Еңбегінің қысқа баяндамасы
Әлем жаратылысында күн нұрына бар дүниенің тартылып тұратын таңғажайып сыр бар. Сондай сәулелі нұр бүкіл болмысынан төгіліп тұратын, әрқашанда жанға жылы рухани-адамгершілік биігінде танылатын кісілер болады. Жарқын жаратылысы мерейлі атақ-даңқымен, ықпалды лауазымымен, халқына деген азаматтық қамқор-қызметімен байып, көтеріліп тұрса, жұрт оларды жолбасшы тұлға тұтып, қадір-қасиетіне бас иіп құрметтейді, үлгі көреді.
Міне, сондай үлгі тұлға деп Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз», «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, Алматы қаласының, Жуалы ауданының және Жамбыл облысының Құрметті азаматы, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Семей гуманитарлық университетінің Құрметті профессоры, ұлағатты ұстаз Аягүл Төреқызы Миразованы ел мақтан етеді. Халқына қалаулы, еліне елеулі мәртебелі мерейге Аягүл Төреқызының жету жолы елу жылға жақын педагогикалық абыройлы асулардан түзіледі.
1948 жылы Жамбыл облысы Жуалы ауданы Берікқарағай дейтін құт-берекелі таудың баурайында айнадай жарқыраған Билікөл жағалауында Алла шапағатына бөленген Төре мен Зухраның бақытты отбасында дүниеге келген оған Аягүл есімінің берілуі де келешегін дәл болжаған тілектен туғандай. Аялүл десе дегендей, өмір бойында елін көз қарашығындай аялап, елінің де аялы алақанында ардақталып келеді.
Әкесі Міразұлы Төре ел ішінде сыйлы, көзі ашық, кітапты көп оқитын, мәдениетті, текті, елаға, Ұлы Отан соғысының ардагері болса, анасы Зухра аса ұстамды, сабыр иесі, көркем мінезді, әулетіне қамқоршы, елін сыйлап, ерін күткен ақылдылығымен аты жайылған болатын. Отаншыл сезім отбасына деген сүйіспеншіліктен басталады емес пе?! Аягүлдің де ата-анасының отбасылық махаббатына, бауырлары Артығали, Ерғали, Ғабит, Рысқали, Аян, Айгүлдердің бауырмашылдық қамқор жүректеріне деген сүйіспеншілігі Ұлы Отанына деген патриоттық сеіміне, ұлтжанды қасиетіне ұласты. Бұл сабақтастықты Қошмамбетов атындағы мектеп, оның данагөй білікті ұстаздары, директоры сарабдал саясаткер, кемел парасатты Слямханов Сайлаухан ағай дамытып, бекіте түсті. Әсіресе, Сайлаухан ағайдың ұстаздық-азаматтық өнегесі ерекше қайталанбас әсерге бөледі.
Жамбыл қаласындағы (қазіргі Тараз) педагогикалық иниституттың математика мамандығы бойынша тұңғыш түлегі Аягүлдің еңбек жолын туған мектебінде мұғалім, оқу-тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметтерімен бастауының өзі жас маманның келешегі кәсіби абыроймен бақытпен сипатталатынын білдіргендей еді. Көп ұзамай жас қыз өзінің математиканы терең меңгеруімен, мұғалімдік шеберлігімен, қарым-қатынас мәдениетінің жоғарылығымен, принципшіл адал әділдігімен, үлкен ұйымдастырушылық көшбасшылық қабілетімен танылып, сол кездегі бірден-бір билік партиясының қатарына кандидат, одан соң мүше болып қабылданды. Ол заманда жас мұғалімнің партия қатарына өтуі өте сирек жоғары баға саналатын.
Еңбектегі сәттілік Аягүлдің Жұмабай Байнатов деген құрылыс инженері, жас ғалым, қадір-қасиеті артықша жігітпен тұрмыс құруымен үндесіп үйлесім тапты. Содан ерінің ғылыми қызметіне байланысты Алматы қаласына қоныс аударып, ұстаздықты одан әрі жалғастырды. Алматы қаласының мектептері «Қазақ КССР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен, Бүкілодақтық социалистік жарыс жеңімпазы белгісімен, «1980 жылғы әлеуметтік сайыстың жеңімпазы» белгісімен, білікті ұстаз мінездемесімен, мектеп директорының орынбасары лауазымындағы, мектептің кәсіподақ комитетінің басшысы қоғамдық жұмысындағы тәжірибелермен еңбек өтілі өрнектелген жас коммунист Аягүл Төреқызына есігін айқара ашты. №86, №136 мектептерде математика пәнінің озат тәжірибелі мұғалімі, оқу-тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары, бастауыш партия ұйымының хатшысы, қызметтері мен қоғамдық жұмыстарды жаңашылдық талпыныстарымен, жауапкершілікті жемістерімен атқарып танылған Аягүл Төреқызы 1991 жылы жаңадан ашылған №159 мектептің тұңғыш директоры болып тағайындалды. А.Т. Миразованың педагогикалық дарын-қабілеті, азаматтық қайраткерлік іскерлігі осы мектепте қанат қағып, шырқау биікке көтеріліп, республикалық деңгейден көрінді. Содан бергі Ы. Алтынсарин атындағы №159 мектептің гимназия мәртебесіне ие болып, бүгінгі уақытқа дейінгі өсу жолы, екі дүркін (2001 жылы және 2011жылы) республикалық «Ең таңдаулы мектеп» конкурсының бас жүлдесін жеңіп алғаны, 2016 жылы Алматы қаласындағы ең үздік педагогикалық ұжым атануы, оның басшысының 2008 жыл Қазақстанның Еңбек Ері атағымен марапатталуы, Алматы қаласы бойынша оқушылардың халықаралық, республикалық білім сайыстарының жеңімпаздарын ең көп дайындаған мектеп атағын үш рет жеңіп алуы, т.б. жетістіктері мен жеңістері Аягүл Төреқызының іскер басшы, шебер ұйымдастырушы, болашақты болжай білетін стратег, күнделікті ағымдық жұмыста аса икемді, епті тактик екенін көрсетеді. Шәкірттерді шынайы сүйетін және өзі де оларға сүйікті бола білетін ұстаз мұғалімдер мен ата-аналардың сенімін ақтаған қамқоршы жолбасшы екенін адал еңбегімен дәйектей түсті.
Адамзат тарихы және қоғам өмірі қашан да тұлғаларға әрі бай, әрі оларға қажетсінуі үнемі өсіп отырады. Әдетте жеке басының ерекшеліктері айрықша, ешкімге ұқсамайтын, қайталанбас ықпалды болмыс-мінезі тұрақты еліне айналасына тұтқа боларлық, қамқор-қайырымға адал адамдарды тұлға деп тану қалыптасқан.
Міне, Аягүл Төреқызы да сондай тұлға деп танылатын, ақыл-парасаты биік, қашанда үлкен мақсаттарды көздейтін, сөзі мен ісі бір жерден табылатын, ары мен жаны таза, бар ғұмырын адамзат мұраттарына, жас ұрпаққа білім мен ата-аналарға қуаныш сыйлауға арналған жан. Аягүл Төреқызының бойынан елі қазақ әйеліне тән даналық пен тазалық, ұстазға тән парасаттылық, қайраткерлікке тән азаматтық, адамгершілікке тән көркем мінез көреді. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлдың: «Қазақта ізгілік ауқымы мен жауапкершілігі үлкен «Ел анасы» деген ұғым бар. Осы ұғымға бүгінгі аналарымыздың арасынан лайықты адам іздеуіміз де заңдылық қой. Егер кім лайықты деген сұрақ қояр болсақ, мен бірден «Аягүл Төреқызы лайық» деп жауап берер едім. Ақиқаты сол - Аягүл Төреқызының тұлғасын қай тұрғыдан алсақ та, өзгелерге тәлім болар қырлары айқын көрініс тауып тұратынын ол кісімен бір рет кездескен жанның көз жеткізері анық», - («Дөңгелек дүние» газеті, №41 (401), қараша, 2014ж) деп жазғаны - әділ баға.
А.Т.Миразова - мектеп басқару ісінде бай тәжірибе жинақтаған басшы. В.А.Сухамлинскийдің: «Атқарылған істерді пайымдаудың өзі – рухани байлық,» - дегеніндей, Аягүл Төреқызының директорлық іс-тәжірибесі – мектеп басқару өнері мен технологиясының өзіндік үлгісін салған рухани қазына.
Қазіргі мектепте жүріп жатқан әлемдік білім кеңістігіне бағдарлану, гуманизациялау, ақпараттық цифрландыру, құзыреттіліктер қалыптастыруға бағдарлану, зерттей отырып оқу, креативтілік, әлеуметтендіру, сапалы білім беру, Мәңгілік Ел және Рухани жаңғыру құндылықтарын жастар бойында дарыту, бәсекеге қабілеттілік т.б. күрделі жаңа бағыттарда №159 гимназияның еңбек етуінде Аягүл Төреқызының бастамасының үлесі зор. Мектепте үздіксіз үдемелі дамуға қолайлы педагогикалық, психологиялық, ұйымдастырушылық оң ахуал қалыптасып, ол күнделікті еңбек тәртібіне айналған. Педагогикалық ұжым мен оқушылар ұжымы арасында орныққан өзара сенім мен құрмет арқасында олардың еңбек қабілеттілігі мен ынтасы артып, оқу-тәрбие ісінің ынтымақтастықта атқарылуына негіз жасалған. 25 жылдық директорлық қызметінде мұғалімдерді білімі мен біліктілігін құрметтеу тұрғысынан бағалау стиліне адал болып, осы уақытта бір де бір мұғалімге әкімшілік сөгіс немесе жұмыстан шығару сияқты ресми билік шарасына жүгінбеген.
Бұл орайда, А.Т. Миразованың тәлімгерлік еңбегі ерекше үлгілі. Аягүл Төреқызының мектептегі әрбір мұғалімнің кәсіби білікті, шығармашыл, жаңашыл, оқу-әдістемелік және ғылыми ізденісшіл, педагогикалық этика мен психология сырларын меңгерген болып өсуіне тәлімгерлік ықпалы өлшеусіз. Мына төмендегі мектептің даму жолы, оқушылардың және мұғалімдердің жетістіктері туралы деректер Аягүл Төреқызының мектептегі бас тәлімгер екенін айғақтай түседі:
1996 жылы гимназия Алматы қаласы педагогикалық ұжымдарының конкурсының жеңімпазы атанды;
1997 жылы Республика бойынша «Әдістемелік бейнефильм» байқауында бірінші орынға ие болды;
1998 жылы № 159 мектеп гимназия атануы үшін жүргізілген озық оқу-тәрбие жұмысының аттестациясында жоғары бағалануы арқасында жан-жақты профильді гимназия мәртебесін жеңіп алды.;
1999 жылы ОБСЕ-нің Орталық Азия аймақтық Басқармасы гимназияның оқу -тәрбие жұмысымен танысып, әлеуметтілігін жоғары бағалап, кіші баспахана сыйлады, сөйтіп гимназия өзінің стандарттық төрт-сегіз беттік бүктемелі «Жас өркен» түрлі түсті төл баспа газетін ҚР Мәдениет және қоғамдық келісім министрлігінде тіркеп, заңды жолмен жариялауды бастады және ол газет күні бүгінге дейін әр тоқсан сайын басылып шығып келеді.
1999 жылы – Тегеран қаласында өткен Құран оқу бойынша өткен оқушылар жарысына қатысып оұушысы Раисова Шынар жүлделі орынға ие болды
2000-2001 оқу жылы Республикалық «Тыңдаулы мектеп» конкурсының бас жүлдесін жеңіп алды;
2002 жылы гимназия кітапханасы Алматы қаласы бойынша өткізілген «Кітапханашы-2002» сайысында бас жүлдені иеленді;
2004 жылы Республикада «Әйел басқарған ең үздік мекеме» конкурсында «Білім беру» саласы номинациясы бойынша 1-орынды №159 гимназия жеңіп алып, «Әйел басқарған ең үздік мекеме» атанды;
2005 жылы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Сәуле Сайдикеева Швецияда өткен мұғалімдер сайысының «Әлемдік жаңашыл ұстаз» номинациясы бойынша «Новатор мұғалім» дәрежесін иеленді. С. Сайдикееваның озат іс-тәжірибесі әлем елдеріне таратылды;
2005 жылы бастауыш сынып мұғалімі Гүлзина Үржігітова қалалық «Жыл мұғалімі-2005» сайысында «Ұстаздық еткен жалықпас» номинациясында 1-орын алды;
2005 жылы Гүлзина Үржігітова Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының құрметті мүшесі болып сайланды;
2006 жылы информатика пәнінің мұғалімі Гүлназ Тұңғышбаева халықаралық «Microsoft Kazakhstan VCT» сайысында 2-орынды иеленді;
2008 жылы Гүлназ Тұңғышбаева Алматы қаласы бойынша «Жыл мұғалімі» байқауының Гран При Бас жүлдесінің иегері болды;
2008 жылы қалалық «Сынып жетекшісі-2008» байқауында Тамара Хамиева Гран При Бас жүлдесін жеңіп алып, «Креативті сынып жетекшісі» атанды;
2008 жылы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мүгілсім Губаева Қазақстан Республикасы бойынша мұғалімдер арасында өткен сайыс қорытындысында АҚШ-қа екі айлық оқу жолдамасын жеңіп алды;
2008 жылы №159 гимназия «Алматы қаласының бәсекеге қабілетті 50 мектеп» атты байқаудың бас жүлдесін иеленді;
2008 жылы Аягүл Төреқызы Миразованың еліне еткен еңбегі жоғары бағаланып, Елбасы Н.Ә. Назарбаев өз қолымен Қазақстанның Еңбек Ері атағын, «Алтын Жұлдыз» белгісі мен «Отан » орденін тапсырды;
2009 жылы информатика пәнінің мұғалімі Назерке Мұқанова Алматы қалалық «Алтын диск-2009» сайысының Бас жүлдесін жеңіп алды, ал Республикада 2-орынды иеленді;
2009 жылы Алматы қаласының әкімі А. Есімовтың халықаралық, республикалық байқаулырдың жеңімпаздарына тағайындаған «Үркер» алтын белгісі сыйлығы мен алма бейнесі орнатылған көшпелі статуэті жеңімпаздарды ең көп дайындаған мектеп деп танылған №159 гимназияға тапсырылды;
2009 жылы дарынды балаларға арналған білім беру ұйымдары педагогтарының «Үздік авторлық бағдарлама» атты республикалық конкурста №159 мектептің физика және экономика пәні Қайратбек Хамзаханұлы Шадиев және тарих, қоғамтану пәндерінің мұғалімі Асанбекова Гүлмира Сағатқызының бағдарламалары 3-орынды иеленді;
2010 жылы оқушылардың, республикалық астрономиялық турнирінде гимназия оқушылары Т. Аханов, Х. Елшібеков, Е. Жақсымбетов, С. Рүстем 2-орынды иеленді;
2010 жылы қазақ тілі пәнінің мұғалімі Сабыр Жансәуле Республикалық жас дарын педагогтар конкурсында 1-орынды иеленді;
2010 жылы қалалық, республикалық, халықаралық аспаптық шығармалар конкурсының дипломанты, лауреаты, №159 гимназия оқушысы Рахат-Би Әбдісағин «10 Рауан» конкурсында Гран При жүлдесін жеңіп алып, Чехияда өтетін конкурсқа жолдама алды;
2010 жылы Грецияның Халкидики қаласында өткен «Интеллектуалды марафон-2010» халықаралық олимпиадада 11- сынып оқушылары Қ. Есенгелдина, О. Жалмағанбет, Н. Ернар, А. Хаметов математика пәні бойынша 3-орынды, ал физика пәні бойынша 1-орынды жеңіп алды.
2011 жылы Кипрде өткен халықаралық ғылыми жобалар жарысында ағылшын тілі бойынша 11 сынып оқушысы А. Әбілхакім 1-орынды жеңіп алды;
2011 жылы Грецияда өткен халықаралық олимпиадада 11-сынып оқушысы А. Сырғалбай тарих пәні бойынша 1-орын иеленді;
2011-2012 оқу жылында Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназия Республикалық «Үздік жалпы орта білім беретін мектеп» номинациясы бойынша «Білім ұясы» конкурсының 1 дәрежелі дипломын жеңіп алды;
2011 жылы Алматы қалалық «Ең үздік директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары» байқауында №159 гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шолпан Қисымбетова бас жүлдені жеңіп алды;
2012-2013 оқу жылында РФ-ның Протвино қаласында өткен «Компьютерлік физика-2013» халықаралық турнирінде №159 гимназияның 7 оқушысы қатысып, жүлделі 1 және 2 орындыда иеленді;
2013-2013 оқу жылында «Дарынды балаларға-талантты ұстаз» атты республикалық педагогикалық олимпиадада математика пәні мұғалімі Бахтияр Омаров 1-дәрежелі дипломмен марапатталды;
2012-2013 оқу жылында №159 гимназияның 23 оқушысы республикалық, халықаралық, өнер, білім, ғылым салалары бойынша ғылыми жоба және олимпиадада жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде «Үркер» төсбелгісімен марапатталды және осы салаларда жеңімпаз шәкірттерінің саны ең көп мектепке берілетін «Алма» атты көшпелі статуэтін жеңіп алды;
2012-2013 оқу жылы 10-сынып оқушысы Б. Бекенова Республикалық Ғылыми жобалар жарысында 1 жүлделі орынды иеленіп, Америкада мектеп оқушылары арасында өтетін «Интелғылым және инжинаринг» көрмесіне, АҚШ-тың Ғылым қызметі өткізетін оқушылар арасындағы өте сирек, әлемдік дәрежедегі халықаралық ғылыми жобалар жарысына жолдама алды;
2012-2013 оқу жылында №159 гимназия оқушысы Рахат-Би Әбдісағин Мәскеу қаласында өткен «Математика және жобалау» атты халықаралық ғылыми жобалар конкурсында 1-орын жеңіп алды;
2012-2013 жылы Алматы қалалық «Ең әдемі ару» байқауында 10-сынып оқушысы А. Нұрсейіт Бас жүлдені, гимназияның оқушылар командасы «Жас құтқарушылар» сайысында 1-орынды иеленді;
2012-2013 оқу жылы Жас натуралисттер станциясында өткен қалалық «Табиғатты қорғау-Отаныңды қорғау» сайысында гимназия командасы 1-орын алды;
2012-2013 жылы қалалық жарысында гимназия шахматшылары 1-орынды, ұлттық ойын бойынша оқушылар 2-орын, баскетболдан 2-орын т.б. жүлделі орындар иеленді;
2014 жылы Алматы қаласы бойынша 323 оқушы «Үркер» төсбелгісінің иегері болса, соның ішінде Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияның 38 оқушысы иеленді;
2013-20147 оқу жылы №159 гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Гүлмира Асанбекова Алматы қаласы бойынша оқу-әдістемелік орталық «Авторлық мектеп» ашу мәртебесіне ие болып, өз жұмысын бастады.
2013-2014 оқу жылы №159 гимназия халықаралық республикалық білім жарыстарының жеңімпаздарын ең көп дайындағаны үшін соңғы алты жылда үшінші рет жеңіп алып отырған «Үркер» сыйлығының «Алма» статуэтін иеленді.
2014 жылы 11-сынып оқушысы Әсия Марат ҰБТ бойынша 125 балл жинады;
2014 жылы қала бойынша «Жыл мұғалімі» сайысында физика және экономика, астрономия пәндерінің мұғалімі Қайратбек Шадиев бас жүлдегер атанды. Республикалық сайыста «Үздік педагог» атанып, 1900000 теңге сыйлық алды;
2015 жылы республикалық «Дарынды балаларға-таланты ұстаз» атты олимпиадада ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Салтанат Құдайбергенова 1-дәрежелі дипломмен марапатталды ;
2015 жылы Республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында биология пәнінің мұғалімі Толқын Оспанбек 2-орын иеленді;
2016 жылы гимназияның домбырашы мұғалімдердің «Домбыра-дастан» ансамблі қалалық мұғалімдер көркемөнерпаздар сайысында Бас жүлде алды;
2016 жылы ҰБТ қорытындысында 11-сынып оқушысы Аружан Мейірхан және Рәмзия Оспанова әрқайсысы ең жоғары көрсеткіш-125 балл жинады. Сондай-ақ бір оқушы 124 балл, бір оқушы 122 балл алды. Гимназияның орташа балы 110-ға жетті.
2016 жылы №159 гимназияда тұңғыш рет еліміз бойынша ең алғашқы мектептік робототехника зертханасы ашылды.
2016 жылы Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназияның педагогикалық ұжымы Алматы қаласы бойынша қала әкімі өткізген «Ең үздік педагогикалық ұжым» байқауында Гран При Бас жүлдесін жеңіп алды. 2016 жылдың «Ең үздік педагогикалық ұжымы» атағына ие болды.
А.Т. Миразованың тәлімгерлік еңбегінің жоғары екені мектеп педагогикалық ұжымының сапалық құрамы көрсеткіштерімен де сипатталады. Барлығы 100-ге жуық мамандардың ішінде:
- Оқулық, оқу бағдарламалары, дидактикалық, әдістемелік, электрондық құралдарының авторы-36;
-Жоғары дәрежелі, жоғары санатты мұғалім-61;
-Жоғары дәрежелі бірінші санатты мұғалім-22;
-Жоғары дәрежелі екінші санатты мұғалім-11;
-ҚР Еңбек Ері-1;
-Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер -2;
-ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері -12;
-ҚР оқу ісінің үздігі-32;
-Еңбек ардагерлері-16;
-Ерен еңбегі үшін медалі-2;
-Ы. Алтынсарин медалі иегері-10;
-ҚР Білім және ғылым министірлігінің Құрмет Грамотасы - 26;
-Гуманитарлық ғылымдар академиясының акдемигі -3;
-Коучерлер -3
-Тренерлер -7
-«Өрлеу » біліктілікті арттыру орталығының деңгейлік даярлықтан өткендер-26;
-Мұғалімдердің қалалық, республикалық, халықаралық олимпиадаларында т.б сайыстарында жеңімпаздар -57.
-халықаралық, республика көлемінде озат тәжірибесі таратылғандар – 43
- педагогикалық монография жазғандар – 3
- Ғылым магистрлері – 5
- магистратурада оқитындар – 6
- әкімнің Грамоталарымен марапатталғандар – 42
- Мұғалімдердің БАҚ жарияланған оқу-әдістемелік мақалалар саны – 200 астам
- Гимназияда, қалада, республикада конференция-семинарларда өткізгендер – 30дан астам.
Міне, бұл статистикалық көрсеткіштер А.Т.Миразованың мектептегі тәлімгерлік-ұйымдастырушылық жұмысы толассыз үдемелі атқарылып отыратынын көрсетеді. Мұндайлық ауқымды да жоғары дәрежедегі кәсіби біліктіліктің сапалық өрлеп өркендеуінде бір ғана басшылық-ұйымдастырушылық әрекеттер жеткіліксіз, ол үшін жекебастың шебер тәлімгерлік, тұлғалық-педагогикалық үлгі-өнегесі міндетті түрде керек болатын болса, Аягүл Төреқызының бойындағы рухани-адамгершілік құндылықтар мен қасиеттері өз алдына бір қазына. Бірде бірінші сынып мұғалімі Гүлзина Үржігітова бір үйдің ерке баласы айналасындағы құрбыларына маза бермей, шолжаңдай берген соң: «Ерсайын, енді құрбыларыңа тиісуді қоймасаң, сені Аягүл апайға айтам»,- демей ме. Сөйтсе әлгі оқушы: «Ия, Аягүл апай менің досым,» - депті. Ата-анасымен келген бүлдіршіннің әрбірінің мінезіне қарай жанына жақын лайықты сөз тауып, мейірленіп басынан сипап, киімін түзеп, мақтау айтып күнде қарсы алатын дәстүрінен айнымайтын директор апайды мектепте кіші де, үлкен де шынайы дос көреді. («Алтын жұлдызды ұстаз» кітабы, Алматы: «Атамұра», 2016ж-616 бет).
Бұл ізгі ниетті достық сезім Аягүл Төреқызының мыңнан астам оқушының әрқайсының аты-жөнін біліп, әрбірінің жүрегіне жылу құйып, қуантып, рухын көтеріп, көңілдендіріп жүретін биік рухани-адамгершілігінен бастау алады. Таратып айтсақ, біраз әріптестерінің пікірлерін келтіре кету артық болмас. Бидайбекова Эльмира Исабайқызы: «Аягүл Төреқызы мектеп қабырғасындағы мың екі жүздей оқушының, жүзден астам ұстаздың жағдайын жан-жақты біліп отырады, әлеуметтік-тұрмыстық, қарым-қатынастық мәселелердің түйінін тарқатып, қолынан келер көмегін ешқашан аяған емес. Бұл дегеніміз – Қазақстанның болашақ тіректерін толықтай біліммен қамтамасыз ететін, тұп-тұнық тәрбиені бойына сіңіртетін ұстаздардың жай-күйін жасап беру. Осыдан кейін жан-тәнімен сабақ бермей көр!!!». («Алтын жұлдызды ұстаз» кітабы, 616 бет). Тұңғышбаева Гүлназ Облбекқызы: «Аягүл Төреқызы қанша қолы тимей, уақыты тығыз болып жатса да, алдындағы кісіні құрметтеп, өзінің көмегін ұмытқан емес. Шаршай қала салу, тастай салу, ертеңге қалдыру деген мүлдем жоқ... №159 мектепке кіргеннен баланың оқығысы кеп тұратын, ұстаздың жұмыс жасағысы кеп тұратын көңіл-күй сезінесіз... Бұл кісінің күнделікті ресми емес сөзінде де тәлім-тәрбиенің самалы есіп тұрады. Бұл – жүрегінде адамға деген сарқылмас махаббат толы деген сөз». («Алтын жұлдызды ұстаз» кітабы, 616 бет).
Қисымбетова Шолпан Бахытжанқызы: «Қазақстанның Еңбек Ері атағын алғандар Аягүл апайдай-ақ болсын. Осынау еліміздің ең жоғары наградасына дейінгі еленген еңбегінен Аягүл апайдың содан бергі еңбегі артып түспесе, - кемшін тұсы болған емес. Бұл – ол кісінің Отан алдындағы рухани-адамгершілік парызын өтеу сезімінің шырқау шыңындағы шын азаматтық бейнесі». («Алтын жұлдызды ұстаз» кітабы, 616 бет).
Тасболатова Гүлжәмила Қажыақбарқызы: «Он жыл бойы ірі корпорацияға тең келерлік материалдық-техникалық базасы бар, үлкен ұжымдық жалақы қоры бар мекеменің есеп-қисабын, қаржылық мәселелерін басқарып шешу барысында Аягүл Төреқызының ақыл-кеңесін, іскерлік-шаруашылық көмегін, қолдауын көріп келемін. Білім саласының маманы болмасам» да, білім ордасында қызмет істеп, Аягүл Төреқызындай бала мен ата-анаға ақылшы дос, еліне жанашыр, адамгершілігі тұнып тұрған қамқор, Қазақстанның білім саласында ойып орын алған есімі қазақ тарихында алтын әріппен жазылған дара адаммен қызметтес болғаныма мың да бір шүкірлік етемін,» («Алтын жұлдызды ұстаз» кітабы, 616 бет).
Мұндай ел құрметтеп қымбат бағалаған рухани-адамгершілік қасиеттері Аягүл Төреқызының қоғамдық және шығармашылық жұмысының да өзекті арқауы болып, абыройдан абыройға жеткізгенін де айту керек.
2011 жылы Семей қаласында Аягүл Төреқызы Миразованың қала мұғалімдерімен, білім саласы қызметкерлерімен, студенттерімен кездесуі ұйымдастырылды. Аягүл Төреқызына Семей гуманитарлық университетінің Құрметті профессоры атағы берілді. Мұндай студент жастармен А.Т.Миразованың кездесулері Абай атындағы Алматы Ұлттық педагогикалық университетінде де, Қазақ мемлекеттік қыздар университетінде де, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде де, Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде де т.б. ЖОО-да болып тұрады.
А.Т.Миразова 2011 жылы Қостанай қаласына ұлы педагог Ы.Алтынсариннің 170 жылдық мерейтойына арнайы шақырылып, қатысты. Мерейтойдың бағдарламасы бойынша А.Т.Миразовамен республика ұстаздарының, Қостанай облысының білім беру қызметкерлерінің, Ы.Алтынсарин атындағы университеттің студенттерінің ресми кездесуі өткізілді. 2013 жылы Өскемен қаласындағы Алматы қаласының мәдениеті күндерінде ол Шығыс Қазақстан облысының ұстаздары, қоғам белсенділері алдында баяндама жасады.
А.Т.Миразова Қазақстан әйелдерінің республикалық Құрылтайының делегаты болды. Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайының үш съезіне қатысты. 2002 жылы «Қазақстан Республикасы салауатты өмір салты» мамандарының форумында (1-съезінде) делегат, ҚР ағарту қызметкерлерінің 1,2 және 3-съездерінде делегат болып қатысты. Республиканың математика мұғалімдерінің съезінде баяндама оқыды.
А.Т.Миразова 2002 жылдардан бері «Қазақстан мектебі», «Ұлт болмысы» т.б. журналдардың редколлегия мүшесі болды. Ол 2003-2004 жылдары «Жалпы орта білім берудің білім стандарты» проблемасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Сорос-Қазақстан» Қорының жұмысшы тобының мүшесі. А.Т.Миразова ҚР Білім және ғылым министрлігі жанында құрылған Қоғамдық ықпалдастық Кеңесінің мүшесі, Қазақстан Республикасы «Үздік ұстаз» байқауының сарапшылар алқасының мүшесі, Алматы қалалық білім беру басқармасының коллегия мүшесі, Алматы қаласы мектеп директорлары Кеңесінің төрайымы. А.Т.Миразова «Нұр Отан» партиясының жергілікті ұйымының жұмысына белсенді қатысатын мүшесі. А.Т.Миразова Елбасының аса маңызды стратегиялық Жолдауларды, құжаттарды жариялау жиындарына шақырылып отырады. Мемлекет басшысы қабылдауы рәсімдерінде де Құрметті қонақтар қатарында қатысу құрметіне ие болған.
Аягүл Төреқызы Елбасы жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында құрылған ел дамуының белгілі бір саласына еңбегі сіңген қазіргі әйелдердің антологиясын басып шығару мәселесі бойынша жұмыс тобының құрамының мүшесіне енген.
А.Т.Миразова өзінің педагогикалық бай іс-тәжірибесімен қалалық, республикалық түрлі жиындарда, семинарларда, конференцияларда, педагогикалық оқуларда баяндамалар жасап бөлісіп отырады. Сондай-ақ Аягүл Төреқызының ұстаздық-басқарушылық іс-тәжірибесі 12 әртүрлі энциклопедиялық кітаптарда көрініс тапқан және арнайы зерттеліп, «Алтын ұя мектебім», «Алтын жұлдызды ұстаз» атты монографияларда жарияланған. Сонымен қатар А.Т.Миразова өзі де ғылыми-әдістемелік еңбектер жазған: 7-сыныпқа арнап геометрия оқулығы мен дидактикалық материалдарды және есептер жинағын (2004), 8-сынып үшін геометрия оқулығын (2012), 9-сыныпқа арнап геометрия оқулығын авторлық құрамда (2013) «Мектеп» баспасынан шығарған. Ол сондай-ақ «Мектеп шұғыласы» атты әдістемелік кітап жариялады (2011). «Образовательные стандарты общего среднего образования Республики Казахстан: Состояние, поиск, перспективы» монографиясының авторлық ұжымында болды.
А.Т.Миразова әр жылдарда 300-ге жуық педагогикалық, оқу-тәрбиелік, қоғамдық-көпшілік тақырыптарда мақалалар, сұхбаттар жариялаған, «Хабар», «Қазақстан», «Алматы» т.б. телеарналарда, қазақ радиосында арнайы ұйымдастырылған хабарларға қатысқан.
А.Т.Миразованың ғылыми-әдістемелік ізденістері мен еңбектері негізінде Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі, Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі болып сайланған. А.Т.Миразова туралы деректер Республикалық педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыру институтында, «Өрлеу» педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру орталығында мұражайлық бөлімдерде жұртшылық назарына ұсынылған.
А.Т.Миразованың озат іс-тәжірибесі еліміздің ЖОО-да, мектептерінде, мұғалім кадрларының біліктілігін арттыру орталықтарында пайдаланылуда.
А.Т.Миразова есімімен Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы бір балабақшаға берілген. Аягүл Төреқызына Жуалы ауданының (туған жері), Жамбыл облысының, Алматы қаласының Құрметті азаматы атағы берілген.
А.Т.Миразова – бақытты отбысының құт-береке қазығындай отанасы. Жары Байнатов Жұмабай – сәулетшілік ғылымында доктор, профессор, академик, үлкен құрылыс-маманы, белгілі сәулетші. Бір ұл, екі қызы да қоғамда өз орындарын тапқан, үйлі-жайлы азаматтар, білікті мамандар.
А.Т.Миразова бүгіндері құрметті зейнетте болса да, мектептерге, білім беру жүйесіне, қоғамдық жұмыстарға іс-тәжірибелік, тәлімгерлік көмек жасап, қайраткерлік биігінде көрінуде.
Достарыңызбен бөлісу: |