20
Исламның Қазақстан жеріне енуі (VІІІ ғ.) Түркі қағанаты
қалыптастырған мәдениетке өзгерістер әкелді, фольклорға мұсылмандық
қасиеттер дарытты және басқа да ескі дүниелерді мұсылмандандырып, басқа
арнаға түсірді. Мұның өзі фольклорды жаңа бесікке көтерді, сөйтіп
толыққанды классикалық фольклордың қалыптасуына игі ықпал етті.
Әсіресе, оғыз-қыпшақтар мен қарахандар
тұсындағы мемлекеттердің
мәдениеті барынша жанданды, өйткені бұл кезде қазақ жеріне ислам
өркениеті кең етек жая бастаған еді. Соның арқасында қала мен дала
мәдениеті, дәстүрлі түркі мен ислам мәдениеті етене жақындасып, біртұтас
көркемдік-эстетикалық жүйеге айналған болатын. Алтын Орта заманында да
бұл процесс үзілген жоқ, оған тағы бір арна – моңғол фольклоры мен
мәдениеті келіп қосылды. Осының бәрі, сайып келгенде, нағыз классикалық
фольклорды тудырды, яғни бұрынғы фольклор алуан түрлі өңдеудерге түсті,
тұтастану құбылысын бастан кешірді, бірнеше мәдениеттің дәстүрін бойына
сіңірді. Міне осындай тоғысу мен дамудың арқасында дамыған орта
ғасырдың өзінде-ақ көркемдік қасиеті жоғары, өзіндік көркем жүйесі бар
фольклор қалыптасты. Соның нәтижесінде ежелгі сюжеттер толығып,
кеңейіп, жаңа сипаттарға ие болды, бұрынғы аңыздаулар үлкен
эпикалық
туындыға айналып жатты.
Нақтылап айтар болсақ, Алтын Орда тұсында ежелгі космогониялық,
тотемистік, этиологиялық және эсхатологиялық мифтер өзінің бұрынғы
«танымдық-ақпараттық» міндетімен қатар енді біршама «тәрбиелік» қызмет
те атқарды, себебі ол баяғы құпия-сакралды қасиетінен ада болған еді. Оның
үстіне үлкен күш алып келе жатқан ислам дінінің ықпалының артуына
байланысты ол мифтер біртұтас жүйелену процесіне түспей, ыдырай
бастады. Олар бірте-бірте өзінің алғашқы түрінен айрылып, басқа жанрға
(мәселен, хикаяға) айналды, немесе өзге жанрлардың құрамына сіңіп кетті,
соның салдарынан бізде ертедегі құлиеленуші мемлекеттерге тән жүйеленген
үлкен мифология қалыптасып үлгермеді. Есесіне, ғұрыптық фольклордың
түрлері, ертегілер,
батырлар туралы әңгімелер, мақал-мәтелдер қарқынды
түрде дами бастады, жаңа жанрлар туып, фольклордың құрамы байи түсті.
Бұл үрдіс өте-мөте Қазақ хандығы кезінде үлкен қарқын алды. Фольклор
– халықтың ең негізгі руханиятына айналды, оның жанрлық құрамы
баюымен қатар сюжеттік һәм тақырыптық аясы кеңейді. Фольклор жанрлары
бұрынғы көпфункциялықтан арыла бастады. Өмір талабына сәйкес батырлар
жыры жедел дамып, басты рөл атқарды. Сонымен қатар қазақ пен қалмақ
арасындағы ұзаққа созылған ұрыстар жаңа жанрды, яғни тарихи жырды
дүниеге әкелді. Байырғы «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Сайын» сияқты
жырлар қайта жырланып, Абылай, Бөгенбай, Қабанбай туралы жырларға әрі
үлгі, әрі поэтикалық негіз болды. Ежелгі мифтер мен ертегілер, аңшылық
әңгімелер мен аңыздар жаңа мемлекеттің
саяси-қоғамдық ауанына сай
жаңғыртылды, сөйтіп тағы бір жанр-шешендік сөз пайда болды. Дәл осы
Қазақ хандығы тұсында ғашықтық жыр да өріс ала бастайды, ерте уақыттан
бері айтылып келе жатқан Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу туралы аңыздаулар
үлкен эпосқа айналды, «Қыз Жібек» жыры дүниеге келіп, ел арасына тарай
21
бастады. Тағы басқа жырлар туып, фольклорлық циклге түсіп жатты. Бұларда
көне сюжеттер мен мотивтер, ескі ұғымдар жаңаша пайымдалып, заман
талабына сай жырланып жатты. Олар енді, негізінен, көркемдік міндет
атқарды да, эпосты, бүкіл фольклорды эстетикалық тұрғыда түрлендірді.
Тарихтан белгілі, қазақ мемлекеті пайда болған кезінен бастап бейбіт
өмірді, тыныш тіршілікті білмеді. Ол барлық
уақытта экспансия объектісі
болып, жау мемлекеттер тарапынан жасалған шабуылды тойтарумен болды.
Жоңғар хандықтарымен соғыстар өте ұзақ уақыт болды және қиян-кескі
жүргізілді, олар әлсін-әлсін қайталанып, үш ғасырға созылды. Бұл дәуірде
фольклордың, әсіресе эпостың рөлі ерекше артты. Жыршылар бұрынғы
батырлар жырын асқақтата қайта жырлады және өз замандас батырлары
туралы жаңа эпос туғызып, олардың ерлігін мадақтады. Жыршылар, әрине,
фольклорлық дәстүрді пайдаланды, олар ескі жырлардың поэтикасына
сүйеніп, жаңа жырдың өзіндік сипатын қалыптастырды. Ал, ескі жырдың
өзін де жаңа заман мен қоғамның талап-тілектеріне
байланысты өңдеп
отырды, сөйтіп екі түрлі эпос қатар өмір сүрді. Мұның өзі эпос жанрын
тарихи тұтастануға әкелді. Яғни ерте кездегі эпостың оқиғалары
жыршылардың өмір сүріп отырған уақытына көшірілді де, енді бұрынғы
рулық-тайпалық жырда өз руы мен тайпасының бақыты үшін ындыстарға
(индустар), қызылбастарға (парсыларға) қарсы соғысқан Алпамыс та,
Қобыланды да, Сайын да, Көкше де, Қамбар да, Қырым батырлары да Қазақ
хандығы тұсындағы нақты жаулармен – қалмақтармен шайқасып жүреді.
Сөйтіп, бір жырда бірнеше ғасыр тоғысады да, әр ғасырдағы оқиғалар мен
кейіпкерлер араласып жүреді, ежелгі және кейінгі жаулар бір дәуірдің
өкілдері болып көрсетіледі. (Мұны ғылымда тарихи тұтастану дейді, басқаша
айтқанда бұл – фольклордағы тарихи анахронизм). Осындай процестің
барысында эпос жанры бірте-бірте бірнеше тұтастану түрінен өтеді: тарихи,
өмірбаяндық, шежірелік, географиялық. Осылайша бізге жеткен классикалық
эпостың түрі қалыптасты, ол – феодалдық мемлекет дәуірінің эпосы болатын.
Нағыз мемлекеттік эпостың үлгілері –
Қазақ хандығы кезіндегі
қалмақтармен шайқасқан батырлар мен хандар туралы эпикалық туындылар,
яғни тарихи жырлар («Есім хан», «Олжаш батыр», «Абылай хан», «Бөгенбай
батыр», «Қабанбай батыр», «Өтеген батыр» т.б.). Бұл жырлардың бұрынғы
батырлық эпостан бірнеше өзгешелігі бар. Біріншіден, бұл шығармалар
оқиғалардың ізі онша суымай тұрғанда пайда болды; екіншіден, сол себепті
оларда шындыққа жақындық басым; үшіншіден, бұл жырларда әсірелеу
едәуір аз, ал мифтік, я болмаса қиял-ғажайыптық белгілер жоқтың қасы;
төртіншіден, тарихи жырларда кейіпкерлердің кейбір кездерде көрсететін
өзіне ғана тән мінез-құлқы көрініс беріп қалады, яғни батырлар бұрынғыдай
аса дәріптелмейді, олардың образы өз прототипіне жақынырақ; бесіншіден,
бұл туындыларда батырлар ру мен тайпа үшін емес, бүкіл қазақ үшін
күреседі,
қазақ жерін, мемлекетін азат ету үшін соғысады. Бұл – ең басты
ерекшелігі; алтыншыдан, батырлар бұрынғыдай жеке-жеке, өз бетінше жауға
шаба бермейді, олар мемлекет басшысы – ханның маңайына топтасып, оның
22
бұйрығымен соғысқа аттанады. Бұл да – мемлекеттік эпостың айырықша
белгісі.
Сонымен, орта ғасырларда, әсіресе оның дамыған кезеңінде және соңғы
дәуірінде қазақ фольклорының барлық дерлік жанры түгел қалыптасып
болды және біртұтас руханиятқа айналды. Жаңа дәуірде олар өзінің бүкіл
көркемдік-эстетикалық жүйесін орнықтырып, жаңа сападағы классикалық
фольклор түрінде дами түсті.
Достарыңызбен бөлісу: