Курстық жұмыстың құрылымы: Зерттеу жұмысы кіріспеден, тараудан, қорытындыдан, әдебиеттер тізімі мен қосымшадан тұрады.
1. ОРТАҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ
ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы Қазақ хандығы және оған сипаттама
Ортағасырлық Қазақстан аймағында қазақ мемлекеттігінің өмірге келіп, дамуы қазақ этносының өркен жаюындағы ұзақ жолында оның бірегей құралып қалыптасуы мен бірігіп нығаюы тұтастықты сақтап қалу үшін маңызды болды. Жазба материалдарда кейінгі ортағасырлық ірі мемлекет- Орталық Азия аймағында, Евразия халықтары мемлекеттері жүйесінде елеулі рөл атқарған Қазақ хандығы туралы сенімді деректер аз емес. ХҮ ғ. ортасынан бастап ХҮІІ ғ. дейін Қазақ хандығы бірде берік, бірде босаң тұрақтылық дәрежесімен ерекшеленетін шын мәніндегі бірыңғай саяси жүйе тұрғысында тіршілік етті. Ол өмірге келу, өркендеу, құлдырау кезеңдерін басынан өткерді, ал ХҮІІ ғ. жеке-жеке хандықтарға ыдырады. Бұл хандықтардың жерлері негізінен алғанда сыртқы саяси оқиғалардың ықпалымен өзінің нобайын талай рет өзгертті. Бірақ мұндай өзгерістер әрдайым дерлік қазақ этносы жайлаған жерлерде Ертіс пен Қараталдан Сырдария мен Жайыққа, Алтай мен Тянь-Шаньнан Каспий мен Аралға дейінгі аралықта орын алып отырды. Дегенмен, орта ғасырларда қазақтардың этникалық және мемлекеттік территориялары, әдетте, осы аймақтағы басқа халықтардікі тәрізді өзара дәл келе бермегендігі сөзсіз.
ХҮ ғ. осыдан былайғы онжылдықтарды мен ХҮІ ғ. басында Қазақ хандығы экономикалық жағынан нығайып, қазақтардың этникалық аймақтарының едәуір бөлігін өзіне қосып алу арқылы жер көлемін кеңейте түсті. Қазақ хандығының нығаюы ХҮ ғ. соңғы онжылдықтарында соғыстарға, өзара тартыстарға, Қазақстан-ортаазиялық аймақ шегінде халықтардың ірілі-ұсақты орын ауыстырулығына толы қиыншылықты жағдайда өтті. ХҮ ғ. аяғында және ХҮІ ғ. ең басында көшпелі өбектердің қолбасшысы, Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбанимен күресте Мәуереннахрдағы билігінен толық айрылған Темір әулеті мемлекетінің әскери және саяси күш-қуаты келмеске етті.
ХҮ ғ. аяқталар тұсындағы күрестің қорытындысы- Қазақ хандығы құрамына Созақ, Сығанақ, Сауран қалаларын қосып алу болды [7, 149-б].
2. ХҮІ-ХҮІІ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ МЕН РЕСЕЙ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР
ХҮІ ғасырдағы Тәуке хан билігі кезіндегі Қазақ хандығы мен Ресейдегі елшіліктер
Қазақ хандығының билігі 1680 жылы Жәңгірдің ұлы Тәукеге көшті. Жаңа билеуші көреген саясаткер, ақылды дипломат, құдыретті хан болды. Тәуке ханның өзіне дейінгілерден айырмашылығы- хандықтағы ерекше әлеуметтік топты құрайтын, дала ақсүйектерінің өкілі биледің көмегімен өзінің үстемдігін нығайтуға тырысты. Дәстүрлі қазақ қоғамында билерге ерекше маңыз берілді. Билердің шаруашылық, әдетті-құқық, әскери және идеологиялық міндеттерді атқаруда ерекше рөлі болды. Алайда, олар Шыңғыс ұрпақтарына жатпайтын еді. Төңірегіне беделді билерді топтастырған Тәуке «билер кеңесінің» қолдауына сүйене отырпы, хан билігіне ашық түрде қарсы шығушы Шыңғыс ұрпақтарына қарсы күрес жүргізді. Билер кеңесі халықтың айтуынша Тәуке ханға дейін, аңызға айналған Майқы би заманында-ақ белгілі болған. Билер мәжілісі ерекше жағдайларда, аса маңызды мәселелрді шешуге ғана шақырылған. Билер кеңесінің қызметін ретке келтіруде Тәуке бірқатар шаралар қабылдады.
Үш жүздің басын құрудағы саяси оқиғада билер кеңесі үлкен роль атқарды. Сонымен қатар Тәуке хан өзінің билігі мен саясатында «би-батырлар тірегін» нығайтуға тырысты. Кеңеске барлық рулардың қатардағы билері мен әскербасылары және батырлары көптеп шақырыла бастады.
Билердің мүддесін көздей отырып, Тәуке өз билігін нығайтты. Мұның барлығы қазақ тайпалары мен көшпелілер арасында жоғары билікті күшейтуге мүмкіндік берді. Сонымен , қазақ қоғамын ішкі саяси қайта құрулар хандық өкімет билігін орталықтандыруға тырысқан әрекет болды.
Қазақ ақсүйектерінің Тәуке хан батаған белгілі бір тобы Орта Азиямен сауданы дамытуға мүдделі болды. Шамамен 1687-1688 жылдары Тәуке Ташкент жайлы Бұқара ханы Субханкулимен келіссөздер жүргізді. Сырдария өңіріндегі Тәукенің хандық билігі берік болды, оның астанасы Түркістан қаласы еді [5, 6-б].
Тәуке хан орыс-қазақ қатынастарының жақындасуынатабандылықпен қол жеткізді. Ол 1686-1693 жылдары Сібірге бес елшілік жіберді. Мұнда Тәуке орыс-қазақ қатынастарының өзара тең дәрежеде дамуын нығайтуға айқын мүдделігін танытты. Бейбіт халықты өлтіру, тонау, мал-мүлкін тартып алу, жүздеген адамдарды тұтқынға алу, өзара шапқыншылықтарға байланысты туған қиындықтарға қарамастан, Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы бейбіт қарым-қатынастар сақтала берді. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда елшіліктер алмасу екі ел арасындағы саяси және сауда қатынастарын кеңейтті.
Қазақ хандығының Орыс мемлекетімен алғашқы байланыстары, сірә, ХҮ ғасырдың аяғында-ақ жасалған болса керек. Екі мемлекет арасындағы сауда және дипломатиялық байланыстар ХҮІ ғасырда орнатылды. Орыс мемлекетінің Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайымен мұқият танысуы алдында өзара қарыс-қатынастың негізі қаланды. Қазақ хандығының ішкі, сыртқы жағдайы туралы орыс дерекетерінде азын-аулақ мәлімметтер жинақтала түсті. Соның бірі- Данила Губиннің өз патшасына берген мағлұматы. Онда 1534 жылы оның «қазақтардың» ноғайларға қарсы соғыс бастамақшы болып отырғаны хабарланады.
ХҮІ ғасырдың орта шеніне қарай Орталық Азия даласының кең- байтақ аумағында және оған жапсарлас жатқан аудандарда буырқанған этникалық және саяси оқиғалар болып, олар орталық Азия, Еділ бойы мен Орал өңірі халықтарының белгілі бір шегінде этникалық- саяси шекаралардың қалыптасуына шешуші ықпал жасады. Әрбір халықтың этникалық-әлеуметтік жағынан қалыптасуы өзіндік даму жолымен жүреді, бұл орайда аумақтық шекаралар да, этникалық айырмашылықтар да тым бұлыңғыр болуы да мүмкін. «Көшпелі өмір және тұтас рулардың мыңдаған шақырымға жаппай көшуі орын алып отырған жағдайда жекелеген провинциялардың томаға-тұйықтығы мен айқын аңғарылатын этнографиялық айырмашылықты көзге елестету мүмкін емес». Мәселен, 1557 жылы Исмаил Ноғайлы ІҮ Иванға өз жиендерінің «қазақ патшасына қосылып жүргенін» және олра кейіннен өз ұлыстарына иеленушілер ретінде қайтып оралып, Исмаилға жанама бағынғанымен, кейбір ноғай ордаларының қазақтар болып қалғанын хабарлаған. Бұл орайда кейіннен орыс деректемелерінде астарлар болса да, қазақ хандығының толық тәуелсіз және қуатты мемлекет екендігі айтылады [ 8, т.5, 187-б].
2.2 ХҮІ ғасырдың орта шеніндегі Хақназар тұсындағы Ресей мен қазақ хандығы арасындағы елшіліктер
ІҮ Иванға Семен Мальцевтің хабарында Хақназар ханның тұсында қазақ хандығының қысқа мерзімді өрлеуі мен орталық хан билігінің күшеюі көрініс тапқан, ол «Ақназар патшаның және Шығай ханзада мен Шелым ханзаданың, ал олармен бірге 20 ханзаданың Ноғайға келгені және шайқас болғаны» туралы жазған. Жалпы Москваға қазақтар туралы ноғай мырзаларының өздері жазған. 1537 жылы ноғай мырзасы Жүсіп ІҮ Иванға жолдаған грамотасында: «Қазір менің немерелерім де Жайықтың арғы жағында қалып, қазақ патшасына қосылды, сөйтіп менімен соғысу сәтін күтіп жүр»,- деп шағым айтқан. Бұл хабар Хақназар бастаған қазақтардың саяси белсенділігінің өсе түскендігін дәлелдейді. Бұл кезде Ноғай Ордасының мырзалары арасында күрес болып, соның салдарынан екі жік пайда болғанын атап өткен жөн. Бұл күрестің негізінде экономикалық сипаттағы екі себеп бар еді: ноғай ұлыстарының бір бөлігінің (батыс бөлігі) Москвамен, ал екіншісінің Орта Азиямен неғұрлым тығыз сауда байланыстары болды.
ХҮІ ғасырдың екінші жартысында, Қазан (1552 ж.) мен Астраханьды (1556 ж.) қосып алғаннан кейін, Ресейдің Орта Азия хандықтарымен байланыстары жолға қойыла бастады, атап айтқанда, қазақ-орыс қатынастары нығайып, кеңейе түсті. Нақ сол кезде Орта-Азия орыс саудасы орнығады. 1569-1573 жылдарда орыс елшілері Семен Мальцев пен Третьяк Чебуков Қазақ хандығында болып қайтты. Орыстардың Бұхарамен, Хиуамен және Персиямен сауда жасағаны туралы нақты деректер сақталған. Москваға шетелдіктер де қазақтар туралы мәліметтер жеткіп отырған. Сол кезде Англияның жаңа рынктар іздестіріп, Персиямен және Азияның басқа да мемлекеттерімен сауда қатынастарын жасауға ұмтылғаны мәлім. Ағылшын көпесі Антони Дженкинсон 1557 жылы Ресейге сол мақсатпен жіберілген еді. Оның Орта Азияға саяхаты Москваның Орта Азиямен ынтымақтастығының одан әрі дамуында зор мәні болды, өйткені Дженкинсонда ІҮ Иванның арнаулы грамотасы бар еді, сөйтіп ол Москва мемлекетінің Ора Азия хандықтарындағы алғашқы ресми өкілі болды. 1559 жылы Дженкинсонмен бірге Бұхарадан, Балх пен Үргеніштен елшіліктер келді.
ХҮІ ғасырдың екінші жартысында ағайынды Строгановтардың Орта Азияда ірі сауда операцияларын жүргізгені белгілі, олардың экономикалық мүдделері қазақ әміршілерімен байланыстар орнатуды керек етті. Сондықтан ІҮ Иван соңғылармен одақ жасасуға ұмтылды. Елші Третьяк Чебуков қазақтарға осы мақсатпен де жіберілген еді. Бірақ ол өз міндетін атқара алмады, өйткені оны 1573 жылдың шілде айында Көшімнің жиені Мәметқұл тұтқынға алды. Біраз өткен соң иван Грозный Строгановтарға қазақтармен баж салығынсыз сауда жасауға грамота берді. ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда қазақ даласындағы ішкі сауда жүргізілген өнімдер туралы белгілі саяхатшы П.И.Рычков былай деп хабарлайды: «Азия көпестері, яғни: хиуалықтар, бұхарлықтар, ташкенттіктер және сол сияқты Ресей жағына Қырғыз-қайсақ ордаларынан асып ешқашан жақындаған емес, қайта сол ордалардың...ұлыстарында ғана сауда жасады...ал олардың саудасының өзі де небәрі өздерінің қағаздары мен бөздерін және өз үлгілері бойынша тігілген киімдерден ғана тұрды, олар сол заттарын қырғыздарға жылқы мен қойға айырбастап алып, оларды Хиуаға және малы аз басқа жерлерге айдап апарып, пайдамен сататын».
Хақназар ханның көрші халықтарға беделді және ықпалды болып қана қоймағаны, сол кезге қарай-ақ Ресей мен Қазақ хандығы арасында қатынастар орнатуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізген көрінеді. 1573 жылы ағайынды Строгановтардың өтінуімен Хақназар ханға Третьяк Чебуков бастаған орыс елшілігін жіберген кезде Иван Грозныйдың елшілердің алдына Қазақ хандығымен тікелей байланыс орнату мақсатын ғана емес, онымен Сібір ханы Көшімге қарсы әскери одақ жасасу мақсатын да қойғаны кездейсоқ емес.
ХҮІІІ ғасырдың мәліметтері бойынша бұл кезеңде Хақназар ноғайлар мен башқұрттардың бір бөлігін билеп-төстеген. Сол кезеңдегі оқиғаларды өте дәл суреттеген ағылшын саяхатшысы Дженкинсон 1558 жылға қарай «күшті де құдыретті халық қазақтар үш жылдан бері ташкентке қысым көрсетіп, өздерінің талап- тонауы арқылы керуендердің емін-еркін жүріп өтуіне кедергі жасап келеді» деп жазады. Оның ІҮ Иваннан Орталық Азия хандық-тарына арнаулы грамотасы болған, мұны осы бір ұлан – байтақ аймақпен саяси байланыстар орнатуға тырысқан әрекет деп қарастыруға болады.
1573 жылы Қазақ хандығы Третьяк Чебуков бастаған орыс елшілігі жіберілді, соның нәтижесінде Строгановтар өздеріне Тобыл, Ертіс және Обь бойындағы жерлердің бекітіліп берілуіне, сондай-ақ баж төлемей, соның ішінде қазақтармен де сауда жүргізуге грамота алды, ал «...оларға сол жаңа жерлерге қазақ ордаларының да, өзге жерлердің де жылқы және алуан түрлі тауарлармен сауда жасайтын адамдар келіп тұрді, олар Москваға келмейді және оларда әр алуан тауарлармен сауда баж салынбай жүргізілді».
1577 жылы ноғайға жіберілген елші Б.Доможиров қазақтар туралы «... біздің патшамыз Ақназар патшамен әрі ұлы князьбен тату» деп хабарлаған. Бұл хабарлардан Хақназар ханның ноғайларға шабуыл жасап, Еділ мен Жайықтың төменгі ағыстарын иеленуге ұмтылғаны көрінеді.
Москва мемлекеті мен қазақ хандығы арасындағы алғашқы саяси байланыстар жекелеген кезеңдерде өздерінің сыртқы саяси міндеттерін шешу үшін одақтастар іздестіру ретінде де атап өтілді. Екі жақ Көшімді Мальцев пен Чебуков арқылы өздерінің саяси өрісіне тартуға ұмтылған кезде Хақназар мен ІҮ Иванның Көшім хан жөніндегі байланысы осындай еді.
2.3 ХҮІ ғасырдың аяқ шеніндегі Тәуекел ханның Ресеймен арадағы елшілігі және сауда
ХҮІ ғасырдың 90-жылдарынан ХҮІІ ғасырдың басына дейінгі Қазақ хандығының тарихы Шығайдың Абдаллахқа өтіп кетуі, Тәуекелдің одан кетіп қалуы, қазақ сұлтандары қатысқан 1588 жылғы Ташкент көтерілісі, 1594-1595 жылдардағы қазақ-орыс келіссөздері, 1598-1599 жылдардағы Тәуекел Түркістанды, Ташкентті, Ферғананы,, Самарқандты басып алған кездегі соғыс оқиғаларымен белгілі.
1582 жылы Шығай хан өлгеннен кейін Тәуекел хан болды. Тәуекелдің хан жағдайын 1586 және 1594 жылдар арасында жүргізілген ұзақ та табанды күрес нәтижесінде жеңіп алғаны, оның содан кейін Москвамен қатынастар жасау кезінде нағыз хан ретінде әрекет еткені анық болады.
1594 жылы Тәуекел өзін бодандығына қабылдауды өтініп, Федор патшаға Құл-Мұхаммедті елші етіп жібереді. Елшілік Тәуекелдің жиені «Ораз Мұхаммедті орыс тұтқынынан босату» мақсатымен жіберілген болатын, ол 1580 жылы Көшіммен соғыс кезінде қолға түскен еді. Қазақ елшілігінің алдына ораз- Мұхаммедті қайтаруға қол жеткізу және Абдаллахқа қарсы күресте Москваның көмегіне уәдесін алу міндеттері қойылды. 1595 жылғы наурыз айында елшіге патшаның жауап грамотасы тапсырылды, онда Москва патшасы Тәуекелге Қазақ хандығын «өзінің патшалық қол астына» алатынын хабарлаған және «патша мен ханзадаларға оқ ататын қару» жіберуге уәде етеді де, одан әрі мынадай тілек айтады: Тәуекел «біздің патшалық қо астымызда болғандықтан және біздің патшалық әміріміз бойынша Бұхара патшасымен және бізге опасыздық жасаған Сібір патшасы Көшіммен соғысып, біздің ұлы мәртебелі патшамызға жол салатын боласыздар». Қысқасы, Абдаллах пен Көшімді Тәуекелдің өзі тыныштандыруға тиіс болды. Тәукелдің жиеніне келетін болсақ, патша оны Тәуекел «оның орнына өзінің ұлы Үсейін ханзаданы аманат етіп жіберген» жағдайда ғана босатуға келісті. Бірақ қазақ ханына Москва патшасы шарттарының бәрі бірдей қабылдауға қолайлы болмады. Москвадағы орыс- қазақ келіссөздерінің материалдарына қарағанда, Москвамен өзара қатынастарға Тәуекел Қазақ хандығының саяси тәуелсіздігін жоғалтуы түрінде емес, қайта Абдаллахқа қарсы күресу үшін әскери одақ ретінде ғана қарағаны көрінеді.
Москва мемлекетімен дипломатиялық қатынасьар, сауда байланыстары ХҮІ ғасырдың кейінгі жылдарында да жалғаса берді. Қазақ-орыс дипломатиялық қатынастарының дамуы керуен саудасының одан әрі кеңеюіне жағдай жасады. Ресейден орта Азия мен Сібірге апаратын жол Қазақ хандығының аумағы арқылы өтті.Орыс елшісі Вельямин Степановтың Федор патшаға 1595 жылғы 20-мамыр мен 3-қазанда жолдаған хаттарында қысқаша суреттелген. Бұл жол Қазаннан Кама өзеніне және башқұрттар жері арқылы Уфа қаласына немесе соңғысына соқпай, Жайық өзенінің бас жағына жеткізетін болған. Бұдан әрі ол Ырғыз өзеніне жетіп, Қазақстанның шөл даласымен Шұбар тауларға (Талас Алатауы) апарған. «Сөйтіп, патша ағзам, мен Қазаннан Шұбар тауларға дейін 9 апта жүрдім және патша ағзам, су болмағандықтан, көп ат өліп қалды және жол жүріп, Қазақ ордасына дейін жеткендері аз»,- деп хабарлаған патшаға Вильямин Степанов.
Қазақ хандығы мен Орыс мемлекетінің арасындағы сыртқы саяси байланыстары Тәуекел хандық құрған кезеңде одан әрі дамыды. Сауда байланыстары мен екі мемлекет беделінің өсуі ХҮІ ғасырдың аяғында неғұрлым тығыз деңгейде келіссөз жүргізуге мүмкіндік берді.Бұған мынадай жағдайлар себеп болды. Тәуекел ханның жиені Ораз-Мұхаммед сұлтанды Тобыл воеводасы Данила Чулков тұтқынға алып, Москваға кепіл етіп жібереді, онда ол өзінің қадір-қасиетімен терең құрметке бөленді, ал орыс патшасының күш-құдыреті және Ораз Мұхамедке ізгі көзқарасы тұтқынды беделді қызметкерге айналдырды. Ораз-Мұхаммедтің өзі орыс патшасына көрнекті әскербасы ретінде қызмет етіп қалды. Тәуекел хан өзінің жиенін тұтқыннан құтқару үшін Құл-Мұхаммед бастаған елшілік аттандырды. Елшіліктің мақсаты неғұрлым саяси байланыстар орнату болатын. Құл-Мұхаммедтің Ораз-Мұхаммедпен және ханзада Федор Ивановичпен әңгімесінің жазбасы сақталған. Елшілік Москваға 1594 жылы жетті. Қолда бар деректемелерге қарағанда, Құл-Мұхаммед Московиямен келіссөз жүргізіп қана қоймай, сонымен қатар сол кезде Москвада болағн парсы елшісімен кездескен.
Тәуекел ханның арнау хатында өз тарапынан белгілі бір шарттармен бодандыққа қабылдау туралы мәселе де айтылған: «... патша ағзамның рақымы түсіп, патша қабылдаса және ханзадаларды өзінің патшалық қолынап алса, сені босатуға рақымы түсіп, рұқсат етсе, мен шынымды айтып отырмын, Тәуекел хан аманатқа ханзада жібереді. Ал патша ағзам тілесе, патша мен ханзадаларға оқ атса болғаны, Тәуекел патша мен ханзадалар дереу қарсы соғысты бастайды...»
Толық тәуелсіз және құдыретті ханның бодандығын нақты міндеттемелермен өзара келісілген әскери-саяси одақ ретінде қарастыруға болады, Ораз-Мұхаммедтің тұтқындағы төре ретіндегі жағдайы Тәуекел ханды осындай саяси одақ түріне баруға мәжбүр етті. ІҮ Иван мен Сібір ханы Көшім одақтың осындай түрін қабылдады; жалпы алғанда мұндай саяси одақтар Орталық Азия аймағының басқа да билеушілері арасында таралған еді. 1595 жылы Тәуекел ханға жауап ретінде 2 жылға Вельямин Степановтың елшілігі жіберілді, онда былай делінген: «...оған, Тәуекел патша мен ханзадаларға Вельямин Степановтың осы елшілігі жіберіліп отыр, бұл оларға барып, біздің істеріміз туралы айтқан кезде олардың бұған барлық жағынан сенгені жөн және оны тыңдап алып, ортақ ісіміздің мән-жайын ойластырып, оны кідіртпей бізге жіберген жөн болар еді» [3,103-б]. Яғни Москва патшасы Тәуекелмен жаңа саяси қатынастар орнатуды дегенмен де мойындаған, алайда өзі мынадай шарт қойған: «...Тәуекел патшаға айтыңдар: Тәуекел патша мен оның ханзада бауырларының бәрі патшаның қол астында болсын, ал патша ағзам әрі ұлы князь оларды барлық дұшпандарынан қорғауды және олардың Бұхара мен Көшім ханға қарсы тұруын ескертеді. Өзінің адалдығы үшін патша ағзам әрі ұлы князге Тәуекел патша өзінің ұлы Үсейнді жіберсін, ал патша ағзам әрі ұлы князь оларға бауыры Ораз-Мұхаммед ханзаданы босатуға әмір береді». Тіпті Тәуекел хан мен оның ұлдары атына бодандыққа қабылдау грамоталары да жазылды, ал Тәуекел елші Вельмин Степановты өте құрметпен қабылдады. Москва патшасының талабы мен қойған шарттары қисынсыз өте ауыр болғандықтан Тәуекел ханның тарапынан қабылданбады.
ХҮІІ ғасырдағы жағдайлағабайланысты Қазақ пен Орыс арасындағы қарым - қатынас үзілді.
Томск воеводалары Василий Волынский мен Михаил Новосильцовтың 1609 жылғы құжатында Қазақ хандығы мазасыз және жаугер мемлекет деп айтылады. Сібір княздарының бірі ресей бодандығын қабылдаған кезде, оған Сібір шептерін қазақтар мен қалмақтардан қорғау жүктелген: «...оларды Алтын патшадан және Қазақ ордасы мен қара қалмақтардан қорғауға әмір бересің» делінген, ал сол кезде қазақтардың өздері, басқа бір құжатта көрсетілгеніндей, қалмақтармен соғысып жатқан: «...қара қалмақтар олардан алысырақ көшіп кетіп, Алтын патшамен және Қазақ ордасымен соғысып жатты» [8. 340-б.].
Қазақ хандарының оңтүстік шептердегі саяси күресі, Қазақстанның оңтүстік-шығысында ойраттарға, батыс және шығыс шептерде қалмақтарға қарсы толас таппаған күресі, белгілі бір ұлыс пен жұрт әміршелерінің әрқайсысының саяси үстемдігін орнықтыруы негізіндегі әулетттік қырқыстар бүкіл ХҮІІ ғасырда жалғаса берді. Ресей мемлекетіндегі саяси жағдай да бірыңғай және тұтас көріністе болған жоқ. Дүрбелеңді уақыт кезеңі және мемлекет басында жаңа әулеттің орнығуы, ал сонымен бірге жаңа саяси және идеологиялық доктриналардың пайда болуы Қазақстан мен Ресей арасындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді саяси қатынастардың нығаюына жағдай жасамады. Саяси байланыстар ХҮІІ ғасырдың аяғында, екі мемлекетте де билік басына аса көрнекті саяси қайраткерлер – Тәуке хан мен І Петр келген кезде жанданды. Ресей мен қазақ хандығының жақындасуы жоңғарларға қарсы күрестің біртұтас саяси мүдделер негізінде орын алды. «Ал қазір қырда Галдан деген шайтан шықты, сөйтіп бір-бірімізге қатынасудан қалдық... жолдарды көп жылдар бойы шөп басып кетті» [3, 105-б ].
1687 жылы Тобольскіге Тәшім батыр бастаған қазақ елшілігі жіберілді. Бұл елшіліктің басты міндеті екі мемлекет арасында неғұрлым берік байланыс орнату болатын: «...Қазір қармағымыздағы адамдарға тыныштық және олардың арасында елшілер мен сауда жасайтын адамдар жүргені керек, біздің арамыздағы ізгілікті даңқ...жарық дүние жақсы болады», [3, 107-б.] яғни дербес екі мемлекет арасында байланыстар орнату көзделген. Тобольскіге 1689 жылдың аяғы- 1690 жылдың басында барған келесі елшілікті Тұманшы батыр басқарды.
Бұл екі елшілік те нәтижесіз аяқталды. Зерттеушілер 1686-1693 жылдары Тәукенің Ресейге бес елшілік жібергенін, алайда оның берік саяси байланыстар жасауға ұмтылысында олардың нәтижесіз болғанын атап көрсетті: «Біздің тұсымызда болғанын желге ұшырып жатқанымыз жаман нәрсе, алдағы уақытта да болмайды, тек біз ғана кеңес құрамыз»[5, 6-б.]. 1691 жылдың күзінде жіберілген, Тұманшы мен Қабай бастаған елшілік сияқты, ықпалды қазақтар Сары мен Келдей басқарған, енді ара ағайындар арқылы жасалған келесі елшілік те нәтиже бермеді. Ақырында, Сібір әкімшілігі мен Тәуке ханның арасындағы істерді жолға қою үшін 1692 жылғы шілдеде Түркістандағы Тәуке ханға андрей Неприпасов, Василий Кобяков және аудармашы Шаманаев құрамында елшілік жіберілді, алайда саяси алауыздықьың күшті болғаны сонша, елшілер Сары мен Келдей және Неприпасовтың адамдары екі жақта да кепілдер ұсталды. 1693 жылғы қазан айында Тәуке хан Келдейді босату мақсатымен Тобольскіге Толыбай Аталықовты жібереді; онымен бірге орыс елшілігінің мүшелері де аттанды. Тобольскіге қазақ елшілігінің келуіне жауап ретінде Келдей мен оның адамдары босатылды. Келдеймен бірге Тәуке ханның ордасына 1694 жылы Ф.Скибин мен Трошин жүріп кетті. А.Неприпасовпен бірге олардың бәрін 1695 жылғы наурызда Тәуке хан ұстап алады. 1695 жылғы қазан айында Скибин мен Трошин Бұхараға қашып барып, 1697 жылдың басында олар Тобольскіге қайтып оралады. Ал Неприпасов Түркістанда қайтыс болады. Олардың хабарларында Қазақ хандығы туралы көптеген қызықты мәліметтер кездеседі. Тобольск әкімшілігі тарапынан қазақ елшіліктерін қабыл алмау Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарының шиеленісуіне әкеп соқтырып, ХҮІІ ғасырдың аяғы - ХҮІІІ ғасырдың басында Ресейдің жоңғарлармен жақындасуы себептерінің бірі болды.
Сауда. Ұлы Жібек жолы кезінен бастап қазақстан аумағы кең көлемді транзистік сауда ауданына айналған еді. Сонау біртұтас ноғай ордасы кезеңінде-ақ Орыс мемлекеті ХҮІ ғасырдың бірінші жартысында: «ноғай княздарымен және үнді ханы Бабырмен сауда-саттық жөнінен қарым-қатынас жасау мақсатын» көздеді. Бір-бірімен сауда жасасуға Орыс мемлекетінің де өзі де, көршілес халықтар да мүдделі болды; 1524 жылы орыс көпестерінің Қазанға жақын жердегі жәрмеңкеге баруына тыйым салынған кезде, бұл Шығыспен сауда жасасуға қатты соққы болып тиді. Тауар алмасу мейлінше кең көлемді болған, С.М.Соловьевтің атап өткеніндей, «шағатай көпестері- жібек маталар, татар көпестері жылқы және жаңбырдан қорғайтын жүннен басылып жасалған әдемі шапандармен осы шапандар жасалатын тамаша ақ материал әкеліп отырды». Ал Орта Азия аумағына ер-тұрман, жүгендер, шұға, тері, мата, пышақ, балта, үзеңгі, айна, әмияндар әкелінді.
Сауда бірнеше жолмен жүргізілді. Олардың біреуі Орта Азиядан Маңғыстау мен Астрахань айлағынан теңіз жолымен Жем арқылы Жайыққа , Сарайшықтан жоғары қарай, сонан соң Самараға, Башқұрстан арқылы «Ескі Қазан жолымен» өткен. ХҮІ ғасырдың аяғында тауар айырбасы мына жол арқылы жүзеге асырылады: Қазаннан (Орыс мемлекетіне бағынатын қалалар сияқты) Камаға, одан Башқұрт өлкесімен, Уфадан айналып өтіп, Жайықтың жоғарғы жағына қарай, Жайық өзенін Сақмар және Солқаш өзендерінің сағалары арасынан кесіп өтіп, сонан соң даламен жүріп, Сарысу өзенінің аңғарына беттеген де, Талас Алатауының бөктерінде аяқталған – бұл жолды 9 апта ішінде жүріп өтетін болған. [1, 172-б] Тағы бір жол қазақстан даласы арқылы Тараға , Түмен мен Тобольскіге, ал одан әрі Ертісті бойлай Барабин даласын кесіп өткен. Сауда билік басындағылар тарапынан да, көпестердің жеке саудасы арқылы да жасалған, бұл орайда патшалық сауда мен хан саудасы баж салығынан босатылған, баж салығы елшілік тартуларға да салынбаған. Әдебиетте аталып өткеніндей, 1583 жылдан 1600 жылға дейін Москва мемлекетінің шегіне Бұхарадан- 8, Хиуадан – 3 және қазақтардан 2 елшілік барған, ал 1578 жылдан 1600 жылға дейін келген орыс елшілері төртеуден аспайды. Көпестердің саудасына тауардың әр пұтына баж салынған, бұл орайда оның үстіне жұмсақ тауардың әр сомынан 11 теңге және «өлшенбелі» тауардың әр сомынан 18 теңге алынған. Саудада алтынды сыртқа шығаруға тыйым салынды, күміс ақшаны да сыртқа шығару шектелді, қару-жарақтар мен сауыттар, қылыш, балта, пышақ, шарап, бал, тиін терісінен тігілген тон, қымбат былғары, балауыз әкетуге қатаң шек қойылды. Сондай-ақ тұтқындар, яғни ясырлар сатуға да тыйым салынды.
ХҮІІ ғасырда Тобольскіден Ертіс бойымен жоғары қарай Атабаш сілеміне беттейтін жол зор маңызға ие болды, одан әрі жол Есілдегі Каменный өткелінен өтіп, дала арқылы Түркістан қаласына бұрылған, оған 6 күншілік жер қалғанда екіге бөлініп, бірі- қазақ иеліктеріне, екіншісі- қалмақ иеліктеріне апарған. Осы қашықтықтың бәрі жай жүргенде- 9 аптада, орташа шапшаңдықпен- 2 айда, ал асығыс жүргенде 30 күнде жүріп өтілген [10,79-б]. Бұл жолдан тағы да «Орда жолы» бөлініп шыққан, ол қазақ даласы арқылы оралып, Есілге беттеген де, бұрынғы жолға қосылған - Түркістанға бұл жолмен жүргенде шамамен 40 күнде жеткен. Таразда, Түмен мен тобольскіде сол кезде-ақ Бұхара саудасы жеңілдікпен жүргізілетін еді; бұл қалаларда көпес- тезиктер сауда жасаған. Жыл сайын Успен оразасы кезінде 2 немесе 3 апта бойы жүргізілетін Ямышев жәрменкесінің зор маңызы болды. «...орыс адамдары көлдерден тұз алып жүрген кезде жәрмеңке өткізіледі. Сөйтіп сан мыңдаған адамдар: қалмақтар мен бұхарлар, татарлар келіп, орыс адамдарымен сауда жасайды. Олар да жылқы мен ясырь және өзге де қытай тауараларын сатады»[9, 78-б]. Жалпы алғанда Москва мемлекетіне қазақ жері арқылы жасалатын Орта Азия экспорты жыл сайын 40-50 мың сом болған, ал сауда керуендері санының өзі 300-ден 400-ге дейін түйе мен арбаға жегіп отырған.
ХҮІ ғасырдағы қазақтар мен башқұрттардың өзара қатынастарын зерттеуде бірқатар қиыншылықтар жолығады, біріншіден, жоғарыда аталып өткеніндей, Еділ бойының, Орал өңірінің және бүкіл Орталық Азия аймағының қазіргі халықтарының этникалық-саяси оқиғалардың біртектес болмауы аңғарылады.
Достарыңызбен бөлісу: |