Ақтөбе облысы алға ауданының ТӨЛҚҰжаты алға қ. 2016 жыл Кіріспе



Дата08.06.2016
өлшемі170 Kb.
#122986
Ақтөбе облысы

АЛҒА АУДАНЫНЫҢ
ТӨЛҚҰЖАТЫ



Алға қ. 2016 жыл

Кіріспе:

Алға ауданы 1933 жылы құрылған.Ауданның әкімшілік орталығы - Алға қаласы болып табылады. Алға қаласы 1912 жылы Ақтөбе қаласынан оңтүстікке қарай 42 шақырым қашықтықтағы қазіргі Қазақ теміржолының бойында № 44 разъезд болып құрылды. 1930-шы жылдардың басында разъезд Алға теміржол станциясы атауын иеленді. 1933 жылдан бастап ауданның экономикалық және әкімшілік орталығына айналды. Ол облыс орталығы Ақтөбе қаласынан оңтүстікке қарай 45 шақырым қашықтықта орналасқан. 1961 жылға дейін аудан орталығы жұмысшы поселкесі болды, 1961 жылы қала статусын алды.

Аудан құрғақ та, ыстық дала аймағында орналасқан. Тұрақсыз қыратты егін шаруашылығы және дамыған мал шаруашылығымен ерекшеленеді. Ауданның аумағы 7507 шаршы км немесе 750,7 мың га, оның ішінде егістік жерлері 168,8 мың га, жайылым 581,9 мың га.

Аудан орталығы – Алға қаласы республикалық маңызы бар облыстық орталық автокөлік жолдарымен және теміржол магистралі арқылы байланысады. Аудан орталығында қаланы екі – батыс және шығыс бөлікке бөліп тұрған Алға теміржол бекеті бар. Қаланың шығыс жақ бөлігінде Елек өзені орналасқан. Аудан орталығы басқа да ауылдармен жергілікті автокөлік жолдарының желілері арқылы байланысады. 2016 жылдың 1 қаңтарына халқының саны 40,3 мың адам, оның ішінде қалада тұратындар 20,3 мың адам, ауылдық жерлерде тұратындар 20,0 мың адам. Халықтың тығыздығы - 1 ш.км.-5,29 адам

Ауданның 31 елді мекенінің ішінде 15 елді мекен Ақтөбе агломерациясының құрамына еніп отыр: (Алға қаласы, Есет батыр Көкіұлы, Қызылту, Бестамақ, Бесқоспа, Қарақұдық, Ақай, Қарабұлақ, Самбай, Қарахобда, Үшқұдық, Маржанбұлақ, Қайыңдысай, Тамды, Қайнар), олардың ішінде 1 шағын қала (Алға қаласы) мен тіректі елді мекен (Маржанбұлақ ауылы) бар. Қазіргі таңда Алға қаласы мен 12 ауылдық округте жергілікті өзін-өзі басқару қоғамдастықтары құрылды. Олардың әрқайсысының комиссия мүшелері тағайындалып, қолма-қол кассалық шоттары ашылды. 2016 жылдың 1 қаңтарында онда түскен түсім 3828,9 мың теңгені құрады. Олардың кіріс - шығыс бюджеттері жоспарланып, 4 түрлі салық жинау /мүлік салығы, жер салығы, көлік құралдары салығы және шағын бизнес субъектілеріне салынатын салық/ мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар жалдамалы мемлекеттік мүліктен, сыртқы жарнаманы таратудан түсетін түсімдер, әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін қала, ауылдық округ әкімдерімен салынатын айыппұлдар және жеке, заңды тұлғалардың ерікті салымдары жиналады.

Аудан 13 әкімшілік – аумақтық округке бөлінген, онда Алға қаласының әкімі аппараты және 12 ауылдық округ ұйымдастырылған, оның ішінде:



1. Ақай а/о – аудан орталығына дейінгі қашықтығы 104,0 км, халқының саны 902 адам. Округке Ақай мен Көлтабан елді мекендері кіреді. Округ аумағында 1 медициналық пункт, 1 дәрігерлік амбулатория, 1 орта, 1 негізгі мектеп, 2 шағын орталық,

селолық клуб, «Парижская коммуна ХХІ» ЖШС, 29 шаруа қожалығы, жылжымалы пошта бөлімшесі, «ДАМА» (Қазақтелеком) 10 арналық жерүсті спутниктік жүйесі мен WLL CDMA-192 сымсыз байланыс жүйесі бойынша базалық станция және Билайн ұялы байланысы орналасқан.



2.Бесқоспа а/о – аудан орталығына дейінгі қашықтығы -18,0 км. Халқының саны 1729 адам. Округке 2 елді мекен: Есет батыр Көкіұлы және Қызылту елді мекендері кіреді. Село округі аумағында 1 дәрігерлік амбулатория, 1 орта мектеп, бала бақша, мәдениет үйі, «Рамазан» ЖШС-і және 62 шаруа қожалығы, жылжымалы пошта бөлімшесі, 256 нөмірге арналған сандық АТС (Қазақтелеком) және Kcell, Билайн ұялық байланыстары орналасқан.

3. Бестамақ а/о – аудан орталығына дейінгі қашықтығы 16,0 км, халқының саны - 3940 адам. Округке екі елді мекен: Бестамақ және Бесқоспа селолары кіреді. Село округі аумағында 1 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық пункт, 2 орта мектеп, бала бақша, 2 шағын орталық, «Бестамақ ауылының Есет батыр Көкіұлы» қоры, «Агроинвест СК» ЖШС, “Умар - Секьюрити” ЖШС, «Мирас-Құрылыс» ЖШС, «Ворум», «Регина» ӨК, «Аққұс» құс фабрикасы, «Парижская коммуна ХХІ» мал шаруашылық кешені және 40 шаруа қожалығы, пошта бөлімшесі және 265 нөмірге арналған Қазақтелеком сандық АТС мен 424 нөмірге арналған «СВИМ» ЖШС сандық АТС орналасқан. Kcell, Билайн, Теле 2 ұялы байланысы бар.

4. Қарабұлақ а/оаудан орталығына дейінгі қашықтығы - 41,0 км, халқының саны 818 адам, олар екі елді - мекенде: Қарабұлақ, Амангелді селоларында тұрады. Округ аумағында 1 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық пункті, 1 орта, 1 негізгі мектеп, 1 шағын орталық, «Иран фирмасы» ЖШС, «Реймкул» ЖШС және 41 шаруа қожалықтары, 150 нөмірлік МАКОМ сымсыз байланысы мен жылжымалы пошта бөлімшесі орналасқан.

5. Қарағаш а/о аудан орталығына дейінгі қашықтығы 12 км, халқының саны 1418 адам. Округке Самбай, Нұрбұлақ селолары кіреді. Округ аумағында 1 медициналық пункт, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 орта мектеп, 2 шағын орталық,73 шаруа қожалықтары, жылжымалы пошта бөлімшесі және 248 нөмірлік сандық АТС («Свим» ЖШС) орналасқан.

6.Қарақұдық а/о аудан орталығына дейінгі қашықтығы 70,0 км, халқының саны 1554 адам. Округке 3 елді мекен: Қарақұдық, Тікқайың, Көктоғай селолары кіреді. Округ аумағында 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 медициналық пункті, 1 орта мектеп және 2 негізгі мектеп, 3 шағын орталық,мәдениет үйі, селолық клуб, «Аккой» ЖШС, 38 шаруа қожалықтары, жылжымалы пошта бөлімшесі, Қарақұдық селосында 200 нөмірге, Тікқайың және Көктоғай селоларында 170 нөмірге АТС («Свим» ЖШС) бар, Билайн ұялық байланысы орналасқан.

7. Қарахобда а/о аудан орталығына дейінгі қашықтығы 57,0 км, халқының саны 926 адам, округ құрамына Қарахобда, Ерназар, Құмсай селолары кіреді. Селолық округте 3 медициналық пункті 1 негізгі, 2 бастауыш мектеп, 2 шағын орталық, «АгромирАктобе» ЖШС, 42 шаруа қожалығы, пошта бөлімшесі, 179 нөмірлік сандық АТС («Свим» ЖШС) орналасқан.

8. Маржанбұлақ а/оаудан орталығына дейінгі қашықтығы 78,0 км, халқының саны -2099 адам. Округке 3 елді мекен: Маржанбұлақ, Қайыңдысай, Қарағандысай селолары кіреді. Округ аумағында 1 дәрігерлік амбулатория, 2 медициналық пункт, 1

орта, 1 негізгі, бала бақша, 1 шағын орталық, Мәдениет үйі, «Флора» ЖШС, «Маржанбұлақ» ЖШС, 39 шаруа қожалығы,жылжымалы пошта бөлімшесі, Маржанбұлақ селосында 362 нөмірге арналған 2 сандық АТС («СВИМ»ЖШС) орналасқан. Kcell және Билайн ұялы байланысы бар.



9.Сарыхобда а/оаудан орталығына дейінгі қашықтығы 73 км, халқының саны - 936 адам. Округке 2 елді мекен: Сарыхобда, Болгарка селолары кіреді. Округ аумағына 2 медициналық пункті, 1 орта мектеп, 1 негізгі мектеп, 2 шағын орталық, бала бақша, мәдениет үйі, селолық клуб, «Нариман» ЖШС, «Үміт –Надежда» ЖШС және 24 шаруа қожалығы, жылжымалы пошта бөлімі және Сарықобда селосында 8 нөмірлік SkyEdge байланысы мен 136 нөмірге арналған сандық АТС (Қазақтелеком) орналасқан.

10. Тамды а/о аудан орталығына дейінгі қашықтығы 9 км, халқының саны 2686 адам. Округте 3 елді мекен: Тамды, Еркінкүш, Талдысай селолары орналасқан. Округ аумағында 1 дәрігерлік амбулатория, 2 медициналық пункт, 1 орта, 1 негізгі, 1 бастауыш мектеп, Тамды аула клубы, 3 шағын орталық, бала бақша, селолық клуб, 42 шаруа қожалығы, пошта бөлімшесі, 505 нөмірлік сандық АТС (Қазақтелеком) және Kcell, Билайн, Теле 2, Актив ұялы байланысы бар.

11. Тоқмансай а/о аудан орталығына дейінгі қашықтығы 55,0 км, халқының саны 1597 адам. Округке 3 елді мекен: Тоқмансай, Қайнар селолары, Тоқмансай теміржол станциясы кіреді. Округ аумағында 1 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық пункті, 1 орта, 1 негізгі мектеп, балалар бақшасы, 1 шағын орталық, мәдениет үйі, «Алшағыр» селолық өндірістік кооперативі, «Тоқмансай» ЖШС, 22 шаруа қожалығы, жылжымалы пошта бөлімшесі, 241 нөмірге арналған сандық АТС (Қазақтелеком) орналасқан. Билайн ұялы байланысы бар.

12. Үшқұдық а/о - аудан орталығынан қашықтығы 65,0 км, халқының саны 1454 адам. Округке 3 елді мекен: Үшқұдық, Жерұйық, Ақсазды селолары орналасқан. Селолық округтің аумағында 1 дәрігерлік амбулатория, 2 медициналық пункті, 1 орта, 1 негізгі мектеп, 1 шағын орталық, бала бақша, мәдениет үйі, «Жұлдыз» ӨК, 23 шаруа қожалығы, жылжымалы пошта бөлімшесі, 167 нөмірге арналған сандық АТС (Қазақтелеком) және 109 нөмірге арналған АТС («СВИМ»ЖШС) орналасқан.

13. Алға қалалық округі Алға қаласында орналасқан. 20233 адам тұрады. Қала аумағында төмендегі кәсіпорындар орналасқан: «Ақбұлақ» АҚ, «СНПС АқтөбеМунайГаз» АҚ, «Алға» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚазТрансГаз ДИСТРИБЬЮШЕН» ЖАҚ, қопарғыш заттар шығаратын «КазЦКУБ Нитрохим» ЖШС, экотон өнімін өндіруге арналған шикізат дайындайтын - «Неохим» ЖШС, «Энергосистема» ЖШС, «ПариСа-Каз» ЖШС, «Алға мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, құрылыс материалдарын дайындайтын «Ақтөбе Дриллинг Сервис» ЖШС, «Нитрохим» - басқада органикалық заттар шығаратын кешенді утилизациялау орталығы» ЖШС, «Алға –жылу» КМК және ЖШС «Алға-Тазалық» қала халқына, кәсіпорындар мен мекемелерге коммуналдық қызмет көрсетеді. Металл сынықтарын өткізетін «Янка» ЖШС, алкоголь өнімдерін шығаратын «АкРоссПищепром» ЖШС, ірі қара малдарын бордақылаумен айналысатын «Актеп»ЖШС, ет өнімін өндіретін кешен «Молочные истории» ЖШС,4 шаруа қожалығы, нан-бөлке тағамдарын шығаратын «Ыстық нан» цехы, «Джармухамбетова», 2 кондитер цехы, 1 диірмен, макарон цехы. Қалада әлеуметтік сала мекемелері 5 жалпы білім беретін мектеп және 6 бала бақша, оның ішінде 2 мектеп - бақша, индустриалдық-техникалық колледж, жетім балаларға арналған облыстық балалар үйі, «Ақтөбе облыстық оңалту орталығы», логопед орталығы, балалардың өнер мектебі, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамыту орталығы, спорт кешені, аудандық мәдениет үйі, Халық банкінің және «БТА БАНК» АҚ филиалдары, «Халыққа қызмет көрсету орталығы», Алға ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы, Әділет Басқармасы, Алға аудандық аумақтық инспекциясы, жинақтаушы зейнетақы қоры, аудандық статистика басқармасы, аудандық ішкі істер бөлімі, Алға аудандық сот және прокуратура, 12 мемлекеттік мекеме, емхана, аурухана, жеке гинекологиялық, стоматологиялық және терапевтік кабинеттер, 10 дәріхана, ветеринарлық станция, 2 - жеке нотариалдық кеңсе, «Айым-А» ЖШС автожүргізушілер мектебі, «Даму» қорының филиалы, «Алға» СНС (СКТ), Бизнес инкубатор(шаштараз және т.б.), «Қазактелеком» телекоммуникациясының Алға аудандық торабы, Аудандық зейнетақы төлеу орталығы, Қазпошта, бассейн, “Шипагер” шипажайы, 91 сауда нысаны, 8 кафе, 1 базар, 3 сауда үйі, халыққа қызмет көрсететін басқа да ұйымдар (шаштараз, киім тігетін және аяқ киім жөндейтін шеберханалар, 4 монша, техникалық қызмет көрсету станциясы, фотостудия т.б.), сонымен қатар 2-жанар-жағар май станциясы 2 газ құю станциясы және 3 ағаш жону цехы бар.
2. Әлеуметтік сала

Ауданның білім жүйесі толыққанды білім алуға бірдей мүмкіндіктер бере отырып, әлеуметтік саланың басты бағыты болып табылады және ақпараттық, материалдық, қаржылық ресурстардың тиімді қолданылуын қамтамасыз етеді.

Ауданның білім беру желісінде 31 мектеп (соның ішінде 17 орта, 10 негізгі, 4 бастауыш), 13 мектепке дейінгі мекеме, 21 шағын орталық, 1 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі, 1 музыкалық мектеп, 3 аула клубы және «Нұрталап» балалардың шығармашылығын дамыту орталығы бар. 1 қыркүйектен бастап аудан орталығында 75 орындық «Балдырған» жеке бөбекжай балабақша өз жұмысына кірісті. Аталған балабақша мемлекеттік-жеке серіктестік бағдарламасы аясында ашылды.Еңбек нарығын мамандандырылған жұмысшы кадрлармен қамтамасыз ету үшін индустриалдық-техникалық колледж жұмыс істейді. Сонымен қатар ауданда «Ақтөбе облыстық оңалту орталығы», логопед орталығы және облыстық жетім балаларға арналған мектеп-интернат жұмыс жасайды. Қосымша білім берумен, үйірмелер мен спорт секцияларында 2745 оқушы қамтылған. Сонымен қатар 515 оқушы оқытылатын 5 сурет салу студиясы бар. Мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен 2602 бала қамтылған. Ауданның 31 мектебінде 6784 оқушы оқытылады (мектептердің 22 - типтік, 10-і бейімделген ғимараттарда орналасқан). Оқу сапасының негізгі көрсеткіші – ҰБТ нәтижесі болып табылады. Ағымдағы жылы орташа балл 89,3 пайызды құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 9,6 пайызға көбейген. Оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету - білім беру ұйымдары жұмысының басты бағыттарының бірі болып табылады. Ауданның 6758 оқушысының 12,7 пайызы, яғни 860-і ыстық тамақпен қамтылған.

Ауданда «Білім беруді дамыту» В.Пацаев атындағы №2 мектеп базасында Ұлттық бірыңғай тестілеуі пунктінің ашылуына байланысты жергілікті бюджеттен материалдық техникалық базаны нығайтуға 2200,0 мың теңге қаржы бөлінді. №1 «Еркетай» бала-бақшасының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2000,0 мың теңге бөлініп, балаларға арналған жиһаздар, ыдыс-аяқ, тұрмыстық техникалық жабдықтар алынды. Алға қаласының мектептерін ағымдағы жөндеуден өткізуге 1600,0 мың теңге бөлінді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауыл мектептері мен бала-бақшаларына 11123,0 мың теңге жұмсалды. Осы қаржыға 23 ауылдық мектептерге жөндеу жүргізіліп, 7993,0 мың теңгеге ауданның үш мектебінде терезелер ауыстырылды, 4 ауылдық бала-бақша 3130,0 мың теңгеге ағымдағы жөндеуден өтті. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Үшқұдық мектеп бақшасын күрделі жөндеуге 35592,0 мың теңге көлемінде, республикалық бюджеттен 31617,0 мың теңге жергілікті бюджеттен 3975,0 мың теңге қаржы бөлінді.

Аудандық мәслихат сессиясы шешімімен А.Байтұрсынов атындағы орта мектебіне газбен жылыту қазандығын алуға қосымша қаржы қарастырылып 700,0 мың теңге бөлінді. Облыстық бюджеттен бөлінген 13345,8 мың теңгеге Тоқмансай ОМ-нің жылу жүйесі күрделі жөндеуден өткізілді. Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен аудандағы екі білім мекемесінің автономдық газбен жылыту қондырғысының құрылысына, атап айтсақ Қарабұлақ орта мектебіне 25362,0 мың теңге және Тамды аула клубына 10433,0 мың теңге қаржы бөлінді. 2015 жылы Алға аудандағы Бесқоспа ауылында жаңа мектеп ғимараты салынды. 60 орындық мектептің құрылысына 208816,0 мың теңге жұмсалды. Есепті кезеңде аудан бойынша мүмкіндігі шектеулі балалар саны – 253 (0-18 жас аралығында), оның ішінде 0-6 жас аралығында – 115 адам, 7-18 жас аралығында – 138 адам. Мүгедек балалар медициналық көрсеткіштерге сәйкес 30 бала үйден оқытылады, 127 адам жалпы білім беретін мектептерде оқиды, 15 бала №3 Алға балалар бақшасында түзету тобына қатысады. 61 бала психопедагогикалық түзету кабинетінің қызметін пайдаланады. Шаралар жоспарына сәйкес барлық мектептерде оқушылар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу жөнінде жұмыстар жүргізіледі.

Денсаулық сақтау саласында «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасының нәтижелі жүзеге асырылуына байланысты бұл салада барлық көрсеткіштер қанағаттанарлық деңгейде.





1.01.2015 ж

1.01.2016 ж

Туу

902

886

Өлім

322

265

Табиғи өсім

+14,5

+15,6

Туберкулезбен ауыру

20

15

Туберкулезден өлу

1

3

Онко аурулар

65

67

Өткен жылы 7 сәби өлімі тіркелді (2014ж-10). Ана өлімі тіркелген жоқ. Әлеуметтік маңызды аурулардың алдын алу және азайту бойынша жұмыстар жүйеленді.

Ауданда тұрғындарды тәулік бойы қабылдайтын 70 және күндізгі ауысымдағы 75 кереуетпен қамтылған орталық аурухана, ауысымына 500 адам қабылдайтын аудандық емхана, 8 дәрігерлік амбулатория, 19 медпункт және 2 фельдшерлік- акушерлік пункт кепілді медициналық көмек көрсетуде.

Аудан бойынша барлық дәрігерлер саны – 64. Орта медициналық қызметкерлер - 224, олардың 57-і ауылдарда. Бұл сала тікелей облыстық денсаулық сақтау басқармасы арқылы қаржыландырылады. 2015 жылы «Жұмыспен қамту жол картасы– 2020» бағдарламасы арқылы Алға аудандық орталық аурухананың бірінші және екінші қабаттары күрделі жөндеуден өткізілді.Бюджет ақшасын үнемдеу мақсатында 3 селолық емдеу-профилактикалық мекемелері дербес газбен жылыту жүйесіне ауыстырылып (Қарабұлақ ДА, Қарақұдық ФАП, Бесқоспа МП) 953,9 мың теңге көлемінде үнемделді. Көктоғай ауылында медпункт салынады деп жоспарлануда. Әлеуметтік саясаттың басты принциптерінің бірі еңбекке жарамды тұрғындарды аудан экономикасын нығайтуға тарту. Сондықтан тұрғындарды тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету – әлеуметтік қорғау жүйесінің басты бағыты. 2015 жылы аудандық жұмыспен қамту органдарында жүргізілген жұмыстар мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында көрініс тапқан міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыруға бағытталды. Нәтижесінде 565 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 580 жаңа жұмыс орындары ашылды. Қоғамдық жұмыспен уақытша 284 адам қамтылып, олар экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тиімділігі бар жұмыстар атқаруда. «Жастар тәжірибесі» жобасы бойынша жоғары және орта оқу орындарын бітіріп келген жас түлектер қатарынан 71 адам жергілікті бюджет қаражаты есебінен және 29 адам «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша әртүрлі мекемелерге тәжірибеден өтуге жолданды.



Ауданымызда халық арасында салауатты өмір салтын насихаттайтын спорт пен дене шынықтыруды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыстар жүргізілуде. Спорттағы жетістіктер біздің мемлекетіміздің беделін арттырады және ұлттық рухтың нығаюына септігін тигізеді. Өткізілген іс шаралар нәтижесінде спортпен, дене шынықтырумен айналысушылар саны да, спорттық дене шынықтыру – сауықтыру шаралары да артты. Ауданда 113 спорттық құрылым жұмыс жасайды. 2014 жылмен салыстырғанда дене шынықтыру мен спортпен айналысушылар саны 23,4 пайызға артып, 9400 адамды құрады (жалпы халықтың 23,4 пайызы). Бұл көрсеткішке Алға қаласында салынған 5 спорт алаңының нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Сонымен қатар 2014 жылы қалада «Есет батыр» атындағы спорт кешенінің құрылысы басталып, 2015 жылдың тамыз айында аяқталып, қолданысқа берілді. Құрылыстың жалпы құны 272,0 млн.теңгені құрайды. Спорт кешені заманға сай салынып, онда оқушылар, жастар, мүгедектер және аға буын азаматтарға еркін күрес, бокс, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, гимнастикалық жаттығулармен шұғылдануға жағдай жасалған. 2015 жылы 150 спорттық іс – шара өткізілді.

Мәдениет мекемесі жұмысының басты бағыты түрлі әлеуметтік және әртүрлі жастағы адамдар топтарының ерекшеліктерін ескере отырып, тұрғындарға бос уақытты ұйымдастырудың барлық түрлері мен әдістерін жүйелі түрде үйрету болып табылады. Осы бағытта мәдени-бос уақытты ұйымдастыру қызметінің жаңа инновациялық түрлері мен әдістерін іздестіру бойынша тұрақты бірізді жұмыс жүргізіледі, ұйымдастырушылық, мәдени-ағарту жұмысының сапасы артады. Өткен жылы аудан кітапханаларының кітап қоры 293766 дананы құрайды. Аудандағы кітапхана саласының материалдық-техникалық базасын нығайту және аудандық кітапханалар жүйесінің кітап қорын толықтыру мақсатында 2015 жылы Облыстық С.Бәйішев атындағы ғылыми әмбебап кітапханасынан мемлекеттік тапсырысы бойынша 3559 дана кітап алынды. 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Конституциясына 20 жыл, сонымен қатар Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы. Оған қоса Қазақ хандығының 550 жылдығы, мерейтойларына арналған мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ: Аудандық мәдениет үйінде «ауғанда болған арыстар» атты ауған ардагерлеріне арналған салтанатты концерт өткізілді. Наурыз мерекесіне қойлым қойылып,концерттік бағдарламалар ұсынылды. Аймақтық театрлар байқауына «заманай» халықтық театры қатысып 3 орынды иеленді. Сонымен қатар «Заманай» халықтық театры Орал облысындағы аймақтық байқауына қатысып «Ең үздік қойылым» атағын иеленді. Аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Заманай» халықтық театры «Тәуелсіздігімізді жырлаймын» атты Қобда ауданында өткен облыстық театрлар арасындағы байқауға қатысып бас жүлдені иеленді. Балалар және жастар шығармашылығына арналған «Балдәурен», «Жасдәурен», «Би әлемінде» патриоттық тақырыпта «Мәңгі ел есінде» атты байқаулар ұйымдастырылып өткізілді. Облыстық «Тамырларым тереңде бұтақтарым биікте» атты термешілер байқауы өткізіліп,жерлесіміз бас жүлдені қанжығасына байлады.
3. Инвестициялар

Ауданның негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 2015 жылдың қорытындысы бойынша 10 371,9 млн.теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,9% құрайды. Оның ішінде:

Республикалық бюджеттен – 348,2 млн.тг;

Жергілікті бюджеттен – 392,5 млн.тг;

Меншік қаражаттары – 4 155,5 млн.тг;

Банк несиелері – 3 860,5 млн.тг;

Қарыз қаражатар–1 615,2 млн.тг.
4. Өнеркәсіп өндірісі

Алға ауданы бойынша 01.01.2016 жыл жағдайына өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5811,7 млн.теңгені немесе 95,9 пайызды құрады. Бұл көрсеткіштің жылдық жоспары орындалғанымен, өткен жылмен салыстырғанда пайыздық көрсеткіш төмендеген. Бұл «Актобе Дриллинг Сервис» ЖШС, «Нитрохим» ЖШС сияқты ауданның ірі кәсіпорындары қызметтерін уақытша тоқтатып, «АкРоссПищеПром» ЖШС-нің үзіліспен жұмыс жасауына байланысты.
5. Бюджет және салық саясаты

Фискалдық саясат аудан экономикасын тұрақтандыруды қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған. 2015 жылы мемлекеттік бюджетке барлығы 2511,8 млн.теңге көлемінде салық түсті, оның ішінде республикалық бюджетке 718,6 млн.теңге, облыстық бюджетке 52,5 млн.теңге және аудандық бюджетке түскен салық көлемі 1740,7 млн.теңгені құрады, немесе жоспар 107,0 пайызға артық орындалды (жоспар 1637,8 млн.теңге).


6. Ауыл шаруашылығы

Экономиканың басты салаларының бірі ауыл шаруашылығы болып табылады. Сондықтан да, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасының басты бағыты азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агробизнестің тиімді жүйесін қалыптастыру, ауылшаруашылық өнімдерін сату және ішкі және сыртқы нарықта оның қайта өңдеу өнімдерінің көлемін арттыру сияқты міндеттерді жүзеге асыру болды. 2015 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 14 785,1 млн теңгені құрады немесе өткен жылмен салыстырғанда 105,2 пайыз. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 4 376,9 млн.тг (29,6 %), мал шаруашылығы 10 408,2 млн.теңге (70,4 %). Агроөнеркәсіптік кешенде малшаруашылығы қарқынды түрде дамып келеді. Соңғы үш жыл ішінде ірі қара және ұсақ мал басының саны артып, 1 қаңтарға сәйкесінше 29562 және 71436 басты құрады. Оларға Казагро даму институты, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, «Агросервис» ЖШС, «Алға» кредиттік серіктестігі субсидия бөліп қолдау көрсетуде. «Жұмыспен қамту жол картасы -2020» және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары арқылы несиелер бөлініп, қол жетімсіз инфрақұрылымды дамыту (электр жарығы, газ, су өткізу, жел генераторларын орнату) жұмыстары жүргізіліп, қолданылмайтын ауылшаруашылық жерлерін қайтарып алу есебінен шаруашылықтарды кеңейту мақсатында қосымша жерлер бөлінді.

Алға ауданы «Актеп» және «Рейімқұл» серіктестіктеріндегі бордақыланған, «Айбек» селолық тұтынушылық кооперативіндегі сойылған ірі қара мал өнімдері жергілікті ет нарығын қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, сыртқы нарыққа ет экспорттау тапсырмасы да «АкТеп» және «Парижская коммуна» ЖШС-мен соңғы жылдары жүйелі жүзеге асырылуда. Жыл басынан 505,2 тонна сиыр еті мен 1706,0 тонна шошқа еті экспортқа шығарылды. Машина-трактор паркін жаңарту мақсатында Алға ауданының 23 ауылшаруашылық тауар өндірушілерге 2015 ж. 113,8 млн.тенгеге 56 дана ауыл шаруашылық техникасын сатып алынды.Өткен жылы «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы 6 жоба жүзеге асырылуда:

1.«Молочные истории» ЖШС ет өндіру кешенін 2015 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді. Жобалық қуаты сағатына 15 бас (бір жылда 7200 тонна ет) өндіруде. Жобаның жалпы құны 2100,0 млн теңге оның ішінде АҚ «КазАгроФинанс» арқылы 1900,0 млн.теңге бөлінді. «Бизнес жол картасы 2020» бағдарлама арқылы 88 жаңа жұмыс орны ашылды

2.«Көктас-Ақтөбе» АҚ-нда Бестамақ ауылындағы «Аққұс» құс фабрикасын қайта қалпына келтіру құрылысы және толық автоматтандырылған сағатына 3000 бас құс соятын цех салынуда.

3.Қарағаш а/о «Аманбай» ш/қ 390 бас ірі-қара малдарға арналған сүт-тауарлы ферма құрылысын салуда.

4.Бесқоспа а/о «Есет» ш/қ қымыз өндіру цехының құрылысы жүргізілуде.Онда жылқыға арналған 2 база және 2 тұрғын үй салынды. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында электр желісі өткізілді.2014 жылы «Алға»СКТ арқылы «Құлан» бағдарламасымен 10,9 млн.тг бөлінді.Онда 87 бас жылқы бар,оның ішінде асыл тұқымды 3 айғыр мен 32 бас бие сатып алынды. Қазіргі таңда қымыз өндіру цехының құрылысына қажетті құрылыс материалдары сатып алынып,құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 7 жаңа жұмыс орны ашылды

5.Ақтөбе қаласының 41 разъезінде «Айбек» СӨК 90,0 млн.теңгеге шұжық,консерв және тұшпара өндіретін цех құрылысын салуда.Қазіргі таңда ғимараты дайын,шілде айынан бастап «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы құрал жабдықтар сатып алынады.

6.Маржанбұлақ ауылындағы «РусАрт» ш/қ 100 бас ірі қара малға арналған сүтті-тауарлы ферма құрылысын жүргізуде. Жоба құны 88,0 млн.теңге.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша жыл басынан бастап барлығы 52,1 млн.теңгеге 300 бас аналық сатып алынды жоспар 100% орындалды.

«Құлан» бағдарламасы аясында 4 шаруа қожалығы және 1 ЖШС 57,8 млн.теңге 181 аналық бас сатып алынды (жоспар 160 бас) орындалу 113,1%

«Алтын асық» бағдарламасы бойынша 5 шаруа қожалығы 28,5 млн.теңгеге 1142 бас аналық сатып алынды (жоспар 430 бас) орындалу 2,5 есе немесе 256,6% құрайды.

«Ырыс» бағдарламасы бойынша 86,0 млн.теңгеге «РусАрт» ш/қ 50 бас, «Аманбай» ш/қ 100 бас сүтті бағыттары ірі қара малын сатып алынды (жоспар 100 бас) орындалу 1,5 есе немесе 150% құрайды.

Өсімдік шаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемінің нақты көлемінің индексі 105,2 пайызды құрады. Бұл салада 2015 жылғы егістік аумағы 48,4 мың гектар, оның ішінде дәнді дақылдар көлемін 20 мың га егілді. Есесіне жем-шөп дақылдары 8 мың га егілді.

7. Шағын кәсіпкерлік

Шағын және орта бизнес аудан экономикасын дамытудың және әлеуметтік проблемаларды шешудің басты тетігі болып табылады. Атаулы саланың серпінділігі кәсіпкерліктің даму тенденциясының оң үрдісін сипаттайды. 2016 жылдың 1 қаңтарына ауданда 1759 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, оның ішінде заңды тұлғалар саны-132, жеке кәсіпкерлер-1098, шаруа қожалықтар-529. 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 79,4 пайызды құрайды. Белсенді жұмыс жасап тұрғандар саны 1619 өткен кезеңмен салыстырғанда 76,5 пайызды құрайды. Кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді механизмдерінің бірі - «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы болып табылады. Ол бойынша 2015 жылы 48,6 млн. тг 5 жоба жүзеге асырылды:

Бірінші ЖК Г.Жилкибаеваның «Мейрамхана құрылысы» жобасы. Жобаның құны 24,2 млн.тенге. «Ыстық нан» наубайханасы 2-қабатының құрылысы. Жобаның құны 14,4 млн.тенге.ӨК «Есет Әулие » 2 бірлік самосвал көлігін сатып алу үшін берілген банктік несие шарты бойынша қарыз сомасын қайта қаржыландыру жобасы. Жобаның құны 3,9 млн.тенге. «Мендібай қарағаш» ш/қ МТЗ трактор және ірі қара мал алу үшін банктік несие шарты бойынша қарыз сомасын қайта қаржыландыру жобасы. Жобаның құны 3,6 млн.тенге. «Береке» кафе-дүкенін жөндеу жұмыстарын жүргізу жобасы. Жобаның құны 2,5 млн.тенге «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы 1 жоба енгізілді 1. «Молочные истории» ЖШС-нің «Ет өңдеу кешені құрылысы» жобасы. Жобаның құны 2100 млн. тенге. Жобаның қуаттылығы жылына 7200 тонна ет өндіру.
8.Инфрақұрылым

Ауданның барлық елді мекендері электр қуатымен тұрақты қамтылған. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2015 жылы жергілікті бюджеттен 17,7 млн.теңге бөлініп, 12 селолық округте абаттандыру, иесіз қалған нысандарды бұзу, балалар ойын алаңдарын салу, мектеп, бала-бақшаларды ағымдағы жөндеу секілді бірқатар жұмыстар атқарылды.



Газбен жабдықтау.

Бүгінгі таңда ауданның 31 елді мекенінің 14-і көгілдір отын пайдалануда, бұл жалпы халық санының 40292 адамнан 34304-і немесе 85,1% құрайды. 2015 жылы Алға ауданының Қарақұдық ауылының ауыл ішілік газ тарату құбырларының құрылыс жұмыстары аяқталып, ауыл тұрғындарына қолданысқа берілді. Сонымен қатар, «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен жасалған меморандум негізінде 2015 жылы Үшқұдық ауылын газдандыру бойынша 14,6 млн.теңгеге жобалық-сметалық құжаттама даярланып, жеткізуші және ауылішілік газ құбырларының құрылыс-монтаж жұмыстары 395,2 млн.теңгеге есептелді. Бұдан басқа бір бағытта орналасқан Көлтабан және Ақай ауылдарына жеткізуші газ құбырларының құрылысына 2014 жылы 4,3 млн.теңгеге технико-экономикалық негіздеме даярланып, 2015 жылы мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны шамамен 668,7 млн.теңгені құрайды. Жобалық-сметалық құжаттама даярлау жұмыстары 2016 жылға жоспарланды. Көктоғай (Голубиновка), Тікқайың (Ивановка), Қарақобда ауылдарының жеткізуші газ құбырларының құрылысына 2014 жылы 4,3 млн.теңгеге технико-экономикалық негіздеме даярланып, 2015 жылы мемлекеттік сараптамадан өтті. Құрылыс-монтаж жұмыстарының жалпы құны шамамен 447,6 млн.теңгені құрайды, жобалық-сметалық құжаттама даярлау жұмыстары 2016 жылға жоспарланды.



Орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау.

Аудан тұрғындарының 88,0 % /35477 адам/ орталықтандырылған суды пайдаланады. (Алға, Бестамақ, Есет батыр, Тамды, Үшқұдық, Қарабұлақ, Қарақобда, Самбай, Қайнар, Сарықобда, Болгарка, Ақай, Маржанбұлақ, Тоқмансай және ст. Тоқмансай). Ауданның жалпы су құбырлары ұзындығы 157 км құрайды. 2013 ж. - Ақай ауылы, 2014-те Маржанбұлақ /523,9 млн. тг/, Алғаның №1 тұрғын массиві /2013-2014 - 116,4 млн. тг/ сумен қамтылды. Есептегіш құралдарын қондыру жұмыстары жалғасуда. Алға қаласының жеке секторы бойынша ішкі су құбырларына 100 пайыз орнатылды, ал көп қабатты тұрғын үйлер бойынша ауыз су құбырларына 86 пайыз, ыстық суға 81 пайыз. Бесқоспа ауылының сумен жабдықтау жүйесінің жобалық-сметалық құжаттар дайындауға – 8,1 млн.теңге игеріліп, мемлекеттік сараптаманың оң нәтижесі алынды.


9. Тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыру аясында аудан бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен пайдалануға берілетін тұрғын үйлердің көлемі 2015 жылға 9000,0 шаршы метр болып жоспарланды, оның: 9000 ш.м. халықтың қаржысынан салынатын жеке үйлер. 2016 жылдың 1 қаңтарына 12970 шаршы метр жеке тұрғын үйлер қолданысқа берілді, немесе 2014 жылмен салыстырғанда 100,1 пайыз кұрады.Ауданның тұрғын үй құрылысы аудан әкімдігі жанынан құрылатын жаңа 5-ші шағын ауданның салынуымен байланысты болмақ. 2014 жылы осы жерге 60 пәтерлі 2 жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына жобалық сметалық құжаттама дайындалды. Қаладағы 2-ші шағын ауданда 8 пәтерлі үш үйден құралған шағын кешен салынуда.

Алға ауданында барлығы 96 көп қабатты тұрғын үйлер бар (Алға қаласында 78 үй, Бестамақ ауылында 18 үй), соның ішінде Алға қаласындағы 52 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылады. 2015 жылдың 1 қазанынан бастап автономды жылу қазандығымен жылытылатын тұрғын үйлерге жылу берілді. Үйлерде жөндеу жұмыстары уақытылы атқарылып, дайындық паспорттары әзірленді. Сонымен қатар, 2015 жылы бөлім балансындағы көп қабатты тұрғын үйлерге жер актілері және техникалық құжат дайындау үшін аудандық бюджеттен 1602,1 мың теңге бөлінді. Соның ішінде Алға қаласының Есет-Батыр көшесіндегі №30 А, №30 Б үйлеріне Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығымен қыркүйек айында 384,7 мың теңгеге жер актісі дайындалып, техникалық құжат дайындау үшін «Жылжымайтын мүлік ортылығы» РМК АОФ-мен қыркүйек айында 162,2 мың теңгеге келісім шарт даярланды.«Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында Алға қаласындағы кондоминиум объектілеріне, соның ішінде 10 көп қабатты тұрғын үйлерге техникалық құжат дайындау үшін аудандық бюджеттен 1,3 млн.теңге бөлініп, жұмыстар атқарылды. (Алға қаласының М.Горький көшесі №7, Р.Айымбаев көшесі №24, №30, Фрунзе көшесі №18, Байтұрсынов көшесі №14, Победа көшесі №10, Мухамбетов көшесі №30, Ш.Уалиханов көшесі №19, Бестамақ ауылындағы Богенбай батыр көшесі №64, №66 үйлер).

Алға ауданының көп қабатты тұрғын үйлеріне энергетикалық аудит жүргізу үшін облыстық бюджеттен 2,9 млн.теңге бөлініп, 981,0 мың теңгеге сәуір-мамыр айларында 16 көп қабатты тұрғын үйлерге энергетикалық аудит жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде: Алға қаласында: Байтұрсынов көшесі №9, №14, 19, Уалиханов көшесі №18, №19, Победа көшесі №10, Б.Мұхамбетов көшесі №30, М.Горький №7, Айымбаев көшесі №24, №30, Сейфуллин көшесі №22, №28, Есет батыр көшесі №25 үйлер, Бестамақ ауылында: Бөгенбай батыр көшесі №64, №66 үйлер. Сонымен қатар, мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында, Алға қаласындағы орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылатын 52 көпқабатты тұрғын үйден өткен жылдары 4-не ортақ жылу есептегіш құралдары орнатылды. Аталған үйлерде өткен жылыту маусымының қортындысы бойынша тұрғындардың коммуналдық төлемдерінен 634,8 мың теңгеге үнемделді (12% - соның ішінде: Уалиханов №21 үй - 22%, Байтұрсынов №17 - 7%, №17А - 9%). 2015 жылы бекітілген кестеге сәйкес, жалпы құны 34,3 млн.теңгеге (орташа 1 жылу есептегіш құралының құны - 902,6 мың теңге) 38 жылу есептегіш құралдарын сатып алу үшін, «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры» АҚ, «Алға-Жылу» КМК және «Технолинк» ЖШС арқылы 4 пайыз жылдық сыйақысымен 3 жақты лизинг келісім-шарты рәсімделіп, жылу есептегіш құралдары орнытылды.

10. Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы саласы:

Ауданның өмірлік маңызы бар нысандарын 2015-2016 жылдардағы жылу беру маусымына уақытылы және сапалы түрде дайындау мақсатында Алға ауданы әкімдігінің қаулысы негізінде іс-шаралар жоспары бекітілді. Бекітілген жоспарға сәйкес барлық мекемелер мен денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет нысандарын қысқы кезеңге дайындау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілді.

Аудандағы барлығы 36 бу қазандықтарына қажетті жөндеу жұмыстары іс-шаралар жоспарына сәйкес атқарылды. Аудандық бюджеттен бөлінген 35,2 млн. теңгеге «СнабСтройСервис-Регион» ЖШС арқылы ауданның әлеуметтік нысандарына қажетті 2714,4 тонна қатты отын толығымен тасылды (100%). Барлық әлеуметтік нысандардың дайындық паспорттары әзірленді. Жылу құбырларына уақытында опрессовка жұмыстары жүргізіліп, апаттық жағдайсыз жылу беріліп, жылу беру маусымы қалыпты жағдайда өтуде. «Алға-Жылу» КМК-сы өз қаражаты есебінен Алға қаласының орталық бу қазандығындағы №2 қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп және Алға қаласы Есет-батыр көшесіндегі аппаты жағдайда тұрған барлығы 300 метр жылу жүйелерін қайта ауыстырды.

Кәріз желісі.

Бестамақ ауылының кәріз жүйелерін қайта жаңғыртуға ЖСҚ даярлауға аудандық бюджет есебінен 1,9 млн.теңге бөлініп, бүгінгі таңда жұмыстар аяқталып, жоба мемлекеттік сараптамадан өтті. Жоба бойынша нысанның қайта жаңғырту жұмыстарының жалпы құны – 75,3 млн.теңгені құрайды. Сонымен қатар, Алға қаласындағы кәріз жүйелерін қайта жаңғырту және кеңейтуге жобалық-сметалық құжаттама даярлауға облыстық бюджеттен 11,0 млн.теңге бөлініп, конкурс арқылы жобалау жұмыстары аяқталып мемлекеттік сараптамадан өтті. Барлық құжаттар «Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы» ММ-не тапсырып, 2016 жылға қаражат бөлінуі жоспарлануда.



Жолдар.

Аудандағы жолдардың жалпы ұзындығы - 547 км. Оның ішіндегі маңыздысы Ақтөбе-Атырау трассасы. Елбасы Жолдауының «көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту» бірінші приоритетіне бұл жобаның енуі біздің өңірге оң әсерін тигізеді. Бұл жолдың 46 км біздің ауданнан өтеді және ақтөбе агломерациясына еніп тұрған 7 елді мекенді қамтып отыр. Сол арқылы индустриалдық аймаққа қызығушылық артады, инвесторлардың келуіне зор ықпалын тигізеді және жол қауіпсіздігі жақсарады. Жоспар бойынша ақпан айында конкурс өтіп, жобалау институты анықталған соң, олармен тығыз жұмыс жасаймыз - жолда бес көпір бар, Бестамақ пен Алғадан өту реті, Алғаның бас жоспарымен сәйкестендіру т.б. мәселелер. Аудандық маңыздағы жолдардың күтіміне 2015 жылы аудандық бюджеттен – 17,3 млн.теңге бөлінді. Ауданымыздың аумағында конкурс



арқылы «Алға-Бестамақ-Ақтөбе», «Қайнар-Алға», «Тоқмансай-Ақтөбе», «Есет батыр Көкіұлы-Алға» және «Маржанбұлақ-Ақтөбе» бағыттарындағы тұрақты жолаушылар тасымалдары такси қызметтерін ұйымдастырып, бүгінгі таңда халыққа қызмет көрсетуде. Алға ауданының мекемелерінде мүгедектерге арналған жол белгілері және көрсеткіштерін қондыру үшін республикалық бюджеттен 354,5 мың теңге бөлініп, тамыз айында 178,0 мың теңгеге 10 дана жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылды. Алға ауданының жолдарын төл құжаттау (паспортизация) жұмыстарына облыстық бюджеттен 6,7 млн.теңге бөлініп, конкурс жеңімпазы «Жол-көлік кешенінің басшы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты» ЖШС-мен келісім-шарт рәсімделіп, жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, ауданның агломерацияға енгізіліп отырған елді мекендерінің бірінші кезекте бас жоспарларын әзірлеу қолға алынуда. Қазіргі таңда 31 елді мекеннің 9-нің (Алға, Тамды, Маржанбұлақ, Есет-батыр,) бас жоспарлары бар. Бестамақ, Бесқоспа, Үшқұдық, Қарақұдық, Қарақобда ауылдарының жоспарлары 2015 жылы дайындалып бекітілді. Бұл бағыт бойынша жұмыс жалғасуда. 2015 жылдың қорытындысы бойынша игі істердің атқарылуы жарқын болашаққа деген бастамаларымыздың бір ғана қадамы. Сондықтан, тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлденуіне ат салысу әр қазақстандық үшін абыройлы міндет екенін есте сақтап, аянбай еңбек етсек, алға қойған мақсаттарға қиындықсыз жетеріміз сөзсіз.


Алға ауданының әкімі М.Абдуллин





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет