Қорытындыда зерттеу нәтижелері бойынша алынған бірнеше тұжырымдар беріледі. Қосымшада диссертация мазмұнына енбей, зерттеу кезінде қолданылған материалдар берілген.
1 БОЛАШАҚ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ӘДІСТЕМЕЛІК-МАТЕМАТИКАЛЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ-ДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің әдістемелік-математикалық сауаттылығын дамыту мәселесінің қазіргі жайы
Қазақстан Республикасының орта білімінде (бастауыш мектептерді қоса алғанда) болған мемлекеттік міндетті стандарттардағы [60] және оқу бағдарламасының мазмұнын жаңарту шарттарындағы [61] өзгерістер болашақ бастауыш мектеп мұғалімдерінің дәстүрлі білім алуын жақсартуға бағытталды.
Бастауыш математикалық білім берудің қазіргі заманғы мазмұны білім беру міндеттерінің басым әртүрлілігі мен тиімділігімен, модельдеудің әртүрлі формалары мен әдістерін қолданумен, сондай-ақ шығармашылық ойлауды оқытуға бағытталған ізденіс, зерттеу әдістері мен білім беру процесімен, субъектінің тиімді білім беру іс-әрекетімен, өз бетінше шешім қабылдауға қабілетті өз жасындағы зерттеу қызметімен байланысты қызығушылығымен сипатталады., сөзсіз, бастауыш мектеп мұғаліміне жаңа білім беру талаптарын қояды.
Бастауыш сынып мұғалімдерінің сауаттылық тақырыбын қозғамас бұрын, «дайындық»және «сауаттылық» ұғымдарын ажырату қажет сияқты.
С.И.Ожеговтың «Түсіндірме сөздігінде» «даярлық» ұғымы «бір нәрсе үшін барлығы дайын, барлығы жасалған жәй-күй» дегенге саяды [87,с. 142]. Ғылыми әдебиеттерді талдау барысында И.В.Амосова [88], В.П.Кузовлев [89], Н.В.Саяпин [90], И.Ф.Исаев [91], А.П.Тарасова [92], Е.Н.Шишов [93], т.б. еңбектерінде «даярлық» категориясы психологиялық жәй-күй, субъектідегі қандай да бір қажеттіліктердің тағайындалуы мен болуы, тұлғаның қасиеттерінің синтезі ретінде қолданылады.
Кәсіби даярлық ұғымы психологиядағы белгілі «психологиялық даярлық» терминінен шығады, ол өз кезегінде әр түрлі түрде, яғни кәсіби тәжірибеге дейінгі даярлықтан (Т.Г.Ивошина, М.Е.Питанова, Л.В.Шварева [94], т.б.) еңбекке қажеттілік пен қажетті білім, білік, дағдылардың бірігуіне дейін (К.К.Платонов [95], В.А.Моляко [96], т.б.) баяндалады.
А.П.Тарасованың пікірінше, «кәсіби даярлық» нақты кәсіби іс-әрекетке даярлық болып табылады, ол тұлғаның жеке бас сапалары мен көңіл-күйінің мәнімен анықталады; тұлғаның белгілі бір сапалық қасиеттерінің қосындысы емес, тұлғалық сапалар өзара және психикалық жәйімен динамикалық әрекеттестікте болатын кіріктірілген сипаттама [92,с. 169] түрінде сипатталады.
К.К.Платонов кәсіби даярлықты «тұлғаның өзін белгілі бір кәсіби іс-әрекетті орындауға қабілетті деп есептейтін, оны орындауға ұмтылатын субъективті жәй-күйі» [95,с. 17] деп түсінеді.
Ал «сауаттылық» ұғымы дайындыққа қарағанда әлдеқайда кең ұғым. «Сауаттылық» ұғымының құрылымдық маңызды негізі болашақ бастауыш сынып мұғалімінің теориялық және практикалық тәрбиесі, жеке басының сапасы болып табылады. ХХ ғасырда «сауаттылық» категориясы функционалды сипатқа айналды. Б.С.Гершунский [7,с. 58], Л.Н.Полищук [38,с. 212], Н.Н.Сметанниковалар [39,с. 212] функционалдық сауаттылықтың қаншалықты жоғары болуына сай сапалы жұмыс жасауға қажетті біліктерін дамыта, соған ие бола отырып, адам соншалықты үнемі білім алуға қабілетті екенін айтады. Осыған байланысты кәсіби қоғамдастықта "функционалды сауаттылық" терминін қолдану табиғи үрдіс болып табылады, белгілі бір қызмет аясында «кәсіби сауаттылық» ұғымын білім мен дағдыларды игеру деңгейі ретінде анықтау қажет.
Кәсіби сауаттылық адамның әлеуметтік іс-әрекетінің ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі формаларда көрінеді. Сондықтан қазіргі сауаттылық теориясы мамандардың сауаттылықтың әртүрлі түрлерін қалыптастыру мәселелерін зерттеуінде көрінеді: тілдік (А.В.Конышева, Е.И.Пассов, Л.В.Хведченя, т.б.); компьютерлік (С.А.Тангян, Т.Тейлор, Л.С.Фридман, т.б.); экологиялық (Н.В.Кривощекова, т.б.); музыкалық (Е.З.Гаврилова, Е.Ю.Глазырин, Д.Б.Кабалевский, т.б.), риторикалық (Т.Н.Савчук); эксперименталдық (В.В.Хмурович), орфографиялық (В.Я.Булохов); жазбаша (А.А.Вейзе, И.И.Токарева, т.б.); жобалық (Т.М.Рогач).
Г.И.Михалевскаяның айтуынша, «кәсіби-педагогикалық сауаттылықтың мазмұны студенттің жоғары оқу орнында алған және кейін педагог болған кезінде жетілдіріп, дамытатын білімдері, біліктері мен сапалық қасиеттерін» қамтиды: «мұғалім – технологиясын әркім өзінше орындайтын мамандық: біреулері сауатты, ал кейбіреулерге ол үшін ұзақ әрі көп оқуға тура келеді» [14, с. 6]. Н.А.Егорованың пайымдауынша, «кәсіби-педагогикалық сауаттылық – жоғары білім беретін педагогикалық мекемелердің бітірушілерінің ғана емес, тәжірибелі оқытушылардың, шеберлердің кәсібилік деңгейінің, құзыреттіліктерінің сипаттамасы болып табылатын категория; бұл педагогтің игеретін және барлық өмірі мен қызметінде жетілдіре түсетін сапалық қасиеті» [45,с. 3]. Демек, кәсіптік тұрғыдан сауатты маман – ерекше дайындығы, кәсіби жоғары деңгейлік білімі бар, шығармашылық пен зерттеушілікке ұмтылатын, қандай да бір әрекетті ретімен орындауға машықтанған, дамыған тұлға.
Біздің ойымызша, алдымен болашақ маманды өз кәсібіне даярлап алу қажет. Бірнеше әрекеттердің нәтижесінде өзінің университет қабырғасында алған білімдерін қолдануға, орындалатын әрекеттің тиімділігі мен қажеттігін түсінуге дағдылануы тиіс. Осылайша болашақ маман өз кәсібіне қажетті біліммен қоса, білік пен дағдыны, құзыреттіліктерді игереді. Демек, қандай да бір нәтижеге жетеді. Оған жетудің жолдарын, құралдары мен әдіс-тәсілдерін, оқыту формаларын анықтап, қорытынды шығарып, түрлі әрекеттерді орындау арқылы белгілі бір тәжірибе жинақтайды.
Сауаттылық деңгейіне жету үшін оған тәжірибемен қоса, өздігінен даму, өз білімін жетілдіру, өз әрекетін реттеу, өзін-өзі дамыту және өз әрекетін басқара алу сияқты қасиеттері де болуы тиіс. Демек, болашақ маманның жеке бас қасиеттері мен тәжірибесі қосылып, құзыреттілікті береді. Сонда сауатты кәсіби маман болу үшін бірнеше кезеңдерден өту қажет немесе сауатты маман алгоритмін шығаруға болады. Оны былайша кесте-сұлба түрінде көрсетуге болады:
Сурет 1 – Даярлықтан сауаттылыққа дейінгі алгоритм
«Функционалдық сауаттылық» ұғымы 1957 жылы «ЮНЕСКО енгізген уақыттан бастап «сауаттылық» және «минималды сауаттылық» ұғымдарымен қатар қолданысқа түсіп келгенімен» [97], Қазақстан Республикасындағы мектептердің оқу-тәрбие үдерісіне тек 2012 жылдан бастап ендіріле бастады деуге болады.
Жалпы алғанда, кейбір педагогикалық-психологиялық зерттеулерде негізінен, мектеп оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру және дамыту мәселелері Шевкин А.В. [98], Әбілқасымова А.Е. [28,с. 32], Нургазинова М.К. [29,с. 37], (математикалық бағыттағы), Гершунский Б.С. [7, с. 45], Ермоленко В.А., Перченок Р.Л., Черноглазкин С.Ю [39,с. 20], Басова Е.А. [30,с. 20], Онушкин В.Г., Огарев В.И. [31,с. 20], Оразбаева Ф.Ш. [32,б. 20], (тілдік бағыттағы) Кемельбекова Г.А. [33,с. 20] (гуманитарлық пәндер бағытындағы) қарастырылады. Ал болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің сауаттылығын дамыту мәселесін зерттеген ғалымдар ретінде Н.М.Евтыхова мен Н.А. Егорованы айтуға болады. Н.М.Евтыхова өз мақаласында бастауыш сынып мұғалімі бастауыш сыныпта бірнеше қызметтерді атқарады, соның ішінде ол математика пәнінің де мұғалімі қызметін атқаратынын айта келе, «функционалдық сауаттылық» ұғымына [47,с. 82] келтірілген анықтамаларға талдаулар жасайды. «Құзыреттілік», «математикалық құзыреттілік», «математикалық сауаттылық» ұғымдарына келтірілген түрлі зерттеулерді саралай келе, ол болашақ бастауыш сынып мұғалімінің функционалдық математикалық сауаттылығын қалыптастыру үдерісінде бірнеше компоненттерді бөліп көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |