Автомобиль көлiгiмен жүктердi тасымалдау қағидасын бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2011 жылғы 18 шiлдедегi № 826 Қаулысы
"Егемен Қазақстан" 2011 жылғы 24 қыркүйектегi № 453-456 (26849); Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., N 47, 645-құжат
«Автомобиль көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi Заңының 12-бабының 9) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса берiлiп отырған Автомобиль көлiгiмен жүктердi тасымалдау қағидасы бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi К. Мәсiмов
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
2011 жылғы 18 шiлдедегi
№ 826 қаулысымен
бекiтiлген
Автомобиль көлiгiмен жүктердi тасымалдау
қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы «Автомобиль көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi Заңының 12-бабының 9) тармақшасына сәйкес әзiрленген Автомобиль көлiгiмен жүктердi тасымалдау қағидасы (бұдан әрi – Қағида) автомобиль көлiгiмен жүктердi тасымалдау тәртiбiн реттейдi, ол мыналарды:
1) жүктi жеткiзу мерзiмiн;
2) жүктi автомобильмен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбiн;
3) тауар-көлiк жүкқұжатының нысанын және оны қолдану тәртiбiн;
4) жүк тиеу және түсiру пункттерiне қойылатын талаптарды;
5) жүктердi автомобильмен тасымалдауға қабылдау, сондай-ақ жүктi межелi пунктiнде өңдеу, сақтау және беру тәртiбiн;
6) тез бүлiнетiн жүктi өткiзу тәртiбiн;
7) құндылығы жарияланған жүктердi тасымалдау тәртiбiн;
8) жүктi таңбалау тәртiбiн;
9) жүктi пломбалау тәртiбiн;
10) актiлер жасау тәртiбiн;
11) жүктi тасымалдау шарттарын өзгерту және бұзу тәртiбiн;
12) жүктi ұстап қалу тәртiбiн;
13) жүктiң жекелеген түрлерiн тасымалдау тәртiбiн;
14) халықаралық қатынаста тез бұзылатын жүктердi тасымалдайтын автокөлiк құралдарын куәландыру тәртiбiн;
15) тез бұзылатын жүктердi тасымалдайтын автокөлiк құралдарына қойылатын талаптарды қамтиды.
2. Қағидада пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
1) автопоезд – жүк автомобилi мен тiркемеден (тiркемелi автопоезд), ершiктi тартқыш пен жартылай тiркемеден (ершiктi автопоезд) тұратын құрамалы автокөлiк құралы;
2) автомобильмен тасымалдаушы (бұдан әрi – тасымалдаушы) – меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде автокөлiк құралдарына иелiк ететiн, жолаушыларды, багажды, жүктердi немесе поштаны тасымалдауда ақыға немесе жалға қызметтер көрсететiн заңды немесе жеке тұлға;
3) автомобиль тiркемесi (бұдан әрi – тiркеме) – қозғалтқышпен жабдықталмаған және жүк автомобилiнiң немесе ершiктi тартқыштың құрамында қозғалу үшiн арналған автокөлiк құралы. Термин жартылай тiркемелер мен ұзартылма тiркемелерге қолданылады;
3-1) өзi аударғыш – жүктi түсiру үшiн механикалық еңкейтiлетiн шанағы бар, жүктi өзi түсiретiн автомобиль, тiркеме немесе жартылай тiркеме;
4) ершiктi тартқыш – жеке қозғалтқышпен жабдықталған және тек қана немесе көбiне тiркеме мен жартылай тiркеменi тiркеп сүйреуге арналған автокөлiк құралы;
5) жүк автомобилi – автомобиль жолдарымен жүктердi тасымалдауға арналған механикалық жетектi автокөлiк құралы;
6) жүк алушы – жүктi автомобильмен тасымалдау шарты негiзiнде немесе өзге де заңды негiздерде жүк алуға уәкiлеттi жеке немесе заңды тұлға;
7) жүк автокөлiк құралы (бұдан әрi – автокөлiк құралы) – жүк автомобильдерiн, автомобиль тiркемелерiн, ершiктi тартқыштарға жартылай тiркемелердi, сондай-ақ мамандандырылған автомобильдердi (жүктердiң белгiлi бiр түрлерiн тасымалдауға арналған) қамтитын жүк автомобиль көлiгiнiң жылжымалы құрамының бiрлiгi;
8) жүк автомобиль тасымалдары – автомобиль жолдарымен жүк автокөлiк құралдарымен жүзеге асырылатын жүк тасымалдары;
9) жүк жөнелтушi – оның атынан жүк жөнелту ресiмделетiн жеке немесе заңды тұлға;
10) тез бүлiнетiн жүк – шектеулi жарамдылық мерзiмi бар және тасымалдау мен сақтаудың ерекше жағдайларын қажет ететiн жүк.
Ескерту. 2-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 04.12.2013 № 1306 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
2. Жүктердi жеткiзу мерзiмi
3. Егер автомобиль көлiгiмен жүктердi тасымалдау шартында өзгеше көзделмесе, тасымалдаушылар жүктердi баратын жерiне мынадай мерзiмде жеткiзедi:
1) 250 километрге дейiн (бұдан әрi – км) қоса алғанда – бiр тәулiк;
2) 250 км-ден астам әрбiр толық немесе толық емес 250 км-ге жарты тәулiк қосылады.
4. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жүктердi жеткiзу мерзiмдерi жүктердi тасымалдауға қабылдаған тәулiктiң 24-00 сағатынан бастап есептеледi.
Жеткiзу мерзiмдерi қосымша ұлғаяды:
1) жүктердi су айдыны арқылы кемелермен және паромдармен өткелмен тасымалдау кезiнде – бiр тәулiкке;
2) жүктердi тау жолдарымен тасымалдау кезiнде – 30 пайызға (%);
3) жол үстiнде ветеринарлық немесе өзге де бақылауды жүзеге асыру үшiн кiдiрген кезде - кiдiрiстiң барлық уақытысында.
5. Осы Қағиданың 4-тармағында көрсетiлген мерзiмдер тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдауға қолданылмайды, олардың тасымалдау мерзiмдерi осы Қағиданың 78-тармағында белгiленген.
3. Жүктердi автомобильмен тасымалдауды ұйымдастыру және
жүзеге асыру тәртiбi
6. Автомобиль көлiгiмен жүктердi тасымалдауды ұйымдастыру тәртiбi, олардың тасымалдау қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету бойынша жалпы талаптар, сондай-ақ автомобиль көлiгiмен жүктердi тасымалдаудың қатысушыларының арасында өзара қарым-қатынастар осы Қағидада және шарттарда регламенттеледi.
7. Қағида Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында қолданылады және меншiк нысандарына қарамастан, барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
8. Осы Қағида мыналарға қолданылмайды:
1) форс-мажорлық жағдайда және төтенше жағдайлар салдарын жою кезiнде қорғаныс қабiлетiн, құқық тәртiбiн қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын автомобильмен жүк тасымалдаулары;
2) iшкi шаруашылық көлiгiне жататын (зауыт iшiнде, карьер iшiнде) өздiгiнен жүретiн және доңғалақты көлiк құралдарымен жүзеге асырылатын және елдiң көше-жол торабына шаруашылық субъектiнiң (кәсiпорындар, ұйымдар) аумағы шегiнен шықпай жұмыс iстейтiн жеке мұқтажы үшiн технологиялық iшкi шаруашылық жүк тасымалдаулары.
9. Жүктердi автомобильмен тасымалдау 1999 жылғы 1 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы» 1994 жылғы 21 қыркүйектегi, «Автомобиль көлiгi туралы» 2003 жылғы 4 шiлдедегi заңдарының, осы Қағиданың және шарттардың талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.
Жүктердi халықаралық тасымалдау халықаралық шарттардың, «Қазақстан Республикасындағы кеден iсi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 30 шiлдедегi Кодексiнiң және осы Қағиданың талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.
10. Тез бүлiнетiн жүктердi халықаралық автомобильмен тасымалдау кезiнде тасымалдаушылар Халықаралық тез бүлiнетiн тамақ өнiмдерiн тасымалдау туралы және осы тасымалдауларға (ТБТҚ) (бұдан әрi – ТБТҚ) арналған арнайы көлiктiк құралдары туралы келiсiмнiң ережелерiн сақтайды (1970 жылғы 1 қыркүйекте Женевада жасалды).
10-1. Тасымалдаушы автокөлiк құралдарын пайдалану процесiнде жүргiзушiлердiң рейс алдындағы (ауысым алдындағы) медициналық тексеруден өтуiн, сондай-ақ автокөлiк құралдарының рейс алдындағы (ауысым алдындағы) техникалық қарап тексеруден өтуiн қамтамасыз етедi.
Ескерту. Қаулы 10-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкiметiнiң 04.12.2013 № 1306 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
4. Тауар-көлiктiк жүкқұжаттамасының нысаны
және оны қолдану тәртiбi
11. Жүктердi тасымалдау тауар-көлiк жүкқұжатымен ресiмделедi, ал үйiп (бос) тасымалданатын жүктердiң кейбiр түрлерiн тасымалдаған жағдайларда, өлшеу актiсiмен немесе таразыға тарту актiсiмен ресiмделуi мүмкiн.
Автокөлiк құралдарын уақыттық тариф бойынша төлеу арқылы пайдалану (автокөлiк құралының жұмысына ақы төлеу бiр жұмыс күнi (ауысым) iшiндегi сағаттық есеппен жүргiзiледi) автокөлiк құралының жүрiсiн және жүк жөнелтушiнiң (жүк алушының) қарамағында болған уақытын көрсете отырып, жүргiзушiнiң түскi үзiлiс уақытын шегерiп жолдама парақта № 4-п нысаны бойынша осы Қағиданың 1-қосымшасына сәйкес жазумен ресiмделедi.
Автокөлiк құралдарын, олардың жұмысын кесiмдi тариф бойынша төлеу арқылы пайдалану (автокөлiк құралының жұмысына ақы төлеу тасымалданған тонналар үшiн жасалады) жүк жөнелтушiнiң (жүк алушының) жолдама параққа № 4-с нысан бойынша осы Қағиданың 2-қосымшасына сәйкес жазуымен ресiмделедi.
Кесiмдi және уақыттық тарифтер бойынша жолдама парақтарды ресiмдеу тәртiбi осы Қағиданың 20-22-тармақтарында келтiрiлген.
12. Жүк жөнелтушi тасымалдаушыға тасымалдауға берiлген жүкке төрт данада жасалған тауар-көлiк жүкқұжатын ұсынады, ол негiзгi тасымал құжаты болып табылады және ол бойынша жүк жөнелтушi осы жүктi есептен шығарады және жүк алушы оны кiрiске алады.
13. Тауар-көлiк жүкқұжатын толтыру осы Қағиданың 14-18-тармақтарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
14. Автомобиль көлiгiмен жүктердi тасымалдауға арналған тауар-көлiк жүкқұжатын жүк жөнелтушi әрбiр жүк алушының атына, мынадай деректемелердi: жүк алушының атауын, жүктiң атауын, тасымалданатын жүктiң санын, салмағын, салмақты анықтау тәсiлiн (таразыға тарту, трафарет, стандарт, өлшеу бойынша), орама түрiн, тиеу және түсiру тәсiлiн, автокөлiк құралының тиелуге берiлген уақыты мен тиелiп бiткен уақытын, тұрып қалған уақытын толтыру арқылы жасайды.
Тауар-көлiк жүкқұжатында көрсетiлген мәлiметтердiң дұрыс еместiгi, дәл еместiгi немесе толық еместiгi салдарынан туындаған зиянды жүк жөнелтушi өтейдi.
15. Жүк жөнелтушiден жүктердi тасымалдауға қабылдау тауар-көлiк жүкқұжатының барлық даналарында тасымалдаушының қолымен куәландырылады.
Бiрiншi дана жүк жөнелтушiде қалады және тасымалдауға берiлген жүктердi есептен шығаруға арналады. Екiншi, үшiншi және төртiншi даналарды жүк жөнелтушi тасымалдаушыға тапсырады.
Екiншi дананы тасымалдаушы жүк алушыға тапсырады және алынған жүктердi кiрiске алу үшiн пайдаланылады.
Үшiншi және төртiншi даналар тасымалдаушыда қалады. Үшiншi дана тасымалдау есебiне тiгiледi және жүк жөнелтушiмен (жүк алушымен) есеп айырысуға негiз болады, ал төртiншi жолдама параққа тiркеледi және көлiктiк жұмысты есептеу үшiн негiз болады.
Жүк жөнелтушi қажет кезде тауар-көлiк жүкқұжаттарының қосымша даналарын жазып бередi, олардың саны жүк жөнелтушi мен тасымалдаушының арасындағы келiсiммен белгiленедi.
16. Тауар-көлiк жүкқұжатының барлық даналарына жүк жөнелтушi автокөлiк құралдың келу, кету және тұру уақытын қояды, сондай-ақ тиеу тәсiлiн, жүктiң салмағын, жүк орындарының санын, тасымалдаушы орындайтын қызметтердiң түрлерiн көрсетедi және тауар-көлiк жүкқұжаттарын қолмен, мөрмен немесе мөртабанмен растайды.
Жүк жөнелтушi жүктiң сапасын және жабдықтаушы мен сатып алушының өзара қарым-қатынастарын анықтайтын құжаттарды (сертификаттар, куәландырулар, куәлiктер, рұқсаттар және тағы басқа) берген кезде, тасымалдаушы бұл құжаттарды қабылдайды және оларды жүкпен бiрге жүк алушыға бередi.
17. Жүктi тапсыру кезiнде жүргiзушi тауар-көлiк жүкқұжатының үш данасын жүк алушыға бередi, ол әрбiр тауар-көлiк жүкқұжатының данасында жүктi қабылдағанын өзiнiң қолымен және мөрмен (мөртабанмен) куәландырады және тауар-көлiк жүкқұжаттарының барлық даналарында автокөлiк құралының келген және кеткен уақытын көрсетедi.
18. Автокөлiк құралдың тиелуге (түсiрiлуге) келген және кеткен уақыты осы Қағиданың 39-41-тармақтарына сәйкес көрсетiледi.
Жүк жөнелтушi немесе жүк алушы автомобильдiң тиелуге (түсiрiлуге) келген және тиеу-түсiру жұмыстарының аяқталған уақытын қате көрсеткен жағдайларда, жүргiзушi өзiнде бар барлық тауар-көлiк жүкқұжаттарына жүк жөнелтушiнiң (жүк алушының) өкiлiнiң көзiнше уақыттың қате қойылғаны туралы жазуы және нақты келу және кету уақытын көрсетуi тиiс.
Жүк жөнелтушi (жүк алушы) жүргiзушiнiң жазуымен келiспеген жағдайда, жүргiзушiнiң қатысуымен, ал соңғысы актi жасаудан бас тартқан кезде, мүдделi емес тараптың екi өкiлiнiң қатысуымен актi жасайды.
Жүк жөнелтушiнiң немесе жүк алушының аумағында тасымалдаушының диспетчерлiк пунктi болған кезде, келу уақытының қате белгiленуi туралы актi жасау үшiн көрсетiлген пункттiң диспетчерi шақырылады.
19. Тасымалданатын жүктердiң өлшеу актiсiн немесе таразыға тарту актiсiн жүк жөнелтушi үш данада жасайды, олардың:
1) бiрiншi данасы жүк жөнелтушiде қалады және тасымалдаудың орындалатын көлемдерiн есептеу үшiн негiз болады;
2) екiншi және үшiншi даналары тасымалдаушыға тапсырылады. Екiншi дана тасымалдаушының жүк жөнелтушiмен өзара есеп айырысуын салыстыру үшiн негiз болады және есепке қоса берiледi, ал үшiншi жолдама параққа қоса берiледi де, көлiктiк жұмыс есебi үшiн негiз болады.
20. Автокөлiк құралының жолдама парақтары алғашқы есептiң негiзгi құжаттары болып табылады, олар тауар-көлiк жүкқұжатымен немесе өлшеу (таразыға тарту) актiсiмен бiрге автокөлiк құралының жұмысын есептеуге, жүктердi тасымалдау үшiн есеп айырысуды жүзеге асыруға арналған, сондай-ақ жүргiзушiге жалақы есептеуге арналған көрсеткiштердi белгiлейдi.
Жолдама парақтың жыртылмалы талонын жүк жөнелтушi толтырады және тасымалдаушы жүк жөнелтушiге төлемдiк талап есебiн беру үшiн негiз болып табылады. Жыртылмалы талон есепке қоса берiледi, ал жолдама парақ тасымалдаушыда қалады, онда жүк жөнелтушiдегi (жүк алушыдағы) автокөлiк құралдың жұмыс уақыты туралы бiрдей жазулар қайталанады.
Жүктердi тасымалдаудың уақыттық төлемi кезiнде жолдама параққа тауар-көлiк құжаттарының нөмiрлерi жазылады, олардың бiр данасы жүктiң тасымалданған тонналарының мөлшерiн және басқа көрсеткiштердi есептеу үшiн жолдама параққа қоса берiледi.
Автокөлiк құралының жолдама парақтары және тауар-көлiк жүкқұжаттары жолдама парақтары мен тауар-көлiк жүкқұжаттары қозғалысын есепке алу журналдарында тiркеуге және тасымалдаушыда журналдармен бiрге 5 жыл бойы сақталуға жатады.
Ескерту. 20-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 04.12.2013 № 1306 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
21. Жолдама парақты толтыруды тасымалдаушы жүзеге асырады. Бұл ретте жеке деректердi сондай-ақ жүк жөнелтушi (жүк алушы) толтырады.
22. № 4-к және № 4-у нысандағы жолдама парақтар тасымалдаушының бiр жұмыс күнге (ауысымға, рейске) берiлген күнi, мөртабаны немесе мөрi көрсетiлiп, алдыңғы жұмыс күнiнiң жолдама парағын тапсыру шартымен бiр жұмыс күнiне (ауысымға, рейске) ғана берiлгенi осы Қағиданың 1 және 2-қосымшасына сәйкес ресiмделедi.
5. Жүктердi тиеу және түсiру пункттерiне қойылатын талаптар
23. Егер шартта өзгеше көрсетiлмесе, жүктердi автокөлiк құралына тиеудi, жүктердi бекiтудi, жабуды және байлауды – жүк жөнелтушi, ал жүктердi түсiрудi, бекiткiштер мен жапқыштарды алуды – жүк алушы жүргiзедi.
24. Жүк жөнелтушi мен жүк алушы тиiсiнше автокөлiк құралының ернеулерiн және цистерналардың люктерiн ашу мен жабуды, цистерналардың люктерiне шлангаларды салу мен алуды, шлангаларды бұрау мен ағытуды жүргiзедi.
Жүк жөнелтушiнiң (жүк алушының) бақылау-өткiзу пункттерiнде брезенттi алып жүктi тексеру және тексеруден кейiн жүктердi жабу, цистерналардың люктерiн ашу және жабу және тағы басқа жүргiзiлген жағдайларда, көрсетiлген операциялар жүк жөнелтушiнiң (жүк алушының) күшiмен орындалады.
25. Түсiру-тиеу жұмыстары кезiнде тасымалдаушы автокөлiк құралына тиеудiң белгiленген нормаларын сақтау, автомобильмен тасымалдауды орындау қауiпсiздiгiн және жүктiң сақталуын қамтамасыз ету мақсаттарында жүктiң салынуы мен бекiтiлуiн бақылайды.
26. Егер шарттың талаптарында тиеу-түсiру жұмыстарын тасымалдаушы жүзеге асыратыны көзделген жағдайда, соңғысы тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу кезiнде қызметкерлердiң автомобиль көлiгiнде еңбектi қорғау және қауiпсiздiк техникасы қағидасын сақтауын бақылауды қамтамасыз етедi, сондай-ақ осы тармақта көрсетiлген қағидаларды орындамау нәтижесiндегi жазатайым оқиғаларды болдырмау жөнiндегi шараларды қабылдайды.
27. Жүктердi тиеу және түсiру пункттерiне қойылатын талаптар мыналар:
1) Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарына сәйкес келетiн тиеу-түсiру және қосымша жұмыстарды жүргiзуге арналған штаттағы және қосымша жабдықтың болуы;
2) өртке қарсы, санитарлық-эпидемиологиялық және экологиялық нормативтердiң сақталуын қамтамасыз ету;
3) тиеу-түсiру жұмыстарын орындау кезiнде жүктiң сақталуын және жұмыс iстеушiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
4) кез келген ауа-райы жағдайларында автокөлiк құралдарының тиеу (түсiру) орнына еркiн және қауiпсiз өтуiн қамтамасыз ететiн кiрiс жолдарының болуы;
5) тәулiктiң кешкi және түнгi уақытында жарықтандыру Қазақстан Республикасының құрылыс нормаларына сәйкес келуi және тиеу-түсiру жұмыстарын орындау қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге арналған талаптарға сай келуi тиiс;
6) механизация құралдарымен тиеу (түсiру) посттарының саны мен жабдықталуы қайта өңделетiн жүктiң түрi мен көлемiне сәйкес келуi және автокөлiк құралдарының тиелу (түсiрiлу) үшiн нормативтiк уақыт шегiнде тұруын қамтамасыз етуi тиiс;
7) қажеттi құжаттардың сапалы және уақтылы ресiмделуiн қамтамасыз етуге арналған жеке үй-жайдың болуы;
8) телефон және басқа байланыс түрлерiнiң болуы;
9) бақылау-өткiзу пункттерi, жөнелтiлетiн және келiп түсетiн жүктiң сапасы мен массасын анықтауға мүмкiндiк беретiн таразыға тарту және басқа жабдығы, сондай-ақ автокөлiк құралдарының шанақтарын тез бүлiнетiн жүктердi түсiргеннен кейiн тазарту, жуу және дезинфекциялау бойынша жұмыстар жүргiзуге арналған арнайы орындарының болуы.
Ескерту. 27-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 23.07.2013 № 735 қаулысымен.
28. Тиеу жұмыстарын жүзеге асыру кезiнде жүк автокөлiк құралының салмақтық және габариттiк параметрлерi заңнамада белгiленген жол берiлетiн параметрлерден аспайтындай етiп орналастырылады.
Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкiметiнiң 04.12.2013 № 1306 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
28-1. Жүк жөнелтушiге автокөлiк құралына жүк тиеу процесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген жол берiлетiн салмақтық және габариттiк параметрлердi арттыруға жол берiлмейдi.
Ескерту. Қағида 28-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкiметiнiң 04.12.2013 № 1306 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
29. Қабылдануы мен тиелуi уақыт шығынынсыз мүмкiн емес ыдыссыз тасымалданатын майда даралы жүктердi (металл шыбықтар, құбырлар және тағы басқа) жүк жөнелтушi сыммен үш-бес жерден бумаларға немесе орамдарға байлап iрiлеу тиеу бiрлiктерiне бiрiктiруi тиiс. Буу берiктiгi шығыранның iлгегiмен кез келген сым байламын көтеру мүмкiндiгiн қамтамасыз ететiндей болуы тиiс.
30. Ыдыссыз ауыр жүктерде iлiп алу үшiн арнайы механизмдерi (шығыңқы жерлер, рамалар, iлгектер, сырғалық саңылаулар және басқалар) болуы тиiс.
31. Тегендерде тасымалдау кезiнде жеке жүк орындары (жүк жөнелтушiнiң пломбасымен тасымалданатын жәшiктi жабық тегендердi қоспағанда), олардың тегендегi күйiн және бекiтiлуiн бұзбай санын тексеру мүмкiн болатындай жиналады.
32. Жүктер автокөлiк құралында жылжып кету, құлау, есiктерге қысым түсiру, тасымалдау кезiнде жүктiң қажалуы немесе зақымдалуы болмайтындай етiп, сондай-ақ тиеу, түсiру кезiнде және жол үстiнде автокөлiк құралдарының сақталуын қамтамасыз ететiндей жиналады және мықты бекiтiледi.
Жүктердi шегелермен, қаусырмалармен және автокөлiк құралын зақымдайтын басқа құралдармен бекiтуге рұқсат етiлмейдi.
33. Тиеу және тасымалдау үшiн қажеттi құрал-жабдықтарды, қосалқы материалдарды (сандалдар, тiреулер, науалар, сым, қалқанды қоршаулар және тағы басқалар), сондай-ақ жүктердi жылы ұстау үшiн қажеттi құралдарды (көрпелер, төсемелер және тағы басқалар) жүк жөнелтушi бередi және қояды, ал жүк алушы алады.
34. Белгiлi бiр жүктi тасымалдауға арналған автокөлiк құралдарын қосымша жабдықтау мен жарақтандыруды жүк жөнелтушi тасымалдаушымен келiсiм бойынша ғана жүргiзуi мүмкiн, ал қауiптi, iрi габариттi немесе ауыр салмақты жүктер тасымалданған жағдайда, Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк полициясы органдарымен келiсiледi.
Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкiметiнiң 04.12.2013 № 1306 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
35. Жүк жөнелтушiге тиесiлi барлық құрал-жабдықтарды тасымалдаушы жүк алушыға жүкпен бiрге бередi немесе жүк жөнелтушiге оның тауар-көлiк жүкқұжатында көрсетуiне сәйкес қайтарылады.
36. Тасымалдаушы тиеу пункттерiнде жүктiң автокөлiк құралдарына салынуы мен бекiтiлуiнiң жол қозғалысы қауiпсiздiгi және автокөлiк құралының сақталуын қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келуiн тексередi, сондай-ақ жүк жөнелтушiге жүктiң жиналуы мен бекiтiлуiндегi байқалған оның сақталуына қауiп төндiретiн жетiспеушiлiктер туралы хабарлайды. Жүк жөнелтушi тасымалдаушының талап етуi бойынша жүктiң салынуы мен бекiтiлуiнен табылған кемшiлiктердi жояды.
37. Жүк жөнелтушi мен жүк алушы тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк техникасының сақталуын бақылауды қамтамасыз етедi.
38. Жүктердi автокөлiк құралына тиеу және жүктердi түсiру мерзiмдерi, сондай-ақ жүктердi тиеумен және түсiрумен байланысты қосымша операцияларды орындау мерзiмдерi шартта белгiленедi.
39. Автокөлiк құралдардың тиелуге келген уақыты жүргiзушi жолдама парақты тиеу пунктiнде көрсеткен сәттен бастап, ал түсiрiлуге келген уақыты жүргiзушi тауар-көлiк жүкқұжатын түсiру пунктiнде көрсеткен сәттен бастап есептеледi.
40. Тиеу және түсiру пункттерiнде (темiр жол станцияларынан басқа) кiру қақпалары немесе бақылау-өткiзу пункттерi немесе жүктердi талдау бойынша зертханалар болған кезде автокөлiк құралдың тиелуге немесе түсiрiлуге келген уақыты жүргiзушi жүк жөнелтушiге немесе жүк алушыға жолдама парақты немесе тауар-көлiк жүкқұжатын кiру қақпаларының жанында немесе бақылау-өткiзу пунктiнде немесе зертханада көрсеткен сәтiнен бастап есептеледi.
41. Жүргiзушiге тиiстi түрде ресiмделген тауар-көлiк жүкқұжаты мен жолдама парақ, сондай-ақ тиелген немесе түсiрiлген жүкке арналған өзге де қажеттi құжаттар тапсырылғаннан кейiн тиеу және түсiру аяқталды деп есептеледi.
42. Автокөлiк құралдың қақпалардан немесе бақылау-өткiзу пунктiнен тиеу немесе түсiру орнына және керiсiнше жүрген уақыты автокөлiк құралдың тиелiп немесе түсiрiлiп тұрған уақытын есептеу кезiнде шегерiледi.
43. Автокөлiк құралдары тиелуге келiсiлген уақыттан бұрын келген жағдайда, егер жүк жөнелтушi оларды тиеуге нақты келген сәтiнен бастап қабылдаса, автокөлiк құралдары тиелуге келiсiлген уақытта келдi деп есептеледi.
44. Жүк жөнелтушi (жүк алушы) тауар-көлiк жүкқұжатында және немесе жолдама парақта автокөлiк құралының тиеу (түсiру) пунктiне (нен) келген (кеткен) уақытын белгiлейдi.
6. Жүктердi автомобильмен тасымалдауға қабылдау, сондай-ақ қабылдау пунктiнде жүктердi өңдеу, сақтау және беру тәртiбi
45. Жүктердi жүк жөнелтушiден қабылдауды тасымалдаушы тауар-көлiк жүкқұжаты мен жүкке iлеспе құжаттардың негiзiнде жүзеге асырады. Жүк жөнелтушi автомобиль тиелуге келгенге дейiн жүктi тасымалдауға дайындауы (ыдысқа салу, буып-түю, жүк жөнелтушiлер бойынша топтау), тауар-көлiк жүкқұжаты мен iлеспе құжаттарды, ал қажет болған жағдайда, жүктер тиелетiн орынға өту құқығына арналған рұқсат қағазын дайындауы тиiс.
46. Жүктi жүк жөнелтушi буылып-түйiлген, ыдысқа салынған, пломбаланған, таңбаланған түрде, санын, тура салмағын (көлемiн) көрсете отырып тапсырады.
47. Тасымалдауға тапсырылатын жүктiң орамасында бүтiндiгiн бұзушылықтар немесе жүктiң зақымдалған iздерi (аққан, жыртылған, майысқан жерлер және тағы басқа) болмауы тиiс.
48. Ыдысты қажет ететiн жүктер, оларды тасымалдау кезiнде жоғалудан, жетiспеуден, бұзылудан және зақымдалудан сақтау үшiн тасымалдауға ұлттық стандарттарға немесе техникалық шарттарға сәйкес келетiн, олардың толық сақталуын қамтамасыз ететiн жарамды ыдыспен ұсынылады.
Егер тасымалдауға ұсынылатын жүктiң ыдысын немесе орамасын сырттай тексеру кезiнде жүктiң сақталуы үшiн қауiп туғызатын кемшiлiктер байқалатын болса, онда жүк жөнелтушi тасымалдаушының талап етуi бойынша байқалған кемшiлiктердi жояды, жүк жөнелтушi әрекет жасамаған жағдайда тауар-көлiк жүкқұжатының барлық даналарына тиiстi белгi жасалады. Тауар-көлiк жүкқұжатында көрсетiлген себептерден туындаған келтiрiлген зиянды (тасымалдау кезiнде жүктiң жетiспеуi, бұзылуы және зақымдалуы) тасымалдаушы өтемейдi.
Ескерту. 48-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 23.07.2013 № 735 қаулысымен.
49. Автокөлiк құралдарымен тасымалдау үшiн ресiмделмеген жүктер осы Қағида талаптарына сәйкес тасымалдауға жiберiлмейдi.
50. Жүк жүк жөнелтушi (жүк алушы) экспедиторының алып баруымен тасымалданатын жағдайларда, соңғысы жүктi жүк жөнелтушiнiң (жүк алушының) экспедиторы алып бара жатқаны туралы тауар-көлiк жүкқұжатында белгi жасайды, сондай-ақ оның тегiн, атын және әкесiнiң атын көрсетедi.
51. Жүктi тасымалдауға қабылдау кезiнде экспедитор немесе экспедитор-жүргiзушi жүк жөнелтушiге жеке басын куәландыратын құжат пен тасымалдаушы растаған жол парағын көрсетедi.
52. Автокөлiк құралдары мен олардың iшiндегi адамдардың жүк жөнелтушi мен жүк алушының аумағына кiруi, егер бұл үшiн арнайы рұқсатнама ресiмдеу қажет болмаса, жол парағы бойынша жүзеге асырылады.
53. Үйiп, бос, құйып және контейнерлермен тасымалданатын жүктердi жүк жөнелтушi тапсырған және тасымалдаушы қабылдаған кезде бұл жүктердiң салмағы анықталады және тауар-көлiк жүкқұжатында көрсетiледi.
Ыдысты және даналы жүктер тасымалдауға тауар-көлiк жүкқұжатында жүктiң салмағы мен жүк орындарының санын көрсету арқылы қабылданады. Ыдысты және даналы жүктердiң салмағын жүк жөнелтушi оларды тасымалдауға бергенге дейiн белгiлейдi және жүк орындарында көрсетедi. Жүктiң жалпы салмағы таразымен өлшеу немесе жүк орындарында трафарет немесе стандарт бойынша салмақты есептеу арқылы белгiленедi. Жекелеген жүктер үшiн салмақ тараптардың келiсiмi бойынша есептеу арқылы, өлшеу, көлемдiк салмағы бойынша немесе шартты түрде белгiленуi мүмкiн.
Жүктiң салмағы туралы, оны белгiлеу тәсiлiн көрсете отырып, тауар-көлiк жүкқұжатындағы жазуды жүк жөнелтушi жазады.
54. Жүктiң салмағын анықтауды жүк жөнелтушi мен тасымалдаушы бiрлесiп, жүк жөнелтушiнiң техникалық құралдарымен, ал жүк терминалдарында – жүк жөнелтушi мен жүк терминалының қызметкерлерi бiрлесiп, жүк терминалының техникалық құралдарын пайдаланып жүргiзедi.
Жүктердi жабық автокөлiк құралдарына, сондай-ақ олардың жүк жөнелтушi пломбалаған жеке секцияларына, контейнерлерге және цистерналарға тапсыру кезiнде жүктiң салмағын белгiлеудi жүк жөнелтушi жүргiзедi.
55. Ыдыстың немесе ораманың ашылған iздерi болмаған кезде, тасымалдаушы жүк жөнелтушiден таңбаланған нетто немесе брутто салмағы бар жүктердi таңбасында көрсетiлген салмаққа сәйкес қабылдайды.
Егер бiр стандартты өлшемi бар жүк орындары бiр жүк алушының атына берiлетiн болса, ұлттық стандарттарда көзделген стандартты орындарда салмақты, жалпы салмақты және таза салмақты көрсету жағдайларын қоспағанда, әрбiр жүк орнында салмақты көрсету мiндеттi емес. Мұндай жағдайда тауар-көлiк жүкқұжатындағы «Салмақты анықтау тәсiлi» деген бағанада «стандарт бойынша» деп көрсетiледi.
Ескерту. 55-тармаққа өзгерiс енгiзiлдi - ҚР Үкiметiнiң 23.07.2013 № 735 қаулысымен.
56. Тауар сипаты жоқ жүктердiң саны жүк жөнелтушi (жүк алушы) тасымалдаушымен бiрлесiп жасаған өлшеу актiлерi немесе таразыға тарту актiлерi бойынша белгiленедi. Топырақты тасымалдау кезiнде оның мөлшерiн белгiлеу геодезиялық өлшеу арқылы жүргiзiлуi мүмкiн.
Таразыға тарту актiсi 5-10 автокөлiк құралдарының бақылау өлшенуi негiзiнде жасалады, содан кейiн тиiстi маркалы бiр автокөлiк құралындағы жүктiң орташа салмағы белгiленедi.
Жүктiң мөлшерiн геодезиялық өлшеу арқылы белгiлеу кезiнде жүктiң жалпы салмағы геодезиялық өлшеудiң көлемдiк көрсеткiштерiн зертханалық әдiспен анықталған жүктiң жалпы салмағына көбейту арқылы белгiленедi.
Жүктiң сипаты өзгерген немесе басқа тасымалдау жағдайлары кезiнде жүк тасымалдаушының, жөнелтушiнiң немесе жүк алушының талабы бойынша жүктiң жаңа бақылау өлшенуi немесе көлемдiк салмағын белгiлеу жүргiзiледi.
Жаңа бақылау өлшеу немесе жүктiң көлемдi салмағын анықтау нәтижелерi тауар-көлiк жүкқұжатына жазылады.
57. Алынып тасталды - ҚР Үкiметiнiң 04.12.2013 № 1306 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнiнен бастап күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).
58. Автокөлiк құралын асырып тиеу, жүктердiң iшкi орамасының дұрыс еместiгi, сондай-ақ жүктiң сипатына, оның салмағына немесе ұлттық стандарттар мен техникалық шарттарда белгiленген талаптарға сәйкес келмейтiн ыдысты және ораманы қолдану салдарынан автокөлiк құралдарына және жүктерге келтiрiлген зиянды (шағылу, сыну, майысу, ағу және тағы басқа) жүк жөнелтушi өтейдi.
Ескерту. 58-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкiметiнiң 23.07.2013 № 735 қаулысымен.
59. Тасымалдаушы бару пунктiнде жүктi тауар-көлiк жүкқұжатында көрсетiлген жүк алушыға бередi. Жүк жөнелтушi жүк алушыны келесi жүктiң әкелетiнi туралы хабардар етедi.
Жүк алушы жүктiң қабылдануын және жүк алушының жұмыс уақыты аяқталғанға дейiн келген автокөлiк құралдарының түсiрiлуiн қамтамасыз етедi.
60. Тасымалдаушының жүктердi бару пунктiнде жүк алушыға салмағы және орындар саны бойынша беруi, жүк жөнелтушiден жүктi қабылдаған тәртiппен жүргiзiледi (таразыға тарту, өлшеу, орындарын санау және т.б.)
Жарамды автокөлiк құралдарында, автокөлiк құралының жеке секцияларында, контейнерлерде және цистерналарда жүк жөнелтушiнiң зақымдалмаған пломбаларымен келген жүктер жүк алушыға жүктiң салмағы мен жай-күйi және жүк орындарының саны тексерiлмей берiледi.
Топырақты үйiндiге, қарды және басқа, олар бойынша қоймалық есеп жүргiзiлмейтiн жүктердi тасымалдау кезiнде тасымалдаушылар шарттың талаптары бойынша жүктi жүк алушыға тапсырудан босатылуы мүмкiн.
61. Темiр жолдар станцияларынан, теңiз порттарынан (айлақтардан) және әуежайлардан жүктердi тасу кезiнде тасымалдаушылар жүктердi темiр жол станцияларынан, теңiз порттарынан (айлақтардан) және әуежайлардан қабылдауды және оларды жүк алушыларға тапсыруды тиiсiнше темiржол, су және әуе көлiгiнде қолданылып жүрген қағидалар бойынша жүзеге асырады.
62. Стандартты салмағы немесе жүк жөнелтушi әрбiр жүк орнында көрсеткен салмақ бойынша тасымалдауға қабылданған ыдысты және майда даралы жүктер жүк алушыға бару пунктiнде орындар саны бойынша өлшенбей, жүктiң зақымдалған орындарының ғана салмағы мен жай-күйiн тексеру арқылы берiледi.
63. Жүктiң мөлшерiн таразыға тарту арқылы анықтаған кезде, жүктiң жүк жөнелтушiлердiң тауар-көлiк жүкқұжаттарында көрсетiлген салмағы мен жүктiң нақты салмағы арасындағы айырмашылық:
1) жүк салмағының табиғи азаю нормасынан;
2) таразы көрсеткiштерiндегi айырмашылық нормасынан немесе жүктi өлшеу дәлдiгi нормасынан аспайды.
64. Егер бару пунктiнде жүктiң салмағын, орындардың санын немесе жүктiң жай-күйiн тексеру кезiнде жүктiң жетiспеуi, бүлiнуi немесе зақымдалуы байқалған болса немесе егер бұл жағдайлар жол үстiнде жасалған актiде белгiленсе, тасымалдаушы жүктiң нақты жетiспеу, бүлiну немесе зақымдалу мөлшерiн анықтайды.
65. Жүктiң жетiспеуi, бүлiнуi немесе зақымдалуы бойынша сараптама жүргiзген жағдайда, сарапшыларға ақы төлеу бойынша шығыстарды:
1) егер жүктiң жетiспеуi, бүлiнуi немесе зақымдалуы оның кiнәсi бойынша болғаны расталатын болса – тасымалдаушы;
2) барлық басқа жағдайларда – жүк жөнелтушi көтередi.
Сараптама нәтижелерi актiмен ресiмделедi. Сараптама актiсiне сарапшыдан басқа, сараптама кезiнде болған барлық қатысы бар адамдар қол қояды.
Сарапшы келгенге дейiн жүк алушы жүктiң тиiстi сақталуын қамтамасыз етедi.
66. Жүк алушы тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша жүктi қабылдаудан бас тартқан жағдайларда, жүктi жүк жөнелтушi басқа жүк алушыға жiбередi немесе жүк жөнелтушiге қайтарылады. Бұл жағдайларда жүктi екi жаққа тасымалдау құнын, сондай-ақ автокөлiк құралының тұрғаны үшiн айыппұлды жүк жөнелтушi төлейдi. Жүк алушы жүк жөнелтушiнi жүктi қабылдаудан бас тартқаны туралы хабардар етедi, тауар-көлiк жүкқұжатында жүктi қабылдаудан бас тартқаны туралы белгi жасайды. Жүк алушы жүк жөнелтушiнiң хабарламасынан және тауар-көлiк жүкқұжатында белгi қоюдан бас тартқан жағдайда, көрсетiлген iс-қимылдарды тасымалдаушы жүргiзедi.
67. Жүктердi темiр жол станцияларының, теңiз порттарының (айлақтардың) және әуежайлардың аумақтарынан әкету кезiнде жүк алушы тасымалдаушыдан өзiне жеткiзiлген жүктi қабылдайды. Жеткiзiп берiлуi шартта көзделмеген жүк келген жағдайда, жүк алушы мұндай жүктi жауапты сақтауға қабылдайды, ол туралы тауар-көлiк жүкқұжатында көрсетiледi.
68. Жүктi жүк алушыға тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша тапсыру мүмкiн болмаған кезде, жүк жөнелтушi тасымалдаушыға жүктiң жаңа бару пунктi туралы нұсқау бередi.
69. Егер тасымалдаушының жүктi жаңа баратын жерiне жеткiзу мүмкiндiгi болмаса, ол бұл туралы жүк жөнелтушiнi хабардар етiп, бұл тасымалдан бас тартады. Бұл жағдайда тасымалдаушы жүктi жүк жөнелтушiге қайтарады. Жүк жөнелтушiнiң қосымша тапсырмаларын орындауға байланысты шығыстарды (автокөлiк құралдарының бос жүруi мен тұруы, жүктiң сақталуы және тағы басқа) жүк жөнелтушi өтейдi.
70. Жүк жөнелтушiнiң тасымалдаушыға жүктi басқа мекенжайға жiберу туралы өкiмi мынадай деректердi қамтиды:
1) бiрiншi тапсырыстың және тауар-көлiк жүкқұжатының нөмiрлерi;
2) бастапқы бару мекенжайы;
3) бастапқы жүк алушының атауы;
4) жаңа бару мекенжайы;
5) жаңа жүк алушының атауы;
6) басқа мекенжайға жiберу себептерi.
Жүк жөнелтушiнiң басқа мекенжайға жiберу туралы өкiмi жазбаша түрде ресiмделедi және егер шартта өзгеше көзделмесе, факсимильдiк байланыспен берiледi.
71. Жүк жөнелтушiнiң жүктердi басқа мекенжайға жiберу туралы өкiмi бiр тауар-көлiк жүкқұжаты бойынша бара жатқан барлық жүк жөнелтiмiне ғана қолданылады.
72. Егер жүк жөнелтушiнiң жүктердi басқа мекенжайға жiберу туралы өкiмiн орындау мүмкiн болмаса, тасымалдаушы бұл туралы жүк жөнелтушiнi хабардар етедi. Бұл жағдайда тасымалдаушы жүктi жүк жөнелтушiге қайтарады. Жүктi басқа мекенжайға жiберуге байланысты барлық қосымша шығыстарды жүк жөнелтушi көтередi.
Тасымалдаушы жүк жөнелтушiнiң басқа мекенжайға жiберу туралы тасымалдау ақысын ұлғайтатын өкiмiн орындауға қабылдаған кезде, жүк жөнелтушi қосымша алып жүру ақысын енгiзедi және тасымалдаушының басқа мекенжайға жiберуге байланысты барлық шығыстарын өтейдi.
73. Жүктi басқа мекенжайға жiберу кезiнде тауар-көлiк жүкқұжатында «басқа мекенжайға жiберу» деген бағанда басқа мекенжайға жiберу туралы өкiмге сәйкес жаңа жүк алушының атауы мен мекенжайы көрсетiледi. Тауар-көлiк жүкқұжатына енгiзiлген өзгерiстер жүк жөнелтушiнiң қолымен және (немесе) оның мөрiмен (мөртабанымен) расталады.
74. Жүк алушы жүктi қабылдаудан бас тартқан және жүк жөнелтушiден басқа мекенжайға жiберу туралы нұсқау алу мүмкiн емес жағдайда тасымалдаушы:
1) жүк жөнелтушiнiң нұсқауын алғанға дейiн жүктiң нақты тұрған пунктiнде немесе жақынырақ пунктте жүктi сақтауға тапсырады, ал меншiктi қоймалық үй-жайлары болған кезде жүктi сақтауға қабылдайды;
2) егер жүктер өз сипаты бойынша тез өткiзудi қажет ететiн болса, басқа ұйымға бередi немесе жүктi сақтау мүмкiн болмаған жағдайда және оның бүлiнуiне әкелсе оны өткiзедi. Жүктi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi соманы шегергеннен кейiн нотариустың атына депозит шартымен салынады;
3) жүктi жүк жөнелтушiге қайтарады.
7. Тез бүлiнетiн жүктердi өткiзу тәртiбi
75. Тез бүлiнетiн азық-түлiк тағамдарын тасымалдау үшiн тасымалдаушылар белгiленген тәртiппен ресiмделген санитарлық паспорттары бар мамандандырылған автокөлiк құралдарын (суықсыз изотермиялық шанақтар, салқындататын шанақтар, рефрижератор) пайдалануы тиiс.
76. Тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдау оларды тасымалдаудың температуралық режимiн сақтай отырып жүзеге асырылады.
77. Автокөлiк құралына тез бүлiнетiн жүктердi тиеу және түсiру, бекiту және жабу жүк жөнелтушiнiң (жүк алушының) күшiмен және құралдарымен жүзеге асырылады.
Жүк жөнелтушi санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормаларға сәйкес тез бүлiнетiн жүктердiң сапасына және қауiпсiздiгiне қойылатын талаптарды сақтайды.
78. Жылдың жылы мезгiлiнде тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдау Цельсий бойынша плюс 6 градустан (бұдан әрi – оС) аспайтын температурада:
1) салқындататын шанақтары бар мамандандырылған автокөлiк құралында алты сағаттын аспай;
2) суықсыз изотермиялық шанақтарда бiр сағаттан аспай жүргiзiледi.
79. Егер жүк алушы белгiленген мерзiмдерде келген жүктiң түсiрiлуiн қамтамасыз етпесе немесе бару пунктiн өзгертсе, онда автокөлiк құралының бару пунктiнде тұрып қалу немесе бару пунктiнiң өзгеру салдарынан жеткiзу мерзiмiнiң ұзару себебiнен туындаған, жүк сапасының төмендеуiне байланысты шығыстар жүк алушының есебiне жатқызылады.
80. Жүк жөнелтушi өзi ресiмдеген тауар-көлiк жүкқұжатымен бiрге жүктердiң осындай түрiн тасымалдау үшiн қажеттi құжаттарды, оларда жүктiң тиеу алдындағы нақты температурасын, сондай-ақ жүктер мен ораманың сапалық жай-күйiн көрсетiп ұсынады. Көкөнiстер мен жемiстердi тасымалдау кезiнде сонымен қатар помологиялық сұрыптардың атауы көрсетiледi.
81. Жүк жөнелтушi тауар-көлiк жүкқұжатында тасымалдауға ұсынылатын тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдаудың шектiк ұзақтығын (тасымалдылығын) көрсетедi. Егер жүк жөнелтушi тасымалдау құжаттарында шектiк тасымалдылықты көрсетпесе, сондай-ақ егер шектiк тасымалдылық заңнамада белгiленген жеткiзу мерзiмiнен аз болса, тез бүлiнетiн жүктер тасымалдауға қабылданбайды.
82. Жүк жөнелтушi тез бүлiнетiн жүктердi тиеу алдында автокөлiк құралдарының тасымалдауға жарамдылығына көз жеткiзедi, сондай-ақ тез бүлiнетiн жүктердi тиеу кезiнде санитарлық қағидалар мен нормалардың сақталуын, тез бүлiнетiн жүктiң автокөлiк құралының шанағына салыну дұрыстығын және тасымалданатын алдын ала салқындатылмаған тез бүлiнетiн жүктер сапасының сақталуын қамтамасыз етедi. Жүк жөнелтушi толтырылған мамандандырылған автөкөлiк құралдарды пломбалауды жүргiзедi.
83. Тасымалдаушы тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдау үшiн ұсынатын мамандандырылған автокөлiк құралдары техникалық жағынан жарамды, санитарлық-эпидемиологиялық қағидалар мен нормалардың белгiленген талаптарына сай болуы және тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдаудың тиiстi температуралық режимдерiн қамтамасыз етуi тиiс.
Тасымалдаушы рефрижератор қондырғысының жарамдылығын, тез бүлiнетiн өнiмдердi тасымалдауға арналған мамандандырылған автокөлiк құралдарының санитарлық жай-күйiнiң заңнама талаптарына сәйкестiгiн қамтамасыз етедi.
84. Тасымалдаушы тез бүлiнетiн жүктердi қалааралық қатынасында тасымалдаудың нақты қашықтығы мен 600 км-ге тең орташа тәулiктiк жүрiс бойынша есептелген мерзiмдерде жеткiзедi.
Жүктердi жеткiзу мерзiмдерi тиеу аяқталған және құжаттар ресiмделген сәттен бастап жүк алушыға автокөлiк құралдары келген сәтке дейiн есептеледi. Жүктердi жеткiзу мерзiмдерiн тасымалдаушы тауар-көлiк жүкқұжатында көрсетедi.
85. Тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдаудан кейiн босаған мамандандырылған автокөлiк құралдарын жүк алушы жүктiң қалдықтарынан тазартады, сондай-ақ белгiленген тәртiппен жуады және дезинфекциялайды.
86. Ет өнiмдерi, сондай-ақ шикi мал өнiмдерi тасымалдауға ветеринарлық-санитарлық қадағалау органдары берген ветеринарлық куәлiктер болған кезде ғана қабылданады.
87. Тез бүлiнетiн жүктердiң тиеу алдындағы температурасын және тиелуге келген автокөлiк құралы-рефрижератор шанағындағы температураны, сондай-ақ жүк алушының мекенжайына келген автокөлiк құралы-рефрижератор шанағындағы температураны жүк жөнелтушiлер мен жүк алушылар осы Қағиданың 3-қосымшасына сәйкес нысан бойынша Жүктердiң температурасын және автокөлiк құралы-рефрижератор шанағындағы ауаны бақылау тексеру парағында және тауар-көлiк жүкқұжатында тиiсiнше белгiлейдi.
88. Тез бүлiнетiн жүктердi одан әрi тасымалдау рефрижератор қондырғысының сынуынан, автокөлiк құралының басқа техникалық ақаулықтары салдарынан мүмкiн емес немесе тасымалданатын жүктiң бүлiнуiнiң сыртқы белгiлерi (ағу және басқалар) болған жағдайларда, тасымалдаушы бұл туралы жүк жөнелтушiнi дереу хабардар етедi.
89. Егер тез бүлiнетiн жүктi жүк алушыға тапсыру осы Қағиданың 79-тармағында көрсетiлген себеп бойынша мүмкiн болмаса, ал жүк жөнелтушi жаңа жүк алушы туралы нұсқау бермесе, тасымалдаушы жүктi белгiленген тәртiппен басқа ұйымға өткiзу үшiн бере алады немесе жүктi сақтау мүмкiн болмаған жағдайда және оның бүлiнуiне әкелсе өткiзедi. Жүктi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi соманы шегергеннен кейiн нотариустың атына депозит шартымен салынады.
Жүктi тасымалдаудан алу және (немесе) оны өткiзу үшiн белгiленген тәртiппен жүргiзiлген санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың қорытындысы негiз болып табылады.
90. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама бойынша тез бүлiнетiн жүк өткiзуге жарамды деп танылған кезде, тасымалдаушы бұл туралы жүк жөнелтушiнi хабардар етедi және соңғысымен жүктiң құнын келiсiп, жүктi сауда желiсi арқылы өткiзедi.
91. Егер тасымалданатын тез бүлiнетiн жүктiң бүлiнуi автокөлiк құралының техникалық ақаулықтары салдарынан болса, жүк жөнелтушi тасымалдаушыдан жүктi өткiзуден алынған соманы шегере отырып келтiрiлген залалды өтеудi талап етуi мүмкiн. Егер тез бүлiнетiн жүктiң бүлiнуi жүк жөнелтушiнiң iс-әрекетi (әрекетсiздiгi) салдарынан басталған жағдайда, тасымалдаушы тез бүлiнетiн жүктi өткiзуден алынған сомадан өзiне тиiстi соманы алып жүру ақысы ретiнде ұстап қалады, ал ол жетпеген кезде жүк жөнелтушiден жүктi тасымалдауға, тиiстi сараптама жүргiзуге және өткiзу үшiн қажеттi құжаттарды ресiмдеуге байланысты шығыстарды өтеудi талап етуi мүмкiн.
92. Егер тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдау кезiнде санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың талаптарынан, олардың сапасы мен қауiпсiздiгiн жоғалтуға әкелетiн ауытқулар жiберiлген болса, онда мұндай тез бүлiнетiн жүктер өткiзiлуге жатпайды, санитарлық-эпидемиологиялық сараптамаға жiберiледi және оның нәтижелерiне сәйкес олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен пайдаға асырылады. Егер шартта өзгеше көрсетiлмесе, пайдаға асыруды тасымалдаушы кiнәлi тараптың есебiнен жүргiзедi.
8. Жарияланған құны бар жүктердi тасымалдау тәртiбi
93. Жүк жөнелтушi (жүк алушы) жарияланған құны бар жүктердi тасымалдауға тапсыруы мүмкiн.
94. Жүк жөнелтушi (жүк алушы) мынадай жүктердi:
1) бағалы металдарды, тастарды, және олардан жасалған бұйымдарды;
2) өнер туындыларын, көркем құндылықтарды және антиквар заттарды;
3) бейне және аудио аппаратурасын;
4) электрондық-есептеу, көшiру және көбейту техникасын;
5) машиналардың, жабдықтың, аспаптардың тәжiрибелiк үлгiлерiн;
6) сүйемелдеусiз тасымалданатын жеке (тұрмыстық) қажеттiлiкке арналған жүктердi тасымалдауға ұсыну кезiнде құнын жариялауы қажет.
95. Жүктiң құны, оның сатушының есебiнде көрсетiлген немесе шартта көзделген бағасына сүйене отырып, ал олар болмаған кезде, салыстырмалы жағдайларда бұған ұқсас тауар үшiн алынатын бағаға сүйене отырып белгiленедi. Тасымалдаушы мен жүк жөнелтушiнiң (жүк алушының) арасында келiспеушiлiктер болған жағдайда, жүктiң құны сараптамамен белгiленедi, ол туралы актi жасалады.
96. Тасымалдауға құны жарияланған жүктердi ұсыну кезiнде жүк жөнелтушi тасымалдаушыға тауар-көлiк жүкқұжатымен бiрге осы Қағиданың 4-қосымшасына сәйкес белгiленген нысан бойынша құны жарияланған жүктердi тасымалдау тiзiмдемесiн ұсынады.
97. Бағасы әртүрлi жүктердi бiр тауар-көлiк жүкқұжаты бойынша тасымалдауға ұсыну кезiнде олардың айырмашылық белгiлерi, орындардың саны және олардың бағасы тiзiмдемеде жеке жолмен көрсетiледi.
98. Жарияланған құны бар жүктердi тасымалдау тiзiмдемесi үш данада жасалады, олардың бiреуi жүк жөнелтушiге қайтарылады, екiншiсi тасымалдаушыда қалады, ал үшiншiсiн тасымалдаушы жүк алушыға жүктi тапсыру кезiнде бередi.
99. Бiрнеше әртектi бұйымдардан тұратын жүктер тасымалдау үшiн «Жеке (тұрмыстық) қажеттiлiкке арналған жүктер» деген жалпы атаумен, осы жөнелтiмдi құрайтын жеке бұйымдардың атаулары көрсетiлiп тапсырылады.
100. Жүк жөнелтушi жүктердi тасымалдау үшiн ұсыну кезiнде тауар-көлiк жүкқұжатында – олардың массасын, ыдысты және майда даралы жүктердi ұсыну кезiнде сонымен қатар жүк орындарының санын, әрбiр атау бойынша жеке жолмен көрсетуi тиiс. Тасымалдау үшiн ұсақ жөнелтiмдермен тапсырылатын жүктердi тасымалдаушы әрбiр жүк орнын таразыға тарту актiсiне сәйкес және жүк орындарының санын тексеру арқылы қабылдайды.
101. Контейнерлердi, олармен жеке, отбасылық, үй және өзге кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға байланысты емес жүктердi тасымалдау кезiнде тасымалдаушы немесе көлiктiк-экспедиторлық ұйым қарап шешiп және жүк жөнелтушiнiң есебiнен пломбалайды.
102. Жүк жөнелтушi ұсынған тасымал құжаттарын ресiмдеу кезiнде тасымалдаушы жүк жөнелтушiнiң тiзiмдеменi толтыру дұрыстығын тексередi, оған жүкқұжатының нөмiрiн көрсетедi, «Тiзiмдеме қабылданды» деген жолға қол қояды және тасымалдаушының күнтiзбелiк мөртаңбасын қояды. Егер тiзiмдеме бiрнеше парақта жасалған болса, күнтiзбелiк мөртаңба және жүк жөнелтушi мен тасымалдаушының қолдары әрбiр параққа қойылады.
9. Жүктердi таңбалау тәртiбi
103. Ыдыстағы немесе орамадағы жүктердi және ұсақ жөнелтулерде даналап тиелетiн жүктердi тапсыру кезiнде жүк жiберушi әр жүк орнын алдын ала ұлттық стандарттарға сәйкес таңбалайды.
Ескерту. 103-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкiметiнiң 23.07.2013 № 735 қаулысымен.
104. Таңбада:
1) жүк алушының толық немесе қысқартылған атауы;
2) бару орны мен пунктi;
3) жүк бiрлiгiнiң салмағы (брутто және нетто) көрсетiледi.
105. Тауар-көлiк жүкқұжаты мен iлеспе құжаттарда келтiрiлген деректер таңбаға толығымен сәйкес келуi тиiс.
106. Тасымалдау және тиеу-түсiру жұмыстары кезiнде ерекше көңiл бөлудi қажет ететiн жүктi тапсыру кезiнде жүк жөнелтушi барлық багаж орындарына: «ҮСТI», «ШЫНЫ», «АБАЙЛАҢЫЗ», «ТӨҢКЕРIЛМЕСIН», «СУЫҚҚА ТӨЗIМСIЗ» деген арнайы таңба қояды; жүкке арналған құжаттар буылып-түйiлген орындарды «ҚҰЖАТТАР» деген арнайы таңбамен белгiлейдi.
107. Арнайы таңбалау белгiлерi осы Қағиданың 5-қосымшасында көрсетiлген.
108. Таңбалау мынадай тәсiлдердiң бiрiмен:
1) жүк орындарына белгiлердi тiкелей қою арқылы;
2) жапсырмалардың көмегiмен жүргiзiледi.
Таңбалау ыдыста немесе жүкте шаблон бойынша бояумен, қалыптаумен немесе таңба соғумен жүргiзiледi.
109. Таңбалау орамада шартты белгiлермен (таңбалармен), айқын жазумен, әрiптермен, сандармен немесе суреттермен (нышандармен) жасалуы тиiс. Таңбаның түсi ыдыстың немесе жүктiң түсiне қарама-қарсы болуы тиiс.
Жүк орындарының таңбасы анық, түсiнiктi және берiк болады.
Таңба өшiрiлмейтiн және қабыршақтанбайтын, күн сәулесiне төзiмдi, кез келген бетте жақсы ұсталатын және сумен шайылмайтын бояумен жасалады.
110. Таңбалық жапсырмалар қағаздан, қатырмадан, матадан, фанерадан, металдан, пластмассадан жасалады. Жапсырмалардың бетi ауа-райы жағдайларының әсерiне шыдамды болуы тиiс.
111. Жапсырмаларға таңба мынадай тәсiлдердiң бiрiмен жасалады:
1) типографиялық
2) машинкамен басу;
3) трафарет бойынша мөртаңба басу;
4) жаншу.
112. Қағаздан және қатырмадан жасалған жапсырмалар ыдысқа желiммен бекiтiледi.
Матадан жасалған жапсырмалар тiгiледi.
Фанерадан, металдан, пластмассадан жасалған жапсырмалар бұрандармен, бұрандашегелермен, шегелермен бекiтiледi.
Жапсырмаларды фанера, қатырма және қағаз жәшiктерге қағуға рұқсат етiлмейдi.
Жапсырмаларды жүктерге сыммен бекiтуге, басқа бекiту тәсiлi мүмкiн болмағанда рұқсат етiледi.
Металл шыбықтар, құбырлар, қолайсыз немесе ұзын саптары бар сайман және тағы басқа сияқты жүктердi бiрнеше жүк алушының атына тасымалдау кезiнде, майлы бояумен шеттерiн бояу арқылы таңба жасауға рұқсат етiледi, ол бойынша олардың бiр партияға жататынын оңай анықтауға болады.
113. Таңба:
1) жәшiктерде – бүйiр жақтарының бiрiне;
2) қаптар мен теңдерде – кең жақтарының бiрiне жасалады.
Арнайы таңба екi шектес жаққа осы Қағиданың 6-қосымшасына сәйкес жасалады.
114. Таңбаны бүйiр немесе тiк жақтарына қою мүмкiн болмаған кезде, биiктiгi 200 мм (бұдан әрi – мм) және одан аз шағын көлемдi жәшiктерде ыдыстың шектес қабырғаларына (оның iшiнде қақпағына) таңба жасауға рұқсат етiледi.
115. Арнайы таңба, олар белгiленуi тиiс «ОСЫ ЖЕРДЕН БЕКIТIЛСIН» және «АУЫРЛЫҚ ОРТАСЫ» деген белгiлердi қоспағанда, негiзгi таңбаның жоғарғы бұрышына қойылады.
116. Бiртектi жүктердi бiр жүк алушының атына тасымалдау кезiнде барлық жүк орындарына емес, бiрақ ең кемi төрт орынға таңба жасауға рұқсат етiледi. Бұл жағдайларда таңбаланған орындар:
1) фургондарда – есiктiң жанында таңбасын сыртына қаратып;
2) ашық автокөлiк құралында – тиелген жүктiң жоғарғы қабатында шанақтың әрбiр бойлық ернеуiнiң жанында екi орыннан таңбасын сыртына қаратып жиналады.
117. Жүктердi үйiп, бос және құйып тасымалдау кезiнде таңбалау жүргiзiлмейдi.
10. Жүктердi пломбалау тәртiбi
118. Бiр жүк алушыға баратын тиелген жабық жүк автомобильдерiн, тiркемелердi, автокөлiк құралдарының жеке секцияларын, контейнерлердi және цистерналарды жүк жөнелтушi пломбалауы тиiс, ал жәшiктердегi, қораптардағы және басқа ыдыстағы ұсақ даналы тауарларды пломбаланбаған автокөлiк құралымен немесе контейнерлермен тасымалдау кезiнде пломбалануы немесе бандерольденуi тиiс.
Халықаралық тасымалдар кезiнде жүктердi пломбалау Қазақстан Республикасының кеден заңнамасымен анықталады.
119. Жүктi пломбалау кезiнде тауар-көлiк жүкқұжатында пломбаның бар екенiн көрсетiп белгi жасалады.
120. Бiрнеше мекенжай бойынша тасымалданатын жүктiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн фургон-шанақтың iшiне тасымалдаушы шанақты жеке пломбаланатын секцияларға бөлуге мүмкiндiк беретiн қоршаулар орнатады.
121. Жүргiзушi автокөлiк құралының жүк бөлiгiн тиеу және пломбалау кезiнде қатысады, жарамды автокөлiк құралдарда, жүк автомобильдiң жеке секцияларында, контейнерлерде және цистерналарда жүк жөнелтушiнiң зақымдалмаған пломбаларымен келген, сондай-ақ жүк алушыға жүктiң салмағы мен жай-күйi және жүк орындарының саны тексерiлмей берiлетiн жарамды бандерольденген ыдыстағы жүктердi қайта өлшеу мен қайта санауға қатыспайды.
122. Жүк жөнелтушiнiң пломбаларында жүк жөнелтушiнiң қысқартылған атауы және бақылау белгiлерi (сауда белгiлерi немесе қысқыштың нөмiрлерi) болады.
Тасымалдаушы пломбалаған кезде, пломбаларда тасымалдаушының атауы және қысқыштардың нөмiрi болады.
123. Автокөлiк құралына (фургондарға, цистерналарға және тағы басқа) контейнерлерге, автокөлiк құралдың секцияларына, жеке жүк орындарына iлiнетiн пломбалар жүктерге тиiсуге және олардың бүтiндiгiн бұзбай пломбаларды алуға мүмкiндiк бермеуi тиiс.
124. Пломбалар:
1) фургондарда немесе автокөлiк құралдың секцияларында – барлық есiктерге бiр пломбадан;
2) контейнерлерде – есiктерге бiр пломбадан;
3) цистерналарда – люктiң қақпағы мен құйып алу саңылауына бiр пломбадан;
4) жүк орнында – бiрден төрт пломбаға дейiн жиектеу жолақтарының немесе басқа байлау материалдарының түйiскен нүктелерiне iлiнедi.
125. Брезентпен жабылған автокөлiк құралының шанағын пломбалау, брезенттiң шанақпен бiрiккен жерi жүкке тиiсудiң мүмкiн еместiгiн қамтамасыз еткен жағдайда ғана жүргiзiледi. Пломбалар бiрiктiргiш материалдың шеттерiнде автокөлiк құралының шанағымен түйiскен бiрнеше жерге iлiнедi.
Автокөлiк құралдарын - фургондарды (контейнерлердi) пломбалау алдында екi есiк жапсырмасы диаметрi кемiнде 2 мм және ұзындығы 250-260 мм күйдiрiлген сым бұраулармен бекiтiледi.
Сымды бұрау диаметрi 6-10 мм және олардың аралығы 35 мм екi саңылаулы арнайы металл пластинкамен жүргiзiледi.
Сым бұраулармен есiк жапсырмаларын бекiтудi, жүк тиеудi жүргiзетiн жүк жөнелтушi жүзеге асырады.
126. Пломбалау үшiн екi қатарлас арналы саңылаулары бар немесе камералы қорғасын немесе полиэтилен пломбалар, сондай-ақ термиялық өңделген (күйдiрiлген) диаметрi 0,6 мм сым қолданылады.
127. Пломбалар алдын ала екi жiпке бұралған сымға iлiнедi. Сымды бұрау 10 мм ұзындыққа төрт орам келетiн есеппен жүргiзiледi.
Пломбаларды iлу тәсiлдерiнiң схемалары осы Қағиданың 4-қосымшасында келтiрiлген.
Екi қатарлас арналы саңылаулары бар пломбаларын iлу мынадай тәртiппен жүргiзiлуi тиiс. Пломбалардың әрқайсысына пломбалау сымының бiр ұшы өткiзiледi.
Сымның ұзын бос ұшы фургонның (контейнердiң) есiгiндегi есiк жапсырмасының көзiнен екi айналып, ал сонан кейiн пломбаның бiр және екiншi саңылау арқылы өткiзiледi. Осыдан кейiн пломба қысқышпен қысылады.
Камералы қорғасын пломбаларын iлу кезiнде сымның ұштары пломбаның кiру саңылаулары арқылы өткiзiледi, 2-3 орамға бұралады және орамдар камераға тартылып, қысқышпен қысылады.
Камералы полиэтилен пломбаларды iлу кезiнде сымның ұштары пломбаның кiру саңылаулары арқылы өткiзiледi, содан кейiн осы ұштар өз арасында екi ораммен бұралады, сымның бiр ұшы екiншiсiн айнала, ал содан кейiн екiншiсi – осы Қағиданың 4-қосымшасында көрсетiлген жүйелi тәртiппен бiрiншiсiн айнала бұралады.
Осыдан кейiн жасалған түйiн камераға әбден тартылады және пломба пломбалау қысқышымен қысылады.
128. Пломбалау кезiнде есiк жапсырмасының (цистерна қалпағының қақпағы) көзi мен пломбаның арасында пайда болған iлгек 25 мм аспауы тиiс.
Пломбалар бедерi екi жағынан анық және айқын шығатындай, ал сымды пломбадан суыруға болмайтындай етiп қысылады. Қысқышпен қысылғаннан кейiн әрбiр пломба мұқият тексерiледi және ақау табылған жағдайда (қысқыш таңбалары сандарының анық еместiгi, таңбалардың кесiлуi және тағы басқа) басқасымен ауыстырылады.
129. Пломбалардың бақылау таңбаларында нөмiрленуi 001-ден 999-ға дейiн жүйелi тәртiппен жүргiзiлетiн әрiптiк және сандық белгiлерi болады.
130. Пломбалардағы көмескi бедерлi қойылған таңбалармен, сондай-ақ дұрыс iлiнбеген пломбалармен тасымалдауға рұқсат етiлмейдi.
131. Бандерольдеу жасалған материалдар (қағаз таспа, бау және тағы басқа) бiртұтас (түйiндерсiз және жалғамасыз) және бiрiктiрiлген жерлерде жасаушының немесе жүк жөнелтушiнiң айыру белгiсiмен (мөрмен немесе штампымен) бекiтiледi.
132. Бандерольдеу, ол жасалған материалды жыртпай жүкке тиiсу мүмкiн болмайтындай етiп жасалуы тиiс.
11. Актiлердi жасау тәртiбi
133. Жүктердiң автомобиль тасымалдары кезiнде тасымалдаушы мен жүк жөнелтушiнiң (жүк алушының) арасындағы мүлiктiк даулар үшiн негiз болатын жағдайлар тауар-көлiк жүкқұжатындағы және (немесе) жолдама парақтағы жүк жөнелтушiнiң (жүк алушының) және тасымалдаушының жазуларымен куәландырылады.
134. Тауар-көлiк жүкқұжатында мынадай жағдайлар куәландырылады:
1) жүктердiң бүлiнуi немесе зақымдалуы;
2) жүктiң нақты атауы, салмағы және орындарының саны мен тауар-көлiк жүкқұжатында көрсетiлген деректердiң арасындағы сәйкессiздiк;
3) автокөлiк құралының шанағындағы немесе секциясындағы немесе контейнердегi пломбалардың бұзылуы немесе болмауы;
4) тасымалдаушының жүктiң осы түрiн тасымалдау үшiн жарамсыз немесе санитарлық талаптарға сай келмейтiн автокөлiк құралдарын беруi;
5) тиеу және түсiру пункттерiнде автокөлiк құралдарының белгiленген уақыт нормаларынан артық тұруы;
6) заңнамаға сәйкес тараптардың мүлiктiк жауапкершiлiгi үшiн негiз болатын басқа жағдайлар.
135. Осы Қағиданың 18-тармағында көрсетiлген тауар-көлiк жүкқұжаттарындағы жазулар жүк жөнелтушiнiң (жүк алушының) және жүргiзушiнiң қолдарымен расталады. Жүк жөнелтушiнiң (жүк алушының), сондай-ақ жүргiзушiнiң тауар-көлiк жүкқұжаттарындағы бiржақты жазулары, осы Қағиданың 134-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жарамсыз болып табылады.
136. Тасымалдаушы (жүргiзушi) мен жүк жөнелтушiнiң (жүк алушының) арасында келiспеушiлiктер болған жағдайда, мүлiктiк даулардың туындауына негiз болып табылуы мүмкiн жағдайлар осы Қағиданың 8-қосымшасына сәйкес нысан бойынша актiлермен ресiмделедi. Актiлер сонымен қатар тауар-көлiк жүкқұжаттарында жасалуы мүмкiн емес жағдайларды егжей-тегжейлi сипаттау қажет жағдайларда жасалады.
137. Актiнiң мазмұнымен келiспеген кезде, әрбiр тарап оған өзiнiң пiкiрiн жазуы мүмкiн.
Жүк жетiспеген, бұзылған немесе зақымдалған жағдайларда актi жасаудан немесе тауар-көлiк жүкқұжаттарына жазу енгiзуден бас тарту кезiнде, актi мүдделi емес адамдардың немесе мүдделi емес ұйым өкiлiнiң қатысуымен жасалады.
Актiнiң жасалғаны туралы тауар-көлiк құжаттарында белгi жасалады.
138. Жүк автокөлiк құралдарында, автокөлiк құралдарының секцияларында, контейнерлерде, цистерналарда жүк жөнелтушiлердiң пломбаларымен келген жағдайларда, актiде көрсетiлген пломбалардың жай-күйi, олардың деректемелерi ескерiледi, ал пломбалардың өздерi талап-тiлек материалдарына қоса берiледi.
12. Жүктi тасымалдау шарттарын
өзгерту және бұзу тәртiбi
139. Тасымалдаушылар жасалған шарттардың негiзiнде жүктердi тасымалдауды жүзеге асырады және тасымалдауға байланысты қосымша қызметтердi орындайды.
Жүктi автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы өзiне жүк жөнелтушi сенiп тапсырған жүктi, оны тасымалдау шарттарын сақтай отырып, межелi пунктiне жеткiзуге және оны жүктi алуға уәкiлеттi адамға (жүк алушыға) беруге мiндеттенедi, ал жүк жөнелтушi шартқа немесе тарифке сәйкес автомобильмен жүктi тасымалдағаны үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi. Жүктi тасымалдау шарты осы Қағиданың 9-қосымшасына сәйкес нысан бойынша тауар-көлiк жүкқұжатын жасау арқылы ресiмделедi.
140. Жүктi автомобиль көлiгiмен тасымалдау бойынша шарты тасымалдаушы мен жүк жөнелтушiнiң арасында Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, «Автомобиль көлiгi туралы» Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 4 шiлдедегi Заңына, сондай-ақ осы Қағидаға сәйкес жасалады.
141. Жүктi автомобиль көлiгiмен тасымалдау шарты тараптарының бiрi екiншi тарапқа шартты өзгерту немесе бұзу туралы ұсыныспен, осындай өтiнiш үшiн негiз болатын себептердi көрсету арқылы өтiнiш жасауы мүмкiн. Шартты өзгерту немесе бұзу туралы ұсыныс алған адресат келiп түскен ұсынысты онкүндiк мерзiмде қарайды және ұсыныстың қабылданғаны туралы, не оның қабылданбағаны туралы хабарлама жiбередi.
Тараптар шарттың талаптарын өзгерту туралы немесе оны бұзу туралы келiсiмге қол жеткiзген кезде, шартты өзгерту немесе бұзу туралы келiсiм де шарттың нысанында жасалады.
13. Жүктердi ұстап қалу тәртiбi
142. Жүк жөнелтушi (жүк алушы) шарттың талаптарын орындамаған кезде, тасымалдаушы тасымалдауға ұсынылған жүктi жүк жөнелтушi (жүк алушы) берешек сомасын төлегенге дейiн ұстап қалады.
143. Жүктi кiдiрткен кезде жүк жөнелтушi (жүк алушы) тасымалдаушыға жүктi кiдiртуге байланысты шығыстарды (сақтау, тасымалдау және тағы басқа) өтейдi.
14. Жүктердiң жеке түрлерiн тасымалдау тәртiбi
144. Тасымалдаушы экспедиторлық қызметтердi орындаған кезде, оларды орындау шарттары жүктердi автомобильмен тасымалдау шартын жасасу кезiнде ескерiледi.
145. Азық-түлiк тауарларын тасымалдау үшiн мамандандырылған автокөлiк құралдар бөлiнедi, оларды басқа мақсаттар үшiн пайдалануға рұқсат етiлмейдi.
Азық-түлiк тауарларын тасымалдауға арналған автокөлiк құралдары техникалық жарамды, таза, бөтен иiссiз болуы тиiс.
146. Мемлекеттiк ветеринарлық-санитарлық бақылауындағы және қадағалауындағы тасымалдау объектiлерi ветеринария облысындағы уәкiлеттi орган анықтаған тәртiпке сәйкес жүзеге асырылады.
147. Тамақ өнiмдерiн, материалдарын және өнiмдерiн тасымалдау үшiн арнайы мақсаттағы және (немесе) осындай мақсаттар үшiн жабдықталған, Қазақстан Республикасы санитарлық-эпидемиологиялық қызметiнiң мемлекеттiк органдары белгiленген тәртiппен берген санитарлық паспорты бар автокөлiк құралдары пайдаланылады.
148. Азық-түлiк тауарларын тасымалдау кезiнде экспедиторлық қызметтер көрсеткен кезде жүргiзушiнiң жеке медициналық кiтапшасы болуы, жыл сайын медициналық тексеруден өтуi, жеке гигиена қағидаларын сақтауы қажет.
149. Тасымалдау кезiнде тамақ өнiмдерiмен қарым-қатынаста болатын адамдарды жүк жөнелтушi таза санитарлық киiммен қамтамасыз етедi.
150. Азық-түлiк тауарларын тасымалдау үшiн авторефрижераторлар, изотермиялық шанағы бар жүк автомобильдер және басқа мамандандырылған автомобильдер пайдаланылады.
Автокөлiк құралдарының үлгiсiн таңдау тасымалданатын жүктiң түрiне, сыртқы ауаның температурасына және тасымалдау ұзақтығына байланысты.
151. Ернеулi платформасы бар жүк автомобильдермен азық-түлiк тауарларын тасымалдауға жүк үстiнен және бүйiрлерiнен күннен, жауын-шашыннан және шаңнан қорғауға арналған таза бүркемемен жабылған жағдайда ғана рұқсат етiледi. Бүркеме кiрлеу шамасына қарай содалы ыстық сумен өңделедi және кептiрiледi.
152. Азық-түлiк тауарларын тиеу және түсiру жаңбырдан және қардан қорғау үшiн қалқа астында жүргiзiледi. Азық-түлiк тауарлары бар ыдысты тiкелей жерге, қарға, кiр және дымқыл төсемелер мен платформаларға қоюға рұқсат етiлмейдi.
153. Мамандандырылған автомобиль-фургонның шанағы мырышталған темiрмен немесе табақ алюминиймен қапталады және «АЗЫҚ-ТҮЛIК» немесе «НАН», «СҮТ» және басқалар деп тағамның нақты атауы көрсетiлген анық жазуы болуы тиiс.
154. Керi қайтарылатын ыдыс жүк алушылардан таза түрде қабылданады. Ол тағам өнеркәсiбi ұйымдарындағы кәсiпорындарда қосымша санитарлық өңдеуден өтедi.
Дайын азық-түлiк өнiмге арналған ыдыс таза, құрғақ, берiк және бөтен иiссiз болуы тиiс.
155. Тиеу кезiнде санитарлық қағидалардың сақталуын бақылауды – жүк жөнелтушi, ал түсiру кезiнде жүк алушы жүзеге асырады.
Егер азық-түлiк тауарларын сауда ұйымы өзiне тиесiлi автокөлiк құралдарына тиейтiн болса, онда сауда ұйымы автокөлiк құралдарының тиiстi санитарлық жай-күйiн қамтамасыз етедi.
156. Азық-түлiк тауарларын тасымалдауға арналған автокөлiк құралдарының шанақтарын санитарлық өңдеудi, егер жүктiң автомобиль тасымалы шартында өзгеше көзделмесе, жүк жөнелтушi жүзеге асырады.
157. Қайтарылатын ыдысты тасымалдау шарттары жүктердi автомобильмен тасымалдауға шарт жасасу кезiнде ескерiледi.
158. Жеке жүк түрлерiн тасымалдау мыналарды қамтиды:
1) нан және нан-тоқаш өнiмдерiн тасымалдау ерекшелiктерi;
2) торттарды, тәттi тоқаштарды және басқа кремдi өнiмдердi тасымалдау ерекшелiктерi;
3) еттi, қосымша өнiмдердi және жартылай дайын ет өнiмдерiн тасымалдау ерекшелiктерi;
4) сүт және сүт тағамдарын тасымалдау ерекшелiктерi;
5) ұнды және жарманы тасымалдау ерекшелiктерi;
6) шарапты, ликер-арақ өнiмдерiн, сыраны және алкогольсыз сусындарды тасымалдау ерекшелiктерi;
7) шаруашылық ауыз суын тасымалдау ерекшелiктерi;
8) өнеркәсiп тауарларын тасымалдау ерекшелiктерi;
9) өсiмдiк шаруашылығы өнiмiн тасымалдау ерекшелiктерi;
10) жануарларды тасымалдау ерекшелiктерi;
11) құрылыс жүктерiн тасымалдау ерекшелiктерi;
12) үйiп тасымалданатын жүктердi тасымалдау ерекшелiктерi;
13) металды және металл бұйымдарды тасымалдау ерекшелiктерi;
14) ағаш пен ағаштан жасалған бұйымдарды тасымалдау ерекшелiктерi;
15) жүктердi контейнерлер мен тегендерде тасымалдау ерекшелiктерi;
16) пакеттелген жүктердi тасымалдау ерекшелiктерi.
Достарыңызбен бөлісу: |