Асанұлы Қ. Е. А. Букетов публицистикасындағы ой мен тіл үйлесімі / Қ. Асанұлы // Ақиқат. – 2002.– №1. – 91-94 б



Дата15.06.2016
өлшемі84.11 Kb.
#137136
Асанұлы Қ.

Е.А.Букетов публицистикасындағы ой мен тіл үйлесімі / Қ.Асанұлы // Ақиқат. – 2002.– №1. – 91-94 б.
Ғалым Өмірзақ Айтбаев «Көркем әдебиетке — көркем тіл» атты мақаласында: «Әрбір тілдің ішкі сырына бойлап қарасаңыз, жүйе-жүйесімен жіктеліп, жалғасып, ұласып жатқан бір үздіксіз құбылысты байқауға болады. Тілдің осы жүйелі болмысын меңгерген адам қашанда сауатты сөйлеуге, сауатты жазуға бейім. Ал жазу өнеріндегі кемшіліктің көбі осы жүйеге мән бермеуден туа ма деп ойлаймыз», — деп жазған болатын.

Букетовтің шығармашылық мұрасын оқып, оны зерделей білген кез келген оқырман ең бірінші қаламгердің тілдік қуатының құнарлылығына тәнті болар еді. Букетов публицистикасының негізгі арқауы уақыт талабынан туындаған көкейкесті мәселелерді көтеруге арналған. Адамдар бойындағы асыл қасиеттер мен қоғамдағы әр түрлі ахуалға деген ғалым көзқарасы үнемі шығарма шындығына айналып, оқырман санасына ой саларлықтай салмақты пікірлерімен нұр шашып тұратын. Ғалымның терең ойларын барынша айшықтандырып тұратын көп компоненттердің бірі — оның құнарлы тілі.

Шоқан туралы жазған деректі хиқаяттың қолжазбасын оқыған белгілі сөз зергері Ақселеу Сейдімбековтің: «Тіліңізге сүйсіндім» — деп ағынан жарылуы Букетовтің қаламгерлік шеберлігін айқындай түсетін шынайы пікір болып табылады. Көптеген қаламгерлерге тән ортақ қасиет Табиғат, Адам, Қоғам бірлігі Букетов шығармаларының да негізгі объектісі. Осы үш тағанның өз ара байланысын қамшының өріміндей қиюластырып, әдемі жеткізе білу қаламгер ойының тіл кестесімен шебер ұштасқанын аңғартады.

Букетов шығармаларындағы ой тұтастығының беріктігі соншалық, дәл қазір мына бір жерін оқып көрелікші деп бөле жарып қараудың өзі сөлекеттік туғызар еді. Өйткені белгілі бір тақырып аясында жазылған проблемалық мақала тілінің бір-бірімен жымдаса өрілгені соншалық оның бірер сөйлемін оқшаулаудың өзі әдемі ғимараттың бір кірпішін суырып алғанмен бірдей. Бұл жағдай, әсіресе, қаламгердің ішкі толғаныстарына құрылған. «Адам болам десеңіз», «Алғашқы сабак», «Алтын босағаны аттағандарға», «Табиғат – тіршілік көзі» атты мақалаларында айқын байқалады.

Филология ғылымының докторы Мүсілім Базарбаев: «Тіл — ең алдымен құрылыс материалы: жазу-сызу дәстүріміздің де көркем әдебиетіміздің де құрылыс заты.

Онан сәулетті сарай тұрғызуға да болады. Жай қарапайым үй салуға да болады» — дейді. Бұл теңеу соншалықты қарапайым болғанымен, мәні өте зор. Зерттеуші ғалымның осы теңеуіне мынандай ой қоссам қателеспеспін. Қаламгердің тілі кірпіш, ойы іргетас! Яғни кірпіштің әдемі өрілуін, беріктігін сақтайтын, оның болашақта шөгіп кетпей, еңселі болуын қамтамасыз ететін іргетас. Сәулетті ғимараттың ғұмыры оның іргетасының беріктігімен тікелей байланысты. Букетов шығарманың тілі әсіре қызыл, алып-ұшпа мінезден ада. Діттеген межесіне қону үшін айнала ұшқан құс сияқты өзін де, оқырманды да жалықтырып алатын кейбір қаламгерлердей көп сөзділік Букетовке жат қасиет.

Бұл пікірді келтіріп отырған себебіміз, Букетов өмір сүрген дәуір Кеңес үкіметінің өсіп-өркендеу уақытымен тұспа-тұс келді. Ана тіліміздің өгейлікке ұшырап, орыс тілінің үстемдік алуы, ұлттық өнер мен әдебиетке барынша кері әсерін тигізіп бақты.

Егіз-қатар екі тілде ой мен өнер адамдары туралы толғаныстары, әдебиет пен театр туындыларын талдаған эстетикалық еңбектері, оқу-білім, ғылым тақырыбындағы ағартушылық көзқарастары, тәлім-тәрбие, парасат жөніндегі келелі ой-пікірлерін қамтитын Букетовтің публицистикалық шығармаларын­дағы тіл мен ой тазалығының сақталуының өзіндік құпиясы бар. Ол құпия кілті қаламгердің екі тілде еркін жазып, екі тілде ойлана алуында жатыр. Әсілі, екі тілде жазатын қаламгер басқаларға қарағанда шығармаларына өте сақтықпен, жауапкершілікпен қарайтындығы табиғи құбылыс. Өйткені мен бұл шығармамды мына тілде жазам деген қаламгер сол жолда ол тілдегі шығармасына барлық ой, сана-сезім, таным-түйсігімен, парасат-білімімен беріле, іздене жазады. Бұл шығармашылық өмірде кездесіп жүрген факт.

Мысалы, Букетовтің «Жас Қаныш» деректі хиқаяты орыс тілінде жазылған. Орыс тілді оқырмандардың ойлау жүйесі мен қабылдау танымына лайықты тілмен жазылған бұл шығарма өте тартымды жазылған. Ол туралы кітапқа берген анықтамада: «Шығарма орыс тілді оқырманға арналып жазылғандықтан, автор қазақтың тұрмыс-салт, әдет-ғүрып, тәлім-тәрбие ерекшеліктеріне кеңірек тоқталып, қызғылықты баяндап отырады», ­ делінген.

Букетов қаламының су төгілмес жорғалығы, тіл мен ойының шебер үндесуі, «Жас Қаныш» деректі хиқаятында барынша ашылған.

«Дін мұсылманның киелі кітабы — Құранның астар бетіне мұкияттап араб әрпімен түсірілген сол күннен бастап, Ғабдұл-Ғани аталған сол нәресте де ата-анасы, күллі зәузаты кешкен аттың жалы, түйенің қомында дейтін салқар тіршіліктің кішкентай бір бөлшегіне айналды».

Мұндағы, зәузаты, аттың жалы, түйенің қомы, салқар тіршілік сөздері сөйлем мағынасына нәр беріп, қазақы ұғымның қасиетін жарқырай көрсетіп тұр. Сондай-ақ бұл күндері қолданыстан шығып ұмыт бола бастаған:«Қам кесек», «қыртыс шым», «қайыс әбзел», «қаптың түбі қағылған қара өзек шақ», «ексімдеп соққан жел» т.б. қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты көптеген сөздерді осы шығармадан кездестіруге болады. Орыс халқы көп қоныстанған солтүстік өңірде туып-өскен, балалық шағынан орыс тәрбиесін, білімін алып өскен Евнейдің туған халқының салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін жетік білуі, оның өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігін аңғартады. Букетовтің қай шығармасында болмасын ұлттық рух, ұлттық болмыс қашанда биік тұрады.

«Шынайы шешен — жарқын тұлға. Оның ойлау, сөйлеу мәнері, кескін келбеті, рухы, тәжірибесі, ішкі мәдениеті, білім өрісі, дүние-танымы, талант табиғаты, жан-тән қуаты, мінбедегі тәртібі, ым-ишараттары, дауыс ырғағы қызықтырмай қоймайды» (Негимов С. Шешендік өнер. Алматы. 1997. 23-бет). Евнейдің табиғат пен адам арасындағы кіршіксіз таза махаббатты көркем сөзбен кестелеуінің өзі ғажап: «Молдабек ауылынан Қаныш ерте аттанған. Оған көкжиектен жаңа көтерілген күн таңғы мұнарды селдірете түсіп, аспанга асқақтай шаншылған қарағайларды бірте-бірте айқындай келетін осы шақ қатты ұнап еді».

«Дәл қазір күздің сары-жалқын бояуына малынған бұталар мен дәурені өтіп, өңі қаша бастаған қалың қау жаз бойы гранит жақпарларына жармасып, өлермендікпен жоғары өрлей берген; сонысына қарап, оларды тастың жон арқасын тесіп, тура өзегіне шеңгелін салған, енді жылма жыл ырғап, берекесін алып, түптің түбінде құм-топыраққа айналдыруға серт етіскен қарағайларға көмекке бара жатқаңдай сезінуің де мүмкін».

Табиғаттың осынау тамылжыған сәтін дәл осылай бейнелеу, оны адамның ішкі түйсігімен астастырып өру талантты суреткердің қаламынан туса керекті. Табиғат болмысын суреттеу үшін, оның тылсым сырын білу қажет. Букетовтің табиғатты бұлайша суреттеуін қоршаған ортаға, айналаға адамгершілік ізгі көзқараспен қарағандығынан іздеген жөн сияқты.

Сөз орайына қарай Букетовтің публицистік шеберлігін оның көлемді туындысы «Жас Қаныш» деректі хиқаятынан бастап жатырмыз. Оның әр кездерде әралуан көкейкесті мәселелерге арналған публицистикалық очерк-эсселерінен қаламгерлік шеберлігі мен ойлау парасатының жарқын үлгісін молынан ұшыратуға болады. Мәселен, жастардың оқу-білім, ғылымға деген көзқарас құштарлығын қалыптастыратын тәрбиелік мәні зор мақалаларында Букетов өзінің шешендік білімдарлық қасиетін барынша байқатып отырады. «Жастардың өмірде тоқсан үйлі тобырды асыраған Қамбар батырдай» болуын немесе «Ақыл жастан, асыл тастан» деген халық даналығын үнемі тілге тиек етіп отыруы өскелең ұрпақты бабалар салған сара жолға шақыр­ғаны, солардан ғибрат ала отырып, өмірлік мақсат-мұратын айқындауға себін тигізер тағылым екендігін аңғаруға болады.

Зерттеуші ғалым Серік Негимов шешендік өнердің тектері мен түрлерін үш топқа бөледі.

1.Әлеуметтік-саяси тақырыптағы шешендік.

2. Академиялық шешендік.

3. Әлеуметтік-тұрмыстық тақырыптағы майталмандық. Букетов бойына осынын алғашқы екі түрі тән екендігін сенімді түрде айта аламыз. Әсіресе, Негимов жазуындағы «Академиялық шешендік» (лекция, ғылыми баяндама, ғылыми хабарлама бойынша) Букетов өмірінде айқын дәлелденген құбылыс. Сырбай Мәуленов естелігіне жүгінсек:

«1974 жылы Вадим Кожевников бастаған жиырма шақты мәскеулік жазушылар Қарағандыға баратын болды. Солармен бірге маған да Қарағандыға жол түсті. Барып түскен күні түсте Қарағанды университетінде үлкен кездесу өткізілді. Ол кезде Евней Қарағанды университетінде ректор болатын. Евней жазушылармен кездесуді өзі ашып, сызусыз, баяндамаға бергісіз қырық минуттай сөз сөйледі. Қатысып отырған орыс жазушыларының барлығының шығармаларына тоқталады. Сөз аяғын сонда қатысып отырған қарт ақын Яков Шведовтың «Орленок» деген өлеңін жатқа айтумен аяқтады.

– Бұл қандай білімді адам! Өзі металлург, химик бола тұра әдебиетті қандай тамаша біледі. Ректор, трибун — деп таң қалады Вадим Кожевников».

Букетовпен жиі араласқан замандастары, ақын-жазушы ғалымдар оның тілге шешен, сөзге жүйрік екендігін ілтифатпен еске алады. Ауыздан шыққан көрікті ойы, қағазға түскенде одан сайын салмақтанып, ажарланып отыратындығын оның шығармаларын оқыған, зерделеген жан бірден аңғарады.

Жалпы, Букетовтің қаламгерлік шеберлігі мен шешенге тән қасиетінің бастау бұлақ, нәр алар көзін оның табиғи болмысынан, сонау балалық дәуренінен іздеген дұрыс болар еді. Бала Евней жас кезінен шығыстың қисса-дастандарын жаттап өскенін, ауыз әдебиетінің нәрімен сусындап өскен. Ананың сүтімен, бесіктің әлдиімен тұла бойына дарыған тума талант қаршадайынан сөзге жүйрік, ойға алғыр Евнейге тән қасиет болатын. Сондықтан болар алғашқы аяулы ұстазы Августа Иустинованың Евнейге, шәкіртіне деген ұстаздық махаббаты ерекше еді. Парасатты Августа Иустинованың ұзақ жылдарғы өмір жолында әлдеқалай кезіккен панасыз қазақ баласы Евнейді аяуы, оған жаны ашып, айрықша көз қырын салуы, бір жағынан оның алғырлығы мен білімге құштарлығы зейінділігінен болатын. «Шығысым батыс боп кетті» — деп Абай айтқандайын, Шыгыс шығар-маларының інжу-маржандарымен көз ашып, көкірегі оянған Евнейді Еуропа әдебиетіне ынтасын оятқан осы аяулы ұстазы Августа Иустинова еді. Араға жарты ғасыр салып, академик Букетовтің өзі оқыған мектеп пен ұстазы Августа Иустинованың орнын іздеп баруы үлкен жүректі қаламгер – академиктің адамгершілік парасатының бір қырын танытқандай.

«Тіл — құрамдық жағынан үнемі жаңарып, толысып отыратын құбылыс. Мұндай толығулар жаңа дәуір ерекшеліктері тудырған тың сөздер, жаңа мағынаға ие болған кейбір ескі сөздердің жанаруы, шет және орыс тілдері арқылы кірген интернационалдық сөздер, жаңа терминдер түрінде іске асады. Алайда мұндай сөздерді пайдалану ерекше ұқыптылықты керек етеді».

Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше мақаласынан мысал келтіре кетейік. Өнер, ғылым өрісі тақырыбындағы «Пушкин мен Маяковский» атты мақаласы: «Маяковский қалжың-күлкілі сөзге шебер еді ғой» деп басталады. «Жазғаны жазира, айтқаны аңыз еді ғой» атты мақаласында «Сәбит ағамызға байланысты қатты бір ұялғаным есіме түседі» деген оқыс сөзді оқығанда пендешілік көңілмен елең ете қалатынымыз рас. Немесе «1960 жылдың жазы еді. Алматы телефон көтертті», деп басталатын тағлымы мол мақала-эсселерінің эстетикалық мәні өте зор.



Бұларды келтіріп отырғандағы себебіміз Букетов шығармалары жоспар арқылы жазылған жоқ, барлық мұрасы да табиғи төл туындылар қатарына жатады. Кез келген шығармасы қаламгердің зерде зейінінде пайда болып, уақытысы келгенде дүниеге келген перзенттей жарқ етіп, ақ қағаз бетіне түседі. Сондықтан болар Букетов шығармаларындағы ой қуаты, тіл құнарлығымен шебер жанданып, оқырман жүрегіне бірден жол табады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет