Ана қасиеттi де киелi есiм



Дата05.07.2016
өлшемі22.62 Kb.
#179448
Әсемгүл ТӨЛЕБАЕВА, СҚМУ студентi

Жазира ҚОШАНОВА, филология ғылымдарының кандидаты, доцент

Ана - қасиеттi де киелi есiм


Ана жайлы ойыңды айтып тауыса алу мүмкiн емес. Әркiмнiң өз анасына деген махаббаты шексiз. Мен де анамның маған сыйлаған мәндi өмiрi үшiн алғысымды айта отырып, өз ойымды аз да болса жеткiзгiм келедi.

Ананың тiлi, ананың махаббаты, ананың тiлегi тiл жетпес жатқан бiр теңiз емес пе? Па, шiркiн, ананың айналып-толғанғаны кiмнiң есiнен кетедi!

Шырылдап жерге түскеннен-ақ сенiң ең бiр жақының, ең бiр досың, ұстазың, сүйенiшiң болған ананы сүймейтiн жан жоқ шығар. Қара жердi баспай жатып, есiңдi бiлмей жатып, тырмысып жабысатының, шырылдап, уанбай жылап iздейтiнiң — ана. Иә, анаға деген махаббат құндақта жатқан күнiңнен-ақ басталады. Сондықтан ана десе толқымайтын көңiл, туламайтын жүрек кемде-кем. Ана тiлi сол ананың ақ сүтiмен алғаш рет балаға дариды. Ананы, ана тiлiн қадiрлеу — қанымызға сiңген қасиет.

Мiржақып Дулатов ағамыз айтқандай, бiздi сүйетұғын, күйетұғын, әрқашан қамымызды ойлап жүретұғын абзал жанды адам, бұл - ана. Алдыңа қойған мақсатыңа жетуiң үшiн ана жанын қиюға да дайын. Ана баласының үлгiлi азамат боп өсуi үшiн бар күшiн салып, тер төгедi. Ананың махаббатына, құдiретiне тамсанған талай ақын әнiн арнап, жырын жазып, талай жазушы қалам тербеген. «Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызын өтей алмайсың» деген дана сөз қазақ халқынан қалған. Шынында да, осыншама қиналып, көз жасын төге жүрiп, бiздi өсiрген аналарымызға қолыңнан келгенiңнiң бәрiн iстесең де, оның бәрi анаңның түн ұйқысын төрт бөлген бiр күнiндей ғана. Өз парызыңды өтеу, бұл - ана алдындағы парызды өтеу. Қаншама байлық иесi болсаң да, әлемге әйгiлi адам болсаң да, анаңды, оның саған жасаған жақсылығын ұмытпау — сенiң өмiр бойындағы борышың. Қай адам қолынан келген сый-құрметiн жасамады десеңiзшi, шiркiн! Бiрақ соның бәрi анаңның бiр ауыз жылы сөзiне де жетпейдi. Дүниенiң нұры, өмiрдiң гүлi, қызықтың қызығы - ананың қолында. Ана бiр қолымен бесiк тербетсе, екiншi қолымен әлемдi тербетедi.



Мiне, осы көктем мезгiлiмен тұспа-тұс келетiн төл мереке - 8-наурыз халықаралық әйелдер күнi. Бұл мереке арқылы бiз ананың құдiретiң көремiз. Құрметтi де аяулы аналар мен сiздердi төл мерекелерiңiзбен шын жүректен құттықтаймын. Сiздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, таудай талап, өзендей ұзақ өмiр тiлеймiн. Менiң өмiрiмнiң жұлдызы, жол сiлтеушi, жамандығымды жасырып, жақсылығымды асырып жүретiн асыл анашым менi осы өмiрге әкелiп, аялап, өмiрге деген көзқарасымды қалыптастырғаны үшiн алғысым шексiз. Мен қазiр уақытта Манаш Қозыбаев атындағы университетте оқып жүрмiн. Менiң жоғарғы оқу орныңда оқып жүргенiм анашымның арқасы. Бiлiмге деген құлшынысымды оятып, әр уақытта көмектесiп, қолдап жүретiн анамның есiмi — Жанар. Үш баланың аяулы анасы. Анам ақылына сұлулығы сай, мейiрiмдi, ақкөңiл жан. «Баланың бiлегi ауырса, ананың жүрегi ауырады» халқымызда осындай сөз бар. Шынында да, бiз ауырып қалсақ, анамның жүрегi ауырып, түн ұйқысын төрт бөлiп, жазылып кеткенше жанымызда шыр-пыр болып жүредi. Менiң алдыма қойған ең басты мақсатым анамды ешқашан ренжiтпей, берген тәлiм-тәрбиесiмен адал,ақылды болу және ана алдындағы парызымды абыроймен ақтау. Қорыта айтқанда, барлық адам ана алдындағы парызын өтеп, ақ сүтiн ақтап, ананың шашына ақ түсiрмей, тек осы киелi жандардың бақытты болуын ойлау керек. Себебi ең бақытты адам - анасы бар адам. Жер бетiне жақсылық нұрын себетiн аналарымыз аман болсын!

// Молодежная - Жастар. - 2014. - 31 марта

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет