Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың кейбір мәселелері



Дата14.06.2016
өлшемі135.67 Kb.
#135731
Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың кейбір мәселелері
"Қазақстан-2050" Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаев жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатердің алдын алуды қазіргі кезден бастап қолға алу керектігін атап өтті. «Ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажет, әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін біз заманауи технологияларды қолдана отырып егістік түсімін елеулі көтеру, егістік алаңын ұлғайту, мал шаруашылығы жемшөп базасын құруды сонымен қатар ауылшаруашылық қайта өңдеуде және саудада фермерлік пен шағын және орта бизнесті дамыту қажет. Бұл – өзекті міндет. Нәтижесінде мен агроөнеркәсіптік кешеннің алдына – экологиялық таза өндіріс саласындағы жаһандық ойыншы болу міндетін қоямын» – делінген Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында [1].

Қазақстан үшін агроөнеркәсіптік кешен саласы – ең маңызды басымдық. Өйткені, жаһандану заманында азық-түліктік қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздікпен қатар қойылса, келешекте ауыл шаруашылығы тығырыққа тірілетін елдің қауіпсіздігіне де қатер болатынын сарапшылар болжайды.

Әлемде экономикасы дамыған елдерде басым көрсеткіштердің бірі халқының өмір сүру деңгейінің жоғары болуы, елеулі дәрежеде азық – түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз етілген, ауыл шаруашылығы шикізаты мен тұтыну тауарларының айтарлықтай дәрежеде дамуы болып табылады. Агроөнеркәсіптік кешенді көп салалы жүйе ретінде экономикалық әлеуметтік, экологиялық және саяси жағынан айқындауға болады. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірудегі мәселелердің өз шешімін табуы сол саланы басқару мен ұйымдастырудағы жаңа мүмкіндіктерді, кешенді әдістерді орынды пайдалануға байланысты.

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының дамуында маңыздылығы жоғары, негізгі салаларының бірі. Ол халықты азық–түлік өнімдерімен қамтамсыз етеді. Ауыл шаруашылығының даму деңгейі көбінесе елдің экономикалық қауіпсіздігін анықтайды. Қазақстанның ауыл шаруашылығында қолайлы жерлері көп болғандықтан, әлем нарығында бәсекелестікке қабілетті агроөнеркәсіп секторын дамытуға барлық мүмкіндіктері бар. Оған қоса, халықтың жартысынан астамының әлеуметтік жағдайы ауылдық аймақтарымен тығыз байланысты.

Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлікті тиімді дамыту, нарықтық механизмді игеру, нарықтағы баға, сұраныс пен ұсыныс, бәсеке, мемлекеттік реттеу заңдылықтарын меңгеруге байланысты бизнес нысандары нарықтың талаптары мен оның механизмін игеруге икемділігі жоғары болып табылады. Сол себептен де қазіргі жағдайда аграрлық саладағы кәсіпкерлікті дамытудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігі нарық механизмін толыққанды игеруге мүмкіндік жасайды. Бұл мүмкіндік кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдауға, реттеуге бағытталған қосымша шаралардың іске асырылған жағдайында пайда болады.

Ұлттық экономиканың дамуы үшін бастылардың бірі болып отандық агроөнеркәсіптік кешен табылады. Тиімділігі жоғары агроөнеркәсіп кешенін құру экономикалық тұрақтылықты, тұтынушылардың қажеттілігін толыққанды қамтамасыз етіп қана қоймай, олардың материалдық әл-ауқатын әрі қарай көтерудің негізгі алғышарты болып табылады.

Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында, тиімділік деңгейін жоғарылатуда көптеген шешімін таппаған мәселелер кездеседі. Аграрлық нарықты дамыту заңдылықтары және шаруашылық субъектілерінің жаңа экономикалық қарым-қатынастарын қалыптастыру нарықтық экономиканың даму деңгейіне сәйкес халықаралық қауымдастықтың интеграция тұрғысынан жеткіліксіз деңгейде зерттеліп отыр.

Ауыл шаруашылығы – нарықтық экономиканы мемлекеттік реттеудегі негізгі объект, шамамен 70% күнделікті қажетті тұтыну тауарлары ауыл шаруашылығы шикізатынан жасалады, ал ауыл шаруашылығы тауарларының тұтыну бағасы қоғамдық еңбек құнына тікелей әсер етеді.

Қазіргі таңда демографияның және дүниежүзілік аграрлық экономиканың жаңа үрдістері қалыптасуда, шынайы даму интеграциялық үдеріске ие және ғаламдық климаттық өзгеріс белең алуда. Қазақстан Кедендік одаққа және Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдердің қатарына енді. Алайда осы салада еңбек өнімдігігінің деңгейі мен қолданыстағы технологиялардың айтарлықтай деңгейде жетілдірілмеуі, ұсақ тауарлардың өндірісі ауыл шаруашылығы өндірісін қарқынды негізде дамытуға, материалдық, еңбек және басқа да ресурстарды толық пайдалануға, экологиялық талаптарды сақтауға мүмкіндік бермей отыр. Бұл факторлар отандық аграрлық саланың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. ДСҰ мен Кедендік одаққа мүшелікке өту кезеңінде импорттық тауарлар айналымы басымдыққа ие болып, отандық тауар өндірушілердің тұтыну нарығынан ығыстырылу қауіпі туындайды.

Аграрлық саясатты жүзеге асырудың тиімді механизмін қалыптастыру үшін ауыл шаруашылығы өндірісінің қазіргі кезеңдегі жай-күйіне талдау жасау қажет.

Шағын және орта ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын дамытуға бағытталған шаруашылық жүргізудің экономикалық, әлеуметтік-бағдарланған қолданыстағы механизмін қалыптастыру – дамыған шет мемлекеттердің ғылыми орталықтары мен үкіметінің елеулі көрсеткіштерге жеткенінің көрінісі. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау және нақты экономикалық реттеу жүйесінің болуы нарықтық экономика жағдайында мемлекеттің аграрлық саласының тауар өнімдерін өндіру бойынша бәсекелестерін озып қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге кепіл бола алады.

Отандық ауыл шаруашылығы ұйымдары өндіріс саласында қабылданған шаруашылық шешімдерінің тиімділігін жоғарылату және өзара тәжірибе алмасу сияқты экономикалық қарым-қатынастарды реттеу амалдарымен, әдістерімен және ынталандыруға байланысты тәжірибелерімен өзара бөлісудің тұрақты жүйесі қолға алынбаған. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мүдделерін қорғауда, ауыл шаруашылығы тауарларына сұраныс пен ұсынысты теңгерімдеу мақсатында интервенциялық саясатты жүргізуді қамтамасыз етуде мемлекеттік реттеудің орны ерекше.

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені бағытындағы ұстанымы айқын. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Ауыл шаруашылығында бизнестің дамуына, фермерлер кооперациясы үдерісіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын барлық кедергіні жойған жөн», сонымен қатар «Болашақ - аграрлық секторда, әсіресе, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруда. Бұл тұста біз бизнесті несие арқылы қолдауға тиіспіз. Фермерлер ұзақ мерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей шыға алатын болуға тиіс. Ауыл өндірушілерінің қарыздарын кепілдендіру және сақтандырудың тиімді жүйесін құру да өзекті мәселе» - делінген [2].

Елбасы тапсырмасына сәйкес, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасы да қабылданды. Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласында сапалы серпіліс жасау үшін Қазақстанның ішкі жағдайынан бөлек, жаһандық ауқымдағы мәселелер де маңызды болмақ. Сондықтан да бір жағынан жаһандану үдерісінің белсенді қатысушысына айналған елімізге халықаралық сауда-саттықтарға қатысты агроөнеркәсіптік бағытты қолдай түсу аса маңызды. Оның үстіне, Президент айтқандай, жаһандануды ұлттық мемлекеттерге төнген қатер деп емес, керісінше, қайсы бір бағыттар бойынша зор мүмкіндік тудыратын объективті үдеріс деп қарауға болады.

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау механизмін жетілдіруде. Өзгертулер агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауының бірнеше бағыттары бойынша әзірленуде.

Біріншіден, бөлініп жатқан субсидиялардың тиімділігін жоғарлату мен төлемді оңтайландыру және ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында субсидияны беру процесін автоматтандыру жоспарланып отыр. Бүгінде Министрлік ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге субсидияны бөлудегі әлемдік тәжірибені зерттеуде. Мұнымен бірге жобаны Еуропа қайта құру және даму банкісі арқылы қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

Екіншіден, жаңашылдықтар егіншілік шаруашылығын сақтандыру, тұқым шаруашылығын, балық және етті мал шаруашылығын субсидиялау жүйесіне қатысты болмақ. Атап айтқанда, егіншілік шаруашылығын сақтандыруда аясында сақтандыру сыйларын субсидиялау және сақтандыру тәуекелдерін қайта сақтандыруды енгізу жоспарланып отыр.

Сонымен бірге суды пайдаланушылардың су үнемдеу технологияларға өтуді ынталандыру үшін суармалы судың кубтық метріне субсидиялау көлемін есептеу әдісін өзгерту ұсынылып отыр.

Үшіншіден, алдағы уақытта жабық топырақта ауыл шаруашылығы дәнді-дақылдарын өңдеу шығындарын және басыңқы дәнді-дақылдар өндірісін субсидиялау қарастырылуда [3].

Қазақстан Республикасында 2013-2020 жылдарға арналған агро­өнеркәсіп кешенін дамытудың сала-аралық «Агробизнес-2020» бағдарла­масы еліміздің ДСҰ-ға мүшелікке енгеннен бастап, сондай-ақ Кеден одағы жағдайында бәсекелестіктің күшеюіне байланысты әзірленіп отыр [4].

Бағдарламаның негізгі мақсаттары қар­­жы жағдайын сауықтыруға, агроөнер­кәсіптік кешен үшін тауарлар, жұ­мыстар мен қызмет көрсетулерге қол­жетімділікті арттыруға, АӨК субъек­тілерін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйелерін дамытуға, сонымен қатар, саланы мемлекеттік реттеу жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталады.

Жаңа құжат қолданыстағы бағдарла­ма­ға қарағанда агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттіктерін жоғарылатуды алға қойған. Яғни өнді­ріс­тік директивалы бағдарламалар­дан алшақтап нақты жағдай жасау ба­ғытына бет бұрған. Осылайша, аталмыш бағдар­ламаны жүзеге асыра отырып, енді бизнес ауылшаруашылық өнімдерін қайда сатуды, сондай-ақ егінді қалай егуді өздері шеше алады.

Бағдарламаның негізгі мақсаттарына қол жеткізу үшін төрт бағыт бойынша жұмыстар жүргізілмек:

Біріншісі – қаржылық сауықтыру. Ол кредиттер мен жобаларды қайта құрылымдау, қай­та қаржыландыру, сондай-ақ, бар бо­рыш­тарын өтеу үшін ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады. Осылайша, мемлекет кредиттік жүктемені жеңілде­теді және көптеген ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің қаржылық тұрақсыздығын болдырмайды.

Екіншісі – агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін қызмет пен жұмыстарды, тауарлардың қолжетімділігін жо­ға­рылату бағыты. Бұл ретте агроөнеркә­сіптік кешен субъектілеріне кеңес қызметін, білімдік, қаржылық, жұмыс, тауарлардың экономикалық қолжетім­ділігін жоғарылату бойынша мемлекет­тік қолдау механизмдері арқылы мін­дет­тер қойылған. Мұнымен АӨК субъек­тілерінің жаңа мемлекеттік қолдау механизмдеріне, біріншіден, АӨК басымды инвестициялық жобалар үшін инвестициялық субсидиялар, екіншіден, қаржылық институттар алдында АӨК субъектілерінің қарыздарын кепілден­діру және сақтандыру қызметтерін субсидиялау, үшіншісі – берілген несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жатады.

Сондай-ақ, өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу және қамтама­сыз ететін салалардың өнімдерінің өндірісін субсидиялау бойынша жұмыс өз жалғасын таппақ.

Ал үшінші бағыт бойынша агро­өнер­кәсіптік кешен субъектілерін мемлекет­тік қамтамасыз ету жүйелерін дамыту шеңберінде фитосанитарлық қауіпсіздік жүйесін дамыту, ветеринарлық қауіп­сіздік жүйесін дамыту міндеттерін шешу жоспарлануда.

Шаралар фитосанитарлық және вете­ринарлық зертханалар құру және жаб­дық­тауға, фито және ветеринарлық қауіп­сіздіктің диагностикасы мен мониторингі, жануарларды бірегейлендіру, аурулардың таралу қаупін төмендету, сондай-ақ, жайылымдық мал шаруашы­лығы үшін жайылымдарды суландыруға бағытталмақ.

Төртінші бағыт шеңберінде агро­өнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша ауқымды шаралар легі күтіп тұр. Айталық, ауыл шаруашылығына агрохи­миялық қызмет көрсету тиімділігін арттыру, АӨК субъектілерін ақпараттық қамтамасыз ету жүйесін дамыту, ауылшаруашылық дақылдарын мемлекеттік сорттық сынау тиімділігін арттыру, АӨК субъектілері үшін мемлекеттік қызмет­терді көрсету жүйесін дамыту, ауыл шаруашылығындағы техникалық реттеу жүйесін дамыту, АӨК-тегі мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесінің тиім­ділігін арттыру, органикалық ауыл шаруашылығы өнімін өндіру мен оның айналымын дамыту үшін жағдайлар жасау жұмыстары осы төртінші бағыт бойынша жүзеге асырылмақ.

Бағдарлама ауылда бизнестің дамуына, салаға инвестицияның келуіне, бөлі­ніп жатқан қаржының тиімділігін жо­ғарылатуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Жоғарыда көрсетілген міндеттерді шешу үшін АӨК салаларын субсидиялау табиғи-климаттық жағдайларды, өт­кізу рыноктарының болуын және өңір­лерді дамыту әлеуетін ескере отырып сараланып жүргізілетін болады. Осыған орай министрлік осы жылы ауыл шаруашылығы өнімінің нақты түрін өндіру үшін ауыл шаруашылығы алқаптарын ұтымды пайдалану бойынша өңірлерді мамандандыру схемасын әзірлеуге кірісті. Бұл мемлекеттік субсидияларды саралау құралы болмақ. Осы бағытта әзірленген жаңа тетіктер инвес­тициялық субсидиялар, қаржы институттары алдындағы АӨК субъектілерінің қарыздарын сақтандыру және кепілдік беру, екінші деңгейлі банктерді қорландыру, сыйақы ставкасын субсидиялау ауылша­руа­шылық техникасы­ның лизингіне және ауыл шаруашы­лығы үшін несие беруге дейін кеңейетін болады. Жаңа құрал­дармен қоса суб­сидиялаудың қолданыс­тағы тетіктері де жетілдіріледі.

Қазіргі уақытта шамамен 30 пайыз шағын және орта АӨК субъектілерінің тиісті жоғары өтімді кепілдікті қамта­масыз ете алмауына және нашар қаржылық жай-күйіне байланысты қаржылан­дыруға қолжетімділіктері жоқ. Бұл проб­леманы Мемлекет басшысы аграрлық өндірістегі жеке инвестициялардың тәуе­кел­дерін төмендету үшін қарыздар­ға кепілдік беру мен сақтандырудың мемлекеттік жүйесін енгізу жөніндегі міндетті қоя отырып, «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында айтқан болатын. Осыған бай­ла­ныс­ты АӨК субъектілері үшін несиелік ресурстардың қолжетімділігін қамтама­сыз ету және АӨК-ті белсенді қаржы­ландыру процесіне қаржы институттарын тарту мақсатында қаржы институттары алдындағы АӨК субъектілерінің қарыздарына кепілдік беру мен сақ­тан­дыру жүйесі енгізілетін болады. Қазіргі уақытта екінші деңгейдегі банктерде АӨК субъектілеріне кредиттер беру үшін жеткілікті өтімділік бар. Бұдан басқа, көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарын уақытылы өткізу үшін «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымда­рының желісі бойынша жеңілдетілген кредиттік ресурстар бөлінуде. Алайда, АӨК субъектілерінің кредиттік ресурстарға қол жеткізуінің негізгі проблемасы олардың нашар қаржылық жай-күйі және тиісті өтімді кепілдік қамтамасыз етудің болмауы болып табылады. Бұл проб­лема әсіресе шағын және орта ауыл шаруашылығы құрылымдарына тән болып отыр. Осыған байланысты қабыл­данған бағдарлама аясында сақтандыру жүйесі АӨК субъектілерінің ресурстар­ға қолжетімділігін кеңейтеді және ауыл шаруашылығын белсенді қаржыландыру процесіне қаржы институттарын тартады.

Жалпы алғанда, қарыздарды сақ­тандыру тетігі қаржы институттарының кредиттік тәуекелін жеке сақтандыру компанияларының сақтандыруы болып табылады, мұнда мемлекеттің рөлі АӨК субъектілеріне сақтандыру сыйақысы­ның сомасын ішінара өтеу арқылы кө­рініс табады.

Қазақстанның ауыл шаруашылығын қолдауы әлі де өз деңгейінде емес. Ауыл шаруашылығы өнімдерін, жалпы аграрлық секторды қолдау туралы әңгіме болғанда қаперде ұсталатын басты мәселе: кез келген дамыған елдерде ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігі мемлекеттік қолдаудың есебінен ғана қамтамасыз етіледі. Яғни, бұл салада бюджеттік субсидиялау үлкен рөл атқарады.

Ешбір елде мемлекеттің араласуынсыз нарық та, бизнес те өздігінен ауыл шаруашылығы саласына қандай да бір тәртіп орната алған емес. Сондықтан қазақстандық агроөнеркәсіп кешенінің проблемалары негізінен мемлекеттік қолдаудың тым төмендігінде болып табылады. Тіпті Кедендік одаққа қатысушылардың арасында қазақстандық қолдау басқасына қарағанда тым мардымсыз деңгейде болып отыр. Мәселен, Беларусь Республикасында аграрлық салаға бағытталатын мемлекеттік қолдау деңгейі жалпы ішкі өнімнің 17 пайызын құраса, Қазақстанның қолдау деңгейі 5 пайыздан аспайды. Бұл ғана емес, елдер бойынша жіктегенде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру үшін еліміздің жоғалтар шығыны зор. Мәселен, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге кететін шығын мөлшері Еуропа елдеріне қарағанда 3 есеге артық. Бұл негізінен табиғи қалыптасқан жағдайларға да байланысты болып келеді. Айталық, егер Қазақстанда вегетациялық маусымда жауын-шашын мөлшері 250 миллиметрді құраса, Еуропада бұл көрсеткіш 1000 миллиметрге дейін жетеді. «Осындай жағдайларды ескере отырып, барлық қағидатты ұстанымдар бойынша отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен өңдеушілер үшін тиімді шарттарды қалыптастыруға қол жеткізуге тиіспіз.

Қазіргі уақытта ДСҰ шеңберінде ауыл шаруашылығын тікелей мемлекеттік қолдау шараларынан бас тарту бойынша үрдіс басым болуда. ДСҰ мен әлемдік аграрлық азық-түлік нарықтарында Керн тобының елдері (Австралия, Аргентина, Жаңа Зеландия, Канада және басқалары) неғұрлым көп мәнге ие болуда, оларда ауыл шаруашылығына тікелей субсидиялардың ең төмен деңгейі бар және саланы өндірістің бәсекеге қабілеттілігін және тиімділігін өсіру есебінен дамытуда. Ауыл шаруашылығын тікелей қолдауды пайдаланбайтын Керн тобы елдерінің тәжірибесі субсидиялардан бас тарқаннан кейінгі кезеңдегі өндіріс факторларының жалпы өндіргіштігінің неғұрлым жоғары өсуін көрсетеді.

Қазақстанға қатысты бұл әрбір ел өзінің ауыл шаруашылығын қолдау жүйесін әзірлейтінін растайды, бастысы сол қолдау өндірушілерді ынталандыруы, жер мен малдардың өнімділігін арттыруы, экспортты ынталандыруы тиіс.

Аграрлық саладағы алдыңғы қатарлы елдердің қазіргі даму үрдістерін талдау Қазақстанның АӨК одан әрі дамуы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру және аграрлық бизнесті дамыту үшін тең қолайлы жағдайлар жасау есебінен ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағдарлануы тиіс екендігін көрсетті.



Қазақстан әлемдік экономиканың ажырамас бөлшегіне айналып барады. ДСҰ-ғы ауыл шаруашылығы тауарларымен халықаралық сауда-саттыққа кері әсерін тигізетін қолдаулар қысқартылатыны белгілі. Дегенмен, Қазақстанға өз ұсынымын қорғап қала алатын жолдарымыз да баршылық. Мәселен, аграрлық сектордағы мемлекеттік қолдаудың жеткілікті жоғары деңгейі сақталып қалдырылуы қажет. Бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығын қолдау үшін тым жеткіліксіз. Екіншіден, тиісті шарттарды қабылдау үшін берілетін өтпелі кезеңде сыртқа шығарылатын ауыл шаруашылығы тауарларына экспорттық субсидияны да сақтап қалған біз үшін аса маңызды. Өйткені, географиялық орналасу ерекшеліктеріне келсек, Қазақстан – әлемдегі теңіз порттарынан ең шалғайда жатқан мемлекет. Сондықтан да, тасымал шығындары қазақстандық тауарлардың халықаралық нарықтағы бағасының бәсекелестігіне кері әсер етеді. Мәселен, бір ғана Қара теңізге дейін қазақстандық астықты жеткізгенше оның бағасы 25 пайызға дейін қымбаттап шыға келеді. ДСҰ-ның маңызды басымдықтарының бірі Санитарлық-фитосанитарлық іс-шаралар бойынша келісімге қол қою болып табылады. Санитарлық және фитосанитарлық реттеу туралы келісімге қол қоя отырып, біз өзіміздің ішкі нарығымызды сапасыз ауыл шаруашылығы өнімдерінен ғылыми негіздерге сүйене отырып қорғауға мүмкіндік аламыз.

Дамыған елдер тәжірибесі көрсеткендей, ауыл шаруашылығындағы қол жеткізілген жетістіктердің барлығы ғылыми-техникалық дамуы арқасында екендігі анық. Сондықтан да ғылыми-техникалық прогресті дамытып, оны ауыл шаруашылығына көптеп енгізу қажет. Ауыл шаруашылығында ғылыми-техникалық прогресті дамыту келесі бағыттарда жұмыс жасайды: шаруашылық механизмін дамыту, ауыл шаруашылық өндірісін техникалық тұрғыдан дамыту, өсімдіктер мен мал шаруашылығының өнімділігін жоғарылату, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуді дамыту болып табылады.

Ауыл шаруашлығы өнімінің өсімі мал шаруашылығы фермасын жаңғырту үшін заманауи технологиялық құралдарды пайдалану, сонымен қатар, малдардың генетикалық әлеуетін жетілдіру және тиісті құрама жем базасын құруды жеделдету арқылы мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің өсуі есебінен қамтамасыз етіледі.

Агроөнеркәсіп өндірісін мемлекеттік реттеу – ол ауыл шаруашылығы өнімі, шикізат пен азық-түлік өндірісіне, қайта өңдеу және сатуға құқықтық, әкімшіліктік және экономикалық мемлекеттік әрекет ету жүйесі. Сондықтан да аграрлық саланы мемлекеттік реттеуде шешуге тиісті міндеттер болып агроөнеркәсіп өндірісін дамыту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, аймақтағы өндіріс саласын басқаруды жетілдіру, ауыл шаруашылық өнім, азық-түлік, шикізат нарығын реттеу, халықтың азық-түлікпен қамтамасыз етілуін жақсарту, ауыл шаруашылығы және экономиканың басқа салалары арасындағы экономикалық қолдау, ауыл шаруашылығы және басқа салалар жұмыскерлерінің табыстарын жақындату, отандық тауар өндірушілерді қорғау жатады. Осы міндеттерді шешу үшін мемлекеттің экономикадағы рөлі жоғары болуы тиіс.



Әдебиеттер тізімі:
1. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты. Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2012 жылғы 14 желтоқсан.

2. «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ». Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, Астана қ., 2014 жылғы 17 қаңтар.



3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет – ресурсы. http://mgov.kz/

4. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 ақпандағы № 151 «Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013 - 2020 жылдарға арналған "Агробизнес-2020" бағдарламасын бекіту туралы» қаулысы.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет