Қарым-қатынастық ҚҰзырлық педагогикалық МӘселе ретінде



Дата13.06.2016
өлшемі93.42 Kb.
#134065
ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҚ ҚҰЗЫРЛЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕ РЕТІНДЕ
Кушмурзина Д.Х. Қазақстан

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты


Бүгінгі күнгі жоғары оқу орындарының басты міндеті – білікті мамандарды дайындау екендігі даусыз. Заман талабы өзгерген сайын жоғары оқу орындарына қоғам тарапынан қойылатын талап та өзгереді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттің болашақ дамуына арналған «Қазақстан - 2030» бағдарламасында жоғары білімнің сапалылығы, адамсүйгіштігі және жаһандануы арқылы мәдениет жасаушылық, интеграциялық роліне ерекше мән берген болатын. Осыған байланысты елімізде жоғары білім беру саласы соңғы жылдары өзгерістерге ұшырап, жаңа бағыт іздеу жолында.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың 2005 жылғы 18 ақпандағы Қазақстан халқына жолдауында: «XXI ғасырда білімін дамыта алмаған ел тығырыққа тірелуі анық» делінген. Өскелең ұрпақ жан-жақты тәрбиелі, білімді болғанда ғана еліміздің болашағы жарқын болмақ [1].

Қазақстан Республикасының мемлекеттік болмысын қалыптастыру, оның егемендігін нығайтып, ұлттық сана мен тәрбиемізді қалпына келтіру және өркениетті елдер қатарынан орын алу ұлттық мекемелерді қалыптастырудағы басты шарттардың бірі. Қазіргі әлемдік ауқымдағы қайта құрулар, жедел ақпараттану, жаңа стратегиялық бағдарлану, экономикалық саладағы түбегейлі өзгерістер заманы адамзат қоғамы алдына аса күрделі міндеттерді қойып отыр. Өмір үнемі өзгеріп, қоғам үздіксіз дамып отырған жағдайда ұлттық білім беру жүйесінің де жаңа талаптарға сай бейімделуі, жаңа реформалы қайта құруларға ашық болуы табиғи құбылыс. Бүгінгі күні қалың жұртшылық назарына ұсынылып, бүкіл халықтық талқылау жүріп жатқан «ҚР-ның 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» осындай заман талабынан, объективті себептерден туындаған дүние [2].

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында (2007ж.) және үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасында (2009 ж.) келешек қоғам мүшесі, болашақта оның белсенді қайраткері болатын ұрпақпен, олардың білім алып, дамуымен айналысатын мамандарды білімді де, парасатты, шебер де, іскер етіп даярлауға баса көңіл бөлу керектігі атап айтылған. Осы тұрғыдан алғанда, бастауыш сыныптарда білім беретін маман даярлау мәселесі қай кезде де ең өзекті істің бірі.

Адамның жеке тұлға болып қалыптасуындағы бүкіл болмысының негізі ұйытқысы осы бастауышта құрылатыны педагогтардың да, психологтардың да еңбектерінде атап айтылып келеді. Оқушы бойында білім негізін қалайтын, баланың жеке басының дамуын қамтамасыз ететін тұлға – мұғалім. Мұғалімнің білім беру барысында орынды қолданған әдіс-тәсілдері, қарым-қатынасы, әр түрлі іс-әрекеттері негізінде оқушының жеке бас қасиеті қалыптасады. Болашақ мамандардың мектеп оқушыларымен тіл тауып, бірден іске кірісіп кетуі оңай мәселе емес. Ондай икемділік үздіксіз жүргізілетін, ғылыми тұрғыда ұйымдастырылған педагогикалық білім мен дағдының негізінде жүзеге асады. Сондықтан да жоғары білімді мұғалімдер дайындайтын жоғары оқу орындарында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің қарым-қатынастық құзырлығын қалыптастыру мәселесі ерекше. Демек, жаңаша білім беру – жаңа білім мен дағдыны меңгерген, шығармашылық қабілеті жоғары, дербес ізденіс нәтижесінде елеулі мәселелердің шешіміне қол жеткізетін, ойлау қабілетімен ерекшеленетін тұлғаны қалыптастыруды көздейді.

Дәстүрлі білім беру жүйесінде мамандар даярлаушы кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты – мамандықты игерту ғана болған болса, ал қазір әлемдік білім кеңістігіне ене отырып, бәсекеге қабілетті тұлға дайындау үшін адамның құзырлық қабілетіне сүйену арқылы нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесін ұсыну негізгі мақсат болып отырғаны баршамызға аян.

Нәтижеге бағдарланған білім беру жүйесі ұғымының ҚР білім саласына енуіне байланысты білім, білік, дағды, тәрбие, білімділік, дайындық ұғымдары автоматты түрде құзыр, құзырлылық ұғымдарымен алмастырылып, практиктердің қолданыстағы үйреншікті сөзіне айналып кетті.

Заман талабына сай болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің қарым-қатынастық құзырлығын жетілдіру мақсатында жоғары оқу орындарының оқу-тәрбие үрдісінің мазмұнын жаңғырту қажеттілігі нақтылана түсуде. Осыған байланысты оқытушылар мен студенттердің қарым-қатынасын қалыптастыру мәселелерін зерттеу – әлеуметтік-экономикалық және мәдени дағдарыспен қатар көтерілген өзекті мәселелердің бірі.

Қарым-қатынастық құзырлықтың қалыптасу проблемасын ғылыми әдебиеттерде зерттеген И.Л. Бим, М.Н. Вятютнев, Д.И. Изаренко, Е.Е. Косило, Н.А. Морева, Н.К. Присняжнюк, А.Н. Щукин және басқалары. ЖОО-ның педагогикалық үрдісінде қарым-қатынастық құзырлық тәрбие мен білім беру міндеттерін іске асыруының қызметін атқаратындығы анықталған.

Қарым-қатынасты білім мен біліктілік, дағды және адамның ішкі құндылықтарына негізделген мәдени сауаттылығы ретінде қарастыруға болады. Қарым-қатынас – білім мен мәдениеттің бір бөлігі, оның бөлінбейтін бөлшегі іспетті адамзаттың дүниетанымы мен сана-сезімін жетілдірудің ерекше жолы. Ұлттық құндылықтарға негізделген қарым-қатынас құзырлығы студенттердің саналы көзқарасын, ізгілікті қарым-қатынас орнатуына, рухани-адамгершілік құндылықтарының қалыптасуына, жүйелі іс-әрекет жасауына мүмкіндік береді.

Қазақ жазушылары М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов және т.б. еңбектерінде қарым-қатынас мәдениеті жөніндегі маңызды пікірлері көрініc тапқан. Ал қарым-қатынастың психологиялық мүмкіншілігі жайлы пікірлерді Қ.Б. Жарықбаев, Ә.Алдамұратов және т.б. зерттеген [3].

Психология ғылымында қарым-қатынастың теориясы былайша қарастырылады:

Қарым-қатынас адамдардың өзара әрекеттестік және өзара қатынас жасаудың ерекше формасы. Қазіргі кезде қатынас мәселесін психология, философия, әлеуметтану – осы сияқты әр саладағы ғылымдар жан-жақты зерттейді. Мысалы: 60 жылдары Б.Д. Парыгин қарым-қатынасты әлеуметтік психологияны зерттейтін бірден-бір пән ретінде бөліп қарастырады. Сондықтан қарым-қатынас таза психологиялық құбылыс, күрделі және көп жақты үрдіс сияқты талданады.

Леонтьев А.А. «қарым-қатынас» ұғымын әмбебап қарым-қатынасты іс-әрекетке, яғни қарым-қатынасқа белгілі бір іс-әрекет түріне сияқты қарау керек деп есептейді.

В.А. Кан-Калик қарым-қатынасты адамгершілік құндылық потенциалына ие дейді.

Қарым-қатынас болашақ маман тұлғасының қалыптасуының бір факторы екені де белгілі.

В.А. Мясищевтің еңбегінде қарым-қатынас белгілі бір жағдайда бір-біріне қатысты немесе бір-біріне әсер ететін нақты тұлғалардың өзара әрекеттерінің үрдісі сияқты түсіндіріледі.

А.А. Бодалев қарым-қатынасты іс-әрекеттің ерекше түрі, іс-әрекет субъектісі және жеке қасиеттері ретінде дамуының негізгі факторы болатынын атап өтеді. Қарым-қатынастың тәрбиелік мәнін ол тек дүниетанымды кеңейтуге ғана емес, тұлға интелектісінің дамуына тоқталған.

Қарым-қатынасты философиялық тұрғыда талдаған көпке танымал ғалымдардың бірі – М.С. Каган. Ол қарым-қатынасты субъект арқылы өзара әрекеттесу деп түсінеді.

Субъект философияда, әcipece қазіргі кездегі психологияда да өзіне үлкен назар аудартуда. Ресейлік ғалым С.Л.Рубинштейннің айтуынша, «философияның негізгі мәні түрлі формалардағы субъектілерді, тіршілік ету тәсілдерін, қозғалыстың түрлі формаларын ашу». Мұның iшiндe ic-әрекет субъектілерді қозғалыстың негізгі формаларының бipi ретінде ашып көрсету енеді. Білім беру ic-әрекетінің, яғни, өзіне оның екі өзара байланысты – педагогикалық және оқу формаларын қамтитын ic-әрекеттің субъектілерін талдау – жалпы философиялық және нақты педагогикалық міндеттер арнасында жатыр [4].

Жалпы педагогикалық сөздік бойынша субъект – басқа адамдарда және өзінде өзгеруді қамтамасыз ететін, заттық-тәжірибелік белсенділік пен танымды тасымалдаушы. Адамның субъектілігі оның өмір іс-әрекетінде, қарым-қатынасында, өзіндік санасында көрінеді.

Бұл жерде сөз болып отырған дәстүрлі «оқытушы-студент», «студент-мұғалім» субъектілер қатынасы өзгеше сипатқа ие болып отыр. Оқытушы мен студенттің қарым-қатынас мәселесі дәл қазіргі уақытта психологиялық-педагогикалық зерттеу нысанына айналуда. Бұл мәселені шешудің басты жолы психологиялық кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарының қабырғасында ескерілуі тиіс. Сондықтан студенттің қарым-қатынас дағдылары мен икемділігін қалыптастыру, яғни, студенттің іскерлік психологиялық қарым-қатынас кезіндегі әртүрлі жағдайларға бейімделуі, тез меңгеру қабілеттеріне ие болуы, студенттермен жағымды қарым-қатынас позициясын құруға ұмтылу, мотивациясы мен білімін заманның талабына сай жетілдіру аса маңызды болып табылады. Білім беру үрдісіне қатысатын мүшелердің әрқайсысының өзіндік міндеттері мен құқықтары бар. Оқытушының міндеті – оқыту технологиясын таңдай отырып, студенттердің білімге құштарлығын ояту, өзіндік икемділіктерін ашу, шығармашылықпен айналысуын ұйымдастыру негізінде білім беру сапасын көтеру. Студенттің міндеті – оқу, сабаққа кешікпей келу, тәртіп бұзбау, білім беру үрдісі мен білім мазмұнына қанағаттану құқығы бар.

Оқытушының әлеуметтік тұлға бейнесінің қалыптасуы психологиялық қарым-қатынас мәселесіне келіп тіреледі. Жеке адамның әлеуметтенуі өзінің қоғамына тиесілі өзара қатынастар, кәсіби әлеуметтік талаптарға байланысты болады. Демек, қарым-қатынас – студенттің тұлға ретінде жетілуіне пайдасын тигізетін құбылыстардың бірі, яғни, қарым-қатынас арасында өзге тұлғаларды қабылдап, олардың сөйлеу мәдениетіне бейімделеді.

Қарым-қатынас барысында жеке адамның қоғамдық рухани және материалдық құндылығы қалыптасады, жеке тұлғалық ерекшелігін көрсетеді, өзі үздіксіз қарым-қатынаста болатын қоғамға енеді. Коммуникация әрбір адамның әрекет барысындағы субъектісіне айналады, табиғат пен дүниені таниды, олармен қарым-қатынасын дамытады.

Қазіргі қоғам өмірінің өзгерістеріне орай қарым-қатынас механизмдері, оны жетілдіру амалдары қызығушылық туғызып, зерттеудің қарқынды саласына айналуда. Адамның барлық қадір-қасиеті басқа адамдармен қалай қарым-қатынас жасағанынан байқалып тұрады. Оның бағыт-бағдары, білімді меңгеруі, есте сақтауы, эмоциясы мен қызуқандылығы қарым-қатынас жасау барысында көрініс береді. Адамның қарым-қатынасына ұлттық ерекшеліктерінің әсері өте үлкен. Олардың психологиялық, педагогикалық алғышарттарын ашу қарым-қатынасты қалыптастыруға ықпал етеді.

Студенттің әлеуметтенуі екі ұстанымға ие: еліктеу және иілімді. Болашақ оқытушының бейнесін қалыптастыру үшін студент кәсіби ортада педагогпен қарым-қатынас барысында жалпы құндылықтарға ие болып, психологиялық ерекшеліктерге назар аудару қажеттілігі туындайды. Қарым-қатынасқа қажетті дағды мен икемділікті қалыптастыру үшін әлеуметтік фактор әсер етеді. Сондықтан да психологиялық қарым-қатынасқа әсер ететін жағдайлар мен факторлар бір-бірін толықтырады және байланыстырады.

Қазіргі оқу орындарында оқытушылардың рөлі артып, оның студенттерге психологиялық және педагогикалық әсер ету арқылы кеңейді. Оқытушы білім мен ақпараттың бағыттаушысы болып қана қоймай, педагог, психолог, психотерапевт болуы керек. Бұған оның педагогикалық қызметінің жетістігі мен беделі тәуелді. Оқытушының беделі – оқу-тәрбиелеу үрдісінің жетістігіне әсер ететін ұжымдастар мен студенттер және өзара қатынас барысында білінетін ұйымдағы оның кәсіби, психологиялық, тұлғалық сипаттамасы. Оқытушының беделі – оның білімділігіне, адамгершілігіне байланысты болып келеді. Қазіргі таңда студенттерге оқытушының жеке тұлғасы, оның ашық, қайталанбас дербестігі тәрбиеленуші және психотерапевт ретіндегі беделі әсер етеді [5].

Егер оқытушы студентпен дұрыс қарым-қатынас орната алмаса, қызықтыра алмаса, оның қызығушылығы жоғала береді. Ал егер де оқуды өмірде болып жатқан жан-жақты ақпараттармен байланыстырса – білім сапалы түрде қабылдануы әбден мүмкін. Осы орайда қарым-қатынастық құзырлық қазіргі таңда педагогикалық мәселе ретінде қарастырылуда.

Ал Қ.Құдайбергенова «Құзырды әртүрлі кенеттен болған жағдаяттарда мәселелерді шешу үшін қажетті білімді немесе әрекетті көрсете білу қабілеті, білім мен өмірлік жағдаят арасындағы байланысты орнату мүмкіндігі ретінде, ал құзырлылықты адамның өзіндік деңгейіне, даралық қасиеттеріне тікелей байланысты тұлғалық, теориялық, практикалық өлшеу дәрежесі жоғары деңгейде кіріктірілген құрылым ретінде қарастыру ұсынылады» деген тоқтам жасайды.

Субъект-субъектілік қатынас Білім




Сөйлеу-тілдік Іскерлік

мәдениеті
Әлеуметтік-мәдени Дағды

ерекшелігі


Мінез-құлықтық сипаты Тәжірибе

Қарым-қатынастық құзырлық – әлеуметтік-мәдени, сөйлеу-тілдік мәдениетті де қамтиды. Қажетті тілдерді білуді, қоршаған орта және адамдармен, болып жатқан уақиға, хабарлармен тұрақты байланыста, топта жұмыс істеу дағдылары, ұжымда әр түрлі әлеуметтік рөлдерде болуды қамтиды. 6

Сонымен, жаңа ғасырда бәсекеге қабілетті интеллектуалдық күші жетік маман кадрлар болмай, әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай экономика дамымайды. Қай заманда да өркениеттің өрлеуі интеллектуалдық шығармашылық қабілеттің негізінде іске асатыны белгілі. Осындай қабілеттердің дамып, қалыптасуына жоғары оқу орындарының педагогикалық үрдісі шешуші рөл атқарады.

Қазіргі жоғары оқу орындарының оқу ортасы білім беру үрдісіне қатысушылардың іс-әрекеттерінің өнімділігін қамтамасыз ете отырып, студенттердің өз бетінше білім алу дағдыларын дамытуға жағдай жасап, психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуі тиіс. Студент өзінің танымдық әрекетін ұйымдастырушы ретінде ұсынылған білім мазмұны нұсқаларын таңдау құқығын және өзінің өмірі мен қоршаған орта сапасын арттыру үшін оларды қолдану тәсілдерін пайдалануға ерікті. Сонда ғана оқыту үдерісіндегі қарым-қатынастық құзырлықтың қалыптасуына жол ашылады.




Әдебиеттер


  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Халқына жолдауы. //Егемен Қазақстан, 2005, 18 ақпан.

  2. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы //Егемен Қазақстан, 2007.15.08.

  3. Мәмбетов М. Педагогикалық қарым-қатынас мәдениеті //Қазақстан мектебі. 2008. №12. -36-37-б.

  4. Мұхамеджанова Ә. Оқытушы мен студенттің өзара қарым-қатынасын басқару //Білім. №10 - 2006. 18 бет.

  5. Шәкілікова С. Білім берудегі компетенттілік тәсіл / С. Шәкілікова, Д. Қазақбаева, Ш. Кәрібаева, Қ. Жұмағұлова. - Қазақстан мектебі. 2004.-№ 4. Б. 14-17.

  6. Кенжебеков Б. Маманның кәсіби құзыреттілігінің теориялық негізі / Б. Кенжебеков.-Бастауыш мектеп. 2004.-№7.-Б. 3-7.

  7. Жантлеуова Ш.К. Профессиональная компетентность будущего учителя в условиях педагогической практики / - Вестник КазНУ, серия «Педагогические науки», 2000.- №12.-С. 25-29.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет