Арыстанбекова Құралай Дәндібайқызы`1 Қошымова Ақнұр Оразғалиқызы`2, Сандықбаева Өрікгүл Дүйсенқызы`3



Дата03.07.2016
өлшемі61.27 Kb.
#173756
Арыстанбекова Құралай Дәндібайқызы`1

Қошымова Ақнұр Оразғалиқызы`2,

Сандықбаева Өрікгүл Дүйсенқызы`3,

, ҚазҰУ, ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушысы `1, ҚазҰУ, Тарих, археология және этнология факультетінің 2-курс PhD докторанты`2, ҚазҰУ, ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушысы`3.

Керей хан тұлғасын оқытудың тиімді әдістемелік жолдары

XXI ғасыр жаһандану заманында білім беру жүйесі интеллектуалды азамат қалыптастыруға, қойылған міндеттер бойынша жастардың дүниетанымын өзгертіп, олардың жаңаша ойлау қабілеттерін арттыруға, білімге деген құштарлығын оятуға, отансүйгіштік қасиетін одан әрі дамытуға бағытталып отыр. Білім жүйесін әлемдік дамыған инновациялық технологиялармен жабдықтау, білім мен ғылымның халықаралық стандартын меңгеру, сапалы білім беруге қол жеткізу, қоғам сұранысына жауап беретін білікті маман даярлау қажет.

Тарих – қай елдің болмасын рухани іргетасы әрі ұлттық мәйегі. Сондықтан да халық өзінің рухани болмысымен танысып, сусындағысы келсе тарихының терең қатпарлары мен сандаған қырларына үңіліп, сырларынан нәр алуы тиіс.

Сайын сахарада іргелі ел болып, етек-жеңімізді жиып, экономикалық-әлеуметтік жағынан дамуымызға өз қал-қадерінше септігін тигізген қоғам қайраткерлері қаншама. Оларды сонау Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандарымыздан бастап, бүгінгі күнде қоғамда ірі-ірі ізгі істерімен көзге түсіп жүрген азаматтарымызға дейін тізіп алып келуімізге болады. Елді біртұтас етіп біріктіру де, қоғамды даңғыл бір жолға салу да, өз өмірін еліне арнаған тұлғалардың арқасында ғана жүзеге асатыны белгілі. Ал олардың қоғамда атқарған іс-әрекеттерін студенттерге үлгі ретінде көрсете отырып тәлім беру, патриоттық сезімге баулу өте маңызды. Себебі түсінікті: тарихты жеке тұлғалар жасайды. Өкінішке орай, Қазақ хандығының негізін қалаушы ұлы хандарымыз жайында деректер жоқтың қасы. Мүлдем жоқ деуге де келмейді, алайда Қазақ хандығының негізін қалаушы хандарымыз – Керей мен Жәнібек хандар хақында жазба деректеріміздің мардымсыздығы олардың өмір сүрген кездері жайында және мемлекетімізді құрудағы атқарған ересен еңбектерін жете білуімізге, толық дәрежеде зерттеп, талдап-тануымызға белгілі бір деңгейде қолбайлау болатыны түсінікті. Дегенмен, кей дерек көздерінен олардың хандықты қандай жағдайда құрғандығы, атқарған істері жайында кездестіріп, аз да болса сол деректерге жүгінеміз.

Керей хан туралы ХV ғасырдың ортасына дейін ешбір жазба деректер кездеспейді. Ол туралы дерек жазба беттерінде артынан ерткен бір топ қазақ хандығының халқын бастап Шу мен Қозыбасы жеріне бастап келуіне байланысты орын алады. Қазақ хандығы туралы бізге жеткен жазба деректердің бірі – Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» еңбегі. Бұл еңбек негізінен Моғолстан мемлекеті тарихына арналған. Десек те сол кездегі тарихи, саяси жағдайларға байланысты «Тарих-и-Рашидиден» Қазақ хандығына қатысты деректер кездестіруге болады. Қазақ хандығының құрылуына 1457 жылдан кейінгі Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр ханға наразы бір топ халықты бастап батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас бойына көшіп кетуі осы еңбектен белгілі еді.

Ол кезде Жетісуді билеген Моғолстан ханы Есенбұға (1434–1462 жылдары билік еткен) қоныс аударған қазақтарды Әбілхайырға қарсы пайдалану үшін қарсы алып, өз аумағынан қоныс берді. Осы оқиға жөнінде тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде былай дейді: «Ол кезде Дешті Қыпшақты Әбілхайыр хан биледі. Ол Жошы әулетінен шыққан сұлтандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Жәнібек хан мен Керей Моғолстанға көшіп барды. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Моғолстанның батыс шегіндегі Шу мен Қозыбас аймақтарын берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр хан дүние салды да, өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды. Ірі-ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей хан, Жәнібек сұлтанға көшіп кетті. Сөйтіп, олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер – «қазақтар» деп атады. Қазақ сұлтандары 870 жылдары (1465–1466) билей бастады...» /1, 65-б./. Махмуд ибн Уәли қазақ билеушілерінің ауа көшуінің лажсыздан болғандығын атап көрсетеді: «Когда Абу-л-Хайр-хан одержал верх над сыновьями своих дядей в областях Дашт-и Кипчака, некоторые из потомков Тукай-Тимур-хана, имена отцов которых будут подробно упомянуты в перечне имен хаканов, (происходящих от) Тукай-Тимура, вышли из круга подчинения и повиновения (и) предпочли покинуть родину. Отказавшись от унаследованный (от предков) страны, они ступили на дорогу, (ведущую) на чужбину» /2/. Әбілхайырға бағынудан бас тартуының себебін олар мұрагерлік дәстүрлер бұзылды, Ақ Орда хандарының ұрпақтарымыз, біздің билік жүргізуге хақымыз бар деген дәлелмен түсіндіреді. Шындығында сұлтандардың бөлінуінің себебі жеке бастың мәселесінен туындаған өкпе-наразылық емес, өздерін биліктен айырған бүкіл Шайбани әулетіне деген қарсылық еді.

Еңбектердің басым көпшілігінде Жетісу жеріне жылжыған қазақтарды тоқтатуға Моғолстан мемлекетінің күші жоқ еді немесе қазақтарды Әбілхайырға (кейбір жерлерде ағасы Жүніс ханға) қарсы күш ретінде пайдалану үшін қарсы алып, жер бөліп берді деп көрсетіледі. Енді мына бір үзіндіге зер салайық: «Меніңше, Керей мен Жәнібек Әбілқайырдан бөлінбей тұрып, алдын-ала қайда баратынын айқындап, келісіп алған. Қалай болса да екі сұлтан Әбілқайыр ханның қарсыласына кетуді ұйғарғаны «Менің жауымның жауы маған жау емес» деген қағида бойынша, оларға моғол ханы Есен Бұға хан тиімді болады. Екі жақты өзара келісімнің болғандығын төмендегі жағдайлар қуаттайды. Біріншіден, Керей мен Жәнібек қарамағындағы ұлысымен М. Елеуовтың аңызында бір түмен елмен көшкен. Осыншама адаммен, төрт түлік малымен мақсатсыз, бағыт-бағдарсыз көшу ақылға сыймайды. Ұлыспен түгелдей көшуге қарағанда алдын-ала уағдаластық болған. Екіншіден, Моғол ханы Есен Бұға хан сұлтандарды құрмет көрсетіп күтіп алады» /3/.

Деректерде көрсетілгендей, Қазақ хандығының құрылуы екі ханның қол астындағыларды ертіп Жетісу жеріне келуінен бастау алады деген пікірді барлық зерттеушілеріміз қостайды.

Қандай да бір тарихи зерттеулер мен әдебиеттерді алсақ та, оларда Қазақ хандығын құрушылар Керей мен Жәнібек хандар деп айтылады. Енді студенттерде не себептен алғашқы хан Жәнібек емес, Керей болды деген заңды сұрақ туындайды. Бұл мәселеге келер болсақ, қыпшақ мемлекеттілігіндегі өзіне тән дәстүр бойынша хандық билік әкеден балаға емес, әкеден немере туысқа немесе ініге берілетін еді. Моңғол жаулауы салдарынан билік әкеден балаға қалдырылатын болды. Десек те, келе-келе бұл дәстүрді жергілікті халық өздерінің ежелгі дәстүрімен ығыстырып шығарды. Бұл жөнінде Кәрібаев Берекет ағамыз өзінің «Алғашқы қазақ ханы – Керей хан» деген мақаласында былай дейді: «Әбілқайыр ханға дейін Дешті Қыпшақтың билеушісі Барақ хан болған еді. Моңғол дәстүрі бойынша келесі хан оның ұлы Жәнібек болуы тиіс. Жергілікті халық дәстүріне сай келесі билік Барақтың немере туысы Керейге тиді. Ал Керейден соң оның ұлына билік тимей, Жәнібек хан болды. Жәнібектен соң хан Бұрындық болды».

Керей алғашқы қазақ ханы, Ақ Орда ханы Орыстың ұрпағы. Таратып айтар болсақ, Жошының кенжесінің бірі Тоқа Темірден төрт бала: Урук Темір, Өз Темір, Баймұр және Баян. Осының Өз Темірінен төрт бала: Қарақыр, Сарыжа, Абай және Қожа туады. Сарыжадан – Кончак, одан Тұғлу Қожа, одан Тойқожа, одан Тоқтамыс, одан сегіз ұл: Жалаладдин, Жаппарберді, Кепек, Кәрімберді, Ескендір, Бусаид, Күшік, Қадырберді. Қожадан екі ұл: Садық және Бәдік (Әбілғазыда Бадақұл). Осының Бәдігінен бір ұл – Өріс (Орыс), бір қыз – Сиха. Қазақ хандары осы Өрістің ұрпақтары /4, 73-74 бб./. Орыс ханнан – Тоқтақия – Болат –Керей тараған. Ол Болаттың жалғыз ұлы.

Мұхаммед Шайбанидың «Тауарих-и гузида-йи нусратнаме» дерегінде қазақ хандары ретінде Керей хан мен Жәнібектің есімдері кездеседі., ал Камаладдин (Шир) Әли Бинайдың «Шайбанинаме», Молла Шадидің «Фатхнама» деректерінде тек қана Жәнібек есімі кездеседі. Бүгінгі күнге дейін жеткен тағы бір тарихи жазба деректе Керей ханның есімі соңғы рет 1472–1473 жылдары Сырдария жағасындағы қалалар үшін Моғолстан ханы Жүніс хан ордасына Бұрыш оғлан деген сұлтанның шабуыл жасауына байланысты аталады. Аңыз бойынша Керей хан Қазақ хандығында он жылдай билік жүргізген және Хан тауы етегінде жерленген. Соған қарағанда Керей хан 1470 жылдардың басында қайтыс болған. Десе де Керей ханның қай жылы және қандай жағдайда, қай жерде қайтыс болғандығы жайында нақты еш дерек жоқ.

Керей ханның үш ұлы болды. Олар: Бұрындық хан, Қожа-Мұхаммед және Сұлтан Әлі. Керейден тараған Қожа Мұхаммед пен Сұлтан Әлі жайында деректер кездеспейді. Ал, Бұрындық хан жайында оның хандық билікте 30 жылдан астам уақыт отырып, билік жүргізгендігі жайында деректер бар. Содан кейінгі Қазақ хандығының билік тізгіні Жәнібек хан ұрпақтарының қолына түпкілікті түрде өтеді.

Қорыта келе айтарымыз, тәуелсіздікті тәу етіп, Отанымызға қамқор болатын жастарымызды тәрбиелеу жолында аянбай тер төгуіміз қажет. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында білім сапасын арттыруды ең басты мәселелердің қатарына қояды. Кез-келген өркениетке ұмтылған ел ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, білімі мен ғылымын да өркендетуге бет бұрады. Бүгінгі жастарды бабаларымыздың аманаты – Тәуелсіздіктің киесін құрметтеуге, мейірімін арттырып, мәртебемізді өсірген еркіндіктің қадірін бағалай білуге, сол арқылы ұлт пен тарих алдындағы жауапкершілігін жете сезіндіруге тиіспіз.

Әдебиеттер тізімі



  1. Қаражан Қ.С. Қазақстан тарихы. – Алматы «Қазақ Университеті», 2008. –65-б.

  2. Бахр ал-асрар, л. 124а; МИКХ, с. 352

  3. ХV–ХVІІІ ғ.ғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. – А., 1969. –352-б. /Б. Кәрібаев. Алғашқы қазақ ханы – Керей хан. Егемен Қазақстан. – 1997. 22 наурыз.

  4. Салғараұлы Қойшығара. Қазақтар: Роман-эссе. – Алматы: Өнер, 1995. –73-74 бб.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет