Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
123
— Мұхамед-әкім эль Таразидың мұрагері бар екен деп жер-жиһанға дәріптеп,
айды аспанға шығарған той жасау. Тойға жүлде етіп, Стамбулда сом алтыннан
құйылған үш алтын құс белгіледі. Әрқайсысы сегіз батпаннан. Жүлде тиген адам
егер бұл алтын құсты алғысы келмесе, бағасы содан артық емес,
тілеген затын
беремін деп жариялады. Жүлде беретін шарты да таңғажайып. Бірінші жүлде —
кімде-кім жаяу жарыста он фарсат жерден озып келсе, соған беріледі деді.
Мұнысы жиһанкез саудагердің рум халқынан алған өнегесі. Екінші жүлде —
кімде-кімнің түйесі жиырма фарсат жерден озып келсе соған беріледі деді...
Мұнысы сонау Мысыр арабтарынан алған үлгісі. Үшінші жүлдені — кімде-кімнің
аты отыз фарсат жерден озып келсе, сол алады деді. Бұл Дәшті Қыпшақтың
ежелден келе жатқан көне салты.
Жәнібек сұлтанның айтып отырғаны осы той еді.
— Барар болсаң, жаяу жарыс сұлтандарға лайықсыз, ат жарысы мен түйе
жарысына
дайындалу жөн, — деді Жәнібек, — Қырым менен Қорасаннан да
кісілер келуі ғажап емес.
Жәнібектің айтқаны оң келді. Той болар күні бір шеті Қорасаннан, екінші шеті
Қырымнан қадірлі қонақтар, бұл жалғанның тетігін қолына ұстап тұрған сан алуан
саудагерлер жиналды. Талас өзенінің жағасында тігілген жүз ақ боз үй кісіге лық
толды.
Жаяу бәйгеден Египеттен қашып келген ғалым, жараған арғымақ аттай сидиған
ұзын бойлы, күйген кірпіштей қара қошқыл отыз бес жасар араб жігіті эль Мүлік
ибн Зархум келді.
Бұл бәйгеге сұлтан, бек, шынжыр балақ, шұбар төс
қазақтың мырза жігіттері
қорланып қатыспады.
Екінші бәйгені қарасына бірде-бір түйе ілестірмей, Бұрындықтың қара бурасы
алды. Үшінші бәйге Әбілқайырдың Тарланкөгінің тұқымы, он бес жасар Мұхамед-
Шайбанидың әзірге маңдайына басқан жүйрігі Ақтанкерге тиді.
Бірақ бұл үшеуі де салмағы сегіз батпан тартатын сом алтын самырұқ құсты
жүлдеге алудан бас тартты.
Эль Мүлік ибн Зархум:
— Алтын құс тек мені ғана байытады — деді, — Мұхамед-әкім мырза, егер
қарсы болмасаңыз, бұл алтын құстың орнына Мауреннахр диқандары мен Дәшті
Қыпшақ малшыларының тұрмыстарына жәрдем беретін және екі елдің қарым-
қатынасын жөндейтін Сейхун дарияның үстінен көпір салайын. Бұл көптен бері
ойлап жүрген арманым. Ніл өзеніне осындай көпір саламын деп үлгісін
істегенімде өздеріне пайдасы жоқ болған соң фараондар мені қуып жіберді. Ал
Сейхун дарияға бұл өте қажет. Осыны салуға қаражат беріңіз.
Мұхамед-әкім эль Тарази сәл ойланды да:
— Жақсы, — деді, — бұл сұраған қаражатыңды берейін. Тек менің ғалым
есепшілерім
қанша пұл керек, соны санасын.
Бірақ сол күні түнде Мұхамед-әкім эль Таразидың жігіттері «сен халық қамын
ойлап, Сейхун дарияға көпір салмақ сабазсың ғой, олай болса сол Дарияның
қызығын алдымен өзің көр» деп қосында ұйықтап жатқан жерінен эль Мүлік ибн
Зархум ғалымды ұстап алды да, түнімен жедел жүріп отырып, мойнына тас
байлап, Сейхун дарияның сарғылт толқынды суына лақтырып жіберді.
— Байлығым өз басыма жетеді. Алтын құсты басыма қоямын ба, маған алтын
құсыңдай қымбат ұл тауып берген тоқалыңның өзін бер, — деді Бұрындық өзінің