Қаржаубай Сартқожаұлы, филология ғылымдарының докторы



Дата04.07.2016
өлшемі92 Kb.
#178505


Қаржаубай Сартқожаұлы,

филология ғылымдарының докторы,


Әлемдік Шыңғыс хан Академиясының академигі

Әлем түркологиясының өзекті мәселелері:

ізденіс, іркіліс, жаңаша тұжырым


Түркология Шығыстанудың бір саласы ретінде ХІХ ғасырдың екінші жартысынан Еуропа мен Ресейде биік деңгейге көтерілді. Түркі халықтарының тұрғылықты мекені Азия мен Еуропа құрлығын алып жатқандықтан геосаяси астары мен мән-маңызы да зор болды. Жаңа жер иеленіп, отаршылдықтың орамын кеңейтуді мақсат тұтқан еуропалықтар мен ресейліктердің саясаты Еуразия құрлығындағы түркі халықтарының тілін, ділін, дінін, тарихын, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін зерттеп, танып білуге құлшына кірісті. Осы саясаттың нәтижесінде Шығыстану ғылымы пайда болды да, оның аса үлкен бір саласы болып түркітану ғылымы дамыды.

Кезінде, ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында, түркологияны әлем аренасына алып шыққан зерттеушілер еуропалықтар болды. Олар өздерін әлем өркениетін жасаушы ұлт ретінде түсінді де, шығыстағы түркілерді қолынан іс келмейтін, артта қалған жабайылар тобына енгізді. Осы тарихи қате түсінік олардың ғылымында, зерттеу еңбектерінде бірегей қалыптасқан ұғымға айналды.

Әлемді Батыс және Шығыс деп екіге бөліп, Шығыс – жабайылар, Батыс – өркениет иесі деген түсінікті танымдық ұғым мәртебесімен дүние жүзі халықтарының санасына сіңіріп жіберді, еуроөктемдік саясат жүргізіп, тұтас идеология ретінде қалыптастырды. Бұл сол дәуірдегі ғалымдардан бұрын, олардың қарым-қабілетіне ойлау жүйесіне сіңіріп қалыптастырған бүкіл қоғамның қателігі еді. Сол дәуірдің зерттеушілерін қоғам солай тәрбиеледі. Олар еуроөктемдік қазанында қайнап пісіп, еуроөктемдік ауруына шалдыққандар еді. Мәселен, түркі этносының әлем өркениетіне қосқан үлесін бағалауға келгенде зерттеушілер еуроөктемдік саясаттың жетегінде кетіп, түркі халықтарының ондаған мыңжылдар бойы жасаған мәдени-рухани құндылықтарын жоққа шығарып, түркілердің өзінен өгейсітіп, өзгеге теліп жіберіп отырды.

Зерттеуші ғалымдар қателікті ғылыми тұрғыда дәлелдеп біткенше, шығыстық «жабайылар» өздерінің кім екенін, қолдарынан қандай іс келетінін, Батыс адамдарының жасайтын дүниесінен кем емес жасампаз екенін дәлелдеу ісі тоқтамайды. Бүгінгі күні Батыс, Шығыс деген ұғымның ара салмағында мән қалмады. Батыста бар өркениет шығыста да бар, батыста бар мәдениет шығыста да бар. Қарт Еуропаның зиялылары шығыстан үйрену үстінде. Шығыс бүгін мәдениет пен өркениеттің қайнаған қазаны. ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басында Еуропада қалыптасқан ұғым, түсінік ескірді. Оны ескіртіп отырған жалаң уақыт емес, өркендеп, өсіп, дамып келе жатқан ғылыми ізденістер, зерттеулер, жаңадан ашылып жатқан құндылықтар. Еуразияның ұлы даласынан табылып жатқан ежелгі сақтардан (скиф) монғол империясына дейінгі дәуірлерде жасалған тарихи-мәдени құндылықтар тарихқа жаңа көзқараспен қарауға міндеттеп отыр.

Әлем тарихының парағына жазылып, әбден қалыптасқан тарихи ұғымдарға сын көзбен қарап, өзгертпейінше, түркология ғылымының мәселелерін шешу мүмкін емес.

Түркология ғылымы алғашында филологиялық бағытта өрбіген еді. Бүгінде тарих, этнология, археология, философия, мәдениеттану ғылымдарының зерттеу нысанына айналды. Сөйтіп, түркология ғылымының зерттеу нысанының кеңістігі кеңейіп, құлашын кеңге жайып отыр. Түркітануға Ресей ғалымдарының сіңірген еңбегін ерекше айта кеткеніміз жөн болар. Солардың жасап кеткен биіктігін аласартпай, нәтижелеріне сүйене отырып, мәселені тереңдете зерттеу әлем түркологтарының алдында тұрған үлкен жауапкершіліктің бірі деп есептейміз. Өкініштісі, ХХ ғасырдың екінші соңына қарай түркология Ресейде ғылымнан гөрі саяси мүддеге қызмет еткені де көзі қарақты зиялы қауымға мәлім.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Ресейдегі түркологияның қарымы әлсіреді. Түркологияны зерттеуге арнайы қаржы қарастырылмайтын болды. Журнал жабылды. Дүние жүзі түркологтарының Ресейдегі қауымдастығы тарап кетті. Есесіне посткеңестік кеңістіктегі түркология ғылымын жерге түсірмей іліп әкетуге Қазақстан ғалымдарының дайындығы да, әлеуеті де бар екенін уақыт айғақтап отыр. Түркістан қаласында Дүние жүзі түркологтар ассоциациясы құрылып, «Түркология» журналы шыға бастады. Түркістанда екі мәрте, Еуразия ұлттық университетінде үш мәрте халықаралық түркология симпозиумы өтті. «Орхон ескерткіштерінің толық Атласы» (І том), М.Қашқаридің «Диван луғат ит-түрк» («Түркі тілдер сөздігі»), Баласағұнның «Құтадғу білік» іспетті іргелі еңбектердің жаңаланған нұсқаларымен қатар ондаған монографиялар жарық көрді.

Бұл еңбектер классикалық түркология мектебі Қазақстанда өрлеу үстінде екенін паш етуде. Құдайға шүкір, түркологияның түпнұсқалық тілін меңгерген мамандар шоғыры да дайындалды. Олар ежелгі және байырғы бітіг (руника) мәтіндерінен бастап, көне манихей, соғды, уйғур, армян, араб, перс, монғол, қытай және кітаби нұсқаларды еркін оқиды. Бұл жетістік қазақстандық түркологтар ежелгі, байырғы және ортағасырлық түпнұсқаларды біреуге жалтақтамай, ешкімнің көмегінсіз, өздері оқып, зерттеп, ұлтының арғы тарихын, тілін, мәдени-рухани құндылықтарын жаңғыртатын деңгейге жеткенін көрсетеді. Жазба жәдігерліктердің сыртында археологиялық мұралардың хронологиясын белгілеп, оның құндылықтарын анықтауда басқаларға үлгі болатын деңгейде екенініміз де көңіл марқайтатын табыс. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының аясында археолог ғалымдарымыз білек сыбана кірісіп, іргелі нәтижелерге қол жеткізгені осыған айғақ-дәлел.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев соңғы жылдардағы жолдауында және 2006 жылы өткен түркітектес мемлекеттер басшыларының ҮІІІ самитінде Түркі Республикаларының одағын құру мәселесін көтеріп еді. Жуықта Анкарада түркі мемлекеттерінің парламентаралық үлкен жиынында Түркия жұмқыриятының президенті Абдулла Гүл бұл мәселені қайта көтеріп, түркітектес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясын құру туралы келісімге қол қойылды. Міне, мұның барлығы әлем түркологиясының алдына үлкен жауапкершілікті жүктеумен қатар, ғылыми әрі саяси қоғамдық қажеттілік туындап отырғанын көрсетеді.

Жаһандану дәуірінде, халықтар бір-бірін терең түсінісу ауадай қажеттілікке айналған заманда, түркі халықтарының ғасырлар тереңінен тамыр тартқан тарихын, мәдени-рухани құндылығын танып білу үлкен ғылыми-танымдық, практикалық сұранысқа ие.

Түркология – әлемдегі түркітектес 38 ұлт пен ұлыс, 160 миллион халықтың мақтан тұтар мәдени-рухани құндылығы, патриоттық сезіміне қан жүгіртіп, қуат беруші ғылымы. Түркология – бүкіл түркітектестердің бірігетін ғылыми Күлтөбесі, Ордабасы. Түркі ұлдары мен қыздары осы ғылым арқылы рухтанып, ұлтына деген мақтанышы мен махаббатына мәйек жинайды. Түркітектестердің ары мен намысының сарқылмас рухани кені – түркология.

Осы әлем түркологиясының алдында тұрған, тым күрделеніп кеткен проблемалар қаншама. Олай болса, сол өзекті мәселелерге тоқталайық.

1. Тарихи қате қалыптасқан көзқарастарды өзгерту.

Түркология ғылымы алғаш қалыптаса бастаған кезеңдерден бастап түркі халықтарының ондаған мың жылдар бойы мекендеген атамекенінен табылған ежелгі сақ (скиф) тарихи-мәдени құндылықтарын басқаға теліп жіберіп отырды. Сақтар (скиф) түркі халқының арғы тегі екенін ғалымдар бүгінге дейін толық мойындамай келді. Бүгінгі күні ғылым мен техниканың жетілген дәуірінде ХХІ ғасырдың биігінен қарап, қате түсініктерді өзгерту Сіздер мен біздердің міндетіміз. Мысалы, скифтер (сақ) – парсылар. Олардың жасап қалдырған ұстындары – бұғытастар, қорғандары, даналық өрнектері (зверийный стиль) парсылардікі деген түсінік қалыптастырды. Идеяның жақтастары В.И.Абаев, В.А.Кузнецов, Г.Гафуров, т.т. с.с.

Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бұл тұжырымға ресейдің кейбір ғалымдары сын көзбен қарай бастады. Олар Л.А.Ельницкий (1977 ж), М.Закиев (1986-1995 ж), К.Т.Лайпанов (1993 ж), И.М.Мизиев (1986-1993 жж), И.П.Каралькин (1978 ж), Ф.Мамедова (1989 ж). Сібір, Қазақстан зерттеушілері археологиялық құндылықтармен қатар тарихтың атасы атанған Геродоттан тартып, еуропалық түпнұсқаларға сараптама жасай отырып, сақтар (скиф) түркітектес екенін анықтауда.

Сақтардың (скиф) тілдік аспектісіне сараптама жүргізген М.Закиев, П.Гасанов, Адиля Айда, О.Сүлейменов «скиф» атауының өзі түркі лексиконы екенін дәлелдеді. М.Закиев, П.Гасанов, О.Сүлейменов б.з.б. ассирия жазбаларында «скиф» деген атауды «іčkuz» деп белгілегенін нақты түпдерек ретінде ала отырып ежелгі «ič-oɣuz» атауын ежелгі гректер «ςκνθ» («skuth») деп белгілесе, византиялықтар «skуth» деп оқығанын көрсете отырып, «скиф» атауы «ič-oɣuz» деген бабатүрік атау екенін лингвистикалық тұрғыдан дәйектеді, ондаған скиф (іч-оғуз) атауларына жаңғыртпа жасай отырып ежелгі бабатүркі лексиконы екенін анықтады. Онда:



  • Тарғытай ≈ тарығ егін (байырғы түрік – БТ); сой ≈ той ≈ тай – тайпа (БТ) егінші тайпа.

  • Липоксой ≈ ілпек шекара (БТ) сой = тайпа (БТ) шекаралық тайпа.

  • Арпаксай ≈ арпа = арпа (БТ); сой – тайпа.

  • Колоксай ≈ кола ≈ қала = қала (БТ).

  • Абаба ≈ аб = аң аулау (БТ) немесе еb = үй (БТ); аба = апа (БТ).

  • Аримасны ≈ иарым = жарты (БТ); сепі = кішкентай ғана ашылып тұрған көз. Өйтсе «Иарымсепі» = қыли көз (БТ).

  • Агафирс ≈ Агадирос ≈ ыгач = ағаш (БТ), ir/еr = ер (БТ), -ос грек тілінде атауды көрсететін жалғау.

  • Геракл ≈ Жір/жеракл = жерқұты (БТ).

  • Гелон ≈ жылан (БТ) (М.Закиев, Татары: проблемы истории и языка. Казань, 1995, с. 20-23) т.т. с.с. жүздеген сөздерді атауға болады.

Міне, бұл деректер ежелгі іч-оғуздар (скиф) бабатүркі тілінде сөйлегенін көрсетеді. Ал Ю.Немет, В.В.Латышев, К.Т.Лайпанов, М.Закиев, И.М.Мизиев іспетті зерттеушілер ежелгі іч-оғуздардың (скиф=сақ) этномәдениетіне, палеоэтнографиясына, этникалық құрамына сараптама жасай отырып, Сібір, Кіндік Азия, Орта Азия, Еділ бойының түркі тектес тұрғын халықтармен ұқсастығын анықтады.

Енді бұған соңғы кездері Сібірде, Қазақстанда жүргізілген антропологиялық және генетикалық сараптамалар нәтижелерін қоссақ, ежелгі сақтар (скиф=іч-оғуз) түркітектес екеніне күман қалмайды. Осы проблеманы түбегейлі шешіп, әлем зерттеушілерінің бір тұжырымға келуін түркология қамтамасыз етеді.

2. Монғол үстіртінен Дунайға дейінгі Еуразия құрлығынан табылып отырған адам мүрдесіне жасалған антропологиялық зерттеулерге де сын көзбен қарайтын уақыт жеткен сияқты. Монголоид болса, түркілер деп, аралық немесе еуропоид болса, парсыға итере салу антропология ғылымында орын алған. Бүгінгі түркі тектес 38 халықтың 70-80 % аралық және еуропоид нәсіліндегілер, қалған 20-30 % ғана монголоидтар. Керісінше, сол адам мүрдесіне генетикалық зерттеулер жасап, ДНК, РНК құрамына қарай тұжырым жасау қажет екендігін соңғы жылдары генетика ғылымының нәтижелері көрсетті.

3. Тарих ғылымында түркілер бірыңғай көшпелі-номадтар деген тұжырым орныққан. Бұл әлдеқашан ескірген түсінік. Бір ғана монғол жерінде б.з. Ү-Х ғасырлар аралығында Орда-балық, Бай-балық, Қатын-балық, Өтүкен-балық, Мағы қорған, Езгенті-қадаз деген түркілердің алты қаласы болғаны бітіг мәтіндерінде де, бүгінгі археологиялық қазбалар арқылы да белгілі болып отыр. Онымен қатар ҚХР-дың территориясында немесе Шығыс Түркістанда түркі дәуірінің бірнеше ондаған қалалары, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Сібір (Хакасия, Алтай) жерлерінде ертеорта ғасыр мен ортағасырда тұрғызылған жүздеген қалалар бой көтерген.

Ежелгі және байырғы түріктер қала мәдениетімен қатар егін шаруашылығымен айналысып келгені бүгінгі күні жасырын емес. Жетісу, Сыр бойы, Тәңіртау алабы, Тұрфан ойпаты, одан солтүстікке қарай Орхон, Сэлэнгі, Тоғалы өзендерінің алқабы, Оңтүстік Сібірдегі Тұран ойпаты, Минус ойпаты егіндік аймақтар болғанын ғалымдар жазып та, дәлелдеп те келеді. Олай болса, ежелгі, байырғы және ортағасырдағы түркі халықтары бірыңғай жалаң көшпелілер емес, қала тұрғызып, егіншілік, бау-бақшалық жер мәдениетін игерген, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы халық болғанын тарихи әдебиеттерде жазып, ғылыми тұжырымын жасайтын уақыт туды.

Гректің «namados» (көшіп жүретіндер) деген атауы туралы ғалымдар мынандай түсінік берген: «тұрақты мекені жоқ, белгілі шаруашылықпен айналыспайтын, тек қана күн көріс мақсатында қоректік азық іздеп тынымсыз көшіп жүретін кезбелер». Бұл әлемдік Антропологиялық сөздік пен Британ энциклопедиясының анықтамасы. Еуропалықтар бізді «номад» (көшпелі кезбе тобырлар) десе, біз бас изеп ыржалаңдап, «иә, біз номадпыз (көшпелі тобырмыз)» деп келдік. Түркология ғылымы енді осы мәселеге нүкте қоятын биікке көтерілуі керек.

4. Ежелгі және байырғы түркілердің әлемді, қоғамды түсіну дүниетанымдық философиялық ұғымдарын күні бүгінге дейін толыққанды сараптап үлгірген жоқпыз. Байырғы түркілер жазба жәдігерліктерінде философиялық ой-тұжырымын анық белгілеп, оның амал, білік категорияларын жазып қалдырса да оған мән бермей еуропалықтардың көзқарасымен, солардың дүниетаным түйсігімен қарап, өз дүниемізді өзіміз тап басып айта алмай келеміз.

5. Байырғы және ортағасырлық жәдігерліктерде жазып қалдырған түркі руханиятының ішкі құрылымына, ішкі дүниесіне зерттеушілеріміз түркілік дүниетаныммен тереңдеп кіре алмай отыр. Керісінше, жаттың көзімен, жаттың психологиясымен қарап, сырттай тамашалаушы деңгейінде қалуда. Енді, осы жәдігерліктерге тереңдеп кіріп, ертеортағасыр мен ортағасырдағы түркілердің саяси-әлеуметтік жағдайлары мен діні, ділі, моралдық этикасын зерделеп сараптайтын уақыт жеткен сияқты.

Жоғарыдағы жәдігерліктерге үңіле отырып, түркілердің «мәңгілік ел» мұратына мәңгілік мемлекет құру идеясына сараптама жасап, сол дәуірдегі шаруашылықты ұйымдастыру ерекшелігі, қорғаныс құрылымы, әлемдік проблемаларды шешіп келген ізденістерін, табыстарын әлем ғылымының аренасына алып шығу жауапкершілігі Сіздер мен біздердің мойынымызда.

6. Ежелгі және байырғы түріктердің өнері қақында зерттеулер де тым мардымсыз. Түркілердің ауыз әдебиеті біраз зерттелгенімен әлі де болса «ақтаңдақтар» бар.

Ал бейнелеу өнері, музыкалық өнері туралы еңбектер жоқтың қасы. Бейнелеу өнерін тереңдеп зерттесе, ол сол дәуірдің тарихынан, мәдени-рухани құндылықтарынан, дүниетаным түсінігінен мол ақпарат береді. Бейнелеу өнері түркілердің ойлау кемелдігін, әлемді түсіну түйсігін, ортаны қабылдау түйсігінің мүмкіндігін паш етеді.

1967 жылға дейін еуропалықтар Испания мен Франция территориясынан б.з.б. 20-30 мың жыл бұрын сызылған Фон де Гом, Ляско, Кастоло, Пеш-Мерль Альтамир, Ле Бютдю Монд іспетті жерлердегі үңгір суреттерін тапқаннан кейін «әлем көркем суретінің атасы - Еуропа» деген тұжырым жасаған еді. Ал 1967 жылы кеңес ғалымы А.П.Окладников Монғол Алтайдың Хойт-Цэнхэр (Солтүстік Сеңгір) үңгірінен б.з.б. 20-30 мың жыл бұрын сызылған үңгір суреттерін тауып жариялаған соң еуропалық өнер зерттеушілердің арыны басылғандай болды. Алтайдан табылған Солтүстік Сеңгір үңгір суреттерінің бейнелеу шеберлігі, тақырыбы, құрылымы жоғарыдағы Испания, Франция үңгірлерінен табылған суреттермен бірдей. Алтайдың тұрғылықты тұрғындарының сызып қалдырған осы бір ғажайып гравюраларын бүгінгі күні біз ұрпаққа насихаттап, мақтан етіп үлгірдік пе? Әрине, жоқ.

Алтай тау жотасының тұрақты тұрғындарының осы өнерінің кейінгі жалғасындай болып әлемнің бейнелеу өнеріне аса қомақты олжа салған іч-оғуздардың (скиф) «даналық өрнегі» (зверийный стиль) өмірге келді. Іч-оғуздардың әлем бейнелеу өнеріне алып келген мұндай құдіретті дүниенің ішкі құпиясына терең бойлап, шеберлігі, құрылымы, ерекшелігін далалық көшпелілер дүниетанымына сүйене отырып жазылған ғылыми еңбектер әлі де аз. Оны айтпағанның өзінде «звериный стиль» (жануарлар немесе аң бейнелі) деген атаудың өзі орнын тауып тұрған жоқ. Еуропалықтар өз түсінік-түйсігімен қалай атаса да біздер оны сол қалпында қайталап кете бардық. Іч-оғуздар жыртқыш аңды ғана бейнелеп қойған жоқ, жануарларды да, адамды да, өсімдіктерді де, ою-өрнектерді де бейнелеу өнерімен аманаттаған. Сол стилмен әлемдік бейнелеу өнеріне, өркениетіне үлкен жаңалық әкелді. Соңғы жылдары қазақ ғалымдары бұл өнерді «даналық өрнек» деген атаумен атай бастады (А.Сейдімбек). Неге біз осы атауды алмасқа? Ал осы «даналық өрнек» іч-оғуздардан (скиф) кейінгі ғұндарда, одан кейінгі көк түріктердің өнерінде бүкіл Кіндік және Орта Азия түркі халықтарында сол қалпымен қайталанып отырғанын әлем зерттеушілері жақсы біледі. Демек, осы өнердің жалғастығы, дәстүршілдігі қақында ғылыми ізденіс керек-ақ.

Іч-оғуздардан (скиф) көп кейінгі Көк түріктердің мүсін өнері туралы айтылған сөз жоқ. Көк түріктер мүсінді «аңыр» деп атап, дүниеден өткен ұлы қайраткерлеріне аңыртас (мүсінтас) қойып келгенін біреу білсе, біреу білмейді. Осы аңыртастардың (мүсінтас) шеберлігі, орындалу ерекшелігі туралы әлі үнсіз отырмыз.

7. Байырғы түріктердің жазу мәдениеті де үлкен проблемаларға шылбыр ұстатады.

Бұған дейін батыс зерттеушілері байырғы түрік бітігіне (руника) байланысты арамей және соғды теориясына жүгініп келген еді. Г.Клосон, В.Лившиц, С.Г.Кляшторный: байырғы түрік бітігі соғды әліпбиінен алынды дейтін теориясы ғылыми негізі мен ұстанған әдістемесі әлсіз болғандықтан бүгінгі күні ғылыми айналымнан шығып қалды. Ал арамейден үлгі алды деген теорияға сын көзбен қараған зерттеушілер арамей таңбасына ұқсайтын алты-ақ кескін бар екенін дәлелдей отырып, қалған 28 таңбаның кескінін қайдан алды деген уәж айтқан еді. Ақыры бұл теория да кейінгі зерттеушілерді қанағаттандыра алмады.

2002 жылы жарық көрген О.Сүлейменовтың «Тюрки до истории (О происхождении древнетюркских языков и письменностей») атты еңбегінде б.з.б. ҮІІ ғасырдағы ассирия жазуының таңбаларынан үлгі алды деген ұсыныс бар. Ассирия жазу таңбалары арамей жазуының бір үлгісі. Бұл еңбегінде методологиялық үлкен қателікке ұрынған О.Сүлейменов б.з. ҮІ ғасырдың екінші жартысынан кейін реформа жасалған Орхон-Енисей таңбаларының кескінін б.з.б. ҮІІ ғасырдағы ассирия (арамей) таңбаларына күшпен таңып, байырғы түрік бітігінің таңба кескіндерінің бас үлгісі ассирия (арамей) таңбаларынан алған деген тұжырым жасаған.

Б.з.б. ХІҮ-ҮІІІ ғасырлардағы Инь, Чжоу дәуірінде қалайы қаңылтырда шыңалған байырғы түрік әріп кескіндері, Қытай қорғанының солтүстік сыртындағы Жэхэ, Чэндэ деген жерлерден табылған Сюнну (Хунну) пышақтарындағы әріп кескіндері, б.з.б. ҮІІІ ғасырда жазылған Тэвш-ула, б.з.б. ҮІІІ-Ү ғасырларда жазылған Шірік-рабат, б.з.б. ІҮ-ІІІ ғасырларда жазылған Есік, Сібір, монғол жерінен табылған Сюнну (Хунну) таңбалары, Орта Азиядан табылған Ашықтас, Тозбұлақ, Алтын-асыр, Испарин І, ІІ (б.з. І-Ү ғ), Монғолия, Оңтүстік Сібірден табылған реформадан бұрынғы байырғы түрік жазуларының таңбаларының (б.з. І-Ү ғғ) кескіндерінің бірде біреуін көрмей, қарамай, салыстырмай тұрып аспаннан түскендей Орхон кескіндеріне ассирия кескіндерін күшпен таңып салыстыру ғылыми негізсіз.

Ал біздің соңғы жылдары байырғы түрік бітіг кескіндеріне жүргізген зерттеулеріміз байырғы түрік бітіг кескіндері түркі халықтарының төл туындысы екенін көрсетіп берді («Байырғы түрік жазуының генезисі». Астана, 2007 жыл).

Ежелгі және байырғы түрік жазу таңбаларының осыншама мол кескіндерін сапырылыстыра, салыстыра сараптап қарағанымызда, тек қана осы таңба кескіндері арқылы шығыстан (Кіндік Азиядан) батысқа Қос өзенге дейін Сюуннулардан (Хунну) бұрын екі рет ұлы көш (қоныс аудару) болып өткеніне көз жеткіздік. Оның айғағы ретінде этрус жазуы, арамейдегі түрік таңбаларының бірлі-жарым кескіндері, шумер тіліндегі лексика, т.т. с.с. ондаған деректерді алға тартуға болады. Бұл ұсыныстарды қорытып, байырғы түрік бітіг жазуының шығу тегі қақында келешекте бір тұжырымға келу проблемасы алда тұр.

8. Ататүрік тіл (пратюрк) проблемасы. Бұл мәселемен ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бері әлем түркологтары үзбей шұғылданып келеді. 1882 жылы атақты В.В.Радловтан бастап В.Гренбек, Х.Педерсон, Г.И.Рамстедт, Н.Н.Попле, Г.Дорфер, М.Рясянен, Ж.Эмре, Ю.Ф.Немет, Л.Легети, К.Г.Менгес, А.М.Щербак, Б.А.Серебренникова, Н.З.Гажиева іспетті әлемнің белді ғалымдары қазіргі тірі түркі тілдерін өзара салыстыра отырып, сараптама жүргізіп, ата түркі тілінің дыбыс жүйесінің жаңғыртпасын жасады. Ата түркі тілінің алғашқы нұсқасын жаңғыртып шығару үшін қолданған бұл компаративтік әдістеменің нәтижесі болжамнан аспай отыр. Жоғарыда аты аталған ғалымдардың ғасырдан астам уақыт бойы жасаған теориясын дәлелдеу ісі бүгінге дейін өмірде іске асқан жоқ.

Түркі тілі теоритиктерінің болжамын өмірде тексеретін мүмкіндік әлдеқашан туған еді. Жоғарыда аталған сақ (скиф) жазуларының сыртында соңғы жылдары ЕҰУ-дің экспедициясы Монғол Алтайынан үш дана ежелгі іч-оғуз (скиф) жазуын тапты. Осы жазуларды оқу барысында ғалымдардың ата түркі тіл теориясына байланысты болжамдарының анық-қанығы айқындалатын болады. Дәл осы арада баса айтатын бір жай ежелгі сақ (скиф) мәтіндерін Орхон-Енисей жазуының жүйесімен оқуға келмейді. Орхон-Енисей мәтіндері түрік бітігке реформа жасалғаннан кейінгі нұсқалар. Сондықтан да сақ (скиф) жазуының оқу жүйесін жасау қажет. Сонда ғана ежелгі сақ (скиф) тілінің құпиясын ашып, ғалымдардың компаративтік болжамдарының дұрыс-терістігіне нүкте қоя аламыз.

9. Белгілі түрколог Э.В.Севортянның басшылығымен «Түркі тілдерінің этимологиялық сөздігі» 1974 жылдан шыға бастап еді. Оның соңғы томдары Н.З.Гаджиева, А.С.Левитскаяның редакциясымен жарық көрді.

Осынау аса құнды еңбектің небары дауысты дыбыстар мен б, в, г, д, ж, з, й әріптеріндегі сөздердің сөздігі ғана жарық көрді. Енді қаншама әріптерден басталатын түркі лексикасының сөздері қалып тұрғанын есептей беріңіздер. Мұндай іргелі еңбекті жасап шығару бүгінгі Ресей Ғылым Академиясының Тіл білімі институтына ауыр жүк екенін түсінеміз. Қалған әріптерін түркі республикаларындағы тіл білімі институттары бірігіп шығаруға бастама көтерсе, нұр үстіне нұр болар еді.

10. Батыс, шығыс зерттеушілері түркология ғылымын классикалық және этникалық түркология деп бөліп қарастыра бастады. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы дәуірлерден бастап б.з. ХҮІ ғасырға дейінгі дәуірдегі түркілік рухани құндылықтар – классикалық түркологияның зерттеу нысаны. Ал ХҮІ ғасырдан соң түркі халықтары өз мемлекеттерін орнатып әрқайсысы өз тілін, тарихын, әдебиетін, өнерін зерттеп алып кетті. Бұл дәуірде қазақтану, қырғызтану, өзбектану, азербайжантану, түркіментану деген сияқты ғылыми сала пайда болып осы ұлттар мен ұлыстардың тілін, тарихын, өнерін зерттейтін арнаулы жеке-жеке ғылыми институттар құрылды. Бұл дәуірдегі жекелеген ұлттардың тарихи мемлекеті орнатуына орай этникалық түркология деп атап келеді.

Біздің негізгі күш салып зерттейтін саламыз классикалық түркология. Бүгінгі түркі халықтары үшін ғылымның бұл саласы аса қажет. Кейбір республикаларда мамандар болса, енді бір қайсысында маман жоқ. Оның сыртында үш жүз жылғы Ресей отаршылдығының зардабы, батыс еуроөктемдіктің психологиялық қысымы ежелгі және байырғы түркі мәдениетіне тереңдеп зерттеуге қолбайлау болып келгенін ашық айтуымыз керек.

Біздің бұл айтқандарымыз әлем түркологиясының өзекті көкейтесті мәселелері. Осы проблемалар ары қарай салалана мыңдаған мәселелердің шешілмей, шешуге мүмкіншілік тумай отырғаны жасырын емес.

Демек, әлем түркологтары жоғарыдағы өзекті мәселелерге көңіл бөліп ғылыми сараптамаларымызды арнасақ, түркологияның дамуына үлкен үлес қосқан болар едік.







Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет