Қасым поэзиясындағы балладалар



Дата10.06.2016
өлшемі42.34 Kb.
#126892
Қасым поэзиясындағы балладалар
Баллада – өлеңмен жазылатын синте­тикалық жанр. Оған тән сипаттар: оқиға, характер, драматизм мен лиризмнің қо­са өріліп келуі (баяндау, ақынның баға­сы). Атам заманнан оқиғалы жырға, хи­кая хисса-дастанға құрылған қазақ поэзиясының бұл баллада түрі – әрі жазуға да, оқуға да ықшам, ой мен оқиғадан бос сөзге орын қалмайтын кісі қызығарлық жанр. Психологиялық коллизиялар мен же­ке адамның жан дүниесіндегі терең тебіреністер астасып өрбіп, белгілі бір қа­һарманның тағдыр жолымен ұштаса көрініп, тосын шешім тауып отыратын бал­лада жанры қазақ поэзиясының да ба­рынша шеберлікті, көркемдік тартысты жіті де толымды бейнелейтін саласы саналады.

Сұрапыл соғыс жылдарында төл поэ­зиямызда баллада жанры да ширай шыңдала түскенін байқауға болады. Отан сүйгіштік пен ержүректілік, қайраты қай­нардай ерен ерлікті бар даусымен жыр­лаған ақындардың лирикалық, лиро-эпи­калық өлеңдер – осының кепілі.

Баллада бұл тұста Қ.Аманжолов, Ә.Сәр­сенбаев, Ғ.Орманов, Ж.Сайын, Қ.Бекхожин, Қ.Жармағамбетов, Ж.Молдағалиев, С.Бе­галин, С.Мәуленов, Ә. Әбілевтер шығар­машылықтарында көрінді.

Қасым Аманжоловтың «Бурабай тол­қындары», «Сұлтанмахмұт туралы», «Да­риға, сол қыз» атты балладалары бар. Со­нымен қатар «Ақын өлімі туралы аңы­зы» да баллада мінезін танытатын ро­мантикалық поэма. Қаламгердің 1945 жы­лы жазылған «Дариға, сол қыз» баллада-өліңінде жас жауынгердің ішкі сезімі су­реттеледі. Үш бөлімнен тұратын бұл лиро-эпикалық өрнек ғажап көрініске ай­налған. Кейіпкердің ер жетіп, есейе келе өмір жолында армандай қызға ке­зіккені жайлы баяндалады. Бірақ бұл кез­десу сұрапыл соғыс кесірінен жалғасын таппады. Келесі көрініске жауынгерімізге оқ тиіп, қайраты кеміп бара жатқанын кө­реміз. Өмір мен өлімнің арасында ар­палысып жатқан жауынгердің жас көңілі армандаған аруды іздейді: «Қайда екен, қайда, Дариға, сол қыз?!». Кенет кейіпкерге махаббаттың зор күші оның қолына қару алып жауға шабуына рух береді. Шығарма соңында жеңісті күндері өмір сүріп жатқан кейіпкердің «Қайда екен, қайда, Дариға, сол қыз?!» деген жан дауысын естиміз. Үш рет қайталанып келген өлең жолдары шығармадағы романтикалық өршіл си­патты асқақтата түседі. Кейіпкердің жан дүниесінде лапылдап тұрған сезімі тіл құ­діретімен әсем ажар тапқан. Бұл өлеңдегі баллада жанрына тән сипаттар: көлемі жа­ғынан шағын болып жазылған (48 жол) өлеңде динамикалық күй бір конфликтіге негізделген, кейіпкер де біреу. Оның мо­нологі арқылы ішкі сезімі, толғаныс-те­біренісі, жалпы жауынгер сағынышы сезіледі.

Қасым ақынның шеберлігі жайлы көп­теген ғалымдар сөз қозғады. Солардың бірі Ә.Тәжібаев Қасым жайында мынадай пікірі айтып кеткен: «Сөздің ішкі мазмұнын ашу, оның жанын оятып, отын тұтатуға Абай қандай үйретсе, Қасым да бұл дәстүрді ірілендіруде үлкен еңбек сіңірді. Сөзді пафосқа, екпінге айналдыруға Қасым көбімізден шебер еді... »

Қасым әйгілі «Абдолла» атты туын­дысын неміс-фашист басқын­шыларына қар­сы күресте ерлікпен қаза тапқан қазақ ақыны А.Жұмағалиевқа арнап, Қиыр Шы­ғыста госпитальда жаққан кезінде жазған. Кезінде осы лиро-эпикалық туын­ды тө­ңірегінде, әсіресе оның жанрын анық­тау­да, ғалымдар түрлі пікір айтып, ортақ ше­шімге келу қиындыққа соқты. 1951 жылғы 9 желтоқсанда шыққан «Лениншіл жас» бетінде былай делінеді: «... Соғыс жырларында жазылған өлеңдерді қамығуға, күңіренуге, жатсыруға толы. Қ.Аманжолов «Абдолла» поэмасында жауынгер ақын­ның ерлік бейнесін жасай алмай, кейіп­керлерінің тек өлген кезін суреттейді, поэ­мада жігерлі оптимизм көрінбей, ата қазаққа жар салғызып, жұртты бата оқырға жинамақ болып, авторлық зарлайтындығы белгілі...» Ғалым С.Қирабаев дәл осы жылы «Әдебиет және искусство» журналында «Қ.Аманжолов творчествосындағы жат пі­кірлер» атты мақаласында «Мақталып жүр­ген «Абдолла» поэмасының өзіне осы тұрғыдан қарап көп сын айтуға болады. Қасым кейіпкерінің өлімін ғана суреттейді. Абдолла жауға қарсы жалғыз күреседі. Онда оптимизм көрінбейді. Жау қолында сүйген әні «Қарғам-ауды» айтады. Сөйтіп, оның өлімі қасиетсіз өлім болып шығады», – деп шығарма мазмұнын поэмадан алшақ екенін білдіреді.

Осы айтылған сындарды ескере келе Қ.Аманжоловтың аталған шығармасын баллада жанрын жақын екенін айта ала­мыз. Шығармада бір оқиға, бір кейіпкер бар. Кейіпкердің мінез-құлқын оның мо­но­логінен, іс-әрекетінен танимыз. Ол жа­йында, оның осы күнге дейінгі өмірі оқыр­манға беймәлім. Туған елі үшін жан­қиярлық әрекетке барып, жанын жауға емес жалындаған өртке тапсырып, кейіпкер бұл өмірмен қимастықпен, өкінішпен қош­тасады:

Бұл емес ед көксегенім,

Бұл емес ед арман-арман!

Осы-ақ болды, келген қолдан,

Осы-ақ болды-ау әттең шіркін!

Баллада соңында көз алдымызда бо­йына жан біткен тәрізді, зірк-зірк етіп жау танкісі келе жатады, бірақ ол қаһарман кей­іпкері жіберген оқтан өртке орантады. Кенет «ыза боп жау жіберді өрт. Кідірді ер, оқ таусылып. Автоматы ең соңғы рет, Алды де­мін, тынды сұлық». Бұл өлім ер өлімі емей, немене?

Әбділда Тәжібаев біз сөз етіп отырған шығарма жайлы:

«Күллі әлемнің ашу-кегі

Орна менің кеудеме кеп.

Жау жолында атам сені

Бомба бол да жарыл жүрек!» – дейтін Қасым жазған «Абдолла» жол­дарын әрбір жақсымызға жаттата, пы­сықтата беруге қарыздармыз. Өйткені ұр­пақты ерлікке осындай жырлар әзірлейді. Сонымен қатар, шын сүйетін, сүйген жү­регін көтерген туындай қасиеттейтін, адам­ды баяндылыққа тәрбиелейтін махаббат лирикасы да ұрпағымызды ерлікке әзір­лейтін құралы» – дей келе, бұл туындыны оптимистік трагедия деп атайды. Ал сыншы Е.Ысмайылов шығармадағы ке­йіпкердің іс-әрекетіне сүйсінетіндей «Қа­сымның «Ақын өлімі туралы аңыз» поэ­масында Абдолланың айнала қоршаған жау оғынан жасқанбай, өртпен, ажалмен алысқан арыстандай алып тұлғасы бір мезет от ұстаған Прометейге ұқсайды, өмірмен қош­тасар мезгіл жеткен оның табиғи ақын­дық мінезіне сай, от жалындар сұлу жар­дай сылаңдап ойнақ салады, өлімді жеңген батырды өмірге құштар сезім де билейді. Ажалмен алысқан жанның жүрегі өмірлік махаббатқа толы», – дейді.
Баллада – халқымыздың қоғамдық өмірі мен рухани тіршілігінің көрінісі. Балладаның ерекшелік сипаттарын еркін игерген Қасым ағамыздың айтар ойы мен түйер түйіндері асқақ та үлкен дүниелер тудырғанын, төл поэзиямызға мол үлес қосқанын аңғартады.
Жанар РАМАЗАНОВА,

Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың

журналистика кафедрасының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты.



Орталық Қазақстан. - 2011. - 30 маусым (№ 105/106). - 8 б.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет