Анамның айтқандары 8 сыныпта оқып жүргенде Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар»



жүктеу 77.41 Kb.
Дата21.06.2016
өлшемі77.41 Kb.
АНАМНЫҢ АЙТҚАНДАРЫ
8 сыныпта оқып жүргенде Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын оқыған кезде кітаптың негізгі кейіпкері Меңтай анасының айтқан өсиет сөздерін «Апамның айтқандары» деп жазып жүргендігін оқыдым да мен де анамның айтқандарын санама тоқумен қатар, осы кітап-дәптерге жазып жүруді әдетке айналдырдым. Менің анамның бізге беріп отырған тәрбиесі де бір кітапқа арқау боларлықтай. Ал, назар салыңыз.

  • Ең алдымен өзіңді-өзің сыйла. Сонда ғана жан-жағыңа сыйлы боласың. Өзін-өзі сыйлау деген дұрыс жүру, дұрыс тұру, дұрыс киіну, мәдениетті сөйлеу, жағымсыз қылықтан аулақ болу, өзіңді қоршаған адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау.

  • Өмір бір-ақ рет беріледі. Зымырап өте шыққанын өзің де байқамай қаласың. Сондықтан уақытыңды ұйқымен, өсек-әңгімемен емес, өзіңе пайдалы іспен өткіз.

  • Жаратушының бар екеніне сеніп, күнделікті кешкісін жастыққа басың тиісімен оның саған бүгінгі күнді сыйлағанына шүкіршілік айтып, ертеңгі күннен үміт күт.

  • «Бүгін не бітірдім? Нені дұрыс жасадым? Нені дұрыс жасамадым?» деген сұрақтарды өзіңе-өзің күнделікті қоюды ұмытпа.

  • «Амандық – сөз басы» деген сөз бар. Қазіргі адамдар дұрыс амандасудан да қалып барады. Амандасуды бір міндет санайтын болуы керек, біреулер шіреніп амандаспай кетсе, біреулер «привет» деп өзге тілде амандасса, біреулер «қалайсың?» деген амандасудың қысқа жолын тауып алған. Тіпті оқушы да мұғаліміне жарым-жартылай аузын жыбырлатып, «сә-м-сә» деп күбірлеп, алдынан жолын кесіп өте береді. Амандасу – бір алланың бүгінгі күнді саған көрсеткеніне риза болу. Бүгінгі күнге сенің танысыңның да аман жеткендігін көріп, оның амандығына қуануды білдіреді, яғни кездесіп қалған таныс адамыңның амандығына қуану. Амандығың түзу болсын. Дауыстап, сәл басыңды иіп, күлімдеп амандас.

  • Қазақ «жаман сәлем бермейді таныса да, жаман пышақ өтпейді жаныса да» дейді. Адамдардың бір-біріне сәлемдеспеуі олардың бір-бірінен артықшылығын көрсетпейді, керісінше тәрбиесіз, топастығын көрсетеді.

  • Қанша өмір сүрсең, сонша оқып үйрен. Жасы үлкенннен де, кішкентай баладан да үйренуге болатын нәрселер болады.

  • Жақсы білім ал. Сенен зиялылықтың лебі есіп тұратын болсын.

  • Жан-жағыңа қуаныш сыйлап, нұр шашып жүруден жалықпа. Одан өзің де қуат аласың.

  • Үлкен адамның алдын кесіп өтпе. Оларға көп нәрсе керек емес, өмірінің де аз ғана бөлігі қалды. Жастардың жол беріп, құрмет көрсеткенінің өзі оларды бақытқа бөлейді. Батасын береді.

  • Көшелі қарттардың тәрбиелік маңызы бар әңгімесін тыңда.

  • Қазақтың тарихын біл.

  • Ауылыңды ұмытпа. Қазақтың шыққан жері сол ауыл. Қолыңнан келгенінше ауылда істелетін шаруаға аралас. Туған топырақтың қадірін, жусанның иісін сез, сонда ғана сен нағыз қазақсың.

  • Шамаң жетіп жатса, кімге болса да көмек қолыңды созуды ойла.

  • «Өзімнен басқа адам ештеңені сезіп тұрған жоқ» деп ешқашан ойлаушы болма. Қарапайым адамдар бәрін де сезеді, бәрін де біледі. Тіпті мұғалімнің алдында отырған, білімі төмен, нашар оқитын бала сол сабақтан өзі түк білмей отырғанына қарамастан, мұғалімнің сабақты өткізуге дайын, дайын еместігін жақсы біліп отырады.

  • Негізі үлкендер балаларды «білмейді» деп қателеседі. Егер балалармен ашық әңгімелесе қалсаң, кейбір үлкен адамдардың білмейтіндерін де біледі.

  • «Ешкім көріп тұрған жоқ» деп әдепсіз қылықтар жасама. Әдет болып кетеді.

  • Ешкімнің затын рұқсатсыз алма. Сұраншақ болма. Біреуден бір нәрсе сұрап алған болсаң, уақытында қайтарып бер.

  • Өзің біреудің қажетін тауып беруге көмектес, бірақ Абай айтқандай шектен тыс «мал шашпа».

  • Өтірік айтпа. Қадіріңді жоясың. Өтірікшінің сөзіне ешкім сенбейді.

  • Өсек сөз айтпа. Жел сөз абырой әпермейді. Жаныңда жоқ адам туралы жаман сөздер айтпа. Сонда ғана «пәлен айтыпты» деген сөзді ешкімнің аузынан естімейсің.

  • Әркімнің ешкімге айтпайтын бір сыры болады. Адам оны қанша сақтары белгісіз, ерте ме, кеш пе бірақ бәрібір ол сыр ашылады. «Ешкімге айтпа» деп жан баласына әңгіме айтушы болма. Әңгіме аузыңнан бір шықты ма, тарап кетеді.

  • Ешкімнің айтқанымен жүрме. Біреудің пікірін, ойын тыңдарсың, бірақ біреудің пікіріне қосыла кетуге асықпа. Әркім туралы, әр нәрсе туралы өз пікірің болсын. Пікіріңді сұрамаған жерге тықпалама.

  • Арыңды сақта. Қандай жағдайда да Адам болып қал.

  • Өмірде неше түрлі адамдармен кездесесің. Олардың ішінде ақылдылары да, ақымақтары да бар. Ақымақ адамдардың ісін елемеуге тырыс.

  • Кешірімді бол. «Білмегеннің білместігін кешпесең, білгендігің қайсысы?» деген сөз бар қазақта.

  • Қуанышты бөліссең көбейеді, қайғыны бөліссең азаяды.

  • Қуанышқа әркім де қуана алады, ал адамның басына іс түскенде, жүзін мұң шалғанда жанынан табылып, сүйеніш бола білу әркімнің қолынан келе бермейді.

  • Өңнің сұлулығы маңызды емес, жан сарайың сұлу болсын. Ойдың тазалығы, жанның тазалығы, ардың тазалығы адамның беделін өсіреді, абыройын асқақтатады.

  • Жігіттердің көзіне түсу үшін айқайлап сөйлеп, қатты күліп, олай-бұлай ойқастап жүрудің керегі жоқ. Шынында да ондай қыздар көзге тез түседі, бірақ оларға да дәл сондай өздері сияқты ақымақ жігіттер қарайды. Жігіттердің де көзі бар. Өз ұрпағының жалғасын ойлаған, отбасылық ұстанымдары бар саналы жігіттер жақсы, тәрбиелі, өнегелі қыздарға назар аударады.

  • Қазақи тәрбие көрген біздер, ұнатып тұрған адамымызға ештеңе білдіре алмайтынбыз. Ол қазақи тәрбие, ұлттық менталитет болып қалыптасқан нәрсе. Бірақ, осы уақытқа жастардың арасында жүрген кезде ойға түйгенім, қыз балалар үздігіп, күтіп жүргенде ер балалардың батылы жетпейтін, айта алмайтын кездері болады. Кейде тіпті ондай нәрсе жігіттің ойында да болмауы мүмкін. Сондықтан, қыз балалардың да аздап қана шектен шықпай, назданып көңілін білдіріп қоюын қолдаймын.

  • Ер адамды сыйла. Сүйген адамың ең қадірлің болсын.

  • Ер жігіттің ата-анасын өз ата-анаңдай жақсы көр, сыйла. Сонда өзің де сыйлы боласың. Өзің сүйген адамды дүниеге әкелгені үшін сен олардың алдында қарыздарсың. Оларға адал қызмет қыл. Олар ер бала туғанда «ұрпағымды жалғастырады» деп қуанған болар, сол қуанышына жеткізіп, текті ұл-қыз тәрбиеле. Жақсы бала тәрбиелеу – ең алдымен әйел адамның ісі. Еріңнің бірге туған бауырларын құрметте.

  • Біздің барымыз да, байлығымыз да сендерсіңдер. Үшеуің тату болыңдар. Үшеуіңді де бірдей жақсы көреміз. Бір-біріңнен асып түсуді, бір-біріңді төмендетуді ойламаңдар. Біріңнің жетістіктеріңе бірің шын қуана біліңдер. Өздерің тату болсаңдар, сендердің өмірлік жарларың болатын адамдар да сендермен бірге туған бауырларыңды құрметтеуге тиіс. Бір-біріңнің балаларыңды да қолдап отырыңдар. Балаларың да тату болсын.

  • Ызыңдап, әр нәрсені айтып ер адамның миын ашытпа. Ата-анасына, туған туыстарына қарсы қоюды ойлама.

  • Көпшілік әйел адамдар ерлерін, жігіттерін «тәрбиелеп аламын» деп есептейді. Неге әйел адам ер адамды тәрбиелеуі керек? Сонда қоғамдағы ер адамдардың бәрі тәрбиесіз де, әйелдердің бәрі сұмдық тәрбиелі, ақылды ма? Ол қателік. Екеуің бірігіп бір-біріңді тәрбиелейсіңдер. Бір-біріңнің жақсы әдеттеріңді аласыңдар. Бір-біріңнен үйрене жүріп, ұрпақтарыңды тәрбиелейсіңдер.

  • Баланы еркін ұста. Оның ойымен санас, бірақ шектен шығуына жол бермей, тыйым жасап отыр. Балаң сені қас-қабағыңнан танитын болсын.

  • Қазіргі кезде жоғалып бара жатқан әке тәрбиесіне сүйенуді ұмытпа. «Әкең келе жатыр», «әкең біледі», «әкеңнің пікірін сұра» деген сөздерді жиі қолдан.

  • «Шығу керек екен» деп кез-келген адамға тұрмысқа шыға салуға болмайды, өйткені сенің алдағы өмірің сол адаммен бірге өтеді. Сондықтан жеңіл ойлылыққа салынба.

  • Идеал адам іздеме, өйткені таппайсың. Біреуге «идеал адам» деп табынба, оның жаман ісін көріп қалсаң, өзің өкініп қаласың. Бұл өмірде жақсы адамдар көп. Ең жақсы деген адамдардың сол жақсы қасиеттерін бойыңа сіңіруге тырыс.

  • Пендешілікке салынба. Көп адамдар «біз де пендеміз ғой» дегенді сылтауратып, біліп тұрып күнәлі іс жасаудан қорықпайды.

  • Ешкімді «жаман адам» деп қатардан ысырып тастауға болмайды. Ең жаман деген адамның да бір жақсы қасиеті болады. Сол қасиетін тауып алып, сол жағынан қарым-қатынасқа түс.

  • Ешкімге қиянат жасама. Қазақ «азар берсең біреуге, өзің де азар көресің» дейді. Бұл дүниенің азары о дүниеге кетпейді.

  • Ешқандай күнәсізбін деп ойлама. Алладан «біліп және білмей жасаған күнәларымды кешіре гөр» деп сұрап отыруды ұмытпа.

  • Атақ-даңққа құмартпа, ол үшін қызмет жасама. Әрине мемлекет, басшылар тарапынан лайықты бағаңды алып жатсаң қуанарлық жай, бірақ мен осы жасыма дейін уақытында қуғынға ұшыраған кездері болса да 4 рет Ленин орденін алып еңбегі лайықты бағаланған Қаныш Сәтбаевтан басқа ешкімді білмейді екенмін. Мысалы, Абай да, Шәкәрім де, Бауыржан да, Шәмші де, Мұқағали да уақытында өзінің еңбегіне лайық бағасын ала алмаған. Біз, қарапайым халық оларды ұмыттық па? Жоқ, олар алыстаған сайын қол жетпеске айналып, асқақтап барады... Сондықтан, еліңе адал қызмет қыл, жасаған қызметің үшін ақы сұрама. Кейбіреулерге жоғары жақтағылар берген орынсыз атақ, мақтау, марапаттаудан халық берген атақ-даңқ бәрінен де қымбат, бәрінен де маңызды.

  • Әркім өзінше жақсы. Сен де жақсы бол. Ешкімді қызғанба.

  • Жақсылар «жақсымын» деп айта алмайды, жамандар «жақсымын» деп айқайлайды. Мақтаншақ болма. Өзің айтпа, сенің жақсы екеніңді ел айтсын.

  • Жаман деген ат алу оп-оңай. Қазір бір жаман қылық көрсетіп, шалыс бассаң – сен жамансың. Ал, жақсы атану үлкен еңбекті қажет етеді. Жақсы деген атты алған соң оны ұстап тұру одан да қиын, өйткені сен үнемі жақсы болуың керек. Адамдықтың мәні де осында. Өмірге адам болып келген соң, адам болып өтуің керек.

  • Жолың болмай қиналған кездеріңде де мойыма. «Бүгінгі күн де өтер, ертең басқа күн келер» деп ойла. Шешімі жоқ іс болмайды.

  • Суицид туралы ойыңа да алма. Ол ерік-жігерсіз, әлсіз адамдардың ісі. Ойланып көрші, кімнің несі кетеді? Өлдің де қалдың. Жаратушы алла саған өмір сыйласа, сен неге оған қарсы шығуың керек? Аллаға қарсы шығу жақсылыққа апармайды.

  • Теледидарда, интернетте көрсететіннің барлығы адамға үлгі бола алмайды. Теледидардан зияткерлік деңгейіңді, тіліңді дамытатын бағдарламаларды ғана көруге дағдылан. «Қыз Жібек», «Гауhартас», «Менің атым Қожа», «Махаббат бекеті» сияқты қазақ киноларын көріп ұлттық тәрбие алуға тырыс.

  • Мен сериалдарды апиынға балаймын. Сериал – наркотик. Олай дейтінім оны көрген адам ертеңгі сериясын асыға күтумен күнін өткізеді. Ол адамды жұмысынан қалдырады. Алтын уақытын бос жіберіп, телміріп еш алаңсыз қарап отыруға үйретеді. Түптің түбінде адамдар санасыз, ойсыз қамсыз күй кешуге дағдыланып ала ма деп қорқамын.

  • Жаhандану кезеңінде интернеттік байланыс алысты жақындатқанымен, миымыздың жұмысын тежеп, дайын информацияға қарық қылғаны сондай, қазіргі жастар іздену, ойлану дегенді қойды. Мұхтар Шаханов айтқандай «компьютер басты жарты адамдар» көбейіп барады.

  • Маған сендердің агенттік байланыстарың да ұнамайды. Кей жағдайларда ғана болмаса оған да көп құмартудың керегі жоқ па деп қаламын. Себебі, агент арқылы байланыс адамдық қарым-қатынас мәдениетін бұзады. Ондағы амандықтарың да қызық, әңгімелесіп болар-болмаста қоштасу жоқ «шығып» кетесіңдер. Түрлі ойсыз сөздер. Сөздерің де бір-бірімен байланыспайды. Стильдік қате сұмдық. Сауатсыздық одан бетер. Сөздің бәрі қысқарып кеткен. Сөйлесіп отырған адамыңды жайына қалдырып, арасында тамақ ішуге, демалуға, ұйықтауға кетіп қалу деген мәдениеттің қай түріне жатады?!

  • Бір жаманның бір жақсылығы болады. Жаманның жақсы жағын ғана тауып ал.

  • Әдеби кітап оқы. Тіліңді дамыт. Туған қазақ тіліңде таза сөйле. Қазақ тілінің әдемілігінде, астарлылығында шек жоқ.

  • Басқа елдің тілін де үйрен, бірақ өз тіліңнің өркендеуіне, беделінің өсуіне өз үлесіңді қос. Қай тілде сөйлесең де шұбарламай, араластырмай таза сөйле.

  • Әдемі ойлар ойла. Әдемі сөйлеп үйрен. Тіл – адамның ойының жемісі. Жақсы ойы бар саналы, білімді, өрелі адам әдемі сөйлейді. Яғни, әдемі ойдан әдемі сөз туады.

  • Біреудің ісін қайталаудан гөрі әр істе жаңашыл болуға тырыс.

Айкүміс ҚАНАТ

Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы облыстық мамандандырылған

дарынды балалар мектеп-интернатының



11-сынып оқушысы


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет