Қарашаңырақта қос студия ашылды



Дата27.06.2016
өлшемі46.5 Kb.
#161595
*бәрекелдi!

Қарашаңырақта қос студия ашылды

Нұрболат АМАНЖОЛ

Киелi қарашаңырақ ҚазҰУ-дың Журналистика факультетi студенттерi мен ұстаздары биылғы жаңа оқу жылы маусымын ерекше ықыласпен күттi. Көптiң көкейiнде техникамен толығып, жабдықтармен жаңарып, салтанатты түрде ашылуы тиiс Теле және радиостудия кешенiнiң жай-күйi қалай боп жатыр екен деген сауал жүрген-дi. Кеше, мiне, «еңбектiң жемiсi» – аталмыш кешендердiң салтанатты ашылу рәсiмi өттi.

Рас, журфак телевизиясы лабораториясының тарихы сонау жетпiсiншi жалдардан басталады. Десек те, ол шақ ғылыми-техникалық прогресстiң ендi екпiн ала бастаған шағы, техникаға қол жеткiзудiң өзi аса қиын соғатын. Лабораторияның гүлденген екiншi кезеңi – 1996 жыл. Бұл жылы ЮНЕСКО-ның қолдауымен факультетте радиостудия iске қосылып, студенттiк хабарлар Қазақ радиосы арқылы таралып, студенттердiң «Сана» телестудиясында жастар өмiрiнен қызықты телехабарлар дайындалып жататын. өкiнiшке орай, заман легi техникалық жабдықтарды көнерте түстi, ақыры теле, радиоарналарға берiлетiн хабарлар эфирден тыс қалып, студенттердiң шығармашылық жұмыстарын әзiрлеуi мүмкiн болмай қалып жатқан-ды...

Осы орайда бүгiнгi жаңа ғасырға әбден лайық техникалармен жабдықталған бүгiнгi теле және радио кешендерiнiң ашылуы студенттерге арналған үлкен тарту болғанын тәптiштеп айтып жатудың өзi артық. Студиялардың қызыл лентасын университет ректоры Бақытжан Жұмағұлов пен Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейiтқазы Матаев бiрге кестi.

– Бүгiн баршамыз үшiн ерекше қуанышты күн, - деп бастады сөзiн ректор Б. Жұмағұлов. –Журналистер қауымының ынтымақтастық күнiнде киелi қарашаңырақтың киелi факультетiнде қос студияның шымылдығы түрiлдi. Бұл – жастар бағдарламаларын дайындайдың үлкен мүмкiндiгi туды деген сөз. Елбасы «Жас Отан» жастарымен кездескенде, осы буын өкiлдерiне арналған теле, радиотуындыларды көбейтiп, олардың жеке телеарналарын да ашу жөнiн тiлге тиек қылған едi. Бiздiң бүгiнгi жаңалығымыз – Елбасы тапсырмасының орындала бастағанының айғағы деп тануға болады. Қазiргi қоғамға жастардың көзi жетiспей жатыр. Аға буынның көзқарас-пайымы мен жастардiкiн салыстыруға болмайды, олардың елге деген патриоттық, отансүйгiштiк, махаббат, достық және басқа да тақырыптардағы бағдарламалары шығып жатса, оларға өзге жастар елiтiп жатса, ерiп жатса, нұр үстiне нұр емес пе? Ендеше ел жаңалықтарына, республиканың жаңа табыстарына жастардың көзiмен қарауға жол салдық бүгiн.

Расымен де, журфакта жаңа сара жол салынғаны сезiлiп тұр. Студенттердiң алғаш дайындаған хабарларын көруге ниет бiлдiрген қонақтар – танымал бұқаралық ақпарат құралдарының редакторлары мен университет басшылығы өздерi де сол хабардың қатысушыларына айналып кеткендерiн бiлмей қалды. Студенттер әзiрлеген «Нептун мерекесi» хабары да сәттi шыққан екен. Жастар алдағы уақытта түсiретiн бағдарламалар тақырыптарын, жаңа идеяларын жоспарлап та үлгерген. «Тұғыр», «Ғұламалар ғұмыры», «Ақыл әңгiмелейдi», «ҚазҰУ сұлуы», «Химик шоу», «Бейневизиткалар», «Ұшқыр сөз» сынды бағдарламалардың мазмұны мен түсрiлiм дайындығы пысықталуда.

Студенттердiң жаңа студияда әзiрлеген бағдарламалары сөреде жатып қалмайды, түрлi телеарналармен келiсiмшарттар жасалуда, сол арқылы ұлттық арналар эфирiнен студенттiк хабарлардың да көрсетiлуiне жол салынбақ. Одан бөлек студенттiк бағдарламалар қалалық жалпыуниверситеттiк «Uvision» кабельдiк арнасынан таратылатын да болады. Оның мән-жайын кешеннiң меңгерушiсi Аязби Бейсенқұлов әңгiмелеп бердi:



– Негiзi факультеттегi тележурналистер дайындау iсi соңғы кезде көп сыналып жүрдi. Ұстаз болған соң, «дайындалатын мамандар сапасы төмен, оларды телеарнаға не радиоға келгенде қайта оқытуға тура келедi» деген де пiкiрдi ауыр болса да, қабылдап жүрдiк. өйткенi бұл сөзде шындықтың шетi жатқан едi. Техникалық жабдықталудың төмендiгiнен факультетте тәжiрибелiк сабақтардан гөрi теориялық дәрiстердi көбейтiп жiберген кездер де болды. Соған орай, жаңа студиялар ашу қажеттiгi көптен сөз боп жүр едi, ендi мiне, олар да iске қосылды. Ендiгi уақытта болашақ мамандарды дайындауда тәжiрибелiк жұмыстардың үлесi артатын болады. Ұстаздар қауымы лекция оқудың орнына, тәжiрибелiк хабарларды жасауда, оны жинақтауда, қорытындылауда студентке көмекшi болады, ал негiзгi жұмыстардың бәрiн студенттер өздерi атқарады. Ол хабарларды өзге студенттердiң тамашалай алуы үшiн Алматының барлық жоғары оқу орындарында орнатылған бейнемонитор жүйесiн таңдап отырмыз. Күн сайын бiр сағат қазақ тiлiнде және бiр сағат ресми тiлде дайындалған хабар осы мониторлар арқылы таратылатын болады. Бұл хабарлар күнiге бiрнеше мәрте қайталанып көрсетiлiп отыратын болады. Одан кейiн ұлттық арналарға шықпақпыз, интернет арқылы студенттiк хабарлар таратылатын болады, жалпы, бұл бағыттағы жоспарлар көп-ақ. Хабар дайындауға тек қана телерадиокафедрасына түскен студенттер ғана қатыспайды, барлық студенттер iшiнен шығармашылық топтар құрып, бағдарлама әзiрлеймiз. Уақыт өте келе, осы хабарлардың бәрi бейнеқор болып сақтала бермек.

Студиялардың техникамен жабдықталуына 40 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. 10 ай бойына әзiрлiктен өткен студиялар қазiр студенттер жұмысына әбден дайын. Мұнда, тiптi, телеөнiмнiң ең қиын түрiнен саналатын деректi фильмдер түсiруге де болады. Университет ректоры қаржылық қолдаудың мұнымен шектелiп қалмай, жаңа техникалар, қажеттi құрал-жабдықтармен де толықтырыла беретiнiне уәде еттi.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет