Астанадағы жоо-да Наурыз мейрамына орай бірнеше ауыл бой көтерді



Дата09.06.2016
өлшемі14.36 Kb.
#125898
http://www.inform.kz/kaz/article/2450391
25 Наурыз 2012, 15:54

Астанадағы ЖОО-да Наурыз мейрамына орай бірнеше ауыл бой көтерді

АСТАНА. 25 наурыз. ҚазАқпарат - Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Наурыз мейрамы атап өтілді.

Мереке байқау ретінде ұйымдастырылды. Яғни барлық 9 факультет пен университеттің колледжі жеке-жеке ауылдар көтеріп, көктем мерекесін кеңінен атап өтті. Мейрамды ұйымдастыру және атап өту деңгейін ауылдан ауылға қонақтаған қазылар алқасы бағалады.

«Армысың, әз-Наурыз!» байқауы аясында техникалық факультет «Әйгерім ауылын» тұрғызып, қонақтардың назарына «Қыз ұзату» және «Қызға жасау беру» дәстүрінен көрініс ұсынды. Ал, «Ақсақалдар» ауылында компьютерлік жүйелер және кәсіби білім беру факультеті ел басына күн туған кезде қазыналы қарттардың рөлі туралы сахналық қойылым көрсетті.

Сәулет өнері факультеті көтерген «Шеберлер ауылы» ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырса, экономика факультеті бесікке салудан бастап шілдехана, тұсаукесер салттарының ерекшеліктерін насихаттады.

Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультеті құрған «Абай» ауылы келін түсіріп, беташар жасады. Энергетикалық факультет баланың тұсауын кесіп, той жасаса, гуманитарлық факультеттің оқытушылары мен студенттері ақындар айтысы мен шешендік өнер саңлақтарының шеберліктерін паш етті.



Сондай-ақ, «Алтыбақан ауылының» тұрғындарына айналған агрономия факультетінің ұжымы алтыбақан басына жиналған жастардың өнерін көрсетіп, ақсүйек ойнады. Жерге орналастыру факультетінің студенттері мен ұстаздарынан құралған «Толағай» ауылының халқы құда күтіп, мәре-сәре болса, университет жанындағы колледж «Бәйшешек» ауылының шаңырағын көтеріп, «Шілдехана», «Қырқынан шығару» дәстүрлерін көрсетіп, терме толғаудан жыр шашты.

Байқау нәтижесі бойынша бірінші орын гуманитарлық факультетке берілді. Екінші орынды техникалық факультет пен агрономия факультеті, үшінші орынды энергетикалық және экономика факультеттері өзара бөлісті. Аталған факультеттер ақшалай сыйлықтарға ие болды. Жеңімпаздарды университет ректоры Ақылбек Күрішбаев марапаттады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет