Қазақ философиясының ҚалыптасуындағЫ ҚҰнды ойлар бегдаулетова Қ. Д



Дата11.07.2016
өлшемі54 Kb.
#191457
ҚАЗАҚ ФИЛОСОФИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНДАҒЫ ҚҰНДЫ ОЙЛАР

Бегдаулетова Қ.Д.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шымкент, Қазақстан


Резюме 

В статье излагается формирование национальной исторической философии казахского народа, которая опирается на вековой исторический опыт. Казахская философия рассматривается с точки зрения особенностей исторических фактов.
Summary

This article states the formation of the national historical philosophy of the Kazakh people, which bases on century secular historical experience.

The Kazakh philosophy is consider from the point of view of the peculiarities of the historical facts.
Кез келген халықтың философия тарихы сол бір халықтың өмір тіршілігінің айнасы іспетті. Қазақ халқының философиялық ойының дамуы да еліміздің сан қилы тағдыр кешкен тарихына тікелей байланысты. Философиялық терең мағыналы, ойлы жырлары өмір сырының әр қиларын, бақтың, тақтың, дәулеттің, тіршіліктің өркендеп өсу, өну сияқты заңдылықтар сыры елдің қайратының тұтқасы халықта, оның бірлігінде екенін көрсетеді. Яғни ұлағатты ойшылдардың дүниеге, табиғатқа, адамға деген көзқарастарының қай-қайсысын алсаңыз да – бәрі де белгілі тарихи-әлеуметтік жағдайға байланысты туындайтынын көреміз. Философия тарихы ең алдымен әрбір ұлттың, халықтың рухани мәдениетімен тікелей байланысты екенін ұстағанымыз абзал. Өйткені әрбір ойшыл, ғұлама, философ өз ұлтының, халқының перзенті. Оның шығармалары халқының ұлттық ойлауымен, тілімен, әдет-ғұрпымен, әдебиетімен, өнерімен, жалпы мәдени өсу дәрежесімен тығыз байланысты болады.

Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған тарихи тәжірибесіне сай ұлттық тарих философиясы қалыптасады. Рухани сана үшін ең үлкен қауіп тарихи есті жоғалту болып табылады. Ш. Айтматов оны «мәңгүрттену» деп атаған. Өркениетті адамзат өзінің мәдени мұраларын қорғауға, мәңгүрттену үрдісіне түсіп кетпеуге үлкен мән береді.

Қазақтың тарих философиясын ғылыми зерттеудің өзектілігі қазіргі озық өркениеттерде жүріп жатқан әмбебап гуманитарландыру үдерістерімен байланысты.

К. Поппер айтқандай, “бәріне ортақ ешбір тарихи заңдылықтар болуы мүмкін емес… Әрбір жаңа ұрпақ тарихты өз еркінше талдау құқына ие. Тіпті, өзінің күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін, белгілі бір мағынада, солай ету тиіс те! Меніңше, адамзаттың ортақ тарихы жоқ, оның орнына адам өмірінің түрлі қырларымен байланысқан шексіз көптеген тарихтар бар…”[1].

Кеңес дәуіріндегі жетпіс жыл бойы халқымыздың өзіне лайық тарихы тұмшаланып айтылмай келгені, айтылса да саясаттың ыңғайына қарай бұрмаланып, теріс түсіндіріліп келгені белгілі. Шынайы тарихи дамуды түсіндіру амалдары тек қана тап күресімен шектеліп қарабайыр-ландырып жіберілді. Қазақстан мен Орталық Азиядағы көшпелі мәдениет алғашқы қауымдық, жабайылық ретінде қарастырылып, ұлттық тарихтағы мемлекеттік дәстүр жоққа шығарылды. Қоғамдық және мәдени дамудың батыстық үлгіден түбірлі айырмашылықтары ескерілмеді. Қазақстанның Ресейге кіруінің себеп-салдары асыра дәріптелді, оның отаршылдық саясатының тұжырымдары бүркемеленді. Қазақ халқының мәдени тарихына деген нигилистік көзқарас қалыптасты. Тек тәуелсіздік тұсында ғана халық өз тарихы мен тағдырына бет бұруға мүмкіндік алды. Осыған орай отандық тарихты саралап танудың басты бағыттарының біріне қазақ халқының этногенездік, этникалық-саяси және рухани-мәдени тарихының мәселелерін тиянақтап талдау қажеттілігі туындайды.

Қазақ тарих философиясы тек көшпелі ауызекі мәдени ареалда қалыптасты деу сыңаржақтылыққа жатады. Қалыптасқан бірыңғай ұлттық тілдің жазба дәстүрі болуы – халық мәдениетінің, өркениетінің дамуындағы алғы шарттардың бірі. Тіл әрбір халықтың ерте кездерден бергі өніп - өсуінің, дамуының, бүкіл болмысының құдіретті көрінісі. Тілдегі әрбір сөздің ар жағында сол халықтың тіршілік - тынысы, салт-санасы, әдеп - ғұрпы, наным - сенімі, басынан өткен қилы-қилы заманның белгісі, тарихы тұрады. Демек, оны халық болмысының айнасы деуге әбден болады. Тілсіз тарихи сана жоқ. Тарихи сана кез келген халықтың бүгінгі болмысын, арманын, алдағысын, кешегісін, келешегін бейнелейді. Сондықтан оның қалыптасуы ұзак уақытты, бірнеше ғасырларды, тіпті мыңжылдықтарды алып жатады. Қазақтың тарихи санасы да солай дамыды. Ол Еуразия құрылығының керіліп жатқан кең даласын мекендеген қыпшақ, қаңлы, үйсін, арғын. алшын, керей, дулат, қоңырат, найман сияқты тегі бір, түбірі туыс ру, тайпалардың рухани дүниесі арқылы қалыптасып, уақыт сынына төтеп берді. Оның електен өтіп, артынша сұрыпталып, сындарлы сапаға ие болуында қыпшақ тілінің айырықша рөлі зор. Осы тілде жазылған ежелгі қазақ жерін жайлаған халыққа, тайпаларға түсінікті жазба мәдениеттің бір нұсқасы XVI-шы ғасырда жарық көрген “Кодекс Куманикус” атты еңбек болды.

Ал жыраулар құбылысы – ауызекі дәстүрдің жемісі. Бұл дәстүр бұрын аңыз, ертегі, эпос тағы сондай дүниелер туғызса, орта ғасыр кезеңінен бастап (мүмкін бұл дәуірдің біздің заманымызға біршама жақындығынан да болар) аса құнды деректер сақтаған далалық ауызекі тарихнама мен ауызекі дәстүрлі әдебиет туғызған.

Әрбір халық тарихи даму кезеңінде өз болмысын ойлау жүйесі, жеке дүниетаным арқылы зерделейді. Ұрпақтан ұрпаққа рухани құндылықтарды жеткізу ұлттық құндылықтардың тұрақты жүйесін жасайды. Сыртқы дүниедегі өзіне ұқсас қоғамдық өлшемдерді ішкі қажеттіліктерге жаратып тарих философиясы негіздерін қалыптастыруға мүмкіндіктер ашады. Дүниетанымның негізгі мәні дүниені тануда емес, оның мәнді мақсатын адамға байланысты пайымдау. "Жаһан ішінде дүниенің әр бұрышын кездім мен, – дейді Қ. Жалайыр. – Көп кітаптар оқып, көпті білдім мен. Әділдік пен инсаптың хабарын да көрдім мен" [2]. Бұндай "тарихи рефлексия кез келген заман келбетінен жекелей, немесе кісілік рухты бөліп алады". Осы мәселені арнайы зерттеген белгілі батыс философы К. Ясперс былай деп атап өтеді: "Орталық Азиядан Қытайға, Үндіге, Батыс елдеріне жаугершілікпен жеткен көшпелі халықтарға (олардан ежелгі ұлы мәдениеттер жылқыны пайдалануды үйренген еді), дәл осындай үш бағытта оның септігі тиді: аттың үстінде осы көшпелі халықтар әлемнің кеңдігін танып білді. Олар ежелгі ұлы мәдениетті мемлекеттерді жаулады. Қауіпті іс-әрекеттер мен жойқыншылықтар оларға болмыстың нәзіктігін түсінуге көмектесті; билеп-төстеуші нәсілдер ретінде олар дүниеге батырлық пен зәбірлік санасын қоса әкелді, «бұлар өздерінің эпостарында бейнелерін тапты»[3].

Көшпелі бабаларымызға тән болған болмыс танымы бірнеше ерекшеліктерден тұрады. Бірінші, кеңістік уақытқа қарағанда жоғары орында, сондықтан да кеңістіктік ойлау басымырақ келеді. Аспанның мәңгілігі, адамның оған жақындығы ғарыштық түйсікті қалыптастырды. Дегенмен, негізгі ерекшелік – ол кеңістік-уақыт екеуінің бірлігінде, уақыт қозғалысы адамның өткенін, тарихи кеңістігін түсініп, сол арқылы, өмір мәнін ашып көрсету. Осы екі өлшемнің арақатынасын қосып, анықтап тұрған ұғым ол тарихи ес. Тағы бір ерекшелігі, өз тарихын екшеу ұрпақтардың уақыт арқылы дамуын, ішкі мәндерін Жер мен Аспан кеңістік өлшемдері арқылы айқындап отырып, ата - баба аруағын дүниені танудың кілті ретінде қабылдауы.

Ұлтымыздың санасында терең орын алып отырған "Жеті ата", "ата-бабалар", "немере - ағайын" деген ұғымдар баршылық. Оларды былайша сабақтайды: "Жеті ата: Әке, ата, Әз ата (Бұлар аталар), баба, тектін, төркін, түпқиян (Бұлар бабалар). Жетеуі бірігіп ата - бабаларды құрайды. Немере ағайындар: бала, немере, шөбере, шөпшек, шөбере. Жамағайын: туажат, жүрежат, жекжат, жұрағат, жамағат. Қалыс ағайындар: Өркен, Әулет, Зәузат, Жаран, Қалыс. Осыдан келіп жеті ата - жүз жетпіс бес жыл, онбес ата үш ағайын үш жүз жетпіс бес жыл, барлығы қосылып бес жүз елу жыл қазақ халқының тарихы болады екен.

Ата - баба ойлау жүйесі бөлектенушілікпен, ішкі дүниесінің оқшаулануымен ерекшеленіп, оған, жалпы мәні бар универсалды құндылықтарға қарағанда символ көбірек тән. Болмыс шындығы жеке адам болмысы, ал даналық адам санасында жоғары мәнін тауып жатады. Сонымен бірге ерте заман, ата - баба рухы алдында бас иеді. Ерекше руханилық шығыс адамының мәдени санасын іштей нұрландырып тұрады. Өзіне тән тарих философиясын жасады: өз тарихи дамуының ерекшеліктерін, әрбір заманның мәдениет үрдісінің болмысын ескере отырып, номадтық мәдениет теориялық концепцияларын орнықтырды. Оның негізінде дүниені рухани - көркемдік қабылдау жатыр.

Көшпелі өмір салты уақыт пен кеңістік жөнінде өзінің қатаң заңдылықтарын қалыптастырды. Кеңістік байлығы мен уақыт ырғағында әлеуметтік тәжірибе қалыптастырған түсінік пен ой тұжырымы арқылы тұрақты ұғымдар сомдалып кесектелді. Бұл тұрақтылықтар - халықтың болмыс пен сана - сезім арқылы бізге жаңғырып жеткен кеңістік пен уақыттың тұрақты параметрлік өлшемі болумен бірге сөйлеу тілінің образды бейнесін қалыптастырған рәміздік сөз тіркестері: "Сүт пісірім уақыт", "бие сауым уақыт". Қазақ дүниетанымында уақыт пен кеңістік қатынасын түсіну үшін оның табиғи мүмкіндіктерін ескергеніміз жөн.

Дүниені, әлемді үздіксіз күрес ретінде қабылдасақ та, оның түрлерінің бірлігінен ұдайы қозғалыс пен ұзақтықтың біртұтастығын ұғамыз. Түркілер кеңістік пен уақыт әлемінде күнге, айға және жұлдызға үлкен мән бергенімен, көк тәңірі жаратылыстың ең жоғарғы анықтаушысы болып қала берді. "Шыңғыс хан доңыз жылы туды, түрікше күн есебінде жетпіс екі жыл өмір кешті. Және тағы ай есебінен жетпіс бес жыл өмір кешті. Ай есебінен әр отыз жылда бір жыл тафаут (қосылады) етеді. Барша моғол түрік есебімен есеп қылады" [2] – дейді Қадырғали.

Қазақ аңыз, ертегілерінің ой туғызар дүниетанымдық тұстары олардың адамды бірінші орынға қоя білуінде, оны ең басты киелі күш деп ұғынуында. Табиғаттың тілсіз күштерін мифтік ойлаумен образдап, соған адам әрекетін қарсы қоятын қиял-ғажайып аңыз ертегілері осы ізде туған.

Көшпелілер үшін философия пән болған емес, ол олар үшін өмір салты, болмысы. Қазақ философиясының өмір сүруі, ол белгілі бір жоғары философиялық деңгейге көтеріліп барып өмір сүрді.

Қазақ философиясының өзіне тән ерекшелігі – адам, бақыт, көркемдік, сұлулық, өмір мен өлім, дүние, әлем, болмыс пен батырлық, адам мен табиғат үйлесімі мәселелері қазақтың фольклорында өзінің молдығымен, көркемдік сұлулығымен, тарихи деректілігімен, сыршылдығымен орын алды. Егер де біз қазақ философиясын дамыту барысында тағы да батыстық үлгілермен кетсек қателесетін сияқтымыз. Біз түркілік төл дәстүрімізді сақтай отырып, ұлттық ойлау, ұлттық болмыс өзгешелік-ерекшеліктерімізді нығайта түсіп, қазақ философиясын Шығыс философиясының үлкен бір саласы ретінде қалыптастыру, сол деңгейге көтеру болмақ.

Көне заманда адамдарды күн сайын рудың немесе тайпаның дүниетанымдық ұстанымына адалдығын дәлелдеп отыруға мәжбүр етті, өйткені тіршілік етудің ауыр және қатал жағдайлары руластардың әлеуметтік бағдар мен салттардан бұлтаруына жол бермеді, әйтпесе оларға рудан аластауы, көп жағдайда мұның арты өлімге апарып соқтыратын еді. Дүниені сезіну айқындала түсті, дүниені түсіну айқын әрекеттерге итермеледі, дүниетаным нақты жағдайдан туатыны айқын болды. Табиғат дүниенің аяқталған қалыпты жағдайы, ал адам табиғаттың бір бөлшегі ғана болды.

Әрбір халықтың рухани мұрасында әлемдік мәдениеттің жалпы қазынасын байытатын құнды ойлар болатыны белгілі. Халықтың бай рухани мұрасын зерттеу тек осы мәселені зерттеушілер үшін ғана маңызды емес, сонымен қатар бүгінгі күнгі адамдардың өзара адамгершілік қатынастарын дұрыс пайымдау үшін де қажет және болашақта адамзаттың адамгершілік процесінің заңдарын дұрыс түсінуге көмек береді.



Әдебиеттер

1. Поппер К. Ашық қоғам және оның жаулары. Т. 2. – Алматы: Раритет, 2005. - 312 б.



2. Қ. Жалайыр. Шежірелер жинағы, 19 б.

3. К. Ясперс. Смысл и назначение истории. М., 1991, с.46.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет