Аудан әкімі Мирхан Дуанбековтің Ауданның 2013 жылғы



Дата22.02.2016
өлшемі267.64 Kb.
#2016


Аудан әкімі Мирхан Дуанбековтің «Ауданның 2013 жылғы

әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және

алдағы жылға арналған міндеттер мен бағыттары туралы»

аудан тұрғындары алдындағы есеп беру баяндамасы

Құрметті ырғыздықтар!

Жыл басталар тұста бас қосып, өздеріңізді болашақтың жоспар-жобасымен таныстыру бүгінгі күні игі дәстүрге айналды.

Қазақ елінің тағылымды тарихында  бабаларымыз ел мен ер тағдыры сыналар сәтте бас қосып, кеңес құрған. Тілеуқор көңілдің ақ ниетін сезініп, ағайынның ақ батасын алған. Бүгін бізді сол жақсы дәстүрдің ізімен ауданымыздың ең басты мәдениет ордасына ортақ ниет, ортақ мақсат жинап отыр. Ол – келешектің қамы, болашақтың баяны.

Сондықтан ұлттың ұясындай болған киелі мекен, ынтымағы жарасып, ырысы артқан  – Ырғыз өңірінің бүгінгі тынысымен таныстырып, келешегінен хабардар етуді міндетім деп білемін.

Бүгінгі есепті кездесуге дейін ауданның ауылдық округтері бойынша  20 кездесу өткізілді. Әрбір кездесуде тұрғындарды толғандыратын мәселелер ортаға салынып, оны шешудің дұрыс бағыты әрі тиімді жолдары талқыланды.

Уақыт озғанымен, тіршілік тоқтамайды. Тағы бір серпінді жыл тарих қойнауына енді. Аудан халқы үшін бүгін бітуі тиіс жұмысты, тұрғындардың күнделікті сұранысын, қажеттіліктерін ертеңгі күнге қалдыруға болмайды. Бұл әрине барлығына да белгілі жәйт. Дегенмен де мезгілді барынша ұтымды пайдаланып, қажетімізге қарай уақытты да өзімізге жұмыс жасатуға ұмтылып жатырмыз. Нәтижесі де жоқ емес.
2013 жылдың қорытындылары туралы
Өткен 2013 жыл еліміз үшін табысты жыл болды деп сеніммен айта аламыз. Бұл жылы атқарылатын жұмыстар Елбасы Н.Назарбаевтың 2012 жылғы желтоқсан айында халыққа арнаған Жолдауынан бастау алғаны белгілі. Осы Жолдауында мемлекет басшысы Қазақстан-2050 Стратегиясын жариялап, 2013 жыл оны жүзеге асырудың басталатын жылы екенін айтқан еді.

Стратегияның басты бағыттарының бірі – мемлекеттілікті нығайту және қазақстандық демократияны дамыту болып табылады. «Біздің мақсатымыз – мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру. Ол  қоғамға қызмет ету мен мемлекеттілікті нығайтудың жаңа міндеттеріне сай болуы тиіс» деді Елбасы. Міне осы мақсаттағы жұмыстар 2013 жылы іске асырыла бастады. Атап айтқанда, орталықсыздандыру, яғни – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру және жауапкершілік пен өкілеттіктерді орталық пен өңірлер арасында бөлу жөнінде нақты шаралар қабылданды.


Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырыла бастады. Президент бекіткен Жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасына сәйкес ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасалды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуы кеңейтілді.

Осы мақсатта ауылдық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер беріліп, олардың ауылдағы ахуалға ықпалы күшейтілуде. Осыған байланысты  мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығы енгізілді.

Президент Жарлығымен аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, кенттер мен ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу ережелері бекітіліп, ауыл әкімдерінің сайлауы өтті.

Ырғыз ауданында ауылдық округ әкімдерін сайлау 2013 жылғы 7 тамызда өткізілді. 7 ауылдық округ әкімдігіне 20 кандидат ұсынылып, 7 адам округ әкімі болып алғаш рет төрт жылға сайланды. Оның ішінде 5 адам бұрыннан әкім болып қызмет жасап келе жатса, 2 округте әкім жаңадан сайланды.

Жергілікті әкімдер енді өздеріне бекітілген 67 мемлекеттік функцияны атқаратын болады, осы функцияларды сапалы атқару үшін орталық мемлекеттік органдардың штаттық санын қысқарту есебінен ауданның ауылдық округ қызметкерлерінің саны 10 бірлікке көбейді.

Қабылданған заңдарға сәйкес жергілікті мәселелерді шешуде селолық округ әкімдерінің қаржылық және экономикалық дербестігі ұлғайтылды. Ауыл әкімдеріне қазынашылық орындарда арнаулы бюджеттен тыс шоттар ашылды, оларға жергілікті өзін-өзі басқарудың кіріс көздерін қалыптастыруға құқық берілді.

Ауылдық округ әкімдері Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Кодексiне енгізілген өзгерістерге сәйкес жасыл желектердi күтiп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзу, иттер мен мысықтарды күтiп ұстаудың белгiленген ережелерiн бұзу, жергiлiктi атқарушы орган белгiлеген жерлерден тыс орындарда сауда жасау, елдi мекендердiң аумақтарын көрiктендiру ережелерiн бұзу секілді әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға және бұзушылықтар үшін әкімшілік жазалар қолдануға құқылы.

Стратегияны жүзеге асырудың бір бағыты - халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат  қалыптастыру міндеті. Осы мақсатта 2013 жылы әкімшілік реформасының екінші кезеңі іске асырыла бастады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар күшейтіліп, мемлекеттік қызметшілерді іріктеуде ашықтық қамтамасыз етілді, меритократия қағидаттары енгізілді.

Мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарын жүзеге асыруға жауапты кәсіпқой басқарушылардың жаңа санаты – «А» корпусы құрылды.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы
Өздеріңізге белгілі, үстіміздегі жылдың 17 қаңтарында Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын арнады. Жолдауда Қазақстанның 2050 жылға қарай жаһанның ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына енуінің жоспары нақтыланды.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!» деп атап көрсеткен Мемлекет басшысы алдағы жүрер жолымызды айқындады.

Сонымен, 2050-ге дейінгі қалған жылдар жеті бесжылдыққа бөлінеді, олардың әрқайсысы бір мақсат – дамыған 30 елдің қатарына қосылу мәселесін шешеді. Қазақстанның әлемдегі ең дамыған елдердің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақмерзімді басымдықтары белгіленген.

Бірінші басымдық - инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу. Бұл бағытта дәстүрлі өндіруші секторлар тиімділігін арттыру маңызды. Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуға тиіс. Екінші және одан кейінгі бесжылдықтарда мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізі салынбақ. Мемлекет жұмысының негізгі бөлігі Қазақстан бизнесін, әсіресе шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау болмақ.

Екінші бағыт - Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсіру. Бүгінгі фермерлер тек уақытша әрі ауа райына байланысты кездейсоқ жетістіктерді малданып қалмай, өндірістің өсімі жөнінде ойлануға тиіс. Жермен жұмыс істейтіндер, ең алдымен, жаңа технологияларды енгізіп, өнімділікті үздіксіз арттыратындар, жұмысын әлемдік стандарттар негізінде жүргізетіндер болуы керек.

Болашақ – аграрлық секторда, әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруда. Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс.



Үшінші басымдық - ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Ғылымды қаржыландыру көлемін біртіндеп арттырып, оны дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жөнінде нақты жоспар қажет. Ұлттық инновациялық жүйенің, оның негізгі институттарының тиімділігін арттыру маңызды. Алғашқы зияткерлік-инновациялық кластер қазір Астанадағы Назарбаев университетінің арқауында табысты жұмыс істеуде. Ал Алматыда мұндай кластер – «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі.
Төртінші басымдық - инфрақұрылымдық үштаған – агломерацияның, көліктің, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету. Елдің орасан зор аумағын, халықтың орналасу тығыздығының төмен екенін ескерсек, агломерациялар қалыптастыру мен дамыту – маңызды мәселе. Қазақстанның алғашқы заманауи урбанистік орталықтары ірі қалалар – Астана мен Алматы, одан соң – Шымкент пен Ақтөбе болады. Олар халықтың және инвестициялардың шоғырлану орталықтарына айналады, сапалы білім беру, медицина, әлеуметтік-мәдени қызметтер көрсетеді.

Сонымен қатар, осы бағытта көлік инфрақұрылымын, логистикалық қызмет көрсету секторын және энергетиканың дәстүрлі түрлерін дамыту, жаңа мұнай өңдеу зауыттарын салу, ядролық энергетиканы дамыту мәселелері қарастырылған.



Бесінші басымдық - шағын және орта бизнесті дамыту – ХХІ ғасырдағы Қазақстанды индустриялық және әлеуметтік жаңғыртудың басты құралы. Экономикамызда шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі артқан сайын Қазақстанның дамуы да орнықты бола түседі.

Шағын және орта кәсіпкерлік – біздегі Жалпыға ортақ еңбек қоғамының берік экономикалық негізі. «Шағын кәсіпкерлік ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасы дәстүріне айналуға тиіс» деп атап көрсетті Елбасы.



Алтыншы басымдық - біздің болашаққа барар жолымыз қазақстандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты.

Біріншіден, ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр. 2020 жылға қарай 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс.

Үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесі жасалып, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап стипендиялар мөлшері 25 пайызға өсірілетін болады.

Екіншіден, денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту. Спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтана білу, жүйелі профилактикалық тексерілу – аурудың алдын алудың негізі.

Үшіншіден, жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беріледі. Мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасы әзірленеді. Елбасы қазақ тілінің даму қарқыны артқанын айта келіп: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн» деп бұл мәселеге байланысты көзқарасын жеткізді.

Төртіншіден, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің әлеуметтік пакеттері қайта қарастырылады. Жаңа жүйе 2015 жылғы 1 шілдеден бастап енгізіліп, қызметкерлердің еңбекақылары денсаулық сақтау саласында – 28, білім беру саласында – 29, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін арттырылады.

Бесіншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемі 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арттырылатын болады.

Жетінші басымдық - мемлекеттік институттар жұмысын жетілдіру. Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру. Әкімшілік реформа қажетсіз қағазбастылық пен құжат айналымының қолайсыз үдерісіне айналмауға тиіс. Халық алдында есептілігін арттырып, нәтижеге деген жауапкершілігін күшейте отырып, жергілікті жерлердегі басқару органдарына көбірек дербестік беріледі.

Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұлттық компаниялар мен бюджеттік мекемелердің кадр саясатына меритократия қағидаттарын енгізу жалғастырылады. Үкіметке «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің еңбекақысын 2015 жылғы 1 шілдеден бастап – 15 пайызға, ал 2016 жылғы 1 шілдеден бастап – тағы 15 пайызға арттыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Жолдауда әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылысымызды біз екі кезеңде жүзеге асыратынымыз айтылды.

Бірінші кезең XXI ғасырдағы «мүмкіндіктер көзін» пайдалана отырып, жаңғыру серпілісін жасау қажет болатын 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Екінші кезеңде 2030 – 2050 жылдар аралығында еліміздің ғылыми қамтымды және жасыл экономика қағидаттарына негізделген орнықты дамуын қамтамасыз ету қажет.

Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке 2014 жылы атқарылуы тиіс жеті тапсырма берді. Оның ішінде биыл экономика өсімін 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету, инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендету шараларын алу, жекешелендірудің кешенді бағдарламасын қабылдау, тағы да басқа міндеттер бар.

Қазақстан-2050 Стратегиясындағы басты мақсаттарға жетуді көздейтін барлық іс-әрекеттеріміз нақты қағидаттарға негізделген.

Біріншіден, қабылданатын барлық шешімдердің прагматизмі мен эволюциялылығы қағидаты. Екіншіден, өзара тиімді ашықтық қағидаты. Үшіншіден, бұл – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру қағидаты. Төртіншіден, бүкілхалықтық қолдау қағидаты маңызды мәнге ие.

Осы тұрғыдан Елбасы Н.Назарбаев әрбір министр мен әкімге, барлық деңгейдегі басшыларға Жолдауды ел арасында түсіндіру міндетін жүктеді. Халық мемлекеттің алдағы мақсаттары мен жоспарларынан хабардар болуы тиіс, ол үшін Президент Жолдауын әр адамға жеткізу біздің басты міндетіміз.


Біздің ауданымызда да «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, мекеме-кәсіпорын басшылары, ауылдық округ әкімдері осы іске жұмылып кірісулері керек. Ол үшін ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің өздері Стратегиямыздың идеяларын білуге және мәнін терең ұғуға тиіс.

Президент егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалғанын атап көрсетті. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен Қазақстандық жол тәжірибесі.

Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы.

Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.

Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият.

Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім.

Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.

Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.

Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.

Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік.

Жалпы биылғы Жолдауда еліміздің алдағы онжылдықтардағы даму жоспары ортаға салынып, осыдан туындайтын міндеттер белгіленді. Бұл міндеттердің барлығы да еліміз үшін маңызды екені сөзсіз. Елбасы Жолдауын іске асыру еліміздің одан әрі өркендеуі үшін, келешегі кемел болуына қызмет ету деген сөз. Сондықтан онда көрсетілген міндеттерді орындау үшін аянбай еңбек ету қажет.

Осы тұрғыда өткен 2013 жыл ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны өсіп, көптеген жаңа жобалар іске асырылған жыл болды.


Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалардың орындалуы
Ауданда Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен мен оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» салалық бағдарламасы жүзеге асырылуда.

2013 жылы бағдарлама аясында үйде оқытылатын мүгедек балаларды бағдарламамен қамтамасыз ету, бір мектепті химия кабинетімен жабдықтау жүзеге асырылды, Оған республикалық бюджеттен 3,1 млн. теңге және «Балапан» бағдарламасы бойынша 3 балабақша мен 10 шағын орталық қызметін қамтамасыз етуге 50,2 млн. теңге қаражат жұмсалды.

2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыруда 6 бағыт бойынша скринингтік тексерулер жүргізілді, бекітілген жоспарға сәйкес аурудың алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандық бюджеттен 506,0 мың теңге қаржы жұмсалып, шаралар ұйымдастырылды.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 2013 жылы 11,7 млн. теңгеге 3 ауылдық елді мекенде балалардың ойын алаңдары, 5 елді мекенде көше жарығы орнатылды.
Міне, осындай үлкен ауқымдағы ірі жобалармен қатар, өткен жыл жалпы ауданымыз үшін оңды экономикалық көрсеткіштермен, әлеуметтік саладағы жақсы жетістіктермен сипатталды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеушілікке қол жеткізілді.
Өнеркәсіп
2013 жылы ауданда 847,7 млн. теңге өнеркәсіп өнімі өндірілді, 2012 жылмен салыстырғанда нақты көлемі индексі 42,2% ұлғайды.
Агроөнеркәсіптік кешен
2013 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 7252,4 млн. теңге немесе нақты көлем индексі 104,7 пайыз болды.

Ауылшаруашылығы саласына 102,1 млн. теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 129,3 пайыз. Оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға 85,6 млн. теңге субсидия алынды.

Ауылшаруашылығына 142,2 млн. теңгенің инвестициясы тартылды, оның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 59,5 млн. теңгеге 335 бас мүйізді ірі қара, оның ішінде 316 бас аналық сиыр, 19 бас асыл тұқымды бұқа малы, мал тұқымын асылдандыруда 11 млн. теңгеге 33 бас асыл тұқымды бұқа малы және 550 бас асыл тұқымды қой, өнімділігі төмен малдарды ығыстыруда «Ақтөбеагросервис» арқылы 26,9 млн. теңгеге 60 бас бұқа малы, селолық кредиттік серіктестік және басқа көздерден 15,2 млн. теңгенің несиесі алынып, оған әртүрлі мал және мүліктер алынды, 29,5 млн. теңгенің ауылшаруашылығы техникалары жаңаланды. Барлығы жыл ішінде 112 бас асыл тұқымды мүйізді ірі қара, 550 бас асыл тұқымды қой малы сатып алынды. Бұл аудандағы асыл тұқымды мал басының үлесін жыл ішінде мүйізді ірі қарадан 0,5 пайызға, қой ешкіден 10,1 пайызға арттыруға мүмкіндік берді.

Мал басы аудан бойынша мүйізді ірі қарадан 3,5 пайызға, жылқыдан 4,9 пайызға, түйеден 2,8 пайызға өсті, қой-ешкіден 98,9 пайыз сақталды.

Тұрғындарды нанмен қамтамасыз етуде біздің ауданға бөлінген 507,3 тонна 1-сортты ұнды жеткізу шаралары алынды.

Ауыл шаруашылық өнімдерінің негізгі түрлеріне бағаны өсірмеу мақсатында жыл ішінде наурыз-қазан айларында әр апта сайын тұрақты жәрмеңке ұйымдастырылды.

Арзандатылған бағамен 418,3 тонна жем жеткізілді.

Тұрғындарды көкөніспен тұрақты қамту мақсатында көкөніс сақтау қоймасы салынды.




Жер қатынастары
Ауданның жер қоры 4151,2 мың гектар. 2013 жылы ауыл шаруашылығы жер пайдаланушыларының саны - 231 бірлік.

Жер учаскесін сатудан 4,0 млн. теңге, жалға беруден 8,6 млн. теңге бюджетке кірістелді.

Ауылшаруашылығы жерлерін түгендеуге байланысты жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 6 шаруашылық құрылымының 13190 гектар пайдаланбай отырған жерлері анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылды.

Тұрғын үй құрылысына 2007 жылдан бастап берілген учаскелерге түгендеу жүргізіліп, пайдаланылмаған 19 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.


Шағын кәсіпкерлік
Аудан бойынша тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 482 бірлік, 2012 жылға қарағанда 2,9 пайызға ұлғайды. Кәсіпкерлікте жұмыс жасайтындар саны 1860 адам, шағын кәсіпкерлікте өндірілген өнім, көрсетілген қызмет көлемі 0,2 пайызға өсіп, 842 млн. теңгеге жетті.

Барлық қаржыландыру көздерінен 2013 жылы 4,3 млн. теңге сомасында несиелік қолдау көрсетілді.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1 кәсіпорынға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым өткізуге 5,3 млн. теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Кәсіпкерлерге арналған «Бизнес-кеңесші» курстарында 103 кәсіпкер оқытылды.

Бөлшек сауда айналымы 617,1 млн. теңге, нақты 1,1 пайызға өсті.
Инвестиция
Негізгі капиталға 2013 жылы 1763,5 млн. теңгенің инвестициясы тартылды, бұл 2012 жылға 81,1 пайыз.

Бюджеттік инвестиция 934,5 млн. теңге, немесе барлық инвестицияның 52,9 пайызы, өткен жылға қарағанда 64,7 пайыз, жеке қаражат пен өзге көздерден 829 млн. теңге, немесе 47,1 пайызы, өткен жылға қарағанда 106,3 пайыз болды.


Құрылыс
Құрылыс жұмыстарының көлемі 1051,6 млн. теңге, 2012 жылға 92,5 пайыз. 2013 жылы барлығы 7173 шаршы метр (72 пәтер) тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 113,8 пайыз. Оның ішінде жекелер қаражатымен 6662 шаршы метр (65 пәтер) және мемлекеттік коммуналдық 511 шаршы метр (7 пәтер) тұрғын үй салынды.


Инфрақұрылымның жайы
Ауыз сумен қамтуда 2014 жылы Құмтоғай, Жайсаңбай, Қалыбай, Құйлыс ауылдарында сумен қамту жүйелерінің құрылысы басталады.

Жолдарды жөндеуге 2013 жылы республикалық бюджеттен 100,0 млн. теңгеге Шалқар-Ырғыз бағытындағы 11,3 шақырымды күрделі жөндеу жұмысы басталды, 2014 жылы жөндеу жұмыстарын аяқтауға 229,5 млн. теңге бөлінді.


Салық-бюджет жайы
2013 жылы бюджетке салық және басқа да түсімдерден 295,2 млн. теңге кірістелді. Болжам 17,3 пайызға артығымен орындалғанымен, өткен жылға қарағанда 1,3 пайызға төмен. Бұған 2012 жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрылысын жүргізген компаниялардан бір жолғы айыппұл төлемдері түсуі себеп болған.

Жергілікті бюджетке түсім 234,4 млн. теңгені құрады, болжамнан 26,9 млн. теңге артық кірістелді, 2012 жылдан 7,9 пайызға артық. Бюджеттің шығысы 3026,3 млн. теңге болып 100 пайызға атқарылды.


Еңбек нарығы
Аудандағы тіркелген жұмыссыздар саны 24 адам. 2013 жылы 286 жаңа жұмыс орны қосылды, 318 жұмыссыз еңбекке орналасты, ақылы қоғамдық жұмысқа 370 жұмыссыз бағытталды, 59 жұмыссыз үшін әлеуметтік жұмыс орыны ұйымдастырылды, жастар практикасы бойынша 39 жас жұмыспен қамтылды.

2013 жылы «Жұмыспен қамту - 2020» жол картасы бойынша 275 адам еңбекке орналастыруға өтініш білдіріп, 84 адам әлеуметтік жұмыстарға, 64 жұмыссыз жастар практикасына тартылды, 22 адам кәсіптік оқуға жіберілді. 20 жұмыссыз 37,5 млн. теңге несие алып, өз кәсіптерін ашты. 16 жұмыссыз кәсіпкерлік оқуға тартылды.

Ауылдық елді мекендерді көркейту жобасынан «Арай» мәдениет үйінің, «Жігер» спорт кешенінің, Ы.Алтынсарин орта мектебінің, «Ақбота» мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымының ғимараттарының күрделі жөндеу жұмыстарына 69 жұмыссыз тартылды.
Әлеуметтік қорғау
Аз қамтылған азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуда - ең төменгі зейнетақы және ең төменгі зейнетақыдан төмен алатын зейнеткерлерге, І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектерге барлығы 280 адамға 10405,6 мың теңгеге бюджеттен түрлі әлеуметтік жеңілдіктер берілді.

18 жасқа дейінгі 1493 балаға 23667,3 мың теңге балалар жәрдемақысы төленді.



Денсаулық сақтау
Жылдан-жылға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып келеді. 2013 жылы бұл көрсеткіш 55,4 пайыз болды.

Тұрғындардың жалпы санының 34 пайызы скринингтік тексеруден өткізілді.

Адамдардың қайтыс болу көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 2012 жылы 5,4 болса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 2,0 болып төмендеді. Соңғы екі жылда ана мен бала өлімі тіркелген жоқ.

Білім
Мектепке дейінгі тәрбие беретін 13 мекемеде 730 бала, 16 шағын орталықтарда 340 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу 92,0 пайызды құрайды.

Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуда жыл ішінде жаңадан 2 мектеп ғимараты салынып, пайдалануға берілді. 1 мектептің құрылысы жүргізілуде. «Жұмыспен қамту - 2020» жол картасы шеңберінде 2 ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді, Шеңбертал орта мектебіне республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы трансферт есебінен химия кабинеті алынды.

Барлық жалпы білім беру мектептеріндегі 448 аз қамтылған отбасы балалары, 1-4 сыныптағы 1183 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған.

Балалардың жазғы демалысын, сауықтыру және бос уақытын ұйымдастыру шараларымен 2857 оқушы қамтылды.


Мәдениет
2013 жылы 29 мәдениет мекемесі қызмет жасады. Ақылы қызмет көлемі 1788,7 мың теңге болды. «Арай» мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңартылды. Нұра ауылдық кітапханасы модельді кітапханаға айналды. Қоғам қайраткері Т.Жаманмұрыновтың туғанына 125 жыл толу мерейтойы аудан көлемінде аталып өтті.
Дене шынықтыру және спорт
Ауданда 60 спорттық құрылғы бар. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жасайды. Аудандық деңгейде спорттың 13 түрінен 43 рет жарыс өткізіліп, облыстық дәрежедегі жарысқа спорттың 8 түрінен 160 адам қатысты. Белшер аулында демеушілер көмегімен спорт алаңы салынып, ауыл жастарының аудандық спартакиадасы өткізілді. Дене шынықтырумен және спортпен 4890 адам шұғылданады.

Қоғамдық-саяси жағдай
Аудан әкімі жанынан құрылған 7 ақпараттық топ Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауын насихаттауда 238 лекция-кездесу өткізді, оларда 12745 аудан тұрғыны қамтылды. Мерзімді баспасөзде 78 рет мақала жарияланды.
«Көркейе бер, туған жер!» акциясы
Облыс әкімі Архимед Бегежанұлының бастамасымен қолға алынған «Көркейе бер, туған жер!» акциясы 2013 жылы жалғасты. Акция аясында 2013 жылы 16 нысанда 16 млн. 694 мың теңгенің жұмысы атқарылды.
Аудан әкімінің 2013 жылы тұрғындармен есепті кездесуінде

айтылған ұсыныстардың орындалу барысы туралы ақпарат
Аудан әкімінің есепті кездесуінде айтылған мәселелерді шешу жөнінде іс-шаралар жоспары бекітіліп, шешімін табуы тиіс 8 проблемалық мәселе қойылды. Одан 5-уі шешімін тапты, 3-уі шешілу сатысында.

Құмтоғай ауылын сумен жабдықтау жүйесі құрылысы жобасының жобалық-сметалық құжаттары дайындалды, нәтижесімен 2014 жылға 206,4 млн. теңге бөлінді.

Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі 57,6 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді.

Жайсаңбай ауылына сумен жабдықтау жүйесінің құрылысын салудың жобалау-сметалық құжаттары дайындалды, құрылыс жұмыстарына 2014 жылға 313,5 млн. теңге бөлінді, 2015 жылға 422,8 млн. теңге бөлінеді.

Нұра ауылының жер асты су көздерін зерделеуге тендер өтіп, жеңімпаз анықталып, зерделеу жұмыстары жүргізілді.

Жаныс би, Шеңбертал елді мекендерінің жер асты су көзін зерделеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары жасақталды. Жер асты су көздерін зерделеу жұмыстары 2014 жылға жоспарға енгізілді.

Аманкөл ауылдық клубының ғимаратын жөндеу мәселесін демеушілікпен бюджеттен тыс қаражат көздері есебінен шешу жолдары қарастырылуда.

«Су шаруашылығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының материалдық-техникалық базасын жақсартуға және Құйлыс ауылындағы көпірдің құрылысын салудың жобалық-сметалық құжаттамаларын жасақтауға қаражат бөлу жөнінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы сұраныс жасалды. Бұл мәселелерді облыстық бюджеттен шешу жолдары қарастырылуда.



2014 жылы атқарылатын міндеттер
2014 жылы «Агробизнес - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша жобаларға қаражат тарту жалғасын табады.

«Бизнестің -2020» жол картасы бойынша кәсіпкерлердің белсенділігін көтеруге жұмыстар жүргізіледі.

Салыққа 230 млн. теңге кірістеу жоспарын орындауда салық базасын ұлғайту жұмыстары жалғастырылады.

«Жұмыспен қамту - 2020» жол картасы бойынша белсенді жұмыс жүргізіледі.

2014 жылы 4 млрд. 367 млн. теңге көлемінде негізгі капиталға инвестиция тарту жоспарланады. Ауданды газдандыруда 2014 жылы 2 млрд. 82 млн. теңгенің жұмысы атқарылады деп күтіледі, газ құбыры құрылысын 2015 жылы аяқтау жоспарланған. Жол қатынасын жақсартуда «Шалқар-Ырғыз» республикалық маңыздағы автожолының Ырғыз селосына кіре берістегі 11,3 шақырымына күрделі жөндеу аяқталады, бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 229,5 млн. теңге қаражат бөлініп отыр. Білім беру саласында 29,1 млн. теңгеге Жайсаңбай аулындағы 60 орындық орта мектептің құрылысы аяқталады. Ырғыз ауылының Оңтүстік-Батыс ауданындағы бақылау сорғы станциясы торабы және жеке құрылыс аумақтарының инженерлік коммуникациялық желілері құрылысы 87,8 млн. теңгеге салынады. 1 млрд. 65 млн. теңгеге Жайсаңбай, Құйлыс, Қалыбай, Құмтоғай ауылдарының ауыз сумен қамту жүйелерінің құрылысы басталады. 4,5 млн. теңгеге Ақши су құбырын қайта жарақтандырудың жобалау сметалық құжатын дайындау аяқталады. 15,0 млн. теңгеге «Жұмыспен қамту - 2020» жол картасы шеңберінде кәсіпкерлікті дамытуға жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымдарын жақсарту жұмыстары жүргізіледі. Жеке қаражат есебінен 854 млн. теңгенің ауылшаруашылығы, тұрғын үй құрылысы, тағы басқа салаларына қаражат тартылады.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында елді мекендердің әлеуметтік экономикалық жағдайын жақсарту шаралары 13,8 млн. теңгеге жалғасын табады.


Сыбайлас жемқорлықпен күрес
Бүгінгі таңда, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесі күн тәртібінен берік орын алып, барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы басым бағыттардың біріне айналып отыр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Аса маңызды міндет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегияны қалыптастыру және іске асыруды жалғастыру» деп бұл бағыттағы міндеттерді айқындап берді.
Ырғыз ауданының мемлекеттік қызметшілері бұл міндетті терең түсініп, жұмыстар жүргізіп келеді. Ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу, болдырмау жөнінде нақты шаралар атқарылуда. «Нұр Отан» партиясының Ырғыз аудандық филиалымен, аудандық прокуратурамен бірлесіп тұрғындармен «Ашық есік» күндері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы кең ауқымды акциялар, қоғамдық тыңдаулар өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлыққа қатысты мақалалар жарияланып, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылды.

Аталған мәселеге байланысты аудан әкімдігінде мәжіліс өткізіліп, барлық мекеме басшыларына сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөніндегі жұмысты күшейту және осы бағыттағы жұмыстарды тұрақты түрде жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді.

2013 жылы аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияда жер учаскелерін беру кезінде заң талаптарының бұзылуының алдын алу және жеке меншікке берілген жерлерді заңсыз қайта бөлмеу, игерілмей бос жатқан жерлерді меншік иелерінен қайтарып алу, мемлекеттік сатып алуға байланысты мәселелер қаралып, тиісті шешім алынды. Сонымен қатар, құрылыс кешендерін салу бойынша мемлекеттік сатып алуды тиісінше өткізу мен оларды пайдалануға беруге қатысты жұмыстарды ұйымдастыру, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйлер, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерінің берілуі кезінде сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол берілмеуі қатаң бақылауда.

Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлері сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiне қарсы тұруға, осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға және сыбайлас жемқорлықпен жымдасқан немесе оған жағдай туғызатын әрекеттерге жол бермеуi тиiс.



Сыбайлас жемқорлықпен күрес ашық, үздіксіз әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Сондықтан осынау қоғам дертіне қарсы тұру әркімнің абыройлы парызына айналуы қажет. Біз бұл мәселеде өз бағытымыздан айнымаймыз және сыбайлас жемқорлықты болдырмауда қатаң шараларды қолдана отырып жұмыстарды жалғастыра береміз.
Қоғамдық орта
Жоғарыда Елбасының биылғы Жолдауына тоқталып оның мән-маңызы жөнінде айтып өттім. Осыдан туындайтын кейбір мәселелер төңірегінде сіздермен кеңірек ой бөліскім келеді.

Мені аудан басшысы ретінде ғана емес, осы жердің перзенті ретінде де туған жеріміздің бүгіні мен болашағы көп алаңдатады. Бұл жөнінде жақында аудандық «Ырғыз» газетіне берген сұхбатымда да айтылды.


Мемлекет тарапынан барлық өңірлерге бірдей көңіл бөлініп, халықтың әлеуметтік жағдайын дұрыстауға, тұрмыс-тіршілігін түзеуге барынша қолдау жасалып келеді. Дегенмен, халық саны көп орталықтарға, өндірісі дамыған өңірлерге бірінші кезекте көңіл бөлінетіні де жасырын емес.

Бұл әрине түсінікті де, өйткені халық көбейген сайын талап та арта түседі, өндіріс өнім берген соң салық та көбейеді. Осы қисынмен қарасақ Ырғыз секілді ешқандай өндірісі жоқ, шалғайда орналасқан дотациялық аудан үшін өз қажеттіліктерімізді қанағаттандыру оңай емес.

Бұл үшін ешкімді кінәлай алмаймыз. Тек өзіміз – аудан басшысы менен бастап әрбіріміз - мықты болуымыз керек. Яғни, Абай дана айтқандай адам баласы өзгеден ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен ғана озады десек, біз өзгелерден озу үшін ақылдырақ, білімдірек, мінездірек болуымыз қажет. Ауданымызда атқарылып жатқан оң істер көп болса ол іс басындағы азаматтардың осы бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыра білгенінің арқасында болып отырғанын ұғынған жөн. Осы тұрғыдан мысалы, біздің оқушыларымыз өзгеден білімді болып құрбыларынан озып жатса, спортшыларымыз басқалардан биік жетістіктерге қол жеткізсе, жастарымыз өзгеде жоқ оң істерге мұрындық болып жатса, ал ақсақалдарымыз елді бірлікке шақырып, келеңсіз істерге тосқауыл қойып, болашақ туралы байсалды әңгіме айтатын болса, онда көп нәрсеге қол жеткізер едік. Әйтпесе, дастархан басында отырып алып біткен іске сыншы болу, елде жасалып жатқан жақсылықтырды көрмей, тек кемшіліктерді теріп айтып, ауызбен орақ ору ешкімге абырой әпермейді.

Елбасы әлемдегі ең озық отыз елдің қатарында болу міндетін қойып отыр. Ал ондай деңгейге жету үшін барша Қазақстан халқының қатарында ырғыздықтар да осындай талап үдесінен шығуға талпынулары қажет. Терең білім алып, жаңа технологияларды меңгеру, үш тілді үйрену керек. Сонда ғана өзгелермен тереземіз тең болады. Ілініп-салынып мектеп бітіріп, жүрдім-бардым жоғары оқу орнын тәмамдап онысын міндетсініп отырған жас жігіттен негізгі біліммен-ақ өз бетінше ізденіп, кәсіп ашып, еңбектенген жасамыс артық дер едім. Бұл жастардың бәрі осындай деген сөз емес, бізде білімді жастар баршылық, дегенмен осы айтылғандай тенденцияның бар екенін де жоққа шығара алмаймыз.

Елбасы Жолдауда «Әсіресе, жастарымызға мынаны айтамын. Бұл Стратегия сіздерге арналған. Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Өз жұмыс орындарыңызда отырып, осы жұмысқа әрқайсысыңыз атсалысыңыздар. Немқұрайлылық танытпаңыздар» деп болашақтың иесі ретінде жастарға үлкен міндет артады.

Мен бүгінгі кездесуді пайдалана отырып, барша ауыл тұрғындарын, оның ішінде жастарды 2050 Стратегиясының басты мақсатына жету жөніндегі жұмысқа белсене қатысуға шақырамын.

Оған белсене қатысу ең әуелі Стратегияны басынан-аяғына дейін оқып, негізгі мәнін ұғыну және «мен осындай биікке ұмтылған қоғам үшін не істей аламын» деп өз-өзіңе сауал қою деген сөз.

Бос әңгімеге уақыт кетірмей әркім өз жұмысын жақсы істеуге тырысса, жұмыссыз адам табыс көзін іздеп кәсіппен шұғылданса, жастар күн-түн демей еңбек етіп, ізденсе, ғылым-білімді игеруге ұмтылса, үлкендер жастарға жақсы істерімен үлгі көрсетіп, елдік істердің басында жүрсе, міне сонда ғана біз мұратымызға жетеміз.

Жоғарыда айтылған ауылдық округ әкімдерінің сайлануы мен олардың құзіреті кеңейтілуі тұрғындардың өзін-өзі басқару үрдісін дамытуға жол ашу мақсатында жасалып отырған шараның бірі. Яғни, енді әрбір азаматтың қоғамдық өмірге белсенділікпен араласуына мүмкіндік артады. Ал ол үшін марғаулықтан арылып, ел-жұртқа пайдасы тиетін, көпшіліктің мүддесіне үлес қосатын істердің басынан табыла білгеніміз жөн.

Сонда ғана халық сайлайтын әкімдердің жұмысы нәтижелі, тұрғындардың тұрмысы ілгері болмақ.

Барша ырғыздықтарды осы мәселе жөнінде тереңірек ойланып, берік байлам жасауға шақырамын.


Қорытынды
Құрметті қауым!

Аудан көлемінде атқарылып жатқан барлық игі істерде сан түрлі салада еңбек ететін тұрғындардың ортақ мақсат жолындағы еселі еңбектері зор. Сонымен бірге, ауданымыз үшін маңызды проблемалық мәселелерді шешуде облыс әкімі Архимед Бегежанұлы Мұхамбетовтің нақты қолдауын сезініп отырғанымызды айту парыз. Облыс басшысы шалғай өңірдің жай-күйі мен тыныс-тіршілігіне үнемі жете көңіл бөліп келеді.

Бүгін жылдағы дәстүрмен сіздермен кездесіп өткен жылдың негізгі қорытындыларын шығарып отырмыз. Атқарылып жатқан жұмыстар көз алдарыңызда, ілгерілеушіліктер күнделікті тұрмысымыздан-ақ айқын сезіледі. Көздеген межеден шыға алмай қалған тұстарымыз да кездесетінін жоққа шығаруға болмайды, дегенмен негізгі ой-мақсаттарымыз орындалды. Сондықтан өткен жылдың ауданымыз үшін бергені мол деп ойлаймын. Жаңа 2014 жыл да қарбалас жұмыстармен басталып кетті. Қазақстанның ұзақ мерзімді 2050 Стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі жоспарларды орындау осы жылдан бастау алатындықтан бұл жылы атқарылатын шаруалар да көп болмақ.

Ең бастысы қол жеткен жетістіктерді тұрақтандырып, экономикада, әлеуметтік-мәдени салаларда белгіленген шараларды нақтылы іске асыру міндеті тұр.

Елбасы өз Жолдауында: «Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама.

Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек.

Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек» деп баршамызға ой салды.

Сондықтан береке-бірлікті тірлігіміздің шамшырағы етіп ұстана отырып, іргелі ел болу жолындағы мақсатымызға қол жеткізе берейік.





Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет