Алмашова Камила Асқарқызы



Дата08.07.2016
өлшемі50.41 Kb.
#184722
Алмашова Камила Асқарқызы,

Т. Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясының 9 «Г» сынып оқушысы,

ОҚО, Шымкент

Шығарма тақырыбы: Отан үшін от кешкен жалынды жылдар

Жетекшісі: Бекжигитова М

Отан үшін от кешкен жалынды жылдар


Соғыс – адам өміріндегі уақытша,

бірақ өте қасіретті кезең.

Ол ұзақ жылдар бойы елдің, жердің тағдырын

шешеді. Халық – мәңгілік. Соғыс – халықтың

қуаты мен күшінің құдіретті сынағы.

Б. Момышұлы

«Соғыс психологиясынан»

Отан! Осы бір құдіретті сөздің тылсым тұңғиығы, сұлу сыры тамырын терең жайып, қанатын көкке өрлетті. Отан дегенде алпыс екі тамырында қан ойнап, жүрегі дүрсілдеген азаматтар – Отанының ұлы перзенттері. Адамзат тарихында ел басына күн туған кезең аз емес. XX ғасырдағы Кеңес еліне үлкен қауіп төндірген Ұлы Отан соғысы заман заңғарындағы соғыс атаулының ең сұрапыл, ең қатігез жылдары еді.

Жарық дүниеде туған Отаныңнан сүйкімді не бар?! Елу миллионнан астам адам өз жанын Отан үшін қиды, өз рухын ұрпақтың жүрегіне ұялатты.

1941 жылы 22 маусымда гитлерлік Германия соғыс жарияламастан Отанымызға опасыздықпен шабуыл жасады. Ақын Мұқағали Мақатаев өзінің өлеңінде:


Сен Батыста, мен Шығыста – халықпыз,

Бір бақшада бірге бүршік жарыппыз.

Бір Отанда бірге Бақыт тауыппыз,

Бір Отанда бірдей теңдік алыппыз,

Біз осындай тірліктегі халықпыз...

Ұлы Одаққа басымызды қосқанбыз


Біз осындай бірліктегі достармыз, - деп жырлағанындай, құйындай құтырынған жылдарда ұлтжандылықтың ұясынан ұшқан жауынгерлердің жүрегі Отан деп соқты.

Бұл қатігездік соғысқа Кеңес елінің барлық ұлттары, ұлыстары кәрі демей, жас демей көтерілді. Соғыста да, тылда да бұрын-соңды болмаған ұйымшылдықты, жігерлікті, қаһармандықты, отансүйгіштіктің ең жоғарғы өнегесін көрсетті.

Бүгінгі таңда Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толмақ. Мен, егеменді елдің, тәуелсіз Қазақстанның азаматы болғандықтан, осы Ұлы Жеңіске қазақстандықтардың қандай үлес қосқанын білу – менің де, бүгінгі ұрпақтың да тарих алдындағы парызы. Себебі өткенінен өнеге алмаған елдің болашағы қашан да бұлыңғыр. Дауылды жылдарда миллионнан астам қазақстандықтар майданға аттанып, Отан алдындағы парызды терең сезініп, осы соғыста теңдесі жоқ ерліктерді көрсетті, қайталады.

Александр Мотросовтың өшпес ерлігін 275 жас жауынгер қайталаса, олардың ішінде жерлесіміз Қарсыбай Спатаевты және Абдулла Үсенов, Сұлтан Баймұхамбетовтерді мақтанышпен атаймыз. Сонымен қатар Нүркен Әбдіров, Жанғазы Молдағалиев те бар еді.

Ал 28 панфиловшылардың ерлігін соғыс аяғына дейін ешкім қайталаған жоқ. Ақын Қалижан Бекхожин олардың ерлігін:

Жиырма сегіз жау тобырын,

Алға адым жер бастырмады.

Сақтамаққа ел өмірін,

Қорғап жатты Москваны, - деп жырлаған еді. Москва түбіндегі ерлік жастардың, әсіресе, қазақ жастарының бойында Махамбет пен Исатайдың, Амангелдінің айбынды рухының өшпегендігінің белгісін көрсетті.

Соғыстың басынан аяғына дейін өз өмірін еңселі ерлікпен ұштастырған, соғыс тактикасын терең меңгерген Бауыржан Момышұлын қазақта білмейтін адам кемде-кем. Осы соғыстың ең шешуші, сұрапыл кезеңі Москва үшін шайқаста Бауыржан бабамыз теңдесі жоқ ерліктің үлгісін көрсетті. Ол осы қиын сәттерді «Москва үшін шайқас» атты еңбегінде дәлелмен суреттеп жазды. Оның мына бір сөзі сол соғыстағы жауынгерлерге берілген әділ баға деп ойлаймын. «Біз – Кеңес адамдарымыз, біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады...»


Соғыстың сұрапыл кезеңдері бірін-бірі қайталамайтын қазақ батырларын туғызды. Солардың бірі – жау қолында қалған Украина жерінде партизандық қозғалыстың туын көтеріп, басшылық еткен жауынгер-жазушы Қасым Қайсенов, Шолпан жұлдызындай жарқыраған қазақ қыздары Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың істеген ерліктері кейінгіге үлгі болып, олар біздің жадымызда мәңгілікке 20 жасар қыз бейнесінде қалмақ.

Ал Рейхстагқа Жеңіс туын тігушілер арасында қандасымыз Рахымжан Қошқарбаевтың болғанын біз бүгін мақтан етеміз.

Ұлы Отан соғысы кезінде қазақтардың ерлігі жайында жауынгер-жазушы К. Симонов: «Қазақтың сөзге тұратын қасиетінен кейінгі бас иетін екінші қасиетін Ұлы Отан соғысында «Жаным – арымның садағасы» деп талай қазақ жігітінің өз басын оққа байлағанынан көрдім, намысқойлығына тәнті болдым», - деп сыр шертті.

Әрине, Ұлы Отан соғысының Жеңіске жетуі тек осы тұлғалармен шектелмейді, бүкіл елім деп еңіреген ерлер мен қайсар қыздардың бұл Жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз.

Сұрапыл соғыс жылдарындағы күңіренген күндер мен тебіренген түндерде көзімен көргендерін поэзиямен парақтағандар аз емес-ті. Ауыр күндерде

қазақ поэзиясының асқар шыңы Жамбыл Жабаев «Ленинградтық өренім!» деген өлеңінде:


...Тас-талқан ғып фашисті,

Қиратқан біздің ер күшті!

Жауға қарсы аттандың

Борасын қардай оқтарың, - деп жырлауы жауынгерлердің күшін еселей түсіп, ақын жыры достықтың шынайы әнұранына айналды.

Ұлы Отан соғысының қаһарлы күндеріндегі күресті жауынгер – ақын
Қ. Аманжолов:

Батыс бардық,

Балқан бастық бөктерлеп,

Карпат астық,

Альпі аттандық, көкке өрлеп,

Европаның аспанында тұрдық біз,

Кеудемізді қасиетті кек кернеп... – деп суреттесе,
«Отан үшін отқа түскен» азаматтардың ұраны ақын Жұбан Молдағалиевтің:

Сенсің, Отан, қан майданда

Сыйынарым ұраным.

Күні-түні, әрқайда да

Сені көріп тұрамын... – деген шумақтарымен сарындас келгеніне сөзсіз сенемін.

1418 күн. Үміт пен арманға толы күндер! Міне, сол үміттің өркен жаюынан Германия тізе бүгіп, 1945 жылы 2 мамырда Кеңес елі жеңіске жетті.

Ұлы Отан соғысы – бүкіл адамзат баласы үшін үлкен сынақ болды. Сынақта рухы мықты адамдар ғана жеңіске жете алары хақ! Соғыс қаншама қасірет әкелгенімен, халық – мәңгілік. Ол қайта жаңғырып, қайта ілгері басты. М. Мақатаев:

Біздер жеңдік жоқ болып, жаралы боп!

Біз қуандық

алдымен қаралы боп

Қарсы тұрдық аждаһа алдында Біз

Туған жердің аязы, бораны боп! – деп жырлағанындай, бұл біздің Жеңіс – Кеңес елінің Жеңісі. Бұл Жеңісті талқыға салып, оны бөлісу адамзат тарихына жасаған қиянат болар еді.

Ұлы Отан соғысына елімізден мыңдаған жауынгер бауырларымыз аттанды. Оның ішінде қан майданға Оңтүстік Қазақстан облысынан барған азаматтар жаудың оғына омырауын тосты, сол азаматтардың 500-ге жетер-жетпес қалғандығы айтылуда. Қасқайып тұрып жауға қарсы тұрған баһадүрлерімізді еске алып ұлықтау – бүгінгінің еншісінде. Бүгінде тірі шежіре, тірі тарих арда ардагерлер Ұлы Жеңістің тойын тойлауға оларға тағдыр жазыпты. Отты жылдары от кешкен олардың барлығын жауынгерлер рухының мәңгілігі біріктіреді.

Қорыта келгенде, бүкіл адамзат тарихына өзгеріс әкелген бұл Ұлы Жеңісті жақындатуға тек майдандағы жауынгерлер ғана емес, сол замандағы барлық үлкен-кіші үлес қосты.



Ал мен – осы Жеңіс шежіресін кітаптардан оқып білген, кинофильмдерден көрген, соғыс ардагерлерінен тамсана тыңдаған ұрпақтың өкілімін. Бір сәт өткенге көз жүгіртіп, тарихты таразылап, мәңгі өшпес бабалар ерліктерінен тәлім алу парызымыз деп ойлаймын. Ізденістерім мен толғаныстарымнан туындаған осы еңбегімді тот баспай сан ұрпақтарға өнеге болып, жалғаса беретін мәңгі жаңғырар ұрпақтар сабақтастығының куәсі – Ұлы Жеңіске арнаймын.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет