Ауызекі сөйлеу тілін суперсегментті деңгейде талдау



жүктеу 104.6 Kb.
Дата16.06.2016
өлшемі104.6 Kb.
ОӘЖ 811.512.122’34
Ауызекі сөйлеу тілін суперсегментті деңгейде талдау

(проф. Р.Әмірдің зерттеу материалдары негізінде)


Ақымбек Съезд Шардарбекұлы

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, филол.ғ.к.
Мақалада қазақ тіліндегі тіл мен сөйлеудің өзара қарым-қатынасын, айырым тұстарын анықтайтын, жазбаша әдеби тіл және ауызекі тілдің ара қатынасын көрсету, нормалану мен бейнормалылық, әдебилік пен қарапайымдылық, ескі классикалық дәстүр мен жаңашыл үрдістің қарама-қайшылығы сынды мәселелер тұрғыдан сөз болады. Зерттеу нысаны ретінде Халық тіліндегі қарапайым тіл әдеби тілден тыс тұратын, нормаланбаған, әлеуметтік шектелген тіл алынады.

Интонацияның көп қырлы қызметі бір-бірімен тығыз байланыста болып, бірлесе әрекет жасайтыны белгілі және интонацияның сөйлемдегі қызметі туралы айтқанда оның тіл жүйесіндегі көп деңгейлі иерархиялық қызметі талқыланады. Интонацияның синтаксистегі синтездеу функциясын, яғни сөзді синтагмаға құрастыру, синтагманы сөйлемге құрастыру, сөйлемді күрделі фразалық тұтастыққа құрастыру рөлін айта келіп, интонацияның барлық тілдік деңгейлерге тән универсалды құбылыс екені анықталды. Бірақ сөйлем интонациясының сөйлемнің мағынасымен, оның синтаксистік, ырғақты құрылымымен байланысты тілден тілге өзгеріп, олардың стильдерінде де көп аспектілі көрініс тауып, әр алуан қырымен ерекшеленетіні де ескерілді.


Түйін сөздер: дауыстылардың призма моделі, дара дауыстылар, құранды дауыстылар, компьютерлік сараптау.
Қазақ тілі білімінде сөйлеу тілін суперсегменті тұрғыдан арнайы қарастырған зерттеулер жоқ. Әйтсе де тіл мен сөйлеудің өзара қарым-қатынасын, айырым тұстарын анықтайтын, жазбаша әдеби тіл және ауызекі тілдің ара қатынасын көрсету, нормалану мен бейнормалылық, әдебилік пен қарапайымдылық, ескі классикалық дәстүр мен жаңашыл үрдістің қарама-қайшылығы сынды мәселелер біршама қарастырылғаны шындық. Онда динамиканың әлеуметтік топтар тілінің өмір сүруіне тигізетін әсерін немесе кері үдерістің өтетінін, мұндай үдерістердің қандай жағдай туғызатындығына елеңдейтін мезгілдің, сөйлеу тілінің әдеби тілге ықпалын зерттейтін уақыттың жеткендігі баяндалады. Осы мәселеге қатысты проф. Р.Әмір «Сөйлеу тілінің әдеби тілге қатынасын анықтайтын тілдік үлгі-модельдердің өзі де әр салалы. Олар жеке сөз, сөз тіркесі, сөз орамы, тұтас сөйлем түрінде болады. Әрине, бұл сөз тіркестері де, сөз орамдары да, сөйлемдер де өзінің әрі сөз құрамы жағынан, әрі тіркесу, топтасу амалдары жағынан бөлекше болып келеді» – деп, ауызекі сөйлеу тілінің сан-саналы, қатпарлы болып келетінін ескертеді [1,141].

Қазіргі сөйлеу тілі – үлкен-кішінің ауызекі тілі, себебі олар ауызша қарым-қатынаста сөз қолданысының әр түрлі дәстүрін араластырып отырады. Халық тіліндегі қарапайым тіл әдеби тілден тыс тұратын, нормаланбаған, әлеуметтік шектелген тіл болып саналады. Қарапайым тіл күнделікті қолданылатын тіл ретінде соңғы жылдары функционалдық стильдердің ішіндегі публицистикалық стильде, газет беттерінде де жиі бой көрсетіп келеді. Сөйлеу тілі элементтерінің сипаттамалық рөлі оқырманға кейіпкер бейнесін ашып көрсетуде көркем әдебиетте экпрессивтік мақсатта қолданылады.

Ауызекі сөйлеу тілінің стильдік мәнерін қалыптастыратын нәрсе оның өзіндік коммуникативтік сипаты болады. Стилдің бұл түріндегі коммуникативтік жағдай барлық тілдерде бірдей көрінеді. Белгілі ғалым Р.Әмір ауызекі сөйлеу тілін қалыптастыратын жағдайлардың бастылары ретінде мыналарды атайды:

1. Пікір айту ауызша әрі сөйлеуші мен тындаушының жүзбе-жүз отырып қатысуы үстінде болады.

2. Пікір айту диалог түрінде, яғни екі немесе бірнеше адамның қатысуы арқылы жүреді.

3. Пікір айту ешқандай дайындықсыз, емін-еркін әңгіме үстінде құралады [2, 78].

Спонтанды түрде пікір алысу болған жерде адамның түрлі эмоциясын көрсететін тілдік амалдар қатар жүреді. Ал сөйлеу ағымына түрліше қосымша рең мен бояу қосылып пікір білдірушінің ішкі сезімдерін жеткізіп отырады. Бұл турасында ғалым «Интонационно-мелодический строй разговорной речи красочен и богат. Он играет важную роль в речевом оформлении синтаксических единиц, в достижении эмоциональности. Семантическая определенность многих синтаксических единиц выявляется не их грамматической конструкцией, а их интонационно-мелодическим рисунком. Поэтому изучение последнего является неотъемлемой частью познания разговорной речи. К тому же его исследование требует применения наиболее точных методов и средств» деп болашақ қолданбалы бағытта зерттеулер қажет екендігін атап өтеді [1, 94].

Ауызекі сөйлеу туралы қазақстандағы арнайы білімі порталы http://kk.wikipedia.org/ өзіндік пікірін былайша жеткізеді: «Ауызекі сөйлеу тілінің стилі өзіндік ерекшеліктерін жасайтын айрықша белгісі жағдайға байланысты сөйлеу мәнері, эмоцияға қарай тілдік бірліктерін қолдану өзгешелігі болады. Бұл ерекшелік ең алдымен, ондағы лексика-фразеологиядан байқалады; ауызекі сөйлеу тілі диалогқа құрылады. Қатысушы екі адам. Интонация ерекше қызмет атқарады» [3].

Ауызекі сөйлеу тіліндегі коммуникативтік мақсатты іске асыратын компоненттерге интонацияның негізгі функциялары жатады. Себебі интонацияның тілдегі функ­циясын анықтап алмайынша, оның жалпы тіл жүйесінде өзіне тән ерекшеліктері бар құбылыс екенін дәлелдеу қиын. Әйтсе де осы күнге дейін жалпы тіл білімінде интонацияның функ­цияларына деген көзқарас біркелкі емес. Интонацияның функциясына қатысты неше түрлі пікірлер мен классифи­кацияларды кездестіруге болады. Зерттеу еңбектердің кей­бірінде интонацияның бірлі жарым функциясы аталғанмен, олардың ерекшеліктері, мән-мазмұны толық ашылмайды. Интонацияға қатысты ғылыми еңбектерде интонацияны әр қырынан жеңіл-желпі қарастырып, оның әр түрлі бөлшектерін зерттеп, функцияларын бөлшектеп, майда схемаға айналдырып жіберген.

Қолданбалы бағдарламалар арқылы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін суперсегментті тұрғыдан зерттеудің біршама тәжірибесі қалыптасты. Фонетикадағы тәжірибе (және фонетикада ғана емес) – тіл маманы жұмысының өте маңызды тәсілі, бірақ бұл сала үшін сол немесе өзге тілдің фонетикалық құрамын дұрыс түсіну үшін бір эксперименталды-фонетикалық әдістің мәліметтері жеткіліксіз. Ол үшін сөйлеу ағымына кешенді түрде сандық және сапалық сараптау жүргізе алатын қолданбалы құралдар мен қолданбалы физикалық зерттеулер жүргізу қажеттігі туындайды. Дыбыстардың акустикалық мінездемесін – күшін, қарқынын, созыңқылығын, сондай-ақ оның артикуляциялық табиғатын, яғни қандай мүшелердің қатысуымен және қалай жасалып тұрғанын нақты білу үшін қабылдау мүшелері арқылы зерттеу жеткіліксіз, оны тиісті аппараттардың көмегімен қарастыру керек.

Сөз бен сөйлемдердің интонациясын, қарқынын, әуенін, екпінін, буындардың реңін табу үшін, сонымен бірге өлеңді бунаққа, ырғаққа, кідіріске ажырату үшін фонетикалық сараптау бағдарламасы Praat-ты қолдануға болады [4]. Бағдарлама Wіndows операциялық жүйесінде оңай жұмыс жасайды және бағдарламаның тәжірибелік мақсаттарды шешудегі мүмкіндігі мол. Бағдарлама құралдарының мүмкіндіктері келесі баяндауда талқыға түседі.

Интонация сөйлемнің коммуника­тивтік мағынасымен бірге эмоциялық-экспрессивтік түрлерін де анықтайды. Бұл функция адамдардың түрлі ой-сезімін, оның құбылуын, өзгеруін білдіреді. Кейде сөйлемнің реңі ғана өзгеріп қоймай, оның негізгі мағынасы да өзгеріп кетуі әбден мүмкін. Мысалы, Мен сені жақсы танимын деген сөйлем әртүрлі мағынаға ие болуы мүмкін. Бұл сөйлем жағымды, көтеріңкі әуенмен, қуаныш сезімді интонациямен айтылса, ол дұрыс жай-күйді білдіреді де, ал жағымсыз, төмен, созылыңқы интона­циямен айтылса, ол кекесін, жағымсыз мағынаға ие болады. Сондай-ақ интонация сөйлеп тұрған адамның хәлі мен оның айтылып тұрған ойға, жағдайға қалай қарайтынын да білдіреді. Мысалы, сөйлеушінің айтылған ойды, жағдайды қолдайтын-қолдамайтыны, оған қуаныш және ренішпен, не мысқыл сезіммен қарайтыны интонация арқылы анықталады. Интона­цияның бұл рөлі тілдегі модальдылық категориямен шектесіп жатқанына интонация саласының белгі ғалым М.Базарбаева өз еңбектерінде тоқталып өткен [5.36].

Біз сараптау материалы ретінде ауызекі сөйлеу элементтерін айна-қатесіз алып отырмыз. Әрине мұнда Р.Әмірдің ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік құрылымына қатысты айтқан пікірлеріне арқау болған тілдік материалдарға негізделген үлгілер таңдап алынды. Сөйлемдер даярлықсыз түрде студент жастардың аузынан жазып ауызекі сөйлеу үлгісі түрінде жазып алынды. Бірінші сөйлеу үлгісі «Айтудай-ақ айттық. Бәрбір түсінбейді». Сараптау бағдарламасы қорытындысы мынадай нәтиже көрсетті.

Бұл кескіннен біз интонацияның бірден 3-деңгейден жоғары әуенмен айтылып келіп, содан соң синтагма соңында біртіндеп төмен түсетіні көріп отырмыз. Әуен 2-буында жоғары шекке – 3 деңгейге жетеді. Ал cпектогpaммa мен пaлaтогpaммaдaғы қою қара бояқ 11 буын санын, яғни сөздердің айтылуында ауа толқыны үзіліп-үзіліп шығуын көрсетеді. Ал синтагма аралық шекті бөлу үшін кідіріс қолданылады. Сөйлемдегі қарқындылық бірінші, екінші синтагмада жоғары, ал екінші синтагма соңында бәсеңдейді. Ал лебіз соңында біржола тынады. Синтагманың айтылу ұзақтығы – 2,08 мс. Дауыс биіктігінің ең жоғарғысы – 44 Гц. Форманттар алғашқы синтагманың ерекше екпінмен айтылғанын көрсетіп тұр. Сонымен бірге соңғы дауыссыз дыбыстың өзгеше үнмен нық дыбыс түрінде айтылатыны көрініп тұр. Оған қарқынның кіл құбылуы дәлел.

Ауызекі сөйлеу тіліндегі сұрауы сөйлем түрлеріне «Қайтып келмегені – ұнағаны емес пе?» деп айтылған пікірге назар аудардық. Аталған сөйлемді интонацияны сараптау бағдарламасына салып көрелік.

Бұл кескіннен сөйлемнің жалпы 4 синтагмадан тұратынын байқауға болады. Интонацияның бірден 2-деңгейден бірқалыпты әуенмен айтылып келіп, үшінші синтагмада жоғары көтеріліп содан соң төртінші синтагма соңында біртіндеп төмен түсетіні көріп отырмыз. Әуен 10-буында жоғары шекке – 4 деңгейге жетеді. Ал cпектогpaммa мен пaлaтогpaммaдaғы қою қара бояқ 11 буын санын, яғни сөздердің айтылуында ауа толқыны үзіліп-үзіліп шығуын көрсетеді. Ал синтагма аралық шекті бөлу үшін кідіріс қолданылады. Сөйлемдегі қарқындылық бірінші, екінші синтагмада бірқалыпты, ал үшінші синтагмада көтеріліп, төртіншіде бәсеңдейді. Ал лебіз соңында біржола тынады. Синтагманың айтылу ұзақтығы – 3,08 мс. Дауыс биіктігінің ең жоғарғысы – 44 Гц. Форманттар бірінші, екінші синтагманың ерекше екпінмен айтылғанын көрсетіп тұр. Сонымен бірге соңғы дауыссыз дыбыстың өзгеше үнмен нық дыбыс түрінде айтылатыны көрініп тұр. Оған қарқынның кіл құбылуы дәлел.

Бұлай айтылған лебіз сөйлеушінің өзіне нық сенімді екенін көрсетіп қана қоймайды. Сонымен бірге сөйлемнің риторикалық сұрау түрінде болатынын да білдіреді. Ал ауызекі сөйлеу тілінде мұндай тілдік құралдар шебер пайдаланылады.

Сонымен бірге қатысымға түсуші образ жасауда әр түрлі сөз қолдану тәсіліне барады. Олай болмаған жағдайда қатысымға түсуші тұлғалардың сөз шынайлығы төмендеп ақпарат солғын тарта бастайды. Біздің назарымызды «Ә, оны құлағына қыстыратын бала жоқ қой!» деп айтқан кейіпкердің сөзі өзіне аудартты.



Бұл кескіннен сөйлемнің жалпы іштей дем өзгерістері байқалатын 2 синтагмадан тұратынын байқауға болады. Интонацияның 2-деңгейден бірқалыпты әуенмен айтылып келіп, екінші синтагмада жоғары көтеріліп содан соң бірден төмен түсетіні көріп отырмыз. Әуен 14-буында жоғары шекке – 3 деңгейге жетеді. Ал cпектогpaммa мен пaлaтогpaммaдaғы қою қара бояқ 15 буын санын, оның 4-еуі көмескіленетінін көрсетіп тұр, яғни сөздердің айтылуында ауа толқыны үзіліп-үзіліп шығуын көрсетеді. Ал синтагма аралық шекті бөлу үшін кідіріс қолданылады. Сөйлемдегі қарқындылық біршама тұрақсыз қалыпта, ал үшінші синтагмада бәсеңдейді. Ал лебіз соңында біржола тынады. Синтагманың айтылу ұзақтығы – 2,49 с. Дауыс биіктігінің ең жоғарғысы – 44 Гц. Форманттар бірінші, екінші синтагманың ерекше екпінмен айтылғанын көрсетіп тұр. Сонымен бірге соңғы дауыссыз дыбыстың өзгеше үнмен нық дыбыс түрінде айтылатыны көрініп тұр. Оған қарқынның кілт құбылуы дәлел.

Ал енді ауызекі тілдің мәселесіне арналған соң, балалардың сөйлеу тіліндегі интонацияның рөліне тоқтала кеткенді жөн санаймыз. Бала тіліндегі ауызекі сөйлеу тілі жағдаят пен контекстке сәйкес түрлі реңмен айтыла береді. Бұл жерде баланың зеректігі мен алғырлығы да сөйлеу интонациясынан анық көрініп тұрады. Олар үлкендерге өтініш айтқанда және сол өтініш қалайда орындатуды мақсат еткенде интонация барлық құралдарын мейлінше бала тіліне тән ерекшеліктермен пайдалануға күш салатын көрінеді.

Әр баланы дара деп қарасақ олардың «даралығы» немесе өзіндік ерекшелігі мотивтері мен дүниетанымынан, сенімінен, талғам, мұратынан, бағыттылығынан, қажеттілігі мен қызығуынан жақсы байқалады.

Балалардың мұндай қасиеті оның өзіндік тіл саптауынан да көрініп тұрады. Балалар қоғамдық орында, болмаса үйде, болмаса аулада балармен ойнап жүрсін – соған байланысты сөйлеуінде түрліше интонациялық ерекшеліктер байқалады. Мысалы, «Машина алып берші» деген 7 жасар ұл баласының сөзіне сараптама жасап көрейік. Бала тілінің өзіндік ерекшелігі мен тілдегі үнем заңдылықтарына сәйкес бұл сөз шамамен «мәшнәпперш» түрінде дыбысталады:



Бұл кескіннен біз интонацияның 1-деңгейден бірқалыпты әуенмен айтылып келіп, содан соң синтагма соңында біртіндеп көтерілгенін көріп отырмыз. Әуен 3-буында жоғары шекке – 3 деңгейге жетеді. Ал cпектогpaммa мен пaлaтогpaммaдaғы қою қара бояқ 3 буын санын, яғни сөздердің айтылуында ауа толқыны үзіліп-үзіліп шығуын көрсетеді. Ал синтагма ішіндегі кідіріс қатар келген дауыссыз «пп» дыбыстарын нығарлап айту үшін қолданылады. Сөйлемдегі қарқындылық бірінші, екінші буындарда бір қалыпты, ал үшінші буында көтеріліп синтагма соңында бәсеңдейді. Сөйлем соңында біржола тынады. Синтагманың айтылу ұзақтығы – 0,85 мс. Дауыс биіктігінің ең жоғарғысы – 42 Гц. Форманттар барлық буынның бірқалыпты екпінмен айтылғанын көрсетіп тұр. Сонымен бірге соңғы дауыссыз дыбыстың өзгеше үнмен созылып шуыл дыбыс түрінде айтылатыны көрініп тұр.

Әрине жоғарыда көрсетілген үлгі әдеби тілдің нормасына жатпа бермейтіні анық. Алайда ересектер мұндай лебізді балалар тілінің өзіндік ерекшелігі ретінде қабылдауға дағдыланып қалғаны баршаға белгілі. Десек те, болашақта осындай жайттардың бала өсе келе дағды мен әдетке айналып кетпеуін ата-аналары мен ұстаздары үнемі назарда ұстауы тиіс.

Интонацияның көп қырлы қызметі бір-бірімен тығыз байланыста болып, бірлесе әрекет жасайтыны белгілі және интонацияның сөйлемдегі қызметі туралы айтқанда оның тіл жүйесіндегі көп деңгейлі иерархиялық қызметін баса айтып кету керек. Просодикалық тәсілдердің мәтін мен сөйлемдегі қызметі әмбебап екені белгілі. Интонацияның синтаксистегі синтездеу функциясын, яғни сөзді синтагмаға құрастыру, синтагманы сөйлемге құрастыру, сөйлемді күрделі фразалық тұтастыққа құрастыру рөлін айта келіп, интонацияның барлық тілдік деңгейлерге тән универсалды құбылыс екенін мойындаймыз. Бірақ сөйлем интонациясының сөйлемнің мағынасымен, оның синтаксистік, ырғақты құрылымымен байланысты тілден тілге өзгеріп, олардың стильдерінде де көп аспектілі көрініс тауып, әр алуан қырымен ерекшеленеді.

Сөзімізді түйіндей келе Р.Әмірдің «Изучение разговорной речи дает много интересного материала для представления перспективы, возможностей речевой реализации языковой системы, для пра­вильного уяснения взаимодействия языка и речи. Ведь разговорная речь изобилует фактами, представляющи­ми собой сугубо индивидуальные речевые особенности, а также речевые особенности социальной значимости» [2,37] деген пікірін бергіміз келеді. Ғалым атқарылуға тиісті зерттеулердің бағытын дәл тауып тұр деп қорытындылағымыз келеді. Оның үстіне болашақ осындай зерттеу қорытындылары ұлттық корпустың қорын қалыптастыруға қажетті материалдар болатыны анық.
1 Р.Әмір. Қазақ лингвистикасы және лингводидактика мәселелері. –Алматы: Қазақ университеті, 2006. –287 бет.

2 Амиров Р. Особенности синтаксиса казахской разговорной речи. – А.: Наука, 1972. –180 c.

3 http://kk.wikipedia.org/wiki

4. http://www.praat.org

5. Базарбаева З. Қазақ тілі. Интонология, фонология: [жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, ізденушілерге, аспиранттарға арналған]. – Алматы : Жібек жолы, 2008. – 326 б.
Резюме

В статье рассматривается проблемы комплексного компьютерного анализа казахской интонации разговорной речи как объект суперсегментного анализа.


Resum

In article it is considered problems of the complex computer analysis of the Kazakh intonation of informal conversation as object of the supersegment analysis.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет