Астамбаева жупат канапьяновна



бет32/39
Дата02.05.2024
өлшемі4.57 Mb.
#500345
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   39
astambaeva-zh-k-phd-s-sp

ҚОРЫТЫНДЫ


«Алгоритмдерді оқыту барысында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік-математикалық сауаттылықтарын дамыту» тақырыбындағы диссертацияның ғылыми болжамы дәлелденіп, педагогикалық ЖОО теория мен тәжірибеге ендіруге болатындай нәтижелер алынды.
Зерттеу жұмыс барысында теория, әдіснама, әдістеме және практика барысында жүргізілген нәтижелерге сүйеніп, мынандай төмендегідей қорытындылар жасауға болады:
1. Заманауи білім беру жүйесін оңтайландыру, реттеу мен өзгерістер енгізуге арналған еліміздің стратегиялық, отандық білім беру бағдарламалары мен нормативті-құқықтық құжаттарға талдау жасау барысында жоғары кәсіптік білім беруде болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік-математикалық сауаттылығын дамыту мәселесінің өзектілігі негізделді.
2. Мәселеге қатысты теориялық еңбектерге жасалған талдаулар «әдістемелік-математикалық сауаттылық» ұғымының мәнін «білім алушының математикалық және әдістемелік білімі мен білігін өмірлік тәжірибесінде қолдана алу сауаттылығы» деп, ал зерттеуіміздің негізгі түсінігі «болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік-математикалық сауаттылығын» «болашақ педагогтердің әдіснамадан, психологиядан және педагогикадан, бастауыш курсы негіздері мен математиканы оқыту әдістемесінен алған білімдерін күнделікті сабақ барысында, ғылыми-зерттеу және бітіру (диплом) жұмыстарында, педагогикалық тәжірибеден өту кезінде және нақты өмірде қолданудағы инновациялық траектория» деп тұжырым жасауға мүмкіндік берді.
3. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік-математикалық сауаттылығын дамытудың төмендегідей мүмкіндіктері анықталды:

  • бастауыштың теориялық негіздерінен жоғары білімінің болуы;

  • бастауыш сынып оқушыларының игеруі тиіс математикалық теориялардың негізін білуі;

  • болашақ мұғалімдердің оқушыларға білім беру, білік пен дағды қалыптастыру әдістемесін игеруі;

  • бастауыш сыныпта қарастырылатын алгоритмдік материалдарды оқыту әдістемесін білу және тәжірибеде қолдана алу мүмкіндігі.

4. Диссертациялық жұмыста бастауыш сыныптардағы математикалық жаттығулардың түрлеріне талдау жасау арқылы жаттығуды орындатудың үш кезеңі (1. Жаттығуды талдау. 2. Жаттығуды орындату. 3. Жаттығуды қорыту) анықталып, олардың әрқайсысының алгоритмі көрсетіліп, «алгоритм» ұғымымен байланысты жаттығу түрлері нақтыланды, оларды оқыту әдістемесі ұсынылды:

  • алгоритм ұғымы және оның қасиеттерін анықтауға арналған жаттығулар;

  • алгоритмдерді жазу тәсілдерімен байланысты жаттығулар;

  • алгоритмнің құрылымын меңгерумен байланысты жаттығулар;

  • алгоритмдерді талдаумен байланысты жаттығулар;

  • алгоритмдерді түзу және алгоритмдер құру тәсілдерімен байланысты жаттығулар;

  • жаттығудың мазмұнына қарай блок-схема құру және блок-сызба бойынша тапсырмалар құрастыра алу.

5. Зерттеу барысында дайындалып, тәжірибеден өткен болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің ӘМС дамытудың құрылымдық-мазмұндық модельдің мазмұны, алгоритмдерді оқыту арқылы болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік-математикалық сауаттылығын дамыту үдерісінің әдіснамалық тұғырлары мен ұстанымдары, компоненттері, көрсеткіштері мен өлшемдері, әдістері мен деңгейлері анықталды. Әдіснаманың іс-әрекеттік, жүйелілік, антропологиялық, аксиологиялық және кұзыреттілік тұғырлары мен холистикалық, ғылымилық, шиыршық, іс-әрекеттік-жүйелілік, теория мен тәжірибенің байланысы ұстанымдары басшылыққа алынған мотивациялық-мақсаттық, мазмұндық-ақпараттық, операционалдық-әрекеттік, рефлексиялық-бағалаушылық компоненттерден тұратын бұл құрылымда қоғамның сұранысын қанағаттандыратын сауатты бастауыш сынып мұғалімін дамытудың мүмкін болатындығы дәлелденді.
6. Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік-математикалық сауаттылығын дамытудың жүйесі жасалды, оқу құралы мен оқу-әдістемелік кешен дайындалып, тәжірибелік-эксперименттік сынақтан өткізілді.
Зерттеудің міндетіне сәйкес әзірленіп, жоғары оқу орнының білім беру үдерісінде тәжірибеден өткен «Алгоритмдерді оқыту әдістемесі» оқу-әдістемелік кешеннің және «Кіші мектеп жасындағы оқушылардың жаңартылған математикалық білім негіздері» атты оқу құралының «Кәсіби іскерлік блогы» арнайы тапсырмаларын және болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік-математикалық сауаттылығын дамытуға бағытталған арнайы жаттығулар, атап айтсақ, 1) модельдеуші, 2) ізденімпаздықты дамытуға бағытталған, 3) кіріктірілген, 4) тәжірибеге бағытталған, 5) логикалық мазмұнды жаттығулар түріндегі әдістемелік жүйе ретінде қолдану студенттердің әдістемелік-математикалық сауаттылығының қалыптасуына тиімді ықпал етті.
Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша төмендегідей ұсыныстар жасалды:

  • алгоритмдерді оқыту барысында болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік сауаттылықтарын дамытуда арнайы оқу бағдарламаларын пайдалану, жоғары оқу орны оқытушыларының осы бағыттағы жұмыстарды мақсатты жүргізулерін қамтамасыз ету қажет;

  • жаттығуларды орындау кезеңдерін (жаттығуларды талдау, оларды орындау, жаттығуды қорыту) барлық әдістемелік пәндерді («Жаңартылған мазмұндағы «Қазақ тілін» оқыту әдістемесі», «Жаңартылған мазмұндағы «Дүниетану» оқыту әдістемесі», «Көркем еңбекті» оқыту әдістемесі»,т.б.) оқыту үдерісіне енгізу қажет;

  • жүрізілген ғылыми-зерттеуіміздің негізінде дайындалған «Алгоритмдерді оқыту әдістемесі» атты таңдау курсы мен ондағы әдістемені 6В01301 – Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығы білім алушыларына дәріс және практикалық сабақтарын жүргізу барысында қолдануға болады.

Диссертациялық жұмысты жазу барысында алынған зерттеу нәтижелері келешекте педагогикалық ЖОО-нда болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін даярлауға арналған әдістемелік мәселелерді жетілдіруге және соған байланысты ұйымдастырылған тың зерттеулер жүргізуге тірек болады деуге болады.
Зерттеу мәселесі алгоритмдерді оқыту арқылы болашақ бастауыш сынып педагогтерінің әдістемелік әрі математикалық сауаттылығын дамытуға ғана арналып отырғандықтан, басқа да бағыттағы зерттеу жұмыстарын толық деңгейде қарастыру мүмкін болмады. Сондықтан, бұл мәселені басқа қырынан әлі де терең зерттеуге болады деп ойлаймыз. Әсіресе, тек математика сабақтарында ғана емес, қазақ тілі, орыс тілі, шет тілі, «Еңбекке баулу», дүниетану, т.б. пәндерді оқыту барысында да алгоритмдерді оқыту, аталған пәндердің әдістемелерін оқытуда да алгоритмге қатысты мәселелерді қолдануға байланысты ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуге болады деп санаймыз.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   39




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет