Қазақ халқының дәстүрлі зергерлік бұйымдарының түрлері мен мән-мағанасы



жүктеу 86.65 Kb.
Дата09.06.2016
өлшемі86.65 Kb.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

тарих, археология және этнология факультеті

археология, этнология және музеология кафедрасының аға оқытушысы Б.Ш. Солтиева

Қазақ халқының дәстүрлі зергерлік бұйымдарының түрлері мен мән-мағанасы
Зергерлік – өте ертеден келе жатқан, көркемдік өнердің түрі. Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнер халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамыды. Әртүрлі сәнді бұйымдар, асыл тастардан жасалған қымбат заттар шеберлер қалдырған халық мұрасы болып табылады. Әшекей заттар қоғамның барлық әлеуметтік топтары арасында үлкен сұранысқа ие.

Қазақ арасында қалың темір соғатын ұсталарды да, зергерлерді де «ұста» деп атаған. Ұста сөзі шебер, өнегелі, ісмер деген ұғымда ағаш ұстасы, күміс ұстасы деп бөлген. Қолөнер еңбегі шеберлердің қандай материалдан жұмыс істейтіндеріне қарай бөлінді: Темірден түйін түйгендер ұста, мыс, қола, жезбен жұмыс істейтіндер қолашы, бағалы металдан әшекей жасайтындар зергер деп аталады. Зергерлер әртүрлі қарапайым әдістерді, дәлдікпен өте шебер орындаған(1).

Зергер мен ұсталардың өнерінен туған әшекей бұйымдар арулар бойына көрік, ажар, жігіттерге жігер беретіндіктен ондағы жазулардың тәлімдік ролі арта түскен. Көптеген әшекей бұйымдар ұзатылатын қыздың сән-салтанаты жасауы ретінде қолданылған.

Ертеден бері қазақ жерінде қыз-келіншектерді ажарландыра түсу үшін оларға арнап сан алуан түрлі әшекей бұйымдар жасаған. Халық зергерлері көбінесе білезік, өңіржиек, сақина, сырға, түйреуіш, ілгек, шашбау, шолпы, алқа, қапсырма, жүзік сияқты адамдардың өз бойындағы әсемденетін заттарды жасады. Осы әшекейге орнатылған тастардың белгілі мән-мағаналары да бар. Мысалы, ақық тасты шын-шайтандар келетін аурудан қорғау үшін жүзік, білезіктерге орнатқан. Аңызға сүйенсек Мұхаммед Пайғамбардың «Ақық жүзік таққандар жайсаң өмір кешеді», «Ақық жүзік тақсандар кедейліктен арыласыңдар» деген сөздері адамдардың бұл тасты қалай ардақтағанын көрсетеді.

Меруерт, інжу тастарға деген сүйіспеншілік қазақтардың ой-санасында айға теңеумен байланыстырылады. Көптеген егде әйелдер бұл тастарды да күміс секілді ай сәулесінің бір бөлшегі бар деп, оған ерекше мән берген. Інжу мен меруерт бақытты, байлықты білдіреді, сондықтанда осы тастармен киімді сәндеу үшін де көп қолданады.

Қазақ көгілдір ақық (перуза) бақыт пен сәттілік әкеледі деп түсінген, ал сыйға тартылған тас сонымен қатар көңіл күй өзгерісін білдіреді. Егер адам ауырса тас қарайып кетеді. Ең сүйікті тас маржан болып саналған, ол қарғыстан, тіл көзден сақтайды, дәулет, бақыт әкеледі деген сенім бар және ең маңыздысы, ол дені сау ұрпақ өсіруге ықпал етеді деп саналады. Әрлеуіш тастар әшекейлерге сиқырлы қасиет бере отырып, маңызды сәндік рөл атқарған. Қазақ халқында қалыптасқан дәстүр бойынша, қыздар мен әйелдердің әшекейсіз жүруі әдепсіздік болып саналған, өйткені әшекейді тек қаралы күндері тақпайды. Сондықтанда қазақ қыздары туғаннан бастап өмірінің соңына дейін өзінің жасына және әлеуметтік деңгейіне сай әшекейлер тағып жүретін болған. «Әшекейі жоқ әйел жапырағы жоқ ағашпен тең» деген аталы сөз бар(2).

Қазақ халқы қашанда әйел көркi – шаш, шаштың көркi шолпы деп есептеген, әр бойжеткендi бірінші шашына қарап бағалаған. Сондықтан да ата-анасы қызына шашқа қосатын, жалғайтын, кигiзетiн, тарайтын, тағатын сияқты тәрбиелік мәні жоғары зергерлiк әсем бұйымдарды шеберлерге арнайы тапсырыс беріп істететін. Шашқа тағатын сәндiк бүйымдардың iшiндегi асылы мен артық саналатыны – шолпы. Әсем-сәндi шолпыларды қыздар мен келiншектер ғана таққан, егде әйелдер қарапайымдау түрін таққан. Шолпыдағы салпыншақтар бір-біріне төгіліп, шылдырлап, құлаққа жағымды дыбыстар шығарып, кең даланың қоңыр үнін сыңғырымен байыптай түседі. Қазақтың «сыңғырлаған күлкісіне сылдырлаған шолпысы үн қосар» деген әдемі сөздер соның айғағы. Тәжiрибелi халық шолпы таққан қыздардың басы ауырмайды, шашы үзын әрi сұлу, берiк болып өседi, ерте түспейдi деп жорамалдаған. Сонымен қатар, қызбалаға шолпы тағудың тәрбиелік те мәні ерекше. Шолпы таққан қыздар аяғын басқан сайын шолпысы сыңғырлап, оның жүрісіне әдемі реңк береді. Шолпы таққан бойжеткендерге денеңді тік ұстасаң, тиындар сылдырламайды деген шарт қойылған. Тиындар кісі алдынан өткенде сылдырласа, ол үлкен әдепсіздік деп есептелінген. Екіншіден, тиындарды сылдырлатпай бойыңды тік ұстасаң, онда денең оқтай түп-түзу болып өседі деген тәлімдік ойлар бар. Шашқа тағатын әшекей берген кезде: «шашың ұзын болсын, қалың болсын» деген. Жеңгелерi қайын сiңiлiлерiне “Шашбаулым”, “Шаштеңгелiм”, “Сырғалым” деп ат қоюында да үлкен мән жатыр.

Шашқа тағатын әшекейдің түрі – шашбау. Шашбау аты айтып тұрғандай «шаштың бауы» деген мағынаны береді. Оның қарапайым түрі ызылып тігілген мата кесіндісі түрінде болады. Оған кейде күміс немесе алтын теңгелер, тиындар, кейде маржан қадалатын. Ол әйел шашының көркін ашатын, өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін тағылатын сәндік бұйым. Оның алтын, күміс, тілла шашбау сөлкебай шашбау (орыс тіліндегі «целковый рубль» деген сөзден алынған, жергілікті тілде сөлкебай – «сом, теңге») теңге шашбау, шаштеңге, үкі аяқты шашбау, шаштүлек (лентадан жасалған қарапайым шашбау), шашбаутас (жалпақ күміске асыл тастар орнатып жасаған шашбау түрі) сияқты түрлері бар(3).

Көркем безендірілетін әшекейлердің келесі бір түрі – шекелік және суыртпа болып табылады. Олар мерекелік жағдайларға байланысты бас киімнің бауына немесе самай шашқа бекітіледі. Шекеліктер мен суыртпалар бірнеше бөліктерден тұрып, оларға тағылатын әшекейлер үзбелі формада келеді. Олардың салмағы мен ұзындығы әртүрлі, кейде иықтан төмен түсіп тұратын болған. Шекелік бірнеше бөліктен тұрады, әрі оларға тағылатын әшекейлер үзбелі болып келеді. Шекелік үшбұрышты, жүрекше, ромб, гүл жапырақшасы тәрізді және басқа қалыпта да жасалатын, сонымен шар тәрізді, конус пішінді үлкен әшекейлер – қозалы, шекелік, шошақ шекелік деп аталады.

Самайылық әшекейлердің бір түрі – ширатпа шекелік. Оның күрделі үлгіде жасалған селдір салпыншақтары өте тартымды келеді. Самайылық әшекей кейде маржан моншақтардан тұратын тізбектермен әсемделеді, кейде түрлі салпыншақтармен күрделене келе самай– кеуде әшекейіне айналады(4).

Алқа – әйел адамдар мойнына, омырауына тағатын әшекейлі, сәнді бұйым. Алқалар жасалуына,салмағына,әсемдігіне қарай жетілетін көптүрлілігімен көз тартады. Қыздар мен жас әйелдер маржан, ақық, інжу және түрлі түсті шыныдан көз қолданған моншақ пен алқа таққанды ұнатқан(5).

Білезік - өте ерте замандардан тұтынылып келе жатқан сәндік бұйым. Білезік әдетте бір қолға, немесе екі қолға бір-бір білезіктен, кейде бір қолға екеуі тағылады. Білезіктердің тұтас болып келетін, сондай-ақ құрамды бөліктерден жасалатын түрлері болады. Екі-үш бөлшектен тұратын ашпалы-жаппалы болып келетін білезіктер қақпақ білезік деп аталады. Иіліп істелетін жұмыр білезіктердің екі қоспасын кигенде жыланның бас пішініне келтіріп, ортаңғы бөлігін жуандау етіп жасайды. Жұмыр білезіктердің қою шытырман өрнектермен көмкерілуі оларға асқан тартымдылық пен сырбаз сымбаттылық береді. Білезік бергенде «қолың өнерлі болсын» деген. Қазақ зергерлері жасап жүрген білезіктердің бес білезік деген түрінің бауыр сырты жалпақ, сағат бау сияқты. Ортасында топсасы болады. Білезіктің екі басы түйісіп түймеленеді. Білезіктің сыртқы жағында күміспен немесе алтын шынжырмен шынжырлап қойған бес сақина бар. Сақиналар да өрнектеліп, тастан көз орнатылып жасалады. Білезікті білекке тағып, бес саусаққа сақинасын киеді. Білезіктерге көбінесе «сыңар өкше», «ырғақ», «бұрма», «көз» өрнектері салынады.

Сыртқы пішіні ХХ ғ. қалыптасқан сағат білезіктер өз алдына ерекше. Жасалған бөліктері бір-біріне қозғалмалы етіп байланыстырылған тас көздерден тұратын тасты білезік те білекте жарасымды көрінеді(6).

Қазақ әйелдерінің әсем көркіне қосымша сән беріп, жарасымды тағылатын зергерлік бұйымдардың бірі –сырға. Соғылатын сырға үлгілері әртүрлі және көркемдік шешімі, мағыналық болмысы алуан түрлі. Оның сапасына, құрамына сай көптеген түрлері болады: ай сырға, тас көзді сырға, күмбез сырға, салпыншақ сырға, сабақты сырға, шашақты сырға т.б.

Әсіресе, асқан шеберлікті талап ететін нәзік етіп соғылған зер сырғалардың құрылымы ерекше. Сырға түрлерінің ішінен ерекше орынды алатыны – ай сырға. Ай сырғалардың еліміздің кез келген аудандардан кездестіруге болады. Бұл сырғаның бойына қазақтар тылсым табиғат – Айдың қасиеттілігін бейнелеуге деген құштарлықтан туған. Айды о бастан қазақтар қасиетті санап, тылсым күштерінің алдында дәрменсіздігіне қорғаныш іспетті санаған және әшекейлерінде өзіндік шыраймен бейнелеуге тырысқан. Құлаққа сырға таққанда «құлағың ауырмасын, жаманшылық естіме, бетің ажарлы болсын» деген тілек айтқан(7).

Әйел затының жанына жақын, сүйіп тағатын әшекейлерінің біріне жүзік, сақина жатады. Қазақ халқында саусаққа киілетін, алақаны бар әшекейдің бір түрі жүзіктер әртүрлі пішінде болады. Оның саусақ сыртына түсетін жағына түрлі асыл тастардан көз орнатылады. Жүзіктің беті өте сәнді әшекейленеді. Оның бетіне ширатылған металл сымнан, сіркелеу, лажылау, бағдарлау тәсілдерін қолдана отырып күрделі өрнектер салынады.

Жүзіктер тек сән үшін ғана тағылатын әшекей емес, сонымен қатар ертеректе таңба басатын мөр қызметін де атқарды. Ондай жүзіктерді мөрлі жүзік (перстень печать) деп атайды. Мөрлі жүзікті бұрын атқаратын қызмет дәрежесі жоғары лауазымды адамдар ғана таққан. Оны оң қолдың саусағына салатын болған.

Жүзіктің келесі бір түрлері – беті шиыршық өрнекті, бұдырлы болып келетін отау жүзік, құс мұрын жүзік, ортасына қондырылған тасы тасбақа тұрпалас тасбақа жүзік те сақина соғу өнерінің қайталанбас туындылары. «Құдағи жүзік» аталатын сақина түрінің материалдық да мағаналық жасалуы ерекше. Құдағи жүзіктер Қазақстанның батысы мен оңтүстік-батысында кездесетін аса көлемді және өте сәнді жүзік болып есептеледі. Жүзіктің бауырында екі саусаққа бірдей кигізілетін қосарланған екі сақинасы соғылып жүзік беті көлемді келеді. Жүзікке асыл тас, түсті шыны қондырылады, сондай-ақ міндетті түрде алтынмен әсемделеді. Әдетте, ондай жүзіктерді үйлену тойында қыздың анасына сый ретінде береді. Құдағи жүзіктің «қызметінің» маңыздылығына қарай құндылығы да жоғары. Сондықтан, оны «құдағи жүзік» деп атайды.

Қыздар арасында жоғары бағаланатын жүзіктердің түрі – құсмұрын жүзік. Жүзіктің бұл түрі негізінен қалыпқа салу әдісімен жасалып, сан алуан өрнектермен, зерлеумен, майда салынған өрнектермен әшекейленеді. Соғылу техникасы жағынан қызықты болып келетіні – ішіндегі қуысқа құм немесе ұсақ тастар салынатын жүзіктер. Мұндай әдіспен алынған сақина сыңғырлаған әсем ән шығаратын болған. Құсмұрын жүзіктердің құстың бейнесі басқа да қолөнер туындыларында жиі кездесіп, еркіндіктің, қайырымдылық пен бейбіт өмірдің нышаны деп түсінілген. Бұл жүзіктің рәміздік мәні «құстай ерікті, өз еркі өзінде», яғни «қыздың басы бос» деген ұғымды білдіреді. Тұрмысқа шыққан кезде бұл жүзікті қыздың дүниесіне қосып беріп жіберген. Бауырларының жаңа босағада жағдайын білуге келген қыздың іні-сіңілілеріне құсмұрын жүзікті төркініне қайтарса, онда бұл белгі қыздың жағдайының жақсы екенін хабардар еткені. Қызының жағдайының жақсылығына көзі жетіп, қуанған анасы құсмұрын жүзіктің қайтқаны үшін, яғни жақсы хабар үшін ауыл-аймақты дастархан мәзіріне шақырған(8).

Саусаққа салатын алтын, күмістен жасалатын сақинаны балдақ деп атайды. Кейбір жерлерде оны жүзік, сақина деп те атайды. Жүзіктен айырмашылығы балдаққа көз орнатылмайды. Жалпақ, дөңгелек, тұтас болып келеді, кейде бетіне ою-өрнек жүргізіледі, кейде беті сол күйінде қалдырылады. Бұларда негізгі әшекейлерінің бірі болып саналғанымен, оларды ер адамдарда салған. Бірақ әйелдер барлық саусақтарына екі-үштен қосарлап сала береді де, ерлер бір ғана саусағына және біреуін-ақ салады. Жасалу материалына қарай балдақ алтын балдақ, күміс балдақ болып бөлінеді. Сақиналар көбіне күмістен соғылады. Сақина көздеріне теңбіл тас, көк тас, су тас, құлпырма тас, жақыт, жарқырауық тас, гауһар және ақ тасты пайдаланған(9).

Балдақ, жүзік сияқты саусаққа салатын зергерлік бұйымның бірі - сақина. Жүзікпен салыстырғанда сақинаның бауыры жалпақтау болып келеді. Бетіне тас қондырылмаған түрлері көп кездеседі, тас қондыру сирек ұшырасады. Күміс, алтын сақиналардың бетіне көбінесе бізбен әртүрлі ою-өрнектер жүргізіледі.

Әр қашанда тазалықты сүйетін қазақ халқы ас адал болуы үшін әйелдің қолында міндетті түрде сақина немесе жүзік болуы керек деп санаған. Тіліміздегі «Сақинаны сәнге салмайды, ол – тазалыққа таразы», «Сақина сәнге жатпас, айқай әнге жатпас» дегендей нақыл сөздер сақинаның тек сәндік қана емес, гигиеналық қызметте атқарғанын дәлелдейді. Бұдан қазақ халқының ертеден-ақ күміс пен алтынның таттануға ұшырамайтынын, судың, тамақтың тез бұзылмауына әсерін тигізетінін, адам ағзасына жағымды әсер ететінін аңғарғанын көруге болады. Нәрестені қырқынан шығарғанда да оны шомылдыратын суға алтын не күміс сақина немесе білезік салу баланың денсаулығына, тазалыққа көңіл бөлуге байланысты шыққан екенін аңғару қиын емес(10).



Қазақ халқының дәстүрлі зергерлік бұйымдары қазақ қоғамында баға жетпес құндылықтардың бірі. Қазақ халқының көне заманнан сыр шертетін дәстүрлі қолөнерінде сәні мен салтанатына тәнті етерлік зергерлік өнер маңызды орын алады.



  1. //Жұлдыз, 1976, №8.-180 б.

  2. Тоқтабаева Ш.Ж. Қазақ зергерлік өнері. А.,2011. -67-68 бб.

  3. Егізбаева М. Қазақ халқының дәстүрлі материалдық мәдениеті. А., 2012. -91-92 бб.

  4. Тохтабаева Ж.Ш. Серябрянный путь казахских зергеров. А.,2005.-с. 93- 94.

  5. Сычева Н. Ювелирное украшения народов Средней Азии и казахстана. М.,1984. -с.124.

  6. Казахское прикладное искусство. А.,1986. т.1.-с.34.

  7. Қазақтың зергерлік әшекейлері. А.,1985.-7 б.

  8. Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ. А.,1977. -45 б.

  9. С. Қасиманов Қазақ халқының қолөнері. А.,1995. -130 б.

  10. //Ана тілі, 1991, 4 шілде. №27, -8 б.


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет