Астана ақшамы. – 2014. №117. – 16 қазан



Дата30.06.2016
өлшемі35.92 Kb.
#168183

Астана ақшамы. – 2014. - №117. – 16 қазан


Қалжанов А.
Сұңқар Сәкен сәтті сомдалды
Биыл ұлтымыздың арда азаматтарының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 120 жылдық мерейтойына арналған қос бірдей драмалық шығарма көрерменімен қауышты. Оның біріншісін ақын, ғалым Ғазиз Ештанаев жазып шығып, «Жолайрық» деген атпен Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Ақ желкен» студенттік театрына ұсынса, «Сәкен-сұңқар» тарихи трагедиялық драмасының туындыгері – Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қанат Жүнісов, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков.

Осы соңғы аталған туындыны біз де барып көрдік. Байқағанымыз – авторлар өз шығармасында Сәкеннің қайраткерлік тұлғасын барынша ашуға тырысқан екен. Ол талпыныстары сәтсіз болмағанын айтуға тиістіміз. Олардың бұл еңбектеріне сәкентану ілімінің негізін қалаушы, Сәкен бейнесінің қалтарыстарын ашамын деп, алпыс жылға жуық уақыт тер төгіп келе жатқан әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев өз үлесін қосқаны да айқындалды. Иә, қойылым ғалымның Сәкен жайлы жазғандарын есімізге оралтып отырды. Бас сәкентанушының өзі де премьера қонақтарының қатарынан табылып, драма аяқталғанда пікірін білдіріп, авторлар мен рольдерді сомдаған актерлерге батасын берді.

Сәкен Сейфуллинді жұрттың көбі кеңес өкіметі орнағанда соның сойылын соққан адам ретінде бағалайды. Бұл – біржақты пікір. Сәкен коммунистер билікке келгенде ақ патша заманынан бері езгіде отырған туған ұлты құлдық қамытынан босанады деп қалтқысыз сенді. Қолдан келер мүмкіндіктерін сол жолда сарп етті. Драмада бас кейіпкерді ойнаған актер Сырым Қашқабаев сол бейнені бере білді.

Қойылым Сәкеннің 1922-1925 жылдары Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы қызметінде отырған кезеңінен басталады. Сол кезеңде ол ең алдымен қырғыз аталып жүрген қазаққа өзінің тарихи атауын қайтарып беру мәселесін көтеріп, «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақала жазады. Онымен тоқтамай, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беріліп, кеңсе құжаттары қазақ тілінде жүргізілуіне күшін салады.

Қазақстан үкіметін басқарған алғашқы жылы «мемлекеттік бюджеттің 90-95 пайызы оқу-ағарту саласына бағытталсын» деп, бұйрыққа қол қояды. Қазақтан білімді, еш ұлттан кем емес азаматтардың шығуы тек ақшамен шешілмейтінін ойлап, жас талапкерлерге үлгі қылатын тұлғаны іздейді. Халқы Ахмет Байтұрсыновқа қарап, бой түзеу керек деп шешіп, оның 50 жылдық мерейтойын ғылыми конференция түрінде ұйымдастыруға бел шеше кіріседі. Осының бәрін драмада көрінген Сыдық, Қадыржан, Әлкей сынды әріптестеріне айтқанда, олар шошып, Сәкенді райынан қайтарғысы келеді. Алайда, ақыры Сәкеннің ығына жығылады. Сонда Сәкеннің оларды құшақтап тұрып: «Жиырма жылдан кейін қазақ білімімен және өнерімен озады» деп романтикаға берілгені тарихи факт.

Қойылымда Сәкен ойын Ахметке жеткізу үшін оны кеңсеге шақырып алып, әңгімелеседі. Сонда Ахмет: «Уа, Сәкен, мені халық жауы көретін Орталық комитет оған келісе қоя ма?» деп сұрақ қояды. Ахмет коммунистерге сенбейтіндіктен, оларды отаршы деп санайтындықтан екеуі сол жерде сөзге келіп қалады. Соңында Ахмет «Білгенің болсын» деп, шығып жүре береді. Сәкеннің ұлтшыл ойлары жоғарыға жетіп, басына бұлт үйіріледі. Ақыры Орталық комитет оны орнынан алып тынады.

Драманың екінші бөлімі ұлт басына төнген нәубет – ашаршылыққа Сәкеннің күйзелісінен басталады. Кезінде қызмет атқарған мекемеге келген ол сол жердегі бұрынғы әріптестерінен ұлтына араша сұрайды. Сонда бесікті алып кіреді. Мұны символдық бұйым деп ұқтық. Автор сонысымен мына ашаршылықтан ұрпақ, тұтас ұлт аман қалса екен деген ойды ұқтырғысы келген сияқты. Ол жердегі тәжікеден соң Сыдық қолдан келер қайранды жасаймын деп Сәкенді шығарып салады.

1936 жылы Сәкен Еңбек Қызыл Ту орденін алып, шығармашылық еңбегінің 20 жылдығын атап өтеді. Осы жайт оның көңілін біраз көтеріп тастаған секілді. Келесі көрініс арқылы сол бейнеленеді. Сәкеннің үйіне өнерлі бауырлары келіп, жеңгелері Гүлбаһраммен сырласады. Сырбаз азаматтың жарынан ағалары жайлы ананы-мынаны сұрап, оның жүрегіндегі тәтті естеліктерді оятады. Сөйтіп отырғанда үйге жүзі бал-бұл жанған Сәкен мен Ахмет Байтұрсынов кіріп келеді. Ахметтің кезекті айдаудан босап, Сәкен оны құрметтеп шақырған шағы екен. Мәре-сәре болып бәрі отырғанда Егор дейтін кезінде Сәкен істеген кеңсенің күзетшісі болған адам ақынның ұлы Аянға ойыншық ат әкеліп береді. Содан «дастархан басына шық» дегеніне қарамай, шығып кетеді. Оны көрген Ахметтің өңі бұзылып Сәкенге: «Біз мерейтойым жайлы әңгімелескенде тың тыңдаған осы кісі, мен оны танып қойдым» деп, ол да жүре береді. Ақыры, оның сөзі шындыққа айналады, Егор – НКВД-ның тыңшысы екен. Сол бастаған «қызыл жағалылар» Гүлбаһрамды аңыратып, азаматын тұтқындап әкетеді. Әрі қарай сот болып, Сәкен атылады…



Сахнаға көтеріліп, қойылым жайлы пікірін білдірген Тұрсынбек Кәкішев драма жазылып болған соң оны оқып бергенін, алайда, көп жері өзгергенін айтты. Гүлбаһрамның ролін ойнаған Алтынай Нөгербекке оның кейіпкері өмірде өжет болғанын жеткізіп, бейнені сәл көтеру керек деген ақылын қосты. Өзі де 1944 жылы Ақмолада актер болып жұмыс істегенін еске алды. Ең бастысы, осындай шығарма жас ұрпақты тәрбиелеуге таптырмайтын құрал екенін алға тартты. Оның осы сөзінің шын­дығына залдан шығып бара жатып көз жеткіздік. Оған драманы тамашалаған бір-екі қыздың «жыладық» деген сөзі себеп…

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет