Қарастырылып отырған тақырыптың маңыздылығы келесі жағдайлармен анықталады. Бүгінгі таңда неке қатынастары тек біздің мемлекетіміздің шеңберінде ғана емес, бүкіл әлемде кең өріс алуда



бет1/4
Дата13.06.2016
өлшемі391 Kb.
#133832
  1   2   3   4
Кіріспе.
Қарастырылып отырған тақырыптың маңыздылығы келесі жағдайлармен анықталады. Бүгінгі таңда неке қатынастары тек біздің мемлекетіміздің шеңберінде ғана емес, бүкіл әлемде кең өріс алуда. Некесіз қатынастардың, жалған некелердің, толық емес отбасыларының саны артуда. Кейде отбасы дағдарысының белгілері ретінде қарастырылатын осындай құбылыстарды қазіргі индустриалдық қоғамның, Қазақстан Республикасы демографиялық дамуының және әлеуметтік экономикалық өмірдің жалпы талаптарына сай отбасының жаңа түрінің пайда болуы деп айтсақ дұрысырақ болады.

Құқықтық көзқарас бойынша шетелдік элементпен күрделенген неке қатынастары мәселесі әрі қызық әрі өзекті мәселелердің біріне айналып келеді. Өйткені мұнда қарастырылып отырған мәселені реттеуге ұлттық немесе шетелдік заңнамаға сілтеме жасайтын коллизиялық нормалардың толық әрі жеткілікті білімі қажет етіледі. Шетелдік элементпен күрделенген неке қатынастарының құқықтық режимін анықтау кезінде шетелдік заңнаманы білу маңызды болып табылады, себебі көп жағдайда шетелдік құқық қолданылады.

Осындай мәселелердің шешілуіне осы саладағы қағидалар мен әлемдік стандарттарға жауап беретін заңнамалық база өз септігін тигізуі қажет.

Адам құқықтарын сыйлау қағидасы халықаралық құқықтың басты қағидаларының бірі болып табылады. Адам құқықтары тұлға тұратын елдің заңдарымен көзделген экономикалық, саяси, әлеуметтік, азаматтық және мәдени құқықтары және бостандықтарымен анықталады. Бұл құқықтар мен бостандықтар сипаты, белгілі бір мемлекеттің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылысымен және оның заңнамасымен анықталады.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін адам құқықтарын қорғау саласында маңызды өзгерістер пайда бола бастады. 1945жылы Сан-Франциско конференциясында қабылданған БҰҰ Жарғысында экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық сипаттағы халықаралық дауларды шешу үшін халықаралық әріптестікті жүзеге асыру және ұлтына, жынысына, тілі мен діни нанымына қарамастан барлығының құқықтары мен негізгі бостандықтарын сыйлау мен қолдау мақсатында БҰҰ ереже енгізді.

Әйелдің құқығын шектеген және оны еркекке бағындырған авторитарлық отбасының қатаң құрылымы демократиялық неке қатынастарымен орын алмастырды. Бірақ неке қатынастарының оңай бұзылуы, отбасының сыртқы әсерге тез беріліп әлсізденуіне әкеп соқтырды. Отбасы өзгерістерге ұшырай отырып көптеген жаңа қиындықтарға тап болғанымен де өзінің құндылығын ешқашанда жоғалтқан емес.

Әр адамның өмірі үшін, қоғам мен мемлекет үшін отбасының қаншалықты маңызды екенін барлығымыз да білеміз. Әр адам үшін тек отбасы ғана махаббаттың, сүйіспеншіліктің, адалдық пен қолдаудың көзі болып табылады. Отбасында шыдамдылықтың, рухани байлықтың және ізгіліктің негізі қаланады. Берік отбасы ғана, кез-келген қоғамның гүлденуінің, өсуінің және тұрақтылығының кепілі бола алады.

Отбасы әлеуметтік бірлік ретінде, әрдайым әлемдік дамудың басты элементтерінің бірі ретінде қарастырылған. Отбасының басымдылығы идеологиясы, қоғам мен адамның өмір сүруі және дамуы үшін отбасының қажетті құндылығы көптеген нормативтік актілерде бекітілген. Осы құжаттардың негізгі ережелерінің бірі, отбасы институтының қоғам тарапынан қорғалуы, барлық мемлекеттердің ұлттық отбасы саясатын жетілдіруі болып табылады. Отбасы саясатының алдына қойған негізгі мақсаты қоғам дамуының күрделі мәселелерін шешу барысында отбасы мүмкіндіктерін қоғамдық институт ретінде белсенді пайдалануға жағдай жасайтын технологиялар мен механизмдерді жетілдіру болуы тиіс.

Отбасы әлеуметтік жүйе ретінде өзінің болмысын қатынастардың нақты түрлері арқылы жүзеге асырады және осындай отбасы-неке қатынастары қоғам өмірінің негізгі заңы ─ конституциямен реттеледі және қорғалады.

Осы бітіру жұмысының негізгі мақсаты неке қатынастарының халықаралық құқықтық мәселелерін зерттеу болып табылады. Қойылған мақсатқа жету жолында төмендегі сұрақтарды қарастыру қажеттілігі туындады:



  • халықаралық жеке құқықтағы «неке» түсінігінің анықтамасы

  • неке институтының Қазақстан Республикасы заңнамасына және мұсылман құқығына сәйкес салыстырмалы сипаттамасы

  • некеге тұру мен некені бұзудың негізгі талаптары мен тәртібін қарастыру

  • неке қатынастарындағы коллизиялық мәселелерді қарастыру

  • неке шарты мәселесін қарастыру

  • Қазақстан Республикасында неке шарты мен жалған некенің құқықтық реттелу ерекшеліктерін зерттеу және т.б.

Зерттеу жұмысының теоретикалық негізін халықаралық жеке құқық мамандары ─ Сарсембаев М.А., Ануфриев Л.П. Чешир Дж., Норт П., Звеков В.П., Мухаммад Али-Аль Хашими секілді, қазақстандық, ресейлік және шетелдік авторлардың әдебиеттері құрады. Теоретикалық материалды халықаралық құқықтық актілер, сондай-ақ неке қатынастарының құқықтық аспектілерін белгілейтін Қазақстан Республикасының әрекет етуші заңдары толықтырды. Неке қатынастарының тарихы және басқа да мәселелеріне қатысты бағалы материалдар Интернеттің түрлі сайттарынан алынған.

Осы бітіру жұмысы үш бөлімнен, жеті параграфтан, кіріспе, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

Бірінші бөлім неке қатынастарының құқықтық режимінің жалпы мәлелеріне арналған. Мұнда неке қатынастарының пайда болу тарихы, халықаралық жеке құқықтағы некенің түсінігі мен түрлері сияқты мәселелер қарастырылады. Некенің пайда болу тұжырымдамасын, оның қай теория негізінде және қашан пайда болғанын білмей тұрып оны түсіну, оған дұрыс баға беру мүмкін емес. Автор мифтік, діни немесе соған ұқсас неке түсініктерін емес, тек ғылым шеңберіндегі көзқарастарды ғана қарастырып кетеді.

Екінші бөлімде Қазақстан Республикасы заңнамасына және ерекше құқық жүйесінің бірі болып табылатын мұсылман құқығы бойынша неке қатынастарының салыстырмалы сипаттамасы беріледі, яғни екі құқық жүйесі бойынша некеге тұрудың, некені бұзудың тәртібі мен талаптары, неке бұзылған жағдайда туындайтын құқықтық салдар секілді мәселелер жөнінде айтылады.

Үшінші бөлімде неке қатынастарында туындайтын коллизиялар, неке шарты және некенің болмысына мүлдем қайшы келетін, дегенмен де қазіргі таңда орын алып жүрген жалған неке мәселелерінің құқықтық реттелу жағдайлары қарастырылады.

I Бөлім. Халықаралық жеке құқықтағы неке қатынастарының

түсінігі.


    1. Неке қатынастарының пайда болу тарихы.

Неке туралы түсініктердің тарихи дамуы әлемнің әр жерінде әр түрлі көрініс тапты. Неке туралы діни көзқарастардың орнына кейде этикалық көзқарастар да қабылданды. Бұл жағдайда неке құпия ретінде де емес, шарт ретінде де емес, ерекше бір институт түрі ретінде қарастырылды. Некеге мұндай анықтама берген И.Кант болатын. Мұны «Метафизика нравов» кітабынан да көруге болады. Оның ойынша келісім-шарт тұжырымдамасы некеге қатысты қолданылмауы керек, өйткені келісім-шарт некені тудыра алмайды. Келісім-шарттан тек белгілі бір мақсатты түсінуге болады. Ал неке адамның бүкіл өмірін қамтитын және белгілі бір мақсатқа жетумен емес, ерлі-зайыптылардың өлімімен ғана тоқтатылатын бір құбылыс.

Бұл теорияның жетіспеушілігі, неке туралы этикалық көзқарастарды құқық саласына аудару болды. Құқық, міндетті түрде сол кезеңнің этикалық көзқарастарына сәйкес құрылуы тиіс еді. Бірақ құқық түгелдей тек этикалық нормалардан тұра алмайды.

Плюралистік қоғамда, оның барлық мүшелерінің неке туралы бірдей көзқарастарды ұстануы мүмкін емес. Сондықтан да, құқық жүріс-тұрыс ережелеріне негізделе отырып, тек құқықтық реттеуге жататын әрі құқықтық реттелуге мұқтаж неке қатынастарының бөлігін қамтыды.

Некенің құқықтық мазмұнына қатысты бірнеше теориялар бар. Олар: некені келісім ретінде, құпия ретінде, ерекше бір институт ретінде түсіну.

Некені келісім ретінде түсіну теориясы Ежелгі Римде қалыптасты. Классикалық кезеңнің Рим құқығында, некеге тұрудың барлық негізгі нысандары қарапайым азаматтық шарттық белгіге ие болды. Өйткені Римде, құқықтық реттеу пәні ретінде тек ерекше неке қатынастары танылды. Кейіннен канондық нормаларға сәйкес, неке институты оның рухани жағына байланысты құпия сипатқа ие болады.

Некенің түрлі қатынастар тобын бөліп қарастыруға болады: рухани, физикалық және материалдық. Әрине, революцияға дейінгі және қазіргі таңдағы ғалымдардың көбі некенің рухани және физикалық элементтері құқықпен реттелмейді деген көзқараспен келіседі.

Бірақ некелік одақты құрайтын қатынастарды осылайша бөлу теориясы бірден қабылданған жоқ.

Орта ғасырлардағы отбасы құқығы өте үлкен тарихи маңызға ие. Отбасы құқығы католик шіркеуінің істерімен қалай дамығандығына тоқталайық.

Неке институтына және жалпы еркек пен әйелдің арасындағы қатынастарға деген көзқарастар орта ғасырларда эволюцияға ұшыраған болатын. Католик шіркеуі некені өте кеш таныды. Орта ғасырлардың басында папа Ұлы Грегорий (530-604) мен әулие Иеронимнің (347-430) шығармаларына негізделген некеге деген көзқарас кең өріс алды. Шіркеу қызметкерлері кез-келген некеге адамзат атаулының ата-анасы боп есептелетін Адам ата мен Хауа ананың жасаған күнәсі деген сын көзбен қарады. 451 жылдан бастап шіркеу қызметкерлерінің некеге тұруына тыйым салына бастады. Қиылған некелер айыпталып, некеге тұрудан бас тартқан адамдар ғана «нағыз христиан» деп танылды.

Қазіргі таңда бұл көзқарас мүлдем жойылып кетті десек қателескен боламыз. Барлығына белгілі болғандай католик шіркеуінде, тек некеге тұрмаған адамдар ғана қызмет ете алды. Алайда әулие Иеронимнің кезінде-ақ некеге қатысты Қасиетті жазбада Гиппонск епископы Августинге (Блаженный Августин) тиесілі (354-430) басқа да анықтамалар болған. Августиннің айтуы бойынша заңды некедегі жыныстық қатынас өлі күнәдан кешірімді күнәға айналады. Августиннің бұл тұжырымдамасы IXғ. басында ресми түрде мақұлданды. Сол кезден бастап қана шіркеулік неке халық арасында кең тарала бастады. Бұған дейін неке қатынастарында екі дәстүр сақталып келді: соңғы антикалық және ежелгі грециялық дәуіріндегі дәстүр. Бұл екі дәстүр бойынша неке одағының бірнеше түрін бір уақытта қолдануға тыйым салынған жоқ. Орта ғасырлардағы неке қазіргі таңдағы неке түсінігінен мүлдем ұзақ болды. Ол кезде неке деп ұзаққа созылған некелік жыныстық одақ танылды.

XIғ. бастап некеге бір құпия ретінде қарала бастап, мұндай көзқарастың салдары некесіз қатынастарға және некені бұзуға тыйым салуға әкеп соқтырды.

Триденттік собор некені құпия деп танымайтын және некені бұзуға жол беретін кез-келген адамға анафема белгіледі. Ерлі-зайыптылардың әлеуметтік жағдайлары бір-біріне сәйкес келмеген жағдайда шіркеу ондай некені заңсыз деп таныды.

Жақын туыстар арасында неке қиюға жол берілген жоқ. Бірақ ерлі-зайыптылардың ешқайсысы қалаған кезінде басқа бір ауылға кете алмады.

Канондық құқық әйелдердің құқықтық жағдайын нашарлатты. Неке жасы қыздар үшін 12, ұлдар үшін 14 жас деп белгіленді.

Сол кездерде Гай секілді Рим заңгерлері табиғи заңға сүйене отырып, әйелдердің ерлі-зайыптылардың мүлкіне билік ету құқығынан аластату әділетсіз деп санап, жыныстар теңдігін уағыздады.

Француз заңгері Тирако 1513 жылғы «Неке туралы заңдар» атты еңбегінде былай деп жазған: «әйел ─ ең төменгі жаратылыс, оның қызметі тек бас ию. Оны табиғат солай жаратқан. Ер адамдар 36 жасында, әйелдер 18 жасында некеге тұруға тиіс».1

Орта ғасырлардағы Батыс Европа елдерінің отбасы құқығына келетін болсақ, орта ғасыр ─ әлемнің көптеген бөлігінде мемлекеттік құқықтық процестердің өткен кезі. Батыс Европада бұл процесс төрт кезеңді қамтиды: ерте феодалдық монархия, ленно вассалдық монархия, сословиелік өкілдік монархия, абсолюттік монархия. Әрине бұл кезеңдерді барлық мемлекеттер бір уақытта басынан кешірген жоқ. Бұл олардың ұлттық тарихының ерекшеліктерімен анықталды. Батыс Европа елдерінде құқықтық жүйе дами бастады. Феодалдық бытыраңқылық дәуіріндегі бұл процестің маңызды белгісі ─ бүкіл мемлекетте заңды күшке ие бірыңғай заңның болмауы еді. Англияның феодалдық құқығы бөлек дами бастады. Көп ұзамай батыс европалық құқықтың англосаксондық және континенталдық құқық деп бөліну процесі басталды.

Моногамды некенің христиандық тұжырымдамасы Европа елдерінде тек XII-XIII ғасырларда таныла бастады. Неке қию процедурасына шіркеулік ризашылық, яғни шіркеудің рұқсаты қосылды. Алайда «неке», «әйел» деген түсініктер әлі де ашыла қойған жоқ.

Неке-отбасы қатынастарының өте маңызды бір қосымша көрінісі, XII-XIII ғасырларда пайда болған әйелдің ғибадатын (куртуазный культ Дамы) айту қажет. Оның шетелде пайда болуы XI-XII ғасырлармен байланыстырылады. Францияда негізі қаланып, кейіннен Европаның басқа елдерінде де дами бастады .

Европада XII-XIII ғ.ғ. әйел ғибадатының кеңінен таралуы, әйел затына деген көзқарастың өзгеруіне әкеп соқтырды. Ол ғасырларда еркек пен әйелдің арасындағы қатынастарды өзгерту қажеттілігін барлығы түсіне қойған жоқ. Бұл ең алдымен құндылықтар жүйесін түгелдей бағалауға дейін баратын интеллектуалды элитаға қатысты еді. Ондай гумманистік интеллегенция алдымен Италияда пайда болып, кейіннен Францияда және XIV-XV ғасырларда Батыс Европа елдерінде пайда болды. Оның қызметі үлкен масштабты болмағанымен сол топтың көзқарастары әйгілі француз жазушысы Кристина Пизанскаяның «Книга о граде женском» атты кітабында орын тапты. Кристина Пизанскаяның айтуы бойынша әйелді де Құдай жаратты және өзінің қабілеті жағынан еркектен ешқандай да қалыспайды.
Кристина сәтсіз некелердің болуының себебін әйелдің болмысынан емес, нақты адами қателіктерден іздейді. Ал қателік жасау еркекке де әйелге де тән қасиет. Отбасының бақытты немесе бақытсыз болуын ерлі-зайыптылардың екеуіне де байланысты екенін айтады. Әрине, Кристина әлемнің христиандық моделіне тән еркектің үстемділігіне қатысты дәстүрлі көзқарасын жоққа шығара алмайды. Дегенмен де интеллектулдық және моральдік тұрғыдан алғанда еркекке тән қасиеттердің әйел затының бойынан табылатындығы туралы Кристинаның көзқарасы ортағасырлық дәстүрлерді қайта қараудағы маңызды қадам болып табылады.

Отбасы қатынастары сипатының әр түрлі болуына қарамсатан, әр мемлекетте және әр уақытта еркектің және әкенің үстемдігі қағидасы негізінде құрылған.

Францияның солтүстік бөлігінде ерлі-зайыптылардың, ата-аналар мен балалардың арасындағы қарым-қатынастар еркінірек болды. Мүліктік қатынастар отбасының басшысы ретінде еркек иелік етіп билік ететін мүліктің жалпылығына негізделіп құрылды. Францияның оңтүстігінде мүліктік жалпылық болған жоқ. Еркек неке бұзылғанға дейін әйелдің жасауын иеленіп, өлгеннен кейін әйелдің иелігіне өтті. Францияның оңтүстігінде рим құқығының әсерінен өсиет бойынша мұра қалдыру кең өріс алды. Солтүстікте мұра қалдыру еркіндігі шектелді. Мұра қалдырушы заң бойынша мұрагерлерді жоққа шығара алған жоқ. Феодалдық иеліктер тек еркектерге өтіп отырды. Ал әйелдер әскери қызметтерге қабілетсіз деп танылып, мұраның ешқандай түріне иелене алмады. Осындай отбасы неке қатынастары католик шіркеуінің дін оқуының негізіндегі канондық құқықпен реттелді.

Францияда неке және отбасы қатынастары канондық құқықпен реттелді. XVI-XVII ғасырларда патша билігі отбасы неке қатынастарына мемлекеттік ықпалды нығайту мақсатында неке қиюға жататын шіркеулік нормалардан шегінді. Некенің өзі баяғыдай шіркеулік кітаптарда тіркелгенімен, кейіннен тек діни құпия ретінде ғана емес азаматтық жағдайдағы акт ретінде де қарастырыла бастады. Некеге тұру кезінде ата-ананың келісімі қажет етілмейтін канондық құқық қайта қарауға жатқызылды. Бұдан былай, ата-ананың еркінен тыс некеге тұрушылар, мұраға құқыққа ие болмайтын болды. Сонымен қатар, XVIIғ. бастап ата-аналар «кюре әрекеті», яғни ата-ананың келісімінсіз некеге тұру әрекеті бойынша Париж Парламентіне шағым жасауға құқық алды.1

Канондық құқық бойынша некенің бұзуға болмайтындығымен байланысты Парламент ондай некені заңсыз деп тани алмады, бірақ заңсыз негізде қиылғандығын жариялаған. Дегенмен де мұндай неке заңды салдар тудырмайтын еді.

Германияда Франциядағы секілді құқық өзінің шұбарлаңқылығымен ерекшеленді. Қала халқы ертеде пайда болған және дамыған қалалық құқықпен реттелді. Сол кезеңнің неміс құқығында дәстүр басым болды.

Жалпы құқық нормалары жазылған жоқ, тек ауызша беріліп отырды. Германияда неке отбасы қатынастары канондық құқық негізінде пайда болды. Некенің жалғыз нысаны шіркеулік неке болды. Шіркеу некенің жарамдылығына байланысты күрделі бір жүйе жасап шығарды. Белгілі бір неке жасына жетуден басқа, туысқандық дәрежеге және болашақ ерлі-зайыптылардың арасындағы қарым-қатынастарға көңіл аудару қажет болды. Басқа бір тұлғамен некелескеннен кейінгі немесе шоқындырылмаған тұлғамен қиылған неке жарамсыз болып табылды.

Шіркеу некені бұзуға қарсы болды, алайда кейбір жағдайларда (бір-бірінің көзіне шөп салу) ерлі-зайыптылардың бөлек тұруларына рұқсат етілді. Мұндай жағдайда мүлік бөлінуге жататын болды, әйелдің үлесі мүліктің тең жартысын немесе үштен бірін құрады.

Христиан шіркеуінің ықпалы нәтижесінде VII-IX ғасырларда немістердің неке отбасы қатынастарында елеулі өзгерістер пайда болады. 789 жылы Ұлы Карлдың мақұлдаған 744 жылдың капитулярийі христиандық канондарға сәйкес киелі деп жарияланған некенің бұзылуға жатпайтындығын бекітті.

Шетелде қайталанатын некелерге тыйым салатын некенің шіркеулік рәсімделуін міндеттейтін алғашқы заңнамалық актілер пайда бола бастады.

Неке қалыңдықты сатып алу нысанында жасалды. Некеге тұру мақсатында қалыңдықты алып қашқандарға айып салынды. Некеге тұруға кедергі болатын жағдайлар анықталды. Олар: заңды некенің болуы, тұлғаны заңнан тыс деп жариялау, жақын туыстық қатынас, адамның еріксіздігі.

XIIғ. Англияда II Генрих заңына сәйкес бала көтерген кез-келген әйел, ол туралы билік басындағыларға хабарлауға тиіс болды. Ал оны жасамаған жағдайда баланың өлімі анасының өліміне әкеп соқтырды. Мұнда да отбасы қатынастары шіркеумен реттелді. Туысқандар арасында некеге жол берілмеді және некесіз бала тууға тыйым салынды. Шіркеу осындай жолмен туылған балаларды заңдастыруға тырысқанымен де барондар тарапынан қолдау таппады. Отбасы қатынастары еркектің билігі қағидасына негізделді. Францияның солтүстік бөлігінде мүліктік қатынастар мен балаларға қамқоршылық жасау құқығы еркекке берілді.1

Германияда отбасы патриархалды сипатқа ие болды, Англияда да солай, бірақ Англияда әйелдер феодалдың әйеліне қарағанда еркінірек болды. Осылайша, әйел бірте-бірте өз бетінше шарт жасау, саудамен айналысу және мүлікке иелену құқығына ие бола бастады.

Күніміздегі неке-отбасы қатынастары міне осылай дамыды.




    1. Неке қатынастарының түсінігі және оның түрлері.

Ең алдымен некеге тұрудың басты себебі болып табылатын «отбасы» ұғымына анықтама беріп кетейік. Отбасы лат.тіліндегі «familia» сөзінен шыққан, бірінші мағынасы отбасы болса, екіншісі Ежелгі Римде отбасылық шаруашылық құқықтық бірлікті білдіреді.2 Отбасы деп ─ некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиелеуге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиісті адамдар тобы аталады. Отбасы мүшелері әдетте бір үйде тұрады.

Көптеген мемлекеттердің отбасы заңнамасына сәйкес неке ─ бір-біріне және балаларына қатысты құқықтар мен міндеттер тудыратын әйел мен еркектің одағы болып табылады.1 Неке ағылшындардың қолданатын «marriage» сөзіне жақын фр.тіліндегі «mariage» сөзінен шыққан. Ол неке, той деген мағыналарға ие.4

Заң әдебиеттерінде некенің анықтамасына байланысты әр түрлі пікірлерді кездестіруге болады. Мысалы Матвеев Г.К. былай дейді: «Неке ─ ерлі-зайыптылардың арасында өзара жеке және мүліктік құқықтар мен міндеттер туғызатын, заңда бекітілген шарттар мен тәртіпке негізделе отырып жасалған еркек пен әйелдің тең құқылы және ерікті одағы», немесе Л.П.Ануфриевтің берген анықтамасына сәйкес, «Неке ─ әйел мен еркектің заңда бекітілген тәртіп пен талаптарды сақтай отырып, отбасын құруға ниеттенген және ерлі-зайыптылардың арасында өзара жеке, мүліктік құқықтар мен міндеттер туғызатын еркек пен әйелдің мәңгілікке қиған тең құқылы және ерікті одағы».2 Сол сияқты Марокко патшалығының жеке және мұрагерлік құқықтар туралы заңдар кодексінің 1-бабына сәйкес неке анықтамасы келесідей: «Неке ─ ерлі-зайыптылардың ұзақ мерзімге қиған заңды міндеттемесі». Бұл анықтамада да некенің отбасы құқығының ерекше бір институты ретінде қарастырыла алатындығын байқауға болады.

Әдетте ерлі-зайыптылардың арақатынасына байланысты белгілер айтылады, бірақ кейбір белгілер жалпы болып табылады, яғни некеге тұру туралы келісімге де, ерлі-зайыптылардың арақатынасына да қатысты болады.

Әрине әр мемлекетте бұл ұғым әр түрлі анықталады. Мысалы, бір АҚШ­тың өзінде бұл ұғым әр түрлі анықтамаға ие. Батыс Ирландияның қарапайым отбасылары, Тробриан аралдарындағы және израильдік кибутцаларындағы отбасы өмірінің ерекшеліктері жайында жүргізілген зерттеулер дәлелдегендей, бір қоғамда сұмпайы көрінген дәстүр, екінші бір қоғамда әдеттегі жағдай болып саналады.

Түрлі қоғамдардағы отбасы құрылымдарын социологтар мен антропологтар параметр бойынша салыстырады: отбасы нысаны, неке нысаны, билікті бөлу үлгісі, серік таңдау және тұрғылықты жер таңдау, мүліктің пайда болуы мен мұраны иелену тәсілдері.

Аталған тізімдегі неке нысанына тоқталайық. Ирландық шаруалар Тробриан аралының тұрғындары және израильдік кибутца мүшелерінің арасында некенің негізгі нысаны моногамды, яғни бір еркек пен бір әйелдің арасындағы неке ғана орын алған. Дегенмен де некенің басқа да нысандарының орын алғандығы жөнінде мәліметтер бар.

Теория жүзінде неке нысанына қарай төмендегідей болып бөлінеді:

Полигамия ─ бір және бірнеше тұлғалар арасында қиылған неке. Ол 2-ге бөлінеді:



  1. полигиния ─ бір еркек пен бірнеше әйелдің арасындағы неке

  2. полиандрия ─ бір әйел мен бірнеше еркектің арасындағы неке

Некенің тағы бір нысаны ─ топтық неке, яғни бірнеше еркек пен бірнеше әйелдің арасындағы неке.

Некенің бір немесе екінші түрінің орын алуына қандай факторлар әсер етеді? Кейбір ғалымдар белгілі бір қоғамдағы экономикалық факторларға көңіл аударады. Мысалы, Тибетте отбасына тиесілі жер барлық балаларына мұрагерлік бойынша беріледі. Жер жекелеген учаскілерге бөлінбегендіктен, бір отбасынан шыққан балалар жерді ортақтаса пайдаланады және әйелдері де барлығына ортақ болады.

Неке нысанына экономикалық факторлардан басқа да факторлар әсер етеді және олардың маңызы зор. Мысалы, полигиния соғыста көптеген ер азаматтар қайтыс болған қоғамдағы әйелдер үшін тиімді.

Ұнамды және халық арасында ең көп тараған некенің түрі моногамия, яғни бір еркек пен бір әйелдің арасындағы неке. Антропологтар некенің барлық түріне рұқсат етілген қоғамдардың да бар екендігін айтады. Бірақ адамдардың көбі моногамияны таңдайды. Ғалымдардың ойынша халықтың ондай қорытындыға келуіне экономикалық факторлар әсер етеді.

Бір елдің заңнамасына сәйкес заңды болып табылатын, ал басқа мемлекетте керісінше заңсыз болып табылатын неке түрлері де бар.1

Сондай-ақ неке, жарамды, жарамсыз және даулы болуы мүмкін. Неке ерлі-зайыптылардың біреуі үшінші бір тұлғамен жарамды некеде тұрса, онда ол жарамсыз болып табылады.

Даулы некелерге, қандай да бір маңызды қателердің салдарынан немесе өтірік айтудың әсерінен қиылған некелерді жатқызуға болады.

Қазақстан Республикасында көптеген мемлекеттердегідей моногамды неке ғана танылады, алайда полигамды некені де танитын мемлекеттер аз емес. Қазіргі таңда мемлекеттердің құқықтық жүйелері некенің бір моделін ғана таңдап отыр. Континенталды және англо-американдық жүйелер моногамды некені, мұсылмандық құқыққа ие елдер мен Африка елдері полигамды некені заңды деп таниды. Алайда құқықтық нормалар мен әдет-ғұрыптың өзара сіңісуі неке одағының екі моделін де тануға әкеп соқтырды. Америка және Европа елдерінде түрлі сексуалдық топтардың көбеюіне байланысты бір жынысты (әйел мен әйел немесе еркек пен еркектің арасындағы неке) тұлғалардың некелерін тіркеу керектігі жөнінде пікірлер айтылуда. Ал бұл, неке табиғатына мүлдем қайшы келеді. Бірақ қазіргі таңда мұндай неке түріне заңмен рұқсат ететін Голландия секілді елдер де бар.2

Мысалы, Ресей Федерациясының заңнамасында бекітілген еріктілік принципі некенің қиылуы немесе некенің бұзылуы секілді жағдайларда тараптардың еркін білдіреді. Психикалық, физикалық зорлауға немесе жергілікті дәстүрге негізделген неке жарамсыз болып танылады.

Қазақстан Республикасында бекітілген еркек пен әйелдің құқықтарының теңдігі қағидасына сәйкес төмендегілерді айтуға болады.

«Ерлі-зайыптылар тең құқықтарды пайдаланады және тең міндеттер атқарады. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы қызмет, кәсіп түрін, тұрғылықты жерін таңдауға ерікті. Ана, әке болу, балаларды тәрбиелеу, оларға білім беру мәселелері мен отбасы өмірінің басқа да мәселелерін ерлі-зайыптылар бірлесіп шешеді. Ерлі-зайыптылар отбасындағы өз қатынастарын өзара сыйластық және өзара көмек негізінде құруға, отбасының игілігі мен нығаюына жәрдемдесуге, өсіп жетілуіне және олардың әл ауқаты жағдайына қамқорлық жасауға міндетті.

Некеге тұру кезінде ерлі-зайыптылар өз тілектері бойынша ортақ тек ретінде өздерінің біреуінің тегін таңдап алады не ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өзінің некеге тұрғанға дейінгі тегін сақтап қалады, не өз тегіне екінші жұбайдың тегін қосады. Егер ерлі-зайыптылардың біреуінің некеге тұрғанға дейінгі тегі қосарлас болса, тектерді қосуға жол берілмейді. Ерлі-зайыптылардың біреуінің тегін өзгертуі екінші жұбайдың тегін өзгертуіне әкеп соқпайды. Неке бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылар ортақ текті сақтауға немесе өздерінің некеге тұрғанға дейінгі тегін қалпына келтіруге құқылы». 1




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет