Араб тілінің практикалық курсында проблемалық ОҚыту технологиясын пайдаланудың тиімді жолдары



жүктеу 56.16 Kb.
Дата27.06.2016
өлшемі56.16 Kb.
Камишева Гүлнұр Аббасқызы
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті
АРАБ ТІЛІНІҢ ПРАКТИКАЛЫҚ КУРСЫНДА ПРОБЛЕМАЛЫҚ ОҚЫТУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ПАЙДАЛАНУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ
Проблемалық оқыту теориясының негізін қалаушылар оқудағы ойлану қызметі тек жаңа білімді меңгеріп қана қоймай, сол мақсатқа жетудің жаңа тәсілдерін де үйрену деп есептейді. А.М.Матюшкиннің анықтамасы бойынша, «Оқытудағы ойланудың негізгі қызметі оның жаңа білім алып, жаңаша әрекет етуге мүмкіндік беретіндігінде. Адам өміріндегі барлық білім жүйесі мен іс-әрекеті оның ойлау қабілетінің нәтижесі. Адамның білімі оның ойлануының көрінісі, яғни негізгі танымдық құралы» [1, 91].

М.И.Махмутов:«Оқушы өзі білмейтін нәрсемен танысқанда, оны түсінуге тырысқанда пайда болатын қайшылықтардан шығу жолын іздегенде ғана білім мен білім алу әрекеті арасында өзара тығыз байланыс болады. Өйткені ол жаңа білімді игеру барысында ізденіс жасап, әрекет етеді»[2,106],- деп көрсетеді. Мұндай жағдайдан шығу білімді меңгерудің жолын қарастыру кезінде туындаған проблеманы шешу үшін ойлану қабілетін дамытқанда ғана іске асады. Демек, проблемалық оқыту ғана білім алушылардың шығармашылық ойлауын дамытады деген сөз. Оқу процесін қызығушылықпен, ізденімпаздықпен бастағанда ғана жұмыс нәтижелі болмақ. Енді осы аталған технологияны араб тілінің бастауыш курсын оқытқанда қалай тиімді пайдалануға болады?

Бастауыш курс дегенде біз шетел тілінде әрі қарай қарым-қатынас жасай алатын білім негізі қаланатын араб тілін оқытудың алғашқы кезеңін айтамыз. Бастапқы кезең ең бірінші сабақтан басталып, араб тілінің негізін меңгеретін 350-380 аудиторялық сағатты қамтитын уақыт аралығы. Бұл кезде студенттер жазылым машығын, яғни араб графикасы мен орфографиясын үйреніп, араб тіліндегі мәтінді түсініп оқып, өз ойларын сол тілде сөйлеу арқылы жеткізіп, меңгерген лексика-грамматикалық материалдар негізінде тыңдалым, айтылым әрекеттерін орындай алады.

Әдістемелік тұрғыдан алғанда бастауыш курс өте қиын әрі маңызды болып саналады. Өйткені осы кезеңнің нәтижесі оқытудың басқа кезеңдеріне тікелей әсер етеді. Білімнің, дағды мен машықтың негізі қаланады. Шетел тілінің бастауыш курсы туралы И.Л.Бим: «Жаңа пәнді оқуға деген қызығушылық, бірнәрсені тану мотиві осы кезеңнен басталады. Оқудың бірінші жылында білім бұрын алынбаған жаңа, тың болғандықтан, ұмыту заңдылығы болмайды. Ол бұрынғы меңгерілген материалмен қайшылыққа түспейді, яғни оған дидактикалық факторлар жақсы әсер етеді» [3,127],-дейді.

Бастапқы кезеңдегі сөйлеу әрекетін дамытатын фонетикалық, лексикалық, грамматикалық негіздерді қалауда кездесетін қиыншылықтарды жеңіп, бұл кездегі тиімді дидактикалық факторларды барынша пайдалану қажет.

Араб тілі негіздерін меңгерген студент фонетика, грамматика саласында мынадай материалдарды білуі тиіс:



а) фонетика саласында:

- араб дыбыстарын дұрыс айта білу;

- қысқа және ұзақ дауысты дыбыстарды дұрыс қолдана алу;

- оқытушы мен басқа студенттер оқыған мәтіндерден араб тілінің күрделі дыбыстарын ажырата алу;

- диктант жаза білу.

б) грамматика саласында:

- ﺍﻝ артиклін дұрыс қолдана білу;

- белгілі бір грамматикалық ережелерге сүйеніп, таныс емес, харакатсыз сөздерді оқи алу;

- оқытылған грамматикалық материалдар негізінде сөздіктің көмегінсіз оқу, түсіну, аудару;

- өтілген грамматикалық материалдар негізінде қазақшадан арабшаға, арабшадан қазақшаға сөйлемдер аудару;

- оқылған мәтіннің мағыналық аяқталған бөлігін таба білу;

- араб етістіктерін өткен, осы-келер шақтарда жіктеу;

- етістіктің түрлі райларын жіктей білу;

- негізгі және ырықсыз етіс есімшелерін жасай алу;

- есімдер мен етістіктер, септеуліктерге қосылып жазылатын есімдіктерді дұрыс жалғай білу.

Араб тілінің бастауыш курсын оқытуда дыбыстарды дұрыс айтқызу үшін төмендегідей принциптерге сүйенген жөн:

1.Интуиция мен түсінудің бірлігі. Дыбысталуы қиын, студенттің ана тілінде кездеспейтін дыбыстарды шығаруға сол қиындықтарды жеңу үшін оқытушы тарапынан көп көмек керек. Мысалы ол студенттерге араб тіліндегі ﺡ [ х] дыбысының артикуляциясының сипаттамасын беруі қажет.

2.Араб тілінде дыбыстау жаттығуларын интенсивті орындаудың нәтижесінде есту-дыбыстау дағдысы қалыптасады.

3.Көп тілді студенттер контингентіне араб тілінің дыбысталу дағдысын меңгерту процесінде әрбір студентке оның қабылдау деңгейіне қарай жекеше қарым-қатынас жасау қажет.

Сонымен, студенттің араб тілінде дыбыстау,сөйлеу мәнері жақсы қалыптасып, дамуы үшін ол үлгілі дыбысталуды көп тыңдауы керек. Бірақ сөйлеу әрекетін меңгерудің басқа да (жазылым, оқылым, айтылым ) жолдары қалыс қалмауын қатаң есте ұстанған жөн.

Оқытудың бастапқы кезеңінде сөйлеу әрекетінің маңызды түрі жазылымға (жазу) басты назар аударған жөн. Жазылымды дұрыс меңгермеген жағдайда оқу, сөйлеу, тыңдау да жақсы болмайды, яғни араб жазуы- сөйлеу әрекетінің басқа түрлерін игерудің базасы болып табылады.

Бастапқы кезеңде оқытуда жазу әрекеті мынадай кезеңдерден тұрады:


  1. әріптермен танысу;

2) әріптерді жазуға жаттығу (сабақта, үйде өз бетінше);

  1. араб әріптерінің жазылуындағы төрт көріністерін меңгеру;

  2. сөйлемдер жазу;

Осы дағдыларды игеру үшін оқытушы студенттерге дайын жазылған үлгіні ұсынбай, олардың өз бетінше ойланып, көріп, меңгеруі үшін проблемалық оқыту технологиясының әдістері бойынша төмендегідей тапсырмалар беруге болады:

1)Оқытушы әрбір әріптің екі жақтан қосылып жазылу әдісін нақтылы іс-әрекет арқылы көрсетеді .

2)Студенттерге бірнеше әріптерден ұқсас элементтер табу тапсырылады, талдау жасалады.

3)Ұқсастықтары табылған соң студенттер сол әріптерді жазады.

4)Студенттер бір-бірінің жазуларын тексеріп, қателерін анықтайды.

Мысалыға осы жұмыстарды ج, ح, خ әріптерін немесе ﻻ,ﻟﻚ ,ﻟﻜﻝ лигатураларын жазғанда пайдалануға болады. Жазудың мынадай түрлерімен лексиканы бақылауға болады: араб тіліндегі сөздердің ана тіліндегі мағынасын анықтап, олардың жеке келгендегі түрлері: ﻫﺬﺍ, ﻏﺮﻔﺔ немесе сол сөздердің септеулікпен келген формаларын - ﻔﻲﺍﻟﻐﺮﻔﺔ , ﻋﻟﻰ ﺍﻟﻄﺎﻮﻠﺔ. Жазып, мағыналық айырмашылықтарын ажырату.

Араб тілін үйретудің бастапқы курсында сөйлеу тілі маңызды орын алады. Оны жақсы меңгеру үшін белгілі бір лексикалық қор жинағаннан кейін мазмұндама немесе шығарма жазғызудың маңызы зор. Студенттердің алғашқы кезеңде өз ойларын, оқыған мәтіндерін үйреніп жатқан тілде жеткізуге жетелеу олардың өз бетінше әрекеттенуіне мүмкіндік жасайды. Бұл қазіргі заманғы дидактиканың негізгі тенденцияларының бірі. «Мазмұндама жазу- студенттердің өзіндік жұмысының деңгейін көтеріп, шығармашылқ ізденісін арттырады» ,- дейді Г.Ф.Демиденко[4, 52].

Қазіргі заманда кәсіби тұрғыдан жан-жақты дайындалған мамандарды шығаратын қоғамдық статусқа ие болған жоғарғы білім беру жүйесіне жаңа сапа беру қажеттілігі туып отыр. Оқытушы студентке білім берумен қатар оның бойында ізденуге, талпынуға, тануға, жұмыс істеуге, басқа адамдармен араласып, өмір сүруге деген қабілеттіліктерді де қалыптастырады. Сондықтан отандық жоғары мектептердегі жаңару процестері педагогтарға пәнді оқыту курстарының жаңа модельдерін құруда, оқулықтар мен оқу құралдарын таңдауда үлкен мүмкіндік беріп отыр. Қазақстан педагогтары ХХІ ғасырдың талаптарына сай келетін, жаңа методологиялық негізге сүйенген білім беру жүйесін ұйымдастыру мен дамыту жолында көп еңбек етуде. Оның ең бастысы-жас ұрпақ бойында күнделікті өмірде осы заманғы проблемаларды шынайы әрі тез шешуге мүмкіндігі бар білім, дағды, тәжірибе, құзіреттілік, біліктілік қалыптастыру.

Мұндай жағдайда мәселені оң шешу үшін педагогикалық процеске қатысушылардың барлығының, әсіресе, оқытушының белсенділігін арттыруда әдістемелік негізді дұрыс қалыптастырған жөн. Өйткені қазіргі ұсынылып отырған көптеген әдістемелік нұсқаулар мен жүйелердің ішінен оқытушы шынайы педагогикалық әрі нақты жағдайларға негізделген шетел тілін оқытудың әдістемелік жүйесін таңдап алуы керек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Матюшкин А.М. Прблемные ситуации в мышлении и обучении / М.: Педагогика, 1972 г.

2. Махмутов М.И. Теория и практика проблемного обучения

Казань, 1972 г.

3. Бим И.Л. Обучение письменной речи на начальном этапе // Иностранные языки в высшей школе .-1999.- №2



4. Демиденко Г.Ф. Обучение письменной речи на начальном этапе языкового вуза на основе образцов текста // Ин. язык в высшей школе.-1977.- №12


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет