«Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасы» мемлекеттік мекемесі туралы



Дата19.06.2016
өлшемі68.19 Kb.
#148286


ЖОБА

«Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасы»

мемлекеттік мекемесі туралы

Ережесі



  1. Жалпы ережелер

1. «Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасы» мемлекеттік мекемесі (әрі қарай - Басқарма) Алматы облысы аумағында Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.

2. Басқарма қарамағында ведомстволар жоқ.

3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

4. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарда шоттары болады.

5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

6. Егер де Басқармаға заңнамаға сәйкес уәкілеттілік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен, басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамаларымен көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.

8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 040000, Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Талдықорған қаласы, Тәуелсіздік көшесі, №67а.

10. Мемлекеттік органның толық аталуы - «Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқармасы» мемлекеттік мекемесі.

11. Осы Ереже басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

12. Басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүргізіледі.

13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарма функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілген болса, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары,

құқықтары және міндеттері
14. Басқарма миссиясы ретінде еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады.

15. Міндеттері:

1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету;

2)  еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың талаптарын сақтауды қамтамасыз ету;

3) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама нормаларын сақтау;

4) Қазақстан Республикасы заңнамасында белгілеген тәртіппен Басқармаға жүктелген өзге де міндеттерді жүзеге асыру болып табылады.

16. Функциялары:

1) Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi талаптардың сақталуына мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;

2) жұмыс берушiлер ұсынған ұжымдық шарттардың мониторингiн жүзеге асыру;

3) өндiрiстiк жарақаттанудың, кәсiптiк аурулардың және уланулардың себептерiне талдау жүргiзу, олардың алдын алу жөнінде ұсыныстар әзiрлеу;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте өндiрiсте болған жазатайым оқиғаларды тексеру;

5) басшы қызметкерлер мен жұмыс берушiлерде еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғауды қамтамасыз етуге жауапты тұлғалардың бiлiмдерiн тексерудi жүргiзу;

6) өндiрiстiк мақсаттағы объектiлердi пайдалануға қабылдау жөнiндегi қабылдау комиссиясының құрамына қатысу;

7) еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау нормативтерiн жетiлдiру мәселелерi бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушiлердiң уәкiлеттi өкiлдерiмен өзара iс-қимыл жасау;

8) қызметкерлердiң, жұмыс берушiлер мен олардың өкiлдерiнiң еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау мәселелерi жөнiндегi өтiнiштерiн қарау;
9) өндiрiстiк объектiлердiң еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау мониторингiн жүзеге асыру;

10) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру кестелерін әзiрлеу және бекiту;

11) еңбек жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органға мерзімді есептердi, сондай-ақ еңбекті қорғау мен еңбек қауіпсіздігі жөнiндегi ақпараттық жүйе базасында еңбекті қорғау мен еңбек қауiпсiздiгiнің жай-күйi мониторингiнiң нәтижелерiн ұсыну;

12) уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгілеген нысан бойынша еңбек жөнiндегi ұжымдық еңбек дауларының мониторингін жүргізу;

13) еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға еңбек қатынастары бойынша қажетті ақпаратты беру;

14) жұмыс берушінің қызметін декларациялауды жүзеге асыру;

15) Қазақстан Республикасының заңнамаларында көрсетілген өзге де міндеттерді атқару.

17. Құқықтары:

Басқарма өзінің міндеттері мен қызметтерін жүзеге асыру мақсатында өз құзыреті шегінде:

1) тиісті мемлекеттік билік органдарынан, меншік түріне қарамастан ведомстволық бағыныстағы аумақтарда орналасқан басқа да ұйымдар мен кәсіпорындардан және жеке тұлғалардан басқармаға жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау үшін өз құзыреті шеңберінде ақпараттар сұрату және алу;

2) Басқарма құзыретіне жататын мәселелерді шешу үшін қажетті ұсыныстарды Алматы облысы әкімінің қарауына ұсыну;

3) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;

4) облыс әкімі және әкімдігі актілерінің жобасын дайындауға қатысу;

5) Қазақстан Республикасының еңбек қатынастары саласындағы талаптардың сақталуына белгіленген тәртіпте және өз құзыреті шегінде тексерулер жүргізу және өзге де нысандағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

6) Басқарма құзырына жататын мәселелерді талқылау жөніндегі комиссияның және жұмыс топтарының жұмыстарына қатысу;

7) Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыру.

18. Міндеттері:

1) өз құзыреті шегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша жұмыстарды жүзеге асыру;

2) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамаларының нормаларын сақтауды қамтамасыз ету;

3) Қазақстан Республикасының заң актілерімен бекітілген құзыреттері аясында басқа да міндеттерді орындайды.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру
19. Басқарма басшылығын басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуы және оның өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.

20. Басқарма басшысын Алматы облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

21. Басқарма басшысы, сондай-ақ Алматы облысы бойынша Бас мемлекеттік еңбек инспекторы болып табылады.

22. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасары болады.

23. Басқарма басшысының өкілеттігі:

1) бөлімдер туралы ережелерді бекітеді, олардың қызметтері мен өкілеттіліктерін белгілейді;

2) басшының орынбасарын, бөлім басшыларын, бас және жетекші мамандарды, мемлекеттік қызметші болып табылмайтын жұмысшыларды қызметіне тағайындайды және босатады, көтермелеу және оларға жазалау шараларын қолданады;

3) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда басқарма атынан өкілдік етеді;

4) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етеді, сол үшін жеке жауапкершілікте болады;

5) өз құзыреті шегінде бұйрық шығарады;

6) Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асырады.

24. Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, басқарма басшысының орынбасары – мемлекеттік еңбек инспекторы орындайды.

4. Басқарманың мүлкі
26. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

27. Басқарма атына бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

28. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.



5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату
29. Басқарманың қайта ұйымдастырылуы және таратылуы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.




Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет