Қазақ мемлекеттік



жүктеу 3.58 Mb.
бет4/18
Дата09.06.2016
өлшемі3.58 Mb.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ЖЕДЕЛДЕТЕ, ДЕҢГЕЙЛІК ОҚЫТУДА БАҒДАРЛАМАНЫҢ РӨЛІ
Жұмақаева Б.Д. –п.ғ.к., доцент (Алматы қ. ҚазмемқызПУ)
Қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мәртебесіне ие болғаннан бері еліміздің әр саласында тілді дамытудың жолдары жан-жақты, үздіксіз қарастырылуда.

Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқыту бағытында ізденістің алғашқы қадамы мемлекеттік тілді ересектерге оқытудың ғылыми-әдіснамалық негіздері мен жүйесін анықтаудан басталуы керек. Мемлекеттік тілді ересектерге оқытудың ғылыми жүйесі ғылыми тұжырымдармен тиянақталып, Стандарты мен Типтік бағдарламасының құрылуы тіл орталықтарының жұмысын біршама жүйелеп, қалыпты арнаға түсірері анық.

Елбасы 2006 жылдың 11 мамырында “Ана тілі” газетіне берген сұхбатында “Бізге жақсы бағдарламалар, әдістемелік құралдар, сапалы оқулықтар керек. Адамдардың бойына ана тілімізге деген сүйіспеншілік сезімін терең сіңіре алатын білікті ұстаздар керек. Сайып келгенде, біздің өзіміздің ынта-ықыласымыз керек” деген қазақ тілін меңгертудің ғылыми ұстанымдарына негізделген терең пікір білдірсе/1/, 2008 жылғы 6-ақпанда Қазақстан халқына Жолдауында “Халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып, қазақ тілін оқытудың қазіргі заманғы озық бағдарламалары мен әдістерін әзірлеп, енгізу қажет. Мемлекеттік тілді тиімді меңгертудің ең үздік, инновациялық әдістемелік, тәжірибелік оқу-құралдарын, аудио-бейнематериалдарды әзірлеу керек” деген нақты тапсырма берген болатын/2/.

Республика көлемінде осы бағытта атқарылып жатқан істер біршама.

Мемлекеттік тілді жеделдете оқытудың алғашқы бағдарламалары, әдістемелік оқу кешендері, оқу сөздіктері жарық көре бастады. Дегенмен мемлекеттік тілді оқыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар әр тарапты, бір арнаға тоғыспағандығын байқатады.

Республика бойынша бірнеше тілдерді оқыту орталықтары бар. Атап айтқанда, Қызылорда облыстық тіл үйрету орталығы; Солтүстік Қазақстан облысы, Петроповл қаласы тіл үйрету орталығы; Ақмола облыстық тіл үйрету орталығы; Атырау тіл үйрету орталығы, Жамбыл облыстық тіл үйрету орталығы; Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент облыстық тіл үйрету орталығы; Ақтөбе облыстық тіл үйрету орталығы; Қостанай облыстық тілдерді оқыту орталығы; Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік тілді үйрету орталығы; Повлодар облыстық “Ана тілі” тіл үйрету орталығы; Батыс Қазақстан облысы “Ағартушы” тіл үйрету орталығы; Қарағанды облысы тіл үйрету орталығы; Алматы облыстық тіл үйрету орталығы; Астана қаласы Тіл дамыту басқармасы, “Руханият” тіл үйрету орталығы; Астана қалалық Тіл дамыту басқармасы. “Зерде” инновациялық тіл үйрету орталығы; Астана қаласы, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы. Аталған орталықтардың барлығы мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметкерлерге оқыту мәселесімен айналысып отырғанымен, мемлекеттік тілді оқытудың ортақ Тұжырымдамасы мен Стандартын, бағдарламасын жасап, басшылыққа алып отырған жоқ. Әр орталық өзінше талаптанып бағдарлама, оқу-әдістемелік кешен жасау жолында. Оқу-әдістемелік ізденістің көп болуы, алтернативті бағдарламалардың болуы, оқу-әдістемелік кешеннің мол болып әдістемелік жағынан толыға беруі мемлекеттік тілді оқыту жұмысын жандандырары анық. Солай болғанның өзінде, мемлекеттік тілді оқытудың ғылыми-әдіснамалық негіздері айқындалған ортақ Тұжырымдама мен Стандарттың болуы оқу-әдістемелік ізденісті дұрыс арнаға бағыттаған болар еді.

Мемлекеттік тілді оқытудың Тұжырымдамасы мен Стандартын даярлауда республикамызға белгілі лингвист-ғалымдар мен әдіскер-ғалымдардың еңбектері, осы мәселе бойынша пікірлері маңызды болмақ. Тілді оқытудың ғылыми-дидактикалық негіздері айқындалып, әдістемелік жолдары қырыстырылуы керек.

Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамыту жөніндегі Республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары, п.ғ.д. Н.Ж.Құрманова Мемлекеттік тілді жеделдете деңгейлік оқыту Тұжырымдамасының ғылыми-әдіснамалық негіздерін саралап көрсететі. Атап айтқанда: “Мемлекеттік тілді жеделдете оқыту теориясы; мемлекеттік тілді оқыту деңгейлері теориясы; мемлекеттік тілді жеделдете оқытуда мемлекеттік қызметшілердің үйрену белсенділігін арттыруда қазақ тілін терең танып-білу мотивациясы теориясы; мемлекееттік тілдің әлеуметтік болмысын тану теориясы (тілдік жағдай, этнотілдік жағдай, тілдік орта және мемлекеттік тілді оқытудағы оның дидактикалық-тәрбиелік әлеуеті); мемлекеттік тілді жеделдете оқытудың әлеуметтік-мәдени, лингвомәдени, этнолингвомәдени негіздері; мемлекеттік тілді жеделдете оқыту арқылы мемлекеттік қызметшінің тілдік тұлғасын қалыптастырудың аксиологиялық(құндылық теориясы, адамқұндылығы, тіл құндылығы) тұрғысынан танылуы; мемлекеттік қызметшінің тілдік тұлғасын қалыптастырудың акмеологиялық (кәсіби шеберлік) теориясы; тіл тұлға қалыптастырудың андрагогикалық (ересектерге білім беру) теориясы” /3/деп ересектерге мемлекеттік тілді оқытудың, тілдік тұлға қалыптастырудың теорялық негіздерін айқындайды.

Бағдарлама түзуде осындай ғылыми-әдіснамалық негіздерді басшылыққа алу қажет.

Тіл орталықтары даярлап отырған бағдарламаларда «Тілтану», «Елтану» бөлімдерінің болуы заңды. Ал сол бөлімдерді құраушы білім мазмұнын қандай болмағы әлі де көп ойласуды қажет етеді.

Қазақстан Республикасының Конституциясында “Біз, ортақ тағдар біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азамматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз”/4/ делінген. Олай болса, Отаншылдық, егемендік рух басты орынға қойылуы керек. Алғашқы “Қазақстан Республикасы” деп басталатын тақырыптардан кейін “Біздің Отан”, “Қазақ халқы”, “Қазақ - байырғы халық (салт-дәстүрі, ұлттық өнері, тарихы”, “Өзге отандас халықтар”, Өзге ұлттардың Қазақстан жеріне қоныстану тарихынан” деген тақырыптар берілсе дұрыс болар деген пікірдеміз. Себебі ХІХ ғасырдың орта шеніне дейін Қазақстан жеріндегі тұрғылықты халық қазақтар болған, бірлі-жарым ғана ноғай, татар сияқты басқа ұлт өкілдері болған. Өзге ұлттың көптеп қоныстана бастауы Ресейдің отарлау саясатына қатысты болғандығы тарихтан белгілі. Қазақстан тарихынан бұндай мәліметтер берілуі артық болмайды. Қазақ халқының кемеңгер ұлдарының бірі М.Жұмабаев: “Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады” деген болатын /5/. Қазақ тілін өз дәрежесінде, барлық болмыс, бітімімен меңгертуде тілдің ішкі рухын жалаңаштай отырып, “мәтін қазақ тілінде беріліп отыр ғой” дегенмен ештеңе өнбейтіні белгілі.

Елбасы “...Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңызды мәселе – мемлекеттік тіл мәселесі. Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын ту, елтаңба, әнұран секілді дәл сондай нышан. Және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс. Тәуелсіздіктің барлық жылдарында біз бүкіл пост-кеңестік кеңістікте ең либералды тіл саясатын жүргіздік. Қоғамда біздің тіл саясатымыздың мәнін тереңірек және дәлірек түсіндіру керек. Ол кез-келген мемлекеттің ұлт саясатының өзегі болып табылатыны жақсы мәлім” деген болатын /6/. Ондай болса, қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде оқытуда тіл саясатынан, ұлт саясатынан бұра тартып, жасқанудың ешбір қисыны жоқ. Бұл – мемлекеттік тапсырма. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқытуда барлық халықтардың ортақ мүддесі, ортақ құндылығы екендігін танытуымыз керек. Сондықтан өзге шет тілдерін оқыту ұстанымдарынан қазақ тілін оқыту ұстанымдарының айырма белгілері бар екенін ескеріп, көңіл бөлу керек деп санаймыз.

Екіншіден, кез келген ұлт тілін меңгеруде де тілді сол халықтың ділінен, ұлттық сырынан, салт-санасынан, ұлттық табиғатынан бөлектеп алу мүмкін емес. Халықтың ұлттық құндылықтарын бағалай отырып қана сол ұлт тілін терең меңгеруге болады. Абайдың “Махаббатсыз дүние бос” дегеніндей тілді меңгеру шын ықыласпен, ынтамен, махаббатпен, сол тілге деген құштарлықпен, халыққа деген құрмет сезімімен ғана қабалданатыны белгілі.

Мемлекеттік тілді оқыту бағдарламаларының көбірек назар аударуды қажет ететін бөлімдерінің бірі — құжат тану мәселесі. Бұл бөлімде барлық лексикалық, грамматикалық тақырыптар ресми іс қағаздарына арналатыны белгілі. Салалық құрылымдардың атауларының жазылу емлесі, сала бойынша терминдер, іс қағаздарымен жұмыстарға көп көңіл бөлінуі керек. Бұл сала бойынша тек ресми стиль ғана қамтылады. Ал ресми стильдің ерекшеліктерінде сыртқы стандартты формаларының болуы, сөйлем штамптарының қолданылуы, арнайы лексика ғана қолданылуы, сөздердің тек тура мағынада жұмсалуы, көбіне етістіктің бұйрық рай формасының қолданылуы, сөйлемдегі мүшелердің орын тәртібінің қатаң түрде сақталуы сияқты белгілері бар. Осы ерекшеліктер тереңдетілген деңгейдегі тіл үйренушілердің сөздік қорының молая түсуі мен тілді сан түрлі конструкцияда құбылтып қолдану машықтарын қалыптасыруға жетімсіз болып танылады. Әдеби стильдің керек тұсы осы тереңдетілген топтар. Қазақ тілінің бай сөздік қоры тек әдеби стильде ғана кең қолданылады. Сондықтан бағдарламада ресми стильді меңгертуде әдеби стильмен астастырып отыру қажет деп білеміз.

Мемлекеттік тілді меңгертудің «Елтану» бөлімінде қазақ халқының кемеңгер ұлдары, ұлы ойшылдарының таңдаулы шығармаларынан тереңдетілген топтарға ұсыну арқылы тілдік қорын байыту мүмкіндігін туғызуға болады. Өз тәжірибеміздегі Абай қара сөздерінен берілетін сабақтардың нәтижелі болып жүргенін мысал еткіміз келеді.

Абай қара сөздерін тіл үйренуші ересектерге оқытудың тиімділгі бірнеше қырынан танылады: Біріншіден, тіл үйренуші ересектер болуы себепті ақынның өмір сырлары, адамның мінез-құлық, әрекеттері жөніндегі, қоғам мен әлеуметтік ой-сана тақырыбындағы қарасөздері күнделікті өмір сүрген орта тіршілігінен алшақ емес. Адамдық мұрат, адамдық болмыс, қоғамдық сана, мәселелелерінде әр құбылыстың ішкі сырларын айту арқылы Абай ересек тіл үйренушілер танымына, жүрегіне жақын келеді. Екіншіден, Абайдың адамгершілік мұрат, адамдықтың қарызы, адалдық, әділеттілік, имандылық туралы ой толғаныстары мемлекеттік қызметкерлердің қоғамдағы адамдық тұлғасын қалыптастыру мен рухани құндылығын арттыруға, тәрбиелеуге көмек етеді. Парақорлық, әділетсіздік т.б. қоғамдағы кеселдер қауым болып күресетін кезектегі мәселе екендігі баршаға аян. Осы тұрғыдан алғанда да Абай қара сөздері қоғам мен әлеуметтік орта мәселелерінің терең қатпарлыры мен қырларын ашып, тәрбиенің терең тамырымен сабақтасып жатады. Үшіншіден, аталған тақырыптар төңірегінде сұхбат құру, пікір алмасу тиімділігі танылады. Себебі үшінші деңгейдегі тіл үйренуші қазақ тілін қарым-қатынас тілі дәрежесінде меңгерген тұлға ретінде сөйлеу дағдысы біршама қалыптаса бастайды. Ендігі кезекте тілдік форма мен граматика, белгілі жаттығу айналасынан шығып, еркін сөйлеу дағдыларына жағдай туғызу керек болады. Бұл тұста тіл үйренуші айтылым әрекетінде өзі қалыптасқан тілде ойлап, грамматикалық қатегорияларды түзудің жолында әуре болудан арылып, біршама қазақ тілінде ой түзуге қалыптаса бастайды да, белгіл бір проблема төңірегінде ойланып, сол мәселелерді пікір сайысқа салуға талаптану арқылы ойды қазақ тілінде жеткізуге барынша ынтамен кіріседі. Ал Абай көтерген түйіні қиын мәселелер пікір таласқа таптырмас тақырып екені анық. Төртінші тиімділігі, Абай қолданған қазақтың бай тілі үйренушілердің тілдік қорын молайтуға септігін тигізеді. Мәселен, көкірегі байлаулы, көкірегі сезімді, көкіректе жамандық жоқ, көңілге бекіту, көңілдің уануы, көңілдің өшуі, көңіл құсы (құйқылжыр шартарапқа), көңілінің көзі (ашық сергек үшін), көңілдегі көрікті ой, көңілденіп тұшыну, сынық көңіл, жанған көңіл, суынған көңіл, жаралы көңіл, кірлеген көңіл, қара көңіл, қам көңіл, боямасыз ақ көңіл, шын көңіл, қайран көңіл, көңілге түю, көңілі қайту, көңілі жақын (бұл бір ғана мысал) т.б. сөз тіркестері, тіл оралымдары арқылы аударманың көмегінсіз-ақ қазақ тілінің сөз түзу мен ойды берудегі өзіне ғана тән жүйесін танытуға, қазақтың бай тілін меңгертуге болады.

ӘДЕБИЕТТЕР


  1. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “Ана тілі” газетіне берген сұхбатынан. “Ана тілі”, 11.05. 2006.

  2. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан халқына Жолдауы. 2008 жыл. 6-ақпан.

  1. Құрманова Н.Ж. “Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерге жеделдете оқыту Тұжырымдамасы” // Ересектерге қазақ тілін оқытудың тиімді әдістемелік жүйелері” атты республикалық ғылыми-практикалық семинар материалдары. Астана, 2008.

  2. Қазақстын Республикасының Конституциясы.

  3. 5. Жұмабаев М. «Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт - тіл» //Тіл және қоғам, 2.2004.

  4. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев. «Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңыздағы мәселе – мемлекеттік тіл мәселесі». Ана тілі, 02.11.2006.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мемлекеттік тілді мемлекеттік қызметшілерге жеделдете, деңгейлік оқытуда бағдарламаның жақсы түзілуі осы бағыттағы іс-шараның дұрыс арнаға бағытталуына жол ашады. Бүгінгі күні жарық көріп отырған бағдарламалардың әлі де кеңірек ойлап, көбірек талқылайтын тұстары көптеп кездеседі. Мақала мемлекеттік тілді оқытудың осындай өзекті мәселесіне арналған.
РЕЗЮМЕ

Статья посвящена актуальной на сегодняшний день проблеме изучения государственного языка. В ней рассматриваются вопросы ускоренного и уровневого преподавания казахского языка государственным служащим. Также в ней рассматриваются вопросы отражения государственных задач в программе для госслужащих, ее методологические основы, в связи с чем предлагаются практические рекомендации.


ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ЛЕКСИКАСЫН ӨЗГЕ ТІЛДІ СТУДЕНТТЕРГЕ ОҚЫТУ
Молдасанов Е.М. – ф.ғ.к. (Алматы қ., Абай атындағы ҚазҰПУ)
Қазақ тілінің сөздік қорында адам денесі мүшелері атаулары мен олардың негізінде пайда болған ауыспалы мағынадағы туынды сөздер мол. Тілдің мыңдаған жылдар бойы дамуының барысында адам дене мүшелері атауларының номинативті мағыналары өзгертілуі арқылы көптеген туынды бірліктер мен фразалық, образдық қолданыстар қалыптасты. Дене мүшелері атауларынан туындаған фразалық тіркестердің өзін бір-бірімен салыстырғанда әртүрлі. Кейбіреулері бастапқы мағынасынан аса алшақтамаған болса, енді бірқатар фразалық тіркестердің мағынасы алғашқы ұғымынан тіптен алшақтап күңгірттене бастаған. Фразеологиязмдердің мағыналық өзгеріске түсуі - заңды құбылыс. Қазақ тілін үйренушілер үшін мұндай тіркестерді оқып, игеру біраз қиындық туғызары анық. Себебі әрбір тілдің лексикалық байлығы тек өзіне ғана тән даму жолының нәтижесінде құралады. Тілдік бірліктердің қалыптасуы мен өзгеруіне, соған орай түрлі құрылымдар түзілуіне ұлттық ой-сана, таным-түсінік, әдет-ғұрып, этникалық, әлеуметтік ерекшеліктердің әсер ететіні белгілі. Әр тілдің сөздік қоры да әртүрлі дәрежеде. Дене мүшелері атауларына қатысты тілдік айналымда жүрген мыңдаған сөз, мол сөздік қор бар. Сондақтан тілдік тұлғаға қазақ тілінің лексикасы жөнінде мағлұмат беру барысында дене мүшелеріне қатысты лексикалық бірліктерді танытумен ғана шектелмей, олардың мағыналық қозғалысынан да хабар беру көзделуі керек.

Қазақ тілінің мұндай ерекшелігін таныту үшін мемлекеттік тілімізді өзге тілмен салыстыра қарастыру, аудармалар жасау арқылы оқыту жеткіліксіз. Жалпы, тәжірибеден байқалып отырғанындай, өзге тілді аудармамен оқыту оң нәтиже көрсете бермейді. Сондықтан дене мүшелері атаулары және одан туындаған бірліктер жөнінде мағлұмат беру барысында аударма сөздіктерге көп сүйенген оң нәтиже көрсете бермейді. Тілдік ерекшелікті танытудың сенімді бір жолы ретінде дене мүшелері атаулары мен одан туындаған бірліктерді мейлінше мол қамту керек деп білеміз. Осы арқылы тілдік тұлғаға лексикалық бірліктің өзіндік сипаттарын түсіндіруге болады.



Тақырыпқа қатысты алынатын лексикалық минимумға қысқаша түсініктеме бере отырып, сол сөздің қазақ тіліндегі қолданыс ерекшелігіне тоқталған орынды. Дене мүшесі атауы мен одан туындаған ұғымдарды зерделеуге, есте сақтауға мүмкіндік беретін түрлі жаттығулар ұсыну арқылы лексикалық минимумды тілдік айналымға ендіруге болады. Тілдік бірліктердің, соның ішінде фразеологиялық қолданыстардың сөйлем ішіндегі мағыналық өзгерістерін таныту үшін шағын мәтіндермен атқарылатын жұмыстың орны ерекше. Барлық тапсырмалар мазмұны мен күрделілігіне қарай деңгеймен берілуі керек деп ойлаймыз. Деңгейлік тапсырмалар тіл үйренушінің дайындық дәрежесін анықтауда, оны дамыта оқытуға көп көмегін тигізеді деген сенімдеміз. Адамның дене мүшелері, одан туындаған бірліктер тақырыбында оқытылған бір сабақ көлемінде қандай тілдік минимумдарды меңгертуге болатынын таныту мақсатында сабақ матариалын ұсынамыз. Сабақ тақырыбы: Дене мүшелері. Жүрек сөзінен туындаған бірліктер.

Жүрек сөзі қазақ тілінде көп мағынада қолданылады. Бастапқы мағынасында жүрек сөзі көкірек қуысының сол жағына орналасқан қан айналу жүйесінің басты мүшесінің атауы екендігі. 2. Жүрек – адамның жан дүниесі, рухани сезімін білдіруде кең қолданыс тапқандығын түсіндіру керек.

Жүрек сөзінің сын-сипатын ашатын тіркестер: Ақ жүрек, асау жүрек, ер жүрек, су жүрек; қоян жүрек, арыстан жүрек, тас жүрек, от жүрек. қара жүрек, албырт жүрек, сүйген жүрек, ашынған жүрек, алданған жүрек, күйінген жүрек, жылы жүрек, ет жүрек, сорлы жүрек, асау жүрек, жалын жүрек, үрпиген жүрек, кірлеген жүрек(өзі үшін, Тұра ма әсте жуынбай), ынталы жүрек, жаралы болған жүрек, асыл жүрек, мұз жүрек, сұм жүрек, ызалы жүрек, қасқыр жүрек, ит жүрек, ауру жүрек, жүрегім менің қырық жамау, жалтаңдаған жас жүрек, т.б.

Фразеологиялық оралымдар: жүрек сөзі, жүрек жұтқан, жүрегіне у төгілгендей, жүрегінің түгі бар, жүрек түкпірі, жүрегі алқынды, жүрегі алып ұшты, жүрегі аттай тулады, жүрегі аузына тығылды, жүрегі елжіреді, жүрегі жарыла жаздады, жүрегі бүлк етпеді, жүрегі дауаламады, жүрегі дүрсілдеді, жүрегі қарайды, жүрегі қарс айрылды, жүрегі мұздай болды, жүрегі суыды, жүрегі сазды, жүрегі сыздады, жүрегі тас төбесіне шықты, жүрегі түршікті, жүрегі ұшты, жүрегі шайлықты, жүрекке жара түсті, жүрек жалғады, жүрек тоқтатты т.б. Жүрек сөзінен жасалған туынды сөздер де бір шама: жүрексіз – сын есім; жүркесіздене – үстеу; жүрексіздік – зат. ес; жүрексін – етіс жүректей – сын есім. Келесі кезекте жүрек сөзіне қатысты берілген лексикалық минимумдағы сөздердің мағынасы мен қолданыс аясын тапсырмалар арқылы таныту көзделеді. «Жүрек» сөзі қандай ассоциация туғызады. Жазыңыз не бейнелеңіз деген тапсырмамен жүрек сөзінен туындайтын ұғымдарды саралау маңызды. Келесі кезекте берілетін тапсырманың мақсаты сөз тіркестерін дауыстап оқыту арқылы жүрек сөзінен туындаған бірліктердің оқылуы мен айтылуын қадағалау, сөздердің дыбысталуына назар аударта отырып, тіл үйренушінің қазақ тіліндегі сөздерді дұрыс екпін түсіре оқу дағды-машығын қалыптастыру. Тапсырмаларда берілетін сөз тіркерсері мыналар:

Ақ жүрек, асау жүрек, албырт жүрек, асыл жүрек, ауру жүрек, арыстан жүрек, жалын жүрек, жаралы жүрек, жас жүрек, жылы жүрек, қара жүрек, қоян жүрек, қасқыр жүрек, су жүрек, сұм жүрек, сорлы жүрек, ынталы жүрек, ызалы жүрек.

Келесі кезекте берілетін тапсырма сөздер мен сөз тіркестерін қатыстырып тұрақты сөз тіркесін түзу. Жаттығуға берілетін сөздер:



Жара түсті, жарыла жаздады, қарс айрылды, елжіреді, тас төбесінен шықты, аузына тығылды, түгі бар, аттай тулады, жұтқан, сыздады, дүрсілдеді, мұз, суыды, сазды, суылдады, жалтаңдаған, асау.

Келесі кезекте ұсынылатын бір топ тапсырма тұрақты тіркестің мағынасын танытуға арналады. Сөздерді мағынасына қарай сәйкестендіру бағытындағы тапсырмалар ұсынылады:


Осыдан кейінгі тапсырмаларда тіл үйренуші тұлға берілген тұрақты сөз тіркесінің мағынасын тануға талаптанады. Бұл орайда бірнеше фразалық тіркес ұсынып, оның мағынасын бірер сөзбен түсіндіру тапсырмалары берілген орынды. Мәселен:



Жүрегі мұздай болды




Жүрегі дауаламады




Жүрегі бүлк етпеді




Жүрегі сазды




Жүрегі мұздай болды




Жүрекке жара түсті




Жүрек жұтқан




Жүрегі ұшты




Жүрек сөзі




Сөз мағынасын танып, сол сөзден түзілген бірліктерді ұғынғаннан кейінгі кезекте мәтін ішіндегі сөздің қолданысы мен мағыналық қырларын таныту бағытында тапсырмалар ұсынылады. Ол үшін берілген мәтінді сараптай оқыту әдістері қолданады. Мәтінді түсіну процесіне мониторинг: Мәтіндегі ойды, сөздерді таңбалай отырып оқыңыз. (V - өз түсінігіңізбен сәйкес келеді, сіз білетін қолданып жүрген сөздер); ( — Сіздің түсінігіңізбен сәйкес келмейді немесе сіз бұл сөздерді білесіз, бірақ қолданбайсыз ); ( + - сізге жаңа ұғым болып саналады, бұрын естімеген жаңа сөздер); ( ?- сізді таңқалдыратын ұғым, бұл туралы көбірек білгіңіз келеді). Абайдың он төртінші қара сөзі байынша мәтінмен жұмыс түрі.



«Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені — батыр дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап білмейді. Рақымдылық, мейірбандылық, уа әрбір түрлі адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, бұлар — жүрек ісі, асықтық та — жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Біздің қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғаш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптің атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау — ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры — әшейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз.

Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір ілігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады.

Осы жұрттың көбінің айтып жүрген жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі — бәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда батырым!» деп қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздер.

Әйтпесе, құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?

Мәтін ішінде қарамен берілген сөздерге назар аудара отырып, мәтін мағынасын түсінеді). Мәтін бойынша сұрақтар мен тапсырмалар ұсынылады:



  1. «Тірі адамың жүректен аяулы жері бола ма?» Абай қойған риторикалық сұраққа жауап беріп көріңіз.

  2. Жүректен қандай қасиеттер тарайды? Абай қалай түсіндіреді?

  3. «Жүректі кісі, жүректі жігіт» деген тіркестің мағынасын қалай түсінесіз?

  4. «Амалдың тілі» дегенді қалай түсінесіз?

  5. «Жалған» деген сөздің синонимдік қатарын жасаңыз.

  6. «Мақтауға сыймайды» деген тіркестің мағынасын түсіндіріңіз.

  7. «Көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптің атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау — ерлік, батырлық» деген Абай ойын түсіндіріңіз.

  8. «Қазақтың айтқан батыры — әшейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз» ойды айқындаңыз.

  9. «Ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады» деген пікірге көзқарасыңыз қандай?

  10. «Бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады» деген Абай ойына пікіріңіз қандай? Өз ойыңызды айтып көріңіз.

  11. «Құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен(теріс нәрседен) сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір түгіл, әуелі адам ба өзі?» Сіздің пікіріңізше қалай. Өз ойыңызды дәлелдеңіз.

Тапсырма: Тіл үйренушілер топқа жіктеле отырып мәтінді тұтас бір рет оқиды.

Әр топқа сұрақтар таратылады:



Сұрақтар:

  1. Жүректің қасиетін қалай түсіндіңіз?

  2. Адамда қандай қасиеттер жетіспегендіктен азады?

  3. Қайратсыздық, жігерсіздік дегенді қалай түсінесіз?

Топ мүшелері сұрақтар таңдайды. Сол сұрақтарды топ жетекшілері біріге отырып талқылайды. Өз тобына қайта келіп, талданған мәселені түсіндіреді.

Әр топ мүшесі өзі талдаған мәселесіне қатысты шағын көлемді ЭССЕ жазады. Жүректен тарайтын негативті, позитивті қасиеттерді жазып, саралайды. Мысалы: рахымшылық- қызғаншақтық т.б.

«Арыстан жүрек», «қоян жүрек» тағы қандай тіркестер жасауға болатынын анықтау үшін тапсырма беріледі? Ұсынылған мына сөздерді қатыстырып сөйлем құрау тапсырылады .



Аяулы, жүрек, қайрат, жігер, тексермеу, жаманшылық, нанбау, ескеру, ерлік, адалдық, жалған, рақымдылық, мейірбандылық, мойындау.

Мәтін бойынша төменде берілген сөз тіркестерін салыстырып, мағынасына қарай сөйлем құрау тапсырылады.



Жүректі таза сақтау, Ақылдың тілін тыңдау; амалдың тілін алу; ақ жүрек; құдайға терістік; мақтанға салыну, ақыл мойындамаған нәрсе, адал жүрек, жылы жүрек.

Келесі кезекте Абайдың «Жүрек — теңіз, қызықтың бәрі — асыл тас» өлеңін оқи отырып, жүректен туындайтын қасиеттерді, жүректің адам өміріндегі қызметін айтып көру тапсырылады

Осы жүргізілген жаттығулардан кейін ғана тіл үйренушілерге шығармашылық тапсырма ұсынуға болады. Ол үшін Абай Құнанбаевтың «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңі мен он тоғызыншы қара сөзін пайдалана отырып, кемел адамның моделін жасау тапсырылады Бұл топшамен істелетін жұмыс түрі болып есептеледі.

Әрбір лексикалық ұғымның эволюциясында өзіндік ерекшеліктердің болатыны белгілі. Бір тілдегі сөздің қолданылу аясы келесі бір тілге ұқсай бермейді. Бұл сол тілдің өзіндік заңдылығы. Қазақ тіліндегі жекелеген сөздер мен олардың қолданылу ерекшелігін таныту үшін сол ұғамды аудармамен оқыту жеткіліксіз. Қазақ тіліндегі сөздердің қолданылу аясын таныту үшін бірнеше тапсырмамен тілдік бірліктерді салыстыра отырып, саралай оқыту маңызды. Мақаламызда бір сөздің қолданылу ерекшелігін таныту үшін бір сабақ көлемінде жүргізілетін тапсырмалардың ауқымы мен жүйесін танытуды мақсат еттік.


ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада қазақ тілінің лексикасын өзге тілді студенттерге оқыту мәселесі қарастырылған. Бір сабақ көлемінде лексикалық ұғымды таныту жолдары көрсетілген.
РЕЗЮМЕ
Настоящая статья посвящена рассмотрению вопросов преподавания лексики казахского языка иноязычным студентам. В рамках одного занятия показаны пути усвоения лексических понятий.
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   18


©dereksiz.org 2016
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет