Ақпамбетова, К. М



Дата09.06.2016
өлшемі107.38 Kb.
#125038
Ақпамбетова, К. М.

Қарасор көлі алабы өзендерінің экологиялық-геоморфологиялық мәселелері [Текст] / К. М. Ақпамбетова, Г. Б. Әбиева // Қарағанды ун-тiнiң хабаршысы. Биология.Медицина.География сер.= Вестник КарГУ. Сер.биология... . - 2009. - №3 . - С. 82-86 б.

В статье рассматриваются эколого-геоморфологические проблемы малых рек бассейна озера Карасор, их современное состояние и развитие. Определены основные факторы загрязнения, составлена эколого-геоморфологическая карта бассейна.

This article deals with ecological geomorphological problems of small rivers of pool lake Karasor: the modern condition and development. The main factors of polution are determined. The ecological geomorphological map of small rivers of pool lake Karasor is made up.

Еліміздің барлық өзендері антропогендік əсерге қатты ұшыраған, əсіресе олардың режимі мен экожүйесі адамның шаруашылық əрекеті нəтижесінде қайтымсыз өзгеріске ұшыраған. Өзен табиғаттың маңызды бөлігі ретінде территорияның экологиялық жағдайының көрсеткіші болып табылады, ол əсіресе су жинау алабының шағын болуына байланысты кіші өзендерде айқын көрініс табады. Кіші өзендер үлкен өзендердің су тасымалы бола тұрса да, аса қорғалмайды. Үлкен жəне орта өзендермен салыстырсақ, олардың практикалық қолдануына аз көңіл бөлінеді. Бірақ республика территориясындағы барлық өзен ағынының жиынтығы (60,4 млрд. м3) осы өзендер үлесінде.

Орталық Қазақстанның өзендері мен бұлақтарының 1800-ге жуығының ұзындығы 10 шақырымнан кем, 365 өзен 10-нан 100 ш-ға дейін, ал 11 өзеннің ұзындығы 100 ш-нан асады. Өзендердің барлығы қар суымен қоректенетін Қазақстанның кəдімгі жазық өңір өзендеріне жатады [1].

Сарыарқа тауларынан басталатын көптеген кішігірім өзендердің кейбіреулері ішкі тұйық көлдердің (Теңіз, Қарасор) жəне Ертіс алаптарына жатады.

Зерттеліп отырған аймақ — Қарасор көлі Қарағанды облысының солтүстік-шығысында тау жоталарымен қоршалған үлкен тұйық қазаншұңқыр түрінде орналасқан. Оның түбіндегі ойпаңда көптеген көлдер орналасқан. Олардың ішіндегі ең ірісі — ойыстың солтүстігін алып жатқан Қарасор көлі.

Алаптың су жинау ауданы шамамен 15000 шаршы құрайды, оған жақын маңдағы тау бөктерлерінен көптеген кіші өзендер келіп құяды. Солтүстігіндегі (Кемер, Есенаман, Қарасу) жəне оңтүстіктегі өзеннің бірі (Талды), ұзындығы 15–60 шақырымға дейін, ал қалғандары (Қарқаралы жəне т.б.) ұсақ көлдерде аяқталады немесе жазыққа жайылып кетеді.

Талды жəне Қарқаралы өзендері туралы мəліметтер төмендегі кестеде берілген [2].




Талды өзені Өзен жəне Сарыбұлақ салаларымен бірге Қарасор ойысындағы өзендердің ең үлкені болып табылады. Ол Көшубай тауларында шамамен 1000–1100 м биіктіктегі солтүстік-шығыс беткейінен бірнеше жылғалардан басталады. Өзен меридиан бағытта оңтүстіктен солтүстікке қарай ағады да, Балықтыкөл тұзды көлінің солтүстігінде күрт батысқа бұрылып, Қарасор көлінің шығысына келіп құяды. Өзен жоғарғы бөлігінде жəне ортаңғы бөлігінің жартысында тау өзені сипатында, ал, төменгі бөлігінде жазықты болып табылады. Көктемгі су тасқынында өзен кең аңғармен жайылады жəне судың жартысы Балықтыкөл көліне ағып кетеді. Талды өзені аңғарында 3 терраса: жайылма, бірінші жайылма үсті жəне екінші жайылма үсті террасалары байқалады. Жайылма тегіс таралған.

Оның ені 40–60 м, ұзындығы өзендегі судың кемері үстінде 0,3–0,5 м. Ол əр түрлі пішіндегі құм жəне малта тастан құралған. Бірінші жайылма үсті террасасы да тегіс таралған. Оның ені 0,4–1 шақырым, жайылма үстінен 1,5–2 м көтерілген. Терраса жарқабақты кертпешті жəне сазды құмнан түзілген.

Бірінші жайылма үсті террасадан екіншісіне өтуі барлық жерде байқалмайды. Əдетте ол терраса жарқабағы маңында шағын арна тəріздес ойпауыттан байқалады. Екінші жайылма үсті террасаның ені 1–1,5 шақырым. Аңғардың бойлық қимасы анық көрінеді, сондықтан оның ені əр түрлі, 0,3–0,5- тен 2–3 шақырымға дейін кезектесіп өзгеріп отырады. Жер беті ағыны күзге дейін сақталады. Қыста орта жəне жоғарғы бөлігінде өзеннің суы түбіне дейін қатады.

Талды өзенінің суы барлық ұзындығында тұщы, Балықтыкөлден Қарасорға өтетін ағынында тұздылау. Қызылтау бекетіндегі створда су минералдануы көктемде 0,2 г/л, ал жазда 1,0 г/л дейін. Су қаттылығы 1,4–7,4 мг дейін өзгеріп отырады [2].

Қарқаралы өзені теңіз деңгейінен шамамен 1000 м биіктіктегі Қарқаралы гранитті массивінің шығыс беткейінен басталады. Ол Қарқаралы қаласының солтүстік-шығысындағы екі бұлақтың (жылға) қосылуынан түзіледі. Өзен барлық ұзындығында жазық жермен, ені 2–3 шақырымнан аспайтын тар, сазды арнамен ағып отырады. Өзен жағалауы жарлауытты, су тереңдігі 2 м дейін жетеді. Алғашында өзен солтүстік бағытта ағып отырып, сосын батысқа бұрылады да Дат көліне құяды, ал ол көктемгі тасқын кезінде Қарасор көлімен қосылып кетеді. Өзеннің жоғары ағысында алқабы, оның салалары сияқты, жіңішке тік беткейлі болып келеді, жазыққа шыққаннан кейін күрт кеңейеді. Негізінен атмосфералық жауын-шашынмен жəне грунт суларымен қоректенеді.

Зерттеліп отырған территорияда, геоморфологиялық мəліметтер бойынша, бағытты ағынмен тілімденген беткейлік ұсақ шоқылар кездеседі. Олар Талды өзенінің аңғар беткейлерінде таралған.

Гипсометриялық беткейлік ұсақ шоқылар күмбезді жазық бөліктерімен бір деңгейде немесе одан бірнеше метр төмен орналасады. Шоқының салыстырмалы биіктігі 25–100 м аралығында ауытқып отырады [3].

Беткейлік ұсақ шоқының қалыптасуы жоғарғы олигоценде өзеннің тілімдеуі нəтижесінде күмбезді жазықтың аумағында жатқан аңғарлардың тілімденуімен қабаттасып жүрген.

Ежелгі аңғарлар Қарағанды облысындағы байырғы жер бедеріне сипатты болып келеді. Олар жоғарғы олигоцендік жаста болады жəне қазіргі гидрографиялық жүйенің дамуының алғашқы кезеңін бейнелейді. Олар жылжи отырып Нұра, Шерубай-Нұра, Сарысу, Жамшы, Тоқырау, Талды жəне тағы басқа ірі өзен аңғарларын бойлай өтеді. Сонымен қатар қазіргі жер бедеріндегі тұрақты ағын суы жоқ ойпауыттар болып табылатын ежелгі аңғарлар да кездеседі. Олардың ішіндегі ең ірі ежелгі аңғар Түндік өзенінен ендік бағытқа қарай, шығысында Балықтыкөл жəне Қарасор көлдері арқылы Жарлы өзенін кесіп өтіп жəне Матақ өзені аңғарымен Нұра өзеніне дейін 120 шақырымға созылып жатыр. Осы бағыттағы екінші ежелгі аңғар Шерубай-Нұра өзенінің ендік тармағы болып табылады. Ол алғашында Қарағанды алабының оңтүстік шеті арқылы батыс бағытта, сонан соң Еспе жəне Есен өзендері аңғарымен Нұра өзеніне дейін созылған. Қарағанды облысының өзен аңғарларына эпигопотикалық жер бөліктері сипатты болып келеді. Олардың пайда болуы өзеннің тілімдеуі нəтижесінде аңғардың айтарлықтай (едəуір) биіктікке көтерілуімен байланысты.

Төрттік кезеңде (дəлірек айтсақ, жоғарғы плейстоценнің бірінші жартысында) гидрографиялық тордың соңғы қайта құруы жүрді. Осы уақытта бірнеше өзен аңғарлары (Қарасор-Жарлы-Матақ жəне Шерубай-Нұра-Еспе-Есен) жойыла бастады да, олардың орнына жоғары көтеріңкі жерлердің ортасынан тарайтын субмеридиандық бағыттағы өзендер қалыптасты.

Өзен аңғарының морфологиясы жергілікті жердің физикалық-географиялық, геологиялық құрылысына байланысты дамыған. Жүргізілген зерттеу мəліметтеріне қарағанда, өзенде су мол болған. Себебі өзен террасалары бір-бірінен алыс орналасқан, терраса кертпеші шамамен 185 см [4].

Кезінде көмілген аңғардың аумағы қазіргі кезеңмен салыстырғанда суы мол, өзен торлары жиі ауқымды қамтыған. Кейін физикалық-географиялық жағдайлардың өзгеруіне байланысты өзеннің суы тартылып, аллювий шөгінділері азайып, аңғардың аумағы едəуір кішірейген (М.Жандаев, 1994).

Қазіргі кезде Қарасор көлі алабы орналасқан Орталық Қазақстанның жер бедері механикалық жəне химиялық мүжілу, дефляциялық үрдіс секілді факторлар əсерінен үнемі өзгеріп отырады.

Көмір, темір-марганец кен орындарын игеру кезінде кеңінен орын алған Орталық Қазақстанның антропогенді жер бедерін геоморфологиялық тұрғыда зерттеу осы аймаққа тəн жер бедерінің əр түрлі түрлері мен пішіндерін анықтады. Сонымен бірге антропогенді үрдістер аңғарлар тораптарын да қамтыды.

Пайдаланған сулардың шаюы нəтижесінде «өзен аңғарлары» түзіледі. Мұндай аңғарлардың арналары ирелеңді, беткейлері тік (25–30 °), əр түрлі борпылдақ жыныстардан құралған; беткейдің биіктігі 4–5 м.

Қарасор алабы территориясында дамыған жəне адамның шаруашылық іс-əрекетімен белсендірілген жер бедерін түзуші үрдістерді екі топқа бөлуге болады.

Бірінші топ — аймақтық. Бұған денудация, аккумуляция, эрозиялық, беткейлік тұздану, үгілу, гравитациялық үрдістер жатады.

Екінші топ — жергілікті жерлік. Оны эолды үрдістер, жел эрозиясы, жыра түзуші, су басу жəне батпақтану сияқты үрдістер құрайды. Олардың кейбірі, мысалы, эолды, гравитациялық, жел эрозиясы, жергілікті жерде де, аймақтық деңгейде де кездеседі [5].

Зерттеліп отырған аймақта аккумуляция үрдістері əсерінен аңғарлық жазықтар қалыптасқан.

Олар — солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатқан Нұра, Шерубай-Нұра, Соқыр жəне Топар өзендерінің аңғарлары. Қазіргі кездегі үлкен аңғарлар өзінің кең, жалпақ жерлерінде ескі, созылған депрессияның бағытымен орналасқан.

Талды жəне Жамшы өзендері аңғарындағы осы аттас жер бөліктеріндегі су тартқысындағы грунт суларының химиялық жəне бактериялық ластану қауіпі сақталған. Бірінші жағдайда Қарағайлы руднигін ауыз су жəне техникалық сулармен қамтамасыз етуге арналған Талды су тартқысының белдеуіндегі санитарлық қорғау зонасына осы жерде тұрғызылған мұнай сақтау қоймасы жəне Қарағанды-Қарағайлы темір жол белдеуі жатады.

Көп жылдық табиғат пайдаланудың нəтижесі қазіргі уақытта ешқандай адам қолымен жасалған орман саябақтары, мəдени шаруашылық алқаптары, ешқандай сиреп бара жатқан табиғи өсімдік жамылғылары бөгет жасай алмайтын өзгеріске ұшыраған орманнан, тартылуға айналған кіші өзендер мен бұлақтардан, жиілеп кеткен құрғақшылық пен күрт суытудан көрініс тапқан. Кіші өзендер өзінің табиғи əлсіздігіне орай адамның шаруашылық əрекетін — орманның кесілуі, жердің жыртылуы, құрғату, суаруын ең алдымен сезінеді, олардың өздігінен тазару бейімділігі нашар, тез ластанады [6].

Нақты мысал ретінде қарастырып отырған Қарасор көлі алабының кіші өзендерінің ластану деңгейін суреттен байқауға болады. Зерттеліп отырған өзендердің басты ластаушы көздері: органикалық заттар, азықтықтар, ауылшаруашылық өнімдер, тұрмыстық қалдықтар жəне де автокөліктен шығатын шаң-тозаң мен мұнай өнімдері.





Тұрмыстық қалдықтармен ластануының себептері:

− өзен мен тұрғын үйлердің арақашықтығының жақын болуы;

− тұрмыстық қалдықтарды төгетін арнайы жəшіктердің болмауынан тұрғындардың қалдықтарды өзен маңына төгуі;

− өзеннің санитарлық-гигиеналық жолағының болмауы.

Тұрмыстық қалдықтар топырақ жамылғысын бұзып жер асты жəне жер үсті суларымен, ауаны ластау арқылы денсаулыққа əсер етеді. Мал шаруашылығында түзілген өлі органикалық заттар топырақтан суға түсіп, олардың көп массасы улы əсері болмаса да, су экожүйесінде едəуір əсер етеді.

Органикалық заттары бар ағызынды суда биогенді элементтер, əсіресе азот пен фосфор көп болады, олардың əсерінен суда фитопланктон жаппай көбейіп дами бастайды, əсіресе көк жасыл, қоңыр балдырлар тез көбейеді.

Кіші өзендердің өзен арнасы лас заттарға толып, соның нəтижесінде бірнеше жерде өзен суы тұрып қалады. Су аңғарының ластану деңгейі өнеркəсіп зонасының көлемінен емес, қолданылатын технологиялық үрдістердің қолдану ерекшелігіне байланысты. Кіші өзендердің сумен қоректенуінің жылдық балансында жер асты сулары орташа 30 %-ды құрайды. Осы сулар кіші өзендерге ағады.

Нəтижесінде минерализацияның əр түрлі деңгейінде (0,4–12,4 г/л) жер асты суларының нитратпен (8 дейін) ластануы жəне олардың жоғары қышқылдылығы байқалады. Олардың химиялық құрамына сəйкес, ластаушы заттардың өте көп болуы, жер асты сулары деңгейінің жоғарыда жатуы топыраққа да елеулі əсерін тигізеді [7].

Өзенді қорғау шаралары қарастырылмағандықтан, оның ластануы əр түрлі себептермен сипатталады. Мысалы, өзен бойында автокөлік жəне т.б. нəрселерді жуу барысында өзенге əр түрлі шаң-тозаңдар түседі. Жергілікті халық оны түсінгенмен, қалада автокөлік жуатын арнайы кешендердің болмауынан, оларды өзен бойында жууға мəжбүр болады. Автокөліктер тек шаң-тозаңмен ластап қоймай, мұнай өнімдерімен де ластайды. Қала ішінде автокөлік бөлшектері өзен бойының барлық жерінде кездеседі.

Қазақстан Республикасының Су кодексіне сəйкес жер беті суларының қолайлы су режимін ұстау мақсатында оларды ұйылудан, топырақтың су эрозиясынан, су жануарлары мен құстары өмір сүру жағдайының нашарлауынан сақтау мақсатында ағынның ауытқуын азайту үшін су қорғау зонасы мен белдеуі белгіленеді. Су қорғау зонасына өзен, көл, бөген акваториясына жəне судың ластануы, тартылуынан қорғау мақсатында пайдаланатын ерекше жағдайды іске асыратын суарғыш-суландыратын жүйелеріне жақын жатқан жəне олардың экологиялық тұрақтылығын жəне қажетті санитарлық жағдайын ұстап тұратын территория жатады. Сондықтан кіші өзен жағалауындағы су қорғау аймағы ерекше мəнге ие болады. Олардың негізгі қызметі ағып келген ластанған суларды табиғи тазалануы үшін жағдайлар жасау, яғни олардың су объектісіне келіп құйғанға дейін жер беті суларын ұстап қалып, оларды жер асты ағыстарына ауыстыру. Сол уақытта эрозия нəтижесіндегі бұзылулар азаяды. Бұл судың табиғи сапасын сақтауға жəне қайта қалпына келтіруге ықпал жасайды жəне белгілі шамада су режимін жақсартады.

Қарасор көлі алабы өзендерінің ластануын саралай келе, өзенді ластаушы негізгі көздерге, біріншіден, үй-жай шаруашылығының ағындыларын жатқызамыз. Олар тұрмыста химиялық заттарды пайдаланудан түсетін жəне күнделікті тұрмыстық қалдықтар болып саналады. Бұл ағындыларда ауру қоздырушы микробтар мен вирустар да болуы мүмкін.

Екіншіден, ауыл шаруашылығын химияландыру. Себебі зерттеліп отырған территорияда ауыл шаруашылығының объектілері орналасқан. Ауыл шаруашылығын минералды тыңайтқыштармен дақылдарды арам шөптерден жəне зиянкестерден қорғаудың химиялық тəсілдерін қолдану барысында қоршаған ортаға пестицидтер көп төгіледі. Пестицидтер алғашқыда топырақта шоғырланып, кейіннен жер асты немесе жер үсті суы қабаттарына сіңеді.

Үшіншіден, өзен суының ластануының бірден-бір көзі мал шаруашылығының ағындылары.

Себебі өзен маңындағы ауылдарда мал фермалары, қыстақтары орналасқан. Қорыта келе, су ресурстарына тапшы Орталық Қазақстандағы кіші өзендер тұрмыстық қалдықтармен ластану, сонымен бірге өзен жағалауының топырағының шайылуы, осы өзен экожүйесінің бұзылуымен сипатталады. Сондықтан жоғарыда көрсетілген экологиялық жағымсыз жағдайлармен күресу үшін өзенді дереу қорғауға алып, тазартуға арналған шаралар өткізу үшін:

− кіші өзен арналары бойын жəне өзен аңғарына жалғасып жатқан жыраларды ормандандыру;

− кіші өзендерге тазартылмаған ақаба сулардың төгілуін шектеу;

− кіші су қоймалары мен тоғанның жаңа торын жасау жəне ескісін қайта қалпына келтіру;

− өзен жəне жыралар жағалауындағы қалдықтарды жою;



− кіші өзен алабындағы улы химикаттар мен тыңайтқыштардың қолдану мерзімі мен технологиясына, жайылмаға мал жаюына бақылау жасау қажет.













Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет