Астанада VI бүкілқазақстандық студенттік универсиада аясында бокстан жарыстар аяқталды



Дата12.07.2016
өлшемі33 Kb.
#195402
2011-04-25 16:08:00.0

Астанада VI Бүкілқазақстандық студенттік универсиада аясында бокстан жарыстар аяқталды

АСТАНА. 25 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жексенбі күні Астанада VI Бүкілқазақстандық студенттік универсиада аясында спорттың бокс түрі бойынша өткен жарыстар аяқталды.


«Жастар» сарайында бес күн бойы Қазақстанның 30 жоғары оқу орнынан келген 165 (қыздар - 21, ерлер - 144) боксшы бақ таластырды. Жарыстарды ұйымдастырушы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті болды. Ерлер арасындағы жұптар - 10, әйелдер арасындағы жұптар 3 салмақтық дәрежелері бойынша алаңға шықты.
Жарыс нәтижесінде жеңімпаз атанғандар: Н.Абжанов (49 келі, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Астана); Қ.Тұрғанбаев (52 келі, Қарағанды Мемлекеттік университеті, Қарағанды); Д.Жұмсақбаев (56 келі, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Астана); А.Жеңісбеков (60 келі, Қазақтың Спорт және туризм академиясы, Алматы); А.Құдасов (64 келі, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Астана); Б.Қожабеков (69 келі, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ); А.Рақышев (75 келі, Семей Мемлекеттік университеті, Семей); А.Абдуғаниев (81 келі, Тараз Мемлекеттік университеті, Тараз); А.Әбілдинов (91 келі, Қарағанды Мемлекеттік университеті, Қарағанды); Д.Оспанов (91 келіден жоғары, ОҚ Мемлекеттік университеті, Шымкент). 
Әйелдер арасындағы бәсекеде: М.Түменбаева (51 келі, Қазақ Ұлттық университеті, Алматы), Ш.Исаханова (60 келі, Қызылорда Мемлекеттік университеті, Қызылорда) және С.Ковалевская (75 келі, Қарағанды Мемлекеттік университеті, Қарағанды) жеңімпаз атанды.
 Жалпы командалық есепте бірінші орынды С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, екінші орынды - Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ, үшінші орынды - М.Әуезов атындағы ОҚМУ иеленді.
 Сондай-ақ бірнеше аталымдар бойынша «үздіктер» арнайы Кубоктармен марапатталды. Атап айтқанда, «ең үздік боксшы» атағын әйелдер арасында М.Түменбаева (ҚазҰУ, Алматы), ерлер арасында Н.Абжанов (С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Астана) иеленді. «Ең үздік» бапкер Кубогына ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жанат Манашев лайық деп табылса, «ең үздік төреші» Ержан Оспанов аталды.
Жарыстардың бас төрешісі Елеусіз Дүйсеков атап көрсеткендей, Бүкілқазақстандық студенттік универсиада аясында бокстан жарыстар Астанада алғаш рет өткізіліп отыр және ол құрметке сапалы білімімен бірге, ел ішінде және одан тыс аумақтарда белді спортшыларымен және дарынды шығармашылық ұжымдарымен танымал - С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ие болды.
«Астананың Аграрлық университеттің боксшылары жақсы өнер көрсетті. Себебі олардың арасында 5-6 бала ұлттық құраманың мүшелері болып табылады», - деді ол. Айта кетейік, аталмыш университеттен жарыста 10 былғары қолғап шебері күш сынасты. Қазақстанның спорт шебері, Гуанджоуда өткен 16-шы Жазғы Азия ойындарының чемпионы Данияр Елеусінов бұл күндері халықаралық деңгейдегі жарыста өнер көрсетіп жүрген болса, халықаралық жарыстардың жүлдегері Думан Әлімов науқасына байланысты қатыса алмады.
 Е.Дүйсековтың айтуынша, әйелдер арасындағы бокстағы соңғы жаңалық - кез-келген деңгейдегі жарыстарға Олимпиада ойындарына кіретін үш салмақ дәрежесінің (51,60 және 75 келі) енгізілуі. Сондай-ақ ол, универсиада жеңімпаздарына «спорт шебері» дәрежесін беру керек деп есептейді. Қазір бұл ұсыныс ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінде қаралып жатыр.
 Ал С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ректоры Айтбай Бұлашевтың пікірінше, бокстан республикалық универсиаданың Астанада өтуі - университеттің аталмыш спорт түрі бойынша соңғы бес жылда жеткен жетістігінің жемісі. «Біздің мақсатымыз боксшыларды дайындау емес, білікті, білімді, дені сау, жан-жақты дамыған және салауатты өмірді өзіне серік еткен жастарды даярлау болып табылады. Меніңше, жеңілген команда жоқ. Салауатты өмір салты бәрімізді жеңіске жеткізді», - деді ол.
 Ректордың сөзіне қарағанда, жас боксшыларға шеберліктерін шыңдауға, спортты біліммен қатар алып жүруге барынша қолайлы жағдайлар жасалып отыр. Бүгінде олар жеткен жеңістерінің деңгейіне байланысты оқу ақысында 25, 50 пайыз жеңілдіктер алып отыр. Ал басында ақылы бөлімге оқуға түскен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан чемпионы Бақытжан Қожабеков қазір 100 пайыз тегін оқиды.
 «Бокс - университетімізде брендке айналған екінші спорт түрі. Біріншісі - баскетболдан ерлер және әйелдер («Астана барыстары») командалары. Студенттік кезде шеберлерді дайындау өте қиын. Олар оқуларымен бірге спортты қатар алып жүруі керек. Сондықтан біздің ұстаздарымыз оларға түсіністікпен қарайды. Жіберген сабақтарын кейінірек жеке кесте арқылы оқуына жағдай жасап отырмыз», - деді А.Бұлашев. 

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет