АҚпараттық ЖҮйелер бойынша мамандарды білім мен ғылымның Қара шаңырағында дайындаудың кейбір ерекшеліктері



Дата01.06.2016
өлшемі83.28 Kb.
#106586
Б.Д.СЫДЫҚОВ,

педагогика ғылымдарының докторы, доцент,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дің «Оқытудың ақпараттық жүйелері»

кафедрасының меңгерушісі


АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕР БОЙЫНША МАМАНДАРДЫ - БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМНЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫНДА ДАЙЫНДАУДЫҢ КЕЙБІР ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Бүгінгі Қазақ елі жаңа дәуірде, яғни, ақпараттық технологиялардың қарқынды дамыған кезеңінде өмір сүріп отыр. Мемлекетіміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел іргесін бекемдеп алу мен халықтың күн көрісін қамтамасыз етуді ойласа. Бүгінгі таңда дамыған отыз елдің қатарына қосылуға талпынып отыр. Әрине, оған Қазақстанның қауқары жеткілікті. Бұл тұрғыда аға буын ұрпақ көптеген игі бастамаларды қолға алып, абыроймен атқарып келеді. Ал, кейінгі буын жастар осы үрдістің ертеңгі жалғастырушысы ретінде сақадай-сай тұруы керек.

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда жер жаңа» деп дана халқымыз тектен текке айтпаса керек. Баяғыдай сай сағалап, өзен жағалап мал бағып, айранын ұрттап, қойын құрттап оқу-тоқусыз көшіп-қонып жүре беретін заман келмеске кеткелі қашан. Қазіргі қоғам техниканың заманы. Жаһандану заманы. Бұрынғы қоғамның халқы ұл-қыздарын ат құлағында ойнауға машықтандырса, бүгінгі қоғамның ата-анасы ұрпақтарының техника тілін жетік білуін қалайды. Техника дамыған сайын қоғам, қоғам дамыған сайын техника дамиды.

Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз  қолжетімді және сапалы білім беруді дамыту бағытын дәйекті жүргізудеміз және әлемдік деңгейдегі зияткерлік мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер желісін дамытудамыз»-деп атап көрсете отырып. Соңғы 12 жылда  жоғары білім алуға берілетін гранттар санының 182%-ға ұлғайғандығын айтты. Ал, Қазақстан-2050 Стратегиясы -  тым құбылмалы тарихи жағдайдағы жаңа Қазақстан үшін жаңа саяси бағыттарды белгілеп берді. Атап айтқанда, төртінші бағыты, яғни «білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары» негізінен бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін сауаттылығы жоғары елге айналуымыз қажеттігін айқындайды. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғандығын, азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиістігін атап көрсетеді.

Сондай-ақ, мұнда мемлекеттің атқарып жатқан жұмыстарының білім беру саласындағы басымдықтарына назар аударылған. Атап айтқанда, жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмай, қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет. Ал, академиялық автономия кепілдігін алған жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс. Сонымен қатар оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамыту керек деп нақты тұжырымдалады.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы - білім беру жүйесінде қашықтан оқытуды және онлайн режімінде оқытуды қоса, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізудің және ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу,  сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейтіп, кәсіпкерлікке бағдарланған оқу бағдарламаларын, білім беру курстары мен институттарын құрудың қажеттігін атап көрсетті. Инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатын басшылыққа алуды ұсынды.

Ақпараттық технологиялардың қарқынды алға басуына байланысты елімізде адам еңбегін жеңілдетуге арналған барлық қолданбалы практикалық қызмет салаларында қазіргі заманға сай ЭЕМ-дер іске қосылған. Қазіргі таңдағы есептеу жүйелерінің қуаттылығын өткен ғасырдағы орташа және үлкен қуатты есептеу жүйелерімен салыстыруға болады. Өндірісте, офистерде, білім беру мекемелерінде әбден жетілдірілген технологиялық және бағдарламалық жабдықтармен қамтамасыздан-дырылған ЭЕМ-дер адамдардың күнделікті жұмысына үлкен көмек көрсетуде. Іс-тәжірибеде көрсетілгендей өндіріске ЭЕМ-дердің сауатты, ойланып және жан-жақты енгізілуі өзінің тиімді әсерін тигізуде, әсіресе біркелкі жұмыста үлкен үлесі бар. Мұндай жұмыс тез, дәл және аз шығындармен орындалады. Компьютер тез арада еңбек өнімділігін сапалы жаңа деңгейге көтерді және адамдар аз уақыттың ішінде өздерінің жұмысын ЭЕМ-сыз істей алмайтынына көздерін жеткізді.

Елбасымыз Қазақстан халқына жолдауында елімізді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл күйлеріне байланысты дей келе, Елбасымыз жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға жауап беруі тиіс екендігін атап көрсетті. Сондықтан жоғары оқу орнында сапалы білім беру арқылы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жоғары карқынмен дамуын камтамасыз етуге қабілетті мамандырды дайындауға болады. Ал бұл мемлекеттік кадр саясатындағы басты мақсат болып табылады.

М. Әуезов «адам мен адамды, халық пен халықты теңестіретін – білім» деді емес пе. Әрине, білім – халықтың қазынасы. Қазыналы елдің қашан да болашағы нұрлы болмақ. Ел ертеңі үшін жастардың жоғары деңгейде білім алуына мемлекет тарапынан жасалынып жатқан мүмкіндіктер аз емес. Білім беру сапасын әлемдік деңгейге жеткізу үшін ұмтылыстар үздіксіз жасалып келеді. Әртүрлі кәсіби бағдарламаларға негізделген жаңа типтегі оқу орындары мен оқыту әдістемелерінің пайда болуы да осы ұмтылыс пен ізденістің жемісі.

Қазіргі заман талабына сай білім беру – бұл қоғам мүшелерінің адамгершілік, интелектуалдылық, мәдени дамуының жоғары деңгейлік және кәсіби біліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған тәрбие беру мен оқытудың үздіксіз үрдісі екендігі белгілі.

Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Білім - ғылым - инновация» бірлігін қамтамасыз етуді ұсынып отырғаны бекер емес. Бүкіл оқу үдерісінде осы үш саланы бір-бірімен тығыз ұштастырғанда ғана еңбегіміз нәтижелі болмақ.

Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясы мен Үкіметтің Қазақстанда білім беруді дамытудың кезең-кезеңге арналған бағдарламаларының мақсаты да ортақ. Ол Қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік стандарттарға сәйкестендіру, отандық дипломды барлық елдерге мойындату. Біз осы үрдістен кейін қалмау үшін білім беру саласын жаңаша ұйымдастыруға ат салысып келеміз. 2011 жылдың ақпан айында университетіміз МС ИСО 9001:2008 сапа саласындағы халықаралық стандарттарының талаптарына сапа менеджменті жүйесінің жыл сайынғы сәйкестігін табысты растады. Сапа менеджменті жүйесін қайта сертификаттау өткізіліп, білім беру бағдарламасының салалары кеңейтілді.

Қазақстан Болон процесіне қосылып, еуропалық білім беру кеңістігіне енді. Біз ТМД аумағында алғашқы болып маман дайындаудың үш деңгейлі сатысына – бакалавр – магистр – PhD фолософия докторы үлгісіне көштік. Бұл мәселенің шешілгені жастарымызға әлемдік стандарттарға сай білім алу мүмкіндігін ашты, тек отанында ғана емес, президенттік «Болашақ» бағдарламасымен жеке ерігі бойынша әлемнің ең үздік жоғары оқу орындарында оқу мүмкіндігін алды. Халық санына шаққандағы студенттерінің саны жағынан Қазақстан әлем бойынша Германия, Жапония немесе Ұлыбритания сияқты дамыған елдерден озып, тек бірнеше мемлекеттен – АҚШ, Ресей; Финляндиядан ғана қалыс келеді.

Өзінің құрылымы мен сандық көрсеткіштері бойынша біздің білім беру жүйеміз әлемдегі жетекші орындардың бірінде. Алайда, әлі де шешімін толық таба қоймаған проблемалардың қатарында оқу сапасын көтеру сияқты мәселелер бар. Осы мәселенің шешімін Білім беруді дамыту жөніндегі 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның басты міндеті деуге болады. Соңғы онжылдықтар ішінде әлемде орын алған түрлі экономикалық дағдарыстар көрсеткендей шикізатқа тәуелді экономика тым осал келеді, дағдарыс жағдайында тұрақсыз болатын әлемдік бағаларға қатты тәуелді. Осы тәуелділіктен құтылу керек, сол себепті мемлекетіміздің басшысы жаңа технологияларға негізделген қайта өңдеу салаларын күшейтіп, жаңа өндірістер құруға бағытталған Үдемелі индустриялдық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның ұйытқысы болды. Әрине, мұндай келелі міндеттерді орындау үшін жаңа, жоғары деңгейдегі жалпы әлемдік тұрғыдан бәсекеге қабылетті бола алатын мықты да білікті мамандар керек. Сол себепті білім беру саласында барлық деңгейдегі мамандарды дайындау ісінде өте жоғары сапаға қол жеткізуіміз қажет.

Мемлекеттік бағдарлама басты үш басымдыққа негізделген: білім берудің жаңа сапасы, педагогтің жаңа мәртебесі және білім берудің жаңа әдістері.

Мәселен, болашақ ұстаздарды даярлайтын жоғары оқу орындарының бірі –Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті. Онда ХХІ ғасырдағы ақпараттанған қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін ауыз толтырып айтарлықтай игі бастама жүзеге асырылуда.

Бүгінде ректор С.Ж.Пірәлиев басқарып отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті әлемнің 98 университетімен белсенді түрде ынтымақтаса қызмет атқаруда және өзара ынтымақтастықты дамыту мен күшейтуге арналған іс-шараларды жүзеге асыруда. Германияның жоғары оқу орныдарымен жоғары кәсіби деңгейлі ұлттық кадрлар даярлау және студенттер мен магистранттарды өзара тиімді алмасу ісін жолға қою үшін екі жақты ынтымақтастыққа қол қойылған. Бүгінде Фрайбург, Лансуд, Оснабрюк қолданбалы ғылымдар университеттерімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Жыл сайын бірнеше келісім –шартқа қол қойылуда.

Оқу орны әлемдік рейтингтік ұйымдарға ену үшін жүйелі түрде жұмыс атқаруда. Атап айтқанда: Шанхай ұйымы, «Web Metrics» Рейтингі, «QS world university» Рейтингі, «Times Higher Raurings NEACT» (Тайвань ғылыми зерттеу белсендігінің рейтингі) ұйымдарына мүше болып отырмыз.

2007 жылдан бері Халықаралық университеттер ассоциациясына (JAU), Еуропалық халықаралық білім беру ассоциациясына (EAJE), Еуропаның университеттері ассоциациясы Психологиялық дамуының Еуропалық қоғамына, инновацияны пайдалану жөніндегі дүниежүзілік университеттер желісіне, саяси зерттеулер бойынша Еуропалық Консорциумға мүше болып отыр.

Бүгінде қос дипломды бағдарлама бойынша белсенді жұмыс атқарып келеміз. Бұл бағдарлама бойынша кәсіптік мамандықтар үшін Братиславадағы Я.Каменский Университетімен, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетімен, Литвадағы Миколас Ромерис атындағы университетпен, Украинаның М.Драгоманов атындағы педагогикалық университетімен, Ресей Жоғары кәсіптік білімнің федералды мемлекеттік Білім беру мекемесі «Сібір федералдық университетімен», Франциядағы Тулуз университетімен, Испанияның Сантьяго де Компостел университетімен келісім-шартқа қол қойылды. Бұл шарт бойынша біздің студенттеріміз сол оқу орындарында бірнеше ай оқып, солардың да, біздің де дипломдарымызды алып шығады.

Анығырақ атап өтер болсақ, университет құрамындағы «Математика, физика және информатика институтында» білім беру саласында компьютерлік техниканы қолдана білу, интернет жүйесін меңгеру, компьютерлік желімен жұмыс істеу, компьютерлік бағдарлама құру, электронды және телекоммуникациялық құралдарды пайдалану сияқты іскерліктерді игеру мүмкіндігін беретін, заман талабына сай он түрлі мамандықты жан-жақтылы оқыту қолға алынған. М.Бекпатшаев басқарып отырған бұл институт ішінен ашылған «Оқытудың ақпараттық жүйелері» кафедрасының да алға қойған мақсаты біреу-ақ. Ол – заман талабына сай мамандарды тәрбиелеп шығу.

Қазіргі жаһандану заманында сұранысқа ие мамандықтардың бірі – ақпараттық жүйелер мамандығы. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша мамандарды дайындайтын «Оқытудың ақпараттық жүйелері» кафедрасы жұмыс істейді. Оқытудың ақпараттық жүйелері кафедрасы 2005 жылы құрылып, қазіргі таңда 5В070300-Ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша білікті мамандар әзірлейді.

5В070300-Ақпараттық жүйелер мамандығы бойынша техника және технология баклавры кәсіби қызметтің келесі түрлерін: банк жүйесінде, электронды кітапханаларда, телекоммуникация саласында, білім беру жүйесінде, банк, салық жүйесінде, бизнес саласында, электронды үкемет салаларында программист, жүйелік программист қызметтерін атқара алады.

Адам өмірінің ең маңызды кезеңінің бірі – мамандық таңдау. Әр пенденің кәсібіне сай нәсібі болатыны белгілі. Кез келген бір адамның таңдаған мамандығы тағдырына түбегейлі өзгеріс әкелуі мүмкін. Ендеше, нәсібім мол болсын дейтін әрбір жас талапкер, компьютер жабдықтарының тілін толық меңгеріп шығуға мүмкіндік беретін «Ақпараттық жүйелер» мамандығын таңдау арқылы, келешекте заман талабына сай сұраныстағы маманның бірі болары хақ.

Бұрынғының батыры бес қаруы мен білегіне сүйенсе, бүгінгінің батыры техникасы мен жігеріне сенеді.




  1. «Қазақстан-2050» стратегиясы;

  2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 11 қараша, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол».





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет