Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіндегі жылқы феномені


«Ер-тұрманның пайда болуы, даму кезеңдері, мүшелері мен жабдықтары»



бет3/5
Дата04.03.2016
өлшемі0.82 Mb.
#38047
түріДиссертация
1   2   3   4   5

«Ер-тұрманның пайда болуы, даму кезеңдері, мүшелері мен жабдықтары» атты үшінші тарауда қазақ ер-тұрмандарының шығу тегі, Еуразия көлеміндегі көшпелі тайпалардың ер жабдықтарын ойлап тауып Қытайға Еуропаға қалай таратқаны археологиялық және жазба деректерді салыстырыла отырып зерттелінді. Қазақтың ер-тоқымын жеке алып қарастыру, өзін ғана сипаттап жазу тар өрісшілдікке, сыңаржақтылыққа алып келер еді. Сондықтан сақ-скифтердің бір айылмен тартылған жұмсақ тоқымы, ғұндардың б.з. І ғасырларындағы ағаш қаңқалы ері, түркілердің ұлы жаңалығы-темір үзеңгілі ер-тоқымы, моңғолдардың Х-ХІІ ғасырлардағы ер-тұрманы, соңында қазақтың ХІХ-ХХ ғасырлардағы ат-анжамдары тарихи кезеңдерге сәйкес даму жолдары, ерекшеліктері, технологиясы көрсетілді. Атты басқару үшін аттың құрал-жабдықтарының, ер-тұрман бөлшектерінің қаншалықты маңызды екенін қазақтың мына мақал-өлеңінен көруге болады.

...Екі тізгін жоқ болса,

Ат басын адам бұра алмас.

Екі тартпа жоқ болса,

Ат үстінде тұра алмас.

Екі үзеңгі жоқ болса,

Атқа адам міне алмас.

Бәрі бірдей сай болса,

Шайтан түгіл жын алмас...

Зерттеушілер үзеңгінің пайда болу кезеңін VI ғасырда Шығыс Еуропа елдеріне тараған көне түрік мәдениетімен байланыстырады. Ол: «...VI ғасырдың екінші жартысынан бастап Еуропаның кең-байтақ далаларында үзеңгі жиі кездесе бастады. Қытай археологы Лю Хань және басқа да ғалымдар жылқы үзеңгісімен қоса басқа да жабдықтары Қытайға солтүстіктегі көшпелі түріктерден (түрік қағанаты) тараған», - деп жазады [21, 63–65-бб.].

VI–VII ғасырлар аясында көшпелі түркілер әлемінде ер-тоқым қатты, қасы тігінен жасалып, ол негізінен жаугершілікте қолданылатын болған. Осылайша, үзеңгілі қатты ер-тоқым өз дамуында екі кезеңді бастан өткерді. Олар:

1. IV–VI ғасырлардағы қарапайым нұсқалар;

2. VII–VIII ғасырлардағы дамыған және кең тараған нұсқалары:

Бұл кезеңдерде көшпелілердің ер-тұрман жабдықтарын жасауды жақсы игергені сонша, осыған сай ат үстіндегі айқас тәсілдері де өзгеріске түсіп дамыды. С.И. Вайнштейн бұл туралы: «...Үзеңгілерді тұңғыш рет кең көлемде Алтай түркілерінің қолданғанына барлық негіз бар.Олар өмірінің көпшілігін ат үстінде өткізген көшпенді жылқышылар ғана емес, сонымен қатар темір қорыту мен өңдеу ісін өте жоғары шеберлікпен атқара білді. Орталық Азияның көшпенділері ортасында оларды «темір балқытушылар», «теміршілер» деген атпен белгілі болғаны тегін емес...» [21, 66-б.].

Үзеңгі ат үстіндегі адамның шаршағанын бірнеше есе азайтты, тепе-теңдігін сақтады, адамның құйрығы, саны, жіліншігі қажалмайтын болды. Үзеңгілі қатты ер-тұрманның жасалуы материалдық мәдениет тарихында өте үлкен жаңалық болды. Салт атты адам енді аз уақыт ішінде алыс қашықтықтарды бағындырды. Көшпенділердің атты әскерінің қуатын күшейтті. Бірінші мың жылдықтардың 2-ші жартысынан бастап Еуразия далаларындағы көшпенділердің «тасқын судай селдеткен» жылдамдығын арттырды.

Қазақтың ер-тұрман жабдықтары сақ, ғұн, көне түркі тайпаларының жасап-пайдаланған ер-тоқымдарының тікелей жалғасы. Қазақ халқының XX ғасырдың басына дейін пайдаланып келген ерлерінің ұлгі-нұсқаларының саны 20-дан асады екен. Ұлттық мәдениетіміздің үлкен бір саласы ерлердің жасалу жолдары, технологиясы, ер-тұрмандардың аймақтық ерекшеліктері тіпті қарапайым «ер-тоқым», «ер-тұрман», «төрт-тұрман», «бес тұрман», «ат-анжам» қатарлы сөз тіркестері және ол нені білдіреді, тұрмандардың атаулары мен қолданылуы қатарлы мәселелер кешенді түрле қарастырылған емес. Қазақ ерінің ең көп тараған түрі негізінде бес бөлек етіп, көбіне қайың ағашынан жасалады. Бұл туралы халық өлеңінде:

Көшкенде жылқы айдаймын жиыстырып,

Ер қостым бес ағаштан қиыстырып

деп жырланады.

Тұрман – аттың жабдығы сонымен бірге қазақта әр аттың өзіне ғана арнап тұрман жасату ертеден келе жатқан дәстүр.

Өзіне өлшеп Бурылдың,

Алтыннан тұрман қақтатты...(Қобыланды батыр).

Төрт тұрман мен бес тұрманның қандай айырмашылығы бар және тұрман неден тұрады. Бұған халық фольклорынан анық жауап табамыз. Шернияз ақын Исатайдың батырлығын дәріптегенде:

Қарадан халқы сүйіп «ханым» деген,

Жігіт еді төрт тұрманы түгел сайлы...

Монғолиялық ақын К. Қашқынбайқызы «Бес тұрман» деген өлеңінде тіпті тұрманның қандай жабдықтардан тұратынын ашып көрсетеді.

Ақ күмістен ақталған,

Мұра болып сақталған.

Сәйгүлікке жарасар,

Ежелгі әбзел бес тұрман.

Өмілдірік, құйысқан,

Бес тұрманға сыйысқан.

Ері сары ағаштан,

Қасқа жүген, бір пыстан...

Демек бес тұрманға жататындарды әр мүшенің маңызы жағынан орналастыратын болсақ: 1. Ер. 2. Жүген. 3. Өмілдірік. 4. Құйысқан. 5. Пыстан болып шығады. Шернияздың Исатай батырды «төрт тұрманы түгел сайлы» деуі батыс қазақтарында пыстан көп қолданылмайды.

Ат жабдықтары тұрман-жасау әдісіне қарай: былғары, өрмелі,түймелі, ызбалы болып бөлінеді. Ер-тұрмандардың Қазақстан мұражайларындағы, Қытай мен Моңғолия қазақтарының ер-тұрман үлгілерін жинастыра отырып жан-жақты жүйелі кесте-классификациясы жасалды. Ер жабдықтарын зерттеудің үлкен маңызы бар. Көне қазақ ерінің үлгілері Қазақстанда кәзір музейлерде болмаса мүлдем аз кездеседі.

Қамшы – ер жабдықтарының ішіндегі ажырамас бөлігі және көнеден келе жатқан құралдардың бірі. Адамзат жылқыны қолға үйретіп мінісімен аттың өзін жүргізу және алдындағы малды айдау үшін қандайда бір құрал қажет болған. Есік обасынан табылған «алтын адамның» қабірінің сол жағына қойылған алтын лентамен оралған қамшы – деп К.А. Ақышев жазған «лента» сөзін қазақтың шырмауықша оралған деген сөзімен ауыстыруға болады және Есік қамшысын сәндік қамшы немесе алтындалған қамшы деп түйіндеуге толық негіз бар және де шырмауық сөзі ортағасырлық Доспанбет жыраудың жырында айтылады:

«...Қарағайлы көдік бойында,

Қамшым қалды тойында.

Бүлдіргесі бұлан терісі,

Өрімі құнан терісі,

Шырмауығы алтын, сабы жез...».

Алтындалған қамшының үлгілеріне б.з.д. IV–III ғасырларға жататын Берел обасынан табылған екі қамшының саптарының қалдықтары куә. Қамшылардың сабы ағаштан жасалған, сырты алтынмен қапталып, мысық тектес жыртқыш аңның басы бейнеленген. Жалпы қамшының сабын аттың басы, бөрінің басы, т.б. аң-құстардың басы түрінде бейнелеп ағаштан, мүйізден жону информаторлардың айтқанындай қазақ дәстүрінде де болған үрдіс. Зерттеу барысында қамшының көптеген түрлері, қамшылау (соғу) әдістеріне дейін жазылып алынды. Қамшы-қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нышандарының бірі.

Еуропа елдерінде ат тағалауға ерекше маңыз бергені соншалық «бір мемлекеттің тағдыры бір шегеге байланысты» деген мәтел болған, себебі «шеге тағаны сақтайды, таға атты сақтайды, ат батырды сақтайды, батыр қамалды қорғайды, қамал бүкіл мемлекетті қорғайды».

Қазақта жаппай ат тағаламаған. Біріншіден қазақ жылқыларының қатты құйма тұяғы тағаны керек етпеген, екіншіден темірдің, металдың жетімсіздігінен болуы мүмкін. Бірақ үстем тап өкілдерінің хан, сұлтан, батырлардың атты көбінесе сәндік үшін алтын, күміс тағалармен тағалағаны халық эпосында кездеседі. Бірақ қазақта архардың, таутекенің мүйізінен жасалған мүйіз тағалар болған, мүйіз тағаның салмағы жеңіл 100-120 г. (темір тағаның салмағы 350-400 г.) морт сынбайды серіппелі, бір жылға бір атқа 2-мүйіз таға жеткілікті, темір таға небәрі 3-4 айға жетпей тозып қалады, мүйіз таға аттың табанымен бірге тұяғының жиектерінде қорғайды, себебі аттың аяғына сандалша киіледі.

Ер-тұрмандардың ерекшелігіне және аттың тұрқына атты ерттеу әдісіне орай атқа мінудің қазақи (шығыстың және батысеуропалық үлгісі ) деп атадым.

Батысеуропалық тәсілде ер-тоқымның арт жағы салмақты, ортасы (отыру нүктесі) шұңғылдау болып келеді. Ондай ертоқымға отырған кезде тақымды мықтап ұстау басты назарда болады. Салт атпен жүрудің батысеуропалық тәсілінде, адам ерге тереңдеп отырады да, адамның жамбасы, дәлірек айтқанда, құйымшағы тіреу (отыру) нүктесі рөлін атқарады, сөйтіп бүкіл салмақ ер-тоқымның арт жағына түседі. Қазақы (шығыстық) атқа отыру тәсілі мүлдем өзгеше. Ер биік болады, әсіресе алдыңғы қасы, ердің арты отыруға жайпақтау келіп, артқы қаспен бітеді. Ердің үстіне салынған кең көпшік (аткөрпе) отырған адамның тақымын кең ашып ердің артқы және алдыңғы қастарына шіреніп отыруға мүмкіндік туады, ең бастысы қысқа үзеңгіге тіренген адамның аяғы, әсіресе тізесі аттың құлағына жеткендей болады.

Батысеуропалық кавалер – салмағы жеңіл, аяғы ұзын болуы қажет. «Ұзынаяқ» атанатын галлдар атқа ертоқымсыз отыра береді. Еуропада галл тұқымынан тараған француздар, роман тайпасынан шыққан итальяндықтар нағыз шабандоздар болып саналады.

Шығыста мығым денелі, кеудесі кең, аяқтары қысқа шабандоздар атқа жақсы отырады. Мұндай шабандоздар аткөрпесі бар ертоқымда мығым отырады және бар салмағын үзеңгіге түсіреді. Шабандоздардың шеберлігін қазақ, қырғыз, қалмақ, түркімен, саха, моңғолдардың атқа отыру тәсілі дәлелдейді.

Солтүстік және Шығыс Кавказды мекендейтін мығым денелі әртүрлі тайпалар шығыстық атқа отыру тәсілімен біте қайнаған. Ал Орал, Дон, Жетісу және Сібір қазақтарының денелері төртбақ, өңдері қоңырқай иықтары кең, аяқтары қысқалау, кеудесі зор болып келеді. Атқа отырыстары қазақша (шығыс). Мұны орыстар «казачи посадка» деп атайды.



«Аттың сыны мен бабы» - деп аталатын 4-тарауда: жүйрік-бәйге аттарының түрлері, сыншылық өнер, аттың сыны, аттың сыры (жылқы психологиясы), ат баптау мен жарату, жорға салыстыру, қазақ жылқысының төзімділігі мен шыдамдылығы жөніндегі проблемалар қарастырылады.

Қазақстанның қай аймағында болмасын жүйріктерді жақын жерге және алыс қашықтықтарға – аламанға шабатын деп екіге бөліп айтады. Кейде жақын жерге шабатындарды тыз етпе – ұшқыр десе, алысқа шабатындарды – қыза шабатын аламан-бәйге жүйрігі деп жатады. Ал шетел қазақтарында жүйріктерді түрге бөлудің бірнешеуі ежелден қалыптасқан, кейде жеке сыншылардың да өзіндік жүйесі болады. Бірнеше атбегілердің сөзіне қарағанда жылқы үш түрге бөлінеді:

1. Ақалақ жылқы – жауға мінетін ат шығады, жауға мінетін жылқы бұқпа болады.

2. Ақсақал жылқы – жүйрік, тұлпарлар осы топтан шығады.

3. Бақал (мұзбүйрек) жылқы – ең төменгі топ, шабан, шобыр аттар. Мал қайырып мінуге, жүк тасуға, тартуға, шаруаға пайдаланылады.

Ақсақал жылқы 10 түрге бөлінеді:

1. Арқар жүйрік – ой-қырға бірдей жүгіреді.

2. Жайран жүйрік – ой-қыр демей шабады.

3. Қоян жүйрік – өрге шабады, арты биік, алды аласа келеді.

4. Түлкі жүйрік – жазыққа шабады.

5. Күдір жүйрік – күшті өрге шабатын жүйрікті тауға-тасқа жүгіретін күдір аңға ұқсатқан. Екі мықын – жая мен қабырғаның ортасы бір сүйем ғана болады (сүйем бас бармақ пен сұқ саусақтың арасы), ал жазыққа шабатын жүйріктердің жая мен бұғанасының ортасы бір қарыс (бір қарыс шамамен 20 см). Күдір жүйрік құйрығын көтеріп шабады.

6. Шаңтимес – бірден шаба жөнеледі, зу етіп алға шығады, тыз етпе, ұшқыр.

7. Аламан жүйрік – алдыңғы атты қуып жетіп, басып озып отырады, алысқа шабады.

8. Төңірек жүйрік – бұрқырап шабады. Төңіректі кейде тесік өкпе деп те атайды. Екі өкпесінің тұсындағы орайының ортасындағы тесіктен, аяз күндері бу шығып тұрады.

9. Желбегей – алдыңғы екі аяғы ширатылған арқан тәрізді елестейді, артынан қарағанда шабынған бураның артындай төңкерілген тұрпаты ұзын, шойыннан құйғандай келісті келеді.

10. Қызбел (босбелбеу) – жайран бас, көзі отты, мінезі ұшқалақ, жеңілтек. Жал-құйрығы жұқа, құндыздай жылтылдаған жұмсақ жүнді. Ұшасы мен төбе сүйегі биік, түлкі тұмсық, теке мұрын, танауының ауқымы тар. Қызбелдер бәйгеге келмейді, нағыз көкпардың аты.

Созақ елінің (Оңтүстік Қазақстан) атбегілері бәйге аттарын үш топқа бөледі:

Арынды жүйрік – шүу дегенде жарқырап алға шығады, көзге тез көрінеді. Оны ұшқыр деп те атайды. Арынды жүйріктердің бағы көкпарда жанады. Салым салатын аттар сол арынды жүйріктер тобына жатады.

Ағынды жүйрік – бірқалыпты, ағып шабатын жүйрік. Ол алғашқы шабысынан танбайды, ұзаққа сілтейді, аламан бәйгеде көзге түсіп, көпшіліктің мақтауына ілігеді.

Сарынды жүйрік – үдемелі жүйрік, айқай-шуды естігенде, дүбірлі шабыс тақалғанда еліре-екілене шабатын, құлағын үнемі сарынға тігіп отыратын, бүйірі дуда қызатын жүйрік. Мұндай жүйріктер қолға сирек түседі.

Қазақстанда жылқыны пайдаланылуына және жүрісіне қарай түрге бөлу кездеседі. Мұны ең алғаш байқап жазған М. Бабаджанов. Автор қазақ жылқылары: берік, жүрдек, жүйрік (жүйрікті үшке бөледі: ұшқыр, қарғыншыл, аламан-жүйрік), аяңшыл, жорға. Бұл жерде М. Бабаджановтың ұшқырын Моңғолия қазақтарының шаңтимесімен, қарғыншылды қызбелмен шендестіруге болады. Күні бүгінге дейін жүйріктердің топқа жіктелуі әлі толық қалыптасқан жоқ деп айтуға болады.

Қазақтың ат жарату өнерінде сыншылардың орны ерекше. Сыншы жылқының сыртқы тұрпатынан, ішкі құрылысына дейін – анатомиясын, мінез-құлқынан бастап, көңіл күйіне – психологиясын бір қарағанда білетін, қазіргі тілмен айтсақ, интеллектуалды маман. Сондықтан қазақ қоғамында сыншылардың әлеуметтік мәртебесі де жоғары болған. Қазақстанның көп жерлерінде, әсіресе Орталық, Шығыс Қазақстанда «атбегі», Батыс Қазақстанда (кіші жүзде – А.Т.) «атсейіс», болмаса «сейіс», Оңтүстік Қазақстанда «бапкер», Шыңжаңда «тапкер», «сайыскер», «дадагер» сияқты атаулар қолданылады.

Аттың сынына кіріспес бұрын біз жылқының сыртқы мүшелерінің атауларын (құлақ, көз, танау. т.с.с.) толық қалпына келтіру үшін Қазақстанның шығысы, оңтүстігі, батысы және Қытай, Моңғолия атбегілерінен сұрақ-жауап алдық. Сонда жылқы мүшелерінің атаулары бәрі барлық жерде бірдей, диалекті жоқ 95 сөз болып шықты.

Ендігі кезекте аттың сынына кірісіп алдымен батырлар жыры мен аңыз-ертегілерден теріп алдық, артынан атбегілерден және жылқыны жақсы білетін кез-келген адамнан жинадық, нәтижесінде үлкен кесте-схема жасалды.

Мысалы: Басының пішініне қарай: Тәует бас, Шал бас, Бөкен бас, Құлан бас, Қу бас, Үйрек бас, Сүйрік бас, Ұзын бас, Қысқа бас, Доғал бас, Ешкі бас, Бұлан бас, Түйме бас, Дорба бас, Қоян бас, Бақа бас, Орақ бас, т.б. 20-дан аса сынға бөлінеді. Өстіп аттың барлық мүшелерінің сынын, сынына байланысты сөздерді жинағанда 200-ге жуық сөз болды, мұндай зерттелу әдісі қазақты қойып, жалпы жылқы тану ғылымында болмаған.

Жылқы психологиясы әлемдік иппология (жылқы жөніндегі ғылым) ғылымында өзекті мәселелердің бірі. Соңғы кезде бұл тақырыпты зерттеу үшін күрделі тәжірибелер жасалып, іргелі зерттеулер жарық көруде [22].

Үнемі мал бағып жүрген халық, мал мінезінің қыр-сырларын да біледі. Қазақ өзін жылқы мінезді халықпыз дейді. Қазақтың жылқыны «есті жануар», «тілсіз адам», жылқының бір-ақ кемістігі бар, құдай оған тіл бермеген», – деуі бекер айтылмаған. Ол ол ма қазақ жылқымен сөйлеседі. Биені сауып жатқанда, әсіресе егде әйелдер «қарағым», «шырағым» деп, атты бәйгеге қосарда иесі атымен сөйлескендей болады. Атпен сөйлескенде қасыңда ешкім тұрмауы керек, жеке сөйлесу керек, – деп жатады үлкендер. Екі нәрседе қасиет бар дейді: бірі адам, бір жылқы. Дерек берушілер: бір топ жылқыны айдап бара жатсаң балалар таңырқап қарап тұрады. Ал сол балалар мыңдаған қой, жүздеген сиыр, түйе айдап бара жатсаң бір қарайды да ойнап жүре береді, жылқының ерекше бір қасиеті бар сияқты.

Ат иесі бір нәрсеге душар боларда, жер тарпып кісінейді, байлауға көп тұрмай пысқырады. Жақсы ат иесіне келетін пәлені үш ай бұрын біледі, білген соң өледі. Жақсы түйе иесіне келетін бақытсыздықты үш күн бұрын біледі. Бұрын қазақтар иесінің жақсы аты ауырмай –сырқамай өлсе, иесі отбасына туған-туысына, еліне дайындала беріңдер атымның артынан менде көп кешікпей кететін болармын-дейді екен.

Қазақтың ат баптау өнері – білімділік пен қажымай-талмай еңбексүйгіштікті талап ететін бірнеше сатыдан тұратын үрдіс.


  1. Құлын, тай кезінен жүйрікті тану.

  2. Құнанында үйретіп құнан бәйгеге қосу.

  3. Дөненінде пішіп, табынға қоя беру.

  4. Бестісінде жарату. Жаратудың өзі үш құрамдас бөлімнен тұрады:

әртүрлі домалақ дәрілер қосылған жеммен күш-қуатын молайтып жемдеу;

жаттығулар жасау (аяң, қара жарыс, шабу, т.с.с.);

терін алу.

Атты бәйгеге баптау туралы көп жазылып біраз зерттелгенімен жорға шықтыру және салыстыру өнері мүлдем қалыс қалған деуге болады. Қазақта жорғаны: екі аяқты жорға, шалдыр жорға, үш аяқты жорға, төрт аяғы тең жорға, қой жорға, жол жорға, кекірек жорға (жортақы), шапқын жорға, түйе жорға, көташар жорға, бес құлаштық жорға, он құлаштық жорға, су жорға, су төгілмес жорға, табақ тартар жорға, төкпе жорға, айдама жорға, шайқалған жорға, тайпалған жорға деп бөледі. Жорға аттары негізінен бүкіш бел, бота тірсектеу болып келеді. Жорға – туа біткен қасиет. Жорға тудыру үшін екі аяқты, не үш аяқты жорғасы бар айғырдан қою керек, не енесінің мықты жорға болғанынан қояды, көбінесе жорға енесіне тартады.

Жорға аттың үзеңгісі қысқа болу керек, үзеңгі ұзын болса, кәрі жілік пен жауырынның басына тиіп зақым келіп, қанталап, жорға әлсірейді. Жорғаға үш айыл дұрыс: төс айыл, орта айыл, шап айыл тізгінді тең ұстайды, бір қолмен ұстап тік отырады. Адам бір жағына ауып, екі жағына қисайып отырса, ат жорғалап бара жатқанда жорғасынан жаңылып қалады. Cондықтан қисаймай, шалқаймай, еңкеймей, екі аяғы, екі қолы тең денесін тік ұстап отыруы керек.

Жорғамен алғаш танысқан XVIII ғасырда өмір кешкен ағылшын монағы Фиц Стефан: «Жорғаларды «жылқы ішіндегі корольдер», – деп атап, мұндай аттарға корольдер мен дворяндар міну керек, ал жай жылқылар малайлар үшін жаратылған», – деп жазған [23, 35-б.].

Жорғаның Ресейге кейін барғаны, орыстардың кейін таныс болғаны атауынан көрініп тұр, орыс тілінде «иноход» деген бөтен жүріс, белгісіз жүріс – дегеннің калькасы. Ал сол орыс зерттеушілері: «Иноход у казахов считается идеальным аллюром», – деп көрсетеді [23, 35-б.].

Қазақ жылқысының әлемдегі басқа тұқымдардан өзгешелігі және артықшылығы сол, оның ерекше төзімділігі мен шыдамдылығы. Ғасырлар бойы қазақ халқы аридный зонаның: жаздың аптап ыстығы мен қыстың аязды қарлы боранында, көктемнің қара суығы мен жауын-шашынында ашық далада өз қорегін өзі тауып жеген жылқы тұқымдарының әлсіздері құрып, мықтылары қалып отырған. Көнекөз қариялардың айтуынша: «Бұрын жылқы баласы қазіргідей сұлы мен арпаны жегенді қойып, бұл дәнді өзіміз де көргеміз жоқ», – дейді. Ленейзен 1877–1878 ж. орыс-түрік соғысындағы Австрия атты әскерінің қолбасшысы, Орал казактары мінген қазақ жылқыларын көргенде былай деген екен: «Нағыз жылқылар, кавалерия үшін бұлардан артық не керек, сауыры жалпақ, еті тығыз, сонымен бірге шапшаң ылдым-жылдым, тез бұрылады». Австрия атты әскер маманының осы қысқа да нұсқа және өте дәл берілген бағасы бүкіл қазақ жылқысының табиғатын көрсетеді»,-деп жазады А. Попов [24, 206-б.]. Шын мәнінде 1877-1879 жылғы орыс-түрік соғысынан кейін қазақ жылқысының ерекше шыдамдылығы мен күй талғамайтындығы алыс қашықтықтарға мойымайтындығы Еуропа елдеріне мәлім бола бастады. Диссертацияда қазақ аттарының күніне 200-250 км қашықтықты еңсеруі орыс, еуропа мамандарына таңқаларлық жағдай болса, бұл қазақи тұқымның күй талғамайтын қасиетінің бірі екені, Ресей әскерлерінің бүкіл Орта Азияны жаулап алған жорықтары дала жылқысының күшімен жүзеге асқаны баяндалады.



«Жылқыға байланысты мерекелер мен ойындар және жылқының қоғамның саяси әлеуметтік өміріндегі маңызы»-деген бесінші тарауда қымызмұрындық, ас, бәйге, атты соғысқа үйрету, ат ойындарының түрлері, құлан аулау, жылқының әдеттік құқықтағы орны мен ролі, барымта иниститутының қоғамдық мәні сөз болады.

Ұлттық салт-дәстүріміздің ішінде халық санасынан мүлдем ұмытылып, тойланбай келе жатқан жалпы қазақ мейрамдарының бірі – қымызмұрындық.

Қымызмұрындық дегеніміз – ел жайлауға шыққанда жазғытұрым аталып өтетін – қымыз тойы. Қазақ жерінде қымызмұрындық әртүрлі аталады. Жетісу, Батыс Қазақстанда - қымызмұрындық, Сарыарқада - биемұрындық, Шыңжаңда биебау, Моңғолияда бие байлар т.с.с. деп аталғанымен, бірақ бәрінің мағынасы бір.

Қымызмұрындық мейрамы бірнеше кезеңнен тұрады.

1. Бие бау, бие байлар – желіге құлындар байланады, желінің басында шашу шай ішіледі.

2. Қымыз ашыту.

3. Әр үйдің өз қымызына ауылдастарын шақыруы.

4. Ауылдың (рудың елдің) біріккен қымызмұрындық мерекесі.

Демек мейрам әр отбасының бие байлауынан, қымыз ашытуынан, қымызға шақыруынан басталып, жалпы ауылдық, елдік мейрамға ұласады.

Қымызмұрындықтың уақытына келетін болсақ, ел жайлауға шыққанда басталып, қырық күндік шілдеге жалғасады.

«Қазақта бәйгеден асқан салтанат жоқ: олар бәйгемен нәрестенің дүниеге келуін атап өтеді, бәйгемен марқұмның аруағын еске түсіреді, бәйгемен құрметті қонақты қарсы алады» [25, 28-б.]. Бәйге тай жарыс, құнан бәйге, құр бәйге, тоқ бәйге болып бөлінеді. Бәйгенің үлкен қоғамдық мәні бар, біріншіден ат иесінің жүлдесінің 60-70% руластарына таратылып беріледі, екіншіден ат жарысының артында адам жарысы рудың, елдің жарысы тұрады. Бір ат бүкіл бір елдің мәртебесін көтереді.

Бәйгелердің көбі аста өткізілетін болғандықтан астың маңызы үлкен. Ас –тек мал сойып, дүние шашу емес ру, ел, тайпа арасында қордаланып қалған мәселелер шешіледі келешекке әртүрлі жоспарлар қойылады. Үлкен астар бір жыл, кемінде жарты жыл бұрын хабарланады, мұны сауын айту дейді, сондықтан қазіргі тілімізде қолданылатын сауыншы –доярка емес, хабаршы мағынасында. 60-70-100 км бәйгелерге жолда басқа ат қосылып кетпес үшін арнайы атты адамдар қойылады, мұны барлаушылар – деп атайды.

Ас төрт күнге созылады: сәрсенбі – ошақ қазар күн, бейсенбі – мал соятын күн, жұма – табақ тартар күн, сенбі - ат шабар күн. Ат шауып біткен күні үйлерді жыға бастайды. Сирек болсада астың бір жетіге созылғаны жайында мәліметтер де кездеседі. ХІХ ғасырда асты және онда өткен ат бәйгелерін суреттеген орыс және шетел ғалымдары «қазіргі заманның олимпиадалары» деп тамсанған.

Информаторлардың айтуынша және фольклор деректері бойынша бұрын зерттелмеген, аттың, адамның, ер-тұрманның әдемісіне арнайы силық берілгенін, мешкейлер жарысы, қыз сыны, жарыстары алғаш рет ғылыми бағасын алды.

Атты ұрысқа, соғыс қимылдарына үйрету мүлдем ұмытылып қалған өнер, сондықтан бұл мәселені алдымен батырлар жырынан, тарихи әңгімелерден, сонансоң азын-аулақ болсада Қытай, Моңғолия, Өзбекстан қазақтарынан мәлімет алдық.

Атқа байланысты ойын-сауықтардың кәзіргі ел білетіні бәйге мен көкпар, жорға салыстыру, қыз қуу, теңге ілу т.с.с. небәрі 10-ға жетпейді. Біздің жинаған деректеріміз бұл әліде толық емес ат ойындарының өзін 40-қа толтырдық.

Бұлардың ішінде қыз қашар, тақия қақпай, сияқты ғұрыптық ойындар, қайыс тарту, атпен табақ тарту, найзамен түйенің құмалағын шаншу, қамшу тастау секілді күштілік пен ептілік ойындары бар.

Жылқы тектес жануар құлан аулаудың қазақ далаларындағы қым-қиғаш оқиғаларынан басқа экономикалық, әлеуметтік, әскери мәні бар, сонымен қатар жылқының жүйріктігін жылдамдығын анықтаған.



  1. Батырдың атының жылдамдығын, беріктігін анықтау үшін құланға салдырып құлан қайыртқан.

  2. Беті қайтпайтын бозбаланы құланның айғырымен жекпе-жекке шығарып сынатқан.

  3. Құлан аулау күн көрістің қамы, етін азыққа терісін киімге пайдаланады.

  4. Құлан аулау әскери-ұжымдық аңшылықтың белгісі, әскерді соғысқа машықтандыру.

Жылқы қазақтың әдеттік құқығында дау – дамайды - шешуші, шешілген дауды-бекітуші құрал. Қазақтың бүкіл жер дауы, жесір дауы, қылмыстың көптеген түрлері жылқыға телінген, жылқы арқылы шешілген. Тіпті дау-дамай басқа мал түрлерімен шешілседе, айналып келгенде жылқыға бағаланған. Мысалы: 1 түйе = 4-жылқы, 1 жылқы =5 қойға, 10 ешкіге, 1 бұзаулы сиырға тең.

Қазақ қоғамында билік айтудың өзі жылқыға, жылқының тұрпатына қарап шешілген. Қазақтың атақты билері: Төле, Қазыбек, Айтеке үшеуі аттың күші қой жерінде деп дауласып, ақыры аттың күші ортасында –деп келісіп билік айтуды кімге береміз дегенде тағыда дауласып, ақыры жығылсам, сүрінсем сүйер алдымда ағам, артымда інім бар билік жөнікі менікі емеспе деген Қазыбекке екі жағы да тоқтай, билікті Қазыбекке береді. [26, 147-б.].

Он екі ата Байұлының аға биі Бөкен би (Сырым батырдың ұстазы – А.Т.) өмірі атқа мінбепті. «Көңілім өсіп желденіп кетеді, асып-тасып елімді, жұртымды ұмытып кетем, көзім ісініп, жақсы-жаманды ажырата алмай қаламын», – деп, өгізді ерттеп мініп жүретін кісі екен.

Ұрланған атын иесі тақымынан танып алса үлкен айып саналған. Ол туралы жеті жарғыда:

«Боқ жағылған нетеді, жуса кетеді.

Ат танылған нетеді, сүйегімен кетеді»

Ер тұрманды ат жабдықтарын ұрлау үлкен қылмыс. Төле би шідер тұсау ұрлаған адамға бір тоғыз айып төлеттіріп «Тұсау ат сақтайды, ат ер сақтайды, ер ел сақтайды» деп кесіп айтқан. Жеті жарғыдағы ат құйрығын кесу, ат кекілін кесу, құн алынып дау ақталғанша бітім жоқ дегенді білдіреді. Шын мәнінде екі адам, екі ел енді бітімге, екі ел бітімге келмейміз, мәңгілік аразбыз –дегенде аттарының кекілін кесіп тастайтын. [27].

Сонымен бірге әділ билік, тура билік жөнінде айтылғанда «қара қылды қақ жарған», «қара қылды қырыққа бөлген» деген сөз бар. Әрине, бұл үкім әділ кесіліп, екі жақ та риза болып тұрған шақта орындалатын салт. Сот процессі аяқталып, екі жақ бітімге келгенде билер: «ат тізесін қостым»-деп ақырғы сөзін аяқтаған.

«Жеті жарғы» бойынша барымта кінәлы жақ билер сотының шешімін орындамаған, болмаса елбасылары, ру көсемдері істі қарамаған кезде жасалған. Барымтаға алынатын жылқының көлемдері билер шешімі шығарған көлемнен аспауы қажет. Барымтаның мән-жайын атап көрсете білген зерттеушілердің бірі Н. Гродеков: Біріншіден, барымта күндіз емес түнде жасалады. Екіншіден, барымта ашық айтылады. Елге жария етіледі. Үшіншіден, ұрлық-қарлыққа, кісі өлімі, қалыңдығы немесе әйелін алып кеткен кезде, қорлық көріп, тіл тиген, т.б. жағдайларда есе қайтарып, кек алу үшін жасалады. Төртіншіден, жауапкер ешқандай кінәлі болып саналмайды 28, 170–171-бб..

Ибрагимов барымтаның ешқандай тонау, шабу емес екенін көрсете келе, орыс оқушыларына сөздің шығу төркінін дәл және анық түсіндіреді: «бар – есть, барым – все что есть, барымта – мне следуемое, демек, жалғау арқылы зат есім жасалған. Мысалы: бармақта, тұрмақта, жүрмекте, т.с.с.» 29, 23-б..

Барымта –батыршылдық мектебі Қазақ батырларының көбі жастайынан барымтаға қатысып, жаудан жылқы айырып, шынығып өскен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет