Iлияс Есенберлин. «Алмас Къылыш» (Коьшпендiлер – 1) © «I. Есенберлин атындагъы къор», 2004
www.kazakhstanets.narod.ru
165
Әбілқайыр болса ауру... Түбі оның тағына Шах-Будақтың қос бөрісінен ыңғайлы
Әбілқайырдың басқа ұрпағы жоқ.
Жаған ерінің өзіне қойған сұрағының қаншалық ауыр екенін енді ұқты. Жауап
қайтара алмай сәл кідіріп қалды. Кенет басын көтеріп алды.
— Онда ма? Онда... — Жағанның даусынан нәсілі Керейге біткен қайсарлық
естілді. — Онда кекке — кек! Қанға — қан! Қасым сұлтан әкесі мен ағасының
өшін қайтарады. Әбілқайырдың өзін өлтіреді. Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-
Сұлтанның толып жатқан ағаларының басын алады. Бірақ өздері антын бұзбай
екеуіне де қылышын көтермейді. Егер мені ана дейтін болса, тұңғышым
Қасымжаннан осыны тілеймін. Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-Сұлтанға бірінші
боп шоқпар сілтемеймін, — деп екеуміздің алдымызда ант беруін өтінем. Егер бұл
арманымды орындамаса ақ сүтімді көкке сауып өтем.
Ана тілегі Қасымның жүрегіне қанжардай қадалды. Дәл осы мезетте шешесі
Жағанның апасы Аққозыға берген уәдесінің қаншалық қымбат екенін түсінді.
Кенет ол
орнынан атып тұрып, бір тізерлеп шешесінің алдына отыра қалды да,
беліндегі наркескенін қынабынан суырып ап, екі жағынан ұстап маңдайына тигізді
де, қылшылдаған жүзінен сүйді.
— Асыл болат наркескен, қос бауырым Мұхамед-Шайбани мен Махмуд-
Сұлтанға сені бірінші боп қынабымнан суырмасқа ант етем, — деді ол. — Егер
антымды бұзып қос бауырыма бірінші боп қастық етсем, мына тұрған асыл анам
Жаған бикенің ақ сүті ұрсын!
Жаған бике орнынан түрегеліп баласының қолындағы жалаңаш ақ семсерді
алды да ерніне тигізді.
— Асыл болат ақ семсер, егер қансырар болсаң, жалғыз ұлым Қасымға емес, ең
алдымен менің жүрегіме қадал. Ана тілегін қабыл алғаны үшін,
оның құрбаны
болсам арманым жоқ деп күні бұрын ант етем!
Анасы мен баласының бұл қылықтарын өз көзімен көрген хан Жәнібек іштей
екі сырды қатты түйді. Бірі — Қасымның анасы Жағанды аса жақсы көретінін.
Екіншісі өткен түнде Жанбике тоқалдың үйіне кезексіз бардың деп әйелдік мінез
көрсетіп, Жәнібекті өзіне дене сұлулығымен тартпақ боп отырған Жаған бикенің
кенет шын ар-намысын қорғайтын іске келгенде, қандай табандылыққа болса да
бара алатынын білді. «Сұлу әйел егер ақылды болса, еркекке тек өзінің
сұлулығымен ғана емес, терең ойлылығымен де, табандылығымен де қымбатты
болып көріне алады екен» деді ол ішінен. Ол осы сәтте үлкен жүректі әйелдің уақ
әйелдік сезімінен де алыс тұрмайтынын қатеріне алды.
Мұндай әйелдің
намысымен ойнаудың қаншалық қауіпті екенін түсінді.
Ертеңіне Жәнібек жарлық беріп, хан кеңесін шақыртты. Бұл кеңеске Орда
маңындағы сұлтан, батырлар, ерлік істерімен көзге көріне бастаған өз балалары
мен Керейдің баласы Бұрындық сұлтан қатынасты. Екі күн кеңесіп, ақырында
Күзтоқсанның басында Түркістан уәлиетіне шабуылға шықпақ боп ұйғарысты.
Дәшті Қыпшақ әскерін екіге бөлмек болды. Жәнібек хан балаларымен өзі бас-
қаратын топ Созаққа, Керей ханның баласы Бұрындық сұлтан мен Найман батыры
Қаптағай, Қоңырат батыры Сарыбалақ,
Керей батыры Ойшыбай, Уақ батыры
Жаубасар, Жалайыр батыры Бөрібай бастаған қалың қол Сығанаққа шабуыл
салсын делінді. Өзінің ежелгі салты бойынша Арғын, Қыпшақ, Тарақты жасақтары
Жәнібек ханның — хан Ордасының қасында қалды. Бұған Жайықтың бергі беті,
Атырау теңізі мен Сырдың төмегі саласын жайлаған Кіші жүзден келген Адай