Қазақ философиясы тарихы. Ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін. – Т. Қазақ философиясының


ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ОНЫҢ АРҒЫ ТЕКТЕРІ ТАРИХИ САНАСЫНЫҢ



Pdf көрінісі
бет4/57
Дата28.03.2024
өлшемі2.98 Mb.
#496759
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   57
annotation23044

 
 1.3. ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ОНЫҢ АРҒЫ ТЕКТЕРІ ТАРИХИ САНАСЫНЫҢ 
ҚАЛЫПТАСУЫ
 
Қазақ халқының философиялық мұрасында ұлттық тарихи сана 
үрдістерін жаңғырту ерекше маңыздылыққа ие. Бұрынғы КСРО орнына 
тәуелсіз жаңа мемлекеттер пайда болып, олар егемен әлеуметтік-экономикалық, 
мәдени дамудың арнасына түскен уақытта бұл сапалы өзгерістерге лайық 
тарихи сананы қалыптастыру қажеттігі өз-өзінен түсінікті. Н.Ә. Назарбаев 
Қазақстанның ХХІ ғасырдағы басты даму жолын белгілеген “Қазақстан-2030” 
атты стратегиялық бағдарламасында халқымыздың рухани жаңару процесінің 
егемендікпен келген рухани бостандық, ұлттық дүниетаным мен тарихтағы 
дербес танымдардың қалыптасуы нәтижесінде болғанын атайды. Бұл үрдістерді 
ары қарай тереңдету тек ұлттық мәдениет аясында ғана жүзеге аса алады және 
батыстық дайын философиялық үлгілерді қабылдау еліміздің алдында тұрған 
тарихи мәселелерді шешуге негіз бола алмайды. 
Алайда, мәселенің басқа жағынан алғанда, ұлттық тарих философиясын 
деконструкциялау тек партикулярлық ұстындармен шектеле алмайды және бұл 
қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған тарихи тәжірибесіне сай келмейді. 
Алдымен бұл мәселенің ұрпақтар сабақтастығы мен тарихи санаға тікелей


51 
қатысы бар екендігін ескерген жөн. Осы кіріспе мақала кеңмәтінінде
жадылық тұрғыдан тарихи сананың үш бітімін атап өтуге болады: 
1. Адами – өмірбаяндық ес. Әркім өзінің ұрпақтарының жадысында 
сақталған уақытқа дейін өмір сүре береді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы «Жеті 
атасын білмеген ұл жетесіз» деген нақыл сөз осыған мегзейді. 
2. Шежірелік (генеалогиялық) немесе ауызекі тарихи ес. Бұл формада 
жеке-дара кісілік естің ауқымы кеңейтілгенімен, мәдени артефакт (тарихи
тұлға, оқиға, құндылық т.б.) туралы тарихи білім өз объективтілігінен 
айырылып қалуы мүмкін. Мысалы, исламға дейін қалыптасқан тарихи
шежірелер кейін мұсылмандық арғы тектермен толықтырылды. Өзінің 
түпнегізін пайғамбардан, сахабалардан, жалпы арабтардан бастау беделді 
болып есептелді. 
3. Тарихи ес. Ислам мен христиандықта жазылған сөздің түпнегізі
жаратушының адамзатқа берген сыйы деп есептеледі. Жазбаша мәтін тарих 
сындарынан өтетін мәдени құндылықтардың сақталуының кепілі. «Ырық 
бітіг» пен «Алтын жарық», Орхон-Енисей жазбалары, «Қорқыт ата кітабы» 
т.б. осындай функцияны атқарады. 
Рухани сана үшін ең үлкен қауіп тарихи есті жоғалту болып табылады. Ш. 
Айтматов оны «мәңгүрттену» деп атаған. Өркениетті адамзат өзінің мәдени 
мұраларын қорғауға, мәңгүрттену үрдісіне түсіп кетпеуге үлкен мән береді. 
Итальяндық Ренессанс адамгершілік мұраттарын нысанға ала отырып, мәдени 
мұраны қайтадан өркендетуге бағытталды. Тағы бір мысал келтірейік. Қазіргі 
батыстық баспасөзде Иранда партикуляризм бар деген пікір жиі кездеседі. 
Алайда бұл елде исламға дейінгі мәдени мұраға деген үлкен қастерлеушілік 
байқалады. Зәрдеш дініне қатысты храмдар (аташханалар) мемлекет 
қорғауына алынған, мысалы, Исфаһан қаласында зәрдештік храм еркін жұмыс
істеп тұр. Ұлттық мұражайда исламға дейінгі мәдени артефактылар көпшілік 
назарына ұсынылған. Онда ешкім (біздің кейбір авторлар сияқты) 
зороастризмді отқа құлдық, ал Фердоусиді «примитивтік» діндерді жырлаған 
ақын деп қорламайды. Себебі мәдени сабақтастық өркениеттілікке жеткізетін 
даңғыл жолдардың біріне жатады.
Тағы бір тарихи-мәдени параллельге назар аударайық. Х-ХІІ ғасырларда 
Орталық Азияда Ислам Ренессансының өзінің шарықтау шегіне жеткенін, 
«көзқамандардан» басқалардың бәрі, аңғара алады. Алайда моңғол 
шапқыншылығынан басталып, түркілердің өзара этникалық тартыстарымен 
жалғасқан бұл үрдістер, Ш. Уәлихановтың сөздерімен айтқанда, бұрын білім 
ордаларына, обсерваторияларға, т.б. бай өлкеде кертартпа билеушілер мен 
дінибасыларына, «зындандар» мен «кенеханаларға» толы иеліктермен 
аяқталды. Бұл тарихи санадан айырылудың айқын көрінісіне жатады. 
Жалпы алғанда исламият мәдени мұра мен сұқбат мәселесінде үлкен 
жетістіктерге жеткенінің мысалдары көп. Айталық, белгілі халиф әл-Мамун 
Бағдат қаласына атақты ғұламалар мен кәсіби аудармашыларды жинақтап, 
оларғ антикалық философияның көрнекті өкілдері еңбектерін араб тіліне 
аудару туралы өз тілегін жеткізді. Бұл ислам мәдениетінің сол заманда 
өркендеуінің басты себептерінің бірі болып табылады.


52 
К. Поппер айтқандай, “бәріне ортақ ешбір тарихи заңдылықтар болуы мүмкін 
емес… Әрбір жаңа ұрпақ тарихты өз еркінше талдау құқына ие. Тіпті, өзінің 
күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін, белгілі бір мағынада, солай ету тиіс те! 
Меніңше, адамзаттың ортақ тарихы жоқ, оның орнына адам өмірінің түрлі 
қырларымен байланысқан шексіз көптеген тарихтар бар…”( Ашық қоғам және 
оның жаулары. Т. 2. – Алматы: Раритет, 2005. - 305, 310, 311, 312 бб.).
Кеңес дәуіріндегі жетпіс жыл бойы халқымыздың өзіне лайық тарихы 
тұмшаланып айтылмай келгені, айтылса да саясаттың ыңғайына қарай 
бұрмаланып, теріс түсіндіріліп келгені белгілі. Шынайы тарихи дамуды 
түсіндіру амалдары тек қана тап күресімен шектеліп қарабайыр-ландырып 
жіберілді. Қазақстан мен Орталық Азиядағы көшпелі мәдениет алғашқы 
қауымдық, жабайылық ретінде қарастырылып, ұлттық тарихтағы мемлекеттік 
дәстүр жоққа шығарылды. Қоғамдық және мәдени дамудың батыстық үлгіден 
түбірлі айырмашылықтары ескерілмеді. Қазақстанның Ресейге кіруінің себеп-
салдары асыра дәріптелді, оның отаршылдық саясатының тұжырымдары 
бүркемеленді. Қазақ халқының мәдени тарихына деген нигилистік көзқарас 
қалыптасты. Тек тәуелсіздік тұсында ғана халық өз тарихы мен тағдырына бет 
бұруға мүмкіндік алды. Осыған орай отандық тарихты саралап танудың басты 
бағыттарының біріне қазақ халқының этногенездік, этникалық-саяси және 
рухани-мәдени тарихының мәселе-лерін тиянақтап талдау қажеттілігі 
туындайды. 
Дүниежүзілік тарих философиясының батыстық және шығыстық 
үлгілерінің бар екендігі даусыз мәселеге жатады. Сонда да батыстық тарих 
философиясын 
қазақ 
дүниетанымы 
тұрғысынан 
сараптау 
біршама 
қиындықтарға ұшырайды. Солардың арасында төмендегідей ой желілеріне 
басты назар аударғымыз келеді:
1. Тарихи сананың батыстық формалары мен құндылықтары қазір үстемдік 
танытып, өздерін бірден-бір мүмкін ақиқат деп жариялап келеді.
2. Батыстық тарих философиясы христиандық өркениеттің бүкіл әлемдік 
батыстандыруға деген ұмтылысының өзіндік санасын түйіндейді.
3. Қазақ және басқа түрік халықтарының тарихи санасы отаршылдық қысым 
жағдайында қалыптасты.
Қазақ тарих философиясы тек көшпелі ауызекі мәдени ареалда 
қалыптасты деу сыңаржақтылыққа жатады. Қалыптасқан бірыңғай ұлттық 
тілдің жазба дәстүрі болуы – халық мәдениетінің, өркениетінің дамуындағы 
алғы шарттардың бірі. Тіл әрбір халықтың ерте кездерден бергі өніп-өсуінің, 
дамуының, бүкіл болмысының құдіретті көрінісі. Тілдегі әрбір сөздің ар 
жағында сол халықтың тіршілік-тынысы, салт-санасы, әдет-ғұрпы, наным-
сенімі, басынан өткен қилы-қилы заманның белгісі, тарихы тұрады. Демек, оны 
халық болмысының айнасы деуге әбден болады. Тілсіз тарихи сана жоқ. 
Тарихи сана кез келген халықтың бүгінгі болмысын, арманын, алдағы-сын, 
кешегісін, келешегін бейнелейді. Сондықтан оның қалыптасуы ұзак, уақытты 
бірнеше ғасырларды, тіпті мыңжылдықтарды алып жатады. Қазақтың тарихи 
санасы да солай дамыды. Ол Еуразия құрылығының керіліп жатқан кең 
даласын мекендеген қыпшақ, қаңлы, үйсін, арғын. алшын, керей, дулат, 


53 
қоңырат, найман сияқты тегі бір, түбірі туыс ру, тайпалардың рухани дүниесі 
арқылы қалыптасып, уақыт сынына төтеп берді. Оның електен өтіп, артынша 
сұрыпталып, сындарлы сапаға ие болуында қыпшақ тілінің айырықша рөлі зор. 
Осы тілде жазылған ежелгі қазақ жерін жайлаған халыққа, тайпаларға
түсінікті жазба мәдениеттің бір нұсқасы XVI-шы ғасырда жарық көрген 
“Кодекс Куманикус” атты еңбек болды. 
Біз “ауызекі мәдениет” деген үйреншікті терминнен бас тартайық деп 
тұрғанымыз жоқ. Бұл әсіресе кейін өркендеген жыраулық дәстүрдегі тарихи 
санаға байланысты. Өйткені, жыраулар құбылысы – ауызекі дәстүрдің жемісі. 
Бұл дәстүр бұрын аңыз, ертегі, эпос тағы сондай дүниелер туызса, орта ғасыр 
кезеңінен бастап (мүмкін бұл дәуірдің біздің заманымызға біршама 
жақындығынан да болар) аса құнды деректер сақтаған далалық ауызекі 
тарихнама мен ауызекі дәстүрлі әдебиет туғызған. Осы дәстүрдің көрінісі 
ретінде 
қазақстандық 
тарихшы 
В.П. 
Юдин 
Өтеміс 
қажының 
“Шыңғыснамасын” атап өтеді (Юдин В.П. Переход власти к племенным биям и 
неизвестной династии тукатимуридов в казахских степях в XIV в. (к проблеме 
восточных письиенных источников, степной устной историографии и 
предыстории Казахского ханства) / Утемиш-хаджи. Чингиз-наме. Алма-Ата, 
1992. – 15 б.). Қазақ тарихына қатысты «Даланың ауызша тарихнамасы» 
мәселесі бұл жерде эвристикалық қызмет атқарады, қолданбалы және 
теориялық деректанудағы ресми қабылданған ұстанымдарға қайшы келетініне 
қарамастан, көшпелілер тарихын зерттеудің бағытын қалыптастырады. В.П. 
Юдин шығыстық жазба дерек көздерімен ұзақ жылғы жемісті еңбегінің 
нәтижесінде XIV ғасырдағы қазақ даласының тарихындағы кейбір 
ақтаңдақтардың (тимуридтік және шайбанидтік жазба деректерде осы дәуірде 
Шығыс Дешті Қыпшақта тайпа билеушілерінің, кейіннен Жошының 13-ші 
баласы Тұқай-Темір ұрпақтарының билікке келуі мүлдем айтылмайды) орнын 
толтыратын осы жазба деректердегі өзгеше жіктемелік топты бөліп алып 
шықты. Олардың қатарына тікелей Дешті Қыпшақ көшпелілерінің ауызша 
тарихи біліміне негізделген шығармалар жатқызылады.
Демек, қазақ халқының тарих философиясы ғасырлар бойы Ұлы дала 
аймағында қалыптасқан осындай дәстүрлі материалдық және рухани 
мәдениеттің, синкреттік дүниетаным мен ментальдық ерекшеліктердің негізінде 
қалыптасты. Тарих философиясымен және тарихи зерттеулердің әдістемесімен, 
деректанумен айналысатын еліміздегі тарихшылар ортағасырлық шығыстық 
жазба деректерді салыстырмалы-мәтіндік талдау, оларды идеялық-саяси және 
текстоло-гиялық ерекешеліктері бойынша жіктеу сияқты деректанулық мәселе-
лерге үлкен көңіл қойды. Осының нәтижесінде ортағасырлық қазақ тарихына 
қатысты жазылған он жеті парсы және түркі деректерін жинақтаған «XV-XVIII 
ғғ. Қазақ хандығы бойынша материалдар» атты ұжымдық аударма-еңбек 
жарияланды. Қазақ хандығы дәуірінен мәлімет беретін бұл маңызды жазба 
ескерткіштер мыналар еді: 
1) «Тауарих-и гузидайи нусрат-наме» («Жеңістер кітабының таңдамалы 
тарихтары», авторы белгісіз); 
2) «Фатх-наме» («Жеңіс туралы кітап», авторы – Молла Шәді); 


54 
3) «Шайбани-наме» («Шайбан туралы кітап», Камал ад-дин Бинаи);
4) «Зубдат ал-асар» («Жылнама қаймақтары», Абдаллах Балхи); 
5) «Тарих-и Абу-л-хайр-хани» (Әбілқайыр ханның тарихы», Масуд бен 
Усман Кухистани); 
6) «Бадаи ал-вакаи» («Таңғажайып оқиғалар», Зайн ад-Дин Васифи); 
7) «Тарих-и Рашиди» («Рәшидтің тарихы», Мырза Мұхаммед Хайдар 
Дулати); 
8) «Тазкира-йи Ходжа Мухаммад Шариф» («Қожа Мұхаммед Шәріптің 
тұрмысы», авторы өзі); 
9) «Шараф-наме-йи шахи» («Шахтың даңқы кітабы», Хафиз Таныш); 
10) «Сығанақтан шыққан грамоталар»; 
11) «Бахр ал-асрар фи минакиб ал-ахйиар» («Ізгі кісілердің биік қасиеттері 
құпиясының шалқар көлі», Махмұд бен Әмір Уәли); 
12) «Тарих-и Шах Махмуд бен Мирза Фазыл Чорас» («Шах Махмұд бен 
Мырза Фазыл шорастың тарихы», авторы өзі); 
13) «Тарих-и Қыпшақи» («Қыпшақ тарихы», авторы Қыпшақ-хан деген 
атпен белгілі Қожамқұли-бек Балхи); 
14) «Тарих-и Қашғар» («Қашқар тарихы», авторы белгісіз); 
15) «Ислам-наме» («Ислам кітабы», авторы Шаир Ахун деген лақап атпен 
белгілі Молла Әбд-әл Әлім); 
16) «Фирдаус әл-икбал» («Бақыттың жұмақ бағы», Шир-Мұхаммед бен Әмір 
Ауаз-бий мираб, лақап аты – Му нис); 
17) «Тарих-и амнийа» («Аманшылық тарихы», Молла Мұса бен Молла Иса-
қожа Сайрами). 
Қазақ хандығы мен қазақ халқының саяси тарихынан, шаруашылық және 
әлеуметтік-мәдени өмірінен хабар беретін бұл жинаққа енбей қалған маңызды 
жазба деректер қатарына Захир ад-Дин Бабырдың «Бабырнамасын», Фазлаллах 
ибн Рузбихан Исфаханидің «Михман-наме-йи Бұхара» («Бұхар қонағының 
жазбасы») еңбегін, Құрбанғали Халидидің «Тауарих-и Хамсасын» және т.б. 
жатқызуға болады.
Қазақстандық тарихшылар ауызша тарихнаманы қоғамдық құбылыс 
ретіндегі жалпы тарихнаманың дамуындағы әмбебап кезеңдік-типологиялық 
феномен 
түрінде 
қарастыра 
отырып, 
оның 
жазба 
тарихнамамен 
ұқсастықтарымен қатар қайталанбас ерекшеліктері бар екендігіне назар 
аударады. Демек, ауызша тарихнаманы зерттеп үйрену өзінің пәні мен 
әдістемесі жағынан жазба тарихнаманы зерттеуден айрықшаланатынын 
білдіреді. Сондықтан да біздің ғалымдар ауызша тарихнаманың мәліметтерін 
жинақтау, жүйелеу, жіктеу, талдау және тарихи зерттеулерде қолдану 
принциптерін даярлау міндеттерін шешу жүктелетін деректанулық сипаттағы 
өзгеше тарихи көмекші пәнді ашуды ұсынады. Осылайша мәдениеттің ұмыт 
қалған осы бір ерекше саласын тірілтіп, оны қалыптастырушы көшпелі 
халықтардың ұрпақтарына қайтарып ұсынуға болар еді. Бұл, әрине, тарихи 
сананы қалыптастыруды қажет етіп отырған қазақ халқының тарихи жадын 
қайта түлетіп қана қоймай, оның тарих философиясын қалыптастырудың 
әдістемесін де шешуге ықпалын тигізері сөзсіз. 


55 
ХV-ХVІ ғасырда Орталық Азиядағы тарихи үрдістерге жүйелілік және 
синхронды түрде көз салсақ, онда бұрынғы далалық империя-лардың орнына 
біртіңдеп этникалық немесе әскери-әулеттік мемлекет-тердің келе бастағанын 
аңғаруға болады. Шыңғыс хан және оның ұрпақтары негізін қалаған 
ұлыстардың тарқауы заманында қазақ, өзбек, ноғай, моғол, Қазан, Қырым, 
Сібір татарларының ж.т.б. хандықтары іргелерін қалай бастады. Басқаша 
айтқанда, этноқұрастырушы үрдістер империялық бұғауларды үзіп жіберді.
Алайда бұл этникалық үрдістер қашанда бірбағытты және біркелкі 
болмады. Олардың арасында бір ортақ ата-тектен шығумен анықталатын 
этникалық бірегейлену шешуші факторлардың біріне айналды. Осылай 
қалыптасқан бірлестіктерді «халық» деп атау әлі ерте еді. Сол себепті Бабыр, 
Шайбанилер сияқты әскербасылар құрған мемлекеттерді қазіргі кейбір 
орталықазиялық этностармен теңестіру мәселені шатастырып жібереді. 
Айталық, «Бабырнаманы» оқып отырсақ, ферғаналық билеуші-лерден шыққан 
Захириддин Бабыр (Әмір Темірдің ұрпағы) Шайбани хан бастаған 
«өзбектердің» қысымына шыдамай, Үндістан жерінде Ұлы Моғол 
империясының негізін қалайды. Бұл жерде қазіргі этнонимдерді қолдану 
көптеген қиындықтарға әкеледі.
Еуропалық тарихшылар ортағасырлардағы франктер, вестготтар, 
лангобардтар т.т. «варварлық» мемлекеттерге қатысты gens (тектік және тілдік 
бірлестік) деген терминді қолданады. 
ХV-ХVІ ғасырлардағы Орталық Азиядағы мемлекеттік құрылым-дарда 
«халық» ұғымы «әскермен», қаруланған, бір көсемге бағынған топпен жақын 
қарастырылды. Осындай әскери саяси құрылымдағы тұтастандырушы 
факторларға жататыны: тарихи тағдыр мен дәстүрдің ортақтығы, ұйымдық 
бірлік, әскери және саяси ортақ тәжірибе ж.т.б.
Алайда осындай потестарлық қоғамда ХV-ХVІ ғасырлардағы Ор-талық 
Азия жағдайында, Еуропадағы христиандық сияқты, мұсылман-дық өзіндік 
сана алғашқы қатарға шығады. Мысалы, Бабыр Үндістанға жасаған жорығында, 
бұл елдегі бұрынғы басқа діндегі мемлекеттерді еске алмай, тек үш мұсылман 
патшалығы болды деп жариялайды: «Оның біріншісі – Сұлтан Махмұт Ғази: 
оның үрім-бұтағы Үндістан тағында ұзақ жылдар отырды. Екіншісі – Сұлтан 
Шихаб ад-дин Гури, оның өзі, құлдары, сыбайластары бұл елде көп жыл билік 
жүргізді. Бөтен елден келген үшінші патша – менмін» (Бабыр Захир ад-дин 
Мұхаммед. Бабырнама. – Алматы: Ататек, 1993. – 311 б.). Орталықазиялық 
билеушілер өздерінің жаугершілік саясатында діни факторды көп пайдаланған. 
«Бабырнамада» үнділік раджаларды бағындыру Ислам туы астында жүзеге 
асып отырылды делінеді: «934 жылы, жаратқан иемнің қолдауымен Рана 
Санканың белді де қуатты адамының бірі, қол астында бес-алты мың кәпірі бар 
Мидини Раодан Чандириді тартып алдым. Кәпірлерді жаппай қырып-жойып, 
ұзақ жыл соғыстан жапа шеккен Чандири аймағын ислам еліне айналдырдым» 
(Сонда, 314-316 бб). Бұл жерде үш ескерту қажет. Біріншіден, «кәпірлерді 
қыру» дегенде мәселе бейбіт тұрғындарды жою жөнінде емес, ал берілмеген 
қарсыластар әскерін құрту туралы әңгіме болып отыр. Екіншіден, 
ортағасырлардағы ұдайысыз соғысуды қазіргі заман құндылықтары 


56 
тұрғысынан емес, ал сол кезеңдегі саяси ерекшеліктерімен түсіндіру дұрыс. 
Үшіншіден, ортағасырлық тарихи деректер жаулап алушылар негізінен бөтен 
халыққа қатысты екі түрлі саясат ұстануы мүмкін болғандығын айқындайды. 
Біріншісі сол елге соғыс олжасы ретінде қарап, зорлық пен күш көрсетуден 
таймау. Екіншісі бағынған елге өз ұлысындай қарау, әрі қарай соны қорғау, 
осындай саясаттың мысалдарына Хубилай ханның Қытайды өзінің Юань импе-
риясына айналдыруы және Бабырдың Үндістанда Ұлы Моғолдар мемлекетін 
құруы жатады. 
Тарих философиясында оқиғаларды баяндаумен қатар, олардың 
қозғаушы күштері мен әлеуметтік бірлестіктердің өзіндік санасы және қарым-
қатынастық формаларын талдау алдыңғы қатарға шығады. Нақтылы тарихи 
деректер мен қазақ халқының өзіндік санасын зерттеу этникалық арнаның 
өркениеттілік жағынан алғанда да, рухани қазыналар тұрғысынан да маңызды 
болғанын айғақтайды..
Бұл жөнінде Ж.О. Артықбаевтың аты «Қазақ этнографиясы: Этнос және 
қоғам» еңбегінде дәлелді қағидалар келтіріледі. Автордың ойы бойынша, Қазақ 
хандығының билеушілері Шыңғыс хан, Әмір Темір, Бабыр сияқты алып 
империяларды құруды көздеген жоқ. Қолайлы жағдай туғанда хандық биліктің 
күшейіп, жаулап алу, немесе қарсыласу соғыстарын ұйымдастыруға, сөйтіп 
көшпелілердің алып империясын құруға жеткілікті потенциалы бар. Дегенмен 
де ғасырлар бойы пассионарлы толқындар қазақ жерінің шығыс алқабындағы 
таулы аймақтан бастау алып келгенін ескерген жөн. Яғни, қазақ даласының 
қандай да биліктің шектен шығып кетуіне қарсы әсер ететін күш-қасиеті бар. 
Әз Тәуке мен Абылай хандар тұсында болмаса, қазақ хандарының дала 
шекарасынан асып, ұлы мақсат қойған жоқ.
Мемлекетті кеңейту, ірілендіру процесінің белең алмауына бір жағы 
рулардың өзін-өзі басқаратын саяси ұжым есебінде өмір сүретін дағдысы басты 
бөгет. Олар саяси құрылымның өрісін тарылтып, мүм-кіндігін шектеп тұратын 
күш. Сайып келгенде ел билігі елдің өзінде, өз қолында. Ортақ шаруалар 
қашанда ел жиындарында шешім табады, сол жиындардың берген 
уәкілеттігімен билер қызмет атқарады. Хандар мен ұлыс сұлтандары билермен 
кеңеспей еш шаруаны тиянақтай алмайтыны аян. Саяси-потестарлы биліктің 
қай бөлігінде болмасын көсемдерді жеке басының қабілетіне байланысты 
қолдау, мойындау басым. Бұл меритократиялық принцип саяси биліктің 
өміршеңдігінің бірден-бір кепілі. Қай ру болмасын өзінің басшылығынан 
жігерлі адамды көруге ықтиярлы және мүдделі. Сол сияқты хан сайланар 
адамның ел тізгініне ие болар қабілетін айрықша ескертеді. 
Араб саяхатшысы Ахмед ибн Фадлан оғыз-түркілердің саяси құрылымын 
сипаттай келе, «небір шиеліністі саяси шаруалар келісіп, бітіп тұрған істі 
аяқтап жіберді» дейді. Бұл сипатталған суреттеме таза көшпелілердің 
демократиялық табиғатына ғана тән дүние. Яғни, қанша жерден Орталық Азия, 
Қытай немесе Иран, Византия сияқты отырықшы, егінші өлкелерге билік 
жүргізіп, мемлекет құрғанымен көшпелілер өз іштерінде әскери-рулық 
тәртібінен шығып кетпеген.


57 
Көшпелілер мемлекеттеріндегі рулық тәртіптің, құрылымның тағы бір 
айғағы Батыс Түркі қағанатындағы «он оқ бұдұн» деген қосымша атау. Он 
ұлысқа бөлінген ел, түптеп келгенде он рудың жиынтығы. Оның алғашқы көш 
басшысы Бумынның кіші інісі Естеми қаған, осы құрылымды нығайтқан 
Ашбара Теріс қаған т.б. Кейіннен түркінің ондық дәстүрі әкімшілік-әскери 
тәртіптің негізі есебінде Шыңғысхан құрған моңғол мемлекетінің қазығы 
болды. «Күшлүк жаққан өрттің жалыны сөнген уақытта, жолдардың бәрі 
жаулар мен қарсыластардан босағанда Шыңғыс ұлдары мен бектерін он мың, 
жүз мың елге басшы қылып бөліп, жиналыс ашып, байырғы жарлықтары мен 
жаңа жолдың арасынан дәлелдеп, алым-шығын жинауға бұйырып Хорезм шаһ 
еліне жорыққа дайындықты бастады», – дейді Рашид ад дин. Осы оқиға 1218 ж. 
болса керек.
Шыңғыс ханның және оның мұрагерлерінің құрған мемлекеті бірнеше 
ғасыр өмір сүрген тұрақтылығымен ерекшеленеді. Бұл бір жағынан өз 
тарихында болған қателіктерді қайталай бермейтіндігін де аңғартса керек. 
Моңғол шежіресіндегі аса көрнекті ұлағаттардың бірі Елюй Чу цайдың айтатын 
Үгедейге «сендер аспан астын аттың үстінде отырып алсаңдар да, аттың үстінде 
отырып басқара алмайсыңдар» деген көрегендік өсиетін ерте түсінген моңғол 
билеушілері мемлекет құру, билеу саясатында әуелде ұйғыр, кейін Қытай, Иран 
тәжірибесін жақсы пайдалана білді. 
Саяси шеімдер қабылдағанда мұсылмандық құқық канондарымен қатар 
Шыңғыс ханның «Жасасы» ережелері мен ру-тайпалық әдет құқығы кең 
қолданысқа ие болған. Бұл әсіресе, қазақ қоғамындағы билік пен құқықтық 
қатынастарға тән болды.
Н. Рычков «хандар мен сұлтандардың билігі негізінен ру басшыларымен 
қосылып қазақ арасындағы дау-жанжалды шешу, әсіресе ру басылар екі жақты 
жарастыра алмаса, даугер билер шешіміне ырза болмаса жасалады» деп, 
олардың атқаратын қызметінің бір тарабын көрсетеді. Ел ішінде кездесетін ірі 
дау-ұрлық кезінде қай би болмасын ханның, не ұлыс сұлтанының пайдасына 
жәбірлеуші жақтың есебінен хандық кеседі. Хандық дегеніміз көбінесе бесті ат, 
немесе бесті атан. Қазақ мемлекеті тәртібі бойынша ханды елмен жалғастырып 
тұратын ірі рулардың ішінен сайланған уәкілдер болады. Оларды ханның нағы, 
немесе жәй ғана нақ деп атайды. Қазақта «хан сыртынан жұмырдық» деген сөз 
бар, ол тек ханға байланысты айтылмайды, жалпы адам сыртынан ғайбат сөз 
айтылғанда қолданылады. Егер шын қарсылық болса оның ауыр-жеңілдігіне 
қарай жаза қолданылады, хан жасауыл-дары ол адамның мойнына құрым 
байлап ауыл айналдырып қуалайды, тіпті болмаса туыстарынан тоғыздап айып 
алады. Кей рудың тұтас бөліктері ханға қарсылық жасаса не төлеңгіттер 
араласады, не басқа рулар араға түсіп айыбын төлеп қойғызады. Жалпы қазақ 
түсінігі бойынша «ханға қарсылық – құдайға қарсылық» делінеді. Хан түгілі 
оның тұқымы да аса сыйлы болуы керек, қазақ мақалы «хан баласы көпір болса, 
басып өтпе» дейді
(Артықбаев Ж.О. Қазақ этнографиясы: Этнос және қоғам. 
ХVІІІ ғасыр... – 182 б.). Халық басқару субъектісінен гөрі, басқарылу 
объектісіне айналады.


58 
Орталықазиялық түркілік тарих философиясында «атамекен», «туған ел», 
«киелі жер» ұғымдарына үлкен мән берілген. Тарих философиясы тұрғысынан 
этномәдениет және белгілі бір территорияның арасындағы үйлесімділік 
өркендеудің шешуші факторының біріне жатады. 
Кез келген қалыптасқан мәдениет бос кеңістікте емес, адамдандырылған 
қоршаған ортада әрекет етеді. Мәдени кеңістік оқшау мәңгіге берілген енші 
емес. Ол, А.Тойнбидің тілімен айтқанда, тарихи ағынның өрісі болып 
табылады. Мәдени кеңістіктің маңызды қасиеті – оның тылсымдық сипаты. 
Мысалы, «ата қоныс» ұғымы көшпелілер үшін қасиетті, ол өз жерінің 
тұтастығының кепілі және көршілес жатқан мекендерге де қол сұғуға 
болмайтындығын мойындау. Қауымдық қатынас мекендер егемендігінен туады. 
Ата қоныстың әр жағрафиялық белгілері халық сансында киелі жерлер деп 
есептелінеді, яғни қоршаған орта киелі таулардан, өзендер-көлдерден, аңғарлар 
мен төбелерден, аруақтар жататын молалардан т.б. тұрады. Олардың 
қасиеттілігі аңыз-әпсаналарда, жырлар мен көсемсөздерде болашақ ұрпақтарға 
мұра ретінде қалдырылған.
Кеңістік пен мәдениеттің арақатынасы табиғи ортаны «өзімдікі» және 
«өзгенікі» деп бір-біріне қарсы қою арқылы айқындала түседі. Бұл қарсы қою, 
әсіресе, мифологиялық дүниетанымда әсерлі көрсетіледі. «Мифте, – деп жазады 
Ш.Ыбыраев, 
– 
адамзаттық 
(человеческое) 
және 
адамзаттық 
емес 
(нечеловеческое) (дию, албасты, марту, жезтырнақ, шойынқұлақ, жалғыз көз 
дәу т.б.) болып бөліну ретінде көрінсе, клас-сикалық эпоста біздікі 
(ноғайлардікі, қыпшақтардікі, қазақтікі, т.б.) және жаудікі (қалмақтікі, 
қызылбастікі, ындыстікі) деген ұғымдарға лайық жіктеледі» ( Ыбыраев Ш. 
Эпос әлемі. – Алматы, 1993. 137 б.). 
Қазақ эпосын және басқа да мәдени мұраларын зерттеушілер «өзгенікіне» 
тек беріде пайда болған қалмақтарды ғана емес, сонымен қоса сонау ерте 
заманнан көшпелілермен тартысып келген отырықшы империяларды да 
жатқызады (Қытай, Иран, Үрім, Орыс, т.б.). 
Кеңістікті «біздікі» және «өзгенікі» деп бөлу оппозициясы тек 
суперэтностар арасында емес, сонымен бірге мәдени-шаруашылық типтер 
арасында да жүргізілген. Әрине, көшпелілер мен отырықшылар арасындағы 
«бітпес жауластық» бар деген әсіре бейнелеуге жатады. 
Кеңістік аясындағы мәдениеттің автохонды екендігін шешудің басты жолы 
осы мәдениетті құраған этникалық бөліктерді, этно-мәдени аймақты мәңгі 
өзгермейтін тұтастық ретінде емес, «жанды тарихи құбылыс» күйінде қозғалыс 
үстінде қарау, көршілес халықтардың тарихи тағдырымен салыстыра отырып, 
әрбір этникалық топтың өзінің қазіргі негізгі жеріне қай уақытта жылжыды, 
міне, осындай межелерді анықтау арқылы жүзеге асады. 
Кеңістік және автохонды мәдениет мәселесін шешу үшін біз оқшау 
алынған этнос көлеміне, ол енетін үлкен өркениеттің (суперцивилизацияның) 
өріс аймағына жылжу керек. Өткені қазіргі этностардың көпшілігі қоңыс 
аударудың ассимиляциялық процестердің, топтасу мен жіктелудің нәтижесінде 
қалыптасқан. Бұған мысалдар жеткілікті. Айталық, Иран мен Солтүстік Үндінің 
халықтары арийлік топтардың оңтүстікке қарай қоныс аударуы негізінде, 


59 
француздар галл тайпалары мен франктардың араласуы, орыстар ежелгі славян 
тайпала-рының көршілес угро-финн, скандинавтық, түріктік компонеттерді 
өзіне сіңіруі нәтижесінде қалыптасқан. Соңғы кезде қалыптасқан латинамери-
кандықтар туралы айтпаса да түсінікті. Қазақтың этникалық террито-риясы да 
көп ғасырлық қалыптасу нәтижесінде айқындалды 
Өзекті саяси-мәдени автостереотип және халықтың, биліктің рәміздерімен 
байланыстылығын ұғыну тарих философиясы үшін маңызды. Зерттеушілер 
ортағасырлық көшпелілік халық-әскердің төмендегідей саяси құрылымдық 
ерекшеліктерін атап өтеді: 
- тектілік, даңқты ата-бабалар, басқа халықтар арасындағы бедел; 
- мұсылмандық құқық пен дәстүрлі ата-бабалар жолын сенімді сақтау; 
- басқа халықтар мен олардың заңдарынан, салт-дәстүрлерінен өзінің 
жоғарылығын сезіну; 
- жасасқан шарттарды орындау; 

қабылданған 
шешімдердің 
«даналығы», 
«әділеттілігі» 
және 
«құдайылығы». 
Биліктің басты рәмізі – Алла берген патшаның жеке-дара қабілеттері. Тағы 
бір ескертетін жәйт – орталықазиялық әскери негіздегі мемлекеттерде тайпалар 
мен халықтардың ұрандары рәміздік сипатта болған. Осы жөнінде Захир ад-дин 
мынадай деректер келтіреді: 
«Ұран екі түрлі болады. Бірі - әр тайпаның өз ұраны, мәселен, бір тайпаның 
ұраны «дүрдана», енді бірінікі «тұқай», тағы бірінікі – «ұлу», бүкіл әскерге 
ортақ бір ұран болады. Соғыс кезінде екі сөзді ұран белгіленеді, яғни айқасқа 
беттеген екі адамның алғашқысы ұранның бір сөзін айтқанда, екіншісі сол 
ұранның екінші сөзін айтуға міндетті, сонда барып дос пен дұшпанды 
ажыратады (Бабыр Захир ад-дин Мұхаммед. Бабырнама. – Алматы: Ататек, 
1993. – 311 б.).
Түркі көшпелілері мен оазис дихандарының болмыс тәсілінің өзі о бастан 
олардың басқаға (мейлі ол басқа жер болсын, мейлі басқадан болсын) деген 
«ашықтығын» қамтамасыз етеді. Ұлы дала, қуаң табиғат, көшпелі өмір салты 
маңдайға жазылған соң, сол жазмышқа көндігудің бірден-бір кепілі – адамдар 
бірін-бірі жатсынбай, біріне-бірі арқа сүйеп қана өмір сүруі қажет. Бұл 
қажеттілікті терең сезінген көшпелілер «адамның күні адаммен» деген 
принципті тіршіліктеріне тірек еткен». Сондықтан болар, көшпелілердің, соның 
ішінде, қазақтардың қауымшыл, көпшіл, елжанды болып келетіндігі.
Түркі мәдениетінің сұхбатшылығының тағы бір тіреуі – оның ауызекі сөзге 
негізделгендігінде жатыр. Жазулы сөз өзінің болашақ оқырманын есте 
ұстағанымен, оның дәл қазір дәл осы жерде отыруын міндеттемейді. Ауызша 
айтылып, құлаққа естіліп қана қоятын сөз – ауызекі сөз қашанда айтушы мен 
тыңдаушының бірдей қатынасуын талап етсе керек. Соның нәтижесінде 
тыңдаушысын көз алдында ұстап отыруға тиесілі ауызша сөзге негізделген 
қауымдық, ұжымдық өмірде адам тек акустикалық (дыбыстық естілетін) 
кеңістікте өмір сүрді. Шетсіз-шексіз, бағыт-бағдарсыз дыбыстық кеңістік 
синкретикалы (бөлінбеген, жіктелінбеген) сананың негізінде қалыптасады. Ол 


60 
түркілердің өздерін табиғаттан, қауымнан бөліп-жарып қарастырмай-
тындығының басты себебін айқындаса керек.
Көшпелілердің негізгі коммуникация (байланыс) құралы тіл болғандықтан,
ауызекі сөзге негізделген салт-дәстүрлер, әпсаналар (мифтер, әдет-ғұрыптар 
немесе, жалпылама айтсақ, фольклор) кеңінен дамыды және ұрпақтар 
мирасқорлығының негізі де сол болып табылады. 
Жазу-сызудың пайда болуы адамзатты естілетін дыбыстық (акустикалық) 
кеңістіктен көзге көрінетін (визуалды) көрнекі кеңістікке итермеледі. 
Ұрпақтан-ұрпаққа ұласқан ақыл-өсиет, даналық ой, көпжыл-дық тәжірибе 
нәтижесі ендігі жерде тікелей ауызекі айтылмай, жазылған және көзбен көріп, 
оқылатын мәтіндерге (текстерге) айналды. «Үйрек қауырсынынан жасалған 
қаламсап тіл үстемдігіне шек қойды; ол өмірдегі қасиетті құпияны жоққа 
шығарды; ол сәулет өнері мен қалаларды, жолдар мен әскерді, бюрократияны 
дүниеге әкелді. Ол сананы тылсым көлеңкеден жарыққа шығарып, өркениетке 
бастама болған түбегейлі метафора болды» (М. Маклюэн). 
Абай айтылатын Ахмет ханның (1439-1483) не себепті Алаша хан аталып 
кетуі жайындағы: «Ахмет хан қалмақты көп шауыпты, көп қырыпты. Қалмақ 
рахымсыздығына қарай «мынау бір алашы болды ғой» депті, жан алушы болды 
дегеннің орнына. Сондықтан ол кісі Алаша хан атаныпты. «Бабырнамада» 
солай жазылған. Сонан соң хан бұл атты қалмақ қорыққаннан қойды ғой, енді 
сіздер шапқан уақытта «Алашы-Алашы» деп ұран-сүрен салыңыз деп бұйырып, 
бұларға айқай салғанда көп жанның айғайымен «алаш-алаш» деп кетіпті. 
Содықтан «алаш-алаш» болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмақ 
едік» деп, «алаш ұранды қазақ танған себебі сол екен» дейтін пікірдің негізі де 
«Бабырнамадағы»: Сұлтан Ахмет хан Алаша хан деген атпен мәшһүр болған 
еді. Алаша ханның мағынасы қалмақ, мұғыл тілінде өлтірушіні «алашы» деп 
атудан шыққан. Қалмақты нешеме рет шауып, қалың қолын қырғаны үшін 
«Алашы-Алашы» дей-дей соның әсерімен Алаша хан аталып кеткен екен» 
деген деректе жатқандығы анық. Сонымен бірге сол тұстағы оқиғаның аңыз 
болып, қазақ халқының арасында ұрпақтан ұрпаққа ауысуы арқылы да жетуі 
мүмкін
(
Мырзахметов 
М. 
Алаш 
қайраткерлері 
саяси-құқықтық 
көзқарастырының эволюциясы. – Алматы: Атамұра, 1998. 133-135 бб.). 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   57




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет