Ассалаумағалейкүм, ағалар?



Дата08.06.2016
өлшемі39 Kb.
#123072
Әйтеке би

Әйтеке (шын аты Айтық) Бәйбекұлы кіші жүзден шыққан қазақтың атақты шешен – биі. Қазақ шежіресінде Жанарыстың бір аталарынан Алшын, одан сарыбас, Пұсырман, Шіңгір, Төртқара шығады. Төртқарадан Қарашы, одан Сейітқұл. Сейітқұлдан сегіз бала болған. Соның бірі кезінде Самарқанды билеген Жалаңтөс батыр еді. Әйтеке сол жалаңтөстің немересі. Ақшаның үшінші баласы Бәйбектен туған. Ақша Жалаңтөс батырдың әкесі бір, шешесі бөлек туысы екен. Әйтекеге шешендік, тапқырлық өнер бала кезінен дарыса керек. Қозы бағып жүрген жас кезінде Әйтеке үш аттылы жолаушыға жолығады:
- Ассалаумағалейкүм, ағалар?
- Әликімүссалам. Кімнің баласысың?
- Бәйбек баласымын.
- Бәйбектің баласы болсаң, білетін шығарсың, Қосуақ бидің ауылы қайсы?
- Айтайын, онда не шаруаларыңыз бар еді?
- Ойнап жүрген баламызды осы елдің бір адамының аты теуіп өлтіріп, соған құн даулап Қосуақ биге жүгінгелі келеміз.
- Қосуақ бидің үйі анау тұрған боз үй. Егер балаңызды ат босағада тепсе бүтін құн, жабықта тепсе жарты құн, түзде тепсе төрттің бірін аласыздар. Қосуақ би де осыны айтар, осылай демесе осып айтар, жолдарыңыз болсын,- депті әлгі бала.
Үш жолаушы Қосуақ бидің үйіне түседі. Әңгіме, билік сөз басталады. Би айыпкерді алдырады. Бүтін құн алмақ болған баланың әкесі:
- Баламды ат босағада тепті,- десе, екінші даукес:
- Жабықта тепті,- депті. Би айыпкерге «сөйле» дейді. Сонда айыпкер:
- Атым босағада да, жабықта да тұрған жоқ. Анадай жердегі кермеде байлаулы тұр еді. Біз үйде шай ішіп отырсақ, апыл-тапыл басып жүрген жас бала, аттың артына барып, құйрығынан ұстай бергенде, ат теуіп өлтіріпті. Бұған мен кінәлі емеспін. Баланың шешесі кінәлі.
Сонда Қосуақ би:
- Баланы ат босағада да, жабықта да емес, түзде тепкені анықталды. Айыпкер құнның төрттен бірін төлесін,- деп билік айтыпты. Сонда өлген баланың әкесі:
- Япырым-ай, осы билікті бізге жолда кездесіп, жөн сілтеген бір қойшы бала айтып еді. Түбінде сол бала елді аузына қаратқан би болар,- деген екен.
Әйтеке би үш жүзге озық, алғыр және терең ақылымен, тапқыр да ділмәр шешендігімен, әділ және түзу бидігімен белгілі болған қоғам қайраткері. Қазақ халқының қайғысына қайғырған, қуанышына қуанған, соғыста қолына қару алып алғы шепте жүрген жауынгер ұйымдастырушы. Әйтеке Күлтөбедегі үш жүздің құрылтайына қатысқанда 25 жас шамасында екен деп шегелейді шежіреші қарттар. Шынында да үш бидің кішісі Әйтеке болған. Билер тарихында қазақтың Төле би, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билердің орны ерекше. Бұл үшеуін өз дәуірінде елін, жерін шапқыншы жаудан қорғап қалуда, елдің, халықтың бірлігін, ынтымағын сақтауда, адамгершілік, парасаттылық, ата-баба намысын, дәстүр-салтын сақтауға зор еңбек сіңірген хандарға ақыл-кеңес берген билердің биі, ұлыстың ұлы биі, бас би, ата би, баба би, көсем би деп қадір тұтамыз. Қазақ халқының бұл үш биі ел басына күн туған қиыншылық кезде де, билер кеңесі кезінде де, ел жиналған айт, ас, той тұсында да, жер дауы, жесір дауы, құн дауы көтерілген жерде де, бірге бас қосып ел тағдырын бірге шешісіп келген. Кейде екі би бір шешімге келе алмай қалғанда, үшіншісі ортадан билік айтып дауды тындырып отырған. Ертеде ұлы жүздің бір жігітіне атастырып құда түсіп қойған орта жүздің бір қызы арғынның жігітімен қашып кетеді. Екі ел арасында жесір дауы басталады. Бірінің жылқысын бірі барымталап кетеді. Төбелес, жанжал шығады. Екі жақтың кісілері Төле би мен Қазыбекке жүгініседі. Қазыбек:
- Аға болып алдымен туасың,
Барымталап жылқымды қуасың –
десе, Төле би оған:
Артымнан ерген еркемсің
Ағаңның көзі тірісінде
Жеңгеңді неге ертесің? - деп өкпе артады. Екеуі ұзақ-ұзақ сөз жарыстырады, бір мәмілеге келе қоймайды. Сонда ортадан Әйтеке би тұрып:
- Сабыр етіңдер, ағалар! Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.
- Ашу деген ағын су,
Алдын ашсаң арқырар.
Ақыл деген дария, 
Алдын тоссаң тоқырар.
Кісі бірге туыспау керек
Туысқан соң сөз қуыспау керек.
Сөз қуған бәлеге жолығады.
Жол қуған олжаға жолығады.
Төле, сен жылқысын қайыр!
Қазыбек, сен жесірін қайыр!
- деп, екеуін келістіріп, қол алыстырыпты. Ел Әйтекенің бұл билігіне риза болып, екі жағы бітімге келіп, тиышталыпты. Әйтеке билікті мақал-нақылмен мәнерлеп айтатын, дауды әділ шешіп кесек-кесек сөйлейтін өте әділетті, білгір би болған. Сондықтан да ол аға би атанып Кіші жүз елін ұзақ жылдар басқарған. Тәуке ханның Төле би, Қазыбек би сияқты кеңесші бас билерінің бірі, «Жеті жарғы» заңын жасасқан азамат. Әйтеке дана би ғана емес, ұлттық мақтанышымыз, қазақтың жүз жылда бір туар арысы, артына өшпес із қалдырған адал перзенті. Өз халқына, ел-жұртына адал еңбек еткен, оның іргелі ел болуын жатпай-тұрмай ойлаған мұндай тұлғалар арғы-бергі тарихымызда өте аз. Әйтеке сонысымен де ұлы адам. Оның есімі қазақ даласының көгінде желбіреп тұрған аспан түсті туымыздай, әр қазаққа қымбат, әр адамға қасиетті есім.

 

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет