Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
175
жатқанын місе тұтып, бөліне жайылып жүрген түрі бар... Оның үстіне ар жағында
тағы қас жауларымыз тұр...
Күзтоқсанның бас кезінде хан «Тағанақ кеңесін» шақырды. Бұл кеңес хан
ұсынысын дұрыс деп тапты және қыс түсе Сауранды қайтарып алуды мақұл деп
шешті.
Жәнібек қыс түсе Сауранды басып алды да, келесі жылы жаз шыға Сығанақты
— Бұрындыққа, Созақты — Махмұдқа, Сауранды үлкен
баласы Жиреншеге
тастап, өзі Жайық бойындағы Дәшті Қыпшақтың көне қаласы Сарайшыққа көшті.
Баласы Қасым жөн айтқан сынды, егер тағы бір бес жылдай бұ жаққа көңіл
бөлмегенде, бүкіл Еділ, Жайық бойы Мұғажар тауына дейін Ноғайлы, Астрахань,
Қазан, Башқұрт хандарының үлесіне кетуі мүмкін екен. Оның үстіне Жәнібекті
«бар қазақтың ханы» деп құр атағаны болмаса, бұл арадағы рулар оның
ықпалынан тым алыс жатқан-ды. Хан өзінің тегеурінді мінезіне басып, тағы қауіп-
қатерлі, кейде қан төгіссіз бітпейтін жаңа айқастарға кірісіп те кетті. Енді ол өзіне
арналған қанжардың неге батыстан лақтырылғанын ұқты.
Оңаша отау, жеке хан
болуды арман еткен басшыларының азғыруы салдарынан Еділ, Жайық, Елек, Жем,
Торғай, Ор өзенінің бойындағы рулар Жәнібекке бағынудан айни бастаған.
Жәнібек өзінің он мың атты әскерін ерсілі-қарсылы дүбірлетіп, көк құрыш
алдаспанын найзағайдай жарқылдатып, енді оларды ойлануға мәжбүр етті. Осылай
бұ жақтағы қазақ руларының басын біріктіріп, Дәшті Қыпшақ хандығына күшпен
бағындырам деп жүргенінде балаларына тастап кеткен Дәшті Қыпшақтың
күншығыс жағына Әбілқайыр ханның кезінен де зор қауіп туғанын білмей қалды.
Әбілқайыр өзі өлместен бұрын Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды
өзінің бұрынғы атекесі Бай-Шайх ұйғырға тапсырған. Және оларға атеке етіп
бұрынғы күкілташы қосшы руынан шыққан Дәулет-Қожа бектің баласы Дарвиш-
Хұсайын-Қарашыңды тағайындаған. Бұл екеуі де Әбілқайырмен бірге Көк Орданы
тігіскен ер жүрек, сенімді адамдар болатын.
Шайх-Хайдар өлгеннен кейін
Әбілқайыр тағына отыру Мұхамед-Шайбанидың кезегі еді. Өйткені оның әкесі
Шах-Будақ сұлтан Әбілқайырдың үлкен баласы. Ал өзі Шах-Будақтың Аққозыдан
туған тұңғышы. Екі жылдан кейін, Махмуд-Сұлтан туған. Екеуі де түрге келбетті,
алып күшті, жас жолбарыс тәрізді ер жүрек жандар. Оның үстіне екеуі де оқуға
зирек, өнер-білімге жақын. Хан маңындағы адамдар түбі әлемге Сайбан
тұқымының атын шығарар осы екеуінің бірі болар деп жоритын. Бар үміттерін
олар Мұхамед-әкім эль Тарази тойында ақтағандай да еді. Осындай үміт күткен
екі ханзаданы Әбілқайыр қайтыс болысымен, әмірлер кеңесі «көзіңнің
қарашығындай сақта» деп Әбілқайырдың ең сенімді, ең ер жүрек
батыры
Қарашыңға тапсырған. Сол себептен бұл батыр өзін осы екі ханзаданың өміріне
жауапты санайтын. Жалғыз жанын құрбан етіп оларды қауіп-қатерден сақтауға
ант еткен.
Осы екі ханзаданы Шайх-Хайдар қаза болған ұрыстан алып шығысымен
Қарашың батыр Хаджитархандағы, яғни Астраханьдағы Жошының үшінші ұлы
Құтлық-Темірдің ұрпағы, Қасым ханға бірден тартқан. Мауреннахр жерінде
жүрсе, тірі қалуларынан Қарашың батыр күдіктенген.
Астрахань тағына отыруға
кезінде Әбілқайыр үлкен жәрдем берген Қасым хан, қашып келген ханзадаларды
құшағын жая қарсы алған. Қарашың батырмен ақылдасып, Қасым хан Мұхамед-
Шайбани мен Махмуд-Сұлтанды жаудан жасырып бағуды Маңғыт руынан
шыққан Темірбекке жүктеген.