Анықтамалық Экономикалық теория пәні



бет2/2
Дата11.06.2016
өлшемі194.5 Kb.
#128485
1   2

ЖБ = (R/S)*100

  1. Жалпы, орташа, шекті табыс. Жалпы табыс – сатқан өнімнен түскен түсім.

TR = Q*P; TR – жалпы табыс; Q – тауар саны; P – тауар бағасы;

AR = TR/Q; AR – орташа табыс;

MR = dTR / dQ; MR – шекті табыс, dTR – жалпы табыстың өзгеруі, dQ – тауар санының өзгеруі, яғни шекті табыс – бұл қосымша өнімнен алынған қосымша табыс.

  1. Ұлттық есеп (шот) жүйесі (ҰЕЖ) – экономиканың дамуын халық шаруашылығының балансын есептеу үшін ұлттық есеп жүйесі қолданады. ҰЕЖ – сі мемлекеттің негізгі экономикалық көрсеткіштерін бағалау және әр бір елдердің экономикасын өзара салыстыру үшін халықаралық стандарт рөлінде қолданылады. ҰЕЖ – не жататын макроэкономикалық көрсеткіштер: жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ), жалпы ішкі өнім (ЖІӨ), таза ұлттық өнім (ТҰӨ), ұлттық табыс (ҰТ), жеке табыс (ЖТ).

  2. Макроэкономикалық саясаттың мақсаттары мен құралдары. Мақсаттары - өндірістің дамуын ең жоғары деңгейге жеткізу; толық жұмыспен қамту; нарық жағдайында бағаның тұрақтылығын сақтау; импорт пен экспорттың тепе – теңдігі; валюталық курстың тұрақтылығы. Құралдары – фискалдық, ақша несие, табыс саясаттары және сыртқы – экономикалық саясат.

  3. Жиынтық сұраныс (АД) – бұл қоғамдағы үй шаруашылықтар, кәсіпорындар және үкіметтің берілген баға деңгейінде жалпы өндірілген тауарлар мен қызметтерді сатып алу қажеттілігінің графиктегі көрінісі.

  4. Жиынтық сұраныстың бағалық және бағасыз факторлары. Бағалы факторлар АД сызығын өз бойымен жылжуына әкеледі, сөйтіп жиынтық сұраныс көлемін өзгертеді. Бағалы факторларға жататындар: 1) Байлық эффектісі (Пигу эффектісі) – бағаның жалпы дәрежесі өскенде (азйғанда) жиналған қаржылық активтердің нақты құны төмендейді (өседі), АД азаяды (өседі); 2) Пайыз мөлшерінің эффектісі (Кейнс эффектісі) – бағалар өскенде ақшаға сұраныс өседі және пайыз мөлшері өседі, содықтан АД қысқарады. 3) Айырбас курсының эффектісі (Манделл – Флеминга эффектісі) – бағалар төмендегенде, ақшаға сұраныс азаяды, пайыз мөлшері төмендейді, ұлттық валютаның нақты айырбас курсы төмендейді, экспорт өседі, АД өседі. Жиынтық сұраныстың (АД) бағасыз факторларына жататындар: 1) Тұтыну шығындарының өзгеруі (тұтынушылардың табыс деңгейі, олардың келешекте өзгерістерді күтуі, тұтынушылардың қарызы, салықтар); 2) Инвестициялық шығындардың өзгеруі (пайыз мөлшері, инвестициядан пайда күту, кәсіпорындар салықтары, өндірістің күш – қуатының артуы); 3) Мемлекет шығындарының өзгеруі; 4) Экспорт пен импорт шығындарының өзгеруі. Бағасыз факторлар әсерінен АД қисығы орнынан жылжиды (оңға - өсуі; солға - азаюы).

  5. Жиынтық ұсыныс (AS) – бұл бағаның мүмкін болатын деңгейінде қоғамда жалпы ұсынылатын тауарлар мен қызметтер. Жиынтық ұсынысқа (AS) әсерін тигізетін бағасыз факторлар: өндіріс ресурстар бағаларының деңгейі, нарықтың құрылымы, өнімділік, құқық – заңдылық нормалардың өзгеруі. Жиынтық ұсынысқа мерзім аралықтары әсерін тигізеді. 1) Қысқа мерзімде көлденең сызық – кейнсиандық сызық деп аталады. 2) Аралық сызық. 3) Ұзақ мерзімде тік сызық классикалық сызық деп аталады.

  6. Жұмыс күші – бұл қоғамдағы белсенді жұмыс жасындағы халық саны.

  7. Жұмыссыздар және жұмыспен қамтылғандар. Жұмыссыздар – бұл халық шаруашылығында жұмыспен қамтамасыз етілмеген еңбекке қабілеті бар жұмыс күші. Жұмыссыздық деңгейі (%-бен) өлшенеді – бұл жұмыссыздар санының қоғамдағы барлық жұмыс күшіне бөлу арқылы және 100 %-ға көбейту арқылы есептеледі.

  8. Жұмыссыздықтың формалары: 1. Фрикциондық жұмыссыздық – бұл жаңа орынға көшуге, басқа кәсіпке бейімделуге, оқу оқуға, бала бағуға байланысты пайда болатын жұмыссыздық; 2. Құрылымдық жұмыссыздық (немесе технологиялық жұмыссыздық) – халық шаруашылығы құрылымының өзгерісінен, кейбір салалардың жабылуынан, аймақ экономикасының қайта құрылуынан, өндіріс технология өзгерісінен пайда болады; 3. Циклдық жұмыссыздық – ұл экономиканың құлдырауынан пайда болады. Фрикциондық және құрылымдық жұмыссыздықты барлық елдерде кездестіруге болады, олардың көлемі орташа деңгейде болады, сондықтан осы соңғы екі форма жұмыссыздықтың табиғи нормасын анықтайды.

  9. Оукен заңы – жұмыссыздықтың нақты деңгейі табиғи нормасына қарағанда 1 пайызға өсуі нақты ЖҰӨ - нің көлемін 2,5 % төмендеуіне әкеледі.

  10. Инфляция және дефляция. Инфляция – бұл айналымдағы ақша массасының нақты ұсынылған тауар санынан артып кетуі. Бұл жағдай ақшаның сатып алу қабілетінің төмендеуіне және туарлар мен қызметтер бағаларының өсуіне әкеледі. Дефляция – ақша массасын қысқарту үшін айналымнан артық ақша белгілерін алып тастау, яғни баға мен шығындардың жалпы төмендеуі.

  11. Инфляцияның типтері: 1) Ашық инфляция – еркін баға арқылы (сұраныс инфляциясы, шығын инфляциясы, құрылымдық инфляция). 2) Басылыңқы (жасырын) – баға мемлекеттің бақылауында болады; 3) Болжамданған инфляция (күткен, күтпеген инфляция). 4) Бағаның өсу қарқынына байланысты: баяу, қарқынды, ұшқыр инфляция.

  12. Жұмыссыздық пен инфляцияның байланысыФиллипстің қисығы: жоғары жұмыссыздық жағдайында инфляция төмен болады, керісінше, жұмыссыздықтың азаюы жиынтық жұмыссыздықты арттырады, бағаның өсуіне әкеледі.

  13. Экономикалық өрлеу – бұл ұлттық өнімнің сан жағынан өсуімен қатар, сапа жағынан жетілдірілуі.

  14. Экономикалық өсудің типтері: 1) Интенсивті тип – техника мен технологияның жетілдірілуі арқылы ұлттық өнімнің өсуі; 2) Экстенсивті тип – қосымша өндіріс факторларын тарту арқылы ұлттық өнімнің өсуі; 3) Аралас тип – факторлардың өсуімен қатар техника мен технологияның жетілдірілуі арқылы ұлттық өнімің өсуі.

  15. Экономикалық өсудің өлшемі – нақты ЖҰӨ - нің өсу қарқынымен өлшенеді, яғни ағымдағы жылдың ЖҰӨ - ні бөлінеді базистік жылдың ЖҰӨ - не және бір адамға шаққандағы ЖҰӨ - мен есептеледі.

  16. Экономикалық цикл – бұл екі дағдарыс арасындағы мерзім және ол осы кезеңде төрт фазаға ауысып отырады.

  17. Экономикалық циклдің фазалары: дағдарыс, тоқырау, жандану, өсу.

  18. Дағдарыс фазасында: артық өндіріс себебінен өндірістің көлемі қысқарады, банктер, кәсіпорындар банкротқа ұшырайды, жалақы төмендейді, жұмыссыздық өседі, құнды қағаздар нарығы құлдырайды, акция курсы төмендейді, ақшаға сұраныс өседі.

  19. Тоқырау фазасында: өндірістің құлдырауы мен бағалардың төмендеуі тоқтайды, жұмыссыздық жоғары деңгейде болады, ақшаға сұраныс төмендейді, пайыз мөлшері (ставкасы) төмендейді, сөйтіп өндірістің салаларын дамытуға жағдай жасалады.

  20. Жандану фазасында: дағдарыстан аман қалған кәсіпорындар негізгі капиталдарын жаңартып, өндірісті ұлғайтуға кіріседі, өндірілген тауарлар көлемі мен сапасы жағынан өндіріс дағдарыс алдындағы дәрежеге жетеді, инвестициялар өседі, бағалар көтеріледі, себебі сұраныс өседі, жұмыссыздықтың деңгейі қысқара бастайды, ақшаға сұраныс өседі, пайыз мөлшері де өседі.

  21. Өрлеу фазасында: өндірістің көлемі дағдарыс алдындағы дәрежеден артады, жұмыссыздық деңгейі маңызды түрде қысқарады, тауарлар бағасы өседі, несие капиталының ұсынысы өседі, несиеге сұраныс өседі. Сөйтіп шаруашылық жаңа дағдарысқа қарай қадам басады.

  22. Циклдарға әсерін тигізетін факторлар: сыртқы және ішкі. Сыртқы факторлар – экономикалық жүйеге тәуелсіз факторлар: халық санының өзгеруі, соғыстар, жаңа жерлерді игеру, жаңа кен орнынын ашу, ҒТП, күннің көзінде құрғақшылыққа әкелетін таңбалардың пайда болуы, т.б. Ішкі факторлар – экономикалық жүйемен байланысты факторлар: капиталдың физикалық қызмет атқару мерзімі, тұтынуда, өндіріс көлемінде, жұмыспен қамтуда, инвестицияларда, мемлекеттің экономикалық саясатында болатын өзгерістер.

  23. Экономикалық циклдің типтері (циклдардың ұзақтылығына байланысты) – 1) Дж.Китчиннің қысқа толқындары (2-4 жыл). Алтынның әлемдік қорының тербелісі ЖҰӨ - нің, инфляцияның, жұмыспен қамту жағдайының тербелісіне әкеледі. 2) К.Жуглярдың «орташа толқындары» (10 жыл). Ақша айналысындағы өзгерістер, несиелік жүйенің мәселелері ЖҰӨ - нің тербелісіне, жұмыссыздыққа, инфляцияға әкеледі. 3) С.Кузнецтің циклдары (18-25 жыл). Циклдардың себептері күрделі құрылыспен байланысты. 4) Н.Кондратьевтің «ұзын толқындары» (40-60 жыл). Өндірістегі технологиялық базаның радикалды өзгеруі мен оның құрылымының қайта құрылуымен байланысты. 5) Форрестің циклдары (200 жыл). Энергия қуаты мен материалдарға байланысты. 6) Тоффлердің циклдары (1000-2000 жыл). Өркениеттің (цивилизацияның) дамуымен, олардың жоғалуымен немесе жаңа сатымен байланысты.

  24. Дағдарысқа қарсы мемлекеттің саясаты:

Құралдар

Тоқырау фазасында

Өрлеу фазасында

1. Ақша – несие саясаты

Пайыз мөлшерін төмендету, мемлекеттің өз құнды қағаздарын ашық нарықта қайта сатып алуы.

Пайыз мөлшерін өсіру, құнды қағаздарды мемлекеттің ашық нарықта сатуы.

2. Фискалдық саясат.

Бюджеттен қосымша шығындар жұмсау, салық ставкаларын төмендету.

Бюджет шығындарын қысқарту, салық ставкаларын өсіру.

3. Жалақы мен тарифтер саясаты


Жалақыны өсіру

Жалақыны төмендету

4.Мемлекеттің инвестиялар саясаты

Инвестициялық бағдармалардың жылдамдықпен орындалуы, мемлкеттік қолдау жасау

Мемлекеттік құрылысты және инвестицияларды тоқтату

Мақсат:

Шаруашылық белсенділігін ынталандыру

Шаруашылық белсенділігін тоқтату



  1. Ақша жүйесі – бұл жалпы мемлекеттік заңдармен реттелген елдегі ақша айналысын ұйымдастыру.

  2. Ақша жүйесінің элементтері: 1.Ақша; 2.Баға масштабы; 3.Ақша түрлері; 4.Эмиссиялық жүйе; 5.Ақша жүйесінің институттары.

  3. Ақша массасы – бұл шаруашылығындағы тауарлар мен қызметер айналымын қамтамасыз ететін сатып алу мен төлемдер жиынтығы, яғни елде осы кезеңде айналатын төлем құралдарының жиынтығы немесе ұсынылған ақша саны.

  4. Ақша айналымының жылдамдығы – ақша бірлігінің белгілі бір мерзімдегі айналыс саны, себебі тауар айналымына қызмет ету үшін белгілі бір мерзімде ақша бір қолдан екінші қолға көшіп отырады және нақты тауар айналымын қамтамасыз етуге қажетті ақша санына сай болуы қажет. Аа = СР/А , мұнда: СР – тауар бағасының сомасы, А – бір өлшемдегі ақша бірлігі айналымының саны, Аа – айналымдағы ақша саны.

  5. Ақша агрегаттары. Ақша ұсынысын сипаттау үшін ақша агрегаттары қолданылады, яғни бұл өтімді активтердің әртүрлі топтары: М1, М2, М3 және т.б.

Агрегат М1 – ге кіретіндер: монеталар, қағаз ақшалар, ағымдағы шоттағы ақшалар.

Агрегат М2=М1+ жинақ және мерзімдік салымдағы ақшалар.

Агрегат М2=М1+ арнайы мекемелердегі және ерекше жинақ қорлар (зейнетақы қоры, т.б.)

Агрегат L құнды қағаздар топтары.

Агрегат Х – шетелдік валюта және т.б.

  1. Ақша (банк) мультипликаторы деп – бірінші айналымдағы ақша массасы көлемінің банктің жаңа ақшаларымен ұлғаюын айтады. m = (1/r)*100, мұнда m – мультипликатор; r – міндетті резерв қорларының өсуі. Міндетті резервтер - әр коммерциялық банк салымдардың бір бөлігін міндетті түрде (сақтау қоры ретінде) Ұлттық банкте ұстауы қажет.

  2. Несие – бұл төмендегі принциптер бойынша қарызға берілген тауарлар мен ақшалар: 1) Несиені қайтару принципі; 2) Мерзімдік принцип; 3) Төлем принципі; 4) Несиені материалдық қамтамасыз ету (кепілдік). 5) Несиені әртүрлі қарыз алушыға дифференциалды түрде бөлу; 6) Несие мақсатты бағытқа бөлу;

  3. Несиенің формалары: 1) Несие беру тәсілі бойынша: тауарлар және ақшалай несие. 2) Мерзім бойынша: қысқа мерзімдік (1 жылға дейін); орта мерзімдік (2-5 жылға дейін); ұзақ мерзімдік (6-30 жылға дейін); 3) Несие кеңістігі бойынша: коммерциялық, мемлекеттік, тұтыну, банктік, халықаралық.

  4. Несиелік жүйенің элементтері: 1) Орталық банк. 2) Банктік жүйе (коммерциялық, жинақ, инвестициялық, ипотекалық, т.б. банктер). 3) Сақтандыру ұйымдары. 4) Мамандандырылған банктік емес несие қаржылық институттар (инвестициялық компаниялар, қаржылық компаниялар, қайырымдылық қорлар).

  5. Ұлттық (орталық) банктің функциялары: бұл мемлекеттер және коммерциялық банктермен белгілі бір келісім әрекет жүргізетін заңды тұлға. Оның міндеттері мен қызметтері: 1) Мемлекеттің ақша – несие жүйесін басқару; 2) Ұлттық валютаның сыртқы және ішкі тұрақтылығын сақтау; 3) Ақша мен құнды қағазадар эмиссиясын жүргізу (эмиссия – ақша шығару); 4) Екінші деңгейдегі банктерге несие беру; 5) Мемлекеттің алтын – валюта қорын сақтау; 6) Коммерциялық банктердің міндетті резерв қорын сақтау; 7) Мемлекеттің ішкі және сыртқы қарызын өтеу және т.б.

  6. Коммерциялық банктердің қызметтері: 1) Салымдар жинап, несие беру; 2) Есеп айырысу операциялары және есеп – шот жүргізу; 3) Валюта менқұнды қағаздар операцияларын жүргізу, т.б.

  7. Коммерциялық банктердің активті және пассивті операциялары. Активті операциялар – ақша ресурстарын орналастыру (несие беру, құнды қағаздарды сатып алу). Пассивті операциялар – ақша ресурстарын өзіне тарту (депозитке салымдар жинау, құнды қағаздарды сату).

  8. Ақша – несие саясатының мақсаттары: өндіріс көлемін өсіру, толық жұмыспен қамту, инфляцияны төмендету.

  9. Ақша – несие саясатының құралдары: 1) Ашық нарықта операциялар жүргізу, яғни айналымдағы ақша массасын қысқарту үшін нарықта Ұлттық банк мемлекеттің құнды қағаздарын сатып қолдағы басы бос ақшаларды жинап алады, сөйтіп инфляцияны төмендетеді. Керісінше, ақша ресурстарын айналымда молайту үшін ұлттық банк мемлекеттің құнды қағаздарын өзіне қайта сатып алады; 2) Резервтік норманы өзгерту – Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктердің міндетті резерв нормасын бір мезгілде өзгерту арқылы әрбір банктің резерв көлеміне тікелей әсер ете алады; 3) Есептік ставканы өзгерту – коммерциялық банктер Ұлттық банктен несие алғанда ақша көлемін реттеу мақсатымен, бірінші деңгейдегі банк несиенің ставкасын жиі өзгертіп отырады (пайыз мөлшерін көтерсе – ақшаға сұраныс азаяды, керісінше төмендетсе – ақшаға сұраныс өседі де, айналымда ақша массасы молаяды).

  10. Ақша реформалары (ақша айналымын тұрақтандыру): 1) Нуллификация – бұл мемлекеттің құнсызданған қағаз ақшаны жарамсыз, деп айналымнан шығарылуы туралы жарлығы; 2) Девальвация – бұл шетел валютасына қатысты ұлттық валюта курсын төмендету; 3) Ревальвация – бұл ұлттық валюта курсын шетел валютасына қарай көтеру; 4) Деноминация – ескі ақша белгілерін ірілендіру арқылы жаңа ақшаға айырбастау.

  11. Қаржылар – бұл белгілі бір қоғамның ақша ресурстары, олар экономиканың дамуына және ұдайы өндіріс процессін қамтамасыз етуге бағытталады.

  12. Қаржы жүйесіне кіретіндер: 1) Мемлекеттік қаржы (мемлекеттік бюджет, банктік және мемлекеттік несие, экономиканы тұрақтандыру, зейнетақы жұмыссыздық, әлеуметтік сақтандыру, министрлік және валюталық қорлар); 2) Шаруашылық жүйесінің қаржылары (мемлекеттік және мемлекеттік емес компания, концерн, холдинг, акционерлік қоғам, бірлестіктер); 3) Кәсіпорын қаржылары; 4) Тұрғындардың қаржылары (банктерде сақталған салымдар, зейнетақы қордағы қаржылар);

  13. Қаржы қызметтері: бөлу, реттеу, ынталандыру, бақылау.

  14. Қаржы жүйесінің субъектілері: 1) мемлекет және оның институттары; 2) компаниялар, кәсіпорындар; 3) Үй шарушалығы. Сонымен, қаржы – бұл қоғамдағы ақша құралдар қорларын қалыптастыру мен пайдаланудағы жалпы экономикалық қатынастар жиынтығы. Бұл қатынастар жоғарыда көрсетілген субъектілер арасында қалыптасады.

  15. Мемлекеттік бюджет – мемлекеттің негізгі қаржылық жоспары. Ол мемлекет шығыны мен табыстарының балансы (тепе - теңдігі). Табыстар көзі – салықтар түсімі мен мақсатты қорларға түсімдер. Шығындар бағытталды - әлеуметтік шығындар (денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, т.б.); мемлекетті басқару; құқық қорғау органдарына; қорғаныс; сыртқы экономикалық қызмет; мемлекеттік қарызды өтеуге.

  16. Бюджет тапшылығы – табыстар шығыннан кем болғанда пайда болады. Бюджет тапшылығын қысқарту үшін мемлекет: 1) Қаржыландырудан несие беруге көшеді; 2) Мемлекеттік заемдар (халықтың банктегі салымының, сақтандыру қорларының белгіленген бөлігін мемлекет қарызға алады – бұл мемлекеттің ішкі қарызын құрайды); 3) Салық салу жүйесін қатайтады; 4) Мемлекетті басқару шығындарын қысқартады.

  17. Бюджет профициті – табыстар шығыннан артып кеткенде пайда болдаы.

  18. Мемлекеттік қарыз – бұл өткен жылдардағы жалпы жиналған бюджет тапшылығының сомасы. Ол бөлінеді: ішкі қарызға және ішкі қарызға.

  19. Мемлекеттік бюджеттен төлемдер: 1) Ассигнования – кәсіпорындар мен міндеттерін атқаруға берілген ақша қаражаттары; 2) Субсидиялар – мемлекеттің ақшалай көмегімен бір түрі; 3) Субвенция – мемлекеттің белгілі бір мақсаттың орындалуына бағыттаған ақша қаражаты; 4) Дотация – зиянды шығындарды жабуға арналған төлемдер.

  20. Фискалдық саясат (Фиск – шетел сөзінен «мемлекет қазынасы» деген мағына) – бұл салық – бюджеттік саясат. Экономиканы реттеу мақсатымен бұл мемлекеттің бюджетті табыспен толтыру және шығындарды дұрыс бағытқа қою жолдары. Фискалдық саясат 2 типте қолданылады: дискрециялық (активті) және дискрециялық емес (автоматты немесе пассивті).

  21. Дискреционды саясат (активті) – бұл ұлттық өндірістің және жұмыспен қамтудың нақты көлемін өзгерту, инфляцияны бақылау және экономикалық өсуді тездету үшін мемлекет саналы түрде бюджетпен (салықтар және үкіметтің шығындармен) айла – шаралар (мемлекеттің сатып алуын көбейту немесе азайту, ірі қаржылар бағдарламасын жүргізу, әлеуметтік төлемдер мен салықтар арқылы) жүргізеді.

  22. Дискреционды емес саясат (автоматты) – бұл жанама тұрақтандырғыштар арқылы жүзеге асады. Жанама тұрақтандырғыштар – автоматты түрде қосылатын нормалар, бұл рөлді прогрессивті салықтар атқарады. ЖҰӨ - нің өсуіне орай өрлеу кезеңінде салық түсімі автоматты түрде молаяды да, ол өсуді тежейді. Керісінше, ЖҰӨ құлдырау кезеңінде азайса, салық түсімі автоматты түрде кемиді және бұл азаю экономикалық құлдырау тежейді.

  23. Салық элементтері: 1) Салық субъектісі – салықты кім төлейді? 2) Салық объектісі – салық есебі неге жүргізіледі? 3) Салықтың көзі – салық неден төленеді? 4) Салық ставкасы – салық мөлшері. 5) Салық жеңілдіктері.

  24. Салық салу принциптері: 1) Салықты жалпы алу принципі – табыс табатын барлық убъектілерден алыну; 2) Тұрақтылығы – белгілі бір мерзімде салық түрлері мен мөлшері тұрақты болуы; 3) Салық – міндетті төлем; 4) Салықтың міндеттілігі тең болуы – барлық салық төлеушілердің төлейтін мөлшері өзара біркелкі және айқын ашық болуы қажет;

  25. Салық қызметтері: 1) Фискалды немесе жұмылдыру; 2) Бөлу; 3) Реттеу; 4) Ынталандыру; 5) Бақылау қызметтері;

  26. Салық түрлері: 1) Салықты алу тұрғысынан – а) Тікелей салықтар – олар кәсіпорындар мен тұрғындардан тікелей алынады (мүлік, көлік, табыс, жер, құнды қағаздар операциясынан алынатын салықтар); б) Жанама салықтар – бұл салықтарды мемлекет тікелей емес баға арқылы айналдыра отырып алады (кеден – баж, акциз, қосымша құн салығы); 2) Салық өсімі – арқылы: а) Прогрессивті табыстың өсуіне қарай салық мөлшері өседі; б) Пропорционалды – табыс өссе де, салық тұрақты түрде қалады (қосымша құн салығы 15). в) Регрессивті – табыс өскен сайын салық мөлшері төмендейд;. 3) Бюджет деңгейіне байланысты: а) Жалпы мемлекеттік салықтар – мемлекеттік бюджетке түсетін салықтар (табыс, қосымша құн, акциз, құнды қағаздар операциясынан, арнайы қазба төлемдері мен жер байлығын пайдаланғандағы салықтар); б) Жергілікті салықтар – жергілікті бюджетке түсетін салықтар (мүлік, көлік, құрал – жабдық салығы, кәсіпкерлерді тіркеуден алынатын, белгілі бір қызмет түріне құқық беруден, аукционнан, т.б. алымдар).

  27. Тұтыну мен қорлану. Жиынтық сұраныс пен жиынтық ұсыныс – жиынтық тұтыну мағынасымен байланысты. Тұтыну (С) – бұл тұтынушылардың сатып алған тауарлар мен қызметтерінің жиынтығы. Тұтынудың көзі – орнықталған табыс (салық төленгеннен қалған табыс). Тұтынудың көрінісі – ол жиынтық шығындардың сомасы. Қорлану (S) қалған табыстың бір бөлігі – ол қорланудың көрінісі, яғни тұтынуға жатпайтын бөлік. Тұтынудың жалпы көлемі табыстың жалпы көлеміне тәуелді болады.

  28. Тұтыну мен қорланудың орташа бейімділігі. 1) Тұтынудың орта бейімділігі: АРС = тұтыну (С)/ табыс (Y), немесе: APC= C/Y. 2) Қорланудың орта бейімділігі APS = қорлану (S) / табыс (Y), немесе: S/Y. 3) Бірақ та, тұтыну сомасы мен қорлану сомасының қосындысы табысқа тең болады, яғни тұтыну + қорлану = табыс, сонда APC + APS = 1.

  29. Тұтыну мен қорланудың шекті бейімділігі. 1) Тұтынудың шекті бейімділігі (МРС) – бұл тұтыну өзгерісі және оның өзгерісінен мүмкін болатын табыс өзгерісінің ара қатынасы: MPC = dC/dY . 2) Қорланудың шекті беімділігі (MPS), яғни MPS = dS/dY, сонда: MPC + MPS = 1.

  30. Халықаралық экономикалық қатынастардың формалары: 1) Халықаралық сауда; 2) Халықаралық несие; 3) Өндірістік факторлардың (еңбек, капитал) халықаралық ауысуы; 4) Халықаралық ғылыми – техникалық байланыстар; 5) Экономикалық интеграция;

  31. Халықаралық сауда - әр түрлі мемлекеттердің ұлттық шаруашылықтар арасында тауар мен қызмет айырбасы. Халықаралық сауданың негізгі халықаралық еңбек бөлінісінде. Халықаралық еңбек бөлінісі (еңбек мамандандырылуы) жеке елдердің тауар өндіруге қалыптасқан дұрыс жағдайларымен түсіндіріледі, яғни төрт фактордың әсерімен: 1) Әлеуметтік жағрапиялық (елдің орналасуы, халықтың саны, олардың тәжірибесі, білімі, әдет ғұрпы); 2) Табиғи экономикалық; 3) Техникалық экономикалық; 4) Ғылыми – техникалық прогресс;

  32. Абсолюттік және салыстырмалы артықшылық теориясы – бұл теориялар халықаралық сауданың тиімділігін бағалау үшін қолданады. Абсолюттік артықшылық теориясы – басқа мемлекетпен салыстырғанда климаттық, жағрапиялық, техникалық жағдайлар жоғары деңгейде болуымен өндіріс шығындар кем болады. Салыстырмалы артықшылық теориясы (А.Смит, Д.Рикардо) – мамандандырылған өндіріс пен сауданы басқа мемлекетпен салыстырғанда альтернативтік шығындар аз болуы қажет. Сонда жалпы өнім көлемі де жоғары деңгейде болады.

  33. Төлем және сауда балансы. Мемлекеттің сыртқы экономикалық байланыстарын сипаттауға төлем балансы қолданылады. Төлем балансына: сыртқы саудадан, тасымал құралдары төлемінен, шетелге капитал шығарудан, шетел туризмінен және валюта – несиелік операциялардан т.б. түскен табыстар кіреді. Дәл осындай баптар төлем балансының шығын бөлімінде де көрсетіледі. Төлем балансы көрсеткіштері сол елдің белгілі бір кездегі экономикалық жағдайы туралы мәлімет береді. Егер төлем балансында теріс сальдо (айырмашылық) болса, онда сол ел дүниежүзілік нарықта сенімсіздікке ұшырайды, мұның өзі ұлттық валютаның басқа елдердің валютасымен салыстырғанда төмендеуіне әкеліп соғады.

  34. Протекционизм – бұл жергілікті таар өндірушілерді шетелдік бәсекелестерден қорғау саясаты (импортты шектеу – квота қою, баж салығын салу, т.б.).

  35. Фритредерство (ерікті) – еркін сауда саясатты, яғни ішкі нарыққа шетел капиталы ментауар, қызметтер енгізу.

  36. Дүниежүзілік қаржы – несие ірі мекемелер. 1) Халықаралық валюта қоры (ХВҚ). 2) Дүниежүзілік банк, оған бірнеше халықаралық институттар енеді. Олар: халықаралық даму және реконструкциялау банкі, Халыөқаралық даму ассоциациялары, «Лондон клубы», «Париж клубы және т.б.

  37. Капиталдың халықаралық ауысуы – сыртқа (экспортқа) шығарылатын капитал екі түрге бөлінеді: кәсіпкерлік және несие капиталына. Кәсіпкерлік капитал өз кезеңінде екі жолмен ауысады: тікелей инвестиция (шетелде тікелей өнеркәсіпке, саудаға салынады) және портфельдік инвестиция (шетелдік облигация, акцияға бағытталады) арқылы.

  38. Еңбек ресурстарының халықаралық ауысуы (миграция). Жұмыс күшінің сырттан келуі – эмиграция және кетуі – имиграция деп аталады. Оның пайда болуы себебі: өмір сүру деңгейі және даму қарқыны төмен елдерден қосымша жұмыс күшін қажет ететін интенсивті дамыған елдерге ауысып отыруы арқылы.

  39. Еркін экономикалық зона (ЕЭЗ) – бұл кейбір аймақтарға, аудандарға экономикалық - әлеуметтік, ғылыми – техникалық дамуын және сыртқы экономикалық байланыстар ұйымдастыруды өздері шешуге берілген еркіндік (арнайы кеден және сауда тәртібі, тауарлар, еңбек ресурстары, капитал мен пайданың ауысуы, салық жеңілдіктері, инвестицияны қолдану шаралары). Оның мақсаттары: әлемдік тәжірибе алу, аймақты, сыртқы байланыстарды дамыту, жаңалықтар енгізу. ЕЭЗ – ның түрлері: еркін кедендік, еркін сауда, өндіріс экспорты, ғылыми – техникалық (технопарк, технополис) зоналар және ашық аудандар мен қалалар.

  40. Халықаралық несие – бұл мемлекеттердің бір – біріне ақша немесе тауар ресурстарын қарызға беруі. Бұл жағдайда қарыз беруші мен қарыз алушы рөлінде жеке фирмалар, компаниялар, мемлекеттің Үкіметі, аймақ, облыс, қала әкімшіліктері мен халықаралық мекемелер.

  41. Экономикалық интеграция – бұл Ұлттық шаруашылықтың жақындасуы мен өзара тығыз байланысуы негізінде мемлекетаралық экономикалық бірлестіктердің құрылуы.

  42. Валюта және оның типтері. Ақша сыртқы экономикалық байланыстарға қатысқанда – ол валюта деп аталады. Валюта түрлері: Ұлттық және шетелдік валюта болады. Валютаның типтері: 1) Конверсияланатын, яғни еркін айналатын валюта; 2)Жартылай конверсияланатын, яғни валюталық шектеулері бар елдер валютасы; 3) Конверсияланбайтын, яғни елдер арасында айырбасқа тыйым салынатын валюталар.

  43. Валюталық курстың түрлері. Валюталық курс – бір елдің ақша бірлігінің басқа елдер ақша бірліктерімен бейнеленген бағасы. Түрлері: 1) Тұрақты валюталық курс – бұл мемлекеттің Ұлттық валюта курсын басқа елдер валютасына қатысты қатаң түрде бірқалыпта ұстауы; 2) Еркін өзгеріп отыратын өзгермелі курс – бұл нарықта сұраныс пен ұсынысқа қарай жүретін айырбас курсы; 3) Реттеліп отыратын өзгермелі курс – бұл сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеретін, бірақта сонымен қатар, мемлекеттің мақсатты бағыты мен реттелінетін курс.

  44. Халықаралық валюталық жүйелер. Валюта қатынастары тарихында үш валюта жүйесі белгілі: 1) Алтын стандартты жүйе (1879-1934 ж.) – валюталық курс тұрақты түрде алтынның үлесімен өлешенген. 2) Бреттон – Вуд жүйесі (1944-1971 ж. алтын – доллар стандарты) доллар мен оның үлесіндегі алтынның ресми бағасына қатысты 3) 1971 жылдан бастап дүниежүзілік ақша міндетін алтын емес, ұлттық валюта мен біріккен валюта атқара бастады да бұл жүйе - еркін өзгеріп отыратын валюталық курс жүйесі деп аталды, яғни валюталық курс мемлекет әсерін тигізіп отыратын сұраныс пен ұсынысқа қарай өзгеріп отырады.

  45. Валюталық курсты реттеу үшін 4 негізгі тәсіл қолданылады:

    • Валюталық интервенция - валюталық нарыққа мемлекеттің араласуы. Валюталық сұраныспен ұсынысты қажетті бағытқа өзгерту үшін мемлекет осы валютаның қажетті санын сатады немесе сатып алады.

    • Валюталық бақылау жүргізу, яғни егер елде шетелдік валютаның көлемі кемісе, оған сұраныс өссе, оның өсуін баяулату үшін валютаның легін ішкі нарықта қайта бөлуге кіріседі.

    • Сыртқы сауданы бақылау арқылы валюталық сұраныс пен ұсынысқа жанама түрде мемлекет ықпалын жүргізеді.

    • Ішкі макроэкономикалық реттеудің әртүрлі шаралары бойынша валютаның айырбас пропорциясына мемлекет әсерін тигізеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет