«астана» телеарнасының жаңа астананы насихаттаудағы ізденістері



жүктеу 109.08 Kb.
Дата26.02.2016
өлшемі109.08 Kb.


«АСТАНА» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ЖАҢА АСТАНАНЫ НАСИХАТТАУДАҒЫ ІЗДЕНІСТЕРІ

М.Б.Шындалиева

Филология ғылымдарының докторы, профессор

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан



Түйіндеме

«Астана» теледидарының қалыптасуы кезеңі мен даму процестеріне тәуелсіздік кезеңде туған жаңа модел негіз болады. Радио мен газет, теледидар түр мен соны пішін алып келді. Эфирдегі шеберлік, режиссерлік шешім, операторлық қырағылық, өткір тілді жүргізушілер құдіретті теледидар өнерінің құдіреттілігіне бас еріксіз игізеді. Осы тәуелсіздік жылдарында қазіргі «Астана» телевидениесі басқа арналардан гөрі ұнатып көретін көрермендерге ие болғаны, жаңа тарату әдісін енгізгені сөз болады.



Кілт сөздер: телеарна, эфир, модел, хабар, шеберлік,режиссер, оператор, жүргізуші
Қазақ тележурналистикасының теориялық және тәжірибелік мәселелерінің көкейкестілігі, оның ішінде «Астана» телеарнасының дамуы мен қалыптасуы, осы арнаның қазақ телевизиясының көшбасшысына айнала бастауы баяндама тақырыбын таңдауға негіз болды. Қандай қоғамдық құрылыс, саяси жүйеде болсын, оның дамуында бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өте зор. Өйткені, қоғамның қалыпты саяси-әлеуметтік, рухани-экономикалық өмірін күнделікті ақпарат тарату қызметінсіз елестету мүмкін емес. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарының ішіндегі теледидардың қызметі – қоғам үшін өлшеусіз. «Астана» арнасындағы хабарлар еліміз астанасындағы өзгерістер мен жаңаруларға дер кезінде үн қоса отырып, сан миллиондаған көрермендермен тікелей жүздесіп, оның рухани ой-санасына қозғау салып, пәрменді ықпал етіп келеді.

Толыққанды дербес мемлекеттік жүйеге тән бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қоғамда жүргізіп отырған реформалық өзгерістерге тигізер әсері ұшан-теңіз. Журналистер – өз материалдары арқылы өмірдегі құбылыстарға баға беріп, талдау жасап, кемшіліктерді жою жолдарын ұсына отырып, пікірлер айтады. Уақытпен бірге өзгеру, жаңарулар үстіндегі теледидардың атқаратын функциялары мен принциптеріне, хабарлардың түрі мен пішіні, жанрларына талапқа сай соны шешімдерді қажетсінеді. Тәуелсіз елімізде пайда болған «Астана» теледидары халыққа шынайы, терең, зерттеліп, талданған ақпаратты беріп, өз көзқарастарын жеткізіп отыру жағынан алдыңғы қатарда келеді.

«Астана» теледидарының қалыптасуы кезеңі мен даму процестеріне тәуелсіздік кезеңде туған жаңа модел негіз болды. Алпысыншы жылдардан бастау алған қазақ теледидары елу жыл бойына дүниежүзіндегі экран алпауыттарымен иық теңестіре жүріп, мол тәжірибе жинақтады. Радио мен газет, теледидар түр мен соны пішін алып келді. Эфирдегі шеберлік, режиссерлік шешім, операторлық қырағылық, өткір тілді жүргізушілер құдіретті теледидар өнерінің құдіреттілігіне бас еріксіз игізеді. Соның ішінде тәуелсіздік жылдарында бой көтерген «Астана» телевидениесі басқа арналардан гөрі ұнатып көретін көрермендерге ие бола білді. Алғашқыда баспа және электрондық БАҚ «Цесна» корпорациясының қамқорлығымен фирмалық белгіні, басқа да ерекшелікті білдіретін дизайн элементтерін анықтады. «Инфо-Цес» газетінің, «Цесна-Азия» радио және телеарнасының атынан қатысушысы «Цесна» корпорациясы екенін түсінуге болады. Барлық БАҚ бірдей үлгіде «Цесна» корпорациясының фирмалық белгісі хабар таратудың басында және аяқталған соң «Цесна» сөзінің бастапқы әрпі графикалық заставка ретінде қолданылған. Телевидение декорациясының барлық түстер политрасы сақталған, түстер графикалық иллюстрация құбыла бастайды, ал газетте ол көгілдір. Жаңалықтар сюжеттерінің артында станция келбетінің элементтері болады. «Цесна-Азия» тыңдаушылары мен «Инфо-Цес» газетінің оқырмандары визуалды және тыңдау арқылы оңай тани алады. «Цесна» корпорациясының фирмалық белгісі компания имиджінің біртұтастығын білдіріп, тұтынушылардың сенімін арттыруға көмектеседі, оқырмандар, көрермендер мен тыңдаушылар компанияның өмір сүруін тұрақтандырды. Цесна корпорациясының фирмалық белгісі баспа электрондық БАҚ-тың негізделуіне және дамуына үлкен әсер етеді. Телеарналық өндіріс қиын-қыстау уақытты бастан өткере отырып, жаңа тарату әдісін енгізіп, енді қалыпқа түскенде бұл әдіс ескірген болып шыға келеді. Жергілікті әкімшілік станцияның қызметін тұрақты етуі үшін тарату уақытын тез өсіруді талап етеді. Объективті ақпаратқа тыңдаушы сұранысының, талабының жоғарылауына байланысты жаңалықтар бөлімі өз штаттарын өсіруді қолға алды. Бұрын мемлекеттік арналар үстемдік еткен жерлерде жаңа станциялар пайда болып, бәсекелестікті күшейген үстіне күшейді. Іс жүзінде хабар таратушылар шынайы ақпарат көзін құру, станцияның ерекшелігін қолдау болып табылатындығына көздері жетіп отырды.

Негізгі телестанциялардың принципіне және талаптарына жауап бере алатын астаналық қосымша телеарна «Цесна» ТРК-сы. 1992 жылдың 8 наурызында Целиноград қаласында бір дециметрлік арнаға артты. «Цесна» телеарнасы сол кездегі облыстық қала өміріне, қоғам өміріне нық еніп те кетті. 1997 жылы 1 қаңтарда «Цесна» арнасы мен «31-арнаның» қосылу салдарынан дүниеге жаңа заңды тұлға «Цесна-Азия» телеарнасы келді. Сол кезден бастап қызметкерлер саны екі есе көбейіп, студияның орналасқан жері де өзгерді. Осы уақыт аралығында ішінара өзгеріс болғанымен, айтарлықтай үзіліс байқалған жоқ. Сонымен қатар, техникалық қоры жетілдіріліп, жаңартылған, студия ғимаратының және штаттық қызметкерлер саны өскен, хабарды тарату сапасы жақсарып, хабар тарату уақыты өскен телеарнаға айналған болатын. «Цесна» ТРК-сының өзіндік тұрақты көрермені мен радио тыңдаушысы пайда болып қалыптасты.

Еліміздің бас қаласы Астананың күн сайын астана қуатына енген сайын, телеарна астаналық статусты өз деңгейінде ұстап тұруға талпынды. «Цесна» телеарна ретіндегі мол тәжірибесі, телеарнаны танымал етуі керек дегенмен, басқа арналарға қарағанда бұлыңғыр болып көрінеді. «Цесна» телеарнасы қала өзінің көрерменін ұстап отыруды тоқтатпады. Тәжірибе мен жеңіс, кеткен қателіктер мен кемшіліктер қаладағы сол кездегі алғашқы коммерциялық тәуелсіз телеарнаның аяғынан тік тұрып және өркендеу жолы «Цесна» ТРК-ның және басқа да телеарналар үшін берері мол. Басшылардың ауысуынан, ТРК-ның ішкі қызметінің ұйымдастырылмағаны, атқарылған жұмыстардың сараптамасы жасалмағандығы, көрерменге ықпал етуінің тұрақтылығы мен әсерін төмендетті. Бұл телеарнаның құрылуы және өсуі туралы тарихи материалдар өте аз. Материалдар іздеумен қатар осы объектіні зерттеудің екінші және негізгі ақпарат көзі жұмыс істеп жүрген және жұмыс істеген журналистерден, техникалық персоналдан сұрақ-жауап алу, сонымен қатар, нысанды бақылап және зерттеу болды.

2000 жылдардан бастап «Астана» телеарнасының жаңалықтар қызметі Парламенттен, үкімет отырысынан және басқа да жоғарғы органдардан репортаж жасауды бастады. Егер тек құрғақ ақпарат болмай, адамдарға жақынырақ және қызығушылықты арттыратын хабарлар болса, басқа арналардың «Хабар», «КТК», «НТК» және т.б. жаңалықтарынан гөрі «Астана» жаңалықтарын көруге бет бұрды.

Бұрынғы «АСТВ», қазіргі «Астана» ТРК мен басқа арналарды салыстыратын болсақ, айырмашылығы жер мен көктей. Масштабы, өте жоғарғы сападағы техникалық жабдықталуы, қоғамдағы барлық өзгерістерге шапшаң қимылы, әр нәрсеге өз көзқарасының барлығы және басқа да астаналық арналардың «Астана» арнасынан көп ерекшеліктері бар екенін айтуға болады.

Шығармашылық және қаржылық-техникалық мүмкіндік жасалғандықтан астаналықтардан арнаға ерекше көзқараспен қарауын талап етеді. Студенттер мен жас журналистерді тарту – керекті және дұрыс бетбұрыс және соңғы жылдар ішінде ол өз жемісін көрсетіп келеді. Бүгінгі күні «Астана» теледидарында жаңа идеялар, жаңа көзқарас, штампсыз тілдік материал жеткілікті. Студияны әрлендіру жұмыстары, декорациямен жұмыс, түстер сәйкестігіне байланысты заставканы жетілдіру жағынан алдына жан салмаған телеарна қызметкерлерінің соңғы телевизиялық дизайн талаптарынан хабардар екенін аңғару қиын емес. Жүргізілген сауалнамалар мен салыстырма талдаулар өз нәтижесін беріп отыр. Сараптаманы жиі өткізіп отырса, сөзсіз арна қызметі жемісті болар еді деген ойдамыз.

Астана келбетін, алып қаланың іскерлік өмірі қайнап жатқан кез, жаңа статус «Астананың»жұмысын қайта құруын талап етті. Телекомпания басқа кең ғимаратқа көшіп, техникалық жабдықтарын жаңартып және қызметкерлер штатын кеңейтті. Бүгінгі күні телеарнада қазақ және орыс редакциялары бар. Редакция қызметінде негізгі күш «Жаңалықтарға» және басқа ақпараттық хабарларға, сонан соң ойын-сауық хабарларына түседі. Қызметкерлер штаты – 20-нан астам тележурналистен, бірнеше дыбыс инженерінен, операторлардан, суретші-дизайнерлерден, әкімшілік және техникалық персоналдардан және жарнама агенттерінен тұрады. Қуаты және сапасы күшті передатчик қойғаннан кейін арнада бейнелеу сапасы жақсара түсті. Алғашқыда «Астана» арнасы астаналық емес, қалалық арна ретінде өзін көрсете алды, қала тұрғындарының проблемалары мен тілектері жауапсыз қалмады. Қаржы көлеміне байланысты тарату көлемі мен сапасы өзгеріп отырды, ақшасыздық авторлық хабарлардың да саны мен сапасына көп кесірін тигізді. Қазіргі күні қайта трансляцияланатын хабарлар саны ұлғайып, бірнеше авторлық хабарлар дайындалып, таратылып отыр. Қазіргі жасалатын хабарлар өзін-өзі ақтап, пайда әкелетін хабарлар арнаның рейтингін көтеріп, қаржы мәселесін шешетіні белгілі. Жарнама роликтерін дайындау мен бейнеклиптер прокатына көп күш жұмсалып, жарнама агенттерінің жұмысы жандандырылуда. Күнделікті және апталық ақпаратты-сараптамалық хабарлар саны өсуде. Олар – «Апта», «Тема», «Түйін сөз» қазақ, орыс тілдеріндегі ақпараттық, сараптамалық хабарлар. Көпшілікке арналған қазақ, орыс тілдерінде жүргізілетін «Осы сағатта «Мәдениет», «Осы сағатта «Әлем», «Осы сағатта «Спорт», «Осы сағатта «Экономика», кешкілік берілетін «Осы сағатта» бағдарламасы білгір журналистердің араласуымен жасалып келеді.

Бұл арнадан діни-рухани тәрбие беретін және ұлттық салт-ғұрыптарды насихаттайтын хабарларды кездестіру қиын. «Түйін сөзде» үкімет, парламент, министрлер, ҚР Жоғарғы сот қызметкерлері де қонақта болып жатады.

«Астана» арнасының он жылдан аса еңбек өтілі бар. Уақыт кеңістігінде ол өте аз уақыт болып саналады, бірақ әрбір эфирлік арна үшін күрес болған жағдайда он жылдан астам уақыт эфирде қалуы оңай нәрсе емес, мұның өзін ердік деп санау керек. Ол коммерциялық арнадан «Цесна-Азия» ТРК-сы, қазір «АСТВ», «Астана» болып қайта құрылуды бастан кешірсе де, өзінің эфирлік келбетін өзгерткен жоқ. Телеарна атауы өзгеріп отырғанмен оған сенген тұрақты көрермендер саны өзгерген жоқ. Телеарнаның даму кезеңінде оның бағдарламасында музыкалы-ойын-сауық хабарлары біршама басым болса, ал қазіргі эфир кестесінің кеңістігінің негізін ақпараттық-сараптамалық хабарлар құрайды. Астанамызда кең танымал арна екі-үш жылдан бері республика эфиріне жолдама алды. Бұл негізінен, телекомпания ұжымының жемісті де, қажырлы еңбегінің арқасында жүзеге асқан игілікті іс. Оның бүгін де республикалық бұқаралық ақпарат құралдары нарығында бірден-бір бәсекеге төтеп бере алатын құралға айналатынына сенімдеміз.

Телеарнаның республикаға тарағаннан кейін хабарларымен миллиондаған көрермендер қауышты. Ең бірінше кезекте бұрындары Астана көрермендері болса енді «Астана» бағдарламаларын көру мүмкіндіктеріне бүкіл ел аудиториясы ие болады. Әділін айту керек, «Астана» республика аумағына тарап, қиын да күрделі бәсекелестік жағдайына түсіп отыр. Оған себепкер болатын жайт – бірнеше миллион халықтың сұранысын дөп басып табу үшін қажымай, талмай еңбек ету және шығармашылық ізденістерді үдету қажеттілігі туады. Эфирде шығатын әр бағдарлама еңбекпен келген өнім. Алайда республика көлеміне эфирге шығу ауыз толтырып айтуға оңай болғанымен оның талаптары мен қиындықтары қатар жүреді. Күніне алты рет ақпараттық төл бағдарлама даярлауды қолға алған арнаға ең алдымен аймақтардағы тілшілер пунктің немесе арна өкілдіктерін ұйымдастыру міндеті тұр. Осы мақсатты орындау бағытында бірқатар жұмыстар атқару керек. Осы ретте материалдардың эфирге уақтылы шығуында кедергілер болып қалуы мүмкін. Өйткені аймақтармен байланыстар бізге байланысты емес кемшіліктер бар. Ол – барлық облыс орталықтарымен спутниктік байланыстың жоқтығы. Бүгінгі күні ондай байланыс тек Астана мен Алматы арасында ғана ойластырылған. Республикалық эфирге шығу ашығын айтқанда әрбір арнаның арманы. «Астананың» бұл арманы15 жыл өткеннен кейін орындалды, оның экономикалық, саяси және шығармашылық мүмкіндіктерінің төрт аяғынан тең басқандығының белгісі деп білеміз.

Бүгінгі күні арнада «Жаңалықтар» бағдарламасынан басқа өзге де бағдарламалар қатары көбейе түсуде. Жаңа жобаларының бірі продессерлік орталықтармен келісім шартқа отыру болып табылады. Сөйтіп, оның арнадан көрінуі тағы бір супер хабардың дүниеге келетіні болмақ. Алдағы болашақта арна басшыларының ойы – еліміз шекарасынан ойы – еліміз шекарасынан асып, көршілес Орталық Азия елдеріне шығу. Бұл орайда «Астана» өзінің бұрынғы өмірлік позициясынан айнымақ емес. Ішкі саяси жағдай, территориялық бөлініс, шекара мәселелері әдетінше өткір, әрі әділ көтеріліп отыратын болады. Арнаның ұтатын тұсы – көтерген мәселелердің дені Астана тынысына байланысты.

«Жаңалықтардың» ашылған күннен бастап алға қойған мақсаты – хабарды тек «өздері тапқан ақпараттармен» толтыруға тырысу. Шетел жаңалықтары бағдарламада анда-санда, реті келгенде ғана көрініс табады. Ал шығармашылық ұжымының алдына қойған міндеті – көрермендер, ең алдымен, Астанада не болып жатқанымен, оған қатысты хабар-ошарлармен таныстыру.

«Астанадағы» тағы бір жаңалық бағдарламаны компьютерлік әдіспен дайындау. «Жаңалықтар» бағдарламасында хабарды жасауда дайындықтан бастап эфирге шығарғанға дейінгі барлық жолды бір ізге түсіріп, оны жүйелеу деген сөз. Мұндай әдіс бұған дейін әлемнің көптеген телекомпанияларында сынақтан өткен. Бұл да болса арна жұмысын жаңартудың жаңа қадамы. «Астана қаласының теледидары» ЖШС Елордамызда пайда болған телеарналардың бірі.

«Астана» деген атқа ие болған арна «Цесна», «Цесна-Азия», «АСТВ-ның» заңды жалғасы. Құрылғанына шамамен он бес жылдай болды. Астана қаласының теледидары болып құрылғанға дейін деңгейі айтарлықтай көтерілмеген еді. Осыдан бес-алты жыл бұрын компания үш-төрт ғана бағдарлама шығаратын. Жұмыс істейтін қызметкерлердің де саны санаулы еді. Кейін аты өзгеріп, жаңа адамдар келгеннен кейін, бәсеңсіп қалған даму процесі қайтадан басталды. Әрине, оның дамуына түрткі болған жаңадан келген жас мамандар деп ойлаймыз. Дегенмен, дәл қазір шарықтау шегіне жеттік деп айтуға болмас. «Астана» арнасын болашақта әлі де талай даму баспалдақтары күтіп тұр.

Телеарна журналистері көптеген жаңа жобаларды жүзеге асыруға ат салысуда. Тікелей эфирде «180 минут» атты интерактивті бағдарлама, яғни, көрермендеріміздің телефон арқылы байланыса алатын хабары шыға бастады. Үлкен бір жоба жүзеге асып, «Астана-Еуразия кіндігі» - деп аталатын халықаралық ақпараттық көпір жұмыс істеп келді. Онда басқа мемлекеттердің Астаналарымен бейнематериалдар алмаса отырып, шетелдегі қандастарымыз туралы циклды сюжеттер көрсетіліп отырды.

«Астана» телеарнасының негізгі бағыты, негізгі мақсаты – тәуелсіз мемлекетіміздің жас астанасының имиджін қалыптастыру мен астаналықтардың бас қалаға деген патриоттық, мақтаныш сезіміне барынша қолдау көрсету. Сондықтан да Есіл өзенінің солтүстік жағалауында салынып жатқан әкімшілік орталықтың құрылысын жан-жақты көрсететін хабарларды, мәдени рухани азық берер бағдарламаларды толассыз шығарып жатыр. Оған қоса, мемлекеттік тілді дамыту туралы ел саясатын жүзеге асыру мақсатында қазақ тіліндегі хабар таратуды елу пайызға жеткізді. Әрине, қазақ тіліндегі хабарлар әлі де аздық етіп отыр. Бұл мәселені шешу болашақ телеарна жоспарында бар.

Рейтинг туралы айтар болсақ, «Астана» арнасы елордадағы алдыңғы қатарлы республикалық тәуелсіз арна. «Хабар», «Қазақстан», «НТК», «31-ші» арналар республикаға тарап отырғандықтан олардың аудиториясы мол. «Астананың» көрермендері астаналықтар ғана емес, бүкіл қазақстандықтар. Арнада жастардың көп болуынан үлкен үміт күтуге болады. Қазақ редакциясындағы жігіттер мен қыздардың жас мөлшері 20 мен 30-дың арасында. Көбі жоғары білімді. Қазір өз идеяларын жүзеге асырып шыңдалу үстінде. «Астана» теледидары қысқа мерзімнің ішінде көптеген өзгерістерді басынан өткерді. Бұрын соңды тікелей эфирге шықпаған жас журналистер бұл істі баяғыдан-ақ меңгеріп алған мамандарша, қысылмастан-қымтырылмастан алып кетті. Берілген тапсырмаларды уақтылы әрі сапалы орындауға машықтанып алды. Дегенмен, әлі де тоқтамай даму қажет. Бұл тек әріптестерімізге ғана емес, жас мамандардың бәріне қатысты айтылған нәрсе.

Қазір ақпараттар заманы. Көрермен неғұрлым жедел ақпаратты естіп көруге ұмтылады. Астананың өзінде күніне бірнеше ресми, бірнеше мәдени оқиғалар болады. Осылардың барлығын жедел жеткізу үшін «Осы сағатта» бағдарламасын көбірек шығару қажеттілігі туды.



Жалпы, «Астана» арнасындағы бағдарламаларды талдап, таразылай келгенде көңілге берік ұялаған нәрсе, арнаның Астана айнасына айналған теледидар болып қалыптасып келе жатқандығы қуантады. Хабарды даярлаушы топ немесе хабарды жүргізушілер өздерінің биік өресін танытып келеді.




©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет