Аманғазықызы мөлдір қазіргі қазақ прозасындағы қала моделі және ұлттық ментальділік


КІРІСПЕ Диссертациялық жұмыстың өзектілігі



бет6/31
Дата12.04.2024
өлшемі314.84 Kb.
#498540
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31
aman-azy-yzy-m-phd-povtorno (2)

КІРІСПЕ


Диссертациялық жұмыстың өзектілігі. Қазақстанның жаңа жаһандық даму жағдайында елдің мәдениеті мен әдебиетін, өнерін дамыту тенденцияларын анықтау, сананы жаңғыртуға ықпал ететін фактор ретінде ұлттық және әлемдік әдебиеттегі қалалық менталитет пен қала тұрмысын зерттеу маңызды болып отыр.
Көркем әдебиеттегі қала адамдарының бейнесін психоаналитикалық тұрғыда зерттеу арқылы қалалық жоғары интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін ұлттық ментальділік пен қалалық ментальділіктің өзара үйлесімі мен оған әсер ететін факторларды анықтай отырып, ауылдан қалаға көшу, қала тұрмысына бейімделу, қаланың жаңа тұрпатты модельдерінің пайда болуы, ел астанасында астаналық ментальділіктің қалыптасуын көркем шығармада бейнелеу ерекшелігін талдап, түсіндіру зерттеудің негізгі өзектілігін айқындайды. Ел Президенті Қ. Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында қалалардың ұлғайып келе жатқанына жете мән берді [1]. Сондай-ақ, Президентіміз 2020 жылдың бірінші қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында моноқалаларды дамыту ісіне тың серпін беру мәселесіне ерекше тоқталды [2]. Демек, рухани кемелденген ұлт ретінде өркениетті елдердің қатарында өмір сүру үшін адам санасын өзгертуде, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қана қоймай, жаңа сапада жаңғырту үшін қала тақырыбында жазылған шығармаларды зерттеудің мәні зор екенін байқаймыз.
Әлемдік әдебиетте қаланы суреттейтін шығармалар көне дәуірден бері жалғасын тауып келеді. «Қайта өрлеу дәуірінде адамдарды «мінсіз қала» жөніндегі ойлар толғандыра бастады, олардың утопиялық ойлары сол кезеңдегі шығармаларда көрініс береді. Уақыт өте келе қала образы теріс сипатқа ие бола бастайды. Қаланы суреттеудің екі түрлі жолы – гуманистік және адамгершілікке жатпайтын, жат сипаты қалыптасты. Біріншісінде, суреткерге әлем өте жылы түстерге боялған жарқын бейне ретінде көрінсе, екіншісінде әлемді суреттеу суық сипатқа ие болып, жеке адамның жалғыздыққа бой алдырып, мазасыз күй кешуі суреттеледі. Әлемді оптимистік тұрғыда қабылдайтын қаламгерлер бірінші тәсілмен жазды. Екінші тәсіл ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қалыптасты. 1895 жылы бельгиялық ақын Э. Верхарн «Спрут – қалалар» жыр жинағын жарыққа шығарды. Жинақта ақын Еуропалық қалалардың адамдарды оп-оңай шыңырауға тастай салатындығын тілге тиек етеді. Шамамен осы уақытта орыс жазушысы А. Белый «Петербург» романының бірінші басылымын аяқтаған болатын, мұнда әлемдегі ең көрікті қалалар қатарынан саналатын Солтүстік Венецияның жағымсыз образы ұсынылады» [3].
Өткен ғасырларда Э. Золя, В. Гюго, Э. Хемингуэй, А. Камю, Ф. Достоевский, Л. Толстой, А. Пушкин, А. Чехов, М. Булгаков, т.б. әлемге танымал жазушылар қала өмірін шығармаларына өзек еткен болатын. Қазақ көркем сөз өнерінде ХХ ғасырдың басынан бастап бүгінге дейін қазақ жазушылары қала өмірін шығармаларына арқау етіп келеді. Қаламгерлер ел астанасы мен мемлекеттегі ірі қалаларды назардан тыс қалдырмады, осылайша білім мен ғылымның, өнер мен өндірістің орталығына айналған қалалардың көркем модельдерін жасап, ол қалаларды бүкіл әлемге танытты. Қазақ әдебиетінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Семей сияқты тарихи-мәдени қалаларды суреттейтін шығармалар бар. Осындай шығармаларды талдау және қалалардың көркем модельдерін анықтау біздің зерттеу жұмысымыздың ерекшелігін танытады.
Әлемдік әдебиеттануда «Қалалық ортаны зерттеу Аристотель мен Платоннан бастау алды. Кейінірек Т. Мор мен Т. Кампанелла да қала туралы жазды» [3, б. 277]. Орыс әдебиеттануында қалалық әдебиетке деген қызығушылық ХІХ ғасырда басталды. Орыс әдебиеттанушысы В. Шаравин «ХХ ғасырдың 70-80 жж. қалалық проза» тақырыбындағы докторлық диссертациясында Ф. Глинканың «Қала және ауыл» очеркі мен В. Белинскийдің, А. Григорьевтің мақалаларын қала тақырыбын зерттеген алғашқы еңбектер деп көрсетті [4].
Орыс зерттеушісі Е.В. Косинцева «Е. Айпиннің прозасындағы еуропалық қаланы қабылдау (ханты әдебиетінің қалалық коды туралы)» («Рецепция европейского города в прозе Е.Д. Айпина (к вопросу об урбанистическом коде хантыйской литературы)») мақаласында: «қала кеңістігі (локус) ерекшелігін көрсететін мәтіндерді теориялық түсінудің алғашқы әрекеттері Н.П. Анциферовтың Санкт-Петербург туралы шығармаларынан басталады» [5] деп теориялық зерттеуді ХХ ғ. басындағы Н. Анциферов еңбектерінен бастайды. Қаланы өз тыныс-тіршілігі бар жеке ағза ретінде әртүрлі ғылымдар тоғысында зерттеуді тұңғыш рет Н. Анциферов ұсынғанын Т. Криволуцкая «В. Набоковтың 1920-1930 жж. орыс романдарындағы «қалалық мәтін» (««Городской текст» русских романов В. Набокова 1920-1930-х годов») [6] деген ғылыми еңбегінде де айтқан болатын.
Зерттеуші Н.П. Анциферов А.И. Герценнің әдеби-сын мұрасын талдай отырып, мынадай тұжырым жасайды: «Тарих философиясының мәселелерімен теориялық тұрғыдан таныстығы аз А.И. Герцен өзінің түйсігімен осы міндетке жақын келіп, бізге осы мәселені қамтитын эскиздер берді. «Venezia la bella» мақаласында ғалым қаланы тірі ағза ретінде ұсынды» [7]. «Қала зерттеуге арналған ең нақты мәдени-тарихи ағза. Оның жаны бізге оңай ашылады. Сонымен, Тоскандардың Сиена қаласы оған қызығушылық танытқандарға ғана емес, оған кіретіндердің бәріне қақпаны ғана емес, жүректі де ашуға уәде береді» [7, с. 29] деген Н.П. Анциферов қаланы тарихи-мәдени ағза ретінде қарастырады. Ғалымның ойынша «қала – ең нақты, тұрақты, күрделі әлеуметтік ағза» [8]. Ғалым қаланы адамдардың тағдырын және жалпы елдің мәдениетін зерттеуге мүмкіндік береді деген қорытындыға келеді. ХХ ғасыр басында Тарту-Мәскеу семиотикалық мектебінің өкілі Ю. Лотман [9] да осындай пікірлерді алға тартқан болатын.
Қалалық кейіпкерлердің психологиясын, ұлттық ойлау деңгейін суреттейтін шығармалар қазақ әдебиетінде көп. Әсіресе, жастардың сана-сезімін оятып, ақыл-ойын дамытуды кеңестік ғалымдардың зерттегені белгілі [10]. Алайда, бұл тақырып өзектілігін әлі де жойған жоқ. Біріншіден, қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік пен экономикалық дағдарыс рухани дағдарысты туғызуда. Қаладағы баспанасыздық, отбасы қаржысының жетіспеушілігі адамның психологиясына айтарлықтай ықпалын тигізуде. Екіншіден, ақпараттық технология, интернет жүйесі дамыған сайын адамды қоғамнан оқшаулап, оның санасына жалғыздық ұғымын орнықтырып, қатыгездікке ұрындырып, рухани жұтаң, санасы төмен ұрпақтың өсуіне жол берілуде. Сондықтан, қалалық кейіпкерлердің мінез-құлқын суреттейтін шығармаларды психология, педагогика, эстетика, әдебиеттану сияқты ғылымдардың аясында талдау зерттеу жұмысымыздың маңызын көрсетеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   31




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет