Қазақ әйелдерінің ұлттық киімдері



Дата12.10.2019
өлшемі312.05 Kb.
#447171
Қазақ әйелдерінің ұлттық киімдері

Қазақ әйелдерінің ұлттық киімдері

Қазақ халқының киiмi басқа ұлттардан өзгеше өзiндiк қасиетке толы. Мұның басты себебi қазақ халқының табиғат төсiнде өсiп, еркiн ғұмыр кешуімен байланысты. Өткен ғасырлардың өзінде-ақ киіміне қарап адамның ұлтын ғана емес, сонымен қатар оның қандай дінді ұстанатындығын, қала адамын ауыл тұрғынынан, бойжеткенді жас келіншектен айыруға болатын еді. Сонда біздің ата-бабаларымыз, соның ішінде әйелзаты қалай киінген? Мұндайда тарихи деректер, саяхатшылар жазбалары, көне сызба-суреттер сыр шертеді.

Қазақтың ұлттық киімдерінде оның этникалық тарихы мен экономикалық, әлеуметтік және табиғи ортаның ерекшеліктерінен туындайтын көне дәстүрлері сақталған. Олар пайдалану, қолдану ерекшеліктеріне байланысты күнделікті және сәндік киімдерге, жыл мезгілдеріне қатысты қыстық, маусымдық және жаздық киімдер болып бөлінеді. Қазақтың ұлттық киімдерін жас пен жыныс ерекшелігіне қарай: сәби, бала кездегі киімдер, жігіт, қыз боз бала дәуірінің киімдері, орта жас, сар кідір кезеңдегі киімдері деген сияқты түрлерге жіктеуге болатындай. Сондай-ақ қандай кәсіби салаға қатыстылығына қарай — жұмыс киімдері, бір киер сәндік киімдер, үй киімдері, іш киімдер, сырт киімдер, аңшы, малшы, басшы, жауынгер киімдері деп те бөлінеді. Жыл мезгіліндегі тұтынысына қарай жаздық, қыстық, күз-жазғытұрымғы (демисезондық) киім деп ажыратылады. Адамның дене мүшелеріне сәйкес бас киім, ұлы дене киім, аяқ киім деп жіктеледі.

Сондай-ақ қазақ халқында қалыптасқан дәстүр бойынша әр рудың, әр қоғамдық жiктiң, кәсiп иелерiнiң киiм киюiнiң өзiндiк ерекшелiктерi сан алуан. Мысалы: сал-серiлердiң, қожа-молдалардың, байлар мен билердiң, бақсы-балгерлердiң, кедей шаруалардың, аңшы-саятшылардың т.б. киiмдерi бiр-бiрiне мүлде ұқсамайды. Осындай ерекшелiктердi бас киiм кию дәстүрiнен де байқауға болады.

Киім тақырыбына қалам тартқан этнограф С.Қасиманов қазақтың киімін сипатына қарай iштiк, сырттық, сулық, бiр киер, сәндiк және кейбiрiнде салтанат ғұрып киiмi деп бөледі. Бiр киер киiм деп қымбат маталардан әшекейлеп тiгiлген, той-думандарға, жиын-топтарға барғанда, өзге елге сапарға шыққанда киетiн сәндi киiмдердi атаған. Қазақ салтында ер жiгiт егеске түсерде, соғысқа барарда киiмдердiң ең жақсы көрнектiсiн киген. Iштiк киiмдерi — көйлек, дамбал, желетке, қамзол, кәзекей, сырттық киiмдерге — шапан, күпi, кеудеше, тон, шидем, сулық киiмдерге— шекпен, қаптал шапан, кебенек, кенеп, сырттық жатады.

Қазақтың ұлттық киiм үлгiлерiнiң көшпелi тұрмыс пен құбылмалы ауа райына бейiмделе дамуына көршi халықтармен арадағы мәдени-экономикалық байланыс, шаруашылық-мәдени тип, тiршiлiк қамы мәдениетi әсер еткендiгi сөзсiз.

Жас қыздар бүрмелі етекті көйлек, бешпет, камзол, қынама бел киімдер киеді. Бастарына үкі кепеш, аяқтарына мәсі, оюлы кебістер киген. Бойжеткен қыздар кәмшат бөрік киеді, сәндеп өрнектеген ақ шыт тартады.Тұрмысқа шыққан қыздар алғашқы жылы сәукеле, күнделікті өмірде желек киеді де, балалы болған соң сәукелесін тастап, шылауыш орамал жамылады. Жас келін деп үлкен кісілерді көрген кезде бетін желегімен көлегейлеп жүреді, бұл иба көрсеткені. Әлеуметтік мәртебесі бекіп, бірнеше балалы болған соң кимешек шылауыш киеді. Кимешекті қызыл жіппен шым кестелеп кисе күйеуі барлығын, ал ақ жіппен жай ғана су тартып кисе жесір әйел екендігін көрсетеді. Шылауышты кимешектің үстінен тартады. Әйелдер тері бұлғары мәсі-кебіс, қыста қозы елтірісінен ішік киеді. Елтірі ішік ақ, қара, күрең болады.Әйел киiмдерiнiң қазақ елiнiң бәрiне мәлiм ортақ түрлерi: көйлек, кимешек, жаулық, сәукеле, желек, тақия, қамзол, кәзекей, кебiс-мәсi, көкiрекше сияқты заттар. Әшекей, ажар жағынан қыз бен келiншек киiмдерi, орта жастағы әйелдер мен қарт бәйбiшелердiң киiмдерi деп төрт топқа арналып тiгiледi.

 ӘЙЕЛДЕРДІҢ БАС КИІМДЕРІ

Әйелдердің бас киімдері:

сәукеле

бөрiк


қарқара

кимешек


жаулық

күндiк


желек

шәлi (жiбек, шiлтер, оюлы түрi бар)

бүркенiш

бергек


қасаба

тақия


шылауыш

жаулық


Қыздардың тақиясы қызыл, күлгін, жасыл, тағы басқа бір түсті шұға, барқыт, мауыты сияқты кездемелерден өңдi маталардан қабатталып сырылып тігіледі. Тақия төбесі, әлбетте, төрт сай немесе дөңгелек келеді. «Таңдай», «ирек», «қабырға» тігістермен сырылып, жібек, алтын, күміс, зер жіптермен кестеленiп, моншақ асыл тастармен безендiрiледi. Түрлі-түсті моншақ-маржан, алтын, күміс теңгелер және асыл тастармен безендіріледі. Үкінің үлпілдек қауырсынын әсемдік үшін тақияның төбесіне қадайды. Үкілі қадалған тақия қазақ қыздарының ерекше ұнатып киетін бас киімі болған. Қыздардың киетiн тақиялары жiбек, зер жiптермен тігіліп, Маңғыстауда “телпек”, шығыс Қазақстанда “кепеш” деп аталады.

Қасаба – тұрпаты дөңгелек, желкесіне қарай ойыңқылау келген, дөңгелек тақияға ұқсас етiп пiшiледi де, артқы жағына немесе желкесiне қарай бiрте-бiрте ойыңқы түскен құламасы болады, ұшы әйелдiң арқасына қарай төгiлiп жатады. Айдыны зерлi жiптермен кестеленiп, қиылысқан жерiн алтын жолақпен жауып, зерлi әшекеймен безендiредi. Құламасына шашақтар тағылады. Шашақтың көп тағылуын “ұрпағы көбейсiн” деген игi тiлекпен түсiндiруге болады. Қасабаның маңдай тұсына түрлi асыл тастармен тiзiлген дөңгелек табақшалармен бекiтiлген қыстырма iлiнген. Ал самай тұсына ұзынырақ күмiс қоңыраушалармен ұшталған 5-6 тiзбек салпыншақ қыстырған. Көне түркі (қыпшақ) бас киімнің негізгі элементтерін бойына сіңірген қасаба атауы «алтын зерлі» деген мағына береді дейді этнограф Ө.Жәнібеков. Қасаба көбіне төре, сұлтандардың қыздары киетін бас киім саналған.

Қазақта сирек те болса кездесетін бас киімінің ерекше түрі — қарқара. Ш.Уәлиханов еңбегінде: «Қыздардың басында төбесіне құс қауырсыны қадалған сұлтан киетін бас киім болыпты» дейді (Шығармалар жинағы. І том, 326 б.). Қарқара кигенде әйелдер жаулықтың бір ұшын желке тұсына келтіре сәл шығарып қояды да, қалған бөлігін кимешектің сыртынан айналдырады, шашын көрсетпей жауып тұрарлықтай етіп орайды. Жаулықтың ұзындығына байланысты қарқараның биіктігі де әртүрлі болады.

Кимешек — қастерлі, ел арасынан үзілмей келе жатқан әйел адамның бас киімі. Кимешек ақ бұлдан тігіліп, жиегін астарлайды. Кимешектің иекті айнала маңдайды жауып тұратын екі жағын “шықшыт” дейді. Кимешекті жас ерекшелігіне сәйкес әшекейлейді. Егде әйелдердің кимешегінің әшекейі аздау, ою-кестесі жеңіл болады, сары, ақ жіппен сырылады. Жас әйелдердікі қызыл, жасылмен әшекейленеді. Кимешектің алдын “жақ” деп атайды. Оны қол кестесімен кестелейді. Кимешек-шылауышты жас келіншектер, орта жастағы әйелдер, кемпірлер тартып киеді. “Кимешек кию, шылауыш тарту” деген сөздер арқылы бұл бас киім айқындалады. Кимешекті басқа сәйкестіріп пішіп тігеді. Кимешектің адамның арқасына түсер жері ұзыншақ келеді. Мұны “құйрықша” деп атайды. Адамның белінен төмен түсіп, шашты жауып тұратындықтан осылай аталғанға ұқсайды.

Кимешек кеуде, иық, жонды жауып тұратын тұйық болады. Тек адамның бет-әлпеті шығып тұратын жері “ойық” болады. Ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп әшекейленеді. Жылтыр жіптермен бастырылып, сырыла тігіледі. Ойықтың жиегін өңді жіппен “шалып” тігеді. Мұны “алқым шалу” деп атайды. Алқым шалудан кейінгі “жадағай” тігісті “су” деп атайды. Судан кейін “қиықшалап” тігеді. Қиықшадан кейін су “жүргізіп”, “құман бау” деп аталатын әшекей тігіспен тігеді. Құман баудан соң “Күрең кесте” деп аталатын ою-өрнек салынып тігіледі. Күрең кестеден кейін “сағат бау” тігісі жүріледі. Сағат бау кей жерде “ағақ бау” деп те аталады. Кимешектің кеудедегі бөлігінің ұшына күміс теңгелер тағылады. Бұл кимешекке сән береді, әрі төмен қарай басып, жазып тұрғанға әсері болады. Кимешектің бір мәні әйел адамдардың шашын шаң-тозаңнан сақтап, додырап шықпауына септігін тигізеді. Бұл да діни наным-сенімнен туындап, мұсылман әйелдерінің шашын жасыруларына көмегі тиеді. Кимешектің Қазақстанда бұрама жаулық, иекше атаулары кездеседі.

Кестесіне қарай кимешек қызыл жақ, сары жақ, ақ жақ деп үшке бөлінеді. Ақ жақты қарт әжелер, қызыл жақты келіншектер, сары жақты жастар киеді. Кимешек кейде күміспен, тана, моншақтармен шеттіктеледі. Әр тайпа мен рудың кимешектерінің пішімінде, түрінде және сырт көрінісінде өзіне тән ерекшеліктері болған.

Қазақта жас келіннің алғаш кимешегін кигізуге байланысты ғұрыптық әрекеттер өткізілетін. Күйеуге шыққан әйелдің бас киімі – кимешектің бөлшектері оның жасына орай біртіндеп өзгеріп отыратын. Некелескен кездегі бас киімнен кейін алғаш киілген кимешек ең сәнді болып есепетелді. Жас келінге алғашқы кимешегін кигізу әйелдің қонақы асын беруімен бірге өтетін. Оны келіннің енесі ұйымдастырып, күйеу ауылының қарт әйелдері шақырылған. Олардың бірі жас келінге кимешек кигізіп, енесінен сый алатын.

Кимешектің, қазақ рулары мен тайпаларының өзгеше болуына байланысты, әр түрлі үлгілері болады. Кимешектiң Қазақстанда бұрама жаулық, иекше атау-лары кездеседi. Көне түрі — тігілмей пішілген мата кесегі, басқа тартылған орама кимешекті Ақмола қазақтары ХХ ғ.20-30 жылдарына дейін киген. Келесі бір түрі матаның тұтас кесегінен пішіліп, бір жақ қырынан келетін жағынан бас сұғатын орын қалдырылып, бір-ақ тігіспен тігілетін болған түрі Омбы, Атбасарда, Әулиеата өңірінің теріскейінде және оңтүстіктегі қоңыраттарда сақталған. Солтүстік және Орталық Қазақстанда кимешектердің алдыңғы жағы трапеция немесе үшкірленіп пішіліп, жоғарғы бөлігінде бетке орын қалдырылған; арқа жағы дұрыс ромба түрінде келеді де, құйырығы тізеге, тіпті өкшеге дейін түсетін болған. Шығыс Қазақстандағы кимешектер құйрық бөлігі қысқалау, алдыңғы жағы жоғарғы бұрыштары қиғаш келген төртбұрыш секілді болған; оның екі жағы-на квадратқа жақын түрдегі жақтаулар бекітіліп тігілген. Сырдария бойында бөлек бүрмелі кимешек түрі болған, оның алдыңғы жағы тура бұрышталып пішілген; төменгі ұзын жағы кеудеге түсіп, ал жоғары жағы бүктеліп, бетті екі жағынан қоршап тұру үшін басқа байлап бекітіліп қоятын болған. Оңтүстік қазақ әйелдерінде кеңінен тараған кимешек түрі ұзынынан екіге бүктеліп пішілген мата кесегінен жасалатын болған. Көп тараған түрі “мұнара тектес болған”. Ол үшін бүкіл мата біртіндеп басқа оралып, ұштары орам арасына кіргізіледі немесе желке жақтан түйіледі (Захарова И.В., Ходжаева Р.Д. Казахская национальная одежда: ХIХ — нач. ХХ в. -Алма-Ата: Наука, 1964. — С.115-122).

Жаулық әр ру, елде түрлiше аталған:  оңтүстiк, орта-лық, шығыс Қазақстанда оны көбiнесе (матаның көлемiне байланысты) шаршы, Жетiсу, Алтай өңiрлерiнде шылауыш, ал оңтүстiк Қазақстанда күндiк деп аталады. Рудың өзiне тән ерекшелiктерi болған: Маңғыстауда матаны қабат ұзын тіліктен тігілген бұрама жаулық кисе, Семейде үшбұрышты, шеттері тым созыңқы орамал тәрізді етіп үшбұрыш түрi болған. Арқа жерiнде жоғары және төмен деп аталатын қос жаулық тартқан. Шылауыштың шетiне қол кестемен қызыл, жасыл, сары, шолақ және жалғасқан қысқа оюларды салады. Маржан, түйреуішпен тағып, төбесіне шашақ төгіліп, кестеленген төбелдірік салады.

Бұрынғы Торғай облысы аумағындағы жас келіншектер ХХ ғасырдың басында сұлама немесе сәукеле жаулық киген, бұл жерде оның екінші атауы тегін берілмеген, себебі оның шығу тегі сәукелеге байланысты. Оның негізін бірнеше қабат қағаз немесе картоннан жасалған қатты каркас құраған (бұрындары тәрізі киізден болса керек). Түрі жоғарыдан қиылған конус сияқты, биіктігі жарты метрдей, қапталған матасының артқы шеті емін-еркін арқаға түсіп кетеді. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында мұндай бас киім Бөкей ордасында да тараған, яғни жалпы Қазақстанның Солтүстік батысына тән киім үлгісі. Оның төменгі жағына оқалы кесте тігіп, моншақтар қадаған, ал жан-жағына күміс әшекейлер бекіткен. Орта жастағы әйелдер оны кеңірек әрі төменірек тігіп, әшекей тақпай киген. Қартамыс әйелдер үстіңгі жаулықты каркассыз бұрайтын болған. ХІХ ғасырда әйелдер үшін міндетті киім түрі болған жаулық Орта Азия халықтарына да кеңінен тараған.

Әйел кимешегінің сыртынан тартатын шұлауышты ақ жібектен, ақ түсті шүберек матадан көлемін шаршы етіп алынған ақ матаның шетiн қайырып шалып тігіп дайын-дайды. Матаны шаршылап маңдайын қатырма етіп, шашының үлкен бөлігін тұтас төбені жауып тұратындай есеппен екі шекесінен қыр шығарып жасайды. Қатырма салынған маңдайдан күмістен жасалған салпыншағы төгіліп тұрады. Шұлауыш шаршысының ұзын, қысқа болуы тұтынушының бойының ұзындығына байланыс-ты. Шұлауышты басқа тартқанда шаршысының ұшы етіктің сірі өкшесіне тиіп тұруға тиісті. Шылауыштың шетiне қол кестемен қызыл, жасыл, сары, шолақ және жалғасқан қысқа оюларды салады. Оның бұрыштарына ұшбұрыш және дөңгелек оюларды кестелеп немесе сырып әшекейлейдi. Шылауыштың төбесiнен шекеге таман үкiнiң сабағын орап маржанмен отырғызады. Жас келіншектер тарта-тын шұлауыштардың бұрышын кестелеп, төбесіне ша-шақ төгіліп, кестеленген төбелдірік те пайдаланады.

Шәлінің бүркеніш, жібек, оялы, торғын, шілтерлі деген түрлері және ою, өрнек гүл шоқтары сызылған әртүрлі бедерлі немесе шымқай қызыл күлгін т.б. өңділері де болады. Шәлiні әйелдер өздерiне шаршылап, кейде үшбұрыштап әртүрлi үлгiде iз салып, ақ немесе күлгiн түстi ешкi түбiтiнен де тоқиды. Қыстық жүн шәлілер түбіт, түйе жүнінен үлпілдек етіліп тоқылған, басқадай да суық өтпейтін қалың, жылы маталардан жасалып, барлығының да шетіне шашақ төгіледі. Бедері барын жастар, бірыңғай, өңділерін орта жастан асқан ана, әжелер тұтынады. Шәлінің құны, сапасы мен қажеттілігі жағынан да салыға жетпейді.

Шаршы шыт– Шаршы шытты ертеректе ақ түсті (ақзу, ақторғын, атылас, шыншу т.б.) материалдардан жасап пайдаланатын болған. Мұндай шыттардың төртқұлағын кестелеп немесе қызыл, сары күлгін т.б. өңді шүберектерден үш бұрыш астырып, сырып әшекейлеп келді. Шаршы ақ шытты жіңішкелеп бүктеп жапсырылған екі бұрышын дәл ортасына келтіріп бүктеп қаттама арасына артық шығарып бүктейді де екі ұшын әркім өз басына сәйкес түйіп байлайды. Байлау оң жақ шекеге келеді де, ұшындағы үшбұрыш шүберек жапсырылған ұшы шығып тұрады. (Халел. Н. Ұлттық мирас)

Орамал (парсы, араб.румал) – Ерте кезде кестелеп жасалған қол орамалды қыздар жігіттерге сыйлайтын болған. «Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды» дейтін халық мәтелі осыдан шыққан. Орамалдың басқа тартатын шаршы және қиықша түрлері де бар.

Сәукеле – қазақ әйелдерінің дәстүрлі киімдері аса бай, керемет сәнді бас киімдер ішіндегі ең әшекейлі, әрі күрделі, ұзатылған қыз киетін аса қымбат бағалы ғұрыптық бас киім. Сәукелені Орта Азия мен Қазақстан-ды мекендеген үшкір тымақты сақтар – тиграхаудтардың бас киіміне ұқсатады. Сәукеленің биіктігі шамамен бір жарым, екі қарыстай болады. Сәукеленің негізін жұқа ақ киізден сырып тігеді де, сыртын қызыл шұғамен тыстап, қымбат бағалы аң терісімен әдіптейді: алтын, күміс әшекейлер, моншақтар тағады; жоғары қарай жіңішке-ре түскен төбесіне үкі қадап, тірсекке түсетін асыл тасты, оқалы лента тігіп, бергегіне бетті көлегейлейтін желек бекітеді.

Сәукеленің негізгі бөліктері –тәж, төбе, құлақ бау және артқы бау. Сәукеленің төбесі қиықтанып келеді. Оның төбесінде тәж деп аталатын жартылай дөңгелек айдары болады. Сәукеленiң екi самайдан түсіп тұратын інжу, маржаннан жасаған шашақталған төгілме моншақ, салпыншақ шекелiк немесе жақтама аталады. Ол барған жерінің ұрпағын көбейтсін, өсіп-өнсін деген игі тілекпен жасалған. Екі жақ самай тұсына бетке жеткізе шолпы тәріздендіріп бірнеше қатар маржан тізілген салпыншақтарды сәукеленің бетмоншағы деп атайды. (“Бетмоншағы түсіп (үзіліп) тұр” дегендегі бетмоншақ). Сәукеле бастан қисайып немесе түсіп кетпеу үшін тамақтан өткізетін бау тағылады. Екі құлақ тұсына омырауға жететін құлақша тоқылады. Сәукеленің арнайы күмістен жасалған төбелдірігі, маңдайшасы, екі жағында тізілген маржаннан салпыншақ пен жақтауы және белге дейін түсіп тұратын артқы құлағы болады. Сәукеленің төбесіне жібектен желек салынып, оған үкі (қарқара) қадалады. Ту сыртынан жерге жететіндей ақ желең немесе ақ жібек жаулығы тағылады.

Жаңа түскен келінге беташар айтылып, үлкендер тілек-батасын берген соң сәукелесінің сыртынан жабылған жамылғысы — бүркемесі (ақ бүркеншігі) қамшымен сабымен түріліп, беті салтанатты түрде ашылған соң ол алынып, оны желекпен алмастыратындығы белгілі. Ақ бүркеншек алғаш түскен келінді тіл мен көз сұғынан сақтайды, әрі ақ болуы-адалдық, тазалықтың белгісі, ибалықтың нышаны санайды. Жаңадан қауымға мүше болған жанның өз қауымы мен жаңадан мүше болып келіп жатқан қауымның арасындағы өтпелі кезеңді белгілейтін сәтте қолданылатын зат.

Қазақ халқының қолынан міне, осындай сан түрлі киім үлгілері жасалып шыққан. Әсіресе, ұлт өмірінде әйел затына арналған киімдердің ерекше рөлі болғаны анық. Себебі, әйел затына ерекше құрметпен қарау дәстүр-лі мәдениетіміздің ерекше көрінісі екені күмәнсіз. Халқымыз қыз баланың әсемдігін денесін жалаңаштау арқылы емес, мың құлпырған бояуы қанық, келісті де көрікті киімдері арқылы көрсетуді жөн көрген.

Осы ретте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырып отырған іс-шараның да мәні аса жоғары деп есептеймін. Бұл байқау тек шариғат бойынша киінудің мәселесін ғана емес, ұлттық нақыштағы киімдерімізді де насихаттаудың тиімді жолы.  Көшелерде, түрлі қоғамдық орындарда әрі заманымызға сай, әрі қазақы, әрі мұсылмандық канондарға сай киінген қыз-келіншектер көбейсе, ұлттық мәдениетіміз де өркен жая бастайтыны даусыз. Әрине, бір ғана байқаумен бүкіл мәселе бірден шешіле қоймас. Бірақ осы іс-шараны әрі қарай іліп әкетіп, дәстүрлі түрде жыл сайын өткізудің жолдарын қарастырса құба-құп. Сөз соңында, елімізге тілерім ұлттық мідениетіміз жаңғыра берсін, ұлдарымыз салмақты, қыздарымыз ибалы болсын! Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Қазақтың ұлттық киімдері Ол - өте құнды тарихи-мәдени мұрамыз
Киімадам денесін ауа райының, қоршаған ортаның зиянды әсерінен қорғайтын бұйым. Олардың бәрі де адамдардың ақыл-ойы мен эстетикалық талғамының, еңбегінің жемісі. Адамзат полеолит-тас дәуірінде-ақ тігіссіз байланатын лыпа киімдерді пайдаланып, сүйек ине, сүйек бізді қолдана отырып тері және тоқыма киім-кешек жасауды үйренген. Ал енді неолит дәуірінен бастап өру, иіру, тоқу кәсібі өмірге келіп, иықтан, мықыннан киілетін киім түрлері пайда болды. Қазақтардың қазіргі киімдерінің көбісі сақ дәуірінен бастау алады. ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ойыл мен Сағыз бойын мекендеген қазақтардың киім-кешегін палеоэтнологиялық деректермен салыстыра зерттеген С.И.Руденко, тіпті күпінің қазаққа, оның ата-бабасына кем дегенде екі мың жыл бұрын белгілі болған киім үлгісі екенін дәлелдеп берді. Негізінен, қазақ киімдерін кеңінен зерттеу Қазан революциясынан кейін ғана қолға алынды.

Киімнің негізгі түрлері

Қазақтың ұлттық киімдері негізінен мынандай түр-ге бөлінеді: іштік киімдер, сыртқы (өң) киімдер, сулық киімдер, ерлердің бас киімдері, әйелдердің бас киімдері, аяқ киімдер. Бұларға мынандай киімдер жатады:



Іштік киімдер

Бешпент, дамбал, жейде (көйлек), қамзол, күрте, (желетке), шалбар. Сыртқы (өң) киімдер Жадағай шапан, жарғақ, күпі, сырмалы шапан, тай-жақы, тон, шапан, шидем, ішік, қолқап.



Сулық киімдер

Аба, кебенек, кенеп, сырт-тық, шекпен.



Ерлердің бас киімдері

Башлық, бөрік, далбай, жалбағай, жекей тымақ, күл- пара, қалпақ, құлақшын, ма-лақай, мұрақ, тақия, тымақ, шалма.



Әйелдердің бас киімдері

Бергек, бөрік, жаулық, желек, кимешек, күндік, ора- мал, қарқара, сәукеле, та-қия, шәлі.



Аяқ киімдер

Кебіс, көк етік, мәсі, мық- шима, саптама етік, шоң-қайма.




Киімдердің әлеуметтік дәрежесі

Ұлттық киімдеріміз пайдалану, тұтыну ерекшеліктеріне қарай күнделікті, сәндік киімдер, жыл мезгілдеріне байланысты қыстық, маусым аралық, жаздық, күздік киімдер болып бөлінеді. Жас және жыныс ерекшеліктеріне сәйкес мынандай түрлерге жіктеледі: сәби киімі (иткөйлек, сылау тақия), бала киімі (кепеш, малақай, құлақшын, жейде, дамбал, шалбар, етік, бешпент, шапан), бозбала киімі (тақия, етік, жейде, шалбар), бойжеткен киімі (желбіршек- ті көйлек, тақия, кәзекей), қалыңдық киімі (сәукеле, желек), келіншек, бәйбіше киімі (көйлек, кимешек, жаулық, қамзол, кебіс, мәсі, көкірекше), күйеу, жас жігіт, ақсақал киімдері (шапан, ішік, бешпент, сырма шалбар, ақ жейде, дамбал, саптама етік, кебіс, мәсі). Әлеуметтік дәрежесіне, қызметіне байланысты ұлт-тық киімдер мынандай да топқа бөлінеді: жоғары текті қазақтардың киімі, сал-серілер киімі, сән-салтанат киімдері, ұлттық ойын-сауық, жарыстарда киетін киім-дер, ғұрыпты киімдер, қа- зақтың неке киімдері, күй-еу жігіт киімі, қалыңдық киімі, дінге байланысты салт- тық және ғұрыптық киімдер, діндарлар киімі, жерлеу рәсіміне байланысты өлікке кигізілетін киім, аза тұтушылардың қаралы киімдері, қазақтардың ертедегі сулық және кәсіптік киімдері, малшылар киімі, аңшылар киімі, батырлар киімі және т.б. Біздің арнайы зерттеп, пай-ымдағанымызда білгеніміз: қазақтың ұлттық киімдерінің түрлері мен атауы көп. Тіпті киімдерді ұлы жүз, орта жүз, кіші жүз үлгілері деп те танып жатады. Сондай-ақ, кейбір киімдер ру, тайпа аттарымен де былайша аталып, танылады: қыпшақ тымақ, арғын тымақ, найман тымақ, адай бөрік, қызай бөрік т.с.с. Қазақтың ұлттық киімдерін географиялық аймағына қа-рай Жетісу үлгісі, Арқа үлгісі деп те атау кездеседі. Бірқа-тар қазақ киімдерінің үлгісіне көршілес орыс, тәжік, қырғыз, түркімен халықтарының киім тігу мәнерінің де әсер еткені мәлім. Ал енді көне ғасыр- ларда пайда болған қазақтың көптеген киім түрлері мен үл- гілері бізге жеткен жоқ. Біз-дің ұлттық киімдеріміздің не- гізгі түрлеріне байланысты арнайы салт-дәстүр, ырымдар бар.



Ұлттық киімдерге байланысты салт-дәстүрлер мен ырымдар Баскиімдер бойынша

Тымақ. Ол қасиетті баскиім саналады. Оны айырбастамайды, аяқ тигізбейді. Қазақта шала туған баланы тымаққа салып асырайтын дәстүр бар. Біреуге бас ұрғанда да аяғы-на тымағын тастайды. Тымақ тастап кешірім сұрау бітімге шақырудың ең үлкен белгісі.

 

Баскиімге қауырсын тағу

«Алтын Адамның» баскиіміне де төрт алтын қауыр-сын ілінген. Тамғалы тастағы суреттерде де қауырсынды баскиім киіп, малдас құрып отырған адам бейнеленген. Баскиімге қауырсын тағу көп халықта бар. Ол мифтік наным бойынша жердегі адамның рухтық болмысының аспан әлемімен байланыста екендігін танытады. Жаулық. Оған қатысты арнайы заң жолы, салт бар. «Жеті жарғы» бойынша қыл- мыстық, бұзақылық істе ол үшін кімге, кімнің құн тө-ленетінінің орнына «сары жаулық» жүрген. Бұл жаулық құн төлеуге келіскендікті біл- діреді. Күйеуі өлген әйел өзі-нің қаралы екендігін таныту үшін бір жыл бойы сары жаулықты тағып жүретін болған.



Баскиімге қатысты тыйымдар

Баскиімді іліп қояды, кез – келген жерге тастай салмайды, астыға басып отырмайды. Олай жасаса, бастан бақ таяды. Ер адам әйелдің жаулығын басына салмайды. Олай жасаса, еркектіктен айырылады. Қыз бала басына ақ, қара орамал тартпауға тиісті. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгісі. Жалаңбас отырып бала емізбейді, ас – су әзірлемейді. Баскиімнің төбесін басып кимейді, оны айырбастамайды, ешкімге сыйламайды, сатпайды. Тек сыйлыққа киілмеген, жаңа баскиім алып беруге болады.



Сырт киімдер бойынша

Ішік. Қазақ салты бойынша, қасқыр ішікті жиырма беске толмаған жастар кимеуге тиіс. Өйткені қасқыр ішік жас адамның жалыны мен тері қызуын тұмшалап, оны ауруға ұшыратуы мүмкін. Екі адам боранда адасып кетіп, қасқыр ішікті аман қалып, қасындағы адам үсіп өлсе, оның туған – туыстары аман қалған адамнан құн даулауға құқылы. Себебі, бір қасқыр ішік екі адмды суықтан қорғап қала алады. Мұның бәрі дала заңында бекітілген тәртіп. Ішік қазақта сый – сияпат, киіт орнына жүрген.

Шапан. Қазақтар оны «жағалы киім» ретінде ба-ғалайды. Адамға «шапан кигізу», «иығына шапан жабу» – үлкен құрмет. Бұрындары хандар батыр, би, жақсы – жайсаңдарына дәреже бергенде соның белгісі ретінде арнайы тіктірткен шапанды олардың иығына жапқан, түрлі мемлекеттік қатынастарды бекіту белгісі ретінде де шапан жіберетін болған. Қазақта ат мінгізіп, шапан жабу дәстүрі қазірде бар. Ханның өзі киген шапанын сыйға алу – қазақ халқында үлкен мәртебе.

Жейде. Ұзақ жасаған, халқына өте қадірлі болған, ба- қытты тұрмыс құрған қария-лардың жолын берсін деп, олардың жейде – көйлегін сұрап алып, ырымдап киген. Мұндай киім өте тозыңқы болса, оны алғысы келгендер көбейіп кетсе, әлгі киімді бұзып, кішкентай беторамал көлемінде тәбәрік деп бөліп алған. Қариялар бұрындары көп бала тапқан әйелдердің бұткиімін бала кө-термеген әйелдердің сұрап, қалап алғанын да айтады. Әйел босанарда толғағы жеңіл болсын деп көйлегінің шетін де жыртып, «жол ашу» ырымы жасалатын көрінеді. Шалбар. Қазақтар шалбар мен етікті отырып киюге тиіс. Оларды соғыс кезінде ғана тұрып киген. Ұл тапқысы келген әйелдің еркектердің қару – жарақтарын, шалбарын басына жастап жататын, қыз тапқысы келген әйелдің қызыл ала шыт, әйелдің жүзігін, сырға, алқа тәрізді әшекейлерді басына жастап жататын ырымы ерте кезден келе жатқан наным – сенім.



Сырт киімдерге қатысты ырымдар мен тыйымдар

Баланы бесікке салғанда бесіктің үстіне жеті түрлі сырт киімдерді (шапан, тон т.б.) жабатын ырым бар. Киімнің жағасын баспайды. Ол жамандық шақыру. Киімді бисмилла деп оң қолдан, оң аяқтан бастап киеді, сол аяқтан, сол қолдан бастап шешеді. Киімді желбегей жа-мылуға болмайды. Өйткені аруақтар ғана (мүрделер) жеңсіз кебін киеді, кебінін желбегей жамылып үйге кіреді, екі қолы жоқ адам да киімді желбегей жамылады. Тозбаған киімді тастау да – жаман ырым.



Неке киімдеріне қатысты салт – дәстүр

Сәукеле. Оны қыз ұзатыларда әкесінің үйінде, оң жақтағы үкілі тақиясының орнына кигізеді. Келін болып түскеннен кейін сәукелені шешіп алып қояды да жас келін бір жыл бойы желек жамылып жүреді.

Орамал. Ұзатылған қыз өзіне таяу сіңілісіне басына тартатын орамалын береді. Бұл «ендігі кезек сенікі, бақытыңды тап» деген тілек. Мұны «шарғы салу» деп атайды.

Той киіміне қатысты ырымдар мен тыйымдар.

Жаңа түскен келіннің бетін тобылғы сапты қамшының басына қызыл торғын орамал байлап ашатын дәстүр бар. Бұл – «келіннің беті айдай жарық болсын, жемісті ағаштай ұрпағы көп болсын» деген ырым. Күйеу жігіт қалыңдығын алып ба-ра жатқанда оның етегінен басып, шапанын алып қа-лады. Бұл күйеу бала киімін жаңаласын, өмірі ажарлан-сын деген ғұрып. Жаңа түскен келін киімін тектен-текке қыс-қарта беруге тиісті емес. Олай жасаса, нәрестесінің кем болып тууы мүмкін.



Сәбилер киімдеріне қатысты ырымдар мен тыйымдар

Бойына бала бітпеген әйел баланың иткөйлегін қалап алады. Иткөйлекті аяқ асты, далаға тастамай, қастерлеп сақтайды, кім көрінгенге бермейді. Оның сыры, қазақтар иткөйлек баланың бақытын сақтайды, сәбидің бақыты иткөйлек киген күннен басталады деп сенеді.



Аяқ киім бойынша Кебіс. Ол «табандық киім». Даладан үйге кірген адам қалыптасқан ғұрып бойынша кебісін шешіп, оң жақ босағаға қатарластырып, тұм-сығын отқа, сірі өкшесін іргеге қаратып қоюға тиісті.

Аяқ киімге қатысты ырымдар мен тыйымдар

Аяқ киімді төңкеріп қой-майды, теріс кимейді. Олай жасаса, адамның жолы болмайды. Қазақ аяқ киімнің табанына қарамайды, егер табанына көзі түссе үш мәрте түкіргені жөн. Себебі аяқ киімнің баспайтын заты жоқ. Аяқ киімнің табанына қараған адамның көзінің ұшынуы мүмкін. Жо-рықта басқа жастанатын еш- нәрсе болмағанда етігін жастанып жатады. Өйткені, «Етік жолға бастайды, шалбар (жастансаң) сорға бастайды». Сұқ тиген баланы ұлтарақпен үш мәрте ұрып, ұшықтайды. Жаңа ұлтарақты аяқ киімге салғанда алдыңғы жағының басын бойлата тіліп, иесіне «жолын ашу» ырымын жасайды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет