ДЕВИАНТТЫ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚТЫҢ ПАЙДА БОЛУ
СЕБЕПТЕРІ МЕН АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ
Ағыбаева С.Е- оқытушы (Алматы қ., Қазмемқызпу)
Девианттылық тұтасымен алғанда Қазақстанда күннен-күнге жасарып келе жатыр. Сондықтан жасөспірімдердің жат мінез-құлықтарымен күресу мәселесі жас мемлекетіміздің алдында тұрған күрделі мәселе болып табылады.
Мектептегі педагогтар, психологтар балаларды оқыту мен тәрбиелеуде сабақтан көп қалатын, тәртібі нашар, білім деңгейі төмен, ашуланшақ, ата-аналар мен ұстаздарды тыңдамайтын, бұзақылықтар жасайтын балалармен жиі кездеседі. Зерттеушілер мұндай оқушыларды «Қиын оқушылар», «Мінез-құлқында ауытқуы бар балалар», «Девиантты балалар» деп қарастырып жүр.
Девиантты немесе қиын балалар деген кім? Балалардың девиантты болуына не немесе кім әсер етеді?
Жалпы девиантты мінез-құлық және қиын балалар ұғымына келетін болсақ, ол 1920-1930 жылдары пайда бола бастады. Бастапқыда ғылым саласында емес, күнделікті өмірде қолданылып жүрді. Біраз уақыт ұмытылып, 1950-1960 жылдардың басында қайтадан қолданысқа енді.
Ең алғаш бұл мәселе бойынша зерттеу жүргізген П.П.Блонский болды, ол өз зерттеулерінде девиантты деп мінез-құлқы шамасынан ауытқыған, кәмелетке толмаған балаларды қарастырды.
Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлықты мәселесін қазақстандық педагог-психологтар мен әлеуметтанушылар да қарастырып жүр (А.Жұмабаев, Л.К.Керімов, Э.И.Шыныбекова, Г.А.Уманов, Ш.Е.Жаманбалаева, Д.Қазымбетова, Т.М.Шалғымбаев, А.М.Қарабаева). Бұл зерттеушілердің пікірінше девиантты сияқты жағымсыз қасиеттің қалыптасуына әлеуметтік-педагогикалық факторлардың әсер ететінін зерттеген. Жасөспірімдердің девиантты мінез-құлықтарын спорт, өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру, мектепке деген ықпалды күшейту, бойындағы белсенділікті арттыру, ұжымдағы әрекеттерге араластыру арқылы жеңудің әртүрлі жолдарын көрсетіп берген.
Девиантты мінез-құлық мәселесі психологиялық тұрғыдан Л.С.Выготскийдің еңбектерінде қарастырылады, сонымен қатар А.С.Макаренконың тәжірибелерінен де үлкен орын алады.
Девиантты мінез-құлық деп әлеуметтік нормадан ауытқуды айтады. Оны қоғамда қабылданған нормаға қарама-қайшы әрекет жүйесі ретінде анықтайды.
Девиантты мінез-құлық екі үлкен категорияға бөлінеді. Біріншіден бұл психологиялық денсаулық нормасынан ауытқу. Екіншіден, бұл қандайда бір әлеуметтік-мәдени нормаларды, әсіресе құқықтық норманы бұзатын антиәлеуметтік іс-әрекет.
Сондай-ақ девиантты мінез-құлық бұл “балалар мен жасөспірімдердің әкімшілік жазалау шараларын қолдануға әкеп соғатын құқық бұзушылықтарды үнемі жасауы, оқудан, жұмыстан қасақана жалтаруы, отбасынан немесе балаларды оқыту-тәрбиелеу ұйымдарынан үнемі кетіп қалуы, сондай-ақ олардың қылмыстық жауаптылыққа жатпайтын қылмыс белгілері бар, қоғамға қауіпті әрекетткер жасауы.
Дж.Смелзер девиантты мінез-құлықты изоляцияға емделуге, түрмеде қамалуына және басқада құқық бұзудың жазалауларына әкелетін топтық нормадан ауытқу деп санады. В.И.Добреньков және А.Н.Кравченко “қоғамдық көзқараста мақұлданбайтын әрбір қылықты девиантты мінез-құлық ” деп атады.
Әлеуметтік-психологиялық әдебиеттерде балалар мен жасөспірімдердің девиантты мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететін факторларды төмендегідей бөліп көрсетеді:
-
агрессивтілік;
-
өзін-өзі басқарудың төменділігі;
-
әлеуметтік нормаларды түсіну дәрежесінің төмендігі;
-
ата-аналардың бақылауының жетіспеушілігі;
-
ата-аналардың әсер етуінің тиімсіздігі;
-
физикалық жазалау;
-
жасөспірімнің отбасымен және құрдастарымен келіспеушілігі;
-
отбасының құлдырауы;
-
ерте ішімдікке салыну, таксикомания, нашақорлық;
-
әлеуметтік қанағатсыздану;
-
асоциальды топтарға қосылу.
Девиантты мінез-құлықты көбіне жасөспірімдер арасында кездестіреміз. Себебі жасөспірімдік кезең - ең қиын, әр түрлі бұзақылықтардың пайда болатын және сонымен қатар достық нормаларды игеруіне сәтті кезең болып табылады.
Жасөспірімге тән қасиет - өзіндік тәуелсіздік, дербестік, басқаға бағынышты болмау. Сол себептен, өзінің күш-қуатын, жеке басының мән-мағынасын түсінуге ұмтылыс жасайды. Оны ұғынуға мүмкіндіктерді мектептегі оқу-тәрбие мен еңбек процесіне қатыстарынан байқалады. Себебі, девиантты мінез-құлықты балалар типтік ерекшеліктеріне байланысты тіршілік қиыншылықтарына кезігіп, оны жеңіп шығуға ішкі жай-күйі жол таба алмай әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан қорғалынбайды. Содан девиантты мінез-құлықты бала ешкімге керегім жоқ деген сезімге беріліп кінәны үлкендерге теліп айналасымен жан-жалдасуға, ұрыс-төбелеске бейімделеді. Қажеттіліктің орнын толықтырудың жолы – бос уақытын мақсатсыз пайдалану, мектеп тәртібін ұстамау, заң нормаларын бұзу, қылмыстық істер жасау.
Әр жас кезеңнің адамның тұлғалық қалыптасуында алатын өзіндік орны бар. Бұл баланың “мені” қайта құрылып, айналасындағыларға сыни көзқрас қалыптасатын кезең. Белгілі психолог Л.С.Выготский жасөспірім жастағы кезеңде (14-18 жас) екі үлкен өзгеріс болады: ол ағзадағы жыныстық жетілу және өзінің “Мен” мәдениетінің ашылуы, тұлғасының және дүниетанымының қалыптасуы.
Жасөспірімдік кезең тек психологиялық жағынан ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік жағынан да қиын болып табылады. Дәл осы жасөспірімдік кезеңде балалардың көпшілігі “мектепке бейімделе алмауымен” ерекшеленеді, яғни мектептің талаптарына бейімделе алмау. Шарт бойынша “мектепке бейімделе алмау” жасөспірімдерде олардың үлкендермен ашық жанжалға түсуімен, құрдастарымен достық қарым-қатынасын бұзуымен, олардың нашар оқуымен, мектептегі тәртіпті бұзуға қатысуымен, оларда ата-аналарымен және оларды қоршаған үлкен адамдармен жанжалда болуымен көрініс береді.
Көптеген зерттеуші ғалымдардың тұжырымдамаларына жүгінсек девиантты мінез-құлықты жасөспірімдерге тән ортақ қылық – ол ата-аналар мен ұстаздарға қыр көрсету, бір нәрсені өзінше жасау, үлкендердің тілін алмау, жағымсыз жандарға еліктеу, темекі тарту, біртіндеп ішкілікке үйрену, ұрлық жасау тағы сол сияқты болып табылады. Осындай жат қылықтарды елемеу – жасөспірімдерді теріс жолға түсіріп, қылмыс жасауға итермелейді, адамгершілік ардан аластатып, бара-бара қоғамға сүйкімсіз, жеккөрінішті жандар қатарына қосары сөзсіз.
Жасөспірімдік шақта балалардың қызығушылығы арта түседі, әлде бірдеңеге бейімделгіш келеді, мінезі ерекшеленіп, өзінің өмір жолына көз жіберіп, ой елегінен өткізуге тырысады, оқудың мәнін, мақсатын түсініп, ұжымдағы өз орнын білгісі келеді. Жасөспірімдер мен жастардың жат қылықтарға әуестенуінің негізгі себебі: білімінің төмендігі, мәдениет деңгейінің жеткіліксіздігі, ең бастысы, қызығушылықтың шектеулілігі, қоғамдық пайдалы іске деген ниеттің жоқ болуы.
Сонымен девиантты мінез-құлықты жасөспірімдерді педагогикалық мінездемелері жағынан төрт топқа бөлеміз:
Бірінші топқа жататын девиантты мінез-құлықты жасөспірімдердің мінез-құлқында дөрекілік, қатігездік, мейірімсіздік, үлкен-кішіні сыйламау сияқты әдет-дағдылар толық қалыптаспағанымен, олар іштей өз жүріс-тұрыстары мен іс-әрекеттеріне баға бере алмайды. Бірақ өз мінез-құлқын түзетуге талаптанады.
Екінші топқа жататындар адамгершілік қадір-қасиеттерді төмендей бастаған, әлеуметтік бағдарлары қоғамға жат сыңаймен сипатталады. Бұлар қатігездік қылықтарымен қатар, ұрлық, тонау, зорлық-зомбылық жасау, темекі мен наша тарту, уытты сұйық заттарды иіскеу сияқты әдеттерге икемдене бастаған.
Бұл топқа тәртібі нашарлаған, құқық тәртібін бұзушы жасөспірімдер жатады, бірақ бұл балалар әлі бұзыла қоймаған, өз жүріс-тұрыстарын түзетуге мүмкіндік – қабілеті бар, тек педагог тарапынан басқаруды талап етеді.
Үшінші топқа өз мінез-құлықтарын басқара алмай, өзін-өзі тәрбиелеуге бейімділіктері жоқ жасөспірімдердің шағын тобы жатады. Қоғамға жат мінез-құлықтары қалыптаспағаны сонша, олар өздерінің теріс қылықтарына талдау бере алмайтын жасөспірімдер. Бұл топқа қатігездік, зорлық-зомбылық көрсетумен қатар ұрлық, тонау, ішімдік және наша тарту істеріне әбден машықтанған жасөспірімдер енеді.
Төртінші топқа жұйке ауруларына (невроз, неврастения, кісіні мезі қылатын әдет) шалдыға бастаған балаларды жатқызамыз. Мұндай жасөспірімдерге педагог-психологтар мен дәрігерлер тарапынан дербес қарым-қатынас, ілтипат, сый-құрмет, жылы лебіз қажет.
Девиантты мінез-құлықты емдеу жалпы мемлекеттік міндет және оның тиімді дамуы педагогтар, психологтар, заңгерлер, дәрігерлер, әлеуметтік жұмыскерлер, журналистердің біріккен әрекеттерінің нәтижесінде іске асуы мүмкін. Бұл жұмыс бірінен соң бірі және кезең бойынша жүргізілуі тиіс.
Девиантты мінез-құлықты жасөспірімдердің тұлғасын қалыптастыруда жүргізілетін жұмыстар жүйесінің екі бағыты қарастырылды:
1. тұлға дамитын ортадағы материалдық жағдайды қамтамасыз ету;
2. жасөспірімдерді тәрбиелеу.
Бұл екі бағыт өзара тығыз байланысты болғандықтан оларды кең көлемде қарастырайық.
Отто Рюле «аштық» тек адамның ағзасына ғана әсер етіп қоймайды, сонымен қатар оның моралдық тұрақтылығына да әсер етеді. Аштықтың нәтижесінде физикалық және моралдық тұрғыдан құлдыраған адам тұлғасын елестету өте қиын. Материалдық жағынан қамтамасыз етілмеу адамдарды ессіздендіреді, ұят деген сезімнің жоғалуына итермелейді, ар мен адамдық сезімнің жоғалуына әкеледі. Американдық ғалым Гербарт Антекер: “Кедей адамдар белгілі себептерге байланысты қатігездік жасауға бейім болады” – деген.
Сонымен жоқшылық адамдағы адами қасиеттердің жоғалуына әкеп соғады. Сондықтан материалдық жағдайды жақсарту керек. Бірақ сонымен қатар рухани белгілерді де бөліп алып тастауға болмайды. Көптеген ғалымдардың дәлелдеулеріне қарағанда қазіргі жастардың ең бір кемшілігі олар алдына саналы мақсат қойып және кездескен қиындықтарды жеңіп оған жетуді ұмытқан. Шынында да экономикалық және руханилық факторларды тұтас байланыстыра қарастырған жөн. Девиантты мінез-құлықты жасөспірімдердің мәселесіне бұл екеуін бөліп қолданған жағдайда күрделі натижеге алып келуі мүмкін. Ал жасөспірімдерді тәрбиелеу процесінде өзінің әрбір іс-әрекетін бақылауға мүмкіндік беретін өзін-өзі ұстау жүйесін қарастыру керек. С.Ф.Анисимованың пікірінше “Жас ұрпақты жақын адамдарын ренжітіп алғандағы, жақсы көретін адамына қиянат жасағандағы ұят сезімі сияқты, табиғатта мақсатсыз кесілген ағашты, уланған суды, бекітілген өзенді көргенде сондай күйзеліс сезімінде болатындай етіп тәрбиелеу керек” деген.
Осы мәселелерді ескере отырып біз балалар мен жасөспірімдердің тұлғасы мен мінез-құлқындағы жат қылықтардан арылту үшін төмендегідей жұмыстар жасалу керек деп ойлаймыз:
-
жасөспірімдердің бос уақыттарын ұйымдастыру;
-
оқушылардың жеке дара ерекшеліктерін ескеру;
-
әлеуметтік және психологиялық қорғалуы;
-
оқушылардың өздерінің құқықтары мен міндеттерін білуі;
-
маскүнемдікке, ішімдікке, нашақорлыққа, қылмыстық әрекетке бейім балаларға үлкендер тарапынан қатал жаза қолдану.
Демек, мектепте, отбасында оқушыларға білім, білік, тәрбие негіздерін үйрете отырып, оларды қарым-қатынас ережелеріне, мәдениетке үйрету, әлеуметтік тәжірибелер арқылы адамгершілік құндылықтар жүйесін ұғынуға, сонымен бірге жеке тұлғаның қалыптасуын қамтамасыз ету керек.
ӘДЕБИЕТТЕР
-
Кле М. Психология подростка. М.Педагогика-1991.- С. 36.
-
Выготский Л.С. Собрание сочинений. Т. 4. Детская психология.-М.1984.- С.256.
-
Смелзер.Н. Социология. Пер. с анг. – М: Феникс, 1994. - С. 294.
-
Беличева С. Дети и семьи группы риска как объекты социальной профилактики. М., 1993.- С. 22.
-
Отто Рюле. Хлеб для шести милиардов. – М, “Пргресс”. 1965. - С5.
-
Антекер Г. О сущности свободы. – М, 1962. - С. 18.
-
Анисимова С.Ф. Духовные ценности: производство и потребление. – М: Мысль. 1988. - С238.
ТҮЙІНДЕМЕ
Бұл мақалада жасөспірімдер арасындағы девиантты мінез-құлықтың пайда болу себептері, жасөспірімдік кезеңнің қиындықтары мен оның алдын-алу жолдары қарастырылады.
РЕЗЮМЕ
В научной статье рассматриваются следующие проблемы – различные типы девиантного поведения, трудности возраста и причины их проявления, а также пути их предупреждения.
ПСИХОЛОГ МАМАННЫҢ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРМЕН
ЖҰМЫС ЖАСАУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Алибаева Р.Н. - аға оқытушы, психология магистрі.
(Алматы қ., Қазмемқызпу)
Барлық бала дарынды немесе өзіндік жеке дара ерекше қасиеті бар деген тұжырым педиатрлардың, педагогтардың, психологтардың маңызды мәселесіне айналды. Дарынды деп өз қатарларынан әлде қайда дамыған немесе ерекше бір зейіні, музыкалық, көркемдік, спорттық т.б. қасиеттері бар балаларды айтады. Ғылыми тұрғыда оларды жиі вундеркиндтер деп те атайды. Психология көзқарасы бойынша дарындылық екі мағына береді - жалпы рухани зейінділік және нақты дарындылық. Жалпы зейінділікті ғалымдар - жалпылау икемділігі, кез-келген тақырыпта әңгімелесу, мәселелерді шешу және өз тәжірибесінде үйрену деп тұжырымдайды.
Дарындылықтың бірден-бір белгісі - тілдің ерте шығуы. Әсіресе, егер бала бөлек-бөлек сөздерден қарапайым сөйлемдерге көшсе, бұндай балалардың сөз байлығы да мол, әңгімесі де мәнерлі болып келеді және олар сөздің реңі мен мағынасын іштей сезеді. Сөйлемдері ұзақ және орынды. Көп балаларда әзіл-оспақ қасиеттері кездеседі. Олардың есте сақтау қабілеті жақсы дамыған, ойлау қабілеті де жан-жақты. Дарынды балалар әдетте 4 жасында хат таниды, оқи алады. Тәжірибелі психолог мұндай баланы өткір көзқарасынан және өзінің ерекше іс-әрекетіне қарап көпшілік ішінен тез тауып алады. Егер үлкендер мен бала қарым-қатынасында сенімділік болмаса ең үлкен дарын да танылмай қалады. Дарындылық сол сияқты қарапайым зейінділік, жылулық, сүйіспеншілік және қамқорлық ортада ғана ашылады.
Бірақ, баласының жеке дара қасиеттерін анықтау үшін, сезімтал ата-ана болу қажет. Дарынның белгілерін байқау оңай, ерекше қасиеттерін байқап, өзінің қалауынша тәрбиелейді. Осы кезде мысалы, музыкаға зейіні бар бала әр кезде әндетіп, ал математикалық қасиеттер есеп шотқа деген қызығушылығында байқалмайтынын ұмытпау керек. Балалық шақтағы дарындылықтың ерте көзге түсуі ата-аналардың, педагогтардың қамқоршылығын талап етеді. Дарынды балалардың оқытылуы арнайы жасалынған бағдарламалардың негізінде жүрсе дұрыс болады.
Дарынды балалармен жүргізілетін жұмыстардың негізгі бағыттары: шешендік өнер, жалпы өнердің түрлі салалары (музыка, сурет салу, ақындық), спорт, дебаттар, ғылыми жобалар, вокал, азаматтану, туризм, ХХ1 ғасыр көшбасшысы тәрізді интеллектуалды бағдарламалар және т.б.
Қабілетті және дарынды балалармен жұмыс қоғамда, мемлекеттік деңгейдегі басым бағыттар санатына кіреді. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы міндеттердің бірі ретінде тұлғаның шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту, жеке тұлғаларды дамыту үшін жағдайлар жасау жолымен интеллектіні байыту қарастырылады. Қазақстан Республикасында дарынды балаларды анықтау, қолдау және дамыту Концепциясының материалдары «баланың қабілеті мен талантының тек өзі үшін ғана емес, сонымен қатар, жалпы қоғам үшін де толығымен ашылу маңыздылығын анықтайды. Нақты ортаның компоненттері болып төмендегілер табылады: Д.Б.Эльконин мен В.В.Давыдовтың дамыта оқытудың білім беру технологиясы. Дамыта оқыту технологиясының негізіне әрекеттік әдіс жатады. Бұл әдіс 12 жылдық жалпы орта білім берудің Концепциясында көрсетілген. Дамыта оқытудың негізгі әдісі болып оқу іс-әрекеті табылады, оның әрбір жас сатысына қарай өзіне тән түрлері болады: бастапқы білім беру сатысында-ұжымдық-бөлу, негізгіде - жобалық, жоғары мектепте - жекелей. Дамыта оқытуда бала өзін-өзі өзгертетін субъект болып қалыптаса отырып, өзінің қабілеттерін толығымен ашып, көрсете алады, өйткені нақты жүйе білім алу үшін қажетті құралды, яғни оқи білу мүмкіндігін береді. Оқыту мен тәрбиелеудің психология-педагогикалық шарттары, олардың арасында педагогтың жеке тұлғасы, оқытудың дифференциациясы, бала тұлғасын дамыту үшін ұсынылатын мүмкіндіктердің әр түрлілігі, мектепке дейінгі балалар мен мектеп оқушыларының сабақтан тыс әрекеттерінің өсуі ерекше көрінеді. Қабілетті және дарынды балалармен жұмыс психологтың тұлғалық және кәсіби қасиеттеріне нақты талаптар қояды. Нақты үлгі кезінде психолог әрекеттерін зерделеуді, олардың психологиялық қарым-қатынастарының стилін, құндылық бағдарлар мен кәсіби біліктіліктерін дамыту деңгейлерін өз құрамына енгізетін психологтың кәсіби компетенттілік мониторингісі жасалып, іске асырылады.
Мектепке дейінгі балалар мен мектеп оқушыларының интеллектуалды және шығармашылық қабілеттерін дамытуда үйірме жұмыстары, интеллектуалды-шығармашылық ойындар мен оқушылардың ғылыми қоғамдары жүйесі маңызды роль атқарады.
Қабілетті және дарынды балалардың интелектуалды және тұлғалық дамуларының ерекшеліктері жоғары танымдық талаптарды қанағаттандыру үшін оқу пәндерінің мазмұндарын кеңейтуді талап етеді. Олар - логика, ағылшын тілдері, шығармашылық есептерді шешу, дамытпалы ойындар. Мектептегі психолог маман қабілетті және дарынды балалардың жұмыс істей білу қабілеттерін, тұлғаларын, дербестіктерін, талдау мен рефлексияларын, дивергенттік және ассоциативті ойлауларын дамытуға бағытталған.
Дарынды балалар мен жастарды тұлға ретінде дамыту және психологиялық диагностикалау лабораториясы, өсіп келе жатқан ұрпақтың жеке шығармашылық мүмкіндіктерін қоғамда түрлі маңызы бар және өздері жеке тұлға ретінде ұнататын қызмет салаларында позитивтік таратылуына дайындайтын әлеуметтік жүйенің құрамалы бөлімі болып табылады.
Бірінші сыныпқа балаларды қабылдар кезінде, педагогтар мен психологтар осы бірінші сыныпқа келген балалардың арасында дарынды немесе ерекше қабілетті балалар бар ма екен деген сауал қояды.
Швейцарияның психологы Жан Пиаже балалардың логикалық ойлауына сүйене отырып, анықтауға болады деген. Ол сауалнама жүргізген тақтаға аяқталмаған сөйлемдер жазған, оны аяқтау керек.
1. Самал көшеде ойнап жүр, ештеңеге қарамастан…(жаңбыр жауса да);
2. Менің үлкен достарым бар, бірақ …(олармен ойнаған қызық);
3. Ол менің бетіме ұрды, бірақ …(мен бұған кінәлі емеспін);
4. Мен өз велосипедімді Жанатқа бердім, бірақ…(ол қайтармады);
5. Мен бір үзім нан жедім, дегенмен (тойып тұрсам да);
6. Бүгін күн өте ыстық, соған қарамастан (мен далаға шықтым);
7. Ол кеше суға шомылды, бірақ…(суықтаған жоқ);
8. Мен су болмадым, бірақ…(үйде қол шатырымды қалдырып кетсем де);
9. Мырза аттан құлады, бірақ (жарақаттанған жоқ);
Бұл зерттеу 7-9 жас аралығындағы балалардың арасында жүргізілді. Зерттеудің нәтижесінде бұл жаста қарама-қайшылықтар көрінбейді. Ж. Пиаже егер балалардың 75 пайызы дұрыс жауап айтса, онда бұл зерттеу нәтиже берді деген сөз. Бірақ Пиаженің зерттеуі бойынша, барлық балалар бірдей жауап бермеуі мүмкін, бірақ олардың барлығы қабілетсіз деуге болмайды. Бұл тәжірибеде аз ғана бала дұрыс жауап берген. Ж.Пиаженің анкетасы бойынша балалардың тек ойлау қабілетін анықтауға болады. Зерттеудің нәтижесіне жаңа орта, танымайтын адамдар, ата-аналардың қобалжуы әсер еткен.
Төменгі сынып оқушылары, психологқа келмейді, психологтың кім екенін білмейді, түсінбейді, не үшін керек деген сауал қояды?
Бірінші рет 9-сынып оқушылары психологқа «кәсіби білім алу үшін мен 9- ды бітіріп кетсем бе, жоқ әлде 11-сыныпты бітіруім керек пе?» деген сауалдар қояды.
Келесі бір қызықты, әрі кәсіби жағынан тиімді ойын «Кеңесші» деп аталады. Н.Пряжников былай дейді. Оқушыларға сыныптың тізімі таратылады. Осылайша әрбір оқушы «қандай оқу орнына және қандай мамандық кімге лайық?» деген сауалға жауап береді. Яғни әр оқушы өзіне де, өзге оқушылар үшін де өз ойларын қағазға жазып береді, психолог оны жинап алады. Ойын құпия жүргізіледі, ешкімнің аты-жөні жазылмайды. Психолог оқыған кезде де, кім не туралы айтып жазғанын тек өзі ғана біледі. Көп жағдайда, басқалардың көзқарасынан оқушылар өзін білгісі келеді. Зерттеу нәтижесінде оқушыларды 3 топқа бөледі:
1-топта оқушылардың көзқарасына, мамандық таңдауына, досының сипаттауы мен тілегі сәйкес;
Психолог маман мен педагог та дұрыс деп шешім қабылдайды.
2-топта оқушының өз таңдауы, достарының сипаттауымен сәйкес келмейді.
3- топта әдетте оқушылар саны мүлдем аз болып келеді (массажист, үй сыпырушы, шаштараз, тігінші, аспаз т.с.с.).
Мектептегі психолог маман психология ілімінің негіздерін білуі тиіс, сонымен қатар баланың дарындылығын терең сезіне білуі қажет.
Психолог маманның кіші жастағы балалармен және мектепке дейінгі балалармен жұмыс істеу тәжірибесі болуы тиіс. Психолог оқу үшін жылы, жайлы, қауіпсіз орта құрады. Психолог оқушыларға кері байланыс ұсынады, оқытудың түрлі жолдарын қолданады. Әр баланы құрметтеп, жеке қасиеттерін қадірлейді, жетістіктерін бағалап, марапаттап қолдау көрсетеді. Жеке тұлғаның (оқушының) өзіндік құрметтеу қасиетін жоғарылатады. Психолог маман психологиялық білімнен басқа да саладан білімі болуы тиіс. Психологиялық көмек көрсетерде болатын барлық қиындықтарға төзе біліп, байыпты, әрі төзімді болуы өте қажет. Психолог маман жоғары оқу орнынан кейін арнайы дарынды балалар жөнінде мағлұматтарға ие болып, дайындықтан өтуі тиіс. Аталған қасиеттерге жету, оларды жетілдіру әбден мүмкін. Ең бастысы, соны алға мақсат етіп қойып, тура бағытпен жүріп отыру. Бұл мақсатқа жету үшін психолог маман өзін-өзі үздіксіз жетілдіріп отыруы қажет. Яғни, қазіргі заман талаптарына сай тренингтерден өтіп, өзін-өзі, қоршаған ортаны түсіне білу арқылы, дарынды оқушыларға арналған мағлұмат кітаптар мен шығармаларды өзіндік оқу арқылы, пәнді тиімді, мағлұматтарды қызықты, әрі оңай жеткізу жолдарын қолдану арқылы үздіксіз жаттығулар, практикалар жүргізіп отыру қажет. Дарындылардың ұстазы мен психологі ерекше күшті, сабырлы, сынды көтере алатын, стресске қарсы төтеп бере алатын, өзінің жұмысын сүйетін тұлға болуы керек.
ӘДЕБИЕТТЕР
-
Юркевич В.С. Одаренный ребенок. Иллюзии и реальность. М.: Просвещение, 1996г.
-
Одаренные дети. Перевод с англ. Под ред. Бурменской, Слуцкого. М.:Прогресс,1991г.
-
Лейтес Н.С. Психология одаренных детей и подростков. М. А., 1996г.
-
Лейтес Н.С. Способности И одаренности в детские годы. М., 1984г.
-
Формирование творческих способностей: сущность, условия, эффективность.
Сборник науч. тр. Свердловск, 1990.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада психологиясында ерекшелігі бар, дарынды балалардың мінез- құлқы және олармен тиімді жұмыс жасау жолдары баяндалады.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматриваются способы эффективной работы психолога с одаренными детьми.
ГЕШТАЛЬТ ТЕРАПИЯНЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТТАРЫ
Амирбекова М.А. – оқытушы,
Оспанова Ш.Т. - оқытушы (Алматы қ., Қазмемқызпу)
ХХ ғ. 50-жылдардың басында Ф.Перлз Гештальт терапияның жаңа бағытының негізін салды. Гештальт терапия теориялық-әдіснамалық бастауын психоанализ бен гештальт психологиядан, экзистенциализм мен феноменологиядан, шығыстың рухани тәжірибесі мен гуманистік психологиядан алады. Гештальт Батыс пен шығыс мәдениетінің адамзатқа деген көзқарастарының ерекшеліктерінің таңғажайып синтезін көрсете отырып, осы мәдениеттердің тоғысында болады.
Ф.Перлз адамды қоршаған ортамен бірлікте қарастырды, адамға тек қана биологиялық емес, сондай-ақ, әлеуметтік пен мәдениеттік те тән, сөйтіп ол қоршаған ортамен ажырамас бірліктегі өріс ретінде болады. Адам мен ортаның арасында үздіксіз өзара алмасу – адамның қажеттіліктеріне негізделген байланыс жүреді. Перлз ағзаның психологиялық немесе физикалық тепе-теңдігі бұзылған жағдайда сезілетін (ұғынылатын) көптеген қажеттіліктер бар екендігін айтады. Қажеттіліктердің ешбірі негізгі болып табылмайды. Негізгі қажеттілік, бұл, қазіргі сәтте, дәл осы шақта үстемдік ететін қажеттілік – фигура ретінде көрінеді де, қанағаттандырылғаннан кейін фонға ауысады, яғни гештальт, бұл фигура мен фонның шексіз алмасып отыруы. Гештальт терапия қажеттілікті (гештальт) сезіну және әрмен қарай оны қанағаттандыру қалай жүретіндігіне, адам мен қоршаған орта арасында байланыс (контакт) қалай жүретіндігіне қызығушылық танытады.
Адам өзінің нені қалайтындығын әрдайым біле бермейді және оның қалағандары үнемі қанағаттандырыла да бермейді.
Қажеттіліктерді ұғыну процесінің өзін-өзі тежеу (блокирование) механизмдері мен байланыс циклдерінің үзілуіне деген қанағаттануға ерекше көңіл бөлінеді.
П. Гудман байланыс (контакт) циклін шартты түрде 4 бөлікке бөледі:
1. Байланыс алдындағы кезең. Байланыс алдындағы кезең барысында қозу пайда болады – бұл ағзаның ішінде пайда болатын «ашығу» сияқты сезімдер немесе қажеттіліктерді ұғынуды оятатын сыртқы ортадағы нәрсені қабылдау.
2. Контактинг.
Қажеттіліктерді ұғыну сәтінен бастап біршама жұмыс істеу қажет:
• Өзіндік ресурстарды өлшеу және қажеттілікті заттандыру үшін сыртқы ортада бағдарлану.
• Кейде көптеген кедергілерді жеңе отырып, таңдалған объектіге жақындау үшін бірқатар әрекеттер жасау. Бұл жерде көп нәрсе эмоцияға тәуелді болады.
3. Қалаулы оъектіге қол жеткізілді, енді субъект пен объект арасындағы өзара әрекеттесу зейін объектісіне (фигурасына) айналады. Олардың арасындағы шекара жойылып, қажеттіліктер жүзеге асырылады.
4. Байланыстан (контактіден) кейінгі кезең. Адам жаңалықты, сондай-ақ, оған қол жеткізумен байланысты тәжірибені өз бойына сіңіреді (ассимиляциялайды), иеленеді және қорытады.
Гештальт аяқталады, қажеттілік қанағаттандырылды да фонға айналады.
Тіпті оны іске асыруға көп күш жұмсалса да, әдетте барлық қажеттіліктер қанағаттандырыла бермейді. Әрбір гештальт аяқтала бермейді. Біз Б.Зейгарниктің тәжірибелерінен аяқталмаған жағдайлардың (ситуациялардың) аяқталғандарға қарағанда 2 есе жиі еске түсетіндігін білеміз. Гештальт терапиядағы тәжірибе, егер, олар саналы түрде ұмытылса, олар сана астына жіберіліп, күтпеген жерден өзі жайлы хабар берсе: толығымен аман-саулық кезінде кенеттен күйзеліс пайда болады да, адам өзін бүгінгі жағдайға барабар емес түрде ұстайтындығын көрсетеді. Көп жағдайда жаншылған сезімдер, айтылмаған сөздер, айқындалмаған қатынастар мен аяқталмаған әрекеттер адамда жылдар бойы өмір сүруін жалғастыра береді. Қанағаттандырылмаған қажеттілік аяқталуын күтеді.
Бірақ қажеттілікті дер кезінде қанағаттандыруға не кедергі келтіреді? Олардың бір бөлігі сыртқы ортаға байланысты себептермен қанағаттандырылмайды, өйткені «тәтті тоқаштардың әрдайым барлығына жете бермейтіндігі» құпия емес қой. Орта қажеттіліктері көбінесе индивидтің қажеттіліктерімен сәйкес келе бермейді, әрі ортаның ресурстары да шексіз емес. Алайда ортаны ең керемет деген терапевтің өзі де өзгерте алмайды. Сол себепті гештальтта ортаның «қарсыласуын» қарастырмайды, сол нақты жағдайларда адамның өзін қалай сезінетіндігіне және өзін қалай көрсететіндігіне назар аударады.
Адамның өз қажеттілігін ұғынуына немесе оны іске асыруына кедергі келтіретін мінез-құлық ерекшеліктеріне назар аударылады. Міне, солар ғана байланыс (контакт) циклін үзеді немесе оны аяқталу энергиясынан, аяқталудан айыра отырып оның түрін өзгертеді.
Олар адамның өзіне және қоршаған әлемге бағдарлануына кедергі келтіреді; «бүгінгіні» өткен тәжірибемен алмастырады; ақиқатпен күресудің орнына ішкі күреске күш жұмсауға мәжбүр етеді, табысқа жетуге мүмкіндік бермейді. Әрбір адамда бақытсыз болу тәсілдерінің өзіндік ең ұнамды, дағдылы шеңбері болады. Гештальтта оларды қарсыласу деп атайды.
Қарсыласу термині психоанализден алынған, сондай-ақ, оның З.Фрейд егжей-тегжейлі сипаттаған негізгі түрлері бөлініп көрсетілген. Гештальт терапияда байланыс (контакт) циклінің әр кезеңінде байланысты (контактіні) үзетін белгілі бір қарсыласу іске қосылады. Олардың кейбіреуіне қысқаша сипаттама берейік. Байланыс (контакт) алдындағы кезеңде негізгі ретінде «Қосылыс» қарсыласуы көрінеді, адам нені қалайтындығын, оған не қажет екендігін айта алмайды, өз сезімдерін (сезім бар, бірақ, бұл қандай сезім екендігін анықтай алмайды), өз қажеттілігін айқындап бере алмайды, басқалардың сезімдерін немесе тілектерін өзінікі сияқты жеңіл қабылдайды. Өзінің жеке «Менін» бөліп көрсете алмайды.
Контактинг кезеңінде байланысты үзудің негізгі түрі ретінде «интроект»-қарсыласуы іске қосылады: адам қалай болуы тиіс, қайсысы дұрыс екендігін біледі, бұл конструктілерді ол өзіне маңызды адамдардан ұғынбай-ақ иеленеді. Ал неліктен солай болуы тиіс екендігін білмейді.
Проекция – басқа адамдардың ойларын оқу. Мысалы, мен жайлы жаман ойлап қалады. Біз басқа адамдарға таңатын ойлар, бейнелер, сезімдер, соның ішінде өзіндегі кейбір қабылданбайтын нәрселерді де жатқызуға болады.
Дифлексия - адам тікелей байланысқа (контактіге) түсуден қашады және мақсаттарына айналмалы жолмен қол жеткізеді. Мысалы, біреулерге ашуланды, бірақ ол ашуын басқалардан алды. Энергия басқа жаққа қозғалады. («Таз ашуын тырнадан алады»).
Ретрофлексия - бұл басқаларға бағытталған тойтарылған сезімдерді, импульстерді өз адресіне бұру. Бұл негізінен финалдық байланысқа (контактіге) тән.
Байланыстан кейінгі контакт (постконтакт) - байланыс циклі өтті, ортамен өзара энергия алмасу жүрді, өзгерістерді иелену және сіңіру (ассимиляциялау), оларды өзінің бір бөлігіне айналдыру кезеңі. Алайда бұл үнемі бола бермейді. Адам көбінесе оқиғалардың өзін немесе оларға қосқан өз үлесін елемей, өз іс-әрекетінің нәтижесін бағаламайды немесе жатсынады. Немесе өзіне маңызды адамдар тарапынан «бағаламауы» болуы мүмкін. Сол кезде бірдеңеге қол жеткізгенмен де, сәтсіздіктерден қашу мақсатында байланыс тезірек орнатылады, адам өз мінез-құлқын, әрине, төмен бағалайды.
Адам неліктен өзі шын мәнісінде қалағандарын қанағаттандыра алмағандығын әр түрлі ойлар арқылы өзіне өте қисынды түрде түсіндіреді. Рационализациялау (ақыл-ой таразысына салу) – бұл да қарсыласу механизмдерінің бірі.
Ақыл-ой сараптамасына жүгіну, талқылау жолымен мәселе өз шешімін таппайды. Ф.Перлз гештальт бағытында сезімдерге көңіл бөлуді ұсынады. Дәлірек айтқанда, «біздің сол сәтте не сезінетіндігімізге немесе сезінгендігімізге» көңіл бөлінеді. Өз сезімдерін ұғына отырып, жаңа ойлар келеді және жағдайға деген жаңа көзқарас қалыптасады. Әлем туралы түсінігін өзгерте отырып, әлемді қабылдауы да өзгереді, бұл өз кезегінде адамның бақытты болуына көп мүмкіндіктер тудырады. Гештальттерапия ежелден келе жатқан байырғы - «Қолыңнан келгенше өзгерте алатыныңды өзгерт, өзгерте алмасаң өзіңнің оған деген қатынасыңды өзгерт»- дейтін ақиқатты қолданады. Бұл өте қарапайым естіледі, оны қолдану оңай сияқты, бірақ өзіңе қатысты нақты жағдайларда қолдану өте қиын. Дәл осы Гештальт терапияда бұны «Қалай» істеу керектігінің тәсілдері қарастырылған.
ЛИТЕРАТУРА
-
Лебедева Н.А., Иванова Е.А. Путешествие в Гештальт: теория и практика – СПб, Речь, 2005.-560с.
-
Гингер С., Гингер А. Гештальт терапия контакта. СПб: Специальная литература, 1999.- 287с.
ТҮЙІНДЕМЕ
Бұл мақалада Гештальт терапияның негізгі теориялық бағыттары қарастырылады.
РЕЗЮМЕ
В этой статье рассматриваются основные теоретические направления Гештальт терапии.
Достарыңызбен бөлісу: |