Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы



Pdf көрінісі
бет110/115
Дата29.04.2023
өлшемі2.48 Mb.
#473003
1   ...   107   108   109   110   111   112   113   114   115
Ой өріс

әлеуметтік-сүйіспеншілік және ертегілік дастандары жеке бір топ 
құрайды. Олар өзіміздегі ежелгі сюжеттерді, діни-кітаби хикаяттарды 
пайдаланумен қатар өмірде болған оқиғаларды да жырлайды. Әсіресе, ХVШ-
ХІХ ғасырларда қазақ даласының әр түкпірінде орын алған тарихи оқиғалар 
мен әлеуметтік-сүйіспеншілік мәселелер дастан мазмұнына айналады да, 
ондай шығармаларда махаббат қана емес, тарихи және әлеуметтік сарындар 
пайда болады. Мұндай дастандардың қатарына "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-
Кебек", "Айман-Шолпан", "Ақбөпе-Сауытбек" сияқты шығармаларды 
жатқызуға болады. Бұлардың біразының авторы болған, бірақ сол 
авторлық дүниелер ел арасына тарап, бірте-бірте фольклорлық сипат 
қабылдаған. Соның нәтижесінде олардың халықтық варианттары пайда 
болған. Сондай шығармалардың ішінде, әсіресе, елге кең тарағандары – "Құл 
мен қыз", "Назымбек пен Күлше", "Талайлы мен Айымқыз" сияқтылар. 
Бұл дастандарда екі жастың махаббаты әлеуметтік мазмұнда баяндалады. 
Олардың сюжеттік желісі, әдетте мынадай болып келеді. 
I. Қыз бен жігіт бір-біріне ғашық болады, жігіт – кедей, қыз – бай 
тұқымы. Бірақ қызды басқа біреуге атастырып қойған; 
II. Жастар қосылу жағдайы болмаған соң бірге қашып кетеді; 
III. Оларды қуғыншылар тауып алады, кейде екі ру дау-дамайға түседі; 
IV. Жігіттің руы айып төлейді, немесе екі жасты қызды даулаған рудың 
еркіне тапсырады; 
V. Екі жасты өшіккендер өлтіріп тынады, кейде оларды ажыратып
қызды атастырған жұрты алып кетеді. 
Осындай типтік сюжетке құрылған шығармалар қазақ қоғамының 
болмысын, рулардың ара-қатынасын барынша шыншылдықпен 
көрсетуге тырысады. Бұларда пәлендей бір архаикалық сарын, 
мифологиялық ұғым кездеспейді, қиял-ғажайыптық жағдайлар да жоқтың 
қасы. 


285 
Ертегілік қазақ дастандары ескі әпсаналар мен хикаяларды негізге 
алады да, сол сюжеттерді дәстүрлі эпос пен шығыс дастанының 
поэтикасын ұштастыра жырлайды. Мұндай дастандар, негізінен, XIX 
ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бірінші жартысында пайда болған, ал 
мұның өзі қазақтың фольклорлық, әсіресе эпикалық дәстүрі кеңес өкіметі 
кезінде де өшпегенін айғақтайды. Осындай шығармалар деп "Құбағұл", 
"Жаскелең", "Құламерген", "Аяз би", "Қыдыр, ақыл, бақ", "Жетім мен уәзір" 
сияқты дастандарды атауға болады. Бұлардың қиял-ғажайып сипаттағысы 
XIX ғасырда, ал тұрмыс-салт сипатындағылары XX ғасырда дастанға 
айналған. Алғашқылары көбінесе батырлық эпос үрдісінде болса, кейінгілері 
хикаялық (новеллалық) дастанға жақын. Мәселен, XIX ғасырда пайда болған 
ертегілік дастандардың мазмұны әртүрлі болғанымен бәріне ортақ, мынадай 
типтік сюжетті анықтауға болады; 
I. Перзентсіз ата-ана, кейіпкердің ғажайып тууы мен өсуі; 
II. Қыз бен жігіттің бір-біріне түс көріп, ғашық болуы; 
III. Жігіттің қызды іздеуі, қыздың ауылына келуі, екеуінің кездесуі; 
IV. Жігіт пен қыздың қашуы, қуғыншылардың жетуі; 
V. Қуып келген қолмен жігіттің шайқасуы, жеңуі, еліне аман-есен келуі. 
Дастандар қыз бен жігіттің қосылып, ұлан-асыр той жасауымен 
аяқталады. 
Хикаялық сипаттағы ертегілік дастандарда түпнұсқаның сюжеті 
толық дерлік сақталады, сол себепті оларда ортақ типтік сюжет 
байқалмайды, оның есесіне ертегінің көптеген белгілері бой көрсетеді, 
әсіресе, жағымды кейіпкерлердің ізгілікті қасиеттері мен іс-әрекеттері 
төркінімен ұқсас болып келеді. Мұнда қазақтың төл фольклорына тән 
далалықтар өмірі шаһармен қатарлас көрінеді. Оқиғалар далада басталып, 
қалада жалғасады, хандық мемлекеттің нышандары көрініс табады. 
Сонымен, күллі мұсылман жұртына тараған дастан жанры қазақ 
топырағында да кең қанат жайып, ұлттық фольклорымыздың құрамында 
толыққанды дербес сала ретінде орнықты. Шығу тегі мен мазмұнының 
сюжеттік негізі және кейіпкерлердің алуан түрлі болғанына қарамастан 
дастандар қазақ фольклорлық дәстүріне сәйкес жырланып, ұлттық 
фольклордың поэтикасы мен көркемдік әдісіне, жалпы заңдылығына 
бағынған. Соның арқасында шығыстан енген сюжетті баяндайтын 
дастандар "қазақыланып", төл туынды ретінде қабылданған. Дастанды 
тудырған белгісіз ақындар мен жыршылар шеттен келген шығармаларға 
ұлттық сипат пен қазақ рухын сіңірген. Сөйтіп, олар ел арасына қазақ 
дастандары болып тараған. 


286 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   107   108   109   110   111   112   113   114   115




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет