Асанов, Қ. Әдебиетші. Ғалым. Публицист [Текст] / Қ. Асанов // Мәдени мұра. 2009. №6(27). С. 30-36 б



Дата27.06.2016
өлшемі145.9 Kb.
#161306
Асанов, Қ.

Әдебиетші. Ғалым. Публицист [Текст] / Қ. Асанов // Мәдени мұра. - 2009. - №6(27) . - С. 30-36 б.

Қай қаламгер болмасын, ол ең алдымен - өз дәуірінің, өз ортасының перзенті. Ол жазған шығарма арқауы да сол замана шындығы болып табылады. Халқының мәдени, рухани өмірінің болмысын сол уақыт үрдісімен бағалайды, суреттейді. Ешқандай жазушы-публицист болашаққа арнап, немесе келер күннің еншісіне лайықгап шығарма жазып қалдырған емес. Келер ұрпақ өзіне керегін өткен күннің шындығынан алады.

Е.А. Бөкетов шығармаларындағы уақыт шындығы сол шындыққа берген пайым-парасаты бүгінгі ұрпақ үшін таптырмас құнды дүние. Сондықтанда Е.А.Бөкетовтің ғылыми-публицистикалық шығармалары көрегенділікпен жазылыпты деген әсіре марапаттаудан аулақпыз. Мысалы: «Иә, бүгінгі аға ұрпақтың өмірі қараша үйден басталған. Қара сирақ балалар қараша үйдің жабығынан сығалап, айналаға елеңдей қарап жүргенде ұлы Октябрьдің нұрлы таңы атты. Бүгін ел тарихында болмаған ғажайып зор бақыт қазақ даласын сілкінтіп етті. Қазақтың бар баласы мазмұны терең, еркін өмірге жаппай араласып, революциялық романтикамен жалындап ер жетті. Содан бері елу бес жылдан сәл астамдау ғана уақыт өткен екен. Ал сондағы балалар бүгінде ғылымның алтын баулы ірі-ірі шаңырақтарын көтеріп, ғалымдар тарихын жасап отыр» - деген жолдар сол дәуір көзқарасы мен пайым-парасатынан хабардар етіп тұрған жоқ па?

Уақытында Евней Арыстанұлымен үлкен қарым-қатынаста бо­лып, жиі араласқан қарағандылық қарт қаламгер Жайық Бектұров өз естелігінде ғалым інісі жайлы терең тебіреніспен: «Көбіне ғалым жолы да, ақын жолы да тақтайдай тегіс бола бермейтіні белгілі. Тасы өрге домалап, атағы шығып, жұртшылық аузына қарап келе жатқан оқымысты, әдебиетші-сыншы, аудармашы, пу­блицист Е.А. Бөкетовті көре алмай етектен тартқан, аяқтан шалған қу-сұмдар да болмай қалған жоқ. Еңбегі жемісті, бойындағы мол қабілет-күшін, қайрат жігерін Отанымыздың мәдени өмірін мерейлендіре түсуге жұмсаған ақ көңіл, адал кісілікті Е. Бөкетовке жала жапқан әзәзіл, өсекші бүркеншектер Қарағандыдан да, пәлеқор пасық пасквильшілер Алматыдан да табылды. Бірақ шындық, ақиқат жеңбей, көкті қалың бұлт қанша торласа да, сол бұлт серпілмей күннің көзі жарқ етпей қоймайтындай, өтірік-өсектің құйрығы бір тұтам дегендей, бұл күнде жалақор, пәлеқор, әзәзіл арамзалардың беттері ашылып, қара жүзділердің еңсесі басылды».

Сондай-ақ медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент - мүшесі Ғабдолла Құлқыбаев өзінің Евней Арыстанұлы туралы жазған «Әдебиетші» атты естелігінде: «Академик-жазушының эпистолярлық мұрасы да аса бай. Еліміздің көптеген белгілі қайраткер, ғалым, жазушылармен жазысқан хаттар соның куәсі. Ол кісі Ғ. Мүсірепов, Ә. Тәжібаев, Ә. Нұрпейісов, К. Салықов, Ж. Бектұров тәрізді қазақтың ақын-жазушыларына, В. Кожевников, С. Никитин, А. Брагин сынды орыстың ақын-жазушыларымен тығыз шығармашылық байланыста болды. Зерттеген, зерделеген кісі осы кісілермен жазысқан хаттарының ішінен қаншама ой, пікір маржандарын теріп алар еді», - деп жазады.

Әрине, Евней Арыстанұлының публицист-қаламгерлігі мен оның шығармалары тұрғысында айтылған мұндай ой-пікірлерді көптеп келтіруге болады. Бірақ бұл зерттеудің діттеген мақсаты ол емес. Жоғарыда сөз еткен дегіміздей, замана ағымын аңсап, түбінде тарих ақиқаты ашыларын сезген сұңғыла адамдардың бірі Евней Бөкетов еді.

Евней Арыстанұлының қоғамдық көзқарасы мен парасат пайымының қандай екендігін оның публицистикалық мұрасын оқып, зерделеген адам жақсы аңғарады.

Е.Бөкетов мұрасының басты байламдары ұрпақты парасаттылық, адамдыққа тәрбиелеу, білім мен ғылымды меңгеріп, туған еліне қалтқысыз қызмет етуге бау­лу, сондай-ақ қоршаған орта мен рухани құндылыктардың қасиетін бағалау болып табылады. Содан кейінгі жиі еске салатыны және оны өз шығармаларында үнемі қолданып, қисынды дәлелдермен тұжырымдап жүретін пікірі ғылым мен әдебиеттің творчестволық туыстығы жайындағы көзқарасы.

1975 жылғы «Лениншіл жас» газетінің 22-наурыздағы санында аталмыш га­зет тілшісі Ақселеу Сейдімбековтің Е.А. Бөкетовпен «Жиырма деген жасында...» атты интервьюі жарияланды. Бұл көлемді интервьюде Е.А.Бөкетовтің азаматтық болмысы мен қоғамдық көзқарасы, ғалымдық зерде, зейіні барынша ашылып көрсетілген.

Әсіресе, сол кезеңнің жастары туралы айтқан келелі пікірі, бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жоя қоймағандай.

«Ата-бабадан «ақылгөй шал» деген сөз қалған. Адам есейген сайын жобасы ақылгөй келеді де, сол ақылгөйлігімен жастардың құлағын кеміреді. Меніңше, мұндай ақылгөйліктің керегі жоқ. Өйткені біздің жастар белгілі бір айқын-аян қағидаларды құлағына құя берерліктей ойсыз, пікірсіз, тұрлаусыз жастар емес қой», - дейді.

Жалпы, Евней Арыстанұлы өскелең ұрпақ, жастар туралы, олардың қоғамдағы алар орны, үлесі, мақсат-мүддесінің ерекшелігі жайлы келелі пікірлерін үнемі жазып жүрген.

Публицистикалық шығармаларының дені жастарды парасаттылық пен білімге, адамгершілік сияқты асыл қасиеттерге баулуға арналған. Мүмкін бұл қасиет ұзақ жылдаріргеліоқуорнынабасшылыққызмет еткендіктен немесе, өзінің өмірден көрген, бастан кешкен «соқтықпалы, соқпақты» тағдырынан туындаса керек.

Қалай десек те жастарға, жас деп қарамай, өзімен тең адамша тілдесіп, сырласқан. Архивтегі кейбір қолжазбаларын оқығанда, жастар мәселесіне соншалықты көңіл бөлгендігі ерекше аңғарылады. Әсіресе, «Жоғары оқу орнына түскендерге есік ашар лекция»деп аталатын қолжазбасы үлкен жүректі ғалымның азаматтық кішпейілдігін танытқандай. Бірнеше жерін сызып, үстінен түзей отырып жазған, осынау қолжазба ғалым-публицисттің творчестволық табандылығын, тазалығын, әрі жазуға үлкен жауапкершілікпен қарайтын еңбекқорлығын көрсетеді. Әрі өзінің әдебиетке жақын екендігін, оны сүйетіндігін паш етеді. Мәселен: «Сіздер өмірдің шешімін өздеріңіз шешуге жаңа ғана қадам басқан балдырғансыздар. Бұл кезең ең қызық кезең, ізденіс, толғаныс кезеңі, арман кезеңі, құлаштап талпыну кезеңі, мұның бәрі поэзия. Олай болса, мен лекциямды поэзиядан, Тұманбай ақынның бір әдемі өлеңінен бастағым келіп тұр», - деп ақынның бес шумақтан тұратын жастар туралы өлеңін келтірген Е.А.Бөкетовтің баспасөздегі қозғаған көкейкесті мәселелерінің бірі - әрине ғылым мен техника, өндіріс проблемасы. Осы өзекті тақырып төңірегінде жазған ғалымның публицистикалық мұраларын зерделей отырып, немесе әр түрлі газет-журналдардағы интервью диологтарынан, ой-пікірлерінен түйгеніміз Бөкетовтің қоғамдық көзқарасы мен ғылыми ой пікірінің сонылығы және дәйектілігі болып табылмақ. Өйткені «ғылыми-техникалық революция және адам» деген аса күрделі проблема сол уақыттың көкейкесті мәселелерінің бірі бо­лып саналатын. Бүгінгі күрделі өмірімізді де онсыз елестету қиын. Озық ойлы адамзатты қатты толғандырып отырған осы проблемаға қатысты қазақ қаламгерлері әлі толымды сөз, толғамды жауап айтқан жоқ. Осынау күрделі тақырып кей шығармаларда ұшқын беріп өткенмен, арнайы зерттеу обьектісіне айналмауы, айтыла қалғанда да ғасырымыз алға тартқан жоғары деңгейде сөз етілмеуі қынжылтады. Жазылып жүрген қай тақырыпты алсаңыз да, бәрінен де зымыран заман өзгерісін бүкіл сана-сезіммен сезінген, басынан кешіп жатқан күрделі бейнелерді аз көреміз. Әлде біздің замандастарымызға ғылыми-техникалық революция әлі толық әсер етіп, тереңдей бойлап сіңісе қойған жоқ па?

Е. Бөкетов публицистикасының негізгі арқауларының бірі - дәстүр, тағылым аясында өрбитіндігін біз жоғарыда айтқан болатынбыз. Бұл тұрғыда қаламгер көптеген мақалалар мен лекциялық баяндамалар жазғаны мәлім. Жастардың оқу-білімге құштарлығын ояту, тәлімді, тәрбиелі, мәдениетті болып қалыптасуына ықпал ететін, уәлі сөздері мен дәйекті пайымдауларын публицистикалық шығармаларынан анық байқаймыз. Мысалы: «Ағадан ақыл, ініден ілтипат», «Қараша үйден Қарағанды Университетіне дейін», «Жас замандас келбеті», «Арманшыл болғанға не жетсін», «Сыйлас, сырлас, көмектес», «Парасат - білім бұлағы», «Ғылым көкжиегін көксесек» атты мақалалары өскелең ұрпақ бойындағы жақсы қасиеттер мен парасаттылықтың қалыптасуына ықпал ететін, соған меңзейтін дүниелер.

Жастар тақырыбындағы қай мақаласында болмасын көтерер өзекті мәселенің бірі ескелең ұрпакты жат қасиеттерден, мен-мендіктен, тәкәппарлықтан, мансапқорлық пен көрсеқызарлықтан сактандырып, ғылым, білімнің қоғамға тигізер пайдасының қаншалықты салмақты екендігін ескерту бо­лып табылады.

«Сыйлас, сырлас, көмектес» аттас мақаласында: «Амал не, жастардың арасынан ғылымның бірінші сатысына жетер-жетпестен-ақ «Мен білгенді кім біледі» деп кеудесін соғатындар кездесіп қалады. Мұндай зиянды мінезді ерте білсе, ерте жоюға болар еді-ау, ал осындай осалдық есейіп, едәуір лауазымға ие болып қалған кезге дейін ілесіп барса, ғылыми ортаға одан ауыр жоқ», - деп қиналыс білдіреді.

Публицистке тән болмыспен өлшер болсақ, Е. Бөкетовтің осылайша толғануын қайраткерлік, азаматтық тұлғадағы пайым-түйсігі, өздік санадан ұлттық санаға ұласқан биік парасаты деп бағалар едік. Жастар жөніндегі публицистикалық шығармаларындағы Е. Бөкетовке тән өзгешелік оның білікті педагогтық-психологиялық таным-түйсігінің төреңдігі болып табылады. «Қазіргі жастарға гей-гей, ақылдың керегі жоқ, олардың кезі ашық, көкірегі ояу», - дейтін Е. Бөкетов олармен «сырласудың», «сыйласудың» өзіндік жолын қарастырады. «Жастардың болашағын мезгеу ісіне ойдағыдай көңіл бөлінсе, олардың басым көпшілігінің қабілетін уақытылы танып, сол қабілетіне орай әуестігін тәрбиелеуге болатыны тіршілік тәрбиесінен белгілі ақиқат. Әрине, бұл үшін баланың өсіп-қалыптасудағы құбылыстарына сергек үңіліп отыратын ата-ана керек те, оқушы баланың ішкі сырындағы ауытқушылықтарды мезгілімен сезініп, жамандыққа ауыстармай баулуға тырысатын оқытушы ұстаз керек», - дейді «Жастардың болашағын ойлай түссек» атты мақаласында.

«Публицистикаға ең керегі ой, жан тербер пікір. Байыптай қараған адамға айнала тұнып тұрған публицистика. Небір мәнді оқиғалар, проблемалар, ғажап адам-дар бар. Сол проблемалардың мәніне, адамдардың жан-дүниесіне үңілсе, міне, нағыз публицистика осы», деп жазады белгілі ғалым Т. Амандосов. Публицистика болмысын ашатын осы аксиома Е. Бөкетов шығармаларының барлығына тән қасиет.

Жалпы, Е. Бөкетовтің жастар тақырыбына жазылған публицистикалық мақала, очерктерінің проблемалық сипатын төмендегіше саралаймыз:

- Отбасы, өскен орта тәрбиесі.

- Оқу, білімді игеруі.

- Ғылымға деген құлшынысын ояту.

- Адамгершілік, ар-ождан, парасатты болуы.

- Отан, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі.

Қарап отырсақ, публицистикалық шығармаларына проблемалық сипат беретін осынау қағидалар адам баласының дүниеге келгеннен бастап, өсіп-өркендеуін, жақсы азамат болып, туған отанына адал қызмет ету, сол арқылы мынау ұлы дүниеге «кетігін тауып, кірпіш боп қалануына» бастайтын өмір формуласының тұтас бір ережесін жазып қалдырғандай әсер береді.

Е. Бөкетовтің публицистикалық мұраларының ішінде қомақты тақырыптарының бір саласы әдебиет пен өнер мәселелеріне арналады.

Бойында сан қырлы таланттың қасиеті шоғырланған қаламгер ғалымның бұл салада кеңірек қалам тербеуіне, әрине, оның әдебиетшілдігі - өнерді сүйетіндігі себеп болғаны белгілі. Бұл мәселені сөз етпес бұрын публицист Е. Бөкетовтің сол кезеңцегі рухани ортасына зер сала кеткен орынды. Бозбала Бөкетовтің әдебиет пен өнерге деген алып-ұшқан арманын, тағдыр жолыжаратылыстануғылымныңсоқпағына түсірді. «¥лы Отан соғысы бітісімен жоғары оқу орнына түскен біздердің өзіміз көбіне мамандық таңдағамыз жоқ. Мен, мысалы, инженер-металлург болам деп орта мектепте бірде-бір ойлап көргем жоқ»,- деп жа­зады Евней Бөкетов. «Арманшыл болғанға не жетсін» атты мақаласында: «Әрине, сүйген мамандық деген әдемі ұғым. Бірақ, бір ұғатын нәрсе бар: ол еңбек бар жерде жеміс барлығы. Сүйген мамандық дегеніміз еңбекті белшеңнен сіңірген мамандық, мандай терің мен жаныңның жалыны жұмсалған мамандық қой. Еңбек сіңірген жерде сүю де, күю де болады, сол еңбек жұмсалған мамандыққа шын жан тәніңмен берілу де туады. Сондықтан, жаңылыстым деп кейін қайту еріккенің ісі деп, адасқанын сезсе де (жастардың жаңылдым дегенінің өзі кейбір уақытта елее пен әуестіктен туған жалған болжау болып шығады) алған беттен қайтпай ілгерлей беру ердің ісі, өйткені, Абай айтқандай, «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ». Менің осы бір айтқанымнан - мамандықты талғама, кез-келген мамандыққа оқи бер, тек еңбек жеңеді, деген келте, шолақ ұғым тумас деп ойлаймын».

Е. Бөкетов публицистикасындағы ой тасқыны көркем тіл мен келісті өріліп оқырманын тұңғиыққа тартқан иірімдей бірден үйіріп ала жөнелетінін біз қаламгердің сөзден қамшы өрген шеберлігі деп танимыз. Е. Бөкетов тілінің шешендігі, көсіліп жазып кеткендегі терең білімі мен тағылымы мол ғибраты оқыған жанды бей-жай қалдырмайды. Әсіресе, студент-жастарға арналған баяндама-лекцияларының (бұлардың көбі баспасөзде жарияланып, жеке кітаптарға енген) тілдік тартымдылығы өте ерекше. «Мен бұл әңгімемді «Ашық лекция» деп атамақпын», - деп басталатын «Алғашқы сабақ» атты лекция-мақаласының тілдік жүйесі оймен өріліп, сөзбен төгіліп тұрған ақ өлең үлгісін еске түсіреді.

Тұманбай ақынның «Жиырма жаста жетпеген арманыма» деп басталатын өлеңі Е. Бөкетов «лекциясының» негізгі өзегіне айналған.

Жиырма жаста жетпеген арманыма, Жиырма жаста бармаған тауларыма, Жиырма жаста жүрмеген жолдарыма, Бүгін жете алам ба, жүре алам ба, Барша бақыт тілеймін бар адамға. Бес шумақ өлеңді түгел келтіре отырып: «Мен осы бір тебіреністі, нәзік сезімге толы өлеңнің шумақтарын әдейі келтіріп отырмын. Бүл өлеңнің мағынасына қарағанда, адам бар ісін жиырма жастан бастап, жи­ырма жаста қамтып қалуы керек сияқты, олай болмаса адамның қалған өмірі өкініше толы болмақ сияқты. Ақынның осы сөздерінде терең сыр, мол шындық жатыр», - дей келіп, 18-20 жасында студенттік жолға түскен жастарға оқуға түскендегі бірде-бір мақсат-өмірге, елге керекті жақсы маман болып шығу керектігін айтады. Әрине, жай ғана айту емес, жастарға Чкалов пен Гризодубова, Гагарин мен Те­решкова арманын, Қаныш пен Мұхтар парасатын, Шаляпин мен Горький тағдырын, Менделеев өмірін тілге тиек ете отырып, мамандықтың жаманы жоқтығын тек соны дұрыс тандай білу керектігін, таңцаған мамандықты игеру жолында қандай істер атқару керектігін, кестелі ой, шебер тілмен барынша жеткізген.

Кез келген жазушы-публицистің қаламгерлік қабілеті мен парасат пайымын, қоғамдық көзқарасы мен таным-түйсігін танытатын шығарма түрі бұл эсселер, жол сапар очерктер болып табылады. Олай дейтініміз белгілі бір кеңістіктен шыққан сана-сезім үшін өзіне бейтаныс, жат әлемнің тұрмыс-салты, әдет ғұрпы, қоғамдық болмысы, саяси-экономикалық ахуалы бәрі-бәрі де таңсық болып көрінуі табиғи жағдай. Дәл осы кезде жазушы яки публицистің бойындағы жоғарыда біз айтқан қасиеттердің барынша ашылуына табиғи мүмкіндік туады. Кейде рухани дүниедегі сілкіністерде осындай саяхат-сапарлардан кейін бой көрсетіп жатады. Жалпы осын­дай жол сапар очеркінің тарихы, шығу төркініне көз жіберсек орыс әдебиеті мен баспасөзінде Радищевтің «Петербургтен Москваға саяхаты», Карамзиннің «Орыс саяхатшысының хаттары», Пушкиннің «Арзрумға саяхатын» айтуға болады. Қазақ жол-сапар, саяхат очерктерінің төл басы ретінде Ш.Уәлихановтың «Жоңғария очерктерін», сондай-ақ, М.Әуезовтің «Ин­дия очерктері», С.Мұқановтың «Алыптың адымдары», Қ.Шәріповтің «Америка алыс емес» еңбектерін айтуға болады.

«Жол сапар очерктерінің бір ерекшелігі - автор өз атынан сөйлейді, оқиғаға өзін араластыра отырады. Шығарманың басты кейіпкері де автордың өзі. Бұрын болмаған, көрмеген, танымаған елдің жер-суы, тұрмысы, салт-санасы, мәдени ескерткіштері, халықтардың өміріндегі тарихи өзгерістер автордың өзіндік толғам, әсері, саяси көзқарасы арқылы баяндалады» (Т. Амандосов).

Осындай жол-сапар очерктердің қатарына Е.Бөкетовтің «Канада көріністері» атты очеркін жатқызамыз. Бұл очерк «Орталық Қазақстан» газетінің 1967 жылғы қыркүйек айындағы N218, 219,220, 221 сандарында жарияланып, кейіннен публицистің «Көкейкесті» кітабына енгізілді.

«Мен еліміз социалистік өмір құра бастағанда туып капиталистік өмірді көрмей өскен адаммын. Тірі капиталистердің еліне барып, оларды көру деген маған бір мил­лион жыл бұрын өлген ихтиозавр мен мамонтты тірідей көрген сияқты таңсық» - деп басталады очерк әлқиссасы.

«Кең жерде (біздің елден кейінгі жері мол ел осы Канада) жиырма-ақ милли­он халық тұрады. Халқының аздығына қарамастан Құрама Штаттардан кейін мысты, алюминийді көп қорытатын осы Кана­да, уран кенін көптеп шығаратын осы Кана­да, бидайды көп сататын осы Канада».

Е. Бөкетовтің осы сөздерінен-ақ бұл ел туралы, бұдан бұрындары да хабардар мағлұматты болғанын байқаймыз. Өзінің кен металлургия саласының білгірі екендігін Канаданың осы саласындағы жетістіктерін баяндағаннан-ақ аңғартады.

Жалпы елден шығып Канада топырағына табаны тиген сәтке дейін көрген, білгенін тілге тиек ете бермей, өз көзқарасы мен ойын үнемі сабырлы салиқалы жеткізіп отырған автордың бұл жол-сапар очеркіне сол уақыттың өлшемімен қарар болсақ, мүлдем болмысы бөлек дүние. Көрген әсерлері мен түйген ойларын саралай келіп автор: «Әрине, Канада елі бай ел. Өнеркәсібінен, ауыл шаруашылығынан, тұрмысты бастауынан көптеген ғибрат алуға болады», - деп қорытындылайды. Дәл сол уақытта капиталиста елге мұндай баға беруге екінің бірінің жүрегі дауаламаса керек. Бірақ шындық бәрінен де қымбат дейтін Е.Бөкетовтің былай деуі оның азаматтық позициясы.

Жалпы, Е. Бөкетовтің қаламгерлік шеберлігі мен шешенге тән қасиетінің бастау бұлақ, нәр алар көзін оның табиғи болмысынан, сонау - балалық дәуренінен іздеген дұрыс болар еді. Бала Евней жас кезінен Шығыстың қисса-дастандарын жаттап ауыз әдебиетінің нәрімен сусындап өскендігін біз зерттеу барысында айтқан болатынбыз. Ананың сүтімен, бесіктің әлдимен тұла бой-ына дарыған тума талант, қаршадайынан сөзге жүйрік, ойға алғыр Евнейге тән қасиет еді. Сондығынан да болар, алғашқы аяулы ұстазы Августа Иустиновнаның Евней шәкіртіне деген ұстаздық махаббаты ерекше. Парасатты Августа Иустиновнаның ұзақ жылдарғы өмір жолында әлдеқалай кезіккен панасыз қазақ баласы Евнейді аяуы, оған жаны ашып, айрықша көз қырын салуы, бір жағынан оның алғырлығы мен білімге құштарлығы зейіндігігінен болатын. «Шығысым батыс боп кетті» - деп Абай айтқандайын, Шығыс шығармаларының інжу-маржандарымен көз ашып, көкірегі оянған Евнейді Еуропа әдебиетіне ынтасын оятқан осы аяулы ұстазы Августа Иустиновна еді. Араға жарты ғасыр салып, академик Е. Бөкетовтің өзі оқыған мектеп пен ұстазы Августа Иустиновнаның орнын іздеп баруы үлкен жүректі қаламгер-академиктің адамгершілік парасының бір қырын танытқандай.

Е.Бөкетовтің публицистикалық мұрасын оқыған, оны зерделеген кез келген адам, оның тіліне, жазу машығына сүйсінері сөзсіз. Шоқан туралы қолжазбасын оқып, оған пікір айтқан белгілі сез зергері Ақселеу Сейдімбеков: «Тіліңізге сүйсіндім» - деуі тегін айтылмаған жай сөз болмаса керек.

«Тіл- құрамдықжағынан үнемі жаңарып, толысып отыратын құбылыс. Мұндай толығулар жаңа дәуір ерекшеліктері тудырған тың сөздер, жаңа мағынаға ие болған кейбір ескі сөздердің жаңаруы, шет және орыс тілдері арқылы кірген интернационалдық сездер, жаңа терминдер түрінде іске асады. Алайда мұндай сөздерді пайдалану ерекше ұқыптылықты керек етеді», деп пайымдайды тілші-ғалым Ә. Болғанбаев.

Бұл пікірді келтіріп отырған себебіміз, Е.Бөкетов өмір сүрген дәуір Кеңес өкіметінің өсіп-өркендеу уақытымен тұспа тұс келді. Ана тіліміздің өгейлікке ұшырап, орыс тілінің үстемдік алуы, ұлттық өнер мен әдебиетке барынша кері әсерін тигізіп бақты.

Егіз-қатар екі тілде ой мен өнер адамдары туралы толғаныстары, әдебиет пен театр туындыларын талдаған эстетикалық еңбектері,оқу-білім, ғылым тақырыбындағы ағартушылық көзқарастары, тәлім-тәрбие, парасат жөніндегі келелі ой-пікірлерін қамтитын Е. Бөкетовтің публицистикалық шығармаларындағы тіл мен ой тазалығының сақталуының өзіндік құпиясы бар. Ол құпия кілті қаламгердің екі тілде еркін жазып, екі тілде ойлана алуында жатыр. Әсілі, екі тілде жазатын қаламгер басқаларға қарағанда шығармаларына өте сақтықпен, жауапкершілікпен қарайтындығы табиғи құбылыс.

Өйткені, мен бұл шығармамды мына тілде жазам деген қаламгер сол жолда ол тілдегі шығармасына барлық ой, сана-сезім, таным-түйсігімен, парасат-білімімен беріле, іздене жазады. Бұл шығармашылық өмірде кездесіп жүрген факт.

Мысалы, Е. Бөкетовтің «Жас Қаныш» деректі хикаяты орыс тілінде жазылған. Орыс тілді оқырмандардың ойлау жүйесі мен қабылдау танымына лайықты тілмен жазылған бұл шығарма өте тартымды жазылған. Ол туралы кітапқа берген анықтамада: «Шығарма орыс тілді оқырманға арналып жазылғандықтан, автор қазақтың тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, тәлім-тәрбие ерекшеліктеріне кеңірек тоқталып, қызғылықты баяндап отырады»,-делінген.

Е. Бөкетов қаламының су төгілмес жорғалығы мен тіл мен ойының шебер үндесуі, «Жас Қаныш» деректі хикаясында барынша ашылған.



«Дін мұсылманның киелі кітабы - құранның астар бетіне мұқияттап араб әріпімен түсірілген сол күннен бастап, Ғабдұл-ғани аталған сол нәресте де ата-анасы, күллі зәузаты кешкен аттың жалы, түйенің қомында дейтін салқар тіршіліктің кішкентай бір бөлшегіне айналды». Мұндағы зәузаты, аттың жалы, түйенің қомы, салқар тіршілік сөздері сөйлем мағынасына нәр беріп, қазақы ұғымның қасиетін жарқырай көрсетіп тұр. Сондай-ақ бұл күндері қолданыстан шығып ұмыта бола бастаған: «қам кесек», «қыртыс шым», «қайыс әбзел», «қаптың түбі қағылған қара өзек шақ», «Екпіндеп соққан жел» т.б. қазақтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты көптеген сөздерді осы шығармадан кездестіруге болады. Орыс халқы көп қоныстанған солтүстік өңірде туып өскен, балалық шағынан орыс тәрбиесін, білімін алып өскен Евнейдің туған халқының салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін жетік білуі оның өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігін аңғартады. Е. Бөкетовтің қай шығармасында болмасын ұлттық рух, ұлттық болмыс қашанда биік тұрады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет