіресе қазақ рулары бұлқан-талқан боп ашуланды. Жұрт кәрі-жасы қалмай жерін, суын, малын қорғап атқа мінгенінде, Бұрындық хан оларды алдап кеткендей болды. Сонау талан-таражға түскен дүние-мүлік, төгілген көз жасы, — бәрі бірдей тек Бұрындықтың қыздарын Әбілқайыр ханның ұрпақтарына қатынға беру үшін істелгендей тәрізденді. Өздерінің көкейкесті тілегін, ата жауына сатып кеткені үшін халық Бұрындыққа түйіле қарады. Оның қаһарынан қорықпай, бізге бұндай адам хан болуға тиісті емес деп өктем-өктем сөйледі. Лепірген, қорланған, намыстанған жұрт, ақырында өзінің сүйікті батырлары Найман Қаптағай мен Алшын Оңайды Қасымға жіберді. «Не Бұрындықты елімізді шапқан, ұл-қызымызды құлдыққа, күңдікке тартып әкеткен қас-жауымызбен ауыз жаласуын тоқтатсын. Не хандығын тастатып өз жайына кеткізсін» деді. Халық ашуы қарғыстан да жаман... Дешті Қыпшақ Ордасына түйілген бүліншіліктің тағы да бір қара бұлты шоғырлана түсті.
Қазақтың көп аулын шауып, мал-мүлкін талап, бүкіл Дешті Қыпшақ елін өзіне қарсы қойған Мұхамед-Шайбанимен дәл бүгін құда бола қалудың қауіпті екенін айтып Бұрындықты көндіре алмаған Қасым, келген батырларды тік тұрып қарсы алды.
Ел-жұртымызды шауып, мал-мүлкімізді талап, бүкіл Дешті Қыпшақ елін қорлаған Мұхамед-Шайбанимен Бұрындық ханның құда түскені бізді қорлағаны. Хан не қыздарын бермесін, не бізден кетсін, — деді халықтың сөзін сөйлеп қарт Қаптағай батыр.
— Сонда сіздер ханның қыздарын бергеніне қарсысыздар ма, әлде бітім жасағанына қарсысыздар ма?
— Екеуіне де қарсымыз. Хан халықтың көзі. Олай болса хан қыздарын ежелгі жауымызға бере алмаса керек-ті. Ал бітім жасайтын болса, Мұхамед-Шайбани хан талаған мал-мүлкімізді, құлдыққа, күңдікке әкеткен ұл-қызымызды қайтарсын. Хан лашкарларының сойыл-шоқпарынан күнәсізден күнәсіз қаза тапқан мейірбан ерлеріміздің құнын төлесін. Сонда бітімге отырамыз. Ал қыздарын Мұхамед-Шайбанидың інілеріне қосып, бітімге келдім деп бізді қорламасын. Бұндай бітім бізге керек емес. Егер біз тілеген бітімге Мұхамед-Шайбаниды көндіре алмаса ерікті өзімізге берсін. Ақ найзаның ұшымен, қас батырдың күшімен ол кәззапты өзіміз көндіреміз.
— Сонда тағы соғыспақсыңдар ма?
Жаратылғалы соғысып келе жатқан жоқпыз ба? Бұрын ханға еріп соғыссақ, енді халық болып соғысамыз. Жеріміз, суымыз, намысымыз үшін бүкіл қазақ болып көтерілуге бармыз.
— Хан бұл тілектеріңді қабылдамайды.
— Онда ханды біз де қабылдамаймыз. Көшсін бұл арадан.
— Қайда көшеді?
— Құдасы Мұхамед-Шайбани жеріне.
Ел абыройына нұқсан келтіріп қайтесіңдер. Хан адасса да халық адаспау керек. Қыздарыңды бердің деп Бұрындықты елден қусаңдар, Мұхамед-Шайбанимен жасасқан бітім-шартын бұзған боламыз. Айып Мұхамед-Шайбанидың өзінен болсын. Шартты өзі бұзғанша шыдауымыз керек. Ал шартты Әбілқайыр бөлтіріктері алдымен бұзатынына дау жоқ. Оларға бұл шарт Түркістан мен Мауреннахрды алғанша ғана керек. Содан кейін қанды аузын бізге салмақ. Аталары Әбілқайыр билеген Дешті Қыпшақты қайтарып алмай көңілдері көншімейтіні хақ.
— Біз де солай ойлаймыз. Мұхамед-Шайбанимен арамыз тым алшақ жатыр. Бір мықтап қан төгіспей екі жақтың дауының бітуі мүмкін емес. Хан бұны неге түсінбейді?
— Хан бұл арада шолақ ойлап отыр. Ал біздің борышымыз сонау келешек айқасқа осы бастан дайындалу. Қапы қалмауымыз керек.
— Сонда Бұрындықты қайтеміз?
— Екі бірдей қызын беріп отырған құдасымен алысуға Бұрындық қазір бара алмайды. Ол бұл тартыстан шығуы абзал. Майданға өзіміз дайындаламыз. Ал Бұрындық өз қатесін өзі түсініп, халқымен бір болғысы келсе, хан абыройын сақтап Арқа жеріне, не Сарайшыққа көшеді.
— Дұрыс айтасың. Ал Бұрындық көшпеймін десе?
— Көп қорқытады. Егер өзіне пайдалы шешімнен бас тартса, өз обалы өзіне!
Ертеңіне Қасым сұлтан басқарған бір топ ру бастықтары хан аулына келді.
Бұрындыққа хан абыройын сақтап қалу үшін өздерінің шартын айтты.
Бұрындық хан шу дегенде бұлқан-талқан боп ашуланды. Бұл бүлікті шығарып жүрген сенсің деп Қасым аулын шауып алмақ та болды. Әйтсе де әрі тулап, бері тулап, қазақ батырларының темір тегеурініне шыдай алмай, Сарайшыққа көшпек боп пәтуаға келді.
Міне, осы кезде Бұрындық ханның қылығына ызаланған «Жалғыз көз» батыр бір топ серіктерімен ханның қалың жылқысын қуып әкетті. Кілең көк аланы айдап апарып ол, Мұхамед-Шайбани жасақтарынан жер шұқып қалған кедей ауылдарға бөліп берді. «Жалғыз көз» батырдың бұл қылығына сүйсінген қалың бұқара қайтадан дүрлікті. Бірақ ол бір түнде жоғалып кетті. Басшыларынан айырылған кілең жыртық тымақ, жаман шекпен кедейлер ру батырларының айтқанынан шыға алмай тартыс іркіліп қалды, тұтаса жауыққан жұрт қатары жүдеп, халық қозғалысы енді лажсыз кібіртіктей бастады.
Екі апта өткеннен кейін Бұрындық хан жеті қатыны жеті ауыл болып, ырғалып-жырғалып Сарайшыққа көшті. Бірақ ол бос көшпеді. Малын шапқан «Жалғыз көз» батырды хан алтынына сатылған екі арамза серігі Бұрындыққа ұстап берген. Жұртқа таралып кеткен малын қайтара алмайтынын білетін хан «малымның өшін өзіңнен алармын» деп сырт көзден тасалап «Жалғыз көз» батырды қол-аяғын шынжырлап, тулаққа орап өзімен бірге ала көшті.
Бұрындықтан іргесін алыс сала бастаған Жәнібек балалары хан Ордасынан алыс отырайын деп Шу бойында қалды. Күз әкелерінің ескі қонысы Қараталға көшіп келді. Қыстауына жеткен күннен бастап Қасым сұлтан бүл арадағы қазақ руларының басын қосып, сонау болашақ айқасқа қамдану әрекетіне кірісті...
Қасым сұлтанның болжағаны дұрысқа шықты. Мұхамед-Шайбани хан аз жылдың ішінде дегеніне жетті. Самарқант, Бұқар, Андижанды билеп отырған Әбусейіт ұрпақтары мен Ташкент, Сайрам уәлиеттерін билеп келген моғол Сұлтан-Махмұт ханның араларындағы наразылықты пайдаланып, Сұлтан-Махмұт хан берген бес мың әскерді өз әскерімен қосып, ең алдыменен Самарқант, Бұқар, Андижанды алды. Содан кейін барып, Жағатай әскерін өз әскеріне қосып күшейтіп, Ташкент уәлиетіне ауыз салды. Ташкент, Түркістан, Самарқант, Бұқар, Андижан уәлиеттерін әбден өзіне бағындырғаннан кейін, Дешті Қыпшақ жерімен шекаралас Хорезмді шапты. Сөйтіп Мауреннахр, Түркістан өлкесін тегіс жеңіп болып, енді Дәшті Қыпшақты жаулауды ойлана бастады.
Мұхамед-Шайбанидың жиһанкерлік әрекеті мінекей осылай, Қасым сұлтан ойлағандай боп шықты. Мұхамед-Шайбани хан елу мың атты әскерімен Созақ пен Ұлытауға аттануға дайындалып жатқанын естіп, Қасым сұлтан Қаратаудан қайтадан Шу бойына көшіп келді. Бұл кезде Бұрындық хан Сарайшықта болатын, абыройын айрандай төгіп алған ханның құр «хан» деген аты ғана қалған, бүкіл билік әскер басы Қасымға көшкен.
Қасым Шу бойына көшіп келісімен, «бәлем, сені ме!» — деп Мұхамед-Шайбаниға әбден өшігіп алған қазақ халқына дабыл қақты. Мұхамед-Шайбанидың достық шартын бұзып Ұлытау мен Созақты шапқалы жатқанын хабарлады. Егер Созақ пен Ұлытаудан айрылса Дешті Қыпшақтың басқа жерлерін қорғап отыра алмайтындарын түсіндірді. Мұхамед-Шайбани хан Мауреннахр мен Түркістан өлкесіне аттанып, Моғол, Жағатай, Ақсақ Темір әмірлерімен қан-жоса болып қырылысып жатқанда, ешкіммен жөнді соғыспай әжептеуір тынығып қалған Дешті Қыпшақ жауынгерлері қайтадан атқа қонды. Ұран салып топтанып, ру-ру боп өздерінің батырларының жанына жинала бастады. Дәл осы кезде Мұхамед-Шайбани елу мың атты әскермен Қорасанға аттанды. Ташкент уәлиетін билеп тұрған Сүйіншік сұлтанды жиырма бес мың адаммен Ұлытауға жүргізді. Рабиу-Бегімнің екінші баласы, Түркістан уәлиетінің осы кездегі әміршісі Күшкінші сұлтанды отыз мың әскермен Созақты алуға жіберді. Мұхамед-Шайбани бұл уақытта әбден күшейіп алған. Ол енді бұрынғыдай қалаларды біртіндеп алу саясатынан бас тартқан. Өз күшіне өзі сенген әміршінің ғұрпыменен оңтүстігі мен солтүстігіндегі екі елді бірден жаулап алуға кіріскен. Бірақ Мұхамед-Шайбани хан Қорасанда жеңіске жеткенмен, Созақ пен Ұлытауда сәтсіздікке ұшырады.
Ұлытау мен Созаққа келген Қасым мен Қамбар сұлтанның қалың әскері Сүйіншік пен Күшкінші сұлтанның лашкарларының быт-шытын шығарды. Елу мың әскердің тең жартысына таяуын қырып, қалғанын сонау Дешті Қыпшақтың шекарасында жатқан құмайт, тақыр құмды далалармен Түркістан мен Ташкентке дейін қуды. Бұл жеңіліс бүкіл Орта Азияны өзіне бағындырып, енді Дешті Қыпшақ пен Иранға ауыз сала бастаған, айбындарымен талай елді тітіреткен Әбілқайыр бөлтіріктерінің көптен бергі елеулі жеңілісі еді. Ал Дәшті Қыпшақ халқының рухын көтеріп тастады. Енді қазақ рулары Қасым төңірегіне жинала бастады. Дәл осы кезде Сарайшықтан Бұрындық хан бар балаларының аулымен көшіп келді. Құр ғана көшіп келген жоқ, өзімен бірге бір тайпа елге бақытсыздық ала келеді. Өткен қыс өте қатты болған. Әсіресе Тянь-Шань тауының теріскей жағында отырған көптеген қырғыз, қазақ ұлыстары жұттан бар малын қырып алған. Қатты күйзеліске ұшыраған. Сол себепті Дулат руының біраз ауылы өзінің жылдағы әдеті бойынша Шудың Жуанарықтан жоғарғы жағына жайлауға шыға алмай, Жаңғы қаласына таяу жердегі Талас өзенінің жағасындағы көкорай шалғынды жайылымға жылжып көше салған. Елдің ат жалын тартып мінер бар жігіті Қасым мен Қамбар батырға еріп, Ұлытау мен Созақты жаудан арашалауға кеткен. Міне, осы кезде тыныш жатқан Дулат аулына кенет жау тиді. Ел жаңа түнгі асын ішіп жатқан кез еді. «Бұрындық!», «Бұрындық!», «Керей!», «Керей!» деп салған ұраннан, шапқан ат, айқайлаған дауыстан ауыл үсті азан-қазан болды да қалды. Кәп мынадан шықты. Дулат руының осы қонған Талас өзенінің көгал шөпті, қамысты жағасы, Бұрындық ханның қыс ерте шыққан жылғы Дешті Қыпшақ даласына көшкенше тұрақтайтын көктемгі жайылымы екен. Бұрындық Сарайшық жағында көшіп жүріп бұл жайылымға көптен бері соқпай қойған. Бұл ара биыл бос жатқан соң, қыстан күйзеліп шыққан Дулат ауылдары хан келе қоймас деген үмітпен осы жерге қонған. Бірақ Жайық жағасы да биыл қысы қарсыз, көктемі жаңбырсыздау боп Бұрындық бері қарай көшкен. Талас өзеніне таянған кезде коп жылдан бері көктемде қоныс ететін Дулат ауылдары отырғанын білген. Соңғы кезде ел қонбай, даласы да жайылымының оты басылмай тұрған шығар деп келе жатқан Бұрындық жерінің бос емес екенін естігенде, ашудан ат үстінде отыра алмаған. Соңғы жылдары қазақ рулары Қасым сұлтанға ауып кеткен. Сыныққа сылтау, соған іштей әбден ызаланып жүрген Бұрындық «бұл қай қорлаулары!» деп бұлқан-талқан болған да қалған. «Көрсетейін мен бұларға басынуды!» деп қолына темір табанды сойылын алған. Қарамағындағы бес жүз сарбазын ертіп, асқа дайындалып жатқан ауылдың, қойға шапқан қасқырдай, бір шетінен тиген. Шоқпарымен ұрып сан үйдің шаңырағын ортасына түсірген. Ауылдың заматта әлек-шәлегін шығарған. «Хан тақсыр, бос жатқан соң қонып едік», «Қарамағыңыздағы қазағыңбыз ғой, декпірімізді алмай, таң атқанша шыдаңыз, өзіміз де көшейік» деп жалынған ауыл ақсақалдарын долы мінезді Бұрындық ештеңеге қарамай «көш деген соң көш! Қарсыласайын деген екенсің!» деп табанда сойылға жыққан. Ойбайлаған қатын, жылаған бала, үрген ит, маңыраған қой-ешкі, ауыл үсті азан-қазан болған. Көптен бері алысатын жау шықпай, жынын алған бақсыдай, әбден қансырап қалған Бұрындық, жоқ жерден сойыл соғар қос тауып, баурын бір жазды. Ат ойнатып, ақырып рақаттанды да қалды. Хан өз елін жауынан қатты шапты. Таң атқанша Талас өзенінің осы арадағы бес-алты кедей ауылын бала-шағасын шұбыртып, өліктерін арқалатып құмға айдап салды. Бұл оқиғаны жорықтан қайтқан ел азаматтары естіп, қандары қызды, қаһарларына мінді, хан аулын күлін көкке шығарып тал түсте шаппақ болды. Жұрт дүрлігіп қол жиналды. Тек Дулат елінің ағасы, Бөрібай батырдың баласы Қасқалдақ би жұртқа ақыл айтып, аз уақытқа халық ашуын саябырлатты.
— Ел деген атымыз бар, хан ақымақтық істеді деп біз ақымақ болмайық - Бұрындық ханның бұл қылығын Қасым сұлтанға жеткізелік, аға да, хан да өзінікі ғой, әділетін өзі шешсін, — деді.
Жұрт осы сөзге тоқтады.
Бұл хикаяны естісімен қасына бір топ батырларын ертіп Қасым Бұрындық хан Ордасына аттанды. Хан бұлардың келетінін күні бұрын естігендей ауыл сыртында қарсы алды. Астында аты шулы, сүліктей жараған, жалқұйрығы жерге төгілген мұндайда жауға мінер қара айғыры, үстінде оба тастай боп дөңкиіп өзі отыр. Арт жағында оба тасының жанындағы балбалалардай төрт баласы. Бәрінің де мінгені осы қара айғырдың тұқымы, кілең тоқпақ жал нардай дүлдүлдер. Үстерінде кеуде тұсы тұтасқан қалқан темір, келте сауыт, жеңдері мен шалбарлары ғана шынжырдан тоқыған... Бәрінің қолдарында шойын шоқпар, ер басына іле салған темір табанды қайың сойыл. Жақындап келе жатқан батырларды олар сол түнерген қалыптарында, мызғымай күтіп тұр. Жайшылықта түсі суық, долы Бұрындық ашуланғанда, қаһары бетіне жан қаратпайтын аяздай тіпті ызбарлана қалатын. Бұ жолы да бет-әлпеті сондай еді. Екі бетінің түгі шығып, қара күреңденіп, ісініп, көзі қанталап кеткен.
Бұрындықтың осынау ызбарлы сұсы жеңді ме, батырлар тақа таямай сойыл жетпес жерге келіп тоқтады.
— Ассалаумағаликом, Бұрындық хан, — деді олар жамыраса амандасып.
Балалары «аликомассалам» деп еріндерін жыбырлатты. Бұрындық сәлемді алған жоқ.
— Бері тая, Қасым, — деді ол оң қолына ұстап тұрған шоқпарын сәл оңтайлап, — айтатын құпиям бар.
Түр-келбеті — Қасым таяса, қара шойын шоқпарымен салып қалатындай. Егер бұзау бас қара шоқпарды Бұрындық секілді алып күш ұрса, адамның несі қалады. Темір балғамен тақтайға шегені соққандай біржолата жерге кіргізіп жіберері хақ. Ал Бұрындықтан мұндай қылықты күтуге болады. Ол ашу үстінде қандай қылмыстан болса да бас тартпайды. Ойындағысы орындалса бітті, өліп кетуге бар. Бұ жағынан Бұрындық ашу үстінде өзін-өзі шағып өлтіретін бүйі тәрізді, алды-артына қарамайды. Ханның мұндай мінезіне қанық қазақ батырлары аттарын тебініп қап, Қасымды қорғай алға шыға берді. Бұны көрген Бұрындық ақырып жіберді.
— Қайт кейін, кілең қарашы! Хандар арасында қара қазақ тұрмас! Тая бері, Қасым, сөйлесетін сөзім бар!
Бұрындықтың даусы тым қаһарлы шықты, батырлар іркіліп қалды. Қасым оларға:
— Кейін шегініңдер, — деді. — Өзім сөйлесейін.
Қасым өзгелерден суырылып шығып, Бұрындықтың қасына барды. Ананың түрі түтігіп кеткен екен. Екі көзінен қара күреңденген бетін жуа, бармақтай-бармақтай жас тамшылап түр. Ызаланған бураның көзінен жас шығатынын Қасым бұрын көргені бар. Денесі мұздап кетті. Шіркін, жан деген тәтті ғой, амалсыз ханның қолындағы қара шоқпарға қарады. Бұрындық бұған көңіл бөлген жоқ. Және көзімнен жас шығып тұр-ау деп қымсынбады. Сорғалаған жасын да сүртпей Қасымға алар бүркіттей түксие сестеніп, сәл қарлыққан даусын көтере сөйлеп кетті.
— Қарамағыңдағы елің теріс қарап кетсе, хан деген ит қорлық екен. Оны мен Әбілқайыр ұрпағына қыздарымды бергелі білдім. Қонысымды жайладың деп қамсыз жатқан елді шапсам, сынықтан сылтау іздегенім. Айып менен. Бірақ айыптымын деп қарашаға бас иер жайым жоқ. Оны жақсы білесің, Қасым. Жазылмас кеселдің емі — өлім. Ал менің кеселімнің жазасы өлімнен де ауыр. Бұл жазаны өзіме өзім тандап алдым. Жазам сол! Ертең күйеу балам Мұхамед-Темір сұлтанның қолына, Самарқантқа көшемін. Сен жеңген жоқсың, мен жеңілгем жоқпын. Жұртымды басқара алмаған өз күнәмды өзім осылай жумақпын. Дешті Қыпшақты билеген Бұрындық Мұхамед-Темір сұлтанды күшік күйеу етіп өз ордасына кіргізудің орнына, ата жауы Әбілқайырдың ордасына өзі күшік ата болып кірмек. Бұдан артық жаза, бұдан артық өлім бар ма? Сөз осымен бітсін, ана қабыландарыңды ертіп енді кейін қайт. Ақыл айтамын деп, хан болуға жеткізген сонау ақылды басыңа мына қара шоқпарымды жұмсатып алып жүрме!
Бұрындық осылай деді де, атының басын бұрып, аулына қарай жүре берді. Қасым оған тоқта демеді. Өйткені мұндай жағдайда Бұрындық шешімі бірден-бір дұрыс шешім еді. Халқын басқара алмаса да қайғысын жасыра білді.
Екі апта өтпей бүкіл Дешті Қыпшақ әулетіне Бұрындық хан Самарқанттағы кіші қызы Жауһар-Бикенің қолына көшіп кетпек екен деген хабары тағы естілді. Біреу ер екен деді, біреу ез екен деді. Тегі ешкім бәлендей өкінбеді. Бірақ Бұрындық көшерінде тағы бір үлкен жамандық істеді. Қара түнде жүз жігітін жіберіп бір кезде өзі салдырған Бұрындық қаласын «өзіме де жоқ, бөтенге де қалмасын» деп күл-талқан етіп өртетті.
Сөйтіп ол уақытында көше алмай қалды. Ал көшем дегенінде халық оны көшірмеді. Қасым сұлтанға енді ру басшылары, би, батырлар емес, кеше найза ұстап, жауына қарсы шыққан, жаман далбағайлы, көн шалбарлы қара қазақ келді. Бірақ бұлардың келісі ел жақсыларының келісіндей емес, ашулы келіс еді. Аспанды қап-қара боп жауып алған қара бұлт тәрізді, түрлерінен адам шошынарлық, түнеріп кеткен. Қолдарындағы алдаспандарын жай оғындай жарқ-жұрқ ойнатып, Қасым сұлтанға күндей күркіреп тілектерін айтты.
— Жоғалып кеткен «Жалғыз көз» батыр табылды! Бұрындықтың үйінде екен! Сары ала төбетімен бірге шынжырлап, бір итаяқтан ас береді екен! Аяулы батырымызды қазір босатып бер! Босатып бермейді екенсің, бізге өкпелеме! — деді.
Халықтың мұндай ашуланған түрін бұрын көрмеген Қасым сұлтан шошып кетті. Ашынған халықтың өкілі етіп Қаптағай батырды ертті де, ол көшкелі жатқан Бұрындық аулына өзі келді.
— Анау сойылды жұртты көріп тұрсың ба, Бұрындық хан? — деді Қасым ауылды қоршаған қалың жұртты көрсетіп.
— Көріп тұрмын. Талағалы жиналған сабалақ иттер тәрізді.
— Егер таламасын десең, қазір Орақ батырды босат!
— Босатпасам ше?
Қасым найзалы жұртты көрсетті.
— Қазір бүкіл аулыңның күл-талқанын шығарады.
— Әттең, әттең! — деп барып Бұрындық әлі жығылмаған қараша үйдің есігін ашты.
Ашылған есіктен Қаптағай бүкіл Дешті Қыпшаққа әйгілі, Бұрындықтың жолбарыс алар сары ала төбетімен қатар, шынжырлаулы отырған, бет-аузында адам кейпі жоқ кісіні көрді. Орақ екенін танып, Қаптағай ызалана қалды. Беліндегі қанжарына қолының қалай барғанын білмей қалды.
— Сабырлық, сабырлық! — деді қасындағы Қасым, шыдамдық көрсетіп.
Әлсіреп қалған Орақты атқа отырғызып жатып, Қаптағай:
— Егер мына жұрт күліңді көкке ұшырмасын десең, қазір көш! — деді Бұрындыққа, сөйтті де өзі бұрылып жүре берді.
Бір ай өтпей осы Талас, Шу маңындағы қазақ руларының басшылары жиналып, Бұрындықтың орнына боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ кигізге көтеріп, Қасымды хан сайлады.
Келесі көктемде Қасым хан жайлауға Ұлытау маңына көшпек боп тұрғанда, Сайрам хакімі Қаттыбектің бір топ арбабы53 мен ресми уәкілі келді. Бұлар Қаттыбектің Сайрамды басқарсын деген сәлемін әкелді. Қасым хан көп қолменен Сайрамға беттеді. Қаттыбек қаланың кілтін беріп, өзі Қасым ханның қарамағында қызметте қалды. Бір аптадан кейін Қаттыбектің ақылымен бұлар Сүйіншік сұлтан басқарып отырған Ташкентті шабу дайындығына кірісті.
Осы кезеңнен қазақ халқының ежелгі қонысының бірі — Түркістан өлкесін өзінің қарамағына қайтарып алуы үшін жаңа күрес дәуірі басталды. Бұл дәуір ұзаққа созылды. Бірақ жеңісті болып аяқталды. Оған себеп Қасымның сол дәуірдегі ел билеу саясаты ғана емес, халықтың асқан ерлігі, өз жерін, өз елдігін қорғауға деген сүйіспеншілігі, қажырлылығы, табандылығы еді.
Қасым хан Мұхамед-Шайбани Ордасынан Түркістан өлкесін қайтарып алу үшін, Дешті Қыпшақпен шекаралас бөтен хандармен тату-тәтті саясат ұстауды ойлады. Өзге жұртпенен араз бола тұрып, Мұхамед-Шайбанимен күресудің қиынға түсетініне шек келтірмеді. Әсіресе Қасым хан Дешті Қыпшақтың жерімен шекаралас Моғолстанмен, әкесі Жәнібектің өсиетін орындап, үнемі бірге тізе қосып отыруды есінен шығармады. Әбусейіт мырзаның баласы Омар-Шайх көгаршын ұшырам деп мұнарадан құлап өлгеннен кейін, Жұныс ханның қызы баяғы Нигер-Сұлтан-Бегім Андижанда жесір қалған. Жәнібек осы Нигер-Сұлтан-Бегімді өзінің ортаншы баласы Әдікке алып берген. Әкесі Омар-Шайх қайтыс болғаннан кейін Андижан дийары54 Омар-Шайхтың үлкен баласы Бабур мырзаға қалған. Бұл кезде Самарқант, Бұқар уәлиеттерін Әбусейіттің үлкен баласы Сұлтан-Ахмет мырза басқаратын. Әдік сұлтан осы Сұлтан-Ахмет мырзаның сенімді адамының бірі болып Самарқантта мұзалимдық қызмет ететін. Сұлтан-Ахмет мырза өлгеннен кейін, артынан оның кіші баласы жас Байсұңқар мырза билік құрған. Одан Самарқант, Бұқар, Андижан уәлиеттерін тартып аламын деп Сұлтан-Махмұт хан соғыс ашты. Бірақ жеңіліп қалып, амалсыз Дәшті Қыпшақ жеріне қашты. Онымен Дешті Қыпшақ жеріне Сұлтан-Махмұт ханмен тілектес болған Әдік сұлтан да бірге кеткен. Бірақ қазақ жеріне жеткен кезінде қайтыс болды. Соңынан қуып келген Нигер-Сұлтан-Бегім қайтадан Мұхамед-Шайбанидің жеріндегі өгей балаларының қолына барғысы келмеді. Көңілі ескі дос Қасым ханға ауды. Әрине бұл күндерде Нигер-Сұлтан-ханым бұдан он бес жыл өткен соң, Қасым хан өліп, Қашқардың ханы — ағасы Сұлтан-Сейіттің қолына барып, өзі бір кезде иттің етінен жек көрген Әбдірашид сұлтанның гареміне жалғыз қызын беретінін білген жоқ. Ал қазір қарақат көз, оймақ ауыз сұлу Нигер-Сұлтан ханым өмір бойы арман еткен, ең бірінші бетін ашқан Қасым ханға қосылғанына өте-мөте қуанышты еді. Ағасы өлсе жесірі ініге мұра — көне қазақ дәстүрі, Қасым хан алтыншы қатыны етіп Нигер-Сұлтан ханымды алды. Сайрамның қақпасын ашқанда, өзінің ақрұғында осы Нигер-Сұлтан ханым да болды. Жастағы арманы орындалғанына Қасым бұрынғысынан да қатты рухтанып, енді хандық іске алаңсыз кірісті...
Хандық іс — ол кезде әскер ісі, кім де кімнің әскері күшті болса, сол — хан және күшті хан. Қасымның жас кезінен ұстаған жалғыз сара жолы бар. Ол жол — бейбітшілік жолы — өз жеріңді ешкімге берме, өзгенің жерін тартып алма. Өзгенің жерін тартып алмау оңайға түскенмен, күштілер жеңген опасыз сұрқия заманда, өз жеріңді бермеу оңай іс емес еді. Бұны жақсы түсінген Қасым Сайрамға келісіменен тек өз ықпалын Сарысу, Шу, Талас бойындағы қазақ еліне ғана жүргізуді ойламай, бүкіл Дешті Қыпшақ жеріне құлаш ұрды. Әкесі Жәнібектей бұл да қазақтың бар руына «бірігіп ел болайық» деп кісі жіберді. Өзі әзірге бір өлкенің ғана ханы бола тұрып, енді бүкіл қазақты билейтін ұлы хандық құруды ойлады. Кімді хан етеді? Оны халық өзі шешсін деп, өз атын атаудан бас тартты. «Хан ақылы қырық кісілік, халық ақылы қырық мың кісілік: көппен кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деп бұл мәселені халықтың шешіміне қалдырды. Әкесі Жәнібектің диван55 заңы етіп кеткен «Тағанақ кеңесі» мен «Тұрымтай кеңесін» қайтадан күшіне енгізді. Хан болдым деп бірден шабуылға кіріспей, алдымен өзін басқа біреу шауып алмас үшін, Созақ, Ұлытау, Сайрам, Сарайшық бекіністерін жөндеп, мықты әскер құруды арман етті.
Осы кезде тағы бір ұлы уақиға болды. Бүкіл Түркістан, Самарқант, Бұқар, Андижан, Шахия, Хизар, Хорезм, Құндыз, Бадахшанды жаулап алған Мұхамед-Шайбани хан енді Қорасанға аттанды. Адамның тасы өрге домалап тұрған кезде, қандай қиын істің болса да қиюы келе қалады. Мұхамед-Шайбани да қисынын тауып, Қорасанды жаулап алды. Адам баққа, атаққа тойған ба, Мұхамед-Шайбани бұған да қанағаттанбады. Өлер бала бейітке жүгіреді, ол енді сонау карлы Памирды жайлаған Хазар еліне аттанды. Бірақ хазарлар жықпыл-жықпыл Гиндықұштың арасына тығылып алып, оған таптырмады. Амал жоқ, кейін қайтуға тура келді Ауған жеріндегі Тілман өзенінің жағасымен төмен түсті. Бірақ бұл өзен бірімен бірі жалғасып жатқан ұшы-қиыры жоқ шың құз тастардың арасымен өтеді. Сонау бұлт сүйген биіктегі жіңішке қоба жолмен қайтып келе жатқан көп әскерге құлама құздардан, пышақ кескендей жылтыр жартастардан төмен түсіп су алу, не аттарын суару ғажайып михнатқа айналды. Су жетпей біраз адамдары қырылды, аттары зорығып өлді. Осындай қиындықпен келе жатқандарында күз түсті. Кенет ақ жауын басталды. Енді бұрынғыдан да қиын жағдай туды. Күндіз-түні тынбай жауған ақ жауын тау арасындағы тас жолды жуып кетті. Аяқ басса тайғанап, адам, мал тұңғиық шыңырауларға қарай домалай жөнелді... Қаншама әскер апатқа ұшырады. Өстіп, өлдім-талдым дегенде әйтеуір қыс түсе, Мұхамед-Шайбани қалған әскерімен Қорасанға жетті. Азып-тозған, әбден жүдеген әскеріне енді ол елдеріне қайтуға рұқсат етті. Аштықтан көздері үңірейген, үстеріндегі киімдерінің жұлма-жұлмасы шыққан бір кездегі мұздай боп қару-жарақтанған айбарлы әскер, енді кенет қайыршы секілденіп, сонау Иран мен Ирактың шекарасынан Түркістан өлкесіне дейін шұбатыла босты.
Бұл бір ғажайып көрініс еді. Мұхамед-Шайбани лашкері келе жатыр десе, бұрын жылаған бала уанатын қаһарлы, айбарлы әскер енді қатын ұрып алатындай тобырға айналды. Олар өз елдеріне жеткенше күн көру үшін, топ-топқа бөлініп, жолдағы бейбіт жатқан дихтарды тонай жүрді. Көптеген жұрт енді өз әскерінен өзі қашты. Халықты үрей биледі.
Дәл осы кезде өзге хандардың демеуімен Иранның әміршісі Шах-Ысмайыл Қорасанға жорық салды. Бұл кездегі өзінің астанасы Гератқа әскерсіз жеткен Мұхамед-Шайбани, енді бұл арада қалуы — құр үйде отырып өлуі екенін сезіп, «жауынгерлер Мервке жиналсын» деп жан-жағына хабаршыларды шаптырды. Бірақ әбден азған-тозған, шаршаған әскер жинала қоймады. Өзі Мервке келген шақта, соңынан Шах-Ысмайыл да қуып жетті. Амал жоқ, жиналған бар әмір, баһадур, сұлтандарымен ұрысқа шығуға тура келді. «Тарихи Рашидида»: «Кім де кім өзгеге ажал азабының шербетін қанша ішкізсе, өзі де сол удан соншалық ішеді» деп айтқандай, оның да өлім ыдысы лықылдап толған еді. Осы айқаста атасы Әбілқайырдың жасына жетпеген, бүкіл Орта Азияны жаулап алған, атақты Мұхамед-Шайбани хан жекпе-жекте жас жолбарыс Шах-Ысмайылдың қолынан қаза тапты. Соңғы он жылдың ішінде елінің шетіне сан келіп, талай рет тыныш жатқан жұртты қан қақсатқан ұлы жиһангер батыр ханның бас сүйегінен Шах-Ысмайыл шарап ішетін ыдыс істетті.
Бұл уақытта Қасым хан ордасы әбден күшейіп алған-ды. Бүкіл Дешті Қыпшақтың көп рулары ер жүрек әміршісін ту етіп көтеріп, маңына жинала түскен.
Қасым хан бұның алдында Мұхамед-Шайбанимен бірнеше рет майданда кездескен. Әбден кемеліне жеткен әккі әскер бірін-бірі жеңе алмай ит жығыс келе берген. Ал Қасым хан қаншалық бейбітшілік өмірді сүйгенменен, енді Әбілқайыр ұрпақтарымен алыспасқа мүмкіндігі қалмаған. Осыдан екі ай бұрын Мұхамед-Шайбани Түркістан жерінде қазақ саудагерлері сауда-саттық жүргізбесін деп жарлық берген. Бұнысы бүкіл Дешті Қыпшаққа зорлық еді. Халыққа қаладан керек затыңды алма деу әрине, зор қиянат. Осындай жағдайда жүргенде Қасым хан Мұхамед-Шайбанидың өлгенін есітті. Бұл күндерде Қасым хан Түркістан өлкесін біржолата жаулап алуға дайын еді. Қазір оның қарамағында үш жүз мыңдай боп қаруланған атты әскер бар. Осы бір кез бытырап жүрген қазақ руларының басын қосып алтын тұғырына қонып, шын мемлекет бола бастаған кез еді. Қасым ханның да абыройы әбден көтеріліп болған. Оның Дешті Қыпшақтың елдік, жауынгерлік даңқын «Тарихи Рашиди» айтқандай, Жошы ханнан кейін бүкіл Шығысқа жайған әлуетті шағы еді.
Күн айнадай ашық. Күзгі салқын жел сарғайып кеткен ен даланы аймалай сүйіп ақырын еседі. Бір топ батырларымен Қасым хан Созақтағы хан сарайының алдында тұр. Осы арадан қазақ жерін қайта шапқалы келе жатқан Қытай, Ойрат, Ақсақ Темір ұрпақтарының қалың әскеріне қарсы ұлы айқас басталмақ. Қолдарындағы темір найзаларының сүйір ұштары мен арқаларына таңып алған болат қалқандары күн көзімен шағылысып, хан сарайының алдынан майданға бара жатқан кілең жүйрік мінген қалың әскер лек-лек боп өтіп жатыр. Ұшы-қиыры жоқ, бүкіл даланы алып жарқ-жұрқ етеді.
Кенет Қасымның көзі әскерінің алдыңғы қатарында кетіп бара жатқан, бетін қара далбағайымен жапқан көк сауытты батырды шалып қалды. Бұл Орақ еді. Хан ақырын езу тартып күлімсіреді. «Халық қамын ойлаған батыр хан қолына келіп қосылса, бұл жақсы ырым. Хан саясатының онда халық көкейіне қонғаны».
Қасымның көзі енді дәл қасынан ақбоз сәйгүлігін ойнатып өтіп бара жатқан, ақ берен сауыт киген жас батырға түсті. Атының сымбаттылығына, жас батырдың отырысына сүйсінген хан көзін одан көпке дейін алмады. Бұл өзінің баласы — Хақназар еді. Ұрысқа алғашқы аттануы.
Қасым үндемеді, тек баласы ұзап кеткенше оның ту сыртынан қарай берді...
ЭПИЛОГ
Қазақ хандары Түркістан өлкесі үшін сексен жылдай соғысты. Ақырында, осы Хақназар хан болған кезінде ғана тегіс өз жерін өзіне қайтарып алды. Хан астанасын Яссыға көшірді. Содан кейін барып оны Түркістан деп атап кетті. Және осы Хақназар хан кезінде үш жүз жылдан көп әңгіме болып келген жай — бүкіл қазақтың Үш жүзге бөлінуі аяқталды. Қасым хан осы баласын көргенде өзінің алғашқы жорыққа аттанғаны есіне түсіп, ішінен баласына «бақытты бол!» деп күбірледі. Иә, Сар даласында, сонау ұзақ тарихында қазақ халқы не көрмеді. Суға да батты, отқа да жанды, бірақ тірі қалды, құрып кетпеді. Осының бәріне айғақ халықтың ерлігі, тағдыры үшін күреседі.
Бағанадан бері әскерінен көзін алмай тұрған Қасым хан осыншама жауынгер ұл берген халқына риза болып кетті.
— Мына сұрапыл күшке қарап тұрып бір ойға келдім, — деді ол қайтадан жақында ғана майсары болған Оңай батырға, — қазақ елі нағыз бір алмас қылыш қой, қарашы, алмас қылыштан айни ма? Ол — жарқ-жұрқ етіп, байтақ даланы дүбірлеткен қалың әскерді көрсетті.
— Кәп осы алмас қылыш кімнің қолында болады, сонда ғой, — деді Оңай батыр ханға сәл бұрылып, — кім оны қалай ұстайды, қандай арман үшін жауына салады.
— Жөн айтасың, — деді Қасым, — бабын таппасаң қыран құс қасқыр ала алмайды, — сөйтті де ол қалың қол аттанып бара жатқан күншығыс пен оңтүстікке қобалжи қарады. — Ел шетіне жау келді, алмас қылыш тағы қынабынан суырылды... Арты немен тынбақ?

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет