2.2. Қоғамдық ұйымдардың ерекшеліктері
Қоғамдық ұйымдар бірлесе амал, әрекет жасау үшін халықаралық, жалпымемлекеттік, аймақтық, ұлттық, жергілікті көлемде ресми және бейресми сипаттағы одақтарға, халықаралық ұйымдарға бірігуі мүмкін.
Қоғамдық ұйымдар әр түрлі келеді. Оған партиялар, кәсіподақтар, жастар ұйымдары, кооперативтік бірлестіктер, шығармашылық (творчествалық) одақтар,әр түрлі ерікті қоғамдар (ғылыми,ғылыми-техникалық, мәдени –ағарту, спорттық,қорғаныс және т.б) жатады. Қоғамдық ұйымдар арқылы миллиондаған адамдар өзін-өзі басқаруға белсенді қатысып, өмір мектебінен өтеді.
Қоғамдық ұйымдар мынадай түрлерге бөлінеді:
Қоғамдық –саяси мүдделеріне сай құрылған ұйымдар. Бұған алдына саяси мақсаттар қойған ұйымдар жатады.
Экономикалық мүддесіне қарай құрылған ұйымдар.
Таптық белгісіне сай ұйымдар (кәсіподақтар, шаруалар одағы).
Қызмет түріне қарай құрылған ұйымдар (ғылыми-техникалық, оқу-ағарту, денсаулық сақтау, ұлттық-мәдени, спорттық, қорғаныс, діни, т.б).
Көпшілік ұйымдардың ішінде айрықша көзге түсетіні-кәсіподақтар.
Кәсіподақ – бір мамандықтың немесе өндірістің бір саласында еңбек ететін адамдарды біріктіретін қоғамдық ұйым. Алғаш рет кәсіподақтар капитализмге тұңғыш аяқ басқан Англияда XVIII ғасырдың басында пайда болды. Кейінірек олар өнеркәсібі дамыған барлық елдерде қалыптасады. Себебі, капитализмнің әкелген аяусыз қанауына төтеп беру үшін жалданушы жұмыскерлер бірігіп, ұйымдасқан түрде өз мүдделерін қорғайды. Олар жеке адамның өмір сүруіне қажет ілімдер, ережелер мен айлықтар жүйесін меңгеруге, еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің мәдени деңгейін көтеруге көмектеседі.
Кәсіподақтар өз қызметінде жұмысшы табына сүйенген саяси партиялармен тығыз ынтымақтастықта болып, солармен бірлесе жұмыс істеген елдерде ең үлкен рөл атқарады. Кәсіподақтар мен партиялар арасында мұндай келісе қимылдау, әсресе, Ұлыбритания, Германия, Скандинавия елдеріне тән.Бұл елдерде жұмысшы табының арасында социал-демократтардың ықпалы жоғары. Олар кәсіподақтарға идеологиялық және саяси жағынан әсер етеді. Кәсіподақтар қамқошы партияны күшейте түсуге және олардың үкімет басында ұзағырақ болуына мүмкіндік жасауға тырысады. Бұл үшін олар жұмыс берушілермен ымыраға келіп, еңбек нарқында тыныштықты сақтауға күш салады. Мұндайды «жауапты» кәсіпорын дейді.
Үкіметке қарсы күрес жүргізуші партиялармен одақтасқан кәсіподақтар болады. Олар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатына тікелей әсер етпейді. Мемлекет тарапынан оларға да ешқандай көмек болмайды мұндай кәсіподақтарды «жауапсыз» кәсіподақтар дейді.
Біздің республикамызда кәсіподақтар мемлекеттік және қоғамдық істерді шешуге араласады. Еңбекшілердің еңбек және тұрмыс жағдайларын жақсарту олардың материялдық және мәдени дәрежесін арттыруға басты көңіл бөледі. Олар еңбек және демалыс жағдайларын жүйеге келтіретін заңдар мен қаулыларды, ұжымдық шарттарды жасауға тікелей қатысады, әлеуметтік қамсыздандыру ісін басқарады, еңбек сақтау мен техника қауіпсіздігінің ережелері сақталуын қадағалайды. Шаруашылық басшыларын тағайндау мен босату мәселелері кәсіподақтармен келісіліп шешіледі.
Кәсіподақтар өз міндеттерін үш түрлі жолмен шешеді:
1. Жұмысшылардың экономикалық, әлеуметтік тұрмыс жағдайын түзетуге арналған өкімет тарапынан жекелеген жеңілдіктердің болуы.
2. Үздіксіз ереуілге шығып, өкіметке күшпен қысым жасау.
3. Кәсіподақтардың өз көзқарасын өкіметтің саясатымен сәйкестендіріп, мемлекет, кәсіпкерлердің өкілдерімен бірлесе отырып, өзара тиімді шешім іздестіру.
Достарыңызбен бөлісу: |