Анықтамалар кіріспе


ІІ ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙДЫҢ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ



бет7/11
Дата25.11.2023
өлшемі168.91 Kb.
#484433
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
шаимова А

ІІ ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙДЫҢ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ
2.1 Т. Жұртбай очерктеріндегі өмір шындығы

Жазушы- ғалым, Тұрсын Жұртбай - қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар дара тұлға. Журналистік пен жазушылық еңбекпен қатар алып келе жатқан тұлғаларды жан-жақты зерттеп, оның туындыларын әр бір жанрларға бөліп талдау, публицистік, очеркистік ерекшеліктерін арнайы саралау - үлкен парыз. Т.Жұртбайдың публицистік шығармашылық жолы ұлттық журналистикасы арқылы қалыптасып, сол арқылы оқырманға танылған. Көп жылдар бойы оның очерктері -қазақ елі, оның өмірі, ұлт тағдыры, тұрмыс-тіршілігі, жақсысы мен жасығы бейнелеп келді.


Т. Жұртбайдың публицистикалық жанрда жазған еңбектері алдымен баспасөз бетінде жарияланып, кейіннен әртүрлі жинақ болып жарық көрді. Публицистің очерктерінің өзегі – өмірлік қым-қиғаш оқиғаларды жедел таразылап, саралап, сыни көзбен ақиқат безбеніне салып игеруге күш-қуат жұмсағаны айғақ.
Жалпы, әдебиет жанрларының ішіндегі сан-салалы мол мүмкіншіліктерге ие, өмір болмысына артық бояу жақпай, шындық шеңберінде нақты да дәл суреттейтін очерк жанры. Еліміздің тарихын, әдебиеті мен мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-санасын, тілі мен дінін қарапайым халыққа таныту мен насихаттауда очерктің атқарар рөлі зор.
Публицистикада очеркке қойылар талап – нысанасы дәл, мағлұматтары айқын, нақты өмірде болған оқиғалар тізбегінен тұратын, сол оқиғалар белгілі дәрежеде дәлірек бейнелетін, очерктегі образдар өмірде болған адамдар. Очерк жанры бейнелі түрде елестете баяндайтын және бейнелі хабарлау функцияларын да атқарады. Бұл жанрдың басқа жанрлардан тағы бір ерекшелігі жиі өзгерістерге ұшырап, әр дәуірдің талабына сай бейімделіп отыратын қасиетке де ие. Мұнда да бейнелеу, көркемдеу құралдары кеңінен пайдаланылады, белгілі бір идеяны көркем де әсерлі етіп жеткізуде таптырмайтын құрал деуге болады. Автор туындысының пәрменді, жақсы болуы үшін әлеуметтік, мәдени, саяси қырағы болуымен қоса сол кезең ағымына сай тақырып таңдай білуі аз, жазылатын очерктің композициялық құрылымы, сюжеті, тілдік, стильдік құралдары үйлескен жағдайда ғана шығарма шеберлік шыңына көтеріледі. Очерк жанры туралы академик М.Қаратаев былай дейді: «Қазақ әдебиетімен бастан бірге жасасқан көркем публицистика әр кез өзінің елгезек, ұшқыр, алғыр, өскелең жанр екенін танытты. Мұның түп тамыры алыста, туысқан орыс әдебиетімен ұштасып, жалғасып жатыр. Очерк пен публицистика қай кезде болмасын әдебиеттің алғы шептегі барлаушысы, тыңнан жол салатын, жаңа тақырыптардың көзін ашатын жаңашыл жасағы, жауынгер құралы. Әдетте жақсы, көркем очерктердің құятын үлкен арнасы – үлкен проза». Академик З.Қабдолов: «Шағын эпостың әңгімеге жақын тұрған бір түрі – очерк. Бұл да қысқа көлемді шығарма. Мұнда да үлкен шындықтың кішкене бір бөлігі, өмірінің аздаған эпизоды нәрлі тілмен әртүрлі суреттер арқылы шебер тартымды бейнеленуі тиіс»,- дейді[39,25].
Очерк жанры 1970 жылдары дәуір туғызған жаңалықтарды, жақсы адамдарды ел-жұртқа таныстыру мақсатында көп міндеттер атқарып келді. Осы кезеңдегі қазақ очеркінің басты мақсаттарының бірі – алып істер мен елеулі оқиғаларды дер кезінде өз оқырманына жеткізіп, жаңа қырынан көрсету болатын. Сол кезеңде көптеген қазақ жазушылары очерк жанрында қалам сілтеп, сол кезең адамдарының рухани жан дүниесі, бүкіл болмыс-бтімі, ой-өресін осы очерктер арқылы танытуға талпыныс жасады. Бұл бір жағынан сол очеркшілердің қоғамдық-әлеуметтік, әдеби-эстетикалық көзқарастарын кеңінен танытса, екіншіден, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге септігін тигізіп отырды.
Көркем сөздің көрнекті өкілі, жазушы - ғалым Тұрсын Жұртбай өзінің алғашқы туындыларын, кейбір ой-толғаныстарын публицистикалық стильмен жазып, 1977 жылы «Замандасым, сырласым» деген атпен «Қайнар» баспасынан очерктер жинағын шығарған. Осы кезеңде қазақ басылымдарында Тұрсын Жұртбайдың ондаған очерктері жарық көрді. Очеркші өмірдің қайнаған ортасында жүрген еңбек адамдары, құрбы-замандастары жайлы жаза отырып, қызықты факті, ісі мен мінезі оқшау жандарды өз шығармаларына арқау етеді.
Т. Жұртбайдың «Шұғылалы Шыңғыстың баурайында» очерктер циклының тақырыптары, оқиғалары шындық өмірден алынған, образдары қонымды, өміршең шыққан. «Құрыштай шыныққан азамат» атты очеркінде, автор жастайынан әке-шешесінен айрылып, ерте еңбекке араласқан, үзілген үмітінің жалғануы қалада да оңайға соқпаған Ыбырайым образын бейнелейді. Ыбрараймды кейіннен ағасы Түсіпхан ауылға алып кетеді. Ағайындар қол ұстасып, туған жеріне оралып, бірге еңбек жолын бастайды. Елге бірге қайтқан ағайындар татулығы мен еңбекқорлығы арқысында тіршіліктері түзелген бауырлардың тірлігі шын өмірдің мән-маңызын ашып бергендей әсер етеді. Ой соңына ілесіп кеткен сәтте малдары бытырап жайылып, басын қоса алмай әлекке түсіп жүргенде жолшыбай бір қызға жолыққаны да қызықты әңгімеленіп, кейіпкерінің болашақ жарымен алғаш кездесу сәтін қаламгер былай суреттейді:
«- Малды атпен емес, ақылмен бағу керек. Әлі үйреніп кетесіз. Мен мынау ауылда тұрамын. «Қызылшоқы» деп атайды. Дүкеннен сәлем-сауқат әкеле жатырмын. Жолда ойқастаған Сізді көріп... Сөзінің арғы жағын жұтып қойды» [40,22],- дей келе, Ыбырайымның жүрегіне шоқ тастап кеткен қыз таудың қойнауындағы сол бір қыстауға жиі көз тастайтын жағдайға жеткізеді.
Араға біраз жылдар салғаннан кейінгі жазушы енді Ыбырайымның жай-күйін былай бедерлейді:
«Арада өткен жылдар, ызғарлы қыс, аптапты жаз, төгілген тер, жинақталған тәжірбие Ыбырайымның мінезіне де үлкен өзгерістер енгізді. Жалынды жастығы, ұшқыр ойы байсалды тартып, сабырлылыққа ауысты. Байыппен қарап, әрбір нәрсені саралай білуге үйретті. Ол үшін бұл жылдар текке кеткен жоқ. Табандылығы мен еңбек сүйгіштігінің нәтижесінде құрметке бөлене білді. Қарауындағы малдың бәрін аман сақтап, шығынға ұшыратпады. ... Жұрт ағайынды Тәтіхановтарға сыйлы жанармен қарап, сыпайылық танытты. Жеке басы үшін қуанышты жай: оның шынайы махаббаты болған Нүкенмен көңіл жарасып, отау тігуі болатын. Кешегі тентек жігіт бақыт құшағына бөленіп, шұрайлы өмірдің шырынды дәмін татты» [41,5],- деп қиындық пен тартыста бірте-бірте келген атақ пен даңқтың маңдай терінің өтеуі екенін Ыбырайым жақсы түсінген бейнесі, әдеби портретін сәтті ашады. Очерктегі Ыбырайым мен өмірдегі Ыбырайымда үндестік бар және кейіпкер басынан кешкен өмір оқиғалары сыналап кіргізілуі арқылы сол кезең адамдарының характері, іс-әрекеті, мақсат-мүддесі түгелімен көз алдымызға елестеуімен құнды. Автор тек қана қойшы Ыбырайымның ғана емес, өмір тауқыметін бастан кешкен, еңбек майданында бел шешіп, ауырлықтарды ақылмен, еңбекпен жеңген типтік замандасының бейнесін суреттейді.
Публицистің «Өмір деген тамаша ғой, бауырым» шығармасы он екі жасында жетім қалған Нұрғазы Райбаев өмірінің сырларына толы. «Нұрғазы Райбаев болып тас қалап, кірпіш құйғалы қашан... Бала жасынан басына су құйып, әдеттенген шаруа ғой. Соңғы он шақты жылда қаншама қыстақтың негізін қалап, ескісін жөндеп, шопандардың алғысына бөленді десеңші. Талай-талай мерекелік сыйлықтарға ие болды. Ол «Қызылту» совхозының 3-бөлімшесіндегі құрылысшылардың топ бастығы, өзіне тән абыройы, өзі тақылеттес күн көріс кәсібі бар» . Бұл өз еңбегінен бақытын тапқан ұрпақтың өмірі. Т. Жұртбай құрылысшы Нұрғазы арқылы еңбек адамының бейнесін шебер жасап қана қоймайды, өз ісіне шын берілген қарапайым жандардың мінез-құлқы, іс-әрекетінен бұл очеркінде жазушы жантануға көп көңіл бөледі. «Ағаңның мінезі өзіңе аян ғой, қайным» деген жеңешесінің сөзін эпилог ретінде беруінің өзі жантанудың алғышарттары болып келеді[42,25]
Журналист әр очерк-мақаларында еңбек адамының өмірін нағыз көркем шығармадағыдай суреттеуі оның ең басты табиғи қаламгерлік ерекшелігі болып табылады. Т.Жұртбай өз очерктерінде адам мен табиғатты қабыстыра суреттеп отырады, түрлі көңіл-күй мен табиғат тылсымдарын салыстыра, қатарластыра бейнелейді. Мысалы, жарынан айрылған әке, анасынан айырылған баланың сол сәттегі күйі мен қатал табиғат суреттері реалистік, психологиялық үндестікпен көрсетіледі.
«Суық боран аш қасқырдай ұлып тұрды. Оған қоса қырық тоғыз жыл жібектей желегін жайған бір өмір, аяулы өмір, ана өмірі өзінің ақырғы әнін күңірене әлсіз, бірақ ұзақ созып шертті. Боран кілт ышқына ішегін ішіне тартқанда, ән де үзіліп кетті... Әкем бетін басты, бір түйір тамшы бетін тарамдай келіп, шоқша сақалының ұшында дірілдеп тұрды да, тырс ете түсті. Жерге емес, тізесіне басын салып отырған менің уыз алақаныма түсті... Ұзақ қарап тұрдым. Ол кезде не ойлағынымды кім білсін» [42,25],- суық боранда ана өмірінің үзілуі тура табиғи қалпында, орны толмас қайғылы сәттер сезім-күй ассоциациялары табиғат толғаныстарымен жалғасып кетеді. Суық боранның аш қасқырдай ұлуы, боранның кілт ышқына ішегін ішіне тартуы кейіпкердің ішкі сезімінің реңктерінің дәлдігі, сипаттаулардың үзілмей дамып отыруы, көз алдындағы құбылысты кейіптеу арқылы бере білуі очерктің көркемдік деңгейінің жоғарылығын айғақтайды Туындыдағы табиғат суреттері жазушының жан әлемімен бірлікте, ішкі толғаныстарымен сабақтас және табиғат пен адамның терең байланысын шебер пайымдаумен жасалған. Очерктің соңындағы табиғат суреттері де адамның өзіндей тыныстап, ойлап, қуанып, құлшынады. «...Күн нұры ұясынан ақтарылып төгіліп, сары теңіздей теңселіп тұрған Сарыарқаның адыры ісек қойдай теңкиіп-теңкиіп жатыр... Айнала сарғыш тартқан. Артқа шаңды бұрқ-бұрқ еткізіп, ағайым мотоциклін ағызып келеді. Қуанышын көрсеңші! Күлгені не деген ұнасымды.
Мотоциклдің газын басып, есіп-есіп жібереді, тіпті. Бағана автобустан түскенімде де күле берген еді-ау» [43,2].
Т.Жұртбай очерктеріндегі табиғатты бейнелеу өнері кейінгі шығармаларында да зор дәстүр салғанын байқаймыз. Бұл бейнелер автордың ішкі толқыныстары мен сезімдік ойларын ашу үстінде ұтымды қызмет атқарып қана қоймай, көркемдік жағынан да эстетикалық жағынан да образдық құрал ретінде берілген.
Т. Жұртбайдың «Сен мені түсінбейсің...» лирикалық очеркінде сан-қилы көңіл күй мен дала бейнесі қатарласа отырып, естелік жинақтау арқылы жазылған. Досы Қадырбайдың Алқын деген қызға ғашық болып, жиһанның ардағын, дүниенің асылын осы қызға теңеген жас жігіттің жүрек лүпілдері тамаша табиғат суреттерімен астастырылған. Кейіпкерлердің тілдесу сәттері хабарламалық сипатта болғанымен, жас ғашықтың көңіл-күй, мінез құлқынан да елес береді және диалогтарды өмірдегідей қалпында емес, табиғат әлемі Қадырбай жан әлемімен бірлікте көрінеді. Бір мектепте оқыған қызға ғашық болған жас жігіт қыз жүрегіне жүгіне алмай, әскерге өзі сұранып аттанады. Диалог түріндегі кейіпкер мен жазушы арасындағы сөздерде терең сабақтастық бар. Әскерден келген соң досымен қайта кездескен Қадырбайдың сезімі өзгермей, бұрынғыдан да беки түседі. Оны автор былай суреттейді:
«Міне ол көғалда жатыр. Үйреншікті мақамы.

  • Маған ұмыт дейсің бе? Сол үшін не іске де тәуекел едім ғой...

  • Ұмыт дейсің бе, - деді. Самал есіп тұр. Ұмыт дейсің бе,- деді. Самал

есіп тұр. Шалғындар шайқалып, құрақтар сыбдырлайды.
- Иә,- дедім, иә. «Жаңадан бастауың керек. Ауылда одан да сұлу,
одан да қылықты қыздар көп қой. Анау Сәулені алсаңшы. Иненің көзінен өткендей емес пе? Самал тына қалды. Сары масаның ызыңы естілді.
Ол:

  • Сен мені түсінбейсің,- деді орнынан тұрып бара жатып. Самал қайта

есті. Шалғындар аяғын орап, тракторына тақай берді. Қамыс сыбдыры «Сен мені түсінбейсің...» - деп тұрғандай. «Сен мені түсінбейсің». Мүмкін досым. Араға жылдар ізін салған шығар. Бірақ мынау көк шалғындағы салған жолыңдай махаббатта да өзгеге ұқсамас өз ізің бар» [44,2]. Жанға жайлы жаз кескіні қандай әсем болса, адам психологиясындағы махаббат тұрақтылығы да жанданып, басқа қыз туралы айтқанда табиғат кілт өзгеріп, самалдың тына қалуы, сары масаның ызыңы естілуі кейіпкер басындағы көңіл-күй пернелерімен астасып, нәзік философиялық тұжырыммен суреттеледі. Жазушы пейзажы психологиялық міндет атқарып тұр. Қамыс сыбдырының өзі «Сен түсінбейсің» деп тұрғаны жазушы көңіл-күйіндегі мол тебіреністен туып, Қадырбайдың сезім-күй ассоциациялары табиғатпен егіз елестеп, очеркшінің ойлау мен қиялдауын қолдайды.
Жазушының очерктерінде ауыл адамының бейнесін жасау, ел, ауыл тұрмысындағы проблемаларды көрсетуде де өзіндік ерекшелігі бар. Ол өмірге үңіле, өзі ұнатқан құбылыстарды безендіріп, шындық болмысты көркемдік бояулармен құбылтып, ажарлап суреттейді. Очерктерінің қай-қайсысында болмасын өз замандастарының өнегелі істерін, мінез-құлқын, тұрмысын, жанын жан-жақты бейнелейді.
Мысалы, «Қашағанды құтқармай, асауменен алысқан» очеркіндегі өмір бойы жылқышы болып, қызығы мен қиындығы мол еңбектің иесі болған Абылқақтың қашағанға құрық салған атақты жылқышы болғанға дейін талай өмір зардабын шеккен шыншылдықпен суреттеген. «Алғаш құрық ұстаған кезі. Күн ашық болатын. Ұзақ күнге шыдамы жетпеді. Қасындағы серігі екеуі табынның екі жағында жүрді. Түн ортасы ауа ұйқы меңдеп, көзі іліне берді. Әйтеуір қалғып-мүлгіп жүрген. Бір кезде қатты шыққан дауыстан селк ете түсті. Көзін ашса, қардың үстінде жатыр. Бір аяғы үзеңгіде. Ал серігі оны оятып жүр. Сөйтсе, қалғып жүріп, ұйықтап кетіпті де, қарға құлап түсіпті. Жылқышының сан түрлі құқайын көрген аты тырп етпепті. Қазір де сол бір балаң кезі көз алдынан өтті. Өмір де ағын су сияқты екен ғой. Бір тыным жоқ. Алға қарай заулай бересің». Автор очерктегі Абылқақ бейнесі оның еңбегі арқылы ашыла отырып, оның асаумен алысып, қашағанға құрық салған өз ісіне берілген азамат ретінде көрінуі, қазақ халқының психологиялық ой-санасына сіңген салт-дәстүрлерді жетік меңгеруі кейіпкерінің мерейін үстем етеді.
Сондай-ақ «Туған жерге туың тік» очеркіндегі Аманқұл Бердімұратов, «Дән туралы жырдағы» Амангелді Ботанбеков, «Арман аясындағы» Тұрсынақын сияқты ауыл адамдарының еңбегі суреттеле отырып, қоғамдық, әлеуметтік маңызы бар мәселелер көтереді және осы кейіпкерлер арқылы қарапайым еңбек адамының арман-тілектері, жасампаз өмір адамдарының образы толыққанды жасалады.
Т. Жұртбайдың «Қос майданның ардагерлері» очеркі соғыс тақырыбына арналған. Соғыста ерлік көрсетіп, еңбекте елдің алды болған үш жауынгер жайындағы бұл очеркінде автор соғыс қана емес еңбек майданында да көзге түскен батырларды жастарға үлгі ретінде танытып отырады.Соғыста Сталинград, Кишинев, Бухарест, Будапешт, Прага, Кинисберг қалаларын жаудан азат етуге қатысқан Әділ Қожалымов, Әуесқан ақсақал, Мүшір Тұрысбеков қариялардың қиын-қыстауға толы өмірлері тартымды, тағылымды, әрі нанымды суреттелген. Жазушы очерктің сюжеттік композициясында тыл өмірі мен майдан өміріндегі қиын-қыстау кезеңдер сипаттайды.
Т.Жұртбайдың «Қажырлы да қайратты Қабай» очеркіндегі Қабай Ізбасаровтың портреті былай суреттеледі: «Онда ол жас жүрегі асау тайдай тулаған, тұла бойы отты жігерге толы 21 жасар жігіт болатын. Нағыз тепсе темір үзетін шағы-тын. Ақ құрықты білегіне айқара асқан жылқышы еді. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін 1939 жылы әскер қатарына алынды. Алғашқы дайындықтан өтіп жатқанда финдер шекараны бұзды. Жас жауынгер сонда аттанып, бес күн бойы шабуылға қатысты»,- дей келе кейіннен генерал Г.К.Жуковтың алғысын алған, мергендігімен көзге түскенін шыншылдықпен көркем суреттеп, Қабай қарттың өмірі мен майдандастарының өмірі де ерлік пен күреске толы болғанын, талай-талай шайқастарға қатысқанның баяндап отырып, кейіннен бейбіт өмірде де бақташы, жылқышы болып еңбек етуін қызғылықты жазады. Біз бұдан автордың кейіпкер ісімен, тағдырымен жете таныс болып, оны шын түсініп барып тәуір образ шығарғанын көреміз. Очеркші Қабайды өмірдің барлық саласында басқаларға үлгі-өнеге, бұқараға жақын, қиынды жеңуге бастайтын, игі істерді іле қостайтын қасиеттерін жинақтай келіп, абзал адамның бейнесін жасаған..
Т. Жұртбайдың «Замандасым, сырласым» очерктер жинағы болсын, басқа мерзімді басылымдарда жарияланған очерктерінің тақырыптары болсын әр алуан. Бұл очерктерде ауыл адамдарының өмірі, шопан тірлігі, балықшының келбеті, соғыс ардагерінің ерліктері шынайы баяндалған. Жазушы қай тақырыпқа болмасын өз көзімен көріп, жақын араласып, қызыл еңбек майданыны ортасында жүрген еңбек адамдарының тыныс тіршілігін жазды. Оқырманның очерктерден сезетіні автордың сол ортаның ішінде жүріп, жанымен түсініп барып жазғаны. Очеркші адамның жан-дүниесін, рухани сезімдерін, көңіл күйін дөп басып, зерттеп барып жазуға дағдыланған.
Қорыта айтқанда, Тұрсын Жұртбай өз очерктерінде өмірдің қай саласын алса да көтерген тақырыбының салмағын жете түсініп, көркемдік бояуын құбылтып, шындықты танытуда адам образдарының даралығымен екшеп, өмірді тереңінен танытуды көздейтін очеркші.
Тәуелсіздік кезеңде жазылған Т.Жұртбайдың «Сүре сөз» атты очерктері елдік мұрат-мүдде жайындағы танымал тұлғалардың жанкешті әрекет-қимылдары, ұлт тарихы мен тағылымы төңірегіндегі ойлар мен толғаныстар жиынтығы. Кітаптың тұтас табиғатынан елдік мұрат-мүдде мен руханият мәселелері, қоғамдық орта мен әлеуметтік арналар, әдеби-мәдени мұра мен білім-ғылым ісі, тәлім-тәрбие тағылымдары терең баяндалған. Очерктерде ұлттық идея мен мәңгілік ел жайлы толғам-толғаныстар, көне кезең жәдігерлерінің сыры мен сымбаты, зар заман ағымы мен көркем ойлау жүйесі, Алаш идеясы мен Желтоқсан қозғалысының мәні, Александрия кітапханысының тарихы мен тәжірибесі, «Отырар кітапханасын» құру мен оның бастапқы һәм қазіргі халі, Абай әлемінің иірім-сырлары елдік тұрғыдан қозғалып, адамдық һәм азаматтық парыз-қарыз биігінде сөз етіледі. 
Автор барлық тақырыптарын көңіл көрігінде қорытып, ақыл-парасат таразысына тартып, одан кейін түйінді тұстарын, ұлт пен ұрпаққа, ел-жерге қатысты мәселелерін тамыршыдай оқырманға жеткізеді. «Мәңгілік аңсар» ─ көшпелілердің рухани кеңістігі, қасиет болмысы, ұлт пен ұрпаққа аманаты төңірегінде ой қозғаса, «Ойсоқты аңсар» зар заман ағымы мен көркем ойлау жүйесінің тарихи тамырларынан сыр тартады. 
«Александрия кітапханасы» мен «Кеудесі қуыс қалған далам-ай» сынды мақала-зерттеулер ұлт руханияты, ел тарихы мен оның қымбат қазыналары хақында сөз етсе, «Ұлттық идея», «Ұлтымыздың» рухани ұйытқысы, «Тәуелді-тәуелсіздік», «Несіне жетісеміз», «Теріс тұжырымдар», «Оларды да ұмытпайық», «Жас жүрек жайып саусағын» т.с.с.кеше мен бүгін мәселесі, тарих пен таным, тіл мен дін төңірегіндегі өзекті ойлар, саралы да сүрелі сөз жүйелері кеңінен баяндалады. «Сүре сөз» - ұлт руханиятының арғы-бергі кезеңдерінен сыр тартып, бүгін мен болашақтың биігінен келелі де кемел ойлар қозғайды. Тарих пен танымның тағылымды тұстарын басшылыққа алған, оны өмір һәм шығармашылық тәжірибемен табиғи сабақтастықта берік ұштайды. Жазушы еңбегі мен шығармашылық үдеріс, авторлық ұстаным мен қолтаңба мәнері, зерттеу мен зерделеу жүйесі бейнелі де бедерлі, еркін де терең көрініс береді. Кеше мен бүгінге көзқарас айқын. Ұлт пен ұрпақ қамы, елдік мүдде һәм руханият ісі алдыңғы кезектен орын алады. Оны айту мен жеткізу жолдары жеңіл, жүйелі, байыпты баяндалады. Әсіресе, аталмыш кітап беттерінен кең орын алған: «Ғаламдық сана мен ойлау жүйесінің мәні», «Көркем ой-сананың сүзбесі», «Рухани тәуелсіздікке жетпеген ұлт – мәңгілік басы байлы ұлт болып қала береді» , «Әлемдік өркениетке таза ұлттық рухымызбен үлес қосайық», «Идея-мәңгілік,идеология-өтпелі», «Жаны жаншылып,рухы езілген елдің ұлы мұратын анықтап берген, қызыл қырғыннан сақтандырған «Алаш» көсемдерін патшалық самодержавие тұтқындап, жер аударып,әйтеуір жанын олжаға қалдырып еді» т.т. ой-пікір үзіктерінен, көзқарас пен қолтаңба бедерінен елшіл-қоғамшыл белгілер, ортақ мұраттар, ұлттық рух пен руханият ісінің өзекті мәселелері айқын аңғарылады.
Т.Жұртбай шығармашылығындағы көсемсөздері:
– елдік мұраттарды тереңнен толғайды;
– тарих пен танымның байланыс-бірлігіне ерекше мән бередіҒ
–руханият ісіндегі дәстүр мен жаңашылдыққа,әдеби-мәдени үдерістерге, көркемдік-эстетикалық құндылықтарға ұлттық мұраттар тұрғысынан қарап, қазіргі кезеңнің шындықтары мен талап-тілектері, әлемдік даму мен өркениет өрістері басты назарда тұрады.
Т.Жұртбайдың БАҚ жүйесінде, дөңгелек үстел, телеарна, пікірталас пен сұхбаттар тұсында сөйлеген сөздерінде ұлт мұраты мен тарихы, Алаш идеясы мен оның танымал тұлғаларының тағдыр-талайы, таным мен тіл, дін мен діл т.с.с. кең орын алады.Мысалы, «Ар ілімі – өз жүрегіңе ұйыған иманың...» атты сұхбатында («Алтын Орда», 2011, 27 қаңтар-2 ақпан) ұлт мұраты мен руханият ісі, Алаш идеясы мен оның қайраткерлерінің өмір- кезеңі, қоғамдық қызметі мен шығармашылық мұрасы, білім-ғылым жүйесі, тарих пен таным тоғысы, дін мен діл сипаттары кеңінен сөз етіледі. Әсіресе, Құнанбай мен Абай әлемі, М.Әуезов пен Қ.Мұхаметханов байланысы, Қ.Бекхожин мен Р.Нұрғали т.б. әсер-ықпалы руханият ісі төңірегінде кең өріс алса, ар-иман мәселесі Шәкәрім шығармашылығы аясында байыпты баяндалады. Алланы танудың ғылыми-танымдық арналары – «Шариғат», «Тариқат», «Мағрифат», «Ақиқат» арқылы көрсетілсе, білім-ғылым жүйесі – Шәкәрімнің ар ілім төңірегінде кең көлемде қозғалады. Абай мен Шәкәрімнің білім-ғылым, дін-иманға қатысты көзқарастары үлгі-өнеге етіледі. 
Алаш идеясы бес түрлі мақсат-мұраттар төңірегінде топтасқаны (мысалы, жер мен оның асты-үстіндегі байлық, тіл мен дін, діл мен дәстүр) алуан мысал-деректер негізінде кеңінен көрсетіледі. Сұхбат сырына еркін енетін болсақ, онда Т.Жұртбайдың жекелеген ой-пікірлерінің негізі барын аңғару қиын емес:
«Ар ілімі дегеніміз – иман, эстетиканың және көркем ойлау жүйесінің негізі. Мұның барлық жолы шариғат, мағрифат арқылы ашылуы керек...
...Дүниені қабылдайтын адамды екіге бөліп қараймын. Біреуі пейілдің, біреуі пиғылдың адамдары деп. Пиғыл жүрген жерде шайтан өрмек салады. Біреуге сүрініп кетсе де, жамандық ойлаған жауың болса да, «әттеген-ай» деп, соған жаны ашып немесе демеуге тырысқан адамды ақ ниетті, ақ жүректі деп атайды. Екінші, пиғылға жеңгізгендер – қараниеттілер. Мысалы, адам сүрінсе, неге қатты сүрініп кетпеді немесе біреу бір жағдайға түсіп қалса, өзіне соны мазақ қылып, рахат табу пиғылды танытады. Онда қанша білімді болса да, Ар ілімі оның бойына қонбаған» [45,2].
«...Құран сөзі мен хадис сөзін жәдиттік көзқараспен қабылдаумыз керек. Әйтпесе, бұл діннің толық қасиетін бойға сіңіре алмаймыз. Иман жүрекке би. Өкінішке орай, осы бағыттағы уағыздар толыққанды жүргізілмейді деп айтуға болады. Мықты адам - өзінің пиғылын жеңген адам. Сондықтан, біздің қоғамның арын жаппай тазартуымыз керек» [45,2].
«...Тәуелсіздік дегеніміздің өзі – адамның санасына ой еркіндігімен енген дүние. Ой еркіндігі жоқ адам жеке тұлға болып қалыптаса алмайды. Осы сәби сананы ұлттық жүйеге, қоғамға, саясатқа т.б. орайластыра пайдалануға болады. Негізі жоқ идеология ешқашан үгіт-насихатпен іске аспайды. Мықты ұлттық идеология бір тамырға бекуі тиіс» [45,2]. 
Т. Жұртбайдың осы айтылған ой-пікірлерін түйіндесек: ұлт мұраты, адам әлемі, өмір мәні, қоғамдық құбылыстар, уақыт сыры т.с.с. өзіндік өзгешіліктері бола тұра адамзаттық құндылықтарымен маңызды болып табылады. Ар ілімі, ақыл-парасат еркіндігі, адами-имани мұраттар алдыға шыққанда – өмір жолы ашылып, дүние сыры айқындалып, ақиқатқа құштарлық арта түседі. Өмір мұраты мен мәні бұрынғыдан да бедерленіп, адалдық, әділеттілік, еңбексүйгіштік сынды белгі-ерекшеліктер айқын көрініс береді. Адам мұраты, өмір өнегесі мен еңбек баяны осыған саяды. Адам мұраты, өмір мәні де осында болса керек.
Профессор Т. Жұртбайдың бұдан басқа, ұлттық тұғыр – тәуелсіздік туралы өзіндік таным-түсінігі: 
«...Қазақ тәуелсіздік алар тұста қоғамдық құрылым үш топқа бөлініп тұрды. Біріншісі – еліміздің тәуелсіз болғанына жан-тәнімен қарсы және ұлттық идеяның жандануына түршіге қарайтын, кеңестік империяға көзсіз беріліп, алаңсыз қызмет еткен, өзі һәм бала-шағасы құлдықтың игілігін әбден көрген қазақтар. Бұлардың көбі мемлекеттік тұтқада болғандар. Бір қызығы бұл топтың үрім-бұтақтары әлі де мемлекеттің биік орындықтарында мығым отыр. Қазанның құлағы қолдарында, қоғамды қалай бұрғысы келеді, солай бағыттайды.
Екінші топ – қазақ зиялылары. Соның ішінде – қоғамтану саласындағы белсенді зиялылар. Соның ішінде – Жазушылар одағы. Өйткені, тәуелсіздік идеясын қаламгерлер көтере білді, және соны дәріптеді, жол көрсетті. Жазушылардың сол екпіні 2000 жылға дейін ентікпей келді. Қазірдің өзінде нағыз Алаш идеясы сіңген кейбір қайраткерлер белсенділігін жоғалтқан жоқ. 
Үшінші топ – тәуелсіздікке немкетті қараған, терең түсінбеген, яғни ойына кіріп-шықпағандар. Жаңа заманда алып-сатарлықпен бетпе-бет келіп, бірден дүние қуып кеткендер. Бұлардың қалталары да, беттері де қалың, жүрек қатпарына ыстық қан жүгірмеген, суық. Қай мемлекетте өмір сүрсе де бәрібір, ақша тапса болды, алдына келгенді қарпып қалғаннан өзге мақсат жоқ. Ессіз аш көздер. Ол әдеті өлсе де өзгермейді. Өйткені, олардың тұтыну қабілеті ерекше жетілген. Аран мен тәбеттен басқа ештеңе жоқ. Қазір бұлардың дәурені де жүріп тұр. 
Міне, біз тәуелсіздікке осындай бір-біріне үйлеспейтін мүдделер мен пиғылдар тоғысқан түрде келдік (Жалған ғылым қазақтың миын шырмап, шайтани өрмек салып жатыр» [38,2].
Тәуелсіздік мұраты хақында төмендегіше ой түзіп, түйін түйеді: 
«...Қазақтың бүкіл өмірі ерліктен тұрады. Соның бәрі тәуелсіздік жолында жасалды. Айталық, қазақтың алдағы жолын айқындап, көсегесін көгертпек мақсатпен бас біріктірген Алаш зиялылары, беріде атайлоп алаңға шыққан қазақ жастары өздерінің атақ-абыройын арттыру мақсатында алаңға шыққан жок. Олар туған-туысының, ағайынының жағдайын ойлап емес, ең алдымен елдің болашағына алаңдады. Соққыға да жығылды, түрмеге де жабылды, қудаланды. Сол ерліктердің ешбірі ұмытылмауы керек. Қазіргі күні қазақ Тәуелсіздіктің туын желбіретіп отырса, ол сол кездегі ата-әкелеріміздің арқасы. Біз қазір өткен жолы мен бұлтарыстары көп бұрмаланған тарихымызды басқа қырынан танып отырмыз. Ұлтжандылық – ұлы ұғым. Бүгінгі жастардың бойынан халқының тарихын танып білуге деген құлшынысты көргіміз келеді» [40,2].
Осының бәрі, ғалым-қаламгер Т.Жұртбай шығармашылығында: 
– елдік мұраттар арқау етілген;
– тарих пен танымға табан тіреген;
– атамұраға адалдық танытқан;
– Алаш идеясы мен оның қайраткер-қаламгерлерінің өмірі мен кезеңі, мұра-мирастар өмір шындығы, уақыт бедері тұрғысынан таразыланады;
– кеше мен бүгін байланысы, зерттеу мен зерделеудің тағылымды тұстары кең орын алады.
Нәтижесінде: өмірі мен өнерін, зерттеу мен зерделеу жүйесін ақиқат жайттарға құрып, ұлт тарихының белесті тұстарын,танымал тұлғалардың тағдыр-талайын уақыт шындықтары тұрғысынан батыл да еркін, терең де тағылымды саралауы-қазіргі кезеңнің мақсат-мұраттарымен,талап-тілектерімен табиғи үндестік табады. Өмір ақиқаты-өнер шындығына айналады. Шындық жүзі анық та айқын, өткір де өктем. Одан:
– ақиқат жолы
– ар айнасы
– абырой биігі айқын аңғарылады.
Бұл-басты бағыт, ортақ мұрат.
Бұл- жазушы еңбегі мен шығармашылық үдерістің бәрі-баршасына қатысты түйіндердің бірі. 
Қаламгер – ғалым Т.Жұртбайдың : ұраны –Алаш, мұраты – мирас екені терең танылып отыр. 
Т.Жұртбай шығармашылығының ойлар мен толғаныстардың басым бағыттары, ортақ жүйесі осыған келіп тіреледі.
Бодандықтың кезінде қазақ тарихындағы әрбір тұлға үшін, әрбір ғасыр үшін күрес жүрді. Әрісін айтпағанда, Сұлтанмахмұтты, Абайды тарихқа қалдыру жолында мылтықсыз майдан жүргені белгілі.
Кеңестік идеологиядағы сәл ғана тоң жібуін пайдалана қалып, қазақ қамын жеген азаматтар дереу тарих қойнауындағы тағлымды сыр сандықтарды жарыққа шығаруға талап қыла бастады. Еріксіз кеңес заманын аңсаған қалып көрсетуге тырысты, тәуелсіздік үшін күресті төңкеріс идеясына жұғыстырды, әйтеуір ел санасын оятуға қызмет етті.
Елімізді рухани жағынан бүгінгі тәуелсіздігімізге дайындап әкелуде өлшеусіз үлес қосты. Әсіресе әдебиеттің көне дәуірін тірілтудегі Бейсембай Кенжебаевтың, Әлкей Марғұланның, Әуелбек Қоңыратбаевтың еңбектері тарих көрігі болды. Осы адамдардың ішкі жан дүниесінің қопарылысынан тарих вулканы оянды.
Осындай ояну әдебиетімізге бүгін де керек, бірақ ол бұрынғыдан да гөрі сапалы ояну болса.
Бұл орайда, жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбаевтың “Дулығасы” тарих пен әдебиет арналарының тоғысқан тұсынан шыққан салмақты дүние болды.
“Дулығаның” екі кітабында баяндаған дүниелер талай-талай ғылыми жұмыстарда пайдалануға болады.
Шығармаларын ерекшелігі оқиғалар мен фактілері нақты, айқын, шын қоғамдық өмірден алынған, стилі қарапайым, тілі көркем, образы анық, суреттелген жайттар шығарма көлеміне лайықты, тұжырымды диалогтар мен терең ойлар шебер өріліп берілген.
Осыншалық тарихты қопару, оның ұңғыл-шұңғылын қарап, тер төгу тек өз елін шексіз сүйген адамның ғана қолынан келер іс болса керек. Кітаптың әр жолы жазушының өз ойымен қайнап піскен, толып жатқан тарихи фактілар өз салыстыруынан өткен, өзіндік ойымен салмақтанған.
“Дулыға” деп кітап атының қойылуы да орынды. “Дулыға” – “түрік” сөзінің баламасы, “ерлік”, “мықтылық” ұғымын береді. Кітапты ашып қараған адамның рухын көтеретін сөз. Автор одан әрі қарай түрік батырлары туралы тарихи әпсаналарды тірілте отырып, оны тарихтың сан тарамдарымен, көптеген құжаттар, шежіре, ғылыми зерттеулермен салыстырады. Мұнда – тарихтың шым-шытырық іздерін әсерлі жеткізу үшін жазушының машықты қаламы таптырмайтын құрал. Тарих оқиғаларын әсерлі баяндап, жүрекке жеткізе толғау, талдай отырып бүтіндеу - әдебиетімізде Мұхтар Мағауиннің “Қобыз сарынынан” бастау алып, “Қазақ тарихының әліппесіне” (1994) айналған кітаптарынан аса сәтті көрініп еді. Бұл өзі – бір кездегі Радищевтің тарихи жазбалары, Абайдың, Шәкәрімнің ұлт тарихын пайымдау жолындағы шежірелері, Олжас Сүлейменовтің “Ақын мен Әлібі” сияқты, бүгінгі таңдағы бір соны сүрлеу. “Дулыға” жазушы Т.Жұртбаев пен зерттеуші Т.Жұртбаевтың бірігіп жасаған азаматтық үлкен еңбегі деп қабылдадық. “Осы еңбегім арқылы Гердер мен Миллерге, Рыбаковқа, тағы сол сияқты ғылымдағы “Кузьминнің балалары” – “кесірлі ғұламаларға” жауап бергім келеді”, - дейді. Батылдық білімдіге жарасқан.
І-том скиф-ишкуз және ғұн дәуіріндегі түрік батырлары туралы болса, екіншісі түрік және оғыз-қыпшақ дәуіріндегі тарихи аңыздарға әкеледі. Бұлардың барлығы да әдебиетімізде дәл осылай жүйеге түспеген, терең таланбаған мәселелер.
Жалпы , түріктер туралы біздің жыл қайыруымызға дейінгі ҮІ ғасырда жазылған Авеста кітабында (Онда “Тұр” елі, “Тұран” – “Тұр елі” деген сөз), Фирдоусидің “Шаһнамасында”, Қытай жылнамаларында да жазылып қалған. Тіпті б.з.д. скифтерді көзімен көрген жалғыз тарихшы Геродоттың “Тарихында” айтылатын искиттер, парсылардың – сақ, масагеті (ма-сақ) – бәрі-бәрі қазақ, түрік тарихының іздері еді. “Геродотты толықтырудың қажеті жоқ, түсініп оқысақ болғаны”, - дегендей, Геродоттағы тайқазан асып, арбаның үстіне киіз үй тігіп, көшіп жүрген аталарымыздың қазақ болып өз алдына дербес мемлекетке бөлінгенге дейінгі тарихында әлі анықтала түсетін жайлар баршылық. Сократ айтқан ғой: “Менің білетінім – түк білмейтінім”, - деп [30,2]. Осы ретте Т.Жұртбаев скифтер туралы мынадай қорытындыға келеді: “Скифтер де, сақтар да, ғұндар да – шығыстан батысқа қарай жыл қайыруымыздан бұрынғы ІІ мыңыншы жылдары қоныс аударған түрік тайпалары, белгілі дәрежеде біздің бойымызда солардың қаны бар деген тұжырымды ұстанамын”, - дейді[49,2]. Сондай-ақ, М.А.Артамоновтың “Хазарлар тарихы”, А.К.Тереножкиннің еңбектерін талдай отырып, кемерліктер тарихымен жалғастырады. Мидиялықтар, Римге дейін барған ғұндар туралы да көңілге қонымды пікірлер айтады.
Тарихқа бет бұрған сайын түрлі-түрлі оқиғалардың бір-бірімен байланысын табу қиындығы тұрады. Ұлттық әдебиетте Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев еңбектерінде аттары жазылған көптеген есімдерді тарихи тұлға ретінде “Дулыға” кітабынан тереңірек танимыз. Бұл салада туындыгер көп ізденіп, еңбектенген. Мысалы, Ишпақай, Мәди, Анақарыс, Идамбарыс, Сыпатай, Сатир, т.б. туралы оқырман танысады.
“Дулығада” ежелгі түрік көсемі Афрасияб туралы қызықты пікірлер сөз етіледі. Өйткені түрік (түркі) тарихында Афрасиябтың дәл қай ғасырда өмір сүргені анықталған жоқ. Түркия әдебиетінің тарихында біздің жыл санауымызға дейінгі ҮІІ ғасырдан – біздің заманымыздың бас кезіне дейінгі аралықта өмір сүрген түрік көсемі деп белгіленген. Оның себебі, Геродотқа сүйенсе керек. ХІІІ ғасырда өмір сүрген, түріктерден шыққан алғашқы зерттеуші ғалым Махмұд Қашқари мәліметі бойынша, Фирдоуси “Шаһнамасында” айтылатын Тоңа Алып Ер – Афрасиябтың өзі. Афрасиябтың ұлының аты – Барысхан, қызы – Қаз. Қаздың екі шаһары: Қаз ойын, Қаз суы – Іленің бойы, Қазақстан жеріндегі қалалар.
Ғалым Махмұд Қашқари Афрасиябтың өмір сүрген уақытын анық көрсетпейді. “Шаһнама” оқиғаларына сүйеніп: “Таһмұрастан үш жүз жыл кейін Мару (Мерв) шаһарын салдырған. Кейбіреулер бүкіл Мәуреннаһрды Түрік елі деп те есептейді. Ол Янкенттен басталады... Қазір бүкіл Түрік елінің шекарасы Абискүн (Каспий) теңізінен айналып, Рүм елі мен Өзкенттен – Шынға дейін созылады”, - дейді (“Түбі бір түрік тілі”).
Афрасияб жөнінде Фирдоусиден де бұрын ІХ ғасырда өмір сүрген Табари: “Фрасияб Фашандж ұлы, оның әкесі – Рүстем, оның әкесі – Түрік”, - деп көрсетеді. Хұсейн ибн Халиф Табризи деген кісі “Түркістан патшасы” деген.
“Шаһнамада” Оғыз қағанның әкесі Қарахан – Афрасиябтың төртінші ұлы. Егер Оғыз қағанды ІХ ғасырдағы Оғыз бірлестігінің көсемі десек, Афрасияб заманына сәйкес келмес еді, ал Мөде дәуіріне апарсақ, Афрасияб пен Оғыз дәуірінің жақын келетінін Қ.Өмірәлиев те жазған еді. Қазіргі ғылымның дамуына сәйкес, бұл пікір де көңілге қона қоймайтыны анықталып келеді.
Қазақ мифтерінің терең қайнарларының бірі болған Авеста кітабында Афрасияб – Франграсйан болып берілген. “Шаһнамадағы” Афрасияб Авеста шыққан заманның өзінде мифке айналып үлгірген бейне. Ендеше, оның өмір сүрген дәуірі Авеста туған, тіпті, зороастризм діні пайда болған (біздің заманымызға дейінгі 15 ғасыр) уақыттан да тым әрі болуы керек. ХІІІ ғасырда жазылған “Заратушт нама” атты кітапта (аударған Х.Розенберг) Заратуштра дін жолымен өз отанынан Иранға барады. “Өз отаны – Ираннан солтүстік шығысындағы өзеннен, одан соң Даитья өзенінен өтеді. Даитья – қазіргі Әмудария мен Сырдарияның бойы.
Тағы бір ретте Авеста мифтерінің оңтүстік Месопотамиядағы шумер мәдениетімен (б.з.д. үш мың жылдықтар) байланысын еске алсақ, оның айғақты белгісі – Авестаның өзінен бұрын туған шумер жыры “Гильгамешпен” түптес-тамырлас екенін Афрасияб мифтерінен де көруге болады. Афрасияб мифтерінде ол өліммен күреседі. Гильгамеш те өзінің жақын досы Энкидуден айырылғаннан кейін өлмеудің жолын іздейтін. Қазақ пен жалпы түрік жұртына ортақ Қорқыт ата өлмеудің жолын өнерден, артына өлмейтін іс қалдырудан тапты. Абай оны өлеңмен түйіндеді. “Гильгамеште” өлмеудің жолы - өмірде бір нақты іс қалдыру” деп түсіндірді. Афрасияб болса, өлім қаупі жақындаған кезде, кісі бойынан неше есе артық болат қорған орнатып, есік-тесігін қалдырмай бекітеді. Алтын, күміс, інжуден ай, күн, жұлдыз орнатады, ішінде сыртқа шықпай, қамсыз өмір сүреді. Бірақ ажал алмай қоймайды. Бір күні бағында серуендеп жүргенде, ағаш тасасында тығылған суық өңді біреуді көреді. Ол Әзірейіл болатын.
Афрасияб мифінің бұл тұстары Афрасиябтың соғыс кезінде жауынан ығыса келіп, үңгірге тығылуын бейнелеуі де мүмкін. (Х.Короглы). Қалай болғанда да Афрасияб Авестадан да ерте заманда болған болса, ол туралы сақ-скифтер білсе, оған Қашқари жазып кеткендей, түрік жұрты жоқтау шығарса, өзі Тұран көсемі болса, Афрасиябтың жиынтық бейне екенін көрсетпей ме?
Ал,Тұрсын Жұртбаевтың: “Тұрдың немересі Афрасиябтың тұсында Иранның жеті мұрагері тақтан ауысқан. Сонда Афрасияб қанша ғасыр жасаған!” – дейді: содан кейін “Афрасияб – Алып Ер Тұңға – жалпы түркі жұртының хандарының жиынтық тұлғасы”, - деген пікірімен тұжырымдайды. Сол сияқты Оғыз қаған да жиынтық бейне деген ойдамыз. Жазушының Афрасиябты “Ишпақай немесе оның немересі – Мәди патша” деген ойын ғылым өз дәлелімен толықтыра берді.
Кітапта қазақ тарихына қай тұрғыдан қатысты екені нақты анықталмай келген Тарғытай, Тұмар, Ширақ, Зарина оқиғалары дәлелді пайымдаулармен ел тарихына сыналай кіріккен. Мөде, Көкбөрі, Елжау бейнелері, басқа да әдебиетіміздің қалтарыс тұстары осы кітап арқылы айқындалады. Бұрынғы ғылыми қолданыста көріне бермейтін Сыма-Цянь мен Бань-Гудың “Жылнама”, “Ханнама” еңбектері тартылған. Көне тарихшылардың еңбектеріне сүйене отырып, скиф-сақтардың қазақ тарихына қаншалықты қатысы бар екенін тереңнен тартып талдайды.
Тұжырымдасақ, “Дулыға” – көне түрік батырлары туралы ежелгі саналарды тірілтіп, қазақтың ежелгі тарихына жазушы көзімен барлау жасауға, оның жазушының әсерлі тілімен оқушыға жеткізуге арналған туынды. Автор өз ойын ешкімнің зердесіне таңып бермейді. Абай айтқандай, “Кім де кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, не оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзі - өзінікі”. “Дулыға” - кеудесінде сәулесі бар әрбір адамның рахаттана, тебірене оқитын, өз халқы үшін мақтаныш сезімін оятатын кітап. Өз халқының рухын көтере алудан артық міндет бола ма? Осы міндетті жазушы Тұрсын Жұртбаев абыроймен алып шыққан. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет